ӨНЕР АЛДЫ ҚЫЗЫЛ ТІЛ

ӨНЕР АЛДЫ ҚЫЗЫЛ ТІЛ

Тіл – ол қарым-қатынас пен дипломатиялық байланыс туғыздыратын коммуникациялық құрал. Адамның бүткіл болмысы мен тылсым дүниенің құпиясын осы тіл арқылы түсіндіріп жеткізетін құрал. Тіл болмаса ешбір өнер дүниеге паш етіп келмес еді. Қандай өнер болмасын, қандай ғылым саласы болмасын тілге келіп тіреледі. Қазақта өнер алды қызыл тіл деп тек әдебиет пен айтыс, ақындықпен шектеліп қалатыны өкінішті. Техника, механика, қиял әлемі, сызба, роботтар әлемі, ғарыш, сурет, спорт, физика және т.б. қазақша сөйлемесе, бүгінгі ұрпақ босқа өмір сүріп жүр деп ойлаймын. Бүгінгі бейбіт заманда отырған  қазақ халқының әрбірі мен деген өнерлі, қырлы кісі өзінің сара жолын қазақша сөйлеткізбесе, халықаралық терминді тіліміздің сингармонизіміне бейімдемесе, ойлары мен түйінделерін қазақшалап жеткізбесе, кележек ұрпақтың алдында қарайтын бет қалмайды. Өйткені күні бүгінге дейін ата-бабамыздың ерлігімен, батырлығымен мақтанып, ұлан-ғасыр жерді жаудан найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады деп еске алып мақтанамыз. Ал болашақ ұрпақ бізді «кім» деп атайды? Қан мен тер арқылы жеткен ұлт аманатының кезегі бізге тірелгенде біз бар кінәні билік пен үкіметке жауып, өзімізді судан таза, сүттен ақ қылып ақтап аламыз ба? Шындығында тіл мәселесіне келгенде бәріміз де ат салысуымыз керек. Тілің жоқ болса, өзіңді ұлт ретінде жоғалдым деп санай беруге болады. Осылай жүре берсек қазақтың ғұмыры ұзаққа созылмайды. Өнер алды қызыл тіл қағидасын тек отбасы мен көше аймағында  жаралы ақсақ киіктей жәутеңдетіп қойдық. Ең кішісі банкоматтан ақшаны алу үшін де қазақ тілін таңдамаймыз. Осыған үкімет кінәлі ме? Әрине өзіміз. Өз құқығыңды, өз болмысыңды өзің ғана  жер қылып бағаламадың. Осыны оқыған қазақ  «мен қай саланы, қай өнерді қазақшаға аудардым, оқыған қай кітабымның мазмұнын түйіндедім, кімге үйреттім» деп өз-өзіне есеп берсе, бәлки бір өшпес із қалдырар еді. Болашақ ұрпақтың бетіне  қарауға ұялмау үшін ұлт аманатын жеткізе білген егемен елдің аға буыны бола білейік.

Анар Сатай Әбдіғалиқызы