Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы. Б.Бисенғалиев Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы. Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, адам естімеген бір қиырда, таудай толқындары жарға соғып көбік шашып жататын көк теңіздің жағасында бір патшалық болыпты. Бұл патшалықтың халқы өте бақытты, жайлы тұрмыс құрыпты. Халқының негізі жастар екен де, олар уайым-қайғы дегенді білмепті, күнде думан, күнде той қылып бақытты өмір сүріпті. Жігіттері кілең батыр болса, қыздары шетінен сұлу, қолдарынан келмейтін өнері жоқ жандар екен. Жігіттері патшалықты бай қылу үшін күміс қанат самұрық құстарға мініп, көзді ашып-жұмғанша алты айшылық жолды артқа тастап, ұшы-қиыры көрінбейтін шөл даланың төсіндегі алаңдардан жеті қабат жер астына тығылған «қара алтын» деген қазына байлықты айлап, апталап іздейді екен де, келіншектері үйде отырып патшалықтың халқын көбейтіп шекесі торсықтай ұлдар, әдепті, инабатты, тәрбиелі сұлу қыздар тауып, мәпелеп өсіреді екен. Осынау ғажайып патшалық орналасқан қаланы тұрғындары «Шуақты мекен» деп атап, барлығы да зәулім-зәулім сарайларда тұрады екен.
Патшалықтың аты – КЭ «МНГР» екен, Шуақты мекеннің аты – Ералиев поселкесі болса, осынау бақытты патшалықтың тұрғындарын – геолог-барлаушылар деп атайтын көрінеді.
Сонымен осынау таңғажайып патшалық, шуақты мекен, оның тұрғындары жайлы қолымнан келгенінше суреттеп жазып қарайын. Ертегі басталды, оқыңыздар.
... Ералиев ақшаңқан, өте таза, шағын ғана поселке. Ең бастысы өте жылы теңіз жағалауы бар. Ашық теңіз емес. Тайыз қойнауға жайылған теңіз суы тез жылитын, әрі ашық теңіздің суына қарағанда тұщылау да. Жаз бойы күнде теңіз жағасында(кейде жағалаудан алыстау тұрған аралда) жататынбыз, тамақтарымызды да сол жерден ішіп, күнге қақталып, суға шомылып, құмға аунап ... Теңіз жағалауында ойда орналасқандықтан Жетібай жақтан келгенде дәл төбесінен түскеніңше көзге көрінбейтіндей болып «тығылып» тұрған, қаншама жауын жауса да аяғыңа балшық жұқпайтын, жері қиыршық тас ауыл. Нағыз курорт болатын жер. Осы жерде барлық саналы ғұмырымның 22 жылы өтетінін мен ол кезде сезбеппін. Төрт баламның кіндік қаны осы жерде тамып, балалық шақтары осындай әдемі ауылда өтетінін кім болжап, кім білген?!
Сонау 1970-ші жылдардың орта тұсында ЖНРЭ мекемесі Жетібайдан Ералиев ауданының орталығы болып саналатын Ералиев поселкесіне көшті. ЖНРЭ сол кезде біртіндеп РИТС-1 деген құрылымға айналып, шағындалып жатқан тұсы еді. Бұл мекемелер КЭ «МНГР»-дің бөлімшелері болып есептелетін. КЭ «МНГР» жаңадан бой түзеп келе жатқан аудан орталығынан өзінің қызметкерлеріне, жұмысшыларына арнап «типовой проект» бойынша Московская деген орталық көшенің бойынан әдемілеп шағын үйлер тұрғыза бастады. Екі қабатты, екі подъезді, шифермен жабылған шатыры бар, әр подъезде 1-2-3 бөлмелі пәтерлері бар, бір көшенің бойына, теңіз жағалауына барынша жақын үйлер қаз-қатар тізіліп бой көтерді. Сол көшенің бойындағы жаңадан салынған үйлердің барлығында жас шамалары біркелкі өзіміз құралпылас жастар орналасып, қоныс тойын тойлап мәре-сәре болып жататынбыз. Арамызда жастары сәл үлкендеу аға-апаларымыз болды, бірақ олар да жас болатын, жас айырмашылықтары онша көп емес-тін. Сол керемет көшенің кейбір тұрғындарын жазып қояйын, бәрін емес, тек кейбіреулерін ғана. Жастары ересектеулерінен бастайын: Аққалиев Биғали, Матаев Болатбай, Көкібаев Герой, Сариев Қылышнияз, Бағытжанов Сансызбай, Сапаров Сапығали, Сырымбаев Талап, Өтепов Мақаш, Ілмұқанбетов Халипа, Балмұқанбетов Ғиззат, Мәлесов Бақтығали, Әлпішов Бектемір, Молдағалиев Сираж, Оразбеков Тауман, Жапаров Берікхан, Құлжанов Қырымқұл, Қызылов Сағымбай, Бекенжанов Алтынмұрат, Жұмағалиев Қосдәулет ... Ал өзіміз құралпылас, бірге жұмыс жасап, бірге қыдырып жүргендер: Бозбаев Ғалымжан мен Қадыржан, Жолдасбаев Есенқұл, Тастаев Жалғас, Өрбісінов Мұқанбет, Өтепов Жұматай, Жарасов Амандық, Өтепқалиев Талап, Байжазықов Жетіс, Аманжаров Нұрсапа, Жалғасов Балғабай, Әлімгереев Махсолат, Жақсымбетов Сұлтан-Уәйіс, Жақыпов Қамидолла, Оңғарбаев Нахим, Қазиев Жұмағали, Өтесінов Құсайын ... Бұлардың барлығы да бірге туған ағайыннан бетер дос-жолдастар еді, әлі күнге дейін сағыныса көрісіп, сол шуақты мекендерін, шуақты күндерін ерекше сезіммен еске алып, таусылмайтын әңгіме-естеліктерге кіріп кетіп жататынын қалай айтпасқа. Барлығымыз да бір мекемеде, бұрғылау саласында жасайтынбыз, сондықтан айтатын әңгімелеріміз де ортақ болатын. Біреулеріміз вахтаға кетіп жатсақ, енді біреулеріміз вахтадан келіп жататынбыз. Айтулы мерекелерден(1 май, 7 ноябрь, 31 декабрь) бөлек өзіміздің апта сайын болып жататын «вешірлеріміз»(туған күн, сәбилі болу, детсадқа бару, мектепке бару ...) де жетерлік, күнде думан, күнде той еді ғой жүрген жеріміз. Жастардың жүрген жері той-думан ғой, шіркін. Ол кезде бұрғышы жігіттердің келіншектері де «жоспарды асыра орындап» бала туудан алдарына жан салмайтын да, шілдехана жиі-жиі болып тұратын. Вахтадан келген сайын бір шілдехана болатын сияқты еді. Геолог-барлаушы болып бұрғылау саласына еңбек сіңіріп, аз күнге демалысқа келгенде той тойлап қызық қуып, мидай араласып жүрген сол отбасылардың балалары құрдас, балабақшаға бірге барған, класстас, достар болып, ата-аналары сияқты тығыз араласып жүрді, пионер лагерлеріне де бірге баратын, бірге ойнап жүретін, тентектік жасап «бүлдіретін», әлі күнге дейін байланыстарын үзген емес. Ал геолог-барлаушылардың ошағының отын маздатып жағып отырған келіншектері де құрбы-құрдас, дос-жаран, абысын-ажын, туған ағайындардай болып кеткенін де, әлі күнге бір бірлерін іздеп тұратындарын қалай айтпасқа?! Ол заманда қазіргідей ас та төк молшылық емес, дастарханда тек қана келіншектердің өз қолдарымен пісірген, әзірлеген ұлттық тағамдары ғана жайнап тұратын. Аттары ер адамдарға көп таныс емес әртүрлі еттен, балықтан, көкөністерден әдемілеп дайындалған пісірмелер, қытырлақ-шытырлақ тәттілер, алуан түрлі торттар, қолдан жабылған, консервіленген көкөністер, жеміс-жидектер, салаттардың, вареньелердің неше түрін ... дайындаудан бұрғышылардың келіншектеріне жететін ешкім болмайтын. Дастарханға қойылған барлық дәм тек қолдан жасалған, ерекше дәмді, қонақтардың барлығы да сүйсініп жейтін тағамдар болатын. Дастархандағы әр дәмді ерекше дәмді, әдемі қылып дайындаудың хас шеберлері болатын араларында, солардың барлығы жиналып той, «вешірге» дастархан мәзірін жасағанда қарауға көз керек болушы еді-ау. Дастархандағы дәмнің барлығы да қолдан дайындалған, ерекше сүйіспеншілікпен пісірілген тағамдар болғандықтан қонақтар да сүйсініп қабыл алатын, мақтайтын. Тойымыз ортақ, үйде, болмаса үйдің алдына тігілген палатка-шатырда өтетін де, өте қызықты, ән-думан, би дегенің кемерінен асып төгіліп жататын. Бұл көшенің тұрғындарының татулығы сондай, бір атаның балаларындай бауырмал, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеп тұратын. Жасы кішілері үлкендерінің алдын кесіп өтпейтін, қарсы сөз айтпайтын, келіндер жағы қайынағаларын әлі күнге дейін құрметтейді, тумаса да туғандай болып кеткендер еді ғой. Олай болуының себебі де жоқ емес, олардың барлығы да КЭ «МНГР» деген Қара Шаңырақтан шыққан, сол үлкен отаудың енші алып шыққан ұрпақтары ғой. Бір ҚАРА ШАЛДАН тараған балалар іспетті. Бұлар тату болмай кім тату болады!
Жаз бойы жейтіндері, той дастарханына қоятындары экспедицияның қосалқы шаруашылығында(подхоз) өсірілген жеміс-жидектері, көкөністері, барлығы да еш химикатсыз Қызылқұм мүйісінің табиғи құнарлы жерінен өсіп өнген өнімдер. Ол қосалқы шаруашылықта(подхоз) өспейтін жеміс-жидек, көкөніс жоқ, барлығы өседі, жері құнарлы, суаратын суы балдай тәтті, бағбандары керемет мамандар. Қысқа да жеткілікті қылып жиналады, жаз бойы бұрғылау қондырғыларының асханалары үздіксіз осы өнімдермен жабдықталады. Қолың қалт етсе минералды емдік, шипалы ыстық суы бар экспедицияның өз шипажайына жатып ем алуыңа да болады, тума-туыстарыңды, жақын-жуығыңды да емдетуіңе болады. Теңіз жағасындағы, ауылдың іргесіндегі Жылан таудың бөктеріне саяхаттап, суына шомылып, майда ыстық құмына жатып демалғанға жететін не бар дейсің, шіркін!!! Жылан тауға қарама қарсы беттегі экспедицияның шағын жазғы үйшіктер бар(коттедждер) демалыс орнына(зона отдыха) барып та демалуға болатын еді, оның да орналасқан жері, теңіздің жағалауы өте тамаша ғой. Бұл көшенің тұрғындары жазда жазғы төбесі ашық киноклубқа киноға барады, қалған мезгілде көшеміздің бас жағында тұрған «Толқын» атты кинозалға кино көруге барады(әсіресе үнді кинолары болғанда). Киноға бара жатырған көшеміздің тұрғындарына қараудың өзі бір ғанибет, құдды бір астанадағы театрға бара жатырғандай сәнденіп киінеді, басқа жақтан концерт келе қалғандай болса тіпті керемет, күнде көріп жүрген көше тұрғындарын танымай да қалуың ғажап емес. Ол замандағы концерттер тек қана жанды дауыста орындалатын, көбінесе домбыраның қостауымен. Ауылымыздың көркемөнерпаздарының концерттері де анау-мынау кәсіби әнші, биші, домбырашылардан қалыспайтын.
... Үйде отырып терезеден қарасаң да, есіктің алдына шықсаң да көзіңе шалқып жатқан Каспий теңізі көрінетін. Кейбіреулердің іздеп келіп демалатын теңізі ғой, біреулерге курортты аймақ болып көрінетін де болар, ал біздер үнемі теңіздің ауасымен демаламыз. Қаланың үйлері сияқты әр пәтерде газ плитасы орнатылған, ыдыс-аяқ жуатын «мойкасы» бар ас үй, ванна, әжетхана, орталық жылу қазандығына қосылған жылыту жүйесі, ауыз су жүйесі, техникалық су жүйесі бар болатын. Маңғыстаудың ақ ракуша тастарынан тұрғызылған әсем үйлер тізбектеліп тұра бастады. Қаланың үйлерінен сәл айырмашылығы, бұл үйлерде балкон болмады, жоба бойынша қарастырылмаған. Бұл үйлер сол кезге сәйкес заманауи пәтерлер болып есептелді де, сондай пәтерге қолы жеткендердің төбелері көкке жеткендей болатын. Бір қызығы, үйдегі ваннаға, әжетханаға келетін техникалық су Ералиевтегі ыссы минералды су еді де, үйден шықпастан санаторийде жатқандай шипалы минерал ваннасын қалағаныңша қабылдай бер. Ал ауыз суды машиналармен тасып әр үйдің алдына алып келетін. Кешке қарай үйдің алдына келген водовоздан су алу үшін кезекке тұрып, үйдегі бар ыдысты толтырып алатынбыз. Орталық қазандықтан жылытылатын деген аты ғана болмаса, ол котельныйдың шамасы біздің үйлерді жылытуға жетпейтін. Жұмыс жасағанынан бұзылып тұрғаны көп болатын. Жерге тайыз тереңдікке көмілген үйлерге жылу жеткізетін құбырлардың да минералды судан тез шіріп, тесіліп жататын кездері жетерлік еді де, осындай себептермен қыста пәтерлеріміз жылымайтын.
Сол замандағы Кеңес үкіметінің жас мамандарға деген қамқорлығы ерекше еді ғой. 1976 жылы әлі үйленбеген мен сияқты қатардағы бұрғышы жас маманға жаңадан салынып болған тамаша үйдің бірінші қабатынан 3 бөлмелі жайлы пәтер беріп еді. Московская көшесі, 20 үй, 9 пәтер деген адресі болды. Ата-анаңды көшіріп әкел, орнығып ал, тек жұмыс жаса, ештеңеге алаң болма дегені ғой. Үйленіп отбасылы болам десең отауың дайын!
Сол кездегі құрылыстың жайы белгілі, сапалы материалдар жоқ болатын. Үй тұрғызуға қажетті есік, терезе, еденнің төсеніші ... сияқтылардың барлығын да КЭ «МНГР»-ге қарасты ДОЦ (деревообрабатывающий цех)-та дайындалатын еді де, олардың сапасы әлі де болса шамалы еді. Қысқа қарай терезелерді шүберек тығып,замазка тығып жел кірмейтіндей герметизация жасап тастаймыз, өйткені қыста отопление нашар, котельныйдың жылуы жоқтың қасы, сондықтан жел кіретін тесіктерді барымызша бітеуге тырысамыз, ал жаз болса қысқа жасаған герметизацияны бұзып терезелерді ашып қоямыз. Ол кездерде жаздың күні қатты ыстық болады да, түнге қарай теңіздің қоңыр салқын самалы соғып тұратын. Күндіз күннің ыстығынан қызған тас үйлердің іші жанып тұрады. Қайнап тұрған бұндай үйде демалу мүмкін болмағандықтан кейбіреулер шыдай алмай-төсек көрпелерін далаға алып шығып, далада жатып ұйықтайды бала шағаларымен, таңертең күннің көзі көтерілгеннен бастап көрпе-төсектерін үйге сүйреп әлек. Тағы бір ерекшелігі, бұл ауылда шыбын-шіркей, маса-сона дегендер атымен жоқ, далада масахана құрмай-ақ алаңсыз жата беруіге болады. Ол кездегі Ералиевте шаңды топырақ дауыл жиі болатын, жері қиыршық тас болғандықтан, қатты жел көтерген қиыршық тастар денеңді тесіп кететіндей еді. Күндізгі қатты ыстықты бойына сіңіріп алған жер, асфальт, үйлердің ракуша тастан қаланған қабырғалары түнге қарай сол ыстықты кейін қарай шығарып, түннің біраз мезгіліне дейін ауа салқындай қоймайтын. Қанша дегенмен теңіз біздің үйлерге жақын болғандықтан, біздің үйлер мен теңіз жағасы арасында ешқандай кедергі болмағандықтан, теңізден соққан салқын самал біраздан соң ауаны салқындата бастайтын. Сол заманның ең бір жақсы тұсы, поселокте қаншама ұлттың өкілдері тұрса да, бұрғылау бригадаларында жұмыс жасайтын әртүрлі тентектер, ұзақ жыл темір тордың арғы жағында болып келгендері де бар арасында, тұратын жатақханаларға жақын тұрсақ та халық жазғы ыстықта түнге қарай еш алаңсыз, ештеңеден сескенбестен төсектерін жайып тастап, бір үйдің балаларындай болып, бала-шағасымен түнде үйлердің алдында, қапталында ұйықтай беретін. Еш үйдің есігі кілттенбейтін. Жаңадан салынған сол үйлерді де жақсы ойластырып салған екен. Қатар тұрған екі үйді бір-біріне қарама қарсы, подъездерінің есіктерін бір-біріне қаратып, пар-парлап тұрғызған. Екі үйдің арасы жобамен 10-15 метрдей шығар. Жаздың жаймашуақ кештерінде әлгі қарама қарсы қарап тұрған екі үйдің адамдары астарын ішіп алғасын есік алдына шығады, алаша, киіз, көрпелерін жерге төсеп жіберіп топ-топ болып әңгіме-дүкен құрып қауқылдасып отырғандары, кейбіреулері шынтақтай жантаяды. Шахмат құмарлар бір бөлек, ермек үшін карта ойнайтындар бір бөлек, нарды ойнайтындар да баршылық араларында, әңгіме айтатындар бір бөлек, әйелдер жағы бір бөлек, балалар да топ-топ болып асыр салып мәз мәйрам болып шуылдасып жататынбыз. Теңізден соққан салқын самалға денеңді тосып бір рахаттанатынбыз. Жаздың күндері түні бойы, таңға дейін осы үйлердің арасымен теңізге қарай, теңізден кейін ауылға қарай ерсілі-қарсылы шұбырып жатқан халықта есеп болмайтын. Теңізге барып шомылып, демалып қайтқандардың барлығы да «қызулау», ішіп алғандар ғой. Сол шұбырғандардың біреуі де болса далаға төсек салып ұйықтап жатқан тұрғындарға тиіспейтін, тыныштығын бұзбайтын еді-ау. Төбелес шығарып, айқай-шу болып даурығып жатқандарды да көрмеппіз. Мезгілсіз уақытта қатты дауыстап ән шырқап ұйқымызды бұзып келе жатқандар да болмайтын. Нағыз мамыражай коммунизм, бейбіт, тыныш өмір сол кезде болған екен-ау деп қаламын осы күндері.
Айтпақшы, жоғарыда ұлы мерекелер бар дегенмін, сол мерекелер дегеннен шығады, ол заманда ұжым болып бірге мерекелейтін, ұжымдастардың басын қосып, ұйымшылдыққа, бірлікке жетелейтін, поселоктің халқы түгелге жуық жиналған алаңда ұжым болып салтанатты шерумен халық алдына шығатын, ұжымның қандай екенін көрсететін ұлы екі мейрам болды. Бірі – 1 май мерекесі болса, екіншісі – 7 ноябрьде тойланатын Ұлы Октябрь Революциясының жеңісі мерекесі. Әңгіме осы мерекеге қарай ауысқасын, аздап болса да сол мерекелер жайын жазып қарайын. Осы екі мерекеге поселке халқы да, аудан басшылығы да, поселокте орналасқан әртүрлі үлкенді-кішілі ұжымдар да барынша тыңғылықты дайындалады. Шерумен жүріп алаңнан өтіп бара жатқанда салтанатқа жиналған халыққа да, трибунада тұрған аудан басшылары мен әр ұжымнан шыққан белгілі азаматтарға да өздерінің ұжымдарын жақсы жағынан көрсетіп қалу үшін барын салып дайындалады. Біздің ұжым да осы екі мерекеге бірер ай қалғанда алдын ала қызу дайындық жұмыстарын жүргізетін еді. Әр мерекеге сай, шерумен шыққанда ұжым мүшелері ұстап шығатын әртүрлі ұрандар жазылған транспаранттар, жалаулар, плакаттар, орталық комитеттің политбюро мүшелерінің портреттерін, қызылды-жасылды шарлар, қызыл жалаулар ... дайындайтынбыз. Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, бірер сағатта өте шығатын осынау шеруге біраз уақытқа созылатын дайындықтың өзі бір қызық болатын. Алдағы болатын осындай ұлық мерекені күтудің өзі ұжым мүшелеріне қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын. Аудан, поселок басшыларының тапсыруымен біздің ұжымға бөлініп берілген көшелерге, ғимараттарға да жалаулар, плакаттар, әртүсті жалаушалар, шарлар іліп безендіретінбіз. Ұжым мүшелері шеруге шыққанда алдымызда көшті бастап мерекеге сай безендірілген Газ-51 машинасы жүретін де, оның соңына ұжым басшысы, ұжымдық партия-кәсіподақ-комсомол ұйымдарының жетекшілері бастаған еңбек озаттары, партия белсенділері, ұжым мүшелері үлкен колонна болып еретін. Барлығы да сәнді киінген, қолдарында қызыл жалаулар, шарлар, кішкене жалаушалар, киімдерінің өңірлеріне таққан қызыл матадан жасалған банттар, жоғары көтеріп алған ұрандар жазылған транспаранттар мен портреттер ... Көпшілігі қасына балаларын жетектеп шығатын шеруге. Балалар да барынша сәнді киінген, бәрі де өте көңілді, мәз-мәйрам болып мерекелік көтеріңкі көңіл-күйде шауып жүретін. Өзім жұмыс жасайтын РИТС-1 мекемесінің шеруінің алдында жүретін Газ-51машинасының безендірілуі ерекше болатын, жұмыс саламызға сай келетін. Кабинаның үстіне мықты қылып орнатылған бұрғылау мұнарасының 1,5-2.0 метрлік, металлдан жасалған макеті, оның ұшар басында(кронблогында) алқызыл жалауша желбірейді, машинаның астауының ұзына бойына, биік қылып жасалған тумба орнатылатын, тумбаның екі бетіне мерекеге сәйкес тақырыпта әдемі суреттер, ұрандар жазылатын, ал машинаның өзін айналдыра, дөңгелектерін көрсетпей, жерге сәл тимей, жауып тұратын жалпақ плакаттармен мықты қылып қоршалатын, оларға да әдемі суреттер салынып, мерекенің тақырыбына сай жалынды ұрандар жазылатын. Осы тумбаның екі қапталына, машинаның астауына шүпірлеп бұрғышылардың сәнді киінген балалары отыратын, қолдарына ұстаған түрлі түсті шарларымен, жалаушаларымен жиналған халыққа қол бұлғап мәз болып масайрап өтетін еді алаңнан. Шеруді қабылдаушы аудан басшылары, еңбек озаттары, ардагерлер тұрған трибунаға жақындағанда репродуктордан зор дауыспен диктор әр мекеменің жеткен жетістіктерін, мерекені қандай толағай табыстармен қарсы алғанын, еңбек озаттарын елге әйгілеп жар салып хабарлап жататын еді. Ал шерумен жүріп келе жатқан біздер де бар даусымызбен ұрандарды айқайлап, құттықтау тілектерін айтып өтетінбіз. Аудан орталығы болғандықтан поселкемізде әртүрлі ірілі-уақты мекемелер көп, мектептер де баршылық. Солардың барлығы да салтанатты шеруге сап түзеп колонна-колонна болып шығатын. Ал КЭ «МНГР»-ге қарасты біз сияқты бөлімшелер де өз реттерімен колонна-колонна болып, бар сән-салтанатымен халық алдына шығатын. РИТС-1, РИТС-2, КОиКС, ВМК, АТК-1, АТК-2, СМУ ... дегендер ғой, шеті шегі көрінбейтін салтанатты шеру болатын.
Мектептер, балабақшалар салынып, іске қосылып жатты. Тұрғын үйлер де. Балаларымыз балабақшадан орын ала алмауы мүмкін-ау деген қауіп мүлдем болмады. Жазғы каникулдарында оқушы балаларымыз Кавказдағы Железноводск қаласының маңындағы Иноземцова поселкесіндегі өзімізге қарасты(ведомстволық) «Геолог Қазақстана» деген пансионатта үш ауысыммен пионер лагерінде демалып келетін. Әр ауысымда бір айдан демалатын. Күзгі-қысқы-көктемгі мезгілдерде өздеріміз еңбек демалысында сол пансионатта ем алып демалатынбыз. Ведомстволық шипажай болғандықтан жолдамалар ақысы өте тиімді, арзан, жеңілдетілген бағамен берілетін.
Сол заманда халықта дүниеқоңыздық деген жаман қасиет болған емес. Әртүрлі тұрмысқа қажетті тоңазытқыш, кілем, автокөлік, қымбат жиһаздар, теледидар ... дегендерің қат еді. Ешкім де әсіре байлыққа ұмтылмады, халық біркелкі деңгейде өмір сүрді, елдің алдына шығамын деген мақтаншақтық, шашпалық болмады. Жасандылық жоқ, барлығы да шынайы, ақ көңілден жасалатын. Елдің алдына тек еңбектегі адал жеңісімен шығатын-ды. Білім алуға құштар болды, кітап оқуға құмар еді, жақсы кітаптарды іздеп жүріп жинастыратын, кітаптарымен мақтанатын. Сол заманның адамдарының тұрмыстары қоңырқай болғанымен, пейілдері кең болатын, адами тәртіп, тәрбие жоғары болатын. Өзім өмір сүрген Ералиев ауылының сол замандағы көрінісін, тұрмыс тіршілігін қолымнан келгенінше жазу арқылы сол кезеңдегі шуақты, мамыражай тірлікті еш қосымшасыз, әсіре мақтаусыз көрсеткен болдым. Сол замандағы әр ауылдың өмір сүру жағдайы осындай болғаны шындық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қандай бейбіт заман еді, шіркін!!!
Кереметтей заман өтіпті ғой!!! Ертегідегідей өмір деп осыны айтатын болар-ау ...
Осы ертегіні жазған сол патшалықтың тұрғыны Бәкөн әл-Сағыз деп білерсіңдер.
Ақтау.
Қыркүйек 2019ж.