«Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты Мемлекеттік бағдарлама тарихымызды қайта зерделеуімізді міндет етіп отыр. Сол себепті бұрын-соңды жарияланған тарихи оқиғалар бүгінгі күннің талабымен қайтадан зерттелу үстінде. Дегенмен, жаңадан жарық көрген ізденістерде бірқатар тарихи фактілер бұрмаланып шындықтың орнына жалған ақпарат тарағанын айта кету керек. Бұған негізгі себеп «Атырау» газеті мен «Прикаспийская коммуна» газетінде жарық көрген екі мақала еді. (Біз сайтымызда «Атырау» газетінде шыққан бұл мақаланы жариялаған болатынбыз ). Бұл бұрмалау тарихқа әдейі жасалған қиянат па әлде тарихты жете білмеудің себебі ме? Мұны оқырмандардың өзі бағаласын деген оймен БАҚ-та жарияланған осы мақалаларды қайтадан жариялап отырмыз.
«Атырау» газетінің биылғы (2018 –ред.) жылдың № 48 санында Г. Ниетқалиеваның «Тарихи факті неге бұрмаланады?» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада З.Е.Қабылдинов, Ж.Н.Қалиев, А.Т.Бейсембаеваның авторлығымен 2018 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 8-ші сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізілген Т.Окуневаның «Кіші жүз қазақтарының көтерілісі» атты картасында Махамбет Өтемісұлы «Жем өзені бойында қазаға ұшырады» деп көрсетілгендігі және мұның республикамыздағы барлық 8-ші сынып оқушылары үшін қате түсінік екендігі сыни тұрғыдан дұрыс жазылған.
Ширек ғасырдай окушыларға «Қазақстан тарихы» пәнінен сабақ берген тарихшы мұғалім ретінде жоғарыда көрсетілген оқулықтағы «Бөкей ордасы қазақтарының 1836-1838 жылдардағы көтерілісі» атты 24-25 параграфтар туралы өз пікірімді білдіргім келеді. Шындығыңда, 1836-1838 жылдардағы Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған халық-азаттық көтерілістің рухани көсемі М.Өтемісұлы оқулықта көрсетілгендей Жем өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында емес, Жайық өзенінен шығысқа қарай 50 км жерде «Қарой» деген жазықтықта 1846 жылы қаза болған. Қазіргі мезгілде Махамбет зиратына биік кесене тұрғызылған. Бұл кесене біздің ауылдық округ аумағына қарайды.
Махамбет кесенесіне жақын орналасқан біздің мектебіміз М. Өтемісұлының атымен аталады. Ал, оқулықтағы картада Махамбеттің қаза тапқан жерінің қате көрсетілуі біздің мектептің оқушылары мен мұғалімдерін өте ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Оқушылар: «Ағай, мына оқулықтағы картада, «Махамбет опат болған жер» деп Жем өзені бойын көрсетіп қойыпты» дегенде, оқулық үшін мен қатты ұялдым.
Жоғарыда көрсеткеніміздей оқулықтағы 24-25 параграфтың тақырыбы: «Бөкей ордасы қазақтарының 1836-1838 жылдардағы көтерілісі» деп берілген. Тарихи-философиялық ұғымдардың мән-мағынасына келсек, бұл тақырыптан сол кездегі қазақ шаруаларынан құрылған тобырдың бас көтеруі сияқты мағына беріп тұр. Кез-келген тарихи оқиғаның басыңда көсемдері, бастаушылары болады. Егер сол тарихи кезеңдегі қазақ кедей-шаруаларының басын біріктіріп ортақ мақсат-мүддеге тоғыстырып, ұлт-азаттық күреске И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы ұйымдастырмаса көтеріліс болар ма еді? Болса да кең аймақты шарпып, үш жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысқа ұласуы мүмкін бе еді?
Атырау қаласындағы «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан 2003 жылы жарық көрген, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Атырау облыстық әкімдігі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірігіп шығарған «М. Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Махамбет — ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары» жинағындағы ғалымдардың еңбектері М. Өтемісұлының көтеріліс көсемі И.Тайманұлының оң қолы, көтерілістің рухани көсемі болғандығын дәлелдейді.
Сондықтан, оқулықтағы тақырыпты «И.Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс» деп атаса дұрыс болған болар еді. Қазақстан тарихында батыс өңірі әлі де толық зерттелінбей, зерттелінген еңбектер оқулыққа дәлел-дәйектеме ретінде алынбай жүр. Осы жерде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғалымдарының құнды еңбектері неге оқулық жазғанда пайдаланылмайды деген пікір айтқым келеді. Мысалы, соңғы 10 жылда университеттің тарихшы-ғалымы, исатайтанушы А.Шамғоновтың «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс (1836-1838)» атты Қазақстанның барлық оқу орындарына арналған картасын сабақта пайдаланып келеміз. Біздің пікірімізше, осы картада ғана Исатай-Махамбет көтерілісі нақты көрсетілген. Сондықтан, баспасөз бетінде сыналған Т.Окуневаның М. Өтемісұлының қаза тапқан жері туралы оқушыларға мүлде қате мәлімет беріп тұрған картасы қолданыстан дереу алынып тасталуы керек.
Қоныс ЖАНАЛИСОВ,
Махамбет атындағы орта мектептің
жоғары санатты тарих пәні мұғалімі,
Индер ауданы.
«Атырау» газеті, 21.12. 2018.
ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ-ТАРИХҚА ҚИЯНАТ
Мектеп оқулықтары төңірегінде әңгіме көп. Осыдан кейін «оқушылар қандай оқулықтан білім алып жүр? »-деген сұрақ туындайды. Әсіресе түп-тамырымызды түгендейтін тарих пәні бойынша таратылған оқулықтарда қаншалықты қате бар? Бұл орайда Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Аманкелді Шамғонов мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктерді санап тұрып айтып берді.
Jas qazaq: Аманкелді аға, сізді ғылыми орта исатайтанушы ретінде жақсы біледі. Қателеспесек, соңғы отыз жылыңызды осы тақырыпты зерттеуге арнап жүрсіз. Ғалым ретіндегі пікіріңізді ашық айтыңызшы, біз еліміздің тарихын мектепте қалай оқытып жүрміз?
А. Шамғонов: Көсемсөз ұстасы атанған Қадыр Мырзаәлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» – деген қанатты сөзі бар. Осы жерде еріксіз еске түседі. Қалай десек те, тарих – ұлттың жады ғой. Оны өшіріп алуға болмайды. Өйткені, тарихын қастерлеген ұлт қана өткенінен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды.
Демек, біз тарихты ғылыми негізде жаза алмай жүрміз. Жазсақ та, бұрмалап, өзіміз біле тұра, бала санасына қателікті құйып жатырмыз.
Jas qazaq: Мектеп оқулықтарындағы бұрмалау туралы мәселе көтеріп келе жатқаныңызға аз уақыт болған жоқ. Әсіресе Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті оқыту тақырыбына байланысты талай мінбелерде мәселе көтердіңіз. Осы жағына кеңірек тоқтала аласыз ба?Қазір қолыңызда болса, «Қазақстан тарихы (XVIII-XIX ғасырлар)» кітабының 8-7-сыныпқа арналған оқулығын қарап шықсаңыз болады. 2018 жылы шыққан оқулықта Атырау өлкесінің тарихына байланысты деректер жұмсартып айтқанда, бұрмаланып берілген. Оқулықтың 81-бетін ашып қарасаңыз, «Бөкей ордасы қазақтарының 1836-1838 жылдардағы көтерілісі» деген тақырып жазылып тұр. Қалай, сіздіңше, бұл тақырып дұрыс беріліп тұр ма?
Jas qazaq: Ойланарлықтай-ау, аға?!
А.Шамғонов: Неге?
Jas qazaq: Себебі өзім бұл жылдардағы оқиғаны Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс деп оқыдым.
А.Шамғонов: Дұрыс айтасың. Тақырыпқа қарап отырып, еріксіз таңданасың. Кез келген көтеріліс өздігінен бұрқ ете қалмайды. Оның міндетті түрде ұйымдастырушысы болады. Сол тарихи кезеңде Исатай мен Махамбет батырлар қазақ шаруаларының басын біріктіріп, ортақ мақсат-мүддеге тоғыстырып, теңдік жолында күресті ұйымдастырмаса, көтеріліс болар ма еді? Көзге шұқып көрсететін тағы бір жайт бар. 2012 жылы және 2016 жылы 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы басылып шықты. Оқулықтың сол нұсқасында бұл тарихи оқиға «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс» деп дұрыс тақырыппен берілген болатын. Ол нұсқада көтерілістің басшылары, сипаты ашып көрсетілген еді. Ал 2018 жылғы шығарылымында авторлардың көтеріліс көсемдерін тақырыптан алып тастауына не себеп болды? Әлде бізде тарихи дерек жыл өткен сайын өзгертіліп, авторлардың ыңғайына қарай бұрмалана бере ме? Кім не десе де, Исатай мен Махамбет Атырау өлкесінде ғана емес, күллі қазақ даласында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар. Мұны жас ұрпақ жақсы білуі тиіс. Біз ұрпақтан ұлы дала төсін дүбірлетіп өткен тұлғаларды жасыра алмаймыз. Демек, аталған оқулық авторларының көтеріліс көсемдерінің есімдерін тақырыптан алып тастауы – қателік. Ал егер көтеріліс көсемдері тақырыптан әдейі алынып тасталса, онда бұл – саяси қателік.
Jas qazaq: Бар қателік осы ғана ма?
А.Шамғонов: Сол кітапты тереңірек ашып қарайтын болсақ, авторлар «Бөкей ордасында 1838 жылы да көтеріліс болды» деп жазыпты. Міне, сізге «эврика!». Тағы да сол тарихқа жүгінетін болсақ, 1838 жылы Бөкей ордасында ешқандай да көтеріліс болған жоқ. Бұл жерде авторлар оқушыларды да, тарих пәні мұғалімдерін де адастырып отыр.
Jas qazaq: Сонда авторлар «Бөкей ордасындағы 1838 жылғы көтеріліс» деген деректі қайдан?
А.Шамғонов: 1937 жылдың 13 желтоқсан күні таңда Исатай мен Махамбет бастаған шағын топ қарлы дауылды пайдаланып, Құрақ Маябасов деген жолбасшының көмегімен қазіргі Махамбет ауданының орталығына жақын жердегі Сарытоғай маңынан Азия бетке-кіші жүзге өткен. Бұл туралы көптомдық «Қазақстан тарихының» III томында «Бөкей ордасында шаруалар көтерілісі аяқталса да, ол Жайық өзенінің сол жағалауында одан әрі өрістеді. Осы аумақта Исатай мен Махамбет патша өкіметінің жазалаушы әскерлері мен жергілікті феодалдарға қарсы шешуші шайқас жолында күш біріктіре бастады»,-деп жазылған.
Яғни Исатай мен Махамбет қазақтарды отарлық езгіге қарсы күш біріктіріп, ұлт-азаттық көтерілісті жаңа сатыға көтеруді мақсат етіп қойды. Сондықтан, олар Бөкей ордасы мен кіші жүздің батыс аумағында ұзақ жылдар бойы патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы күрес жүргізіп келе жатқан сұлтан Қайыпқали Есімовпен саяси-әскери одақ жасауды қажет деп тапты. Батырлардың бұл тәсілі өз жемісін берді. 1838 жылдың алғашқы алты айында Қайыпқали Есімов пен Исатай Тайманов бастаған көтерілісшілердің саны 3 мыңға жетті. Ал Бөкей ордасында көтерілісшілердің саны 2 мыңдай болатын.
Міне, осы деректерді ескере келе, біз ғылыми айналымға «1836-1837 және 1838 жылдардағы Бөкей ордасы мен кіші жүздің батыс бөліміндегі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс» атты тақырыпты енгіздік. Бұл жерде көтеріліс болған аумақ пен жылдар, көтеріліс басшылары мен оның сипаты анық көрініп тұр. Олай болса, 2018 жылы шыққан 8-ші сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығындағы тақырыптың «Бөкей ордасы қазақтарының 1936-1838 жылдардағы көтерілісі» деп аталуы оқушыларға қате түсінік береді.
Біріншіден, бұл жерде авторлар, патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталған, қазіргі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары аймақтарын қамтитын 3000-нан астам адам қатысқан көтерілісті айтады. 1838 жылдың алғашқы алты айындағы көтерілісті
ескермеген. Eкіншіден, тақырыптағы «Бөкей ордасы» деген сөз көтеріліс аумағын негізсіз тарылтып тұр. Осы жерде айта кететін бір жайт, 2018 жылғы 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» кітабының орысша нұсқасында бұл көтеріліс екі кезеңге бөліп көрсетілген.
Осы кезеңді ғылыми айналысқа мен енгізген болатынмын. Енді таң
қаларлығы сол, осы кезеңдер оқулықтың қазақша нұсқасында жоқ. Яғни қазақша аударылмаған. Сөз жоқ, бұл авторлар тарапынан жасалған шектен шыққан немқұрайдылық. Ғылыми басылымдарда осылай деп мен жиырма жылдан астам уақыт айтып келемін.
Jas qazaq: Тақырыпқа байланысты тағы да толықтыратын жайт бар ма?
А.Шамғонов: Енді біз талқылап отырған оқулықтың 86-бетіндегі «Кіші жүз қазақтарының көтерілісі» атты картаға көз жүгіртелік. Картада рухани көсем, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданы аумағындағы Жем өзенінің Каспий теңізінің құйылысына жақын жерде қаза тапты деп көрсетілген. Бұл Атырау өңірінің тарихын өрескел бұрмалау, Махамбет батырдың рухына жасалған үлкен қиянат. Тарих бұрмалауды көтермейді ғой! Махамбет Өтемісұлының 1846 жылдың қазан айында қазіргі Атырау облысы Индер ауданы аумағындағы Қарой деген жерде қаза тапқаны баршаға аян. Оның үстіне, 1995 жылы Махамбет зиратына биіктігі 12,2 метр болатын кесене де тұрғызылды. Қазір Қараойдағы батыр зираты Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи-мәдени қорыққа айналды. Соңғы жылдары бұл кесене аумағы еліміздегі киелі жерлердің қатарына енді. Сонда күнделік емес, оқулық жазып отырған адамдар мұнф білмей ме? Әлде әдейі жасап отыр ма?
Jas qazaq: Осы жайтқа байланысты тарихшы ретінде не ұсынасыз?
А.Шамғонов: Шыны керек, біздің университеттің тарих факультетінің профессор, оқытушылар құрамы болып, мектептерде Исатай, Махамбет бастаған көтерілістің оқытылуы жөнінде білім және ғылым министрлігіне хат жаздық. Алайда министрліктегілер дәл осы мәселе жөнінде жұмған аузын ашпай отыр. Мұны сірә, қателік жіберіп отырған авторларды жақтағандық деп түсінген дұрыс болар.
Тарихқа ең алдымен бірізділік керек. Тарихты бұрмалай берсек,
ұлттық жадынан айырыламыз. Сондықтан, «Қазақстан тарихы» пәні бойынша жазылған оқулықтар әр облыс орталығындағы университеттердің «Қазақстан тарихы» кафедрасынан апробациядан өткізуді ұсынамын. Міне, сонда ғана өлкенің тарихына байланысты деректердің бұрмаланбауына жол бермейміз.
Жуырда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кей оқулықтар кері түзетіліп, қайта басылады деді. Біз сол «Қазақстан тарихы» оқулығы да енеді деп үміттенеміз.
Jas qazaq: Оқулыққа енген қателік тасқа басылған таңба, тарихқа жасалған қиянат екені анық. Адамдардың туған, өлген жылдары дұрыс па?
А.Шамғонов: Өкінішке қарай, аталған оқулықтың 162-бетінде қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының қайтыс болған жылы 1889 жыл деп қате көрсетіліпті. 2018 жылы шыққан 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында авторлар Құрманғазының туған жылы – 1806, қайтыс болған жылы – 1879 деп тарихи шындықтан мүлдем алшақтаған. Тағы сол авторлардың 2016 жылы шығарған «Қазақстан тарихы» оқулығында Құрманғазының туған, қайтыс болған жылдары 1823-1896 деп көрсетілгендігін ескерсек, онда әр автор ұлы күйшіні өздерінше туғызып, өздерінше о дүниеге аттандырған деуге әбден болады.
Бұл жерде авторлардың өткен ғасырдың 90-жылдарының ІІ жартысында атыраулық тарихшылар М.Жолжановтың, Х.Табылдиевтің Астрахан қаласындағы мемлекеттік архивтен Құрманғазының өміріне байланысты жаңа деректер тауып, ұлы күйшінің 1823 жылы дүниеге келіп, 1896 жылы қайтыс болғанын дәлелдегенінен және ғылым академиясы жанындағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында құрылған сараптама комиссиясы Қ.Сағырбайұлының туған және қайтыс болған жылдары туралы жоғарыда келтірілген деректерді ресми бекіткенінен мүлде хабарсыз екенін көрсетеді.
Құрманғазыны «1806 жылы туып, 1879 жылы қайтыс болды» деген деректі авторлар көптомдық «Қазақстан тарихының» 1979 жылы шыққан ІІІ томынан алғаны көрініп тұр. Авторлар ұлы күйшінің туған, қайтыс болған жылдары туралы жаңа деректерді пайдаланудың орнына, ХХ ғасырдың 60- 70 жылдарындағы ескі, негізсіз деректерге неге ұмтылады? Инновация, тарих ғылымындағы соңғы жаңалықтар қайда?
2003 жылы білім және ғылым министрлігі менің «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс (1836-1838 жылдар)» атты оқулық картамды қолдап, еліміздің барлық оқу орындарына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша көрнекі құрал ретінде пайдалануға ұсынған болатын. 2016 жылы 8-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы» оқулығына жоғарыда аталған карта қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде енгізілді. Сөйтіп, қазіргі мезгілде баламасы жоқ осы карта республика мектептерінде көрнекі құрал ретінде пайдаланылуда. Олай болса, министрлік Т.Ю.Окуневаның картасын оқулыққа неге тықпалаған?
Сұхбаттасқан Баян Жанұзақова, Атырау.
«Жас Қазақ» № 41, 11 қазан, 2019 жыл.
ЗАЧЕМ УЧЕБНИК ПО ИСТОРИИ ИСКАЖАЕТ ФАКТЫ
В последнее время немало критики звучит в адрес учебников «История Казахстана». Преподаватели истории и общественность нашей области были неприятно удивлены, обнаружив ошибки в учебных материалах. Об этом в беседе с «ПК» рассказал лауреат премии имени Махамбета, почетный гражданин Индерского района Бисен АТАЛЫК.
– Бисен ага, расскажите, пожалуйста, о каких ошибках идет речь?
– В местной областной газете «Атырау» были опубликованы критические статьи учителя истории высшей категории Коныса Жаналисова, а также лауреата республиканской премии имени Махамбета Гульзады Ниеткалиевой об искажении исторических фактов в учебниках «История Казахстана» за 8 (7) класс, выпущенных издательством «Атамура» в 2018 году.
Я внимательно ознакомился с материалами под авторством Кабылдинова, Калиева и Бейсембаевой. Учебник истории для казахских и русскоязычных классов тиражом свыше 100 тысяч экземпляров предложен Министерством образования и науки. Меня заинтересовали параграфы №№23 и 24, а конкретно – сам текст на страницах 81-88 под заголовком «Восстание казахов Бокеевской орды в 1836-1838 годах». И здесь я обнаружил две ошибки. Во-первых, в 1838 году в Бокеевской орде не было никакого восстания. Здесь авторы учебника вводят в заблуждение не только школьников, но и учителей-историков. Во-вторых, в учебнике по истории за восьмой класс, подготовленном в том же издательстве – «Атамура» (авторы – Кабылдинов, Кайыпбаева), в 2016 году и предыдущие годы учебный материал имел другой заголовок «Народно-освободительное восстание под предводительством Исатая Тайманова и Махамбета Утемисова». Однозначно прежний заголовок был правильным. Потому что он точно отражал характер восстания и его предводителей.
В связи с этими фактами возникает вопрос: почему авторы издания в 2018 году убрали из заголовка имена вождей восстания? Ведь предводители восстаний других национально-освободительных движений присутствуют в нем?
– А что насчет дат?
– Если говорить об этом, то на самом деле восстание, организованное Исатаем и Махамбетом, произошло в первой половине 1838 года в западной части территории Младшего жуза. По словам исследователей, это второй, или заключительный, период восстания. В учебнике по истории за восьмой класс 2016 года от «Атамура» правильно обозначены период восстания (к сожалению, в учебнике для казахских классов этот момент не указан). В таком случае мы думаем, что в учебнике за восьмой класс 2018 года издания заголовок «Восстание казахов Бокеевской орды в 1836-1838 годах» дает ошибочные сведения школьникам. Здесь не учтены сведения о восстании в западной части Младшего жуза, произошедшем в первой половине 1838 года. Во-вторых, словосочетание «Бокеевская орда» безосновательно сокращает территорию восстания, приводя к ошибочному мнению, что восстание охватило только Бокеевскую орду.
– Стало быть, имеются и другие значимые неточности?
– Если посмотреть 86 страницу данного учебника (в русскоязычном учебнике – 85 страница), то там предложена карта: «Восстание казахов Младшего жуза». Главной ошибкой этой карты является то, что место гибели поэта, духовного лидера восстания Махамбета Утемисова указано неверно – на территории реки Жем Жылыойского района Атырауской области. Но всем известно, что Махамбет погиб в 1846 году в местечке Караой нынешнего Индерского района. В 1995 году на месте захоронения Махамбета был установлен мавзолей высотой 12,2 метра. На сегодня данное место имеет название «Историко-культурный заповедник имени Махамбета».
Сложность ситуации еще в том, что по этим учебникам обучаются школьники по всей республике. То есть они получают ошибочные знания.
Есть еще один момент, в свое время профессор Атырауского государственного университета имени Халела Досмухамедова, известный в республике исатаевед Амангельды Шамгонов перед празднованием 200-летия Махамбета Утемисова подготовил карту «Народно-освободительное восстание под предводительством И. Тайманова и М. Утемисова (1836-1838 г.г.)». В 2003 году Министерство науки и образования эту карту в качестве наглядного пособия для учебника «История Казахстана» утвердило для применения во всех учебных заведениях Казахстана. В школах нашей области работают по этой карте. В учебнике «История Казахстана» за восьмой класс от 2016 года (издательство «Мектеп», авторы – Ж. Касымбаев, Т. Омарбеков) включена карта именно Шамгонова.
Алма ТУРГАНОВА
«ПРИКАСПИЙСКАЯ КОММУНА» 9 августа 2019 г.