Сөз зергері Төлеген Жаңабайұлы – 80 жаста!
ҚАЗЫНАЛЫ ҚЫЗЫЛҚОҒАНЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІ
Атырау журналистикасының абызы, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ақын, ұстаз Төлеген Жаңабайұлы 80 жасқа толды.
Төкеңнің балалық шағы заманында Асан қайғы бабамыз қақпақты қара қазан атаған Қызылқоға өңіріндегі Балабейіт деген ауылда өтті. Ол бала кезінен журналист болуды армандады. Орлыкөл орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазы Шолпан Текебаева апай мемлекеттік емтиханда бүкіл кластағы оқушылар арасынан тек Төлегенге ғана бес деген баға қойып: «қарғам, сен қолыңа аттестатыңды алған соң Алматыға, КазГУ-дің журналистика факультетіне бар» дейді. Бірақ оның Алматыға баруды жағдайы көтермейді де, содан соң Атырау педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне түседі. Әбден түскеннен кейін ғана бұл факультетке тек мұғалім болатын емес, сонымен қатар журналист, жазушы болмақ ойы бар балалардың да түсетінін біліп қуанып кетеді. Айналасы толған ақын, бөркіңді лақтырсаң бір ақынға барып түседі. Қысқасы, Төкең осындай әдеби ортаға студент кезінен күмп береді. Осы ортадан кейін Аманқос Ершуов, Нұралы Әжіғалиев, Қадыр Жүсіп, Фариза Оңғарсынова, Күзембай Әміров сынды ақындар шықты ғой. Осы сапта Төкең де бар еді.
Төлеген аға 1966 жылы институтты бітірген соң еңбек жолын Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газетінде бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болды. 1973-1991 жылдары облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде Қызылқоға ауданы бойынша меншікті тілші, ауыл шаруашылығы, еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыстар бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1991-1997 жылдары «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалында бас редактор, төрағаның орынбасары, 1997-2007 жылдары облыстық «Қайсар» құқық қорғау газетінің бас редакторы болып жемісті еңбек етті. 2004 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметін атқарды.
Төлеген Жаңабайұлының «Іңкәр сезім», «Сырбаз сырлар», «Шалдығып жеткен шындық», «Зілдей сөзді Зімбіл еді-ау», «Малды ауылдың өрендері», «Жайық Беріштің Тумаш тармағы» атты әдеби, танымдық, ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Сонымен қатар «Ығылман», «Тайсойған-Бүйрек ақындары», «Атырау арғымақтары», «Шүкір батыр» тағы басқа да бірнеше кітапты құрастырып, алғы сөздері мен ғылыми түсініктерін, «Сән мен сахна шырайы» атты деректі телефильмнің және ондаған телеочерктердің сценарийін жазды. «Атырау ақын-жазушылары» атты сериямен шыққан 100 кітапты және «Атырау қаламгерлерінің туындылары» атты шығармаларды шығарушылар алқасының мүшесі болды. Атырау облысының және Қызылқоға, Мақат аудандары энциклопедиялары авторларының бірі. Төрт рет облыстық ақындар айтысының жүлдегері атанды. 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына орай өткен «Жапанға біткен бәйтерек» атты байқаудың жеңімпазы атанса, 2006 жылы Қазақстан Журналистер Одағы Атырау филиалының шешімімен «Очерк жанрының шебері» атағы берілді. Ал жуырда еліміздің ең үлкен марапаттарының бірі «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
- Төлеген ағамыз осыншама атақтарына қарамастан өте қарапайым адам ғой, - дейді онымен бірге «Қайсар» құқық қорғау газетінде бірге жұмыс жасаған менің жұбайым Сәуле Қонайқызы. – Жұмыстың сырынан хабары аз жастарға тәжірибесін үйретуден жалықпайтын. Маған алғаш жұмысқа келген кезден бастап «сен компьютер теріп отыра бермей, материал жазып үйрен» деді. Құқық қорғау газеті болған соң мұнда заң қызметкерлерінің мақалалары келеді. Оларды жөндеп, жатық тілге келтіру де машақаты көп жұмыс. Бүкіл редакцияның жұмысы екі адамның мойынында. Қайта газет айына екі рет қана шығатын. Не керек, ағайдан көп нәрсе үйрендім ғой. Жұмысыма риза болғанда «жарайсың Сәулебай» деп қоятын. Кейін ол кісі университетке жұмысқа кетті. Бірақ ағаймен бірге қызмет еткен күндер жүрегімде қалып қойды…
Осындай өмір белестерінен өтіп келе жатқан әріптес ағаның мерейлі жасын таяу күндері ұрпақтары мен ағайын-туыс, дос-жарандары, әріптестері атап өтті. Қоғам қайраткері Төкен Танаұлы, Атыраудың батагөй ақсақалы, Төкеңнің досы Ақмырза Батырқайыров, профессорлар Қадыр Жүсіп, Асхат Иманғалиев, Бақтыбек Таубаев және басқа Атыраудың зиялы қауым өкілдері мен мерейгердің журналистика қазанында бірге қайнаған әріптестері лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің Құттықтау хатын аталған ұйымның облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Құттықтау лебізін облыстық филиалдың төрағасы Алма Қалусариева оқып беріп, сый-сияпаттарын табыс етті.
Сөйтіп, осыдан көп жыл бұрын Балабейіттен басталған арман жолы Төкеңді сексеннің сеңгіріне әкеп отырғызды. Жасыңыз құтты болсын аға!
Ойылдың бойы самалмен таңғы ырғалып,
Тұратын еді-ау төсінде алау нұр жанып.
Сол кезде сенің көңіліңде көктем күлетін,
Көкірегіңде бәйшешек гүлдер бүр жарып.
Кеудеңде сонда өлең мен жырдың гүлі өсті,
Қумаған ойын бала боп өстің сен есті.
Қалам ұстаған сол қара бала ақыры,
Әдебиет атты ұлы көшке де ілесті.
Армандарыңды тербеген анау дала боз,
Балабейіттен ұзатып салған қара жол.
Сексеннің бүгін сеңгіріне әкеп шығарып,
Атандың аға әдебиеттегі дарабоз.
Сары алтын сынды сөзіңнің нарқын білетін,
Тойыңа бүгін тілегін төгіп тұр елің.
«Сырбаз сырларың» ақ парақтары саудырап,
Тербеуде қанша оқырманыңның жүрегін.
Тайсойған, Бүйрек шағылдарымен жүріп мың,
Ығылман менен Зімбілді аға тірілттің.
«Іңкәр сезімің» лирикамен өрілген,
Тербеді жанын қаншама қыз бен жігіттің.
Жансың ғой аға, құр емес марапаттан да,
Және де жоқсың даңғаза менен мақтанға.
Десе де аға қуанып қалдық бәріміз,
«Құрмет» орденін кеудеңе кеше таққанда.
Келді деп сексен сөнбесін жүрек қызуың,
Қалмасын және жазуың менен сызуың.
Ақ жеңгеміздің алақанында еркелеп,
Көре беріңіз өмір мен ұрпақ қызығын!
Тарас НАУРЫЗӘЛІ