Биылғы 9-шы мамырдың түс мезгілі алдында:
-Құбайдолла, кеттік, Сарайшыққа! – дедім, аяқ астынан. Бірден түсінбеген ол:
-Онда не бар, құрдас? – деп қалды.
-Нұрмұхан ағамыздың анасы сол ауылдың зиратына жерленген, саған дұға оқыттырамын.
Көлікті ортаншы ұлым Мейіржанға айдатып, облыс орталығынан жарты жүз шақырымдағы қазақ хандарының ордасы атанған Сарайшыққа тартып кеттік. Үлкен қауымда автокөліктермен келген бірнеше адамнан бізге қажет бейітті сұрап едік – олар білмеді. Содан үшке бөліндік. Бұған дейін келмегенмін, тек естігенім – Ғазиза анасының басына қойылған құлпытастағы белгіде Нұрмұхан аты жазылмай, тек «жалғызынан» деген сөз бары. Ана екеуіне соны ескерттім. Жарты сағат өткенде іздегенімізді Құбайдолла тапты. Қатар тұрған екі бейіттің сол жағындағысы – Ғазизаның анасы – руы Беріш Қиталы қызы, руы Есентемір Жантөре келіні Қазиманыкі де, оң жағындағысы өз анасыныкі. 80 жыл өмір сүрген нағашы әжесіне қойылған белгінің астына «баласы Нұрмұхан» деп жазылыпты. Екіншінің алдына үлкен көк гранит қойылып, оған мына сөздер ойылған:
Руы Есентемір
Дәулет қызы
Адай Ұлмұрза келіні
ҒАЗИЗА
ЖАНТӨРИНА
1912-1969
Жалғызынан.
1928-жылдың 22-сәуірінде қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданындағы Таңдай ауылында (ол ауылдан Көздіқара бағытында, 3-4 шақырым жердегі Көшбай қыстағында нақты айтқанда), нағашы ата-әжелері Дәулет және Қазима Қиталықызы ЖАНТӨРИНДЕР үйінде дүниеге келеді. 1912-жылы Таңдай топырағында туған анасы Ғазиза Дәулетқызы ЖАНТӨРИНА – Жайықтың Азия бетіндегі №16-шы ауыл тұсын мекен еткен байдың ұлы - Сейітахмет Елмұрзинмен 15 жасында тұрмыс құрады. Бірақ, тағдыр күйеуімен 6 ай ғана тұруға жазыпты. Орынборға оқуға бара жатып, Сейітахмет - аяғы ауыр жап-жас келіншегін Таңдайдағы әке-шешесінің үйіне апарып тастайды. Ғазиза 1930-жылы 18 жасқа толғасын некеге отырмақ болғандарында – Сейітахмет әкесімен, бауырларымен бірге байлар ретінде конфискацияға түсіп, алдымен Орынборға, одан кейін Башқұрт АССР-іне жер аударылады. Ғазиза Дәулетқызы 1930-1942, 1961-1969-жылдары Қазақстанда алғаш құрылған бес қой совхозының бірі – «Бақсай» қаракүл совхозында қарапайым жұмысшы болып еңбек еткен.
БІРІНШІ ЖҮЗДЕСУ
1969-жылдың жазы. Атырау облысының Махамбет ауданындағы туған ауылым Таңдайдағы орта мектепті бітірген бойым. Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсу арманым орындалмады. Қолыма аттестат кешігіп тигендіктен құжаттарымды тапсырып үлгермей, ауылда қалып қойғанмын. Оның себебі – мен мектепте 10 жыл бойына әкемнің атымен Орынғалиев болып келгем, енді паспорт алғамда – туу туралы куәлік бойынша Доспанов атандым да, толтырып қойған аттестат жармасызданып қалды, содан облыстық білім бөлімінен жаңасы келгенде - тамыздың жартысы өтіп кеткен еді. Ал, Гогольге абутириенттің құжаттары 10-шілдеге дейін ғана қабылданады.
Бір топ бала Бақсай (халық Боқсақ деп атайды) өзенінде шомылып жатырғанбыз. Күнге қақталып отырып, ауыл ішіндегі, сырттан естілген жаңалық, хабарларды бөліскенімізде, ең бастысы – Таңдайға «Қодардың» келіп қалғаны елең еткізді. Қодардың кім екенін білетіндер құлағымызды одан сайын түре түстік. Таңдайдағылардың үлкен-кішісі он шақты жыл бұрын клубтан «Қозы Көрпеш Баян сұлу» фильм-спектаклін жабыла көріп, Қодардың рөлін ойнаған жерлес Нұрмұхан Жантөринге риза болысқан. Содан оны біреулер «Қодар» атап кеткен.
-«Қодар» неге келіпті?
-Апасы дүние салыпты... Соған келген.
Яғни, атақты жерлес актеріміз Нұрмұхан Жантөрин - апасы қайтыс болғасын, оған сонау Алматыдан келгенін білдік. Осы әңгімеден кейін арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, қасында біз танымайтын екі жігітпен жағаға Жантөриннің өзі келе қалды. Су ішінде жүргеніміз бар, жағада күнге қақталып жатқанымыз бар, жапа-тармағай үшеуімен амандасып, әсіресе Нұрмұхан ағаның қолын алғанымызға мәз болысып, бір рахаттанып қалыстық. Үшеуін қоршап алып, жан-жақтан сұрағымызды жаудырудамыз.
-Сіз, шынымен, тап осы Таңдайда тудыңыз ба?..
-Иә, тап осы Таңдайда тудым. Ол кезде әлі совхоз жоқ, он бес шақты ғана жеркепе болған. Мен мына Таңдайдың ескі бөлігінен батысқа қарай екі-үш шақырым жердегі қыстаулардың бірінде өмірге келіппін.
-Ә-ә, мен білемін! Көшбайға жетпей, одан берірек жерде кеп-кең сай бар, көктем суымен толып тұрады. Соның арғы жағасында ескі қыстаулардың білінер-білінбес орындарын көргенмін,- деді бір бала ентігіп.
-Сен бала дұрыс айтып тұрсың. Менің кіндігім тап сол жерде кесілген.
-Нұрмахан аға, Шоқан Уәлихановты өте шебер ойнадыңыз, «Оның уақыты келеді» фильмінде. Сіз Шоқаннан аумайсыз! Біз Сізді мақтан тұтамыз!
-«Его время придет» түсірілгелі он екі жыл өтіп кетіпті... Ол кезде мен жиырма сегіз-жиырма тоғызда, дәл Шоқанның жасында едім.
-Вот, қалай, режиссер точно тауып түсірген! Ұсқыныңыз да, жасыңыз да дәл келген!..
-Фильмді түсірген режиссер Мәжит Бегалин ағаларың – шынында да өте жақсы, мықты адам, талантты режиссер!
-Аға, неге Сіз жаман кісілердің рөлін көп ойнайсыз? Әлде... Алматыдағылар Гурьевтен барған артистерге дұрысын бермей ме, қақпайлап?..
-Ай, балалар-ай, актер болғасын жағымды-жағымсыз рөлдерді ойнауға тура келеді. Ең бастысы – соларды жан-тәніңмен түсініп, шынайы түрде көрермен халыққа жетізу, олардың кейіпкерге деген сенімін иелену.
-Сонда да... жаман рөлді көп ойнаған актерді адамдар тәуір көрмей кетулері мүмкін ғой...
-Адамдарға негативті образдарды – позативтіден айыра алатындай етіп жеткізе алсақ – ол түсінген жанға үлкен сабақ. Ылғи жақсы адамдардың ортасында жүре берсең – өмір тұшып кетеді, үйренбегесін, тәжірибеден өтпегесін, күресуге бейімделмейсің. Яғни, жаман жандардан жеңіліс тауып, не оларға алданып, боркеміктенесің. Сендер қалай, әдеби кітаптарды оқымайсыңдар ма? Солардың барлығында жақсы менен жаман қатар жүреді. Ертегілер мен ескі аңыз-жырларды білмейсіңдер ме? Оларда да солай! Ақын-жазушылардың, драматургтердің де шығармалары халықты өмірдің қиынына үйрету, тәрбиелеу. Ал, жаман рөлді көп ойнаған актерлердің өмірде шынымен жаман адам еместігін естілердің өздері сезеді.
Жарайды, актерге көңіл аударып, көкейдегі сұрақтарыңды ашық бергендерің үшін рахмет. Мен осы Таңдайға қаншама рет келдім, мектебінде бір рет те оқушы-ұстаздармен кездесу ұйымдастырмады. Әлде... менің өзім ылғи да каникул кезінде келіп жүрмін бе? Біздің уақытымыз көп емес, қане шомылайық, Боқсақты ақ көбік етіп, буырқантайық!
Мен Нұр-ағаға бір сұрақ берместен, оны сырттай бақылып, тек тыңдаумен болғам, әттең, қолымда карандаш пен қағаз болғанда – суретін сол бойда салып беретін едім... Жерлес ұлы ағаның назарынан тыс қалғаныма өкінбеген сияқтымын.
1967-1970-жылдары совзозымның директоры болған руы Адай Сағын Жаманбаев өзінен бір жас үлкен ағасы Нұрмұханды әйелі Маргаритамен бірге қызметтік көлігі ГАЗ-69 машинасымен (жүргізушісі Әміржан Төлекенов деген азамат) Таңдайдан Гурьевке жеткізіп, одан ұшаққа отырғызып жіберген. «Жеңгейді алға отырғызып, артқа қатар жайғасқан екі Адайдың үзілмес әңгімелерін тыңдаумен - бір сағат жүретін 55 шақырым жолды 5-10 минутта өткендей болып, қалаға қалай жетіп қалғанымды білмей қалдым» деген-ді Әміржан аға, 2009-жылы кездесіп, 40 жыл бұрынғы осы тақырыпта сырласқанымызда.
Жалғасы бар
Жұмабай ДОСПАНОВ,
«Алтын ғасыр» №49, 2013-жыл