МӘРТЕБЕСІ АРТҚАН МҰНАЙШЫ БОЛҒАН
Ұлықпан ағаның есімін мен алғаш рет студент кезімде естідім. Жаңалыққа құлақ түріп жүретін біздер 1971 жылы атыраулық бір топ үздік еңбеккерге Социалистік Еңбек Ері атағы берілгендігін естіп, оны өзіміз алғандай қуандық. Солардың екеуі менің жылойлық жерлестерім – мұнайшы Ұлықпан Әбдірақманов пен Әбді шопан Дүйсенбеков болатын. Басқа аудан өкілдерімен айтысқанда осы екеуі менің жалауымды биікте желбіретіп еді. Кейін 1977-1986 жылдары Ембі аудандық комсомол және партия комитеттерінде қызмет жасағанымда оларды тым жақыннан көріп, ғұмырнамаларымен жете таныстым. 1977 жылы облыстық партия мұрағаты қызметкерлері шығарған «Они прославили Прикаспий» деген атақты адамдардың ғұмырнамалары берілген бүктемелік материалдар жинағын сол кезде ауданда жұмыс жасаған төрт Социалистік Еңбек Еріне (әлгілерге қоса – мұнайшв З. Балкенжиевке, шопан К. Асабаевқа) ұсынып, тілек жазғанмын. Сонымен бірге олар әрбір мерекеге – Кеңестік Қазақстанның 60 жылдығы, Ұлы Жеңістің 35 және 40 жылдығы, т.б. арналған, біздер дайындаған баяндамалардан, тарихи мақалалардан қалған емес.
Ұлықпан аға Жылой өңіріндегі Қараша елді мекенінде дүниеге келген Сүйірбас Жастабанның ұрпағы болатын. Аудандық пионер ұйымының тарихын жазған бір мақаладан осы Қарашадағы мектепте аудан бойынша тұңғыш рет пионер қатарына қабылданғандардың тобынан осы ағаның да есімін кездестірдік. Бұл оның бұдан кейін де аудандағы тұңғыштардың қатарында болуына негіз алды.
Ағамыз Ұлы Отан соғысына қатынасып, отаншылдардың қатарында басқыншы жауға қарсы қарумен күресті. Майданнан жеңіскер болып оралғаннан соң Құлсары мұнай кәсіпшілігіне мұнайшылық жұмысқа орналасты. Мұнда ол құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармастан мұнай өндіруші оператор болып, ерен еңбек етті. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған бұл азаматты үнемі дулы еңбек ортасынан көретінбіз. 1960-шы жылдары маңыз алған коммунистік еңбек бригадаларын құру кезінде де ерекше көзге түсті, 1964 жылы болған батыс өңір мұнайшыларының осындай бригадалары мүшелерінің слетінде көпшілікке өз тәжірибесін баяндады. 70-80-ші жылдары дамыған тәлімгерлік қозғалысқа да белсене араласты, жастардың үздік тәлімгері ретінде оны комсомол органдары ұлықтады, Ембі аудандық комсомол комитеті 80-ші жылдары аудандық мұнайшы комсомол-жастардың телімдері үшін Ұ.Әбдірақманов атындағы ауыспалы жүлдені белгіледі, ол әрбір аптаның қорытындысы бойынша беріліп тұрды. Ұлақаңның тәлімгерлік қызметі «Қазақ ССР тарихы» еңбегінің 1985 жылы жарық көрген 5-ші томында атап көрсетілді.
Ардагерге абыройлы еңбегіне орай «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы» құрметті атағы берілді.ол Қазақстан коммунистік партиясының 10-шы, 13-ші және 14-ші съездеріне делегат болып қатынасты, оның ішінде, 1971 жылы өткен 13-ші съезде Ұлақаң Орталық комитеттің мүшелігіне кандидат болып сайланды.
Еліне осылайша еңбек еткен ардақты жанның есімі Құлсары қаласындағы бір көшеге берілді, түрліше энциклопедияларда адал еңбегі әділетті түрде көрсетілуде. Ал, жақында – биылғы жылдың мамыр айында Құлсарыда оған ескерткіш орнатылды. Тастүлектің бір перзентінің биік тұлғасы тұғырға орнатылды.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
19.4.,18.6.2008 ж.
МАЙДАНГЕР ЖӘНЕ МҰНАЙШЫ
Ақаштың жастық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұстас келді. Сондықтан да, ол барша құрдастарымен бірге неміс фашистерінен Отанды қорғаудың қасиетті соғысына жіберілді. Әуелден Отан-ананы қорғау ұғымы санасына ата-ана тәрбиесінен терең енген Ақаштар өлім мен өмір текетірес түскен отты жылдарда басқыншылармен арыстанша арпалысты, жан аямай соғысты. Жылойдың жас өрені көп ұзамай арыс кеудесіне «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін тақты.
Мұндай батыл жауынгерлерді уақыт талабы талай-талай қиын шайқасты орындарға жұмсап отырды. Ол Ұлы Отан соғысындағы ірі шайқастардың бірі болған Кенигсберг қаласын алу жолындағы қантөгіске қатынасты, ерекше ерлік көрсетті. Бұл үшін оған екінші марапатты – «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін тапсырды. Сөйтіп, фашистік Германияны өз ордасында бүк түсірген осындай ерлерді енді КСРО-ға ұзақ жылдар бойы Қиыр Шығыстан қатер төндіріп отырған соғысқұмар Жапонияға қарсы соғысқа аттандырады. Мұнда да жеңімпаздардың мерейі үстем болғаны тарихтан белгілі.
Үлкен абыроймен соғыстан оралған Ақаш та бейбітшілікті аңсаған еңбекке тез араласып кетті. Ол 1947 жылы «Қазақстанмұнайбарлау» тресіндегі Мұнайлы барлау орнына бұрғылау жұмысшысы болып кіреді. Кейін Құлсары мұнай барлау экспедициясы жүйесіне ауысып, өмірінің соңғы күніне дейін адал еңбектің жарқын үлгілерін көрсете білді. 1959 жылдан бастап мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаушы, бұрғышы шебер болып, еселі еңбек етті. Жылой ауданы аумағындағы Прорва, Боранқұл, Үлкен төбе, Төңірекшың мұнайлы алаңдарын қазуға белсене қатынасты. Ол үнемі ізденіп, жаңалықтарды игеріп отыратын. Жаңа 3Д, 5Д, БУ-75 сияқты бұрғылау қондырғыларын алғашқы болып игергендердің бірі болды. Ақаш жас мамандарды тәрбиелеуге де жете көңіл бөлді.
Аталғандай жарқын еңбектері үшін А. Мұқамбаевтың есімі 1967 жылы КСРО Геология министрлігінің Еңбек Даңқы кітабына жазылды. Ал, 1963 жылғы 29-шы сәуірде оның еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Сөйтіп, адал еңбек алтын арнасын тауып еді.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
18.4.2008 ж.
ЕҢБЕГІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНҒАН
Бұл кісіге өзі өмір сүрген кеңестік кезеңдегі аса жоғары мемлекеттік марапатқа ие болу бақыты тиді. Маңғаз Маңғыстаудың көп байлығының бірі – «қара алтын» атанған мұнайды игеруге ерекше үлес қосқандығы үшін оған бір топ азаматтармен бірге 1966 жылы Лениндік сыйлық берілді. Мұндай марапатты ілуде біреу ғана алатын.
Оған үлкен еңбек жолы ғана әкелген-тін. Атырау мұнайшыларының ортасында өскен, олардың Ұлы Отан соғысының аса қаһарлы шағында майданды мұнаймен толық қамтамасыз етіп отырған ерен еңбегін көріп және оған с үйсініп өскен Халила өз ғұмырын өнеркәсіптің осы саласына арнауға бел буды, Атыраудағы мұнай техникумын және 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-жағырапия факультетіндегі геология бөлімін бітірді.
Мұнайшы-геологтың қызықты да қиын қызметін ол 1956 жылы мұнайлы өлкенің қара шаңырағы – Доссор кәсіпшілігінен бастады. Кейін тындырымды қызметкерді жаңа игерілгелі жатқан мұнайлы Маңғыстау өлкесіне жұмысқа жібереді. Жаңадан құрылған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінде Халила 1960 жылға дейін геолог болып еңбек етті. Іскер және білікті маманды қашан да жоғары бағалайды емес пе?! Х. Махамбетовты Қазақ республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі жұмысқа шақырады, мұнда аға геолог болып 1960-1962 жылдары жұмыс жасады.
Алайда, Маңғыстауды игеру бүкілодақтық маңызы бар іске айналғандықтан да, оны қайтадан қазыналы түбекке жұмыс жасауға жібереді. Бұл бір адам еңбегінің шынайы ерлікпен парапарлығын дәлелдеген ерекше кезең болатын: табиғаты өте қиын, шын мәніндегі қиян далада қалыптағыдай еңбекке қажеттілердің бәрі бірдей бола берген жоқ, бір тұщы судың мәселесінің өзі неге тұратын?! Бірақ, ел алдындағы азаматтық борыштарын терең сезінген мұнайшылар барлық қиындықтарды жеңе білді. Азғантай уақыттың ішінде Маңғыстау түбегейлі өзгертілді, оның төсінде қазіргі заманғы жаңа қалалар мен кенттер пайда болды, «қара алтынды» табу және игеру ісі ойдағыдай аяқталды. Осындай тарихи уақытта Халила басқалармен бірге мігірсіз және нәтижелі еңбек етті: 1962-1964 жылдары Өзен мұнай және газ барлау экспедициясының бас геологы, 1964-1966 жылдары «Маңғыстаумұнай» бірлестігіндегі Өзен геологиялық барлау экспедициясының бас геологы болды. Міне, осындай елеулі еңбектері үшін ішінде Халила ағамыз да болған бір топ мұнайшылар Лениндік сыйлыққа ие болды. Бұл – мұнайшы қауымның аса үлкен жетістігінің шынайы бағалануы болатын. Сондықтан да, тұңғыш жол салушылардың қатарында Халила Махамбетов те ел тарихынан көрнекті орын алады.
Халекең бұдан кейін де тыңғылықты еңбек етті, 1966 жылдан 1970-ші жылдардың орта шеніне дейін Іле геофизикалық экспедициясында бас геолог болып, ел ырысын еселеді. Мұнда да оны іскерлігі мен білімділігі құрметке бөледі.
Сонымен бірге, Халекең ескі тарихи әңгімелерді біршама жақсы білуші еді. Кейін оның Таз руының атақты батырлары Өтен, Төремұраттар және атақты ару Қыз Данай туралы берген деректері республикалық баспасөзде жарияланды, онда тарихшылар мен өлкетанушылар үшін маңызға ие болатындай тың деректер де бар.
Мұнайшылар қауымының бір үздік өкілінің ғұмыры міне, осындай-ды.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
18.4.2008 ж.
БҰРҒЫЛАУ МАЙДАНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ
Зинел ағамен де 1977-1986 жылдары Ембі аудандық комсомол және партия комитеттерінде жұмыс жасаған кезімде жұмыс бабында жиі кездесіп жүрдім, сырттай еңбектік және азаматтық істеріне қаныға бердім. Ерен еңбек еткен азаматты көпшілік үнемі құрметке бөлеп жүретін, сол көптің ішінде мен де ағама деген мақтанышты сезімге бөленіп тұрушы едім.
1948 жылдан 1991 жылға дейін – 43 жыл бойына саналы ғұмырын мұнай барлау ісіне арнаған жан Атырау облысындағы Жылой ауданының өрені болатын, Келдібай Таздағы Сапы атасының ұрпағы-тын.
2001 жылы Құлсарыда атақты еңбеккер, Ленин орденді мұнайшы Сәрсен Өркешевтің 101 жылдығына орай ұрпақтары ас берді. Сонда Сәкеңді білген, жұмыстас болған көптеген адамдар сөз алды. Олардың бірі – осы Зинел аға болатын. Зинекең өзінің соғыстан кейін еңбекке алғаш араласқанында өзіне ұстаз тұтқан, арқа сүйеген үйретушісі осы Сәрсен аға болғандығын үлкен ырзашы-лықпен айтып өтті. Осындай білікті мамандардан үйреніп, тиянақты іске баулынған Зинел әуел бастан-ақ еңбекке үлкен жауапкершілікпен қарайтын, әрбір тапсырманы тындырымды, дәлме-дәл орындап жүрді. Ол сонымен бірге өзінің бауыры, Социалистік Еңбек Ері Ақаш Мұқамбаевтан да көп үйренді.
Әуелгісін бұрғышының көмекшісі, кейін – тыңғылықты тәжірибе жинап, ысылған соң – бұрғышы болып еңбек етті. Оның бұрғысы Жылой өңіріндегі көптеген мұнайлы алаңдарға қадалды, әрине, көпшілігі сенімді ақтап, мұнай бере бастады. 70-90-шы жылдары Зинел аға Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында бұрғылау шебері санатында абыройлы еңбек үлгісін көрсетті. Оның ерекше көзге түскен шағы да осы кезең болатын. Зинкеңнің жемісті еңбегін Мәскеудегі аса беделді «Правда» газеті жазып, бүкіл Одаққа паш етті.
Ағаны коммунистер аудандық және облыстық партия комитеттеріне мүше етіп бірнеше рет сайлады. Жарқын жұмысы Еңбек Қызыл Ту орденімен аталып өтті.
Жасынан тындырымды іске жаттыққан Зинелдер өз тұсындағы бесжылдықтарда үнемі еңбектік жоғары табыстарға қол жеткізіп отырды, жоспардағы бұрғылау жұмыстарын асыра орындады, міндеттемелер үдесінен шығып отырды, кей жылдары жеке бесжылдықтарын мерзімінен бұрын орындайтын. Мұндай еңбекті жоғары бағалаған кеңес үкіметі 1977 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Айтулы еңбеккер бұдан кейінгі жылдарда да абырой биігінен төмендеген емес, ылғи да еңбек көшінің басында жүрді.
Еңбекті «ар мен намыс» деп түсінген атпал азамат артында осындай ізгі нәтиже қалдырды.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
19.4.2008 ж.
СЫН САҒАТТА СЫНАЛҒАН СҮЙРІК
Бұл күндері осыдан 60 жыл бұрынғы, сарғайған тарихи құжаттарды шолып отырғанда Ұлы Жеңісті жасағандардың бірі - Әйелдер екендігіне құрметті сезім жетегінде ден қоясың. Иә, дәл солай – дүниедегі ең нәзік жандар әлем тарихындағы ең ауыр, аса қиын соғыста да жеңіскер болып шықты!
Осындайын тұжырымымызды растайтын деректер біздің тарихымызда өте көп. Солардың бірісі турасында әңгімелемекпіз бүгін.
Барлық мүдде, барша күш-жігер фашизмді жойып, Ұлы Жеңіс сағатын соқтыру мақсатына бағындырылған сонау жылдары Жылой ауданының мұнайшылары да лайықты еңбек құрметіне бөлене білді. Олар соғыстың алғашқы күндерінен-ақ еселенген жігермен жұмыс жасауға міндеттенді. Құлсары кәсіпшілігінің бұрғышылары демалыс күндерінен бас тартты, бұл шынайы отаншылдық бастама қосымша бірнеше бұрғылау бригадаларын құруға мүмкіндік берді.
Өндірістік пайдалануға соғыстан бұрын ғана - 1939 жылдан бастап берілгендігіне қарамастан, Құлсары кәсіпшілігі соғыстың алғашқы айларында-ақ Бүкілодақтық социалистік жарыстың озаттары қатарында болды. Егер соғыстан бұрынғы жылдары (1939-1940 жж.) аталмыш кәсіпшіліктен бар болғаны 46,5 мың тонна мұнай өндірілген болса, енді, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты мұнай өндіру ісі ерекше қарқынға ие болды, өндіріс жұмыстары қауырт жүргізілді. Нәтижесінде мұндағы “қара алтынды” өндіру деңгейі 1941 жылы 88 мың тоннаға, ал, 1943 ж. – 216 мың тоннаға дейін көтерілді.
Сол кезеңде қалыптасқан әлемдегі ең қорқау, бақайшағына дейін қаруланған фашизмдей зұлым жауымен соғысу аса көп күшті қажет етті. Осыған орай Отан қорғау соғысына аттанған әкелердің, күйеулердің, аға-інілердің орнына тұру үшін мұнайшылар қатарына әйелдер мен жасөспірімдер көптеп келді. Құлсары кәсіпшілігі мұнайшылары қатарына соғыстың алғашқы жылдары Аманқұлов Қазен, Темірғалиев Есқали, Мұқанбетов Алпан сияқты 15-16 жастағы жас өрімдер орналасты. Аталмыш сұрапыл соғыс жылдары ауданның мұнай кәсіпшіліктерінде 70 оператор, 25 тракторшы, 10 токарь әйел жұмыс атқарды. Сол бір ар-намысқа сын болған шақта әйелдер үлкен күшке айналды. Олар мұнай техникасын басқаруды тез меңгерді, станоктарды, машиналарды ұршықша үйірді.
Қызыл Армия қатарына кеткен азаматтардың орнын басу үшін келетін әйелдерді мамандыққа тез үйрету мақсатында облыстық партия комитеті соғыстың алғашқы айларында-ақ нақты шаралар белгіледі. Сол бойынша әйелдер өндірістен қол үзіп, немесе қол үзбей бригадалық және жеке үйрету арқылы қысқа мерзімді курстардан өтті. Жылой ауданында өндіріске жіберу мақсатында 1941 жылдың 11-ші тамызында 295 әйел жеке оқу түрімен қамтылды, оның 40-ы тракторшы, 65-і оператор, 30-ы бұрғышы, 40-ы электр монтері, 60-ы слесарь, 30-ы шофер және 30-ы кілтші еді.
Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың тұңғыш инженер-металлург қызы, соғыс жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болған Бегәлиева Мәдина 1943 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне әйелдердің мамандық айлыққа қатысы туралы жазған хабарламасында олардың ерен еңбегін мақтанышпен баяндады. Айлық барысында кеңшарларда, бригадаларда, өндірістерде болған өкілдер жеке әңгімелер өткізіп, газет оқудан басқа да баяндамалар жасады, оларға нақты жұмыстық көмек көрсетті. Осы кезде Қосшағыл кәсіпшілігінің слесары Берденова жоспарын 205 пайызға орындады. Хабарламада бұл жөнінде айта келіп, М. Бегәлиева: “Мұндай озат мұнайшы әйелдер жүздеп саналады, олардың бәрін бірдей жазу мүмкін емес” деп жазған-ды.
Мұнайшылар арасында әйел кадрлары өсіп-жетіле бастады. Құлсарылық Қанипа Қожарақова мен Сүйрік Самарханова ерекше көзге түсті. Осындай қайсар жандардың, ар мен намысты ойлаған апалардың бірі – құлсарылық мұнайшы Сүйрік Самарханова (1910-1981) болатын. Оның есімі Ұлы Отан соғысы жылдарында майдансыртында жүргізілген ерлік еңбектің символы болды. Ол кейінгі еңбек жылдарында да жылойлық мұнайшылар үшін ерекше еңбек иесі және құрметті жан ретінде абыройға бөленіп келді, жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары Жылой ауданындағы мұнайшылар арасында Ленин орденімен марапатталған екі әйел ғана болды: бірі – 1963 жылы марапатталған Сүйрік апа болса, екіншісі – Ақмәнет Нұрманова еді.
Жылойдың қақ төріндегі Тұрғызба деген ауылда 1910 жылы дүниеге келген Сүйрік те замандастарымен бірге қиыншылығы мен бұралаңы көп жолдан өтті: үлкен уақытты қамтыған ауыл шаруашылығын ұжымдастыруды, одан кейінгі аштықты, соғыстан бұрынғы өндірістік жаңалықтарды, жаңа заман мектебіндегі оқуды бастан өткерді. Аталған жылдардың қайғысы да, қуанышы да көп болды. Осыларды өз көзімен көріп, көңіліне тоқып өскен және замана талабына сай еңбек етуді көздеген бойжеткен елдегі тосын да жаңаша іске қадам басты – 29 жасында Байшонас мұнай кәсіпшілігіне мұнайшылық жұмысқа кірді. Әрине, ол алғашқыда тап болған қиындықтарды айтудың өзі артықшылық болар, бірақ, бұрын “ерлерге ғана лайықты ауыр жұмыс” саналатын саланы меңгеруге деген адами құлшынысы мен ерекше ынта-жігерін, еткен еңбегінің нәтижелі болып отырғандығын атап өткен жөн. Қысқасы, Сүйріктің бұл талпынысы мен ісі үлкен ерлікпен пара-пар болатын.
Елдің елдігіне, адамдардың болашағына аса үлкен қауіп төндірген неміс фашистеріне қарсы бүкілхалықтық күреске өз үлесін қосуға асыққан Сүйрік 1942 жылдың бас кезінен бастап Құлсары кәсіпшілігінде еңбек етті, оны құрылыс цехындағы жұмысқа жөнелтті. Бұл аталмыш уақыттағы маңызды, найқалуға төзбейтін, тындырым-дылықты және жауапкершілікті талап ететін жұмыстардың бірі болатын. Сүйрік апа да уақыт талабына сай еңбек етуді өзіне басты мақсат етіп қойды. Мұнай өнеркәсібі саласындағы қай жұмыстың да жақсы нәтижесі майдандағы жеңісті мүмкін етуге қосылған теңіздей іске тамшыдай болса да үлес болып табылатын-ды.
Құлсары кәсіпшілігінің мұнайшылары 1942 жылы маусым айында Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен екінші орынға ие болды. Құлсарылықтар Отан қоймасына жоспардан тыс 1809 тонна мұнай тапсырды. Кәсіпшіліктің еңбек ұжымы осы жылдың жоспарын 124,1 пайызға орындап шықты. Мұнай өнімі 1941 жылмен салыстырғанда 37 пайызға артты. Жалпы алғанда, Құлсары кәсіпшілігінің мұнайшылары соғыс кезінде мемлекетке 683 мың тонна мұнай тапсырды.
Осылайша ерен еңбек еткен Қазақстан мұнайшылары көрнекті ақын Асқар Тоқмағамбетовтың “Мұнайшылар, мұнай бер!” деген ұранды өлеңіне үлкен азаматтықпен жауап бере алады. Осы өңірде арнайы шығармашылық сапарда болған арқалы Асқар ақын 1942 жылы былай деп жазған-ды:
Жолдыбай, Сағыз, Байшонас,
Сендерден Отан, сұрайды ел,
Ел тілегі – “Мұнай бер!”
Намысыңды қоздырып, парасатты іске үндейтін мұндай үндеулерге мұнайшылар сол жылдары лайықты еңбек тартуымен жауап берді.
“Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!” деген ол күннің өзекті ұраны мұнай өндірудің ішкі резервтерін барынша түгел және ауқымды көлемде пайдалануды талап етті. Ол талапты мұнайшылар абыроймен орындады да. Мысалы, Құлсары мұнай кәсіпшілігінде 1941 жылдың шілде айында мұнай өндірудің тәуліктік орташа өнімі 449 тонна болған болса, ол сол жылдың желтоқсан айында 570 тоннаға дейін көтерілді.
“Тек қана – Жеңіс!” деген ұлы ынтымақ, ұлы мүдде біріктірген кәсіпшілік ұжымы өзара жолдастық көмекке үлкен көңіл бөлді, қоян-қолтық, ер көңілмен тер төкті. Көлікшілер трактор жөндеуге үлгермей, бұрғылау жұмысын кешіктіріп жатса, оларға механикалық шеберхана жұмысшылары көмекке келді. Бұрғы-шылар өздерінің демалыс сағатында мұнайшыларға және ағаш шеберлеріне қолқабыс етті. Байтақов, Жайсыманов, Құлшықовтардың бригадалары бұрғылау цехтарында 12-14 сағаттан табан аудармастан еңбек етіп, бұрғылау жұмыстарын мерзімінен бұрын орындап отырды.
1941 жылғы қараша айында Құлсары кәсіпшілігіндегі бұрғылау шеберлері Тұратай Меденов пен Алексей Александровтар жаңа ұңғымаларды мерзімінен үш күн бұрын қазып бітірді. Үлкен қарқынмен еңбек еткен бұрғышы шебер Хансұлтан Аязбаев та әріптестерінен кенже қалған жоқ. Ол бұрғылауды осы айда мерзімінен 12 күн бұрын аяқтап шықты. Осы кәсіпшіліктегі бірінші телімнің шебері Вальемин жоспардың 100-115 пайызға орындалуын қамтамасыз етіп отырды.
Аталғандай еңбек озаттарының жанқиярлық істерін өздеріне үлгі ете білген, кейін мұнай өндіруші оператордың көмекшісі болған Сүйрік те тез-ақ екпінділер қатарына кірді, ол өзіне берілген тапсырмаларды сын сағатта екі норма көлемінде - 150-180 пайызға орындап отырды. Мұнда оның ұстаздарының үйреткендерін жалықпай және ұқыпты орындай білген ыждағаттылығы үлкен рөл атқарды.
Осылайша, сонау отты жылдарда дәйекті жүргізілген социалистік жарыстың нәтижесінде құлсарылықтар көптеген өндірістік жеңістерге қол жеткізді. 17 шілде 1942 жылы Гурьев облыстық партия комитеті “Құлсары кәсіпшілігі қызметкерлеріне сыйлық беру туралы” КСРО Мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының жеделхатын басшылыққа алып, 1942 жылдың маусым айы бойынша Бүкілодақтық социалистік жарыста екінші орын алған құлсарылықтар еңбегін былайша атап өтті: “Құлсары кәсіпшілігі мұнайшылардың қаһарман еңбегі арқасында жарыс жеңімпазы атанып, елімізге жоспардан тыс 1809 тонна жоғары сапалы мұнай тапсырды”.
Мемлекеттік қорғаныс комитеті 1942 жылғы 22 қыркүйекте “Қазақстан-мұнай” комбинатында мұнай өнімін арттыру шаралары туралы” қаулы алды. Қаулыда “Майкоп пен Грозныйдың уақытша жау қолында қалуына байланысты оның орнын толтыру үшін Қазақстанда мұнай өндірісін барынша дамыту саяси және әскери шаруашылық міндеттің ең маңыздысы, кезек күттірмейтін іс” деп көрсетілді. Аталмыш қаулы мұнайшылардан 1943 жылғы тамызда мұнай өндірудің тәуліктік өнімін 2500 тоннаға жеткізуін талап етті. Бұл үшін Құлсары дизель станциясының күшін арттыру қажет болды да, Қамыскөлде орталық электр станциясының құрылысы басталды. Станция Құлсары, Қосшағыл, Жолдыбай, Нармонданақ (қазіргі Комсомольск), Сағыз мұнай кәсіпшіліктерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге міндетті болды.
Соғыстың соңғы жылдары Құлсарының жылдық мұнай өнімі 188 мың тоннаға жетіп, жалпы соғыс жылдары майданға 683 мың тонна мұнай жөнелтті.
Осындайын абзал да ардақты халықтық іске өзіндік үлесін қосқан, майдансыртында ерлерше ерен еңбек еткен Сүйрік апаның жұмысы лайықты бағаға ие болды, ол КСРО-ның “Құрмет Белгісі” орденімен және “Еңбекте үздік шыққаны үшін” медалімен марапатталды.
Сын сағаттарда сыналып, еңбек майданында шыныққан Сүйрік Самарханова 1950 жылдан 1967 жылға дейін осы Құлсары кәсіпшілігінде мұнай өндіруші оператор, аға оператор болып, еселі және абыройлы еңбек етті. Бұл жолда оған ұстаздары - мұнай өндіру ісінің кәнігі шеберлері Сұлтан Сүйесінов, Жалғасбаев сияқты майталман еңбеккерлер көп көмектесті. Ерен ісін таныған, оған сенген ел-жұрты Сүйрікті аудандық, кейін облыстық кеңестің депутаты, ал 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп те сайлады.
Бұрын үйренуші болған еңбеккер жан сол 50-60-шы жылдары енді жастардың тәжірибелі тәлімгері болды, оларға үнемі ақыл-кеңес беріп отырды, қажымастан жарқын жұмысқа үйретті. Еңбеккер ананың осындай бір қырын көрсететін шағын очеркті В. Ажықов 1963 жылы облыстық “Прикаспийская коммуна” газетінде жариялаған екен, енді содан алынған бір үзіндіні қазақшалап оқып көрелік.
“Орта жастағы әйел адам ұңғыларды асықпай аралап келеді. Міне, ол тағы бір ұңғыға келіп, мұқият қарады да, күртешесінің қалтасынан блокнотын алып, әлденелерді жазды. Сөйтіп, келесі ұңғыға бару үшін жинақтала бастағанда абыржып, қобалжыған қыз бала жүгіріп келді.
- Қырсық шалғанда, №85-ші ұңғының өнімділігі төмендеп кетті.
- Неге?
- Соны өзім де біле алмай тұрмын, жақында ғана жөндеуден өткізілген, сорғысы да жаңа.
- Ендеше, ұңғыға барып көрейік.
Бұл жаңа бір әзірде кезекті вахтаны қабылдап алып, ұңғыларды аралап жүрген озат мұнайшы Сүйрік Самарханова еді. Ол жас оператор Жақашевамен бірге ақауы бар ұңғыға келді.
- Сонымен, “сорғысы ауыстырылғанына көп болған жоқ” дедің бе? – деп, қайталап сұрады.
- Иә, жақында, - деп, жауап берді Жақашева.
- Олай болса, сорғының кінәсі жоқ, кінәратты басқа жерден іздеу керек.
Содан кейін Сүйрік ұңғының жұмыс режимі туралы сұрады да, оның теңселу санын көбейтуге кеңес берді. Солай істелді де. Соның арқасында ұңғы өнімділігінің қалпына келтірілуімен бірге мұнайдың бөлінуі арта түсті.
Оператор қыз кейін ақыл-кеңесі үшін Сүйрікке үлкен рақметін айтты”.
Тыңғылықты еңбек иесі қашан да халық назарынан қалыс қалмақ емес, Сүйрік те тағы мемлекеттік марапатқа ие болды: 1963 жылы кеңес өкіметі оны 8 наурыздағы Халықаралық әйелдер күні мерекесінің тойлана бастауының 50 жылдығына орай кеңестік ең жоғары марапаттық белгі – Ленин орденімен марапаттады. Осылайша, қазақтың қатардағы қарапайым еңбеккер қызының сонау Ұлы Отан соғысының тұсындағы майдансыртында ерлермен қатар жүрген еңбегі ескеріліп, жоғары бағаланып еді.
Еңбеккер ана 1967 жылдан бастап еткен еңбегінің зейнетін көрді, бала-шағаларының ортасында бақытты ғұмыр сүрді. Оны біз сонау 70-80-ші жылдары аудандық партия комитетінің аппаратында жұмыс жасап жүрген шақта әртүрлі мерекелік жиындарда көп көретінбіз, бірде, сол кездегі үрдіс бойынша тойланған мерекеде – кеңестік Қазақтанның құрылғанына 60 жыл толғандығы аталып өткен мерекеде аупартком ғимаратының алдында еңбек ардагерлерімен бірге суретке түскен сәтте де көрген болатынмын. Оның есімін аудан тарихына байланысты 1978 жылдан бастап жазып келе жатқан шағын мақалаларымда үнемі құрметпен атап келемін. Бүгін де сол бір шағын денелі, бірақ кеудесі ерлік пен еңбекке деген асқақ сезімдерге тұнып келген ерекше жанды мақтанышпен еске алып, қаламға жүгініп отырмын. Ондағы ойым – өте үлкен еңбекке және қымбатқа түскен кешегі Жеңісті өз қолымен жасағандардың біріне ойша тағзым ету, оның аруағына бас ию. Мұндай рухы күшті жандардың, ер-аналардың батыр бейнелері саналы азаматтардың санасынан ешуақытта өшпек емес!
Республикалық “Мұнайлы астана” газеті,
29 сәуір 2005 жыл,
12 қыркүйек 2008 жыл
Атырау қаласы
Кешегі жаһанды жалмай жаздаған екінші дүниежүзілік соғыс біздің Қазақстан азаматтарын да алапат қырғынға араласудан тыс қалдырған жоқ. Бір миллионнан астам жерлесіміз қолдарына қару алып, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатынасып, сол кездегі ортақ Отанымыз болған – Кеңес Одағын қорғады. Осындай ғаламат соғысқа қатынасып, ер азаматтардай ерлік көрсеткен қыздардың қатарында біздің атыраулық апаларымыз да болды. Солардың бірі – Жақсыбай Шарға атасының перзенті Жәния Дүйсенқұлқызы Берниязова.
Жәния апа Атырау облысындағы Мақат ауданында 1924 жылдың 24-ші сәуірінде дүниеге келген екен. Апайды сырттай жақсы біле және мақтаныш ете жүріп, 2007 жылы ғана Доссор кентінде белгілі мұнайшы ағамыз Меңешев Сәкеннің өмірден озуына жыл толуына арналған кәдеде кездестім. Бүгінде ол абыройлы 84 жастың белесінде отыр.
Ұлы Отан соғысының алдындағы және сол шайқасы жылдарындағы кеңес азаматтарының отансүйгіштік рухтары өте жоғары болатын, сондай рухтылық-тың көмегімен 1945 жылғы Ұлы Жеңіске қол жеткізілгендігін атап айтқан жөн.
Осындай рух бойын билеген жас қыз, комсомол мүшесі Жәния да қолға қару ұстап, елін басқыншы жаулардан қорғауға қатынасуға бел буды. «1941 жылғы 22 маусымда кеңес-герман соғысы басталғанда, - деп еске алады кешегі жауынгер қыз, - мен сегізінші сыныпта оқитынмын. 1942 жылғы қараша айында немістер Астрахан қаласын бомбылап жатқан кезде Мақат аудандық әскери комиссарлығына мені әскерге алу жөнінде өзім өтініш жаздым. Аудандық әскери комиссар Бегеев «соғыс – қыздардың ісі емес» деп, айқайлап алды да, арыз берген төртеуімізді – Жеміс Ақбөпиеваны, Юлия Захарованы, Ажар Хасенованы және мені бөлмесінен қуып шықты. Біз де мойыған жоқпыз, бірден аудандық комсомол комитетіне барып, көмек сұрадық, олар сол бойда облыстық комсомол комитетіне хабарласты».
2. «Ер етігімен су кешкенде елде масыл болмайық!»
Ел мен майдан бірдей қиналып жатқанда өздерін «елге масыл болдық» деп сезінген қыздарды намыс оты жиі жігерлендіретін. Олар тезірек майданға баруға, елді қорғаудың қасиетті ісіне араласуға асықты. Ақырында...
«1942 жылы біздің өтінішіміз қабылданып, әскер қатарына алындық, - дейді Жәния апай, - менімен бірге ауданның өзім шамалас қыздары - Жеміс Ақбөпиева, Юлия Захарова, Ажар Хасенова Валентина Плясова, Наталья Петрова, Александра Башарова, Нина Колпаковалар қан майданға аттанды».
Перзенттік парызға берік болған бұл қыздарды әуелі Гурьев қаласындағы 416-шы зениттік артиллерия дивизионына қабылдап, екі ай бойына әскери істерге машықтандырды. Осы оқып-үйрену кезінде Жәния апалар жылойлық жауынгер қыздар Райхан Ыбыраева, Ханым Жексемәлиевалармен танысты, жақсы құрбылық қатынаста болды.
Әскери шұғыл дайындық (майдан талабы осылай еді) біткен соң қыздардың аспандағы жау ұшақтарын ататын зеңбірекшілері 1943 жылғы ақпан айында от құсқан майданға аттандырылды. Бұл кезеңде Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрысты кеңестер пайдасына шешкен атақты Курск доғасындағы шайқасқа жасырын дайындық жүріп жатқан-ды. Курскіге дейін ұзақ сапар шеккен зеңбірекшілер жолда талай-талай жантүршігерлік жағдайларды көзбен көріп, көңілмен ұқты, соғыстың сұрапылынан қатты қорықты. Алайда, бәрін де намыс жеңді. Жолда көрген кейбір селолардың, стансалардың орындарында жұрнақтары ғана тұрды, бұларды жолшыбай күндіз-түні бірдей бомбылаумен болды. Зеңбірекшілер де тірлік көрсетіп, платформа үстінен ұшақтарға оқ атты, барынша қарсылық көрсетті. Шығынға да ұшырады. Курскіде күзетте тұрғанда жерлес құрбысы, сыныптасы Жеміс қаза тапты, ол батыр қалаға жерленді.
1943 жылдың сәуір айының аяғында Курскіге жеткен Жәнияларда мамыр айының 24-іне дейін ешбір тыным болған жоқ. «Күндіз есепсіз келген жау ұшақтарын қадағалап тұрып атамыз, - деп еске алады сол күндерді зейнеткер апай, - ал, түнде оларды қорқыту үшін ғана атамыз. Қалада атқыштардың саны көп болғаны сонша, жер солқылдайтын және түніміз күнге айналып кетті. Мен сол атқыштардың 3-ші батареясындағы зениттік зеңбіректе қалқандық белгі сызықты қадағалаушы болып қызмет атқардым».
Кейін Жәнияны 210-шы батареяға ауыстырды. Бұлардың 416-шы дивизиясы бір ұрыста немістің 4 ұшағын атып түсіреді. Айта кетелік, осы дивизияның атқыштары кейін 1961 жылы американдық шпион-ұшқыш Пауэрсті атып түсірген болатын.
Осындай ерекшеліктеріне орай бұл дивизияны 1945 жылғы наурызда Қиыр Шығысқа – Жапониямен соғысуға аттандырады. Жолда келе жатып зеңбірекшілер 9 мамырдағы Жеңісті естиді. Бұл оларды Жапониямен соғыстағы жеңіске деген сенімдерін арттыра, өздерін жігерлендіре түсті.
Қиыр Шығыста да басқалармен бірге әскери міндетін адал атқарған Ж. Берниязова 1945 жылғы 3-ші қыркүйекте сарбаздар сапынан босатылып, елге қайтарылды. «Біздерге су жаңа киім, жолымызға ақша беріп, әскер қатарынан босатты. 1945 жылғы 25-ші қазанда Доссор вокзалына түстім», - дейді Жәния апа. Оны Мақат аудандық атқару комитетіне жұмысқа орналастырады.
3. Ерлік іс еңбекте жалғасады
Сөйтіп, 2 жыл 3 ай бойына от кешкен батыр қыз елге абыроймен оралды, перзенттік борышын адал өтеп шықты. Ол КСРО-ның Украина мен Белоруссия республикаларын, Польшаны, Орел, Курск, Тула, Речица, Сумы және поляктың Люблино қалаларын жаудан азат етуге қатысты, Қиыр Шығыста жапон соғысқұмарларын ауыздықтауға үлес қосты.
Бейбіт еңбекке араласқан Жәния апай елдің жаңаша құрылысына да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өзі сияқты майданнан аман оралған құрбысы Юлия Захаровамен бірге облыс орталығындағы дәрігерлік училищені сырттай оқып, бітіреді. Ол жалпы 35 жыл бойына Мақат ауданындағы өкпе ауруларын емдейтін диспансерде мейірбике болып, абыройлы еңбек етті.
Еңбектік борышын да адал өткерген апай 1980 жылы зейнеткерлікке шықты.
Майдандастар да бір-бірін ұмытқан емес, олар Жеңістің 25 жылдығын - Астраханда, 30 жылдығын - Мәскеуде бірге атап өтті.
Майдангер апа соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін КСРО-ның 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Ресей Федерациясының «Маршал Жуков» медалімен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды.
Бүгінде құрметті демалыста жүрген бұрынғы сарбаздың, еңбек ардагерінің жас ұрпаққа айтар тағлымы әлі де мол.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
15.4.2008 ж
МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ МАДАҚТЫ ҰЛАНДАРЫ
(Ленин орденді мұнайшы Мұқан Сүйесінов туралы бірер сөз)
Мұнайшылардың елге сіңірген еңбектері мен тағлымды ғұмырлары мені 1970 жылдан бері қызықтырып келеді. Студент кезімнен осындай абзал адамдардың істеріне көңіл бөлудемін. Сондай ынта олардың ерен еңбектерін танып-білуге үнемі жетелейтін. 1970-80-ші жылдары Ембі аудандық партия комитетінде қызмет атқарып жүрген шақта осындай мұнайшылардың ғұмыр-деректерін індете зерттедім. Нәтижесінде аудандағы 80-ге жуық мұнайшының Ленин орденімен марапатталғандығын білдім және бұл турасында аудандық газетте бірнеше мақала жарияладым.
Бұл мәселе одан кейін де көкейімнен кеткен емес-ті. 1998 жылы Жылыой ауданының құрылғанына 70 жыл толуына орай шығарылатын кітапқа жерлестерім осы Ленин орденді мұнайшылар туралы деректерімді сұрады, кітапта олардың кімнен алынғандығын көрсетуге уәде етті. Материалдарым кітапқа шықты-ау, алайда, менің соңғы өтінішім орындалмай қалды. Сөйтіп жүргенде, 1999 жылы Қазақ мұнайының 100 жылдығы тойлануына байланысты шығарылатын «Қазақстан мұнай энциклопедиясына» 45 мақала жолдадым, қалған, мен білетін азаматтар туралы деректерді жөнелтуді ондағылар «бәрі де қолымызда бар» деген соң тоқттаттым, бәрінің жарияланатындығына сендім. Бірақ, кітап қолыма тиген соң оған әлі де Ленин орденді 173 мұнайшының кірмей қалғандығын білдім. Содан соң «Ленин орденді мұнайшылар» (2002 ж.) және «Еңбек – бақыт, еңбек – ар» (2005 ж.) деген шағын кітапшаларым жарыққа шықты. Осыларда көрсетілген, бұған дейін еленбей келгендердің бірі – Мұқан Сүйесінов ағамыз болатын. Енді осы ардақты азамат жөнінде бөлек баяндаудың реті келгендей.
Мұқан аға Гурьев қаласында 1891 жылы дүниеге келгенмен, оның барлық саналы ғұмыры мұнайлы Жем өлкесінің, оның ішінде Доссор-Сағыз өңірінің дамуымен біте қайнасып кетті. Кедейліктің азабын тартқан ата-анасы да Кеңес өкіметі орнаған соң ғана жұмысшылыққа қол жеткізген еді, бірақ, жоқшылық өмір қажытқан Сүйесін әкесі 1922 жылы дүниеден озады. Енді отбасындағы барлық міндет Мұқанның иығына ауысты. Ал, ол бұл кезде отыздан асқан, тағдырдың біршама бұралаң жолдарынан қайсарлықпен өте білген орда бұзар азамат болатын, 10 жасынан бастап 22 жасына дейін байлардың жалшысы болды.
Бұл азамат та Жұмағали Мұқтанов, Қалман Төрәлиев, Құбаш Меңешевтер сияқты мұнайлы Жемнің өндірістік тіршілігіне алғашқылардың бірі болып араласқан-ды. 1914 жылғы 10-шы сәуірде оны Доссор кәсіпшілігінің Ракөштегі мұнай айдау стансасына май құюшы етіп жұмысқа қабылдайды, осыдан бастап, арасындағы үзілісін алғанда, 37 жыл бойы мұнайшылардың сапында тынымсыз еңбек етті.
Мұнайшы еңбегі қашан да ауыр еңбек болып саналады ғой, ал, 1917 жылдан бұрынғы, шетелдіктер мен отаршыларға теңсіздік жағдайда еңбек етудің жағдайы тіпті қиын болатын: қазақтар басқаларға қарағанда төмен еңбекақы алды, тұрмыстық жағдайлары төмен болды. Бірақ, Мұқан мұндай жағдайға төзе білуге мәжбүр болды, оны 1915 жылдың 30 мамырында Доссордағы мұнай өндіріп тұрған ұңғыманың май құюшысы жұмысына жібереді. Қазан төңкерісінен кейін 1925 жылға дейін Доссор мен Мақат кәсіпшіліктері жұмысының уақытша тоқтатылғаны белгілі, осыған орай 1918 жылдан 1923 жылға дейін Мұқан «Ембімұнай» тресіндегі бақша шаруашылығының май құюшысы болып қызмет етті. Екі жыл өз шаруашылығымен айналысқан майталман мұнайшы 1925 жылғы 4 мамырда Мақатқа кілтші болып жұмысқа шақырылады, мұнайшылар одағына да осы 1925 ж. бастап кіреді. Өз жұмысына адал берілген, ел алдындағы перзенттік борышын шынайы ұғынған азаматтың бұдан былайғы ғұмыры нағыз маман жұмысшының еңбектегі өсуі мен мерейлі жылдары болды: бұрғылау жұмысшысы, тежегіш маман, мұнай өндіру саласының кілтшісі, мұнай өндіру шебері жұмыстарын тыңғылықты және нәтижелі атқарды. Өз бетімен сауатын ашқан білікті мұнайшы 1938-1939 жылдары КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссарлығының басшы қызметкерлерін дайындайтын Мәскеудегі курсында оқыды, одан бұрын 1937 жылдың 28 мамырында оған Мақаттағы мемлекеттік біліктілік беру комиссиясы «кәсіпшілік шебері» атағын берген-ді. Ол 1941 жылға дейін Байшонас, Сағыз, Мақат кәсіпшіліктерінде шебер, мұнай өндіру цехтарының меңгерушісі, 1942 жылы бұларға қоса Сағыз кәсіпшілігіндегі ФЗО мектебінің шебері, 1950-шы жж. Сағыз кәсіпшілігінде мұнай өндіру цехының аға жұмысшысы, ұңғымаларды жер асты жөндеу шебері болды. Аталмыш кезеңнен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өте қиын, бірақ өте нәтижелі жылдарды бөліп атап кеткен абзал болмақшы. Мұқан өмірінің ақырына дейін – 1953 жылға дейін өндірістен қол үзген емес. Ол қоғамдық жұмыстарға да өзіндік қолтаңбасын қалдырды, 1939 жылы Мақат кенттік кеңесіне депутат болды.
Майталман еңбеккердің өркенді істері лайықты ұлығыланды да: орден-марапаттар сирек берілетін кезде - 1935 жылы санаулы адамдардың қатарында «Қазақстанның 15 жылдығы» төсбелгісіне ие болды, 1951 жылы - Еңбек Қызыл Ту, 1952 жылы – Ленин ордендерімен, 1946 жылы - Ұлы Жеңістің құрметіне шығарылған медальмен марапатталды. Мұнайлы Жемді игеруге үлкен үлес қосқан Мұқан Сүйесіновтің жарқын еңбегі осылайша бағаланған болатын.
Осындай абзал азаматтың отбасында аздаған қиыншылықтар да болды, 1930 жылы зайыбы дүние салады, 1932 жылы Мұқан Қаншайым Сағыноваға (1910-1968) үйленді. Отбасында тату тіршілік болғанымен екі ана дүниеге әкелген 17 перзенттің көбісі ертерек шетінеп кетті. Сол 17-ден санаулы ғана перзенттері ұзақ өмір сүріп, әке армандағандай деңгейде еңбек етті, еліне танылды. Олары - Дүйсен, Бақтылы, Аманқыз, Бақтыбике, Тілекқос.
Бұлардан Дүйсен (1923-1964) ағаны бөлек әңгімелеген жөн болмақшы. Соғыстан сәл ғана бұрын Сағыз кәсіпшілігіне жұмысшы болып орналасқан жас жігіт келесі жылы майданға шақырылып, 1947 жылға дейін әскери борышын адал өтеді. Пулеметші болған жауынгер атақты Ленинградты қорғауға қатысты. Отаншыл азамат басқыншы жауға қарсы атақты Панфилов дивизиясының қатарында нағыз ерлерше шайқасты.
Енді құжаттарға сүйенейік. Белгілі жорналшы, Панфилов дивизиясының ардагері Қасым Шәріпов “Қатардағы қаһарман (майдан күнделігінен)” атты кітабында (1965 жыл) батыр ағамыз туралы былай деп жазды:
“1945 жылғы 11 март.
ВЛКСМ Орталық Комитеті гвардиялық кіші лейтенант Дүйсен Сүйесіновті Құрмет Грамотасымен наградтады. Сүйесінов жан аямас батыр, тапқыр да шебер комсомол. Ол ғажап ерлік іс істеді. Ержүрек гвардияшы гранатаны қолына ұстап, жаудың пулеметшісіне тап берді де оны жайратты. Сүйесінов Қызыл Ту орденімен наградталды” (112-бет).
Сондай-ақ, гвардиялық аға лейтенант, батальонның комсомолдық ұйымдастырушысы Самсоновтың 1944 жылғы 23 ақпанда жазылған «Гвардиялық аға сержант Сүйесіновке құттықтау хатын» оқылық: «Комсомолдық бюро Сізді Қызыл Армияның 26-шы жылдығын мейрамдау күні үкіметтік награда – Қызыл Ту орденін алуыңызбен құттықтайды және Сізге 1944 жылы жауды түбегейлі жеңу жолында тағы да табыстарға жете беруіді тілейді.. Комсомолдық бюро неміс-фашист басқыншыларымен күрестің алдағы уақытта болғалы тұрған шешуші шайқастарында Сіздің батырлықтың, айбындылықтың және қаһармандықтың үлгілерін көрсете беретіндігіңізге толық сенім білдіреді».
Көрсетілген марапатына қоса 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен сыйланған батыр офицер елге оралған соң Мақат аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылады. Іскер, білімді қызметкер 1948-1950 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Мұнда да ерекше қөзге түскен Дүйсенді 1950-1957 жылдары аупарткомдағы өнеркәсіп және көлік бөлімінің, партиялық, кәсіподақтық және комсомол ұйымдарымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Дарынды ұйымдастырушы ретінде оны аудан коммунистері 1957 жылы аупарткомның хатшысы етіп сайлайды. Келесі жылы аупартком тарихында болған елеулі оқиға бір топ адал азаматтың тағдырына селкеу түсірді: аудандық партия комитетінің есеп беру-сайлау конференциясында обкомның бірінші хатшысы күтпеген жерден бірінші хатшылыққа өзі әкелген мұғалімді ұсынады. Өндірістік ауданның тағдырына бұлай қараушылыққа жаны төзбеген Д. Сүйесінов, Қ. Құдабаев сияқты коммунистер орынсыз ұсынысқа ашық қарсы шығып, бұл пікірді өткір сынға алады. Адал жандар бұл бағытта жеңіске жетеді, бірақ, өздері қудалауға ұшырайды, Дүйсенді кәсіпшіліктердің партбюросы хатшысы етіп жібереді. Алайда, бұдан олардың жұртшылық алдындағы беделі тіптен де төмендеген жоқ болатын, көпшілік оларды қолдады. Д. Сүйесінов 1963 жылдан бастап Доссор кәсіпшілігі директорының орынбасары болып жұмыс жасап жүрген кезде ұзаққа созылған ауыр науқастан дүние салды. Мұнайлы өлкенің дамуына бір кісідей үлес қосқан асыл азаматтың жүрегі 61 жасында соғуын тоқтатты. Жақсының аты өлген бе, оны мұнайшы қауым әлі де үлкен құрмет тұтады.
Осындай екі азаматтан тараған ұрпақтар бүгінде Мұқан мен Дүйсен ағалар салған жолда абыроймен жүріп келеді. Жеңіс жылы дүние есігін ашқан Тілекқос Мұқанұлы өзінің еңбек жолын Доссордың слесарь-операторы болып бастады. Кейін Атыраудың политехникалық техникумын, Алматының политехникалық институты мен сәулет-құрылыс институтын, сырттай оқып Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітірді. Әке мен ағаның нұрлы жолымен жүрген оны да жұртшылық жақсы қырынан ғана танып келеді. 1974 жылға дейін Тілекқос Мақат аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болды. Бұдан соң 19 жыл бойы аудандық жол телімін, жөндеу-құрылыс телімін басқарды. Ал, 1993 жылдан бері «Қазақгаз» компаниясының «Қазаққұрылысгаз» бірлестігінің Бас директоры болса, қазір «Қазтрансгаз» компаниясының Атыраудағы басқармасының Техникалық бас жетекшісі лауазымын тыңғылықты атқарып келеді. Зайыбы Мәмбетова Жолыштың мамандығы - дәрігер, екеуі екі бала мен бірнеше немерені тәрбиелеп отыр.
Дүйсен ағаның балалары Мақсот, Аманжол, Қайырғали, Әділғали және Амантайлар да, Тілекқосұлдары – Мәлік пен Мәди де мұнайшылар әулетінің абыройлы атағын еселеп арттыруда, алдыңғы үшеуі Доссор, Мақат және Ақтөбе басқармаларында жұмыс жасаса, Дүйсенқызы Ғалия - Мәскеудегі И. Губкин атындағы институтты бітірген білікті маман. Әділғали жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр.
Сүйесіновтер әулеті өткен жылы Мұқан және Дүйсен ағалардың аруағына арнап ас берді, олардың есімі мен істерін әрдайым құрметтеп келеді, ұрпақтарына үнемі үлкен өнеге ретінде әңгімелеп отырады. Бірнеше ізденуші азаматтардың еңбегінің нәтижесінде Мұқан және Дүйсен Сүйесіновтердің ардақты есімдері мен өнегелі ғұмырнамалары 2005 жылғы «Қазақстанның мұнай энциклопедиясына» және 2004 жылғы «Мақат ауданы» Шежіре» кітабына енгізілді. Олардың есімдері мұндай құрметке әбден лайық екені дау туғызбайды. Сондай құрметтің бірі ретінде әкелі-балалы мұнайшылардың есімдерін олар туып-өскен, табан аудармай еңбек еткен Доссор кентіндегі бір көшеге берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
өлкетанушы-тарихшы
23.2.2011 ж.
Ғасырлық жолдан өткен Қазақстан мұнайы осы жылдар ішінде талай еңбек тарландарын өсіріп шығарды. Мұндай атпал азаматтардың еңбектегі ерліктері талайды тәнті етіп, талайларға үлгі-өнеге болып келеді. Олардың аталмыш абзал ісі бүгін де, кейін де құрметпен айтуға әбден лайық. Солардың бірісі және бірегейі жылыойлық мұнайшы, Ленин орденінің иегері Сәрсен Өрекешев болатын.
Ол бүкіл Атырау-Жем жерінде өзіндік еңбек қолтаңбасын қалдырды. Бақытын да осында еңбектен тапты.
1980 жыл болатын. Менің Ембі (қазіргі Жылыой) аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс жасап жүрген кезім. Ол кезде ауданда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылуының 60 жылдығына орай қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқан. Осының алдында ғана – 12-ші сәуірде аудандық “Ембі” газетінде менің Жылойдың Ленин орденді азаматтары туралы жазған “Көкірегінде көсем бейнесі” деген мақалам жарияланған болатын. Бір күні кабинетке сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайтын, білгір экономист-маман Төлеген Өрекешев ағамыз келді. Амандық-саулық сұрасқаннан соң ол менің әлгі мақаламды оқығандығын, бірақ көңілінде сәл реніш барлығын айтты. Мен одан алдын-ала кешірім сұрай отырып, өкпесін ашық айтуды сұрадым. Ол күлді де, аталмыш мақалада өз әкесінің – Ленин орденін алған мұнайшы Сәрсен Өрекешевтің есімі аталмай қалғандығын айтты. Мен 1979 жылдан бастап мұнай шаруашылығы, оның орденді ардагерлері туралы ізденістер жасап жүргенмін, бұған қуанып кеттім, мендегі тізімнің ұлғаятындығын, оған риза болатындығымды баяндадым да, Төкең марқұмға әкесінің материалдарын беру, соның негізінде атақты мұнайшы туралы дербес мақала жазу ниетім туралы ұсыныс жасадым. Ол да бұған қуана келісті. Келесі күні-ақ ол маған сұралған материалдарды түгел әкеліп берді. Нәтижесінде “Октябрь түлеткен өмір” деген шағын мақала жазылып, ол аудандық газеттің 1980 жылғы 7-ші маусымдағы санында жарияланды. Мен Жем мұнай өнеркәсібінің дамуына өлшеусіз үлес қосқандардың бірі, майталман мұнайшы Сәрсен Өмірзақұлы Өрекешевтің ғұмырнамасымен алғаш рет осылай танысқан болатынмын.
Ол кісі туралы бұдан соң да бірнеше мақалаларда көппен бірге айтып өттім, сол аудандық газетте “Табысты тасытқан жылдар” (14 мамыр 1981 жыл), “Көкірегін көсем бейнесі көркемдеген” (20 сәуір 1985 жыл) деген тақырыпта шағын мақалалар жазылды, облыстық “Коммунистік еңбек” (қазіргі – “Атырау” ) газетінің 1981 жылғы 12-ші мамырдағы 94 (14109)-санында үш бөлімнен тұратын “Жылой жұлдыздары” атты көлемді мақалам жарияланды. Ал, 1998 жылы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100 жылдық мерейтойына байланысты республикалық “Ана тілі” газеті шығарып тұрған “Алтын дария” қосымшасына С. Жаңабатыров, І. Қазиевтармен бірге бұл Сәкең туралы да бөлек мақала бергенмін, бірақ, неге екені белгісіз, алғашқы екі мұнайшы туралы жазғанымдарым “Жақсының артында із қалады” деген топтамамен жарық көрді де, С. Өрекешев туралы мақала және мұнайлы кәсіпшіліктер туралы жазғандарымның Құлсары мен Қосшағылдан басқасы жарияланбай қалды. Мен бұған да мойығам жоқ. Енді 45 атақты мұнайшының қатарында Сәкең туралы ғұмыр-намалық деректі келесі жылы (1999 жылы) шығатын болған “Қазақстан мұнай энциклопедиясының” редакциясына жолдадым. Аталмыш еңбекте бұлардың 40-ы туралы деректер (ішінде С. Өрекешев те бар) жарияланды, бірақ, бір ыңғай-сызы сол – “Энциклопедияда” мақалалардың туындыгерлері (авторлары) көрсетілмепті. Бұл материалдарды “Атырау” энциклопедиясы (2000 ж.) көшіріп басқанда Сәкеңді “ұмытып” кетіпті. Ал, 2002 жылы шыққан “Атырау. Жылыой” энциклопедиясы басқалармен бірге С. Өрекешев туралы мақаланы да көшіріп басты.
2002 жылдың сәуір айында Атыраудың белгілі, қадірлі азаматы, бұрынғы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған, қарт жор-налшы әрі бұрынғы майдангер Әбілқайыр Кенжебаев ағамыз жұмыстағы маған телефонмен хабарласты. Ол Сәрсен Өрекешевті ұрпақтары еске алып, Құлсары қаласында ас беретіндігін хабарлап, соған мені де шақырып отырғандығын хабарлады және осы асқа орай менің 1980 жылы “Ембі” аудандық газетінде шыққан мақаламды толықтырып, “Атырау” газетіне беруді өтінді. Мен асыл ағаның тапсырмасын орындадым және ол айтқандайын Құлсарыдағы асқа қатынастым. Онда Сәкеңнің ұрпақтарымен, әсіресе, Серік ағамен жете таныстым.
Сәрсен Өмірзақұлы Өрекешев 1901 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Ә. Кенжебаев ағаның айтуынша, “Өрекеш” деген есімді азамат бұл тұқымда болмаған екен, ол ағылшындардың алғаш рет “Өмірзақ” деген есімді бұрмалап жазуынан шығып кетіпті.
Ал, Сәрсеннің ата-бабаларының ежелгі мекені сонау Кең Жылой болатын. Одан Қарабала әулеті Үйшікке қалай көшіп келген екен? Мұның себебін Серік Өрекешев былай баяндайды: “Қарабала жасында Таз руының Жантай атасынан шыққан, атағы бүкіл Атырау-Жем-Жайық, тіпті Қаразым жұртына мәлім болған белгілі бай әрі болыс, өз туысқаны Әбіш Құдасұлының қарауында жұмыс жасаған екен, оны алдында болған бір шапқыншылықта түрікмендер байлап алып кетіпті де, бұл ағайынын Әбіш бай малы мен құнын төлеп, сатып алған көрінеді. Бірақ байдың ақысын дұрыс төлемегеніне риза болмай, ол осы қалаға көшіп кетіпті”.
Сол дәуірдің қазақты “бұратана” санаған заңына сәйкес Сәрсен де өмір азабын көп тартты. Қазан төңкерісіне дейінгі балалар кәмелетке толуды күтіп, ата-анасына қолғабыс етпей келген емес, олар көмекшілік еңбекке ерте араласты, бірақ, олары ешбір құжатқа түспеген. Әкесіне көмекші болған жас ұлан ержетер шағын асыға күтті.
Ол күн де келіп жетті. Осы жерде тағы бір анықтап кететін мәселе бар, ол Сәкеңнің осы еңбек жолын бастаған жылы жөнінде болмақшы. Мен алғашқыда “1918 жылы 17 жасар Сәрсен еңбек жолын бастап, шаруашылыққа тікелей араласты” деп жаздым, “Атыраудағы” мақалада да осылай жазылды, алайда, оның әкесінің де, өзінің де нақты нендей жұмыспен айналысқандығын біле алмағам. 2003 жылдың 5-ші мамырында облыстық мемлекеттік мұрағаттың партиялық мұрағат бөлімінде болып, С. Өрекешевтің жеке қағаздарымен танысқанымда, оның 1918-1923 жылдары Гурьев қаласындағы балық аулау артелінде жұмысшы болғандығы, әкесінің бұрын балық шаруашылығымен айналысып келгендігі туралы деректерді таптым. Сонымен бірге оның бірден мұнайшылықтың жұмысшысы болмай, әуелі 1923-1924 жылдары Мақат кәсіп-шілігіндегі коммуналдық шаруашылық бөлімінде шөп шабушы болғандығын таптым (14 қор, №2 ”л” тізбе, 641 іс, 1-бет, 1-қарсы беті). Осы мұрағаттағы көрсетілген тізбенің тағы бір 1420-шы ісінде оның әкесінің қайтыс болған жылы 2-бетте “1920 жыл” деп, ал 4-ші беттегі “Өзім туралы” деген құжатта “1921 жыл” деп көрсетіліпті.
Туған қаласында 1923 жылға дейін осындай әртүрлі жұмыстарды атқарып келген оған әке қазасы қатты батты. Бірақ, бұл кезде ол отбасы жүгін қайыспай арқалардай азамат болатын.
Жаңа өмірді қуана қарсы алған, ендігі өмірінде қажырлылықпен еңбек етуге бел байлаған Сәрсен 1924 жылы мұнайшы мамандығын таңдап алады. Бұл тұс азамат соғысынан бүлінген ел шаруашылығын қалпына келтіру, мұнайлы Жемде (Ембіде) жаңа кен көздерін ашуға бет бұрған кезең еді. Сондықтан да осы бір ұлы дүбірге өзіндік үлес қосу ол үшін үлкен абырой болатын.
Сәрсен үлкен ынта-жігермен еңбек етті, ол 1928-1937 жылдары мұнай барлау орындарында бұрғышы болды. Жем мұнайын игеруге белсене қатынас-қаны үшін Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті Төралқасының 1935 жылғы қазан айының 17-індегі қаулысымен “Қазақстанның он бес жылдығы” төсбелгісімен марапатталды. Бұл сол кездегі ерекше атақ еді, сондықтан әлі одақтық ордендер сирек беріліп тұрған уақытта ол жоғары марапат сияқты құрметтелді.
Намыс пен жігер жанылған осындай тұста адал еңбек өз бағасын алды. С. Өрекешев 1938 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы бұрғылау шебері болып еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалмады. 1940 жылдың қараша айының 5-ші жұлдызында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы (КСРО) Мұнай өнеркәсібі Халық Комиссарының бұйрығымен Доссор бұрғылау кеңсесінің бұрғышы шебері Сәрсен Өрекешев сол замандағы өрлеген социалистік жарыс пен стахановтық қозғалысты мұнайшылар арасында дамытудағы қол жеткен табыстары, өндірістегі үздік жетістіктері үшін және “Қазақ КСР-інің 20 жылдығына орай” деп көрсетіліп, “КСРО Мұнай өнеркәсібі Халық Комиссариатындағы социалистік жарыстың үздігі” төсбелгісімен ұлығыланды. 1452-ші санды қызыл кітапша осындай сыр айтады.
Осының сәл алдында ғана, яғни 1940 жылдың қараша айының 4-ші жұлдызында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (КСР-і) Ұлы Кеңесі (бір кездерде осылай да аталған-ды) Төралқасының Сәрсен мұнайшыны “Социалистік құрылысқа белсене қатысқаны үшін” Құрмет грамотасымен марапаттауы оның еңбегіне берілген лайықты баға болатын.
Кім-кімге де зор сын болған кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында ол барша мұнайшылармен бірге “Барлық күшімізді және білімімізді неміс-фашист басқыншыларымен күресу үшін жұмсаймыз!” ұранымен еңбек етіп, тер төкті. Мұнайшылар жаңа мұнай көздерін ашу бағытында орасан жұмыстар атқарды. Осы ұлы дүбірдің бел ортасында болған Сәрсен ағамыз Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылғы ақпан айының 17-ші жұлдызындағы Жарлығы бойынша 1944 жылы Қошқар және Тентексор мұнай кен орындарын ашқаны үшін Жоғарғы Кеңестің грамотасына ие болды. өз есімі жазылып сыйланған сағат та сол бір ерлікке толы еңбегінің ескерткіші дер едік.
Осы аса қиын жылдардағы жемісті еңбегіне орай, Сәкең ағамыз “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы айбынды еңбегі үшін” атты КСРО медалін өңіріне тақты.
Майталман мұнайшы соғыстан соңғы жылдары Жылыой өңірінде бұрынғы мамандығы бойынша еңбек етті. Абзал азаматтың осы кезеңдегі ерлікпен еңбек еткендігіне Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің 1950 жылы сол кездегі республиканың 30 жылдығы және 1951 жылы майталман мұнайшының өзінің 50 жасқа толуы құрметіне берген грамоталары куә бола алады.
Қазақстан мұнай бірлестігінің мұнай барлау тресі жүйесінде еселі еңбек еткен бұрғышы шебер С. Өрекешев Мұнайлы кен орнын ашуға да өз үлесін қосты. Ұшқанда, Қаратонда, Құмшетінде, Төңірекшыңда, Боранкөлде бұрғы қадады.
Мұнайшы өміріндегі аса қымбат оқиға – оған 1951 жылдың мамыр айының 15-ші жұлдызында КСРО-ның ең жоғары наградасы – Ленин орденінің берілуі болды. Мұрағатта сарғайған тарих куәсі – газеттер оның бұл орденді 16 мұнайшы-барлаушылармен бірге алғандығын көрсетеді. Олардың алтауы ғана, оның ішінде Сәкең де бар, “Қазақстан мұнай энциклопедиясында” есімдері аталыпты, ғұмырнамалары беріліпті. Ал, онының есімі аталмыш еңбекке енбей қалған екен. Олар - бұрғышылар Ж. Денов, Ж. Жиенәлиев, слесарьлар Қ. Кенжеғалиев, Ғ.Х. Мұқанбетжанов, мұнара құрастырушылар Ә. Иманбаев, Қ. Құлжанов, бұрғышы шеберлер М. Мұфтахетденов, А.А. Тактаров, бас механик А.Н. Тулин, барлау орны бастығы А.П. Кирилин. Бұлар өзіміз тауып, баспасөзде жазып келе жатқан 175-тің бір тобы болып табылады.
Сәкең сол кездегі халықтың құрметіне бөленген мұнайшылар Т. Дәулетов, ағайынды, екеуі де Ленин орденін алған Бисенғали және Үсенғали Өтеулиевтермен, Қ. Қойтанбаевтармен тізе қоса еңбек етті.
Бұл кісі туралы 40-шы жылдардың аяғында көрнекті қазақ жазушысы, жерлесіміз Ғ. Сыланов очерк жазған.
Сәрсен Өрекешев - қоғамдық өмірге де белсене араласқан адам. Ол 1948-1949 жылдары Қазақ КСР-і Кәсіподақтары Кеңесінің мүшесі болды. Ал 1950 жылы Жылыой аудандық, 1953 жылы және 1957 жылы Мұнайлы кенттік Кеңестерінің депутаты болып сайланған еді.
Жем мұнайлы өлкесіне еңбегі сіңген ардагер мұнайшы 1966 жылы дүниеден өтті.
Сәрсен ағамен бірге Қымбат анамыз жарқын ғұмыр кешті, екеуі алты перзентті тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де әке үлгісін ұстанды. Балалардың үлкені Төлеген марқұм Ембі аудандық қаржы бөліміне ұзақ жылдар басшылық етті. Ал, Серігі әке жолын қуып, мұнайшы атанды. Біраз жылдар бойы Каспий бойын бұрғылау жұмыстары басқармасында бөлім бастығы болып істеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала құрылған, онымен құрдас Қазақ-венгер бірлескен мұнай кәсіпорнының Атырауда қаз басуының басы-қасында болып, оның бас директоры, белгілі мұнайшы-ғалым М. Шырда-баевпен бірге үлкен еңбек арнады. Күні бүгінге дейін осы кәсіп-орынның нық қадам басып, қанат жаюына игілікті үлес қосуда. Қазір ол осы кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры. Оның баласы Нұржан да атажолын қуып, мұнайшы болуға бел байлады, бүгінде Атырау мұнай және газ институтының 1-ші курсында оқиды.
Ал, үшінші баласы Омарғали Республика Тамақ өнеркәсібі бірлестігі жанындағы конструкторлық бюрода қызмет атқарды. Менің бұрынғы мақалаларымда оның есімі қателікпен, “Ғұмар” деп беріліп келіпті.
Мұнайшы ағаның қыздары да еңбектен бақыт тапқан жандар болып саналады. Гүлбаршыны Жылыойдағы Қамыскөл мектеп-интернатында, басқа да мекеме-ұйымдарда есепшілік жұмыста болды, бүгінде зейнет демалысында. Нағашысының есімін, іс-әрекетін ардақтауды қалаған оның бір баласы Ардақ та мұнайшы болып, абырой арқалауда. Ал, Күнзипа санитарлық дәрігер болуды қалады, қазір Ақтау қаласында тұрып, еңбек етуде. Оның жұбайы да – мұнайшы.
Ең кішісі Кенжеғали да әке жолын жалғастыруда. Алматыдағы политехникалық институттың бұл түлегі бүгінгі күндері “Қазтрансойлдың” Құлсарыдағы мұнай құбырлары басқармасында еңбек етеді.
Есімі “Қазақстан мұнай энциклопедиясына” кірген атақты мұнайшының шағын ғұмырнамасы мен шаңырағын өзі көтерген әулетінің бүгінгі тыныс-тірлігі, міне, осындай. Мұнай өнеркәсібі саласына өзіндік үлесін қосқан абзал жанның өмірі мен қызметі бүгінгі атыраулықтарға тағылым, үлгі-өнеге болып табылады.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР үздік өлкетанушысы,
4 мамыр 2002 жыл,
2004 ж.