Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктерінің жалғасы
Алматы - менің жастығым ... .
Бұл 1969 жыл болатын. Алматыға В.И.Ленин атындағы Политехникалық Институттың мұнай факультетіне оқуға түсуге келдім. Қияндағы Гурьевтің , Мақат ауданындағы Сағыз деген мұнай кәсіпшілігінен мұнайшы болам деген арман жетегінде Мақаттан тіке Алматыға тарттым. Интернаттағы үш жыл біраз нәрсеге үйретті ғой, көпшіліктің ортасында қалай өмір сүру керек екенін біршама білемін. Бірақ бір қырсығы орысшаға шорқақпын ... . Құжаттарымды тапсырып мұнай факультетінің студенттеріне тиесілі 7 жатақхананың 3 қабатындағы 71 бөлмеге орналастық. Жатақханалар институттың қасында жақын жерде орналасқан. Біздің жатақхананың мекенжайы, Астрономическая-1, ал почта бөлімшеміздің нөмірі №13 екен және ол да жатақханадан көп қашық емес жерде орналасқан. Жатақхананың бірінші қабатында, кірер есіктің жанында, буфет бар, ал студенттік асхананың корпусы да жатақханаға тиіп тұр. Институтымыздың әр факультетінің өз жатақханалары бар. Асхана корпусы бөлек, барлығына ортақ. Бір жатақхананың астында медпункт және спорт жабдықтарын жалға алатын пункт орналасқан. Барлық жатақханаларға ортақ, біздің жатақхананың алдында темір тормен қоршалған кіші-футбол, волейбол алаңдары бар.
Мынандай әдемі, әсем қаланы алғаш көргенде аузымды ашып қалдым. Ауылдан келген маған Алматының сол кездегі табиғаты қатты әсер етті. Жасыл желекке малынған қала. Бұрын бұндай өте көп, биік, әртүрлі, қалың өскен талдарды, теректерді көрмегем. Ұшар басы аппақ қарға оранған Алатаудың көрінісі тіпті керемет, көшедегі арықтарда сылдырап ағып жатқан мұздай, мөлдір сулар, желсіз тымық, мақпалдай жұмсақ ауасы, тап-таза, оқтаудай түзу, кең көшелері, трамвайлары, троллейбустары, жасыл шамды «Волга» таксилері, «Икарус» деген екі бөлектен тұратын автобустары, әдемі бірнеше қабатты үйлері, кафелері, ресторандары, парктері, стадиондары, кинотеатрлары, театрлары, Көктөбе, Көктөбеге баратын «канатная дорога».... газды су қондырғылары, осы кереметтердің бәрі мені қатты таң қалдырды. Өмірі, ең болмаса, облыс орталығын көрместен, осынау жұмақтай қалаға бірден тап болған ауыл баласының қайран қалуы заңды құбылыс шығар. Әсіресе, мәңгі жадымда қалғаны - Алматының алтын күзі. Бұндай тамаша табиғатты мен еш жерден, бұған дейін де, бұдан соң да, көрген емеспін. Тамылжыған жылы күз, айнала жарқырап тұр, өзіңді қоршаған теректердің жапырақтары алтын сияқты сап-сары, әдейілеп бояп қойғандай қып-қызыл болып жайнап тұрады, ақ қайыңдар тіпті әдемі. Сол сансыз жапырақтар жердің бетін түгелдей жауып жатады, арықтарда да жүзіп бара жатырған жапырақтар. Аула сыпырушылар таң атар-атпастан, жапырақтарды төбешік қылып үйіп қойып өртеп жатады. Таңғы тымық ауада түтіндер аспанға тік көтеріліп, кейде жер бауырлай жайылып бір тамаша көріністерді беретіні де бар. Арасында таудан құлаған қалың тұман да жер бауырлай жылжиды. Кейде әдейі осындай тамаша көріністерді қарау үшін ұйқымнан ерте тұрып кетіп, жатақханаға жақын маңдағы көшелерде жүретінмін. Аула сыпырушылардың үйген жапырақтары ауылда біздің шөп шапқанда салатын кішкене шөмелелерді еске салатын. Біздің ауылда жазғы желсіз тымық кештерде, түйелерге сона, маса тигенде тап осылайша түтін салатын. Ауылдың әр жерлерінен қойған осындай түтіндер бүкіл ауылды қоршап, ұзақ уақыт тарай қоймай тұратыны болушы еді. Тура осы Алматының дворниктері жаққан дымқыл жапырақтардың түтіндерінен аумайтын. Өмірі тау көрмеген мен көшеге шықсам да, бөлмемнің терезесінен де, басын қар басқан Алатауға қараудан жалықпайтын едім. Таудан сарқырап құлап, қаланы жарып өтетін кіші, үлкен Алматинка, Весновка өзендерінің жағасында да қиялға беріліп қаншама уақыт отырғанымды кім білсін?! Ал ақындардың талай жырына арқау болған, Алматының ақ жаңбырын қалай ұмытарсың?! Осы жасыма келгенше қанша елде, қалаларда, тамаша табиғаты бар жерлерде болдым, бірақ солардың біреуі де маған Алматыны ең алғашқы көрген кезімдегідей әсер бере алмады, АЛТЫН КҮЗІНДЕЙ ғажап, ертегідегідей көріністерді көз алдыма келтіре алмады. Ал Алматының апорты жөнінде қалай, қандай теңеулер тауып жазарымды тіпті де білмей отырмын. Хош иісі мұрныңды жаратын, өзі кішкене сәбидің басымен бірдей нән, қып-қызыл алманы алма деп айтуға да ұят сияқты. Бұл алма емес, АЛМАТЫНЫҢ атағы жер жарған АПОРТЫ ғой. Біздің түсінігіміздегі алма бір басқа да, АЛМАТЫНЫҢ АПОРТЫ тіпті басқа дүние. Каникулға шыққанда ауылға талай алып келіп ауыл адамдарының ауыздарының суын құртқанбыз.
Алматының балдай тәтті суының дәмін, шымырау құдықтан алғандай салқындығын қалайша айтпай кетуге болады?! Айта берсе, жаза берсе тауысылмастай әсер қалдырған осындай ғажайып қалада болашақ өміріме бастау болған, өмірлік кәсібім болған мамандығымды алдым. Алматыны еске алсам, жастығым көз алдымда бұлдырайды, жүрегімнің түкпірінде сақтаған ең қымбат та қимас шақтарым алыстан қол бұлғайды ... .
Биыл біздің курстың институт бітіргеніне 45 жыл
Сол жақ шеттен бастап(бірінші қатар, екінші қатар деп бөлмей) бастарының көрініп тұрған реттері бойынша жаза беремін:
Тұрсынбеков Абай, Аспенов Батырбай(марқұм), Нұров Есберген, Бисенғалиев Бисенбай, Нысанов Сәлімгерей(марқұм), Алдахов Кәрім, Тұрақбаев Қадырбай (көп оқымай шығып кетті, басы жақсы жасайтын бала еді, Гурьевтен), Бисенқұлов Қуаныш, Қойсарин Қомшабай(марқұм), Әбитов Бердеш, Ақмұрзиев Төлеген. Бұл біздің группаның толық емес құрамы: Бесқалиев Жүсіп, Басаров Айтуар, Шотаев Мәлік, Оңғарбаев Нахим, Ғайсұлтанов Сұлтан, Дәурешев Баттал, Баланчаев Владимир, Қожабеков Ерік, Тілегенов Жетібай, Өтегенов Серік, Рыбалко Александр, Аталықов Шайхы дегендер суретте жоқ.
Сенбілікте, жатақхананың сыртқы бетін тазалаудамыз: Тұрсынбеков Абай, Нұров Есберген, Шотаев Мәлік, Оңғарбаев Нахим, Бисенқұлов Қуаныш, Бисенғалиев Бисенбай, Жалғасов Балғабай.
Сол сенбілікте: Бисенғалиев Бисенбай, Бисенқұлов Қуаныш, Тілегенов Жетібай.
Біздің №85 бөлмеде. Суретке түсіруші мен болғандықтан өзім көрінбей қалдым. Отырғандар, солдан оңға қарай: Бисенқұлов Қуаныш, Нысанов Сәлімгерей, Әбілғазиев Жолтай(Анджела Дэвис). Тұрғандар: Ғалиев Бақытжан, Қойсарин Қомшабай.
Досым Нысанов Сәлімгерей екеуміз орталық алаңда, В.И.Лениннің ескерткішінің сыртында.
Институттың алдында. Қойсарин Қомшабай екеуміз.
Институттың алдында. Нысанов Сәлімгерей екеуміз.
Волгоградқа өндірістік тәжірибеден өтуге 4 курстан соң барғанда. 1973 жыл, жаз. Солдан оңға қарай: Бисенғалиев Бисенбай, Бисенқұлов Қуаныш, сол қалада оқитын Астраханьдық Рамазан деген қазақ жігіт(кездейсоқ кездесіп қалған).
3 курстың студенті Бисенғалиев Бисенбай, жатақхананың қапталында.
2 курстың студенті Бисенғалиев Бисенбай Ұлы Абайдың ескерткіші жанында.
Шығыс Қазақстан облысындағы Таврия деген жерде 1974 жылы жазда әскери дайындықтан өттік. Солдан оңға қарай: Кемелов Серік, Бисенғалиев Бисенбай, Шелденов Жексен, Ахметов Болат, Әлімгереев Махсолат, Игілік(фамилиясын ұмытыппын) , Демесінов Тәңірберген.
Алматы. 1972ж. КазПТИ, мұнай факультетінің әртүрлі курста оқитын Сағыздық жастар. Ортада Сағыздағы мектеп директорымыз Муса Көшербаев.
Ермек екеуміз Көктөбеде. 1974 жыл, күз.
КазПТИ(1969-74ж.ж.), ГН-69-4.
Бисенғалиев Бисенбай(Бәкөн әл-Сағыз).
Мамыр 2019ж.
Ақтау.