Ғұмар ҚАРАШ: "ГАЗЕТ ДЕГЕН НЕ ЗАТ". "Қазақстан" газеті, 1911 жыл, 16 наурыз, №1

Ғұмар ҚАРАШ: "ГАЗЕТ ДЕГЕН НЕ ЗАТ". "Қазақстан" газеті, 1911 жыл, 16 наурыз, №1

Қазыбек Құттымұратұлы: БАҚ мерекесі қарсаңында біздің ХХ ғасыр басындағы зиялыларымыздың не дегенін де ортаға сала отырайық:

9396_10200200139225965_95883187_n

ГАЗЕТ ДЕГЕН НЕ ЗАТ

       Өзіңіз білесіз, адамға пайдалы нәрсе де бар, зарарлы нәрсе де бар, бірақ біз пайдамыз не, зарарымыз не, біліп жете алмаймыз. Со себептен көп пайдалы деп қолданып жүрген ғамалдарымыздың зарарлы болып шығуы да бек мүмкін, бұларды айыруға қолда – ғылым-өнер құралы, баста – ақыл мизаны болған бір басшының жәрдемі керек. Және ол басшы күндіз-түн біздің жанымызда бірге жүрсін де, бізді көпті қатерлі нәрселерден сақтасын.

      Енді ойлап қарайық, біз қазақ халқы 6 миллион шамалы бір ел екенбіз. Сол 6 миллион елге 6 мың әлгідей басшы табылар ма, 6 мың түгіл 6 жүз, 6 жүз түгіл 6 он (60) да жоқ, бірен-саран болған ... басшы адамдар шыға қалса да, ол һәр кімменен бірге жүре алмайды. Енді қалай етпек керек?! Дүниада адам баласына бірінен бірі үйренуге ғой, бізге керек былайғы өзімізден ілгері жақтарға көз жіберіп солардан үлгі алуға.

       Оларда бұ күн емес кеше емес, көптен көп жылдардан берлі газет басылып, елдерінің арасына тегіс шашылып оқып жақсы менен жаманды айырып түзу бағытқа тарту басталған. Ақыл иесі адамдардың айтқан бір аз сөзі 2-3 күнде елінің басынан аяғына оқылып тыңдалып болады, пайдалы істі ынтымақпен істей қойысады, зарарлы істің зарарын күн ілгері біліп сақтанысады.

       Бізде олай емес, елдің бір шетінде бүлгіншілік болып жау орнап жатса, екінші бетінде одан хабары жоқ, ойын-күлкіменен өмірлерін өткізіп жатады. Бұлайша қайғыны-шаттықты бірге ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ, ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ, бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, со себепті газет – біздің басшымыз, газет – біздің достар алдында көркіміз. Дұспандарға қарсы құралымыз, газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, газеит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз. Бізге, қазақ балаларына бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу аз, ақшаны аямай жазылып, алып оқу – парыз. (Ғұмар ҚАРАШ "Қазақстан" газеті, 1911 жыл, 16 наурыз, №1).

 

Ақпаратты жариялаған журналист, өлке тарихын зерттеуші - Қазыбек Құттымұратұлы

1049209_10200200146266141_926011571_o