АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ

АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ

Әр ауылдың өз айтқыштары мен Қожанасырлары болатыны белгілі. Біздің Сағызымыз да ондайлардан кенде болмаған. Бұл бөлімде біз кезінде ауыл арасында кең тараған, әзілі мен шыны аралас айтылған хикаяларды топтастырдық. «Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары бар» деген бар. Ауылдастарымыздың айтқандары ешқандай зілі жоқ әзілдер, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындай қазақы қалжыңдар болатын. Бүгінгінің арзанқол анекдоттарындай емес, өмірдің өзінен алынған әдемі әзілдер мен халықтық қалжыңдардың нағыз үлгісін назарларыңызға ұсынғымыз келді.

 

Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз)

WhatsApp Image 2019-12-04 at 15.14.37

 

1.

 

Әкелі-балалы Атшыбаевтардың айтқандары

 

 

  Қабдол ағамыз  өте әңгімешіл, ойдан шығарып түрлі оқиғалар айтудың шебері еді. Бұл дегеніңіз қазіргі күннің арзанқол анекдоттарының талайын жолда қалдыратын әңгімелер еді ғой! Ағамыздың осы қасиеті баласы Мақатқа  дарыған екен. Ол да әңгімешіл, қияли-ғажайып ертегілерден оқығандарын осы қазіргі өмірге бейімдеп, қуақыландырып әңгіме құрастырып айтқанда аузыңның суын құртатын еді. Екеуі де әңгіменің майын тамызып, қиюын келістіріп айтатын.

Қабдол ағамның көп әңгімелерінен екі әңгіме айтайын. Қабдол ағам біздерді жинап алып тамақтан кейін әңгіме айтатын. Бірде жастық шағы туралы айтты: «Атақты байдың баласы болдым. Жас жігітпін. Астымда ахалтеке арғымақ, үстіме кигенім өте әдемі киімдер. Ер-тұрманым, ат-әбзелім сүйектен ойылған. Қолымдағы қамшымның өзінің бағасы бір үйір жылқы. Қолымда үкілі домбырам бар, бес-алты жігіт болып сал-серілік құрып, жайлаудағы елді аралаймыз. Қай ауылда алтыбақан бар, қай ауылда той бар, қай ауылда әдемі қыз-келіншектер бар деп сайран салып жүреміз. Елдің әдемі деген қыз-келіншектері біздікі. Біз арғымақтарымызбен ойқастап келіп, домбыраны қағып-қағып жіберіп әнді бірінен кейін бірін шырқаған кезде ауылдың бүкіл әдемі қыздары бізге қалай еріп кеткенін білмей қалатын. Сол қыздар таң ата қоштасарда бізден айырыла алмай, аттың жалына оратылып тұрып, үзеңгіден айырылмай жылап қоштасатын» дегенде әңгіме тыңдап отырған ерке қызы: «Папа, онда мына жаман кемпірді неге алдың, әп-әдемі қыз неге алмадың?» - дейді. Ағамның да жауабы дайын: «Құлдығым-ау, бұл кемпір де кезінде өте әдемі қыз болды ғой. Жүз қыздың ішінен «стройға» тұрғызып қойып ең әдемісін таңдап алдым ғой. Сен әп-әдемі болып мамаңа тартқансың, мамаң әдемі болмаса сен де әдемі болмас едің ғой» - деп құтылатын. Қайсысы шын, қай жерін ойдан шығарғанын кім білсін, меніңше көпшілігі ағамның қиялы, себебі ағамыз домбыра тарта алмайтын. Бір жері дұрыс – ол Жұпар мамамыздың әдемілігі.

Екінші әңгіме Ұлы Отан Соғысы жайында. «Москваның түбінде жатырмыз. Қыс қатты. Немістердің «тигр», «пантера» деген жаңа танкілері көп. Шабуыл үсті-үстіне жасалып жатыр. Окоптан басымды шығарып қарасам, бір «Тигр» маған қарай келе жатыр екен. Аллаға сиынып, Жақсыбай атамыздың аруағы қолдай көр деп, бір қолыма гранат алып, екінші иығыма автоматымды іліп алып, танкке қарай жер бауырлап еңбектей жөнелдім. «Тигр» деген танкке қарсы менен бұрын ешкім де гранатпен шабуыл жасап көрген емес. «Тигрді» үлкен калибрлі зеңбірекпен атып та тоқтата алмайды. Мен бірінші болып бара жатырмын. Мен тоқтатпасам  немістер Москваны басып алуы мүмкін. Содан қармен араласып, еңбектеген күйі танкке әбден жақындап келіп, орнымнан тұра салып, гранатаны танктің шынжыр табанының астына қарай лақтырдым. Танк жарылды. Мен бұрыла бергенімде немістің автоматшысы қапталымнан оқты жаудырды. Оқтар менің қарынымды жарып кетіп, ішектерім аппақ қардың үстіне ақтарылып қалды. Аппақ қар қызыл қанға боялды.» Осы кезде балалардың бәрі ұйықтап кеткен ғой. Таңертең ояна салысымен ерке қызы: «Папа, папа, ішектеріңді не істедің, сол жерде қалып қойды ма?» дейді ғой. Сонда ағам: «Е-е, неге қалдырайын, жинап салып алдым ішіме, маған тамақ ішуге керек емес пе?» деп жауап бергенін естігенмін. Әрине, бұл әңгіме басынан аяғына дейін ағамның өзінің шығармашылығы екеніне дау жоқ. Себебі ағам соғысқа қатыспаған еді. И.В.Сталинмен, Н.Крупскаямен кездескендері жөніндегі әңгімелерін білемін. Ю.А.Гагаринмен екеуі қалай космосқа ұшқаны жөніндегі хикаяларды да естідім. Ойдан шығарылған әңгімелерінің барлығын да шынында да болғандай қылып, сол айтылатын әңгімелердің ішіндегі әрбір детальға көңіл бөліп айтатын, сол кездегі терминдерді дәл тауып пайдаланатын.

«Немістерді Москваның түбінен лақтырып тастағаннан кейін мені И.Сталин Кремльге шақырып алды. Атшаптырымдай үлкен кабинеттің төрінде трубкасының түтінін бұрқыратып тартып, соғыс картасына қарап ойланып, ауыратын қолын артына ұстап тұр екен. Мен кірген бойда жедел маған қарай бұрылып, құшағын жайып келіп мені қарсы алып, құшақтап, кеудесіне басып біраз тұрып қалды. Өзі алып келіп жұмсақ креслоға отырғызды, шай алғызды. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін:

- Қабдолжан, сенің мына теңдесі жоқ ерлігіңе мен ризамын. Неміс иттің «тигр», «пантера» деген танктеріне ешкім қарсы тұра алмай әбден сасқанбыз. Өзің бізді құтқармағанда қазір Москваны жау алатын еді. Рахмет. Қазақтар өте жауынгер халық екенін білемін. «Кіші Жүзді жауға қой» деген мақалды да білемін. Соның ішінде Ысық деген ру өте батыр ру деп естимін, оның ішінде әсіресе көзсіз ерлер шыққан Жақсыбай аталарыңның тармағын ерекше мақтайды. Сен сол Ысықтың Жақсыбайы емессің бе? Сенің осы ерлігіңді естігенде өзімнің жастық шағымды, Азамат соғысындағы ақгвардияшыларға қарсы соғысқанымды есіме алып, сенімен бірге немістерге қарсы алдыңғы шепте соғысқым келіп кетті. Бірақ елді басқару да керек, осы жерден шыға алмай отырмын, – деп көп әңгіме айтты.

«Батыр» атағын беруге указға қол қояйын деп отырғанын айтқанда мен қарсы болдым. Ол көнді. Рахметімді айтып, қоштасып, кабинетінен шықсам Кремльдің корридорында кездескен маршал, генерал, адмиралдар маған «Честь» беріп өтіп жатыр. Біреуін танысам, біреуін танымаймын. Жарда ілулі тұрған айнаға көзім түсіп кеткенде барып түсіндім олардың неге маған «честь» беретіндерін. И.Сталиннің кабинетінен шығарда байқамай, ауыстырып Стекеңнің фуражкасын киіп кетіппін ғой. Кілең дәулер сол фуражкадан қорқып «Честь» беруде екен. Қазақта жолдан кері оралып, бір шыққан жеріңе қайта баруға болмайды дейді, жолың болмайды деген ырым бар екенін білемін. Бір фуражка үшін кері бұрылмадым. Алдымда соғыс, фронт тұр. Стекең інісінің бір еркелігін кешірер, оған фуражкасын соғыстан келгесін қайтарармын деп ойладым. Артынан білсем, екеуміздің бастарымыздың размерлері бірдей екен. Стекең сол менің фуражкамды соғыс біткенше киіп жүріпті де, соғыс біткесін музейге тапсырыпты. Сонымен коридорда келе жатырғанда бір әйел маған жабысып «ой бауырымдап» жылап, құшақтап жібермей әлегімді шығарды. Танымаймын, бетін көре алмай тұрмын. Таныс дауыс сияқты.

  • Қайным-ау, ағаң өлгелі бір келмедің ғой деп жылайды. Ойлаймын:

«Кремльде жүрген кім ағам, бұл қай жеңгем?» деп. Ысықтардан, оның ішінде Жақсыбайдан ешкім есіме түспеді. Менің ойымша Кремльге кіріп тұрған бірінші Жақсыбай мен сияқтымын Жылап-жылап мауқы басылғасын мені босатты-ау, әйтеуір. Қарасам, Н.Крупская жеңгем екен. Үйіне шақырды. Көп әңгіме айттық. Сақтаған сүр етін асты. Нанды өзі илеп салды. Ауылдың сүрленген етін қатты сағыныппын. Иісі мұрнымды жарады. Маған арнаған сыбаға жіліктерімді де салыпты. Түйенің сүрленген сап-сары өркеш майы білем-білем, қойдың құйрық майы да тегенедей болып төңкеріліп жатыр. Соғыста жүріп мұндай жеңсік асты ұмытып қала жаздаппын. Әрі ылғи ботқа мен консерві жеп, кейде ол да болмай қалып, бірнеше күн аш жүріп әбден бірішек болып қарным арқама жабысып қалыпты. Езуімнен ақ май ағып көп жей алмаған сияқтымын. Есесіне нән зереңмен берген майлы сорпаны «жақсы ас қалғанша жаман қарыным жарылсын» деп түгел соғып алдым. Надежда жеңгем риза болып қарап отыр екен маған. Ас қайырып, Ленин ағама батамды оқып, дастархан жиналғасын жүргім келетінін айттым жеңгеме. Содан әрең дегенде қимай қоштасып, Кремльден әзер шығып фронтқа қарай тарттым.

         Міне осындай-осындай қызық әңгімелерді келістіріп құрастырып айтып біздің аузымыздың суын құртатын ағам еді.

...

         Мәкөннің жиі айтатын «Молодец, Ермекбаев» деген әңгімесі бар. Ол кезде қазіргі кездегідей әрбір газетте анекдотты топырлатып жазбайды ғой. Интернет, телевизор деген атымен жоқ. Көбіне Қабдол ағам сияқты, Мәкөн сияқты әңгімешіл адамдардың жақсы әңгімелерін тыңдағанға мәз боламыз. Сонымен Мәкөннің айтуы бойынша: «Орысша білмейтін ауылдың жігітін армияға алады. Қазақ жоқ. Ылғи орыс. Жігіт ұйықтағанды жақсы көреді екен. Бірінші күні казармада кроватьта ұйқыны жіберіп жатады. Дневальный «Подъем!» деп айқайлайды. Барлық солдат тұрып кеткен. Ауылдың жігіті «Подъемді» қыстырмай ұйықтай береді. Сол кезде дневальный қасына жетіп келіп, одеялын сыпырып алып, айқайлап:

-Подъем! – дейді. Сонда жігітің, дым болмағандай көзін әрең ашып, дневальныйдан:

-Куда пойдем? – деп сұрапты. «Подъем» деген сөзді түсінбей, «Пойдем» деп тұр, бір жерге шақырып тұр деп ойлаған ғой.

Дневальный мынандай көргенсіздікке шыдай алмай айқайды салып:

-Вставай, дурак, – дейді. Сонда жігітің:

-Е-е, сталабай (столовая деген сөзі), пойдем, пойдем – деп асықпай орынынан тұрыпты. Вставай дегенді сталабай деп түсінген екен.

Үш жыл әскери борышын өтеп келгенсін, үйінде жиналған ағайын-тума, көрші-көлемдер:

-Служба қалай өтті, жақсы служить еттің бе? – деп сұраса:

-Бәрі жақсы болды. Командир мені мақтады, арқамнан қағып, қимай қоштасып былай деді: «Молодец, Ермекбаев, много стреляешь, мало попадаешь». 

         Мәкөннің қасында жолдас болған жігіттерінің, достарының «Молодец, Ермекбаев» дейтін мәтелі бар екені естеріне түскен болар.       

Мәкөннің тағы бір-екі әңгімелері есіме түсіп тұр. Толық жазбай-ақ жалпы мазмұндарын жазып жіберейін «Бір қазақ соғыста «рукопашный бойда» неміске былай депті: «Әй, оңбаған, мына штыгіңе сақ бол, көзімді шығарарсың»».

         Тағы біреуі былай: «Немістер окопты қоршап алып, шала орысшамен «Русь сдавайсь» деп қайта-қайта қайталап жақындап келгенде бір қазақ қолын көтеріп шығып келе жатып «А казаха возьмете?» дейтін көрінеді».

 

...

 

2.

 

Әлиев Сүйеудің айтқандары

 

Соғыс кезінің заңы бойынша маскировка жасалған, жарық жоқ, жертөледе демалыс будкесі, іші қараңғы. Анда-санда операторлар келіп жылынып кетеді. Бір жас жігіт оператор қызға сыртынан қырындап жүріп, будкаға жылынуға келген мезгілін аңдып, қараңғыда қызбен оңаша жолықпақ болып, қараңғыда қарманып жүр дейді. Оның осындай ойын біліп қалған оператор Әлиев Сүйеу қыздың орнына жатып алып, бөксесін сипалаған жігітке:

 

Сипағаның көтен,

Іздегенің бөтен.

Сен мұныңды қоймасаң,

Мен бұ жерден кетем,-  депті. Содан жастар істері доғарылыпты.

 

Арғынбай деген оператор жігіт қазаннан май асырып алыпты. Сонда Сүйеу:

 Оператор Арғынбай,

Қазаннан майды асырды-ай.

Мастер көріп қалады деп,

Топырақпен бетін жасырды-ай, -депті.

 

 

Сағыздағы мұнай өндіретін үш учаскенің үш мастеріне Сүйеу ат қойған. Үшінші учаскенің мастері Жұмабаев Мерген бетінде шешек дағы бар, екінші учаскенің мастері Есенжанов Қаратаудың басы айнатаз, ал бірінші учаскенің мастері Кенжеғалиев Сағынғалидың көзінің ағы бар. Сонда Сүйеудің айтқаны: Үшіншіге келсең қотыр,

Біріншіге келсең соқыр,

Екіншіге келсең бір таз басын қасып отыр.

 

...

 

Соғыстың кезі болса керек, бір күні Сүйеу жұмыстан келсе үйдегі балалар үрпиісіп отыр екен. Шешелерін колхоздың шаруасына мобилизовать етіп алып кетіпті. Соғыс кезінің заңы солай, оған ешкім қарсы тұра алмайды. Сонда Сүйеу жарда ілулі тұрған домбырасын алып жіберіп кемпіріне арнап былай деп жырлапты:

 

Қатын жоқ бұл Сағызда Меруерттей,

Меруерт кеткенің бе сертке жетпей.

Үрпиіп самай шашың барғаныңда,

Колхоздар отыр ма екен шошып кетпей.

...

 

Сағызда Есенбі деген адам қайтыс болыпты. Жерлеуге келген ағайындары малдың шөбін жеп тауыса ма деп қауіптенген Есенбінің әйелі Сүйеудің шығарып берген төмендегідей жоқтауын айтыпты дейді (айтты ма, айтпады ма, ол жағы беймәлім):

 

Байымның аты Есенбі,

Өлерінде күшенді.

Кететін болсаң тезірек кет,

Бата оқи келген Байбақты,

Қояр емес пішенді.

 

...

 

  Сағыздың мұнайшы мастері Матайбаев Жаңабергенді мұнай өндіру жоспарын артығымен орындағаны үшін газетке мақтап шыққан мақалаға орай Сүйеудің шығарғаны:

 

Жаңаберген, Жаңаберген,

Келеді жана бергім, жана бергім.

Сағыздың бар мұнайын тауысып алып,

Кәсіпсіз қалып жүрме, Жаңаберген.

 

...

 

  Күйеу баласының үйіне келген Сүйеу қарт далаға шығайын десе, галошын күйеу баласы Жөкен киіп кетіпті. Сонда қарт былай деп жырлапты:

 

Айналайын, Жөкен!

Жалаң аяқ қалды көкең.

Мен де не көп болар дейсің,

Бірер күнде кетем.

 

 

3.

 

Ауылдың басқа да айтқыштарының айтқандары:

 

 «Гурьев большая деревня, Сағыз маленький Париж» (Сагиз емес, Сағыз) деген екен біздің ауылдың Өтебалиев Темір деген жігіті. «Сағызды білмеймін, Гурьевті білемін» деген адамға ұғынықты қылып суреттеп түсіндіріп.

 

...

 

 Ауылдың айтқыштарының  Қырбай деген шопырға шығарған мынандай өлеңі болатын:

 

     Қырбай, Қырбай қырлайды,

     Жиырмаменен зырлайды.

     Әрбір төбе асқан соң,

     «Давай ақша» деп жырлайды.

 

...

 

  Тағы бір біздің ауылдың тентегі ауызын ашса боқтай жөнеледі екен, сөйлегені осындай болыпты. Оның бұлай сөйлейтініне жұрттың бәрі үйренген, құлақтарына да қыстырмай, қалыпты жағдайдай қабылдайды екен. Бір келіншек манағы жігіттің ешқандай зілі жоқ манағыдай боқтағанын көтере алмай қалып басшыларға шағымданыпты. Басшылар жиналыс жасап жігіттің «мәселесін май шаммен» қарай бастайды. Ұрсады, ұялтады. Ең соңында: «Әй, осылай отыра бересін бе, боқтаған адамыңнан кешірім сұрамайсың ба, осылай отыра береміз бе сенің бетіңе қарап» десе, манағы боқтағыш жігіт қасында тұрған жәбірленуші келіншекке бұрылып, басы төмен салбыраған күйі: «Әй, шешеңді ... , кешірші бір жолға» депті.

 

...

 

  Орысшаға шорқақтау ауылдық кеңестің төрағасы 1 май мерекесіне арналған салтанатты демонстрациядан соң жиналған халыққа хабарлама жасап былай деп айқайлапты трибунадан: «Да здравстует один май, сегодня на большом такыршаке будет ат шабыс».

...

 

 Біздің ауылдың бір айтқышы айтыпты: «Біздің ауылдың адамдарында ру жоқ, біздің ауылдың адамдарында «Сағыз» деген бір ғана ру бар» деп.

 

...

 

  «С утра с қатқақом» деген сөзді ойлап тапқан біздің ауылдың айтқыштары. Көктемнің жылымық кезінде түнгі аязбен жер қатайып, күн шыға еріп езіле бастайтын мезгілде әлдебір шаруалармен жолға шығатын бола қалса, біздің ауылдың адамдары міндетті түрде осы сөздерді айтады және сол айтылғанға сүйенеді де. Демек, жер езіліп кетпей тұрғанда, таңғы салқынмен баратын жеріне жетіп алуды ойлау керек деген сөз ғой.

 

...

 

Ауылдағы орысшаға шорқақтау бір ағамыз үйінде болатын тойға орыс ауылдастарын шақыра барып былай депті: «Бауырсақом, кәмпитом, арақ пішен (көп болады дегені), той будет». Орыстар түсінген, бауырсақ болса, кәмпит болса той болады ғой, той болса арақ та болмай қалмайтыны шындық.

 

...

 

Біздің ауылдың бір айтқышы амандасқан кезінде аузы-аузына жұқпай шұбырта сөйлеп, екпіндетіп барып « ... ауыл-аймақ,  бота-тайлақ, мал-бас, екі тас аман ба?» деп бір тоқтайтын.

 

...

 

Үлкен жастағы, басшы орында жұмыс жасайтын жаңылысқақтау бір ағамыз түскі астан жұмысқа келіп отырып үйіне телефон соғып: «Бәйбіше, менің отырған жерімде көзәйнегім қалып қойған жоқ па, қарашы?»- дейді. Кемпірі шарқ ұрып іздеп таба алмай сасқалақтап жүрсе, тағы телефон соғып: «Әй, іздемей-ақ қой, ол мұрынымның үстінде тұр екен, таптым,» -депті.

 

...

 

Біздің ауылдың бір жас баласы Алматыға оқуға барады. Баллы жетпей конкурстан өте алмай, дайындық курсына қабылданады. Орысшаға мүлдем жоқ екен. Асханаға тамақ ішуге барса ондағы жұмыс жасайтындар ылғи орыс әйелдер екен. Бар білетіні «каша» деген сөз. Біздердің ауылдағы жейтін тамақтарымыздың негізі каша ғой, еті бар, еті жоқ дегендей, барлығын каша деп атаймыз. Соған салып тамақ жіберіп тұрған орыс әйелге «дай каша» дейді. Орыс әйел ойлайды: «Байғұс студенттің ақшасы жоқ екен» деп, сондықтан оған тек макарон гарнир ғана салып береді. Бір күн гарнир жейді, екі күн гарнир жейді біздің ауылдың «батыры», айналасындағы жұрт ет салған каша жейді, суп ішеді, котлет жейді. Бұның соларға қарап ауызының суы құриды, бұның да ет жегісі келеді. Ақшасы бар, бірақ орыс әйел басқаларға берген ет салған кашасын, котлетін, супысын бұған бермейді. Өзінің дұрыс сұрамағанынан, тіл білмегендігінен көрмейді де, іштей ойлайды: «Е-е-е, бұлар оқуға түскен студент болғасын ет жейді екен ғой, оларға қалағанын, сұрағанын береді екен ғой, ал мен подкурста оқығасын ет бермей, құр каша береді екен ғой».

 

...

 

Шөп науқанының маусымы. Машинаға шөп тиеліп болған, әкесі жоғарыда тиелген шөпті арқанмен байластырып, оны ломмен бұрап жатырса, төменде айырмен басқа жігіттермен бірге шөп лақтырып, машинаға тиеп тұрған баласы әкесіне айқайлап ақыл айтып: «Папа, сақ бол, лом шығып кетіп шешеңді ...  кетпесін» дейтін көрінеді.  Шамасы, баласы шөп шабудағы қалыпты жағдай болып саналатын «шаңды көбірек басса»  керек.

 

 

...

 

  Ауылымызда Шам деген адамның Сәуле деген әйелі болды. Және ауылымызда Сәуле аттас бірнеше әйел бар. Сондықтан осы әйелді айтқанда шатаспас үшін: «Шамның Сәулесі» деп анықтап айтатын.

  Торғай деген шешеміздің Қанат деген баласы болды. Ауылымызда Қанаттар да баршылық. Сондықтан осы баланы айтатын болғанда: «Торғайдың Қанаты» деп анықтап қоятын.

  Кемелхан деген адамның әйелі үнемі күйеуін әңгіме қылғанда: «Әщщадан Кемелхан» дейтін. Неге олай айтатынын ешкім білмейді.

 

...

 

  Ауылымыздың бір тентегі Доссорға әлдебір шаруаларымен бармақшы болып жолға шығады. Үйден алып шыққан бар қаржысына достарына «жолаяқ» жасайды. Оның арты созылып кетіп бұл Доссорға бармай күні бойы «жолаяқ» жасаумен болады, достары да сыйлайды дегендей. Ұзаққа созылған «жолаяқтан»шаршаған ол түннің бір уағында ауылдың бір түкпірінде, далада оянады. Есіне үйінен Доссорға бармақшы болып шыққаны түсіп, мен Доссорда жатыр екенмін деп ойлайды. Есін шала жиып, денесі тоңазығасын, жақын маңдағы бір үйге түнеп шығуды ойлайды да бір үйдің есігін қағып: «Түнеп шығуға бола ма, жолаушы едім» десе, арғы жағынан есікті ашқан әйел: «Көктемегір, жолаушымын деп не сандалғаның, сен Бәленше емессің бе, есіңнен адастың ба? Таяқ тастам жердегі үйіңе барып түнемейсін бе?» депті.

 

...

 

  Ауылдың бір тентегі кешке қарай қызулау күйінде көшеге сыймай, ұрынарға қара таба алмай келе жатса алдынан баяғы бір кездерде өзін оқытқан мұғалімі шығады.  Мұғалім соңғы сабақтардан кеш шығып үйіне келе жатырған беті болса керек. Тентектің есіне осы мұғалімнің мектепте өзіне бірер рет екі қойғаны, құлағынан бұрағаны түсе кетеді де мұғалімге келіп амандық жоқ, саулық жоқ: «Баяғыда маған талай екі қойғансыз, құлағымнан да бұрағансыз, неге олай істедіңіз?» дейді. Мұғалім болса сабақтан шаршап келе жатырған, әрі ауылдың адамдары бұларға сыртынан қарап та тұр деген оймен: «Қарағым Бәленшежан, сенің есің бар ғой, мен саған ол кезде жақсы оқысын, адам болсын, қатарынан қалмасын деп ұрысқан шығармын. Өзіңнің жақсы оқыған достарың қазіргі кезде қайда жүргенін білесің бе? Ал сенің ауылда жүрісің мынау. Сол кезде мені тыңдап жақсы оқығаныңда, екі алмағаныңда сен де солар сияқты болар едің ғой» деген сияқты жылы сөздермен мәселені ушықтырмай тентекті сабасына түсіреді. Ал тағы бірде, түннің бір уағында көшеде келе жатырған манағы тентекті әлгі мұғалім кездестіріп қалады. Мұғалім бір үйден қонақтықтан шығып келе жатса керек, өзі қызулау сияқты. Тентек осы жолы сау екен. Мұғалім тентекті өзіне шақырып алады, ойында түк жоқ тентек жетіп барып: «Ассалаумағалейкүм, ағай ...» деп ауызын аша бергенінде мұғалім тентектің маңдайынан бір періп құлатады. Тентек не болғанын түсінбестен тырағайлап қаша жөнеледі. Ағайы артынан: «Қарағым Бәленшежан, бұл өткендегінің сдачасы, сол жолы бере алмап едім» депті.

 

...

 

 Бірде жер асты жабдықтарын жөндеу бригадасының мастері жаңа скважина басына көшкеннен кейін бригада мүшелеріне жертөле қазуға тапсырма береді де, өзі басқа бір шаруаларымен кетіп қалады. Жертөле жұмысшылардың жауын-шашынды, боранды күндері тамақтануы үшін, әлдебір жабдықтарды сақтау үшін керек баспана. Мастер кетпей тұрып қазатын адамдар сұрайды: «Жертөленің тереңдігін қандай қылайық?» деп. Шамасы бұлар бұл жұмысты алғаш орындап тұрған бригадаға жаңадан келгендер болса керек. Мастер сыпыртып бір боқтап алып: «Кісі бойындай қылыңдар» депті де кетіп қалыпты. Біраздан кейін келсе жұмысшылар көлеңкеде темекілерін тартып, шайларын ішіп отыр екен. «Әй, не бітірдіңдер, жертөлені қазып болмаған боларсыңдар?» десе, жұмысшылар: «Жертөлең дайын, баяғыда қазып болғанбыз» депті. Мастер: «Бұлар қалайша тез қазып бола қалды екен, Сағыздың көк сазын кісі бойы қазу оңай шаруа емес қой, бұл жерде бір шикілік бар» деп қазылған жерді қараса, жертөле өте тайыз екен. Мастер жұмысшыларды алып келіп боқтайды: «Мен сендерге кісі бойы қаз демедім бе, мыналарың не?» десе, жұмысшылар: «Біз кісі бойы қаздық қой, нанбасаңыз өзіңіз қараңыз» деп жертөлеге ішіне бір жігітті түсіріпті. Бұл жігіт осы ауылдағы ең қысқа бойлы жігіт болатын. Жұмысшылардың айтқандарындай жертөленің тереңдігі ішіне түскен жігіттің бойымен бірдей екен. Бұларға не айтарын білмей мастер «қақалып»қалыпты. Осы қысқа бойлы жігіт артынан біліктілігі артып, жұмыс дәрежесі көтеріліп подъемниктің машинисі болыпты. Сонда бойының қысқалығынан, басқалардың отырып жасайтын жұмысын, бұл подъемниктің кабинасында аяқтарынан тік тұрып жасайды екен. Бұған не дерсің?! Біздің ауылдың тапқыштарына сөз жоқ қой, сөз жоқ.

 

...

 

  Ауылымызда қулық жасаудың да түрі болған сияқты. Қулар оларын әртүрлі, өздеріне ыңғайлы салаға икемдеп қолданған екен. Солардың біреуі қонақтықта жақсы отырыс болып, таң ата үйіне қайтатын болғанда, сол үйге бас киімін әдейі  «ұмытып» кетеді екен. Ертеңіне ұйқысынан тұра сала, бас киімін алу үшін кешегі қонақ болған үйіне жететін көрінеді. Үйге кіре, қарсы шыққан әйелге дауысын әдейі көтере: «Кеше бас киімім қалып қойған екен, соған келдім,»- дейтін көрінеді. Оның дауысын естіген үй иесі қуанып кетіп, оны дастарханға шақырып, екеуі асықпай «бастарын жазып» алады екен. Бұл қудың қонақтықтан кейінгі «бас жазу» проблемасы осылайша өте тамаша шешіліп жүріпті. Оның бұндай қулығын ешкім сезбейді де. Сөйтіп жүргенінде бір қонақтықтан бас киімсіз шығып бара жатырғанында қасына ерген қосшыбаласы артынан шауып келе жатып: «Аға, аға, бас киіміңіз қалып қойыпты ғой, міне алыңыз,»- десе, қу: «Өй, ақымақ, кім саған бас киімімді алып кел деді, ертең мен қалай бас жазамын енді?»- депті.    

 

...

 

  Тағы бір қу базарға үйіндегі қойын сатуға шығарарда суға әбден қарыны қампиғанша тойдырып, жон арқасын қатты соғып ісіріп алып барады екен. Сатып алушыға: «Әй, менің қойым семіз, қарыны тоқ, жон арқасын ұстап қарашы, сүйегі білінбейді семіздіктен» дейтін көрінеді.

  Осы қудың әйелі базарда тары сатады екен. Бұл арасында танымайтын адам болып: «Әй, жарандар, осы әйелдің тарысы жақсы, күйрек, тарыны осы әйелден алыңдар!»-деп айқайлап қояды дейді. Бір күні шала таныс бір жамағайынынына тап осылай тары сатып алдырады. Сол ағайыны қонатын үй таба алмай, түн түсе осы үйге қонаға келіпті. Келсе қу мен тары сататын әйел терлеп-тепшіп тары салған шай ішіп отырғанын көреді. Қонақ таңғалып: «Әй, мынау манағы базардағы тары сататын әйел емес пе?» десе, қу да саспай: «Қарағым-ау, бәрі де күн көрістің қамы ғой, кел одан да шай ішейік» депті беті бүлк етпестен.

 

...

 

  Ауылымыздың бір баласы Алматыға институтқа түседі. Бірер курс оқығаннан кейін ауылдағы қарт әкесіне астананы көрсеткісі келеді де, бір каникулда әкесін қалаға алып келеді. Қарттың өмірінде қаланы көріп тұрғаны осы екен, ауылдан ғұмыр бойы аттап шықпағанының есесіне Алматыны армансыз араламақ болыпты. Бір күні хайуанаттар паркіне алып келеді. Қызықтың көкесі осы жерде басталады. Қарт түйелер тұрған вольердегі бір түйені көріп: «Әй, мынау ана Бәленшенің жарбайына ұқсайды екен, алдыңғы өркеші сол жағына қарай жапырайып жатыр ...» деп айқайлапты, содан ешкілерді көргенде де, жылқыларды көргенде де біраз даурығыпты қартың. Баласы қысылып: «Папа, жайлап сөйлесеңізші, бұл ауыл емес, қала ғой» десе де қарт елең қылмапты. Бір мезгілде маймылдар отырған вольердің торына жабысып, арғы жағындағы тісін шұқып отырған маймылға тесіле қарап: «Әй, Жәмила, сен қайдан жүрсің, ауыл қайда, балаларды кімге тастадың ...?» деп айналаны басына көтеріпті. Маймылды қарт шынымен де ауылда қалған кемпірімен шатастырды ма, әлде біздің ауылдың қызық қылығымен Алматыны таңғалдырайын деді ме, оны ешкім білмейді. Бір анығы, қасындағы баласы енді қайтып хайуанаттар бағына келместей болған сияқты.

 

...

 

Ауылымыздың бір жігіті, қазіргі кезде, отбасымен Оралдан Атырауға таксимен келе жатқан көрінеді. Асфальт деген тамаша, жаңадан ғана түріктердің салып бітірген тақтайдай тегіс жолы ғой. Бұндай жолмен бұрын жүріп көрмеген біздің ауылдас таң қалып ауызын ашып отырыпты. Өзі алдыңғы орында, отбасы артқы отырғышта. Мінгендері шетелдік керемет жүйрік машина. Шопыры салонға телевизор орнатып қойған, дисктен «Тамашадан» концерт жіберіп, бұлар соны қарап мәз болуда. Машинаның жылдамдығы сағатына 160-170 шақырым, кейде 180-ге де барып қалады. Бұндай жылдамдықты бұрын көрмеген ауылдасым біраздан соң қорқайын депті. Әрі шопыр жігіт машинаның рулімен шаруасы жоқ, екі қолында екі ұялы телефон, біреуімен сөйлесіп отырса, екіншісімен СМС жазып әлек. Соның арасында заказ да қабылдап, қарсы келген таксистермен  де қол бұлғап амандасып жатады. Жолмен, жүйткіп келе жатырған машинасымен, басқарып отырған рулімен тіпті шаруасы жоқ адамдай. Ауылдасымның зәресі зәр түбіне кетіп отыр. Бірдеңе дейін десе ыңғайсызданады. Бір мезгілде екі қолындағы телефондарды орындарына қойып, өзі әбден шалқайып жатып алып, сол жақ қолын ашық тұрған терезеден далаға созып жіберіп, оң қолымен мұрынын шұқуға кірісіпті. Рульмен шаруасы жоқ, тізесімен тіреп қойған. Машина құстай ұшып келе жатыр. Ауылдасымның әбден дегбірі қашады: «Енді бұл шопыр мұрнын шұқып болып ұйқыға кететін шығар, біздің шаруамыздың біткен жері осы шығар, бұл құрымағырға қайдан ғана міне қойып едім» деген ой миын тесіп бара жатады да: «Әй, жігітім, бір қолыңмен руліңді ұсташы, мұрныңды мен шұқи тұрайын» депті. Біздің ауылдың адамынан басқа қандай адам осылайша айта алады?

 

4.

 Қорқақтың хикаялары

 

Ауылымызда елге белгілі бір қорқақ адам тұрыпты, өндірісте жұмыс жасапты. «Көлеңкесінен қорқатын» сужүрек болса керек. Енді соның да бірер әңгімелерін жазайық.

   Ол ауылымыздың Мақат бетіндегі «Северный» деген учаскесінің мұнай өндіруші операторы екен. Жұмысын тек күндіз жасап бітіріп тастап, қараңғы түсе үйіне келетін көрінеді. Түнде учаскеде қалуға қорқатын көрінеді. Учаскенің ауылға жақын орналасқаны да оған жақсы болған. Әлдеқандай себептермен ол бір күні операторлар отыратын будкада жұмыс журналын толтырып отырып қараңғы түсіп кеткенін байқамай қалады. Жазуын аяқтап басын көтерсе далада қараңғы түсіп кетіпті. Стол үстін жинастырып далаға шығу үшін орынынан тұра бергенінде, будканың есігінің алдында, ішкі жағында өзінен басқа бір әйелдің де отырғанын байқайды. Әйел үнсіз ғана жүресінен отыр екен, бұған назар салып қарамайды да. Ол әйелдің қашан, қалай ішке кіргенін бұл сезбеген. Зәресі зәр түбіне кетіп, отырғышына сылқ етіп отыра кетеді. Әйелді көз қырымен бағып отырады, тіке қарауға дәті бармайды. Әйел де қимылсыз, бұл да қимылсыз, осылайша екеуі көрер таңды көздерімен атырады. Қозғалуға дәрмен жоқ қорқақ байғұста. Таң атысымен әйел жайымен орынынан тұрып далаға шығып кетеді. Қорқақтың есін жинай алмай сол жерде қанша уақыт отырғанын ешкім білмейді. Артынан белгілі болғанындай бұл әйел Мақатта тұратын көтеріліп ауыратын, «Құскелдісі бар», басы ауған жағына жүре беретін әйел екен. Сол күні будканың терезесінен жарықты көріп ішіне кірген ғой. Ешкімге зиянсыз адам, ауыл тұрғындары оны таниды да. Сол күні қорқақтың үйіне қалай жеткенін, қалай ұйықтай алғанын ешкім білмейді. Біраз уақыт өткесін ғана ол әйеліне учаскеде шимұрын әйелмен бірге түнімен болғанын айтыпты. «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтыны» белгілі ғой. Осы оқиға осылайша ауылымызға тарап кеткен екен.

 

...

 

  Тағы бірде оған жұмыс жағдайымен түнгі кезекте «Северный»учаскесінде болуына тура келеді. Қараңғы түсе будкаға кіріп, есікті іштен құлыптап алып отырады. Сол күні Мақаттан ауылға үшінші ауылдың тұрғыны, ауылдасымыз жаяу келе жатады. Қатынайтын көлік болмағасын жолға жаяу шыққан ғой. Шілденің кезі, шөл қысып қорқақ отырған будкаға әзер жетеді. Ауызы кеуіп, будкада оператор болса су сұрап ішермін деп ойлайды ғой. Келсе будканың есігі тарс жабық, ішінен кілттеп алынған, терезеде жарық бар. Терезеден қараса будканың ішінде қорқақтың отырғанын көреді. Терезені қағып: «Әй, Бәленше, есікті аш, өлтірмесең бір жұтым су берші, мен өзің білетін Түгеншемін ғой» деп бірнеше рет айқайласа да, екі терезені кезегімен қақса да есік ашылмайды. Қорқақ бұл жаққа көз салып қарамайды да. Құлағы керең болып қалған меңіреу адамдай күйде отырған орынында міз бақпастан отыра береді. Әбден шаршап, шөлден өлетін болғасын, жүргінші қорқақтың жеті атасынан түк қалдырмай боқтап, қасында тиіп тұрған өзінің үшінші ауылына кетеді. Осы оқиғадан кейін бірер күн өткесін қорқақ ауылдың адамдары жиналып тұрған бір басқосуда: «Ойпырмай, мен жұмыс жасайтын учаскеде шимұрын бар десем сенбейсіндер, жақында ғана түнгі кезекте тұрғанымда будкамның терезесін  шимұрын қағып қоймады және «Мен Түгеншемін ғой» деп қақсай берді, мен есікті ашпадым» десе, сол жерде оны естіп тұрған Түгенше: «Әй, шешеңді ..., сол шимұрының менмін ғой, шөлден өлтіруге қалдың ғой, оңбаған!»- депті.

 

...

 

  Содан бұл қорқақ сұранып шимұрыны бар «Северный» учаскесінен басқа, бірінші, учаскеге жұмысқа ауысады. Бірінші учаскенің операторлар отыратын будкасының шынында да «иесі» бар деп есептелетін. Күндіз болсын, түнде болсын сол учаскеде жұмыс жасайтын операторлар будканың ішінде ұйықтаудан сескенетін. Ұйықтаған адам біраздан кейін бастығырлыға бастайды екен. Бірнеше адам сондай жағдайды бастарынан кешіргесін білетіндер ол будкада ұйықтамайтын болыпты. Ал бұл учаскеге жаңадан ауысып келген қорқақ болса бұл жағдайдан хабарсыз екен. Әдейілеп пе, әлде басқаша себеппен бе, бұған будканың бұл сырын ешкім айта қоймаған. Күндізгі кезекте жұмыста жүрген қорқақ басшылардың жоқ екенін пайдаланып, түскі асынан кейін жалпақ отырғышқа жатып «көз іліндіріп» алмақ болады. Ұйқыға кіріскен кезде түс көреді, түсінде ұзын бойлы, ақ киімді, сақалы беліне түскен бір адам бұған бірдемелерді айтып тұр екен. Бастығырлығып, дем жетпей оянады. Өзі қорқақ адамға мынандай түс көргесін не оңсын, оянса, қара терге малшынып жатыр екен. Шілденің уағы, темір будканың іші болғасы не жорық. Жатқан отырғышынан жерге құлап түсіп, далаға төртаяқтап еңбектеп шығады. Шыққаны бар болсын, түсінде көрген ақ киімді ұзын адам өңінде де алыстан сағым сияқты бұлдырап бұған жақындап келе жатырғанын көреді. Бұл көріністен зәресі кеткен қорқақ байғұс төртаяқтап еңбектеген күйінде жарты шақырымнан асатындай жерде бір скважинаның басында жұмыс жасап жатырған басқа бригаданың жұмысшыларына қарай еңбектей жөнеледі. Көз қиығымен артында келе жатырған ақ киімді ұзын адамды да бақылап келе жатады. Ол адам да бұған бірдеңелерді дауыстап айтып артынан қалмай еріп келе жатады. Аралары жақындап та қалған сияқты. Тұрып жүгіріп кетуге әлі құрып, төртаяқтап еңбектеген күйі «қуғыншысынан» қаша береді. Қара тері боршалап аққан күйінде жарты шақырымнан асатын қашықтықты еңбектеп өтіп жұмыс жасап жатырған жұмысшыларға да жетеді. Жұмысшыларға жете бере әлі құрып жерге ұзынынан сұлап жата кетеді. Жұмыс жасап жатырған жұмысшылар да бұл көрініске түк түсінбей ауыздарын ашып қарап тұр екен. Олардың көргендері, қорқақ алды-артына қарамастан тырағайлап еңбектеп келеді де, оның артқы жағында өздері танитын ауылдас мұнайшы бірдеңелерді айтып жайбарақат еріп келе жатыр. Қызық көрініс. Ақ киімді ұзын адам осы ауылдың мұнайшысы. Жұмыс бабымен скважиналарды «обход» жасап келе жатырған беті екен. Бұл мұнайшының бір қасиеті жұмысты өте таза, ұқыпты, жұмыс киіміне қылау жұқтырмай жасайтындығы еді. Жаздың ыстық күндері үстіне ұзын ақ бешпет-шалбар(жуа бергесін түсі оңып кеткен спецовка) киіп, басындағы қалпағының астынан күн тимесін деп ақ орамал салып, екі ұшын желбіретіп қоятын. «Обход» жасап келе жатырғанында оның жолында будкадан еңбектеп шыққан қорқақ кездеседі де, бұны көріп еңбектеген күйі қаша жөнеледі. Қорқақтың өзінен неге қашып бара жатырғанын бұл білмейді. «Әй, Бәленше, мен Түгеншемін ғой, не болды саған?» деген сияқты сұрақтарына да жауап бермепті.

 

...

 

 

  Тағы бірде сол бірінші учаскенің будкасындағы жалпақ отырғышқа бір жұмысшы жатып ұйықтамақшы болады. Елдің арасына тараған «бұл будканың иесі бар» деген қауесетке сеніңкіремейді. Басшылардың әдейі шығарып жүрген қауесеті, жұмысшылар жұмыс кезінде ұйықтамасын деп таратқан қулығы деп ойлайды. Тамақтарын ішіп болғасын жұрт жұмыстарына кеткенде бұл ұйқыға жатады. Астындағы жалпақ отырғыштың үстіне қисаяды. Көзі енді іліне берген кезде есіктің алдында тұрған кішкентай тышқанды байқайды. Ұйқылы-ояу жатып қараса әлгі тышқан тұрып алып адамша сілкінетін сияқты. Сілкінген сайын ұлғая да береді. Ұйқысынан ояна алмай, есін жинағысы келсе де жинай алмай, көздерін де толық аша алмай, қара терге малшынып, дем жетпей жанталасады. Ал тышқан болса біртіндеп ұлғая береді, ұлғая береді, оған көз алмастан қарауға да дәті жетер емес. Енді бір қарағанында тышқанның үлкендігі тоқтыдай болған екен. Осылайша сілкіне берсе ол тышқан бұдан да үлкейіп бұны басып тастауы мүмкін екенін ойлағанда жаны көзіне көрінеді. Осылайша қиналып жатырғанында отырғышынан жерге құлап түседі. Есін жияр-жимастан далаға атып шығып кеудесін кере таза ауа жұтып біраз отырады. Содан кейін көргендерін айналасына жиналған жұмысшыларға айтады. Ол жердегі жұмысшылардың арасында қорқақ та бар болатын. Бұл хикаяны естіген байғұс қорқақ сол күні басшылыққа арызын беріп жұмысын ауыстырады. Шимұрындары қаптаған, әртүрлі «иелері» бар мұнайдың айналасынан кетеді. Ендігі жерде ол жүргізуші болып еңбек етеді.     

 

5.

 

Сварщик Макардың қылжақтары

 

Ауылымызда атақты сварщик Дәулетов Макар деген болды, әйелі Сәлима апай. Орыстары көп «Водокачка» ауылда тұрады. Макардың апасы Шоңай Сағызда мұғалім болды, Мәсел деген інісі Алматыда «Қазақкинода», театрларда суретші болды (жақсы суретші дейтін), Мақым деген інісі орыс қызға үйленіп Москвада тұрды. Макар өз ісінің шебері. Әзілкеш, ойлап таппайтын қылжақтары жоқ және соларды жасауға ерінбейтін адам. Сол Макардың жасаған бірер қылжақтары төмендегідей.

 

  Өндірістің шет жағындағы екінші учаскеде өндіріске қажетті жабдықтардың қоймасы болатын. Қоймашысы бар, түнге қарай күзетшісі және болады. Сол қоймаға әлдебір шаруаларымен барған Макар мен ауылдың бір адамы жолығып қалады. Қоймада текшелеп жиналып тұрған қалың тақтайларды көріп әлгі адам: «Мына тақтайлардың тұрысын-ай, маған берсе ғой, салып жатырған үйімнің төбесін жауып алар едім» дейді. Оны қасында тұрған Макар естиді де: «Әй, оның ешқандай проблемасы жоқ, қанша керек болса соншасын өзім алып беремін, тек ат-арбаң дайын болса болғаны» дейді. Оны естіген ауылдасы: «Әй, Макар, ол оңай емес, түнде мылтық асынған күзетші болады, оны қайтесің?» десе, Макар: «Күзетшіні маған тапсыр, өзің бүгін түн ортасында ат-арбаңды сайлап осында кел» дейді. Ауылдасы мен Макар түн ортасы ауа қойманың жанында кездеседі. Қойманы күзететін бір кемпір екен, иығында асынған мылтығы бар қойманы айналып жүр. Ол мылтықта оқ бар ма, жоқ па, ешкім білмейді, тіпті күзетші кемпірдің өзі де білмейтін болар-ау. Ауылдасын арбасымен бірге қараңғылау жерге қойып Макардың өзі бір жаққа кетіп қалады. Күзетші кемпір қойманың жарық жағына келе бергенде алдынан тырдай жалаңаш шешінген, бет-ауызын, денесін түгел мұнаймен майлап алған Макар қисалаңдап, қолдарын ербеңдетіп билеп шыға келеді. Күзетшіде ес қалмай қорқып, мылтығын тастап, далаға қаша жөнеледі. Макар ауылдасының арбасына тақтайды керегінше тиеп беріп, өзі жуынуға кетеді. Міне, осыны жасау үшін түннің ортасында, ұйқысынан қалып, ауылдан едәуір қашықтықта тұрған қоймаға келіп, денесін мұнаймен майлап жүр ғой Макар сварщик.

 

...

 

  «Вторичный метод» дейтін мұнай өндіру тәсілі бар. Амбардағы мұнайдан айырылған ілеспе суды қайтадан скважинаға айдау арқылы мұнай шығымын ұлғайтады. Бұл участок та ауылдан едәуір қашықта орналасқан. Сол жерге түнгі кезекке ауылдың бір мұнайшысы тұратынын аңдып барып Макар қорқытады. Екеуінің арасында не болғанын кім білген, мүмкін әзіл үшін түк болмаса да жасаған болар. Макар түннің ортасы ауа су жиналған амбардың жанындағы үйілген топырақтың артынан тырдай жалаңаш күйінде бет-аузын, денесін түгел мұнаймен майлап алып қолдарын ербеңдетіп билеп шыға келеді. Уақыты болғасын су айдайтын насосты қосуға келген ауылдасы мынаны көріп зәресі кете қорқып тұра қашады ғой. Артынан Макар қуып: «Әй, Бәленше, мен Макармын ғой, қорықпа» дегеніне қарамастан алды-артына қарамастан қашыпты әлгі байғұс.

Содан бері ауыл тұрғындарының арасында: «Екінші учаскенің, «Вторичныйдың» айналасындағы сорларда шимұрын бар екен, бәленшелер көздерімен көріпті» деген қауесет тарап кетіпті.

 

...

 

 Қалай екенін кім білсін, бір күні жайылып жүрген өрісінен адасып Макар жұмыс жасайтын алыс учаскеге «Водокачка» ауылының бір орысының сиыры келе қалады. Сиырды Макар жақсы таниды. Содан сиырды иесіне айтпастан үш күн учаскеге байлап қойып, сол маңға жайып, суын беріп, жемдеп, сауып сүтін ішеді. Айналасындағыларды да қарқ қылады. Үш күн өткесін ауылдас орысына: «Сиырыңды таптым» деп алдына салып айдап алып барып, сүйіншісіне үш шөлмек ақмағамбет алыпты.

 

...

 

  Ауылдың шет жағында сараңдау бір адам тұрды. Оның қолының қытыңқы екенін Макар да, басқалар да жақсы біледі. Сол адам жаздың ыстық бір күні жарты шақырымнан да көптеу жерден Макар жұмыс жасап жатырған жерге 200 литрлік темір бөшкесінің тесілген жерін сваркамен бітетіп алу үшін, домалатып келіпті. Ол кездегі темір бөшкелер қалың темірден жасалған ауыр ғой. Домалатып келгенше қара терге малшыныпты манағы байғұс. Тесілген жерін көрсетіп сваркалап беруін сұрапты. Ақысын беретінін де айтқан. Макар сол бойда бітеп береді. Бөшкенің иесі қолында ұстаған түйіншегін Макарға беріп бөшкесін ала береді. Макар болса бірден түйіншекті жазып жіберіп қарапты да: «Әй, сәл тұра тұршы, мына жерін қалдырып қойыппын ғой» деп бөшкенің тағы бір жеріне сваркасын тигізіпті. «Ал болды, енді жүре бер» дегесін, бөшкенің иесі ауыр бөшкені шыжып тұрған ыстықта алыстағы ауылына қарай домалатып ала жөнеледі. Макар болса мырсылдап күліп жұмысын жасай береді. Біраздан кейін әлгі адам бөшкесін домалатып қайта келеді: «Мәке, бөшкемді дұрыс сваркелемепсін ғой, екінші жерінен де су ағып тұр» десе, Макар: «Әй, түйіншегіңнің жеткені сол болды ғой, бергеніңнің жеткен жеріне дейін сваркеледім» депті. Бөшкенің иесі тағы да сондай көлемде шығындалғасын ғана дұрыстап тұрып сваркелеп берген екен. Бірінші ретте сараңдау ауылдасының берген түйіншегіндегісі тек бір шөлмек қызылға жететін екенін көргеннен кейін бөшкесінің басқа жерін тесіп жіберген екен ғой Макар сварщик. Сараң ауылдасының шыжыған шілдеде біраз жерге ауыр бөшкені екі мәрте домалатқызып, сараңдығының азабын осылайша тартқызыпты.

 

6.

 

Досболайдың айтқандары

 

   Қабылов Досболай кітапты көп оқитын, жұмысты жақсы жасайтын ауылымыздың алдыңғы қатарлы азаматтарының, өндіріс басшыларының бірі. Әкесі Қабылов Сәрсен (ауылдастар ол адамды дауысына қарап «шырылдауық Сәрсен» дейтін), майдангер. Махфуза деген қарындасы бар. Досболай тілі қуақы, әзілге жүйрік жан. «Досболай айтыпты» деген әңгімелер де Сағыздықтар арасында кең тарап еді кезінде.

 

 Демалыс күні Досболай жұмыс жағдайынан хабар алайын деп өзі басқаратын учаскесіне телефон соғады, оған сол жерде жұмыс жасап жатырған Жаңатуған деген құрдасы жауап берген екен. Досболай оны танымаған болып: «Бұл кім өзі, жағдай не болып жатыр?» десе, арғы жағындағы адам: «Досеке, мен Жаңатуғанмын ғой, танымай қалдың ба?» дейді. Сонда Досболай: «Әй, сенен қашан туғаныңды ешкім сұрап тұрған жоқ, жұмыстың жағдайын айт» депті.

 

...

 

  Ауылдағы моншаның жалпы бөліміне Досболай кіріп келсе жуынатын бөлмеден қолдарында шылапшындары бар ауылдағы «шыр жұқпаған» үш арық адам қабырғалары ырсиып шығып келе жатыпты. Олардың терілерінің сүйектеріне жабысқан «тірі аруақтардай» түрлерінен жорта шошып кеткен болып, қолындағы заттарын жерге түсіріп алып: «Астафиралла, сендер көрден шығып келе жатырсындар ма?» депті.

 

... 

 

  Досболай жақсы жұмыскер болыпты. Әр мереке сайын оған кәсіпшілік басшылығы үнемі бағалы сыйлықтар табыстайтын көрінеді. Бірде қол сағат, бірде ақшалай сыйлық, бірде костюм-шалбар ..., дегендей. Сондай бір салтанатты жиналыста оған тағы да бағалы сыйлық беріледі. Жиналыс аяқталып, мекеме басшысы жиналысты жауып жатып: «Кімде қандай сұрақ, ұсыныс бар, айтуға болады» десе, Досболай орынынан көтеріліп: «Менің өзіңізге жеке ұсынысым бар. Маған мереке сайын бағалы сыйлықтар беріледі, кейде ақшалай да беріп жатады. Сол сыйлықтарды маған әр мерекеде табыстамай, жинап-жинап, әбден құны жеткен кезде олардың орнына мотоцикл беруге болмас па екен?» депті.

 

... 

 

Біздің ауылда Қалдеш деген соғыс мүгедегі бар, бір аяғын соғыста жоғалтқан. Протезбен жүреді, кейде протезін алып тастап екі балдақпен де жүреді. Сол адамның мотоколяскасы болды. Досболай: «Қалдеш бір күнде соғысқан жоқ, тірі немісті көрмеген адам, майданға бара жатырған поезды немістер бомбалағанда аяғынан айырылған. Ал менің әкем төрт жыл бойы қырғын соғыстың қайнаған ортасында болып бір жерін де сыздырмай, жарақаттамай келді. Әкем Қалдеш сияқты бір аяғынан айырылып келгенінде осы күні мен де мотоколяскамен жүретін едім ғой» депті.

 

... 

 

  Учаскелерге жұмысшыларды таситын машинаның шопыры Қаламбай. Әр учаскеге де баратын жол грейдер қылып сорлардан өтетін дамбаның үстіне салынған.  Бұл жол жауын-шашын, қар қалың болған кезде жүру үшін салынған ғой. Ал жаздың құрғақ кезінде жүруге болатын сорлардың үстімен шопырлардың өздері салып алған тақтайдай тегіс жолдар бар. Грейдер, дамба дегендердің үстіндегі жолдардың тек атауы ғана, быт-шыт шоқалақ жол. Ал Қаламбай болса қысы-жазы сол грейдермен, дамбамен жүретін көрінеді. Жұмысшылар әбден ығыр болған, жұмысқа жеткенше де, үйге қайтқанша да өкпе-бауырлары солқылдап, машинаның әр бортына бір соғып келеді екен. Әрі ашық машинаның астауы ғой, шаңға да көміледі, шоқалақ жолдағы жүріс те ұзақ. Сондай бір жүрісте астауда жұмысшылармен бірге отырған Досболай шыдай алмай машинаның кабинасын төбесінен тарсылдатып ұрыпты. Машина тоқтап, не болып қалғанын білу үшін кабинадан түскен Қаламбайға: «Әй, мына грейдерден түсіп сордың тегіс жолымен жүрсең адасып кетесің бе?» деп айғайласа керек. Күніне бірнеше рет қатынайтын, ауыл арасындағы учаскелерден кім адасады, Қаламбайдың кезекті қырсықтығы дағы?! 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты