1993 ЖЫЛҒЫ 18 СӘУІР күні таң алдында Ойыл өзенінің суы қорғаныш-бөгетті (дамбы) бұзып, Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы - Миялы селосын түгелдей дерлік басып кетті. Жұрт төсегінен тұра шапты. Дүние-мүлік, төрт түлік, құжатына қарауға шама жетпей қалды. Аз ғана уақытта айнала азан-қазан, мал да, жан да у-шу, әбігер басталып кетті...
х х х
Ең қиын жылдар еді. Кеңес Одағы тарап, Қазақстан егемендігін алғанмен, экономикалық тұрғыда дайындығы жоқ елдің тасқын судың алдынан бөгет салуға мүмкіндігі болмады емес. Дегенмен, «өз күшімізбен мәселені шешеміз» дегенге ырық бермеген табиғат өз дегенін жасап тынды.
Дереу облыс басшылығына ахуалды хабарлап, аудандағы 8 шаруашылықты («Энгельс» атындағы (орталығы Қарабау с.), «Абай» атындағы (орт. Қаракөл), «Тасшағыл» (Тасшағыл), «Комсомол» (Қоныстану), «Қызыл ту» (Жасқайрат), «Жангелдин» атындағы (Жангелдин), Ленин атындағы (Сағыз) кеңшарлар (совхоз) және "Гурьев" асыл тұқымды қаракөл қой зауыты (Мұқыр)) ортақ іске жұмылдырған аудан басшысы Есенгелді Нұршаев Ералы су бөгетінде ылқып тұрған суды Тайсойған құмын жара ағатын Жарыпшыққан арнасына жіберу үшін жергілікті жерде мүмкіндіктің жоқтығын, көп жыл сусыз қаңсып қалған гидроқондырғыны динамитпен жарып ашқаннан басқа тәсіл қалмағанын, ол үшін тікұшақтан басқа көлік көмектеспейтінін орталықпен ақылдасты...
х х х
Бұл кезде Атырау облысының әкімі Сағат Қашқынұлы Түгелбаев төтенше штаб құрып, Миялы селосының халқын азық-түлік, киім-кешек, уақытша баспанамен қамтамасыз етудің шұғыл шешімдерін қабылдады.
Дәл осы кезде Жылыой ауданының орталығы - Құлсары селосын да Жем өзенінің суы басып кету қаупі төніп тұрған. Тасқын су Қамыскөлді толтырып, тышқан жымындай іздік болса, Құлсарыға құйылып кетуі әбден мүмкін (Миялыға да сондай іздіктен жырымдап құйылған еді). Ол үшін аудан әкімі Бақтығали Түсіпқалиевті жетекші етіп аудандық төтенше жағдай жөніндегі штаб құрылып, өндірістік кәсіпорындардың барлық билігін аудан әкімінің өзіне тапсырып, негізгі күшті Миялыға жұмылдырды.
х х х
Бірінші кезектегі азық-түлік түрлері тиелген тікұшақ дайындалып, оны бастап барып, аудан орталығының халқына басалқы айтып, жергілікті жерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды ұйымдастыруды облыс әкімінің орынбасары-мәдениет басқармасының бастығы Кәдірғали Қоңырұлы Таңқиевке тапсырылған. Миялыны ұстінен бір айналып ұшып өтіп, Бәйсеутөбе ауданындағы төбе басына қонған тікұшақтан түскенде, уақытша қоныс-тұрақ түгілі, құйрық басып отыратын жер таппай дүрлігіп, шағылтақ төбелердің басына топтасқан елді көріп, Қ.Таңқиевтің тілі байланып қалды. Өйткені, сол кезде оның өз ағайындары, тіпті, баласы да солардың ортасында еді. Бәйсеутөбедегі шағын ғана қазақы пәтерлерге бірнеше отбасыдан Миялының халқын бөліп орналастырып, оларға әкелген азық-түлікті жеткізе үлестіріп, мүмкіндігінше қамтылды.
Ауданға қарасты 8 шаруашылықтың орталықтары мен ферма орталықтарында орналасқан наубайханаларындағы негізгі астық қоры есебінен үздіксіз нан пісіріп, оны қапшықтап жеткізіп тұру, облыс бойынша бірінші кезектегі азық-түлік түрлерін жеткізіп бөліп беру кестесі жасақталды...
Ақыры, бір аптаға жетпейтін уақытта ахуал біртіндеп түзеле бастады. Жарты жыл ішінде бүлінген үйлер жөнделіп, Миялыдан жаңа шағынаудан (қазір Е.Нұршаев атындағы) бой көтерді. Бірақ елдің экономикалық тұрмысы нашар еді. Сол күндері талай адамның саулығы сыр берді. Барлық істің басы-қасында жүрген аудан басшысы Е.Нұршаевтың қан қысымының әсерінен көзіне зақым келіп, көру қабілеті әлсіреді. Бірақ елдің жағдайы қалпына келді...
х х х
Сол күнге бүгін тұп-тура 27 жыл болыпты. "Бәлду, бәлду, бәрі өтірік" демекші, мұны бүгінгі буын ертегідей қабылдайды. Әйтпесе, сол күндері "енді не болар екен, мына ауыртпалықтан қалай шығамыз?" деген жауапсыз сауалдар сананы сәт сайын тілгілеп жатты...
х х х
Елге көмек ұйымдастыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары К.Таңқиев жерлес жазушы, академик Зейнолла Қабдолов және ақын Фариза Оңғарсыновалардың көмегімен Қазақ теледидары арқылы «Тасқын судан зардап шеккен Атырау облысының Қызылқоға, Жылыой аудандарына көмек көрсету жөніндегі «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕЛЕКӨПІР» ұйымдастыра білді. Бұл - сол кездің шамасымен алғанда үлкен шара. Себебі, бұрын-соңды мұндай ауқымды тележоба болмаған еді...
х х х
Сол кездегі Қызылқоға ауданы әкімінің бірінші орынбасары, марқұм Мейрамбай Сүйеуұлы Әлиев Ресейден құрастырмалы ағаш үйлерді әкелу үшін бірнеше ай бойы үй көрмей өзге елде іссапарда жатты.
Аудан әкімінің орынбасары Жәния Қалиқызы Ізбасқанова облыстан тасылатын түрлі тауарлар мен құрылыс материалдарын Гурьев қаласынан жеткізуге өлшеусіз үлес қосты.
Бұл кезде аудандағы барлық жұмысты үйлестіріп, тыңғылықты шешу ауыртпалығы аудан әкімінің бірінші орынбасары Мергенғали Шүкірұлы Бейісқалиевтің мойнында болды...
х х х
Сол апатта үйге кірген ылғалдың электр қуатына қысқа тұйықталуы салдарынан өрімдей жас Дулат Жәдігерұлы ҚУАНЫШЕВ бозбала шағында шейіт кетті. Кейін Е.Нұршаев атындағы шағынауданның бір көшесіне оның есімі берілді...
х х х
Енді мұның бәрі - тарих. Мұны білетін, көрген адамдар да күн санап азайып барады. Ал, тарих әрқашан өзінің ерекше сәттерімен кейінгі буынды таңғалдырып отырады.
P.S. Бүгінгі аты жаман кесел де тарихта қалады. Тек ауызбірлік керек. Тарихи оқиғалар адам қолымен жасалады. Бірақ Тәңірінің пәрменіне ешкім қарсы тұра алмайды.
Сол апатты жағдайдың зардабын жою барысында зор ұйымдастыру қабілет көрсеткен басшылардың суреттері
Сағат Қашқынұлы ТҮГЕЛБАЕВ, Атырау облысының әкімі (1992-1994)
Есенгелді НҰРШАЕВ (1942-2005), Қазақстан Компартиясы Қызылқоға аудандық комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары Қызылқоға аудандық Кеңесінің төрағасы, Қызылқоға ауданының әкімі (1986-1994)
Кәдірғали Қоңырұлы ТАҢҚИЕВ, облыс әкімінің орынбасары (1992-1994)
Мергенғали Шүкірұлы БЕЙІСҚАИЕВ, халық депутаттары Қызылқоға аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Қызылқоға ауданы әкімінің бірінші орынбасары (1988-1994), Қызылқоға ауданының әкімі (1994-1997)
Жәния Қалиқызы ІЗБАСҚАНОВА, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары (1992-1994)
Бүгін - ТАРИХИ ОРЫНДАР МЕН ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ КҮНІ.
Тарихты ұмытпайық, ағайын!
Материал Сергей Алпатанов ақсақалдың фейсбуктегі парақшасынан алынған...