АРАЛТӨБЕНІҢ АЛТЫН АДАМЫ

АРАЛТӨБЕНІҢ АЛТЫН АДАМЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

Қандай халықтың да бүгінімен қоса өткені бар. Өткеніне үңілу арқылы одан бергі өркенін табасың, өшкенін жаңғыртасың, ғаламшардағы басқа елдер сияқты Қазақстанның да таңғажайып тарихы, адам сенбес ақиқат-шындықтары бар. Олар жылдар өткен сайын сырын ашып, тұңғиығына терең бойлатуда. Соның бірі өткен ғасырдың соңғы жылы ашылған мына бір жаңалық десе де болады.

Расында да бұл жаңалық, қала берді ғажайып үрдіс. Қазірде Қазақстан тарихы, оның археологиясында “Аралтөбе”, “Аралтөбенің, болмаса жалпы түрде Атыраудың алтын адамы” деген сөздер жиі айтылады. Олай болса, сол Атырауды екінің бірі біледі, ал “Аралтөбе”  дегеніміздің өзі не, ол қай жерде? Алтын адам ба? Ол қайдағы адам?

cbcbeef7a0f07e916ab4624ff4c2025f

Қарапайым қаймана қазақ әлгіндей тосын атауларды естігенде, алдымен, осындай сұрақтарға кезігіп, түрлі жауаптар іздейтіні белгілі. Шындығында Аралтөбені ескермегенде, “алтын адам” деген атаудың өзі тарихта өте сирек және сараң айтылады емес пе? Мүмкін содан ба, бұл сөз бес ғасырлық тарихы бар Қазақ топырағында үшінші рет айтылып отыр. Міне, осы төңіректе аз-мұз ой өрбітіп, сөз сабақтау керек-ақ. Алдымен алтын адам туралы бірер сөз.

Алғашқысы жетпісінші жылдардың басы, дәлдеп айтқанда 1970 жылдың 22 сәуірінде Алматы облысының Есік қаласынан табылған болатын. Темір дәуіріндегі сақ көсемі деп есептелетін бұл адамның жас шамасы 17-18-дер төңірегінде. Қабірі ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, адам қойылатын жерінде бағалы металдық жапсырмалармен безендірілген төсеніш бар. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен өрнектелген. Олар барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы, түрлі құс бейнелерін беретін аңдар стилінде жасалынған. Жақұт тасты алтын сырға мен алтын ақша, бешпет жеңдері мен шалбар балақтары алтын тоғалармен көмкеріліп, саусақтарында алтын жүзік, жанында семсер, темір қанжары бар бұл ханзада шамамен біздің заманымызға дейін 5-4-ғасырларда өмір сүрген.

Ал, тағы бір алтыны мол адам 1998-2000 жылдар аралығында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі З.Самашевтің жетекшілік етуіндегі халықаралық экспедицияның Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданы Берел қорымындағы ру көсемдерінің бірі. Қима қабірге жерленген бұл сақ бекзадасының үстіндегі оқаланған киім, сондай-ақ осы мүрдемен бірге қойылған он үш аттың басындағы оқ қағар сауыты мен жалындағы әшекейлер, олардың ер-тұрмандары ежелгі сақ өңірінің ғажайып қолтумасы болып есептелінеді. Аталмыш ер-тұрмандардың қай-қайсысы да қатты ағаштан аса бір шеберлікпен шабылып, олардың сырттары, киім өңірлері әртүрлі аң бейнелеріндегі грифондар мен сфинкстер түріндегі алтын жапсырмалармен қапталған, безендірілген. Қазақстан археологтарының аталмыш жаңалығын еліміз жерінен табылған алтын адамдардың бірі деп орынды мақтаныш етеміз. Атыраудан табылған алтын адамның алдыңғы адамдарға қарағанда қандай ерекшеліктері бар дейтін болсақ, оған да біраз тоқталып, сыр ақтаруға тура келеді.

Тегінде Қазақстан археологиясы, соның ішінде Атырау өлкесінің өткені, ескі қалалар мен қорымдар тарихы ауыздан ауызға аңыз болып тарағаны болмаса, бұған дейін толық ғылыми негізде жүйеленіп, бір ізге түскен жоқ.

Түскенінің өзі орыс, шетел саяхатшылыры мен әскери картографтардың отарлау, жаулау, ең алдымен өлкенің табиғи шикізат қорларын анықтау бағытындағы барлау, анықтамалық мәліметтер. Сайып келгенде оның өзі де жоқтан жақсы, көңіл қуантады. Аталған олқылықтың орнын толтыру және қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы - Сарайшық қаласының орнына қазба жұмыстарын жүргізу ниетінде соңғы жылдары республика ғылым академиясына қарасты Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан ғылыми экспедициясы (жетекшісі З.Самашев) жүйелі жұмыс жүргізуде. Негізгі нысаналары Сарайшық қаласының орнын ғылыми негіздеу болғанымен осы өлкедегі археологиялық орындарды табу мен тіркеу, сөйтіп тұтас Батыс Қазақстан өңірінің археологиялық картасын жасауды мақсат тұтқан экспедиция бұл бағытта, әсіресе, Жайық өзенінің шығыс бетін зерттеуде біраз жұмыстанды. Алғашқы жылдың өзінде (1989 ж.) тарихи шежірелерге бай Қайнар бойы, Иманқара, Қойқара, Сарықамыс, Үстірт төңірегіндегі көне қорымдар мен қорғандарды картаға түсірген археологтар Ұшқан ата, Маңсуалмас, Қособа, Жезді, Қызылүйік мекендерінде де болды. Тіпті Үстірттегі Тоқсанбай қазба орны құпиялары әлемдік ашылулар қатарына жатады десе де болады.

Міне, сол 1989 жылғы тіркеу, ескі қорымдарды белгілеулер ішінде Аралтөбе орны да бар еді. Ол Жылыой ауданының терістік шығыс бетінде, дәлдеп айтсақ бұрынғы “Коммунизм таңы” кеңшарының орталығы – Ақкиізтоғай  ауылынан шығысқа қарай әйгілі Ақмешіт (Бекет әулие ата-анасының мәңгілік көз жұмған жері) ғибадатханасының оңтүстік батысындағы алты шақырымдықта орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл мекенді “Құлшан әулие қауымы”, болмаса “Құлшан атаның қара жалы” дейді. Тегі жағынан Байқошқар кете (ру аты) болып келетін Құлшан әулие осыдан 160 жыл шамасы бұрын дүние салған, Бекет атаның туған күйеу баласы. Кезінде сол Бекеттің өзі “Төменнен келе жатқан жолаушы атаулы Құлшанға кеп, ат басын тіресе, жоғарыдан құлдилағандар, сірә да, менен аспайтын шағар” деген екен. Ендеше бұл аралық өткен заманнан әулиелер мекені, киелі орын саналады. Осы киелі орында тым ертеден келе жатқан тағы да көне қорымдардың барлығы, кейбірі сол 1989 жылғы  Қазақстан археологтары картасына да түскен болатын.

Бірақ қашан да әр істің бастамашысы мен қолдаушысы болады. Сайып келгенде Атырау өңірі археологиясын зерттеуге кейінгі кезде мұрындық болған ат арқасындағы азамат, белгілі қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов екені белгілі. Ол қай қызметте жүрсе де өзі туған елінің көне тарихының зерттелуі, оған деген лайықты ғалым-жанашырлардың іріктелуі, қаражаттың табылуына ылғи да назар аударып отырады. Оған қоса тоқсаныншы жылдардың аяғында Атырау облысына әкім болып келуі аталған істі атакүлдік Атырауында да жандандырып, нақты жұмыстардың қайтадан өрістеуіне себепші болды. Осыған сай археолог-ғалымдар өздерінің 1989 жылғы және одан кейіндегі жүргізген археологиялық барлаулары мен тіркеулерін қайтадан қарап, тиянақтау, зерттеу жұмыстарын бұрынғыдан да тереңдетті.

1999 жылы археологтар бірден үш бағытта жұмыс істеді. Олар – негізгі нысаналары болып табылатын орта ғасырлық Сарайшық қаласы орнына жүргізілетін қазба-зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру, бұған дейін Қазақстан археологтары назарына ілікпеген Құрманғазы ауданының археологиялық картасын жасау және Үстірт үсті, Жылыой бойындағы бұрыннан белгілі ескі қорым, мекендерді тереңдей зерттеп, нақты қазба жұмыстарын жүргізу.

Әрине, Сарайшық - Алтын Орда дәуірі, оған дейінгі және кейінгі кезеңдерді кешенді түрде алып, ұзақ және түбегейлі зерттеу, жүргізілген қазба жұмыстарын ғылыми жүйелеу арқылы бір ізге келтіретін іс. Ал Құрманғазы ауданындағы барлау ісі бар-жоғы бірер айда өз нәтижесін берді. Түрлі кезеңдерді дәлелдейтін 86 нысан белгіленіп, нақты картасы жасалынды. Бұл ретте аталған өңірдегі Бесшоқы, Азғыр мекендеріндегі көне қорымдар археолог-ғалымдарға үлкен үміттер күттіреді.

Үстірт, Жылыой бойындағы жүргізілген жұмыстардың орны тіптен бөлек. Олардың өзі үш топқа бөлінді. Әуелгісі Тоқсанбай тұрағын тағы да тереңдей зерттеп, нақты барлау жасау. Өйткені бұл аталмыш археологтардың соңғы жылдарда ерекше назар аударып отырған ең маңызды тарихи орны. Соған сай Тоқсанбайдағы археологиялық зерттеу жұмыстары 1999 жылы одан әрі жалғасып, тақырыптық, геобиологиялық барлауларға ұласты. Ондағы үйлердің салыну ерекшеліктері мен формалары анықталынып, құрылыс горизонттары белгіленді. Қоныстың тарихи даму кезеңдері анықталынды. Аталған өңірге (Қызылүйік, Тоқсанбай, Жезді тұрақтары, соңғы екеуі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы территориясында) Нидерланды корольдігінің елшілігі, венгер археологтары қызығушылық танытып, республика Ғылым академиясының белгілі палезоолог, топырақ, өсімдіктанушы ғалымдары - биология ғылымдарының докторлары Қ.Файызов, И.Асанбаев, Т.Нұрымов, басқа да ғалымдар апталап жатып жұмыс істеді. Олар қазіргі және бұдан төрт мың жыл бұрынғы топырақ құрамдары мен өсімдік және жануарлар дүниелерін саралады. Адамдардың осынау жылдардағы өмір сүру ерекшеліктеріне ден қойды. Атап айтқанда, қазірде осы өңірде шөл мен шөлейт аймаққа бейімделген 200-ден астам өсімдік өсетін болса, адамдар ғалымдар зерттеген сол кездің өзінде қой, ешкі, жылқы, сиыр сынды үй жануарларымен қоса түз тағылары - құлан, муфлон, киік еттерін де жеген. Қасқыр, қарсақ, түлкі аулаған, аң терілерін пайдаланған. Күнделікті тұрмыста есек күшін де қолданған. Ол кезде де металл өңдеу, қола, мыс құралдарын пайдалану әдетке айналған. Егін шаруашылығымен де айналысқан.

– Міне, осындай өзіндік сыр, құпиялары бар Тоқсанбай, оған іргелес және бір сипаттағы, кейінгі кезде анықталған Айтман, Манайсор (оның өзі де үш қоныстан тұрады) тұрақтары келешекте кең көлемде зерттелмек. Ол үшін, ең алдымен, таяу уақытта аталған жерлердің геофизикалық картасын жасау керек. Біз бұл жұмысқа әріптестер арасында біраз тәжірибесі бар неміс ғалымдарын шақырмақпыз. Венгерлік археологтардың да аталған іске белсене араласпақ ойы бар. Таяу жылдары мұның бәрі жүзеге асады деп отырмыз,- дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Зайнолла Самашев.

18(5)

Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы бұлардан басқа біздің дәуіріміздің Х ғасырында-ақ (922 ж.) араб жиһанкезі Ахмед Ибн Фадлан жазбаларына іліккен Жездідегі оғыздар қаласы, Бәйте қорымдарына да ғылыми барлау-зерттеу жүргізді. Әрине, олардың бәрін әлі де нақтылау, анықтау керек. Жүргізілген қазба жұмыстарын жүйелеп бір ізге келтіру, бұрыннан бар тарихи деректермен салыстырған дұрыс. Бұл ретте жыл сайын игі нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан экспедицияға деген сенім мол. Ендігі міндет - әлгі айтқан қолда барды саралау, жүйелеу мен ғылыми негіздеу ғана.

Ал екінші нысан - Жылыой өңіріндегі бұрынғы “Қосшағыл” кеңшарының алыс мал жайылымында орналасқан, немесе әлгі айтқан Тоқсанбайдан терістікте 51, аудан орталығы - Құлсарыдан шығыста 250 шақырым қашықтықтағы Қызылүйік ескерткіштері аталмыш археологтардың сол жылғы тағы да ден қояр ірі жаңалықтарының бірі еді. Осынау екі мың жылдан астам (біздің заманымыздың І-IV ғасырлары) тарихты ішке бүккен ғажайып ғибадатхана-сармат дәуірінің Арал-Каспий теңіздері аралығындағы теңдесі жоқ ірі архитектуралық туынды. Адамдардың шаман дініне бас ұрып, күнге табыну, соғыс құдайын пір тұтқан кездегі бұл ескерткіш алып жатқан аумағының молдығына қарамастан қазақ археологиясында тұңғыш рет еш техниканың көмегінсіз қол күшімен аршылып, атқарылды. Осының өзі-ақ ондағы қазба жұмыстарының өте сақтық, қырағылықпен жүргізілетіндігін көрсетпей ме?

Ғибадатхананың ерекшелігі сол – үстіңгі диаметрі 14-15 метр, төменгісі - 60 метр көлеміндегі бұл дөңгелек ескерткіштің сақталған биіктігі бес-алты метр шамасында, екі сатылы. Болжам бойынша ғибадатхананың үстінде биіктігі 2 метрден астам күмбезі болған. Жоғары сатысындағы қабатта жылда белгілі бір күндерде діни мейрамдар өткізіліп, құрбандықтар шалынған. Құрбандық малы тек қана алтын түстес, немесе жирен, құла жылқылар болады екен. Аталған рәсімге сол төңіректің күллі тұрғындары түгел қатысып, тамашалайды және құрбандық қанын үстері, беттеріне жағып, шеңбер құрып, билейді, ән салады, құдайларынан шапағат, рақымшылық күтеді.

Ғибадатхана айналасы Үстірттің терістік сілемі түстікке созылған Доңызтаудың жалданып, өркештенген дөңдерімен көмкерілген тегіс жазықтың нақ ортасына орналасқан. Ескерткіш төңірегін айнала адам мүсініндегі тік балбал тастар қоршаған. Арасы 5-6 қадамнан аспайтын сол ескерткіштердің тізілген бір алуаны ғибадатхананың оңтүстік шығыс бетінде доғаланып бір шақырымға созылады. Мүмкін осы жартылай шеңберленген тік тасқа құрбандық мерекесіне келген мүриттер көліктерін байлап, өздері солардың жанында сап түзеп, дін басы-абыздардың ғахлиялық уағыздарын тыңдаған шығар. Содан соң бәрі сарматтардың ежелгі заңы бойынша орталық есігі түстікке қараған (олар өліктер басын да оңтүстікке қаратып қояды) ғибадатханаға кеп, бас сұғады, құдайшылық рәсімдеріне қатысады.

Бұл күнде ғылыми тілде, «ежелгі тас мүсіндер» аталып кеткен балбалдар немесе балбал тастар тарихы тым әріден басталады. Бірақ, ол Атырау аймағында аз кездеседі. Ал әлемде тұтастай алғанда Монғолиядағы Орхон өзенінен Каспий теңізінің жағалауына дейін ұшырасады. Тарихи деректерді парақтасақ, олар қыпшақтар дәуірінен кейін Солтүстік Кавказда, Ресейде, Украинада, Дунай өзені бойында да бар. Уақыт өткен сайын археологиялық нысандар ғана емес, өнер туындылары болып есептелетін бұл мұралық мүсіндердің түрлері де өзгерген. Мысалы, Батыс Қазақстанда қазіргі кең тараған қабір үстіндегі ескерткіштер – құлпытастар сол бір кезгі түрлі балбалдардың заңды жалғасы.

Бүгін Қазақстанда балбалтастар Семейдің Шыңғыстауында, Павлодардың Баянауылы мен Қызылтауында, Ақмола облысының Ерейментауында, Жамбыл облысының Шу, Мерке, Қарағандыда Ақтоғай мен Қарқаралысында, Маңғыстаудың Үстіртінде, сондай-ақ Монғолияда, Қытайда, Қырғызстан мен Ресейде кездеседі және олардың біразы ғылыми тізбеге алынып, зерделенді.

Аталған тас мүсіндер кезінде сол өңірдің белгілі адамдарының құрметіне арналып қойылған. Бірақ, бұл пікір шартты. Өйткені балбалдардың біразы адамдардың тұрағына орай да қойылған. Сондықтан оларды құлпытастық белгілер деп қарауға болмайды. Орта ғасыр саяхатшысы Гильом де Рубрук: «...қыпшақтар өмірден озған белгілі адамдардың құрметіне биік төбелердің бастарына адамды бейнелейтін тас мүсіндер орнатқан, қолына тостаған ұстаған мүсіннің беті шығысқа қаратылады» деп жазса, кешегі-бүгінгі түрік тұқымдастары түгелдей аспан мен күнге табынғаны белгілі. Соған сай олар ылғи да күн шығысқа, күнгей бетке қарап орналастырылады.

Бір ескеретін жай – сол тас мүсіндердің кейіп-келбеті бір-біріне еш ұқсамайды. Яғни, тас қашаушы мүсіншілер әйтеуір бір адамға арналған архитектуралық мұра қалдыру ғана емес, оның әйел не еркек екендігі, марқұмның қандай жағдайда өлгендігі, ішкі сырын ашуға мән берген. Бейнеленген адамдардың қайсыбірі шығыс әдебімен аяқтарын астына алып, малдас құрып отырса, кейбірі іштеріне су құйылған нұр тостағандарын ұстайды. Әйелдер болса, бұрымды, құлақтарында сырғалары бар. Ерлер жағы қанжар, қылыштармен жарақталған. Бірақ, тас мүсіндер алғашында тек белгілі жауынгер батыр адамдарға, уақыт өте әйелдерге де арналып қойылған. Ғалымдарымыз осындай балбал тастарды зерттеп, сұрыптай келе, оларды екі топқа бөлуде. Оның бірі – VІ-VІІІ ғасырлардағы көне түріктік тас мүсіндер де , екіншісі – ІХ-ХІV ғасырлардағы қыпшақ мүсіндері.

Тас мүсіндердің топтастырылуы жағынан Монғолия елін ерекшелеуге, тіпті оларды аспан астындағы ашық мұражай елі деуге болады. Онда кез келген көне қорымдар мен баяғы заманғы қиранды қалалар орындары, ғибадатханалардың бәрінен де балбалдық мүсіндерді кездестіресіз. Бұл көнетүріктік тас мүсіндер дала қағандары билігінің кезеңі, әскери-саяси құрылым, ықылым заманғы қатал салттарды көрсетеді. Немесе бұл ескерткіштер қайтыс болған қағандар және олармен иықтаса алатын ірі тұлғалар, билік басы, батырлар, ханзадалар мен сұлтандарға арналып қойылған. Олардың айырмашылығын мүсіндердің қашалу ерекшелігінен айқын байқауға болады. Мысалы, қағандар мен солардың төңірегіндегі адамдарға арналған тас мүсіндердің өзгешелігі онда бейнеленген адамдар малдас құрып отырады. Ондай ескерткіштер көбіне көп Монғолия мен Шығыс Қазақстан жерінде жиі ұшырасады.

Алтайдың Қытай бөлігіндегі мүсіндер биік, тұлғалы болып келеді. Соған сай оларды жергілікті халық «тас палуандар» деп атайды. Өкінішке орай тас мүсіндер кейінгі кездегі ауыл-селолардағы, далалық аймақта өндірістің дамып, құрылыстардың өсуі, ауыл шаруашылық жұмыстардың өркендеуіне орай азайып барады. Кейбіреулері дала төсінен күреліп тасталса, біреулер олардың жылы орындарын суытып, мұражайларға өткізеді (сатады), байшыкештер өз үйі, мекемелері аулаларына орнатып қоюдан да тайсалмайды. Сөйтіп, ғасырлар бойы мұрты бұзылмай, көшпенділер тарихынан сыр шерткен асыл мұраларымыз біртін-біртін жойылып бара жатқандығын ескеруіміз керек.

Қазақстанда бұл мәселенің көтерілгеніне де жарты ғасырдан асты. 1946-1956 жылдары академик Әлікей Марғұлан Орталық Қазақстанның тас мүсіндерін жан-жақты зерттеп, олардың қатары жыл өткен сайын азайып, тоналып, сынып, бүліну үстінде екендігі жайлы дабыл көтерді. Кейінгі қоғам қолдатқан, осы балбалдар тарихын зерттеп, экспедициялар ұйымдастырып, нәтижесінде арнайы фотоальбом дайындаған Ерлан Карин «Біз Ұлытаудың маңайынан бірде-бір бүтін балбал таба алмадық. Тараздағыдан басқа, өңірлік мұражайларда өкінішке қарай көнетүріктік тас мүсіндерге арналған арнайы экспозициялар немесе залдар жоқ. Рас, кейбір аудандық, облыстық мұражайларда балбалдар бар, бірақ, олар әдетте тура көше үстіне, кіре беріске немесе аула ішіне қойылған, ал кейбір жерлерде қалай болса, солай тасталынған», - дей келе қазба жұмыстарын жүргізген кейбір археологтардың балбалдарды қазып алып, өз институттарына апаратындығы, болмаса жеке коллекцияларында сақтайтындығын айтады. Ал Шыңғыстауда біреулер мың жылдық ғажайып ескерткішті батып қалған автокөлігінің доңғалағының астына салып, күл-пәршесін шығарған. Баянауыл маңайында бір қария жырада жасырулы жатқан балбалды тек суретке түсіруге ғана рұқсат беріп, одан соң әлгі мұрасын қайтадан жасырған. Өйткені, оны біреулер көріп қойса, ұрлап кетеді деп қорқады. Белгілі бір археолог Ерейментаудағы әлгіндей ежелгі тасты қазып алып, Астанадағы мұражайлардың біріне мың долларға сатып жіберген.

Ал мұндай мысалдарды туған еліміз өмірінен ондап келтіруге болар еді. Бірақ, байыбына барсақ, ол балбалдар ата-бабаларымыздың кешелі-бүгінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұралар, ғажайып жетістік екені белгілі.           Сол тас мүсіндер жылдар бойы қандастарымызға үнсіз сыр ақтарып «Біз сіздер үшін осы алып ұлы даланы сақтай білдік, енді сіздер де оны кейінгі ұрпаққа дін аман, байтақ, бай күйінде жеткізіңіздер» деп міндет артып тұрғандай. Расында да, олар ұлы даланың мәңгілік тас күзетшілері емес пе? Сақшыларымызға сақтықпен қарайық!

Қызылүйік ғибадатханасы жайлы әңгімені одан әрі өрбітпес бұрын жалпы осы өңірдегі тас мүсіндер жөніндегі соңғы ғылыми тоқтамдарға да назар аударайық. Кейінгі кезде түрлі басылымдарда бірнеше зерттеу материалдары шықты. Солардың ішінде кейбірі осы Үстірттің оңтүстік-батыс шетіндегі Бәйте кешеніне арналады. 1983 жылы қазақстандық археологтар мәскеулік әріптестерінің араласымен Сайөтес ауылынан елу шақырым жерден тастан қашалған адамдар бейнелерінің тұтас шоғырына кезікті. Кейбірінің биіктігі 1-2 метрден 4 метрге жететін бұл тізбектің құпиясы да жетерлік. Бәйте құдығы маңындағы үш топтық қорғанның табиғаты археологияда «патша қорғаны» деп аталатын кешенге ұқсас. Олардың (мүсіндердің) беті солтүстік-батысқа қарайды. Мұның өзі бұрындарғы ғибадатхананың орнына келіңкірейді. Оны құрбандық шалатын екі үстелдің табылуы да құптай түскендей. Оны сол кезде СССР Ғылым Академиясы Археология институтының Волга-Орал экспедициясының жетекшісі Л.Л.Галкиннің қорытынды жазбаларындағы «Олар бір-бірінен 15 метрдей ара қашықтықта орналасқан. Бірі түзу пішінді, ұзындығы бір метрдей ғана болса, екіншісінің шошақ төрт аяғы бар. Осы бір кішкене үстелдердің бойы адамдардың кіндігіне таяу. «Патша қорғанынан» сәскелікке қарай диаметрі 80 сантиметрлік тас табақ табылды. Сайып келгенде бұл ерекшеліктердің бәрі де ғибадатханаға тән қасиеттер. Алдыңғы екі тас үстел құрбандық малды мүшелейтін жер. Бұл антропоморфтық ұғымдардың далалықтар дәстүрінде де сақталғандығын дәлелдейді. Оның өзі біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырлардың көрінісін бейнелейді, яғни массагеттер заманы.

Егер тарихқа бойласақ, сол бір дәуірде алдыңғы Азияның Анадолы даласынан Үнді-Пәкістан субконтинентіне дейінгі кезеңде Ахемен әулеті билік басында болды. Құрамында Таяу Шығыс пен Орта Азияның Парфия, Маргиана, Бактрия, Согдиана сияқты елдері бар қуатты державаның басын біріктірген құдіретті Кир патшаның массагеттер еліне шапқыншылығы барысында ол Тұмар ханшайым әскері қолынан қаза табады. Ол жайлы кезінде әйгілі Геродоттың өзі «Бұл шайқас варбарлармен болған шайқастардың арасындағы ең бір қанқасап қырғыны деп санаймын. Мен оның қалай өткенін де білемін. Әуелде, бір-бірінен қашық тұрған кезінде олар садақтан оқ жаудырысқан, жебелері біткен кезде найзаларымен, қанжарларымен қойғыласып кеткен. Ұзақ уақыт бір-бірін ала алмаған, ана жағы да, мына жағы да шегінуді білмеген, бірақ ақыр аяғында массагеттер басым түскен. Парсы әскерлерінің көбі сол жерде қырылған, Кирдің өзі де сонда өлген», деп жазды. Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдың отызыншы жылдарында Ахемен әулетінің түбіне жеткен македониялық Александр да бүгінгі Орталық Азияның жеріне жорық ашқанда грек-македон басқыншыларына тағы да массагеттер тосқауыл қойды. Жат жерліктерге көнбей кеткен сол массагеттердің кейіннен солтүстік жаққа бет алғаны тарихтан белгілі. Бұл жайлы жазушы-ғалым С.Абірахманов «Сонда олар шеті тік құлама, кемерленген жер болып келетін, шөбі жұтаң, суы кем Үстірт пен Маңғыстау жерін жаудың аттылы әскері жете алмайтын, бүгінгі тілмен айтсақ, әскери плацдармы мен тылдағы базасына айналдырған болып шықпай ма? Біздіңше солай болып шығады» деп жазады. («Егемен Қазақстан», 21.10.2015 ж.)

Оның пайымдауынша Үстірттегі қорғандардың ежелгі көшпенділердің қасиет тұтқан адамдарды жерлейтін орны екендігі талас тудырмайды. Номадтардың дәстүрлі дінінде тас мүсіндерге өлген адамның әруағы қонады деп саналған. Үстіртке жат жерліктер жетіп қалғалы тұрған кезде атақты жауынгерлердің, ел бастаған көсемдердің әруағына сыйыну үшін тұрғызылған бұл мүсіндер олар өлгеннен кейін де сапта тұрады деген сеніммен салынған болуы да мүмкін көрінеді.

Техника ғылымдарының кандидаты, көптеген ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы Алим Войцеховский өзінің «Загадки древних святынь» (2005) атты еңбегіндегі «Каменные батыры Устюрта» деген мақаласын «Үстірт көшпенділерінің арасында кенеттен пайда болған антропоморфтық мүсін өнері бір ғасырдан астам уақыт қана өмір сүріп келіп, кенеттен жоғалып кетті. Тас мүсіндердің алып «қорықтары» қараусыз қалды. Жел мен құм көп уақыт өтпей-ақ оларды күлгін түсті көп төбелердің қатарына қосты, өмірден өткен ұрпақпен бірге олар адамдар жадынан да бірте-бірте өше берді» деп аяқтапты. Шындығында солай ғой, өмір уақытпен бірге жылжыған сайын оның сан түрлі ғажап құпиялары мен әсем өрнектері де санадан сүртіле бастайды. Кешегі әп-әдемі түсінікті жайлар құпияға айналады. Біз көрген Үстірт өрнектері де солай. Оны қайта жаңғыртып, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ жадында қалдыру зиялы қауымның асыл парызы болса керек-ті.

Тағы да қайталап айтамыз, балбал тастар Қазақстанның батыс өңірінде өте сирек кездеседі. Ал жоғарыдағы Қызылүйік ескерткіштерінің ерекшелігі мұндағы балбалдар негізінен екі түрлі, яғни бірі – ерлер мүсінін бейнелесе, екіншісі - әйелдер кейпін береді және олардың өзі көбіне жауынгерлік сипатта болып келеді. Осы арада таңқаларлық тағы бір өзгешелік, ерлері аяқтарына саптама етік киіп, екі бүйіріне екі қанжар тағынса, әйелдер денесінде екі жағына қоса, кіндік тұсында көлденең тағы бірін, яғни үш қанжар тағынады. Неге? Бұл әлі сыры ашылмаған құпия. Бірақ бұнда атақты Геродот айтқан бір шындық бар. Ол - “сақтардың әйелдері еркегінен өткен жауынгер” болғандығы.

Қызылүйіктің екінші бір құпиясы, осы ғибадатхана төңірегінен сол кезде (осыдан екі мың жыл бұрын) сарматтардың Елтаңбалық белгісіне айналған белбеу тоғасы, болмаса қауым, тайпа жалауы, туына салынған белгінің табылуы. Күмістен құйылған бұл белгіде айдаһардың бет бейнесі мен түркілер тәңірі - көк бөрінің тұтас тұрқы сомдалған. Сөз жоқ бұл тарихтан белгілі болған сарматтар мен римдіктер арасындағы қайта-қайта соғыс, екі елдің бір-біріне ауысқан жауынгерлік дәстүр (өйткені римдіктер жалауында да осындай белгілер жиі кездеседі) ерекшеліктерін көрсетеді.

Ал бұл белгі ғибадатхана маңынан (негізінен доға текті тік тастар жанынан) қалай табылды дегенге экспедиция жетекшісі “Жоғарыдағыдай құрбандық шалу кезінде мейрамға келген үмбеттер садақа, нияз ретінде бойларындағы қымбат дүниелері – жебе, сырға, түйме, білезік, белбеудерін (тоғасы) тастап, лақтыратын болған. Оны ешкімнің алып, пайдалану құқы жоқ. Ал ондай заттар Қызылүйік айналасында молынан кездеседі”- дейді.

Сайып келгенде Қызылүйік осы өңірдегі көптеген ғибадатханалардың ең үлкені. Шындығында біз айтып отырған құдайшылдар (мінәжат) үйінің батыс және түстік беттерінде 6-10-12 шақырымдық аумақта Қызылқуыс, Тасастау (оның өзінде үш жерде), Қайнар, Молшылық мекендерінде басқа да ғибадатханалар мен мешіт, медреселер орны бар. Бірақ олардың бәрі де шағын дүниелер. Әйтсе де келешекте Қызылүйік және оның төңірегіндегі басқа да ескерткіштер кеңірек зерттеп, тиянақты толғау, мол пайымдауларды қажет етеді. Әрине, оның бәрін уақыт көрсетер деп ойлаймыз.

Үшіншісі, сөз жоқ, біздің осы жолғы әңгімелегелі отырған Аралтөбе қорымындағы қазба жұмысы еді. Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан жерінде шетелдік ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, айтарлықтай жаңалықтарымен ел қуантып жүрген белгілі археолог Зайнолла Самашевтің бұл жолғы күрегі тағы да үлкен істің үстінен түсті. Шындығында Құлшан әулие қауымына жақын тұс болса да, картаға “Аралтөбе” деген атаумен белгіленген беймәлім қорымнан алтын адам табылды. Оның өмір сүру кезеңі осыдан екі мың жыл бұрынғы – сарматтар дәуіріне жатады. Ғалымдардың анықтауынша аталған көсемнің қаза табу кезеңі біздің дәуіріміздің 129 жылы деп тұжырымдалуда.

Оқырманға түсінікті болу үшін, сарматтар дәуірі дегеніміз не, ол қай кезең, адамдары мен мекендеу орнына да аз-мұз тоқталып, түсінік бере кетейік.

Сармат – біздің заманымыздан бұрынғы үшінші ғасырдан біздің заманымыздағы төртінші ғасыр аралығындағы Тобылдан Дунайға дейінгі ұланғайыр жазықты мекендеген иран тілдес тайпалардың жалпы атауы. Сарматтар тарихы савроматтармен тығыз байланысты. Ғалымдар сармат тайпаларының языг, роксолан, аоре, алан одақтары осы савроматтардан бөлінген болуы мүмкін деп топшылайды. Олар негізінен көшпенді, мал шаруашылығымен айналысқан. Бастапқыда аздаған бөлігі отырықшылықта, егіншілікпен де шұғылданған. Бірақ кейіннен рулық ыдыраушылық, дәулеттілер мен жауынгер топтардың алауыздығынан топтарға бөліну матриархаттық қасиеттердің біртіндеп жойылуына әкелген. Сөйтіп олар Евразияның оңтүстік бөлігіндегі қоныс тепкен Еділ бойы мен Оңтүстік Орал таулары, қазақ даласындағы қалалар мен егінші отырықшыларға араласу, өздерінің мешеу қалған мал шаруашылығын күрт дамыту, сауда-саттық пен жаугершілік, басып алу мақсаттарын біртіндеп жеделдетіп, Кавказ алды жазығы, Донның үстіңгі беті, Солтүстік Қара теңіз жағалауына жылжыған.

Сарматтардың скифтермен одақтасып, Диофакт әскерлеріне қарсы шығуы, боспор әулеттерінің өзара жауласу соғыстарына қатысуы олардың халықаралық істерде белсенді саяси күшке айналып, тұрмыстары мен қоғамдық өмірлері, әскери істеріне де әсерін тигізді. Сарматтардың шығыс тобы экономикалық және саяси жағынан Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Атырау мен Үстіртке іргелес Хорезммен тығыз байланыста болды. Қашаннан жауынгер, өзінен гөрі өзгелердікіне көзі қарайып, қызыққыш сармат-алан тайпаларын төртінші ғасырда ғұндар талқандады. Еуразияның оңтүстік шығыс Еуропа мен Азияның славян, солтүстік Кавказ, негізінен түркі тілдес тайпаларымен араласып, кірігіп кетті. Бірақ осы күнгі осетин халқы құрамындағы сарматтар өз тілінің негізін сақтағандар болып есептеледі.

Әңгіме аужайында әлгі айтқан Аралтөбемізге қайта оралып, ондағы қорым ерекшеліктерін ежелесек, диаметрі жиырма метрге жуық, шығып келе жатқан (сол кездегі діни нанымдарға сай) күннің шапағын елестететін дөңгелек кейіптегі қорым 12 бөліктен тұрады. Мұның өзі “бәріміз де сол күннің шапағынан жаралғанбыз, адамдар өмірі жылмен өлшенсе, жылдың өзі 12 айдан тұрады” деген ұғымды береді.

Қазба жұмыстары кезінде Аралтөбеде үш зират қазылды. Тым ертеде тоналған алғашқысынан адамдар қаңқалары мен олар қолданған шыны, моншақтар, жебе масақтары (ұштары) мен қанжар сынықтары табылды. Толық тоналмаған тағы бірінен басы оңтүстікке қаратылып шалқасынан салынған мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі қыш құмыра, темір қылыш кездесті. Аталмыш ескерткіштердің құндылығы да сол – бұған дейінгі сарматтар дәуірі ескерткіштерінен темір қылыш (түркі тұқымдастарға тән қайқы қылыш) кездеспейтін де, есесіне бірлі-жарым қанжарлар мен семсерлер ғана табылатын. Осыған сайып, қылыштың пайда болу кезеңін баяғы сол Еуропаға таңып, ондағы адамдар өмір сүрген төртінші, бесінші ғасырға апарып жапсыратынбыз да Азияда бұл үрдіс көне түркі тайпаларындағы әскери істердің дамуымен байланыстыра қарайтынбыз. Ал өз өлкемізден табылған бұл қару тарихта айтылып, керек десе ұстанып жүрген бұлжымас қағиданы төрт-бес ғасырға әрі жылжытып, аталмыш қару ғұмырын біраз жылға ұзартты. Немесе оны өмірге әкелген кәдімгі Атырауда, қашаннан әулиелер мекені болып есептелетін Жылыойды жайлап, тірлік қылған сармат тектес халықтар тарихымен байланыстыра қарауға мүмкіндік туды. Бұл, сайып келгенде, тарих үшін үлкен жаңалық, соны құбылыс.

Сондай-ақ үшінші қазылған зираттың да отандық археология үшін әкелер жаңалығы мол болды. Ол – осы арадан Қазақстан тарихы үшін үшінші алтын адамның табылуы еді, дәлдеп айтсақ, аталмыш зираттан сол баяғы сармат дәуіріне жататын ерлі-зайыпты адам мен олардың аяқ жағынан екі жылқы және қыран тақылеттес құс қаңқалары кездесті. Кезінде біраз тоналған бұл зираттың басқаларға қарағанда ерекшелігі әлгі адамдардың, әсіресе, отағасының кеуде киімі өте бай асыл бұйым – алтын әшекейлермен безендірілген. Керек десеңіз шашын түйген байламшасы, жанында жатқан қару-жарақ, қорамсақ жиектері, асатаяқ тұтқасындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, оймышталған. Шалбарының екі қапталы, балағының төменгі жиегі бағалы металмен жиектеліп, көмкерілген. Ал әйелі жанында сырға, сақина, басқа да әшекей бұйымдар сақталған. Бейіт сырты биіктігі 1,5-2 метр тұратын ұлутастардан сомдалған, балбал сақшыларымен қоршалған. Шамасы аталған асыл мүрдені әлгі тас мүсіндер, егер өз мағынасында айтсақ қалғымайтын күзеттер бағады.

Тереңдігі екі метрден астам қабір іші биік-биік нар қамыстармен көмкеріліп, үстінің ең сыртқы қабаты балық қабыршағы үлгісіндегі жалпақ тастармен жабылған. Немесе мүрдеге ыза өтпейді, жоғарысынан су ақпайды.

Мұның өзі марқұмдардың, әсіресе ер адамның кезінде ортасына белгілі тұлға, мәселен, тайпа көсемі, яғни қолбасы және дінбасы, абыздық пен батырлықты қатар иеленген, әрі құс салып, ит жүгірткен саяткер-аңшы адам болғандығын дәлелдейді.

Экспедиция жетекшісі – Зайнолла Самашев пен республикадағы белгілі қалыпқа келтіруші, кезінде Есік алтын адамын да қалыпқа келтірген тәжірибелі маман Қырым Алтынбеков аталған адамды ғылыми негізде жүйелеп, адам қалпындағы жәдігерді (тұлып) Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына әкеп қойды. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, әзірге республика тарихындағы үшінші, ал тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі, екінші алтын адам. Киімдегі өрнектер өлшемі, ондағы тайпалық ерекшеліктер мен дәуір сипатын бейнелейтін сурет, сызба табиғатын танытатын қасиеттерін алғанда тіптен ғажап.

Мәскеудегі Ресей Ғылым Академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология және этнология институтының антропология зертханасында биология ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Е.В.Васелевскаяның жетекшілік етуімен қалыпқа келтірілді. Олардың айтуынша сүйек орташа қалыпта сақталынған, әу баста көзі тірісінде бес тісі түскенге ұқсайды, бірақ кейінгі шақта түрлі себептерге орай (тонау, қазу кездерінде) барлық тісінен айрылған мүрде иесінің қаза табу жасы 45-50-лерден аспайтын көрінеді. Марқұмның денесі ірі, әсіресе жақ сүйек, шүйделері мол. Мұрыны да қомақты, жазық маңдай. Сондай-ақ тарих үшін үлкен мәні бар темір қылыш та қалыпқа келтірілді.

Сөйтіп, осыдан жиырма ғасыр бұрын өмір сүрген сармат көсемі- алтын адам мүрдесі табылып, оның тұлып күйіндегі сомдалған бейнесі Атырау облыстық мұражайдан және Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің көрме залынан орын алды. Оның бүгінгі және келешек ұрпақ үшін ақтарар сыры мол. Сайып келгенде тарих тағлымы, өткеннің өркенді өнегесі дегеніміз де осы шығар. Өйткені бұрынғыға қарап, бүгінді саралау, бағамдау қашанғы әдетіміз және бұлжымас борышымыз емес пе?! Ендеше алтын адам тек алтындығымен емес, сол арада өмір сүрген халықтардың арғы-бергі тарихы, табиғи болмысын ақтарар мол шежіре, ғажайып мұра.

 

Жалғасы бар, осында