1 «Нарын» атауы қайдан шыққан?
-Мен, мен едім, мен едім.
Мен Нарында жүргенде,- деп дауылпаз ақын Махамбет мақтанышпен жырға қосқан, талай ұрпақтың кіндік қаны тамып, талай дүрлер мен дүлділдерді жарық дүниеге әкелген аяулы атамекеніміз қасиетті құм Нарынның орны біз үшін бір бөлек-қой. Өйткені, бұл жер-суы тұщы, шөбі шүйгін қазақ жеріндегі ең бір адам өмір сүруге қолайлы шұрайлы аймақтың бірі. Сондықтан болар, жыл он екі ай бойы осы құмды жайлаған мал арымай, адамы ашықпай ғұмыр кешті. «Кешегі 1932 жылдың қазақ жерін жайпаған ғаламат аштығында Маңғыстаудан көп адамдар осы жерге пана іздеп келді. Ал, біздер құмаршық пен қияқтың, көктемде бой алған желкектің арқасында, малымызды ортаққа алса да, қарнымыз аш болған жоқ» деп күні кешеге дейін үлкендеріміз айтып отыратын. Міне, ата-бабамыздан бері бізге осындай құтты мекен болып келе жатқан Нарын құмы бұл. Осы ретте оның атауы қайдан шыққан. Ол қандай мағынаны білдіреді дейтін сұрақ та көпшілікті қызықтыратыны рас.
Жалпы Еуразия құрлығында «Нарын» кең тараған атау. Атап айтсақ, Қырғызстанда осылай аталатын өзен мен қала бар. Ресейдің Дағыстан Республикасындағы Дербент қаласында Нарынқала атты әлемге әйгілі қорған орын тепкен. Сонымен қатар, өзіміздің Шығыс Қазақстан жерінде үлкен Нарын, кіші Нарын өзендері мен Нарынқаба, Нарынқол атты жер атаулары, Орта Азияның бірқатар елдерінде Нарын деген құнарлы тағам да кездеседі.
Сонда «Нарын» сөзі қандай мағына береді деп ізденіп, неміс ғалымы.Макс Фасмердің «Этимологиялық сөздігін» ақтарғанымызда «Нарынның- моңғолдың narin, қалмақтың narn деген сөзі, қазақшаға аударғанда «жұқа», «жіңішке» деген мағынаны білдіреді.» деп жазылыпты. Бұл пікірді орыс ғалымы Э.Мурзаевта қуаттайды. Алайда, ғалымдар атаудың моңғол, қалмақ тілдерінен енгенін мойындай отыра, оның этимологиясы төңірегінде ортақ пікірге келе бермейді. Себебі, моңғолша-қазақша сөздікте «Нарын- күн,күнгей деген мағынаны білдіреді»деп түсіндіріледі. Расында да Нарын сөзінің мағынасы кең:
1. Жіңішке, нәзік, ұсақ. 2. Жинақты,ұқыпты. 3. Шебер, қу,айлакер. 4. Сараң, қатты. Бұлардың арасында Нарын құмының атауына жақын келетін топоним-біріншісі. Өйткені, Нарын- көлемі шағын, ұсақ сусыма құм. Орда және Жаманқұм аталатын осы құмның массивтерінің ұсақ қиыршықтардан тұратыны сондай қуатты автокөліктердің өзін тұрған орнынан батыратынын ол жерге барып келген жерлестеріміз көріп жүрген де шығар,мен де талай басымнан кешіріп өз көзіммен куә болғанмын. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылына барар жолда,сол елді мекен маңындағы құм жолдарда машиналар жүре алмайтын болған соң,сайлардағы сорапқа малдың жүнін төсеп тастағанын көріп, таң қалғанбыз. Бұдан шығатын қорытынды «Нарын» сөзі күн,күнгей емес, құмның көлемі мен сипатын білдірететін моңғол-қалмақтың «Наргейн» сөзінен шыққан деген пікірді ұсынушы белгілі өлкетанушы Молдияр Серікбаевтың ұстанымы дұрыс па деп ойлаймын .
2 Исатайдың көк татыры
1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы бастап патша үкіметі мен жергілікті билікке қарсы Кіші жүзде болып өткен көтеріліс тарихын зерттеуші Исатай Кенжалиевтің «Исатай Тайманұлы» кітабын парақтап отырғанымда ондағы: «... бір топ көтерілісшілер Исатайдың көк татыр деген жерінен оқ-дәрі дайындайды. Ал ұсталар найза,сүңгі, айбалта,қылыш, мылтық т.б қару-жарақ соғады...» деген жолдар еріксіз елең еткізді. 1999 жылы құм Нарынды аралау сапарымызда сол өлкенің өткені мен бүгінгісін жадында жақсы түйген Беркәлі Атолов ағамыз «Айбастың маңында Исатай татыры» деген жер бар, көнекөз қариялардың айтуынша, онда Исатай батыр жер-жерден ұсталарды жинап, қару-жарақ соқтырған көрінеді. Күні кешеге дейін ауылдың жігіттері сол татырдан сынған қылыш пен садақ оқтарының ұшын тауып алып жүрді. Бірақ, өкінішке орай, оны сақтайтын, қадір-қасиетін білетін адам болмағандықтан жоғалып кетті ғой деймін» деген сөзі ойымызға орала кетті.
Содан кейін көп кешікпей белгілі өлкетанушы, ардагер журналист Рахмет Иманғалиев екеуіміз жоғарыда айтылған Беркәлі Атолов ағамызбен бірге сол жерді жақсы білетін және бір жергілікті азамат Таңатар Сабировтың бастауымен «Исатай татырына» жол тарттық.
Исатайдың көк татыры атанған бұл жер Айбас елді мекенінен батысқа қарай 25 километр қашықтықта, Құсқонбас пен Ұштағанның Құрманғазы ауданымен шектесетін аймағында орналасқан екен. Жан-жағын жыңғыл өскен төбелер қоршаған бұл жердің атын «Көк татыр» деп дәл тауып қойыпты. Бұл біздің оны бірінші көргендегі ойымызға келген алғашқы әсер еді. Өйткені, ені 10-15 метр, ұзыны 30 метр болатын тегістіктің бетін темір тотығы мен күкірт араласқан көкшіл құм басып жатыр. Жол бастаушымыз Таңатар: «Қатты тебінсең татырдан жаңғырыққан бір дыбыс шығады, мініп жүрген аттарымыз бұл жерді баспайды. Талай рет астымыздағы көлігімізді қамшылап, зорлықпен үстіне әрең шығарған кездеріміз болған» деп жаңа құпияның шетін шығарып қойды. Осыдан кейін сол жердегі бәріміз аяғымызбен татырды теуіп-теуіп көрдік. Шынындада, жер астынан бос бөшкені ұрғанда шығатын дыбыс сияқты күңгірлеген, жаңғырыққан үн шықты. Соған қарағанда, татыр астында бос кеңістік бар ма екен деген де ой санамызда сәуле беріп үлгерген еді.
Осы ойдың жетегінде қолымыздағы күрекпен тұрған жерімізді 80-90 сантиметр тереңдікке дейін қазып та көрдік. Астынан көкшіл топырақпен бірге шіріген жұмыртқадан шығатын күлімсі бір иіс білінді.
Аймақты қанша мұқият қарағанымызбен темір тотықтарынан басқа ұстахана мен көрік орнын еске салатын белгілер байқалмады. Әрине, үнемі ат үстінде жүрген көтерілісшілер жылжымайтын ғимарат салдырып, тұрақты ұстахана ұстамаған да болар. Шеберлерді жазда жинап, керекті қару-жарақты соқтырған соң оларды өздерімен бірге алып жүрген де шығар-ау. Оның үстіне, жел соққан сайын аунап жататын құм топырақ екі ғасыр бойына бұл жерді де талай басып, адам танымастай өзгерткені де анық.
Иә, қалай болғанда да ел жадында «Исатайдың көк татыры» атауымен сақталып қалған киелі топыраққа Исатай бабамыздың табаны тигені, осында қоныс теуіп, көтеріліске әзірлік жасағанына еш күмән жоқ. Өзді-өзімізге іштей сауал қойып, айналамызға жіті назар салған бәріміздің ойға түйгеніміз осы еді.
3 Қадірдің қара төсі немесе көтеріліске қару жарақ соққан шеберлер
«Исатайдың көк татырына» барып келген сол сапардан кейін батырға қару-жарақ соққан ұсталар туралы деректер шығып қалар ма екен деп құлағымызды түріп жүретін болғанбыз.
2009 жылы Айбас елді мекеніне жолымыз түскенде осында тұратын Мырзабек Білалов деген азамат әңгіме үстінде: «Исатайға қару соққан менің атам Шәкір деген кісі. Ол пайдаланған қара төс Байтемір ағамның ұлы Алтынбектің үйінде» дегенді айтып қалды. Осы бір әңгімеден кейін Шәкір кім, ол қандай адам болды екен деген қызығушылығымыз оянып ізденгенімде бірқатар мәліметтерге қанық болдық.
Шәкір Тұрлығұлұлы 1787 жылы қазіргі Қызылқоға өңірінің Тайсойған құмында өмірге келіпті. 1801 жылы Бөкей сұлтан Жайықтың оң бетіне өткенде бірге көшіп, Нарынның кіндікті ортасы Сүйекті, Бабан құмдарын қоныс еткен. Руы Адай, оның Тәзіке бөлімінің Өтей атасынан.
Атадан балаға жеткен, бізге Мырзабек арқылы мәлім болған аңыз әңгімеге қарағанда, оған ұсталық өнер арғы атасы Қадірден бастап қонған көрінеді. Қадірдің 12-13 жастағы кезі болса керек, оның құлағына бір шыңыл дыбыс естіліп, үлкендерді «тыңдаңдаршы» деп мазалай беретін болыпты. Әкесі Сары, үйдің басқа да үлкендері «Ешқандай дыбыс жоқ, қойшы сен осы сөзіңді!» деп қайтарып тастай берген соң, бір күні «Дыбыс мына жақтан шығады» деп, өзі иегін көтере нұсқаған жағына қарай жүгіріп кетеді. Біраздан соң қайтып келген бала: «Мына төбенің астындағы тақырда балға мен төс жатыр» деп қуана хабарлайды. Үлкендер барып қараса, шынында да, далада жатқан балға мен төсті көріп, үйге алып келеді. Осыдан бастап Қадірдің қолынан балға түспейді. Кейін ол атақты зергер, алтын қолды шебер болады. Сол төс Қадірден баласы Сақалға, одан ұлы Тұрлығұлға, Тұрлығұлдан біз әңгімелеп отырған Шәкірге мұраға қалыпты. Аталған адамдардың бәрі де айтулы ұсталар болыпты.
Шәкір атамыз Исатай қол жинап, көтеріліске әзірленгенде,жасының келіп қалғандығына қарамастан әуелден сыйлас татулығынан шығар, оның қолқасын жерге тастамай, жасақшыларға қылыш, найза мен садақ ұштарын соғып беруге келісімін береді. Сайын Назарбекұлы мен Жетібай Жылқышыұлы «Қазақ халқының шежіре тарихы.» кітабының 1–томында өлкетанушы ұстаз Аухат Шайхығалиев берген деректен «Айтулы ұсталар Адай Тәзіке ұрпақтары қарт ұста Тұрлығұлдың Шәкірі, оның шәкірттері Апанас, Көпен мен Досақан қарапайым болса да көтерлісшілерді қару жарақпен қамтамасыз етті» деп көрсетіпті. Біздің естуімізше Шәкір темірден түйін түйген және қару жарақты жақсы соғатын ұста болыпты. Ал Апанастың зергерлігі басым және бір атар мылтық жасаған. Көпен болса ағаш ұсталығына бейім екен. Досақан осы үшеуіне де көмекші, үш арнаға да бірдей бесаспап болған деседі. Менің бала кезімде біздің үй Нарын құмының Дуаберген аймағында Қаби деген ақсақалмен көрші тұрдық. Отырысы салиқалы ,көрнекті кейпімен есімде қалыпты. Кейін білдім сол кісі Апанас шебердің Меңкеш деген немересінен туған тікелей ұрпағы екен. Жоғарыда есімі аталған Аухат Шайхығалиев ағамызға сол Қаби қарт «Мынау бір сандық түбінде сақталған жәдігер еді»-деп көне садақ жебесінің қозы жауырын масағын сыйға тартыпты. Бұл әрине біз айтып отырған шеберлердің біреуінің қолынан шыққан бұйым екендігі күмән тудырмайды. Мен оны батырдың жаңадан ашылайын деп жатқан музейіне сыйға тарттым депті Аухат аға. Көпеннің ағаш шеберлігіне бейім екендігіне алдында тоқталып өттік. Ол дайын болған найзаға , қылышқа сап жасаған. Көпенді көтерлісшілер жеңіліп, бытырап жатқан кезде ханның торуылшылары ұстап алып, атып өлтірулі. Сүйегін туған жеріне жеткізуге мүмкіндік болмағаннан кейін ел азаматтары киізге орап, сол маңға жерлей салыпты. Бейіті Исатай ауданының көлеміндегі Айбас елді мекені маңында болса керек. Бұл жер осы күнге дейін «Көпен шошақ» деп аталып жүрген көрінеді. Шебер көтеріліске дейін өзіне арнап 12 қанат киіз үй жасаған екен. Шаңырағы,керегесі,уығы түгел көк сырмен сырланып,киіздері де көк қойдың жүнінен басылғандықтан «Көпеннің көк үйі» аталыпты. Кейін көтеріліс жеңіліп, оған қатысқандар мен көмектескендер жазаланып,мал мүлкі тәркіленіп ханның қазынасына әкетіліп жатқанын көрген оның әйелі Ұлдай бұл үй өз қолымен өртеп жіберіпті деп ел әлі аңыз етеді. «Тастөбе» шайқасындағы жеңілістен кейін бірқатар көтерлісшілер Жайық өзенінің шығыс жақ бетіне өтіп кетуге бекінеді. Олардың арасында Апанас пен Досақан да бар екен.Апанастың атына оқ тиіп,басқалар қашып құтылғанда бұл ен далада жалғыз өзі жаяу қалып,жасырынып келе жатса алдынан көлденең жолаушы кездесіпті. Әй шәйға қаратпастан оны атынан аударып тастап, тартып мініп алып кейін амалсыздан үйіне қайтады. Ал Досақан болса Азия бетке өтіп кетіп тұрақтап қалады.Кейін елді сағынып,Апанасқа хабарласқан екен ол «Бергі бетке өтпей–ақ қойсын,бұл жақта көтеріліске қатысқандарды әлі қудалауда »-деп сәлем айтулы. Қазір ұрпақтары Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар. Шәкір мен оның амалсыз елде қалған ұста інісі Апанас Сібірге жер аударылуға тиіс болғанында Жәңгірге әйелі Фатима қолқа салып, осындай шеберлер бізге де керек деп, екеуін хан ордасына 3 жылға тұтқын есебінде алып қалдырыпты. Сол жерде тұрып, ордаға өрнекті жиһаздар жасап, шеберлігімен баршаны тәнті етіпті олар.
2011 жылы Орда ауылында болғанымда қайта жасақталып жатқан хан ставкасындағы жиһаздарды көрдік. «Солардың арасында Шәкір атамыздың қолынан шыққан дүниелер жоқ па екен?» деген ойдың қылаң бергені рас. Бірақ, оны бөлек зерттеу керек шығар...
Шәкір шебердің елге аңыз болған қолтумаларының ішінен Жәңгірдің тапсырмасымен жасалып, алтынмен апталып, күмістен күптеліп, орыс патшасы І-Николайға сыйға тартылған киіз үйдің орны ерекше. Осы сыйға қатты риза болған патша Жәңгірден «Қандай өтінішің бар?» дегенде ол: «Біз,киргиздар (қазақтар) өз ислам дінімізде қала берсек. Ордаға мешіт салдыруға рұқсат етсеңіз» деген қолқасын айтыпты. Осыдан кейін қазақ жерін шоқындыру саясатына әзірлік жасап жатқан патша үкіметі райынан қайтып, Ордаға мешіт салдыруға қаражат бөліпті. Кейіннен Жәңгірдің өз жобасымен салынған сол мешіт кеңес өкіметі кезеңінде құлатылғанымен, қазір қайта қалпына келтіріліп,жасыл мұнарасы көк тіреп мұражай есебінде елге қызмет жасап тұр.
Шәкір тек атақты шебер ғана емес, адамгершілігі, адалдығы, ақылгөйлігі арқасында елде үлкен бедел иесі болыпты. Оның көршісі, Жайық Беріш атақты Қосанұлы Сәт әулиемен сыйластығы, достығы жөнінде ел аузында жақсы әңгімелер көп. Соның дәлелі шығар, екеуі тірісінде өлсек те бір-бірімізді көріп жатайық деп молаларын жақын салуды аманат етіпті. 93 жыл ғұмыр кешкен Шәкір Тұрлығұлұлының мәңгілік мекені Исатай ауданының Айбас елді мекеніне жақын қазіргі Сәт баба мәйітінің солтүстік шығысында қозыкөш жерде орналасқан Гран сор деген жерде. Басында 1988 жылы ұрпақтары қойған белгі бар.
Әрине, Шәкір атамыз Исатай Тайманұлына қару-жарақ соққан жалғыз ұста емес екенін жоғарыда айттық. Шебердің аты аталған шәкірт немере інілерімен қатар Бекіш, Мұхыш Мұңайтпасұлдары, Қожақ сияқты есімі бұрын белгісіз болып келген ұсталардың есімдері жарыққа шығып, бірқатар басылымдарда жария болды. Оның сыртында аты аталмай жүрген шеберлер қаншама? Исатай Тайманұлы бастаған ұлт азаттық көтерілісіне қазақ елінің тәуелсіздікке ұмтылуының бір сатысы ретінде баға берсек, елдің отаншылдық рухын көтеруге үлес қосқан батырлардың қатарында қару-жарақ соққан шеберлер есімін де ұмытпауымыз қажет. Сөз басында айтылған, Шәкір пайдаланған қара төске қайта оралсақ, осыдан он шақты жыл бұрын ол Алшынбек Байтемірұлы Білаловтың үйінде еді. Салмағы 32 килограмм тартатын, тұтас қара темірен, бір басын адам тұмсығына ұқсатып жасаған шебердің құралын «Мұрын төс» деп атайды екен. Жасалғанына үш ғасырға жуық уақыт болған осы жәдігердің тарихи құндылығында сөз жоқ. Сондықтан оны Исатай Тайманұлының мұражайына тапсыру туралы Алшынбекке ұсыныс айтқанымызда ойланып қалған еді. Кейіннен ол ініміз де өмірден өтіп кетті.
Талай оқиғаға куә болып, сан шебер игілігін көрген Қадірдің сол қара төсі шаңырақ иесі Байтемір зайыбы Айғаным апамыздың қолында болса, алдағы уақытта мұражайдың төрінен орын алып, ел игілігіне , тарихын танып-біліп өсуге ұмтылған жас ұрпаққа қызмет етіп, көпшіліктің көзайымына айналар деп те ойлаймын.
Мүтиғолла Насиханов-тарихшы өлкетанушы
Исатай ауданы.