Иә, өмір деген зуылдап өтіп жатқан ағынды өзен секілді... Кеше ғана көз алдымызда өткен, бозбала шағымызды еске түсірген, белгілі ұстаз, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Базарғалиұлының мерейлі жасқа келуі еді. 1981 жылдың алғашқы күз айы, Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің «Тарих, қоғамтану және советтік право» мамандығы бөлімінің студенті атандық.
Лесқали Базарғалиұлы 1 курс студенті
Оқу семестрі басталғаннан студенттердің арасында ерекше көзге түскен Мақат кентінен орта мектепті аяқтап келген көп сөзге жоқ, биязы студент Бердіғожин Лесқали болды. Ол өзін алғашқы күннен-ақ бойындағы білімге деген құштарлығы мен тапсырылған іске өте жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдеп берді.
Студенттік кезеңнің алғашқы қысы
Лесқалидің іс-әрекетінде сабаққа дайындалмай келу деген еш уақытта болмаған. Оның себебі Лесқали, тапсырылған семинар тақырыбын ертеңге қалдырмай, сол күні сабақ бітісімен бұрынғы А.С.Пушкин атындағы (қазіргі Ғ.Сланов) кітапханасына не институттың оқу залына барып орындайды және группалас қыздармен кітапқа таласып, ерте баруға жұмыстанатын. Оның бір ерекше қасиеті – қысқы, жазғы сессия кезінде емтиханға алғашқы «бестіктің» бірі болып кіріп, «үздік» бағаға тапсырып шығатын.
Ұстазымыз Ибат Кәмешұлының қызықты лекциясы
Студенттік жылдарда ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндама дайындап, жоғары нәтижеге жетіп, талай Халықаралық және республикалық, аймақтықтық ғылыми тәжірибелік конференцияларға қатысып, олардың жеңімпазы болды.
Институт қабырғасында танысқан студенттер
Үздік оқумен білімге деген құштарлығының арқасында педагогикалық институтты, «қызыл дипломмен» аяқтап, еңбек жолын ғылымды игеруге арнады, үлкен мақсаттар алға жетелеп, ғылым жолында өз орнын тапты. Ғылым жолын таңдауда оның жолында еліміздің белгілі, ғалымдары Зұлқарнай Алдамжар, Көшім Есмағамбетов, Хисмет Табылдиев т.б., ұстаздар өздерінің кеңесін аямады, солардың айтуымен Лесқали Базарғалиұлы кандидаттық диссертация тақырыбын пысықтап, зерделеп, жан-жақты зерттеді. Осы іденістің нәтижесінде 2003 жылы «07.00.09. - Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері» мамандығы бойынша «1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ халқының азаттық қозғалысы тарихының деректік негізі мен тарихнамасы» тақырыбында қорғаған кандидаттық диссертациясы ұлттық тарих ғылымындағы санаулы жұмыстардың бірі екендігін ғылыми орта мойындап отыр, бұл да Лекеңнің үлкен табысы, жанкешті еңбегінің арқасы екендігін көпшілік әріптестер жақсы біледі. Ғылыми жетекшісі елімізге аты мәшhүр тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Мәмбет Қойгелдиев еді. Лесқали Базарғалиұлының бұл еңбегі оның ғылым жолындағы ізденістердің бастауы болды. Ол өзінің сүйікті ісін жалғастыра отыра, 2010 жылдың 27 ақпанында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңестің мәжілісінде «1890-1990 жылдар аралығындағы ұлттық өнеркәсіптің қалыптасуының кадрлық әлеуеті» атты докторлық диссертациясы тыңдалып, қаралып «07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)» мамандығы бойынша тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шықты. Ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков: «Қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласының осы бағытын зерттеуде мұндай терең пайымдалған еңбектердің сирек екенін» - атап өткен еді. Бұл еңбекте мұнай өндірісі саласы жұмысшыларын, техникалық мамандарын даярлау тарихының жетістіктерімен қатар аштық пен нәубеттің демографиялық салдары тың деректер арқылы баяндалады. Бір ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнай-газ өндірісінің қалыптасу және даму ерекшелігі жергілікті тұрғындарға тигізген әлеуметтік-экономикалық ықпалы мәселесін бір-біріне сабақтастыра қарастырып келе жатқан ғалымдар еңбектеріндегі қайшылықты пікірлерді бір арнаға түсірді. Бұл саладағы ұлттық маман кадрларды дайындау тарихын жаңа методологиялық ұстанымдар мен материалдар негізіндегі еңбегі, «Мұнай газ өндірісінің кадрлық әлеуеті» - туралы докторлық диссертациясы ғылыми орта үшін құнды, алатын орны ерекше болды.
Бүгінде Лесқали Базарғалиұлы төрт монография, бес оқу құралы, 270 ғылыми және республикалық мерзімді баспасөзде жарияланған 500-ден астам ғылыми-танымдық мақаланың авторы. Қазіргі Отан тарихы ғылымы алдында жауапты да маңызды міндеттер тұр. Тарих ғылымын зерттеу мен оған тиісті баға берудегі және оны жас ұрпақ санасына жеткізудегі кеңестік идеология мен пікірлерден, тұжырымдардан арылып әлемдік тарихтын кұрамды бөлшегі мен өзіндік ерекшеліктеріміз бен ұлттық болмысымызды ерекше көрсетуге мән беруіміз қажет. Бүгінгі Отан тарихы ғылымының басты міндеттерінің бірі казіргі ұрпағымызды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болып табылады. Ал патриотизм рухында тәрбие беру қоғамның өткені мен бүгінін байланыстыратын тарихи сананы қалыптастырмайынша мүмкін емес. Сондыктан да Отан тарихын оқып үйрену, оны ұрпақ санасына жеткізу бүгінгі күндегі басты міндеттердің бірі болып қала береді. Сондықтан да, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Лесқали Базарғалиұлы жаңа тың ізденістер үстінде, әлі талай ғылыми монографиялар, оқу құралдары жазылатындығына шек келтірмейміз, осы ғылыми ізденістерге жетелейтін, ең бастысы денсаулық, отбасы амандығын, шығармашылық табыстар тілейміз.
Әрбір адам өзі жүрген, оқыған ортасынан жолдастар, достар, әріптестер табылып, уақыт сынынан өте келе іріктеліп, шын достыққа, сыйластыққа, жолдастыққа айналатыны ақиқат. Күні бүгін сол студенттік кезден басталған таныстығымыз шын достыққа айналғандай.
Студенттік жылдардан соң отбасылық достарға айналғандар ...
Шынайы досы бар адам бақытты, оны да Алла тағала үйлестіретіндігіне куә боласың, «адал досқа жолықсаң тағдырдың бір сыйы» - дейді ғой. Біздің досымыз Лесқали Базарғалиұлы тек білім жолында ұстаз, ғалым ғана емес, отбасында үлгілі әке, ағайын арасында қадірлі аға-іні, достардың арасында қарапайым дос.
Татулығы мен бірлігі жарасқан отбасы
Ұлағатты отбасында өмірлік жары, ұстаз Райгүл Есқуатқызымен үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қыздары Маусым, Биялай ата-анасының жолын қуған ұстаз болса, Жанерке адам жанының арашасы – дәрігер. Ұлы Жұмағали жоғары оқу орнының студенті. Қыздары жоғары білім алып, қазақи сал-дәстүрмен құда түсіріп, қияға ұшып, ата-аналарын үш рулы елмен құда-құдағай атандырып, Азамат, Тайыр, Ислям атты күйеу балалары жұбайларымен бақытты өмір кешуде.
Лесқали мен Райгүл немере жиендерінің сүйікті ата-әжесі
Бүгінгі күні асқаралы 60 жасқа толып отырған группалас досымыз Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ұлағатты ұстаз Лесқали Базарғалиұлына зор денсаулық, отбасы бақытын тілей отырып, алдағы уақытта шығармашылық ізденістер жолында тың тақырыптар қозғап қаламы мұқалмай, биік белестерге жете беруіне тілекшіміз.
Сабирова Алма Тілепбергенқызы,
ардагер-ұстаз, «Ұлағатты- ұстаз» медалінің иегері, студенттік топ жетекшісі
Исенов Өтеген Ихсанұлы,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор
Нығметов Болат Сырымұлы,
тарих ғылымдарының кандидаты