Хакім Көшқалиев, ҚР прокуратура органының құрметті қызметкері, Гаагадағы прокурорлардың Халықаралық қауымдастығының мүшесі, С.Аманжолов атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университеті мен Семей заң институының құрметті профессоры.
-Хаким Дүйсешұлы, Сіз жас кезіңізде спортпен шұғылданған шығарсыз?
-Мектепте оқып жүрген кезде бокспен шұғылданғанмын. Облыстық, аймақтық жарыстарға қатысып жүрдім. Әскерден келген соң Екатеринбург қаласындағы мемлекеттік заң университетінде оқыдым. Сол кезде «Динамо» қоғамының жанында милицияларға арналған негізінен жасырын жағдайда өткізілетін каратэ үйрмесі болатын. Мен сол үйірмеге қатысып төрт жыл бойы каратемен шұғылдандым. Кейін Атырау облысында прокуратурада тергеуші болып жүрген кезде милиция мектебінде кейін «Динамо» қоғамында ауылдың балаларын жинап алып каратеден жаттығу жасап жүрдім. Жазғы демалыс кезінде қасыма Қайролла деген інімді ертіп алып Мәскеуге барып жүрдік. Атақты спортшы, киноактер Тадеуш Рафаилович Касьяновке жолығып «Қоян-қолтық жекпе-жек» деп аталатын спорт түріне қатыстым. 1988-1989 жылдары екі жыл қатарынан осы мектептің ұйымдастырған семинарына қатысып сертификатын алдық. Інің Қайролла осы «Қоян-қолтық жекпе-жегінен» бапкер болып үйірме ашты. Мен олардың спорт орнына барып жаттығуымды жалғастырып жүрдім. Ол кез мен үшін ізденіс кезі болатын. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста отырамын. Кешке екі-үш сағатқа уақыт тауып спорт орнына барушы едім. Жаттығудан шыққан соң қайтадан жұмысқа келіп түнгі сағат екі-үшке дейін жұмыста отырып жүрдім.
-Кейін де бірқатар спорттық шараларды ұйымдастыру шаруаларымен айналыстыңыз ғой?
-1991 жылы Атырау облыстық Атқару комитеті жанынан жаңа құрылым болып «Жастар ісі жөніндегі басқарма» құрылды. Облыс жастарының ашық сайлауының нәтижесінде сол басқармаға төраға болып сайландым. Жаңа қызметімнің міндеттеріне сай жастардың сүйіп айналысатын спорт түрлері шығыс жекпе-жегіне көңіл бөлуден бастадым. Алдымен «Қоян-қолтық жекпе-жегін», кейін таеквондо үйрмесінің ашылуына мұрындық болдым. Таеквондо үйірмесіне қаржы тауып беріп оларға белдік тапсыруға жәрдемдестім. 1999 жылы Атырау облысына қайтадан қызметке келдім. Сол жылы маған облыстың таеквондошылары келіп өтініш жасады. Олардың жаттығатын спорт орындары болмай жүр екен. «Атырау» Денешынықтыру-сауықтыру кешенінен бір кең орын бос болатын. Басшылары оған кафе ашамыз деп жоспарлап отыр екен. Сол кең орынды таеквондошыларға тегін пайдалануға алып бергіздім. Өздеріне спорт орнын салу үшін жер алып беруге жәрдемдесіп едім. Өздері құнттамады. Көп кешікпей Парламент Мәжілісіне депутат болып сайландым да Астанаға көшіп кеттім. Осыдан үш жыл бұрын маған Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов келіп Астана қаласы Таеквондо федерациясына президент болуымды сұрады. Мен қазір жие іссапарына шығамын. Қолым тимейді. Ал мұндай жұмысты атқару үшін басы-қасында болуым керек қой. Осы себепті ұсынып тұрған игі ниетінен бас тарттым.
-Қазір спортпен айналысасыз ба?
-Спорт адам тәрбиесінде өте маңызды роль атқарады ғой. Сол үшін салауаттылық өмір салтын жие насихаттап отыру қажет. Осы жерде мен бір мысал айта кетейін. Жалпы тоғыз облыста қызмет жасаппын. Сол тоғыз облыста мен жетекшілік еткен футбол командасы болды. Біз басқа саладағы өзіміз сияқты мемлекеттік қызметкерлермен футбол ойнап өзара жарыс жасайтынбыз. Шығыс Қазақстан облысында прокурор болып қызмет істеп жүрген кезде тіпті бас бостандығы айырылғандармен футбол ойнаған кезіміз болды. Облыста осындай он бес орын болатын. Соның тоғызымен футбол ойнадық. Мақсатымыз салауаттылық өмір салтын насихаттау болды. «Сендер қателескен екенсіңдер, қазір жазаларыңызды алып жатырсыңдар. Бірақ осы жерден шыққан соң сендер енді оралмайтындай болып шығуларыңыз керек. Еркіндіктегі өмір салауаттылықты талап етеді.Біз сіздерге көмектесеміз. Қатынасымыздың басы осы болсын» деп футбол ойынына шақырдық. Жеңімпаздар үшін деп сый-сияпатымызды ала бардық. Адамды өнебойы ынталандырып отырса ол міндетті түрде салауатты өмір салтын ұстанады. Мен өзім аптасына екі күн міндетті түрде футбол ойнаймын. Қасымда өзім сияқты алты-жеті ардагерлер бар, бәріміз жастармен футбол ойнаймыз. Әзірше қалыспай келе жатырмыз. Салмағым 80-81 келі болады. Өзімнің салмағымды он рет көтеремін. Турникке он бес рет тартыла аламын. Нағыз салауатты өмір салтын сақтап жүрген адаммын. Одан қалса спорторындарға барып мешок ұрамын.
-Қазіргі спорт бапкерлеріне не айтар едіңіз?
-Бүгінгі күні жастарға спорттық тәрбие беру ісі дұрыс мағынасында жүргізілмей отыр. Көптеген жаттықтырушылар тек қана спорттың әдіс-айлаларын ғана үйретіп, жастарға тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлмей жүрген сияқты. Нәтижесінде тәртібі төмен жастар көбейіп барады. Ал мұның соңы үлкен қасіретке соқтыруы мүмкін.
-Сұхбатыңызға рахмет! Ниеттестеріңіз көп болсын.
Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов.