1977 жылдың басында Новобогат ауданы қайта құрылып, 1 қазаннан бастап аудандық газет шыға бастағанда редакцияға қызметке тұрған екі - үш қызметкер материал жинау үшін шаруашылықтарға іссапарға аттандық. Менің үлесіме "Забурын" совхозы тиді. Ол кезде журналистер ең әуелі озат шопандарды іздейтін еді ғой. Кештетіп теңіз жағалауындағы "Досберген" учаскесіне ат басын бұрдық. Онда Социалистік Еңбек Ері Мүсілім Нұрмұхановтың қыстағы бар. Шаруа адамы үйде отырған ба, атақты шопанды қор басынан кездестірдік. Мүсекең аман - саулықтан кейін: "Қонақтар, үйге демала беріңіздер, мен мал қоралап тастайын" деді де құлағы тік тұрған көк атына мініп, өрістен келе жатқан отарына қарай беттеді. Біз әңгімемізді кеште үйде жалғастырдық. Сөзге оралымды, әзілге де кет әрі емес ақжарқын адам екен.
Үй жанында су жаңа "Москвич - 412" автокөлігі тұр. Ол заманда жеңіл көліктің төресі осы "Москвич" болатын. Қалтаңда ақшаң болса да, қапелімде ала алмайсың, жылдап сауда мекемесіне кезекке қояды. Міне, керемет, машинаның бір жанында "lX бесжылдықтың екпіндісі", екінші жанында "КСРО Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің сыйлығы" деген жазу бар. Мүсекең партия сиезіне делегат болып, Мәскеу қаласына да барып қайтыпты. Қарапайым қойшының сиездер сарайында отыру түгілі, Мәскеуге барудың өзі түсіне кіре бермейтін кез ғой ол. Басқа республикалардан келген еңбек адамдарының біразымен танысып, тілі жеткенше әңгіме - дүкен құрып, бірге дастарханда болыпты.
Бір сәт ойға шомды. Құмдағы жетіжылдық мектепті бітіргенде 1944 жылы әкесі өмірден өтіп еді - ау. Майданда жеңістерге қол жетіп, тылда еңбектің қайнаған кезі. Әкесінің малшы таяғын алды да "ІІІ Интернационал" колхозына кірді, кейін совхоз құрылды. Қой соңында жыл он екі ай салпылдап жүріп қана қойған жоқ, табиғат сырын, ата кәсіпті жете меңгерді. Республиканың Алтын кітабына екі мәрте есімі жазылды, чемпиондық лентаның бірнешеуін тақты, облыстың барлық шопандарына арнап, "Қазақстандық 50 миллионға үлес қосайық!" деп үндеу тастады. Көзі тірісінде шыққан өз өмірі арқау етілген "Атыраудың ақиығы" кітабын көрді.
Мен алғаш кездескенде Мүсекең 50-де еді. Ердің жасында кеудесіне таққан Алтын жұлдызы бақ жұлдызындай жарқырап тұрды. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына әбден тотыққан жылы жүзі, шалқасынан қайырған қалың қара шашы, кең маңдайына жарасқан қою қара қасы, күлгенде жарқырай көрінетін аппақ тісі есімде қалыпты. Нағыз құрыштан құйғандай ерекше бітім, парасатты тұрпат. Өмірге төрт ұрпақ әкелген зайыбы Қазизаның да орны бөлек.
Қазіргі ауданның батыс бөлігіндегі 4 ауылдық округтің табаны кешегі "Забурын" совхозының жері, Забурын советінен енші алған бір шаңырақтың адамдары. Осы аймақтан Мүсілімнен басқа төрт Еңбек Ері шыққан. Ауылдастары ерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін оларға көше атауын берді. Жанбай ауылында "Мүсілім Нұрмұханов көшесі бар.
Осы көшемен жүргенде жаз жайлауға, қыс қыстаққа көшіп, кең далада мыңғырта мал өсірген, атакәсіпті ұрпағына аманат еткен ата - бабаларымыз ойға оралады...
(Фотосуретте: Мүсілім Нұрмұханов және "Забурын" совхозының директоры, Новобогат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тұрғали Мусағалиев)
Мади Утегалиев, өлкетанушы