Бірнеше жыл бұрын Түркістан мен Қызылорда облыстарының түйіскен тұсында орналасқан «Орынбай» шекара бөлімшесіне жолым түскен болатын. Сол жолы бөлімшенің қызметі, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне көңілім бек толған-ды. Сөз жоқ, орынбасарларының «еті тірі» болса басшының қиналмайтыны рас. Менің есімде ерекше қалғаны ілтипатты, қағілез бір офицер болатын. Иә, қазіргі сәтте әлі сол шекара бөлімшесінде қызметте. Алдағы уақытта бөлімше тізгінін ұстауға ниет етіп жүрген бірегейлердің қатарынан.
«Қылыш қайқы болса да, өз қызметін түзу атқарады» деген аталы сөзді халқымыздың біртуар ұлы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы өсиет етіп қалдырған екен. Әрине, жауынгер жанын түсінетін саңлақ қолбасшы бұл сөзді бекерден-бекер айтты демессіз, мінезің қыңыр болса да қызметіңе түзу қара дегені болар. Бұл офицер тұрмақ қатардағы жауынгердің қаперіне салатын сөз екені ақиқат дүние.
Біз сөз еткелі отырған офицердің де өзіндік қырлары бар. Дала жауынгері Махамбет Өтемісұлы туған Жайық өлкесі өренінің шекара шебіне келуі де өз алдына қызық. Офицерлік құраммен болған бір кездесу барысында «сенің бойыңда батысқа тән қандай да бір «белгі» жоқ қой» деп әзілдеген болатынмын. Заманға сай өзгеруді мақсат еттік, солай болды да», деп бірден жауап берді. Шын ниетпен жарайсың, жолың ақ болсын деген едім.
Аға лейтенант Ілияс Әлібек ҰҚК Шекара академиясына дейін Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы шекарашылардың оқуына тапсырған Ілияс Бақтыгерейұлы тәлімі мол офицер Қанат Бердіқұловтың оқу дивизионына табан тірейді. Ұлт намысын жоғары қоятын талапшыл офицер Қанат Пірімқұлұлы төрт жылда баптап, шекара шебіне аттандырған Ілиястардың қаншауы бар десеңізші?!
Аға лейтенант Ілияс Әлібек ҰҚК Шекара академиясын бітіргелі бері Түркістан облысы бойынша департаментінің шекара шебінде қызмет етуде. Офицерлік лауазымында бірнеше рет үздіктердің қатарынан көріне білді. Таэквондодан қара белбеудің иегері, «Спорт шеберлігіне үміткер» офицер үшін шекара шебінде қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Себебі шекара тек батылдардың жүретін соқпағы. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік шекара бөлімшесі бастығының орынбасары» номинациясын жеңіп алды. Құмды аумақтың бірінші шекара бөлімшесінде қызмет ететін шекарашының бұл жетістігі бәріне үлгі боларлық жағдай.
Алдағы жылдары аға лейтенант Ілияс Әлібектің ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті жолағындағы ең үздік шекара бөлімшесінің бастығы болады деген үміттеміз. «Ең үздік шекара бөлімшесі бастығының орынбасары» атанған біздің әріптестің одан биік белесті бағындыруға қалай да қауқары жетеді. Дала жауынгері Махамбет Өтемісұлының ұрпағы мұны қалайда жасауы тиіс.
Капитан Р. НҰРМЕТ. «OS-ЧР».
Суреттер отбасылық мұрағаттан.
Ақпарат "Отан Сақшысы" газетінің 2024 жылғы 13 қаңтардағы № 1-2 (6087) санынан алынды.
https://www.gov.kz/memleket/entities/shekaraknb/press/article/details/148843?lang=ru