1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдарды шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» туралы декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздерін соттап, отбасын жер аударады. Бұрынғы Гурьев (Атырау) округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталыпты. Қызылқоға ауданы бойынша, қазіргі Қоныстану ауылы аумағынан тәркілеуге түскен байлардың бірі Жұмабаев Түзелбайды он жылға соттап, отбасын Петропавловскге (Қызылжарға) жер аударады. Сол азапты күндерді көзімен көріп, басынан кешірген Түзелбайдың кіші баласы алты жасар Жұмабаев Теңелдің (1923-2004) естелігін сол күйінде ұсынамын. Бұл қолжазбаны 1996 жылы Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылында тұратын Түзелбайдың қызы Хамзақанымнан туған жиені, Сейталив Ғалым (1942) ағаның үйінен көріп, ксерокөшірмесін түсіріп алып едім. Теңел ақсақалдың өз қолымен жазған «Құныскерей» және «Жезде» деректі әңгімелерін 2019 жылы жарық көрген «Бәйтерек. Кіші жүз, Он екі ата Байұлы, Ысық руының шежіресі» кітабына енгізіп жариялаған едім. Енді осы әңгімені 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Тайсойған сайтының оқырмандарына ұсынамын.
Жұмағұлов Марат Дәулетбайұлы, Тарихшы, шежіретанушы.
1928 жылдың қыркүйегінде Жұмабай балалары өзінің ата мекені Тайсойған құмын артқа қалдырып, Дүзелбай балаларын жылатып-сықтатып, Көкжарға (Ойылға) қарай жол тартты. Туған, кіндік кескен, қимас жерлер артта қалды. Жұмабай балаларына алысқа көшу, атын бірде естіп, бірде естімеген Қызылжарға (Петропавловск) бару керекті. Қыс жақындап, 80-ге келген қарт ананы арбамен алып жүру қиындай берген соң Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің председателі Елтай Ерназаров жолдастың жеке рұқсатымен Жұмабаевтарға Адай округіне қарайтын Ойыл ауданының жерінде 1929 жылдың 1 мамырына дейін аялдауға мүмкіндік берілді.
Бірнеше арбадан, салт аттылардан құралған көш сол жылдың қараша айында Ойыл өзенінің бір саласы – Құлшығайдың төменгі жағындағы Орынбасар ауылына басын тіреді.
Бұрын жақсы танымаса да Орынбасар ауылы көшушілерді құрметпен қарсы алып, Жұмабай балаларына өздерінің үлкен үйлерінің бірнеше бөлмелерін босатып беріп, жайғастырды. Әсіресе, Орынбасардың әйелі Барша, балалары Мырзагерей, Нұрымгерей, қыздары Ақсұлу, Нұртандар, Орынбасардың ағасы Смағұлдың балалары Қабдол, Қаракейлер, олардың ағайындары, Құлшығайдың жоғары, төменгі жағына орналасқан Майлыбай Кетелердің ауылдары көшіп келген қонаққа мүмкін болған сый-құрметтерін көрсетіп, бірінен кейін бірі ерулік беріп жатты.
1928 жылғы 4 желтоқсанда дүние салған Жұмабайдың әйелі Жансүйгенді арулап шығарып салып, ауылдастар қонақтарының қайғы-қасіретіне ортақ болды. Ақылды әйел Барша бастаған Орынбасар балалары қонақтарына ешбір кемдік көрсетпей, уайым-қайғыға бой бергізбей, көңілдерін жұбатып, түрлі ойын-сауық кештерін ұйымдастырып отырды.
Осы жылдың желтоқсанында Жұмабай балалары қуанышқа бөленді. Оңғардың әйелі босанып, қыз тауып, қыздың аты Ермек қойылды.
Қыс өтті. Жаз келді. Ол бірақ Жұмабай балалары үшін онша қуанышты болмады. Дүзелбай мен үлкен баласы Оңғар Қарағандыға жер аударылып кетті.
Кейін Оңғар әйелі Лагияны, қызы Ермекті Қызылордаға көшіріп, біздер екі шешеміз Қайша, Тәкіш, інім төртеуміз Орынбасар ауылында қалып қойдық.
Шешелері Барша қайтыс болғаннан кейін де Орынбасар балалары қатынастарын өзгерткен жоқ. Бірге туған ағайын адамдардай жүріп жаттық.
Тек ауылдың аяғына таманғы үйге көшіп, бөлек тұрдық.
Орынбасардың екінші баласы Нұрымгерей жаз айларында оқудан келгенде мені өзіне жақындатып, аңға шыққанда бірге алып жүретін, кешкісін қасына жатқызатын. Достасып алдық. Өзі менен 13 жас үлкендігіне қарамай менімен үлкен адамдай ақылдасып, ойындағысын айтатын болды. Орынбасардың кіші баласы Шабазгерей 9 жас үлкен болса да бірге ойнап бұзау, қозы-лақтарды бақтық. Табиғатында ер мінезді, құралайды көзінен ататын сұр мерген ол біздерге де «Қыран қарақшы» сияқты ертегілерді «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Орақ-Мамай», «Қарасай қажы» туралы қиссаларды айтатын. Оның көбірек айтатыны, еліктейтін адамы Хамза Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң» романының бас кейіпкерлерінің бірі Құныскерей болатын. Шабазгерейдің әңгімелерінде бүкіл Гурьев, Орал, Ақтөбе, Маңғыстауға аты жайылған, аты аңызға айналған Құныскерей ерекше, атқанда оқ өтпейтін, қалың қолға жалғыз шабатын ер болып көрсетілетін.
1929 жылдың қысында Ойыл ГПУ-інің бастығы Александров, оның орынбасары Шаров бастаған 100 атты әскер Орынбасар балаларының үйінде жатып, қашып жүрген Құныскерейді, оның жолдастарын қолға түсіре алмайды. Бір күні отрядтың жансыздары Құныскерейдің айдалада жалғыз жатқанын хабарлайды. Отряд түнде дабылмен атқа қонып, күн шыға Құныскерей жатқан төбеге жақындайды. Аттың дүбірін естіген Құныскерей аспай-саспай киініп атын ерттеп мініп, өз жөніне жүре береді. Отряд жаппай бесатардан оқ атады. Құныскерей екі атып, Александров пен Шаровтың аттарын құлатады. Отряд ақырын тұрып қалады.
Наурыз айында ауылдағы қылтамақпен ауырып жатқан Көкжар бойы жақсы сыйлайтын Сафының көңілін сұрауға барған Құныскерейдің үстіне біздің ауылдың Құлшығай деген белсендісі келеді. Ол түрлі сөздер айтып, шәй ішіп отырған Құныскерейдің мазасын алады.
Ағайыны келіп, Құлшығай одан сайын өршелене түседі, Құныскерейді отрядқа ұстап беремін деп айбат көрсетеді.
Сонда Құныскерей:
– Кешіріңіз, мына Құлшығай шәйды дұрыстап ішкізбеді, енді көрісеміз бе, жоқ па Алла білер, әзірше сау болыңыз, – деп қолына қатарында тұрған мылтығын алып далаға шығады.
– Ал, Құлшығай, мені апаратын жеріңе апар. Атқа мін жүрелік, – деп бұйрық береді.
Құлшығайды алдына салып, қуғындаушы отряд жатқан төменгі ауылға қарай жүреді. Наурыз айындағы бірде еріп, бірде қатып жатқан Ойылдың қалың қарына Құлшығайдың арықтау аты бірде батып, бірде жығылып жүре алмайды. Оның үстіне Құныскерей Құлшығайдың атын кейде дойырмен ұрып-ұрып қояды.
Құлшығайды үйіне әкеліп, оның әйеліне:
– Мына итіңді бауыздап кетейін деп едім, сені, анау шиеттей балаларыңды аядым, қанын мойныма көтергім келмеді, –дейді де атының басын бұрады. Орынбасар үйіндегі 100 адамдық отряды осыны көріп тұрып, қууға батылы бармай, бет алды құла түзге оқ атты. Құныскерей оларға басын бұрып қарағанда жоқ. Мұны мен өз көзіммен көрдім.
Күз айының бір күні ауылдан қашықтау жерде мал бағып, Құныскерей болып, ойнап жүрген біздерге астында қара сұр аты бар, ат үстінде тіп-тік отырған еңгезердей адам келді. Біз ауыл әдетінше сәлем бердік.
– Орынбасар ауылының балаларымысыз?–деп әрқайсымыздан кімнің баласы екенімізді сұрады. Кезек маған келгенде мен әкемнің атын айтпай, мамамның атын айтып:
–Бәтиманың баласымын, – дедім.
Ол мені жерден көтеріп алып, алдына отырғызып, бетімнен сүйіп:
– Мамаңа менен көп-көп сәлем,– деді.
Жаңағы салт атты жүріп кеткен соң ішіміздегі үлкеніміз Шабазгерей:
Біз аузымызды ашып, таңырқап тұрып қалдық, аты әйгілі аңызға айналған Құныскерейді, тірі Құныскерейді көргенімізге қуанып масайрадық. Арада көп күн өтпей семьямыздың өмірінде кенет өзгеріс болды.
Төкіш екеуміз бұзау, қозы-лақтарды үйге жақындатқанымызда мамамның:
-Жарылған жұмыртқа болсын, ендігі жерде көрмеймін, ол маған бала емес деген ащы жылауын естіп шошып кеттік. Үйге келсек төрдің алдында мамам белін таянып алып, жаңағы сөздерін қайталайды. Екінші шешеміз Нұрыш бір бұрышта көзінің жасын төгіп отыр. Бізді көргеннен кейін мамам бұрынғыдан бетер дауысын көтеріп:
–Қайша кетіп қалды, – деді.
Апамыз Қайша бір жаққа кетіп қалады, бізді тастап кетеді деген ойда жоқ және оған көп түсіне бермейтін біз:
–Қайда кетті? – деп мамамызға қосылып жыладық. Неге жыладық, оған онша мән бермеген болуымыз керек.
Айналадағы көршілер жиналып, дауыс көтеріп, қатты сөздер айтып отырған мамамызға:
–Жатжұрттық бала ғой, теңін тауып кетті. Бәтима, неге сонша сатыласыз, таусыласыз? Көрмейді емес, көресіз, іштен шыққан баладан кім бас тартқан! Ақылды адамсыз, ашуыңызды басыңыз, – деп тоқтау айтып жатыр.
Ашуы тез келсе де ақылы мол, алды-артын терең болжай білетін, үлкен ойдың адамы, алдына сөз салмайтын, қызыл тілдің шешені мамам бірте-бірте сабасына түсіп, ашуын басып, Төкіш екеуміздің басымызды сипап отырып:
–Қайша апаңды ана Нұрымгерей алып кетті, –деп болған жайды түсіндірді. Мен ішімнен: «Алысқа кетпеген екен, қазір-ақ барамын» деп жоспарладым. Кейін білдім мамам қызының кететінін күні бұрын сезген екен. Бірақ Нұрымгерей Қайшаны милициямен алып кетеді деп ойламаған болуы керек, Нұрымгерей екі милицияны ертіп келіп Қайшаға «жүр» дегенде шешелеріміз естерінен танып қалған және шошақ бөріктілердің келуі олардың ар-намысына тиген.
Келген көршілерге мамам:
– Кетсе кетсін, бірақ шошақ төбелерсіз кетуге болатын еді ғой.
Кім оның байлап, аяғын тұсаулайды! Ана заман, мына заман, қызын күйеуге кім бермеген, әңгіме шошақ бөріктілерде тұр, – деген ойын бірнеше рет қайталап айтты.
Нұрымгерей ақылды, асып-сасуды білмейтін, жер қозғалса да орнынан қозғалмайтын сабырлы, салмақты, әдепті, әдет-ғұрыпты жақсы білетін Мырзагерей, олардың көреген ағалары Қабдол, Керекейлер болашақ құдаларын ренжітетін мұндай қадамға барғандықтарын мен кейін, есейе келе түсіндім. Және ол кезде жасы 10-ға келген балалар үшін апамыздың үйден кеткені қиын болса да, қалай кеткені, қалай алып кеткені қызықтырмайтын түсініксіз дүние ғой.
Ескі әдет-салтпен, әсіресе қалың малмен күресте әйел теңдігін нығайту жолындағы қозғалыс қызып тұрған кезде, оның үстіне атағы бар адамның қызын алып, орынсыз сөзге қалмас үшін Орынбасардың балалары Қайшаны милициямен алып кетуі дұрыс деп тапқан және заман талабына сай ойланып, өте орынды жасаған.
Үйден қыз кеткеннің оңай еместігін арада 40-50 жыл өткен соң өз басымыздан кешіргеннен кейін сол кезде Қайша апамыз үйден кеткенде шешелеріміздің жылап, қиналғанын жаңаша түсіндік.
Үй іші тынышталып сабасына түскеннен кейін мен білдірмей үйден шығып, сайдың екінші жағындағы Орынбасардың балаларының үйлеріне қарай тарттым. Мырзагерейдің таныс ағаш үйінің есігін ашып жіберсем, Қайша апам шәй құйып отыр екен. Мені көрген Мырзагерей мен Нұрымгерей:
–Теңел жоғары шық, – деп қосарлана шақырды.
Мен есікті жауып, қаша жөнелдім. Есікке жақын отырған Шабазгерей мені қуып, сайға жеткізбей ұстап алды да:
– Бала үйге жүр, – деп бұйырды.
Бізге тырнағы батып қалған, көсеміміз деп еліктейтін Шабазгерейден құтылып кету мүмкін болмады. Мен Мырзагерейдің үйіне қарай жүрдім. Үйге кіргеннен кейін Нұрымгерей:
–Теңел, бері кел,–деп қасына отырғызды.
Келін түсірген үйдің көңілді әңгімелері мені көп қызықтырған жоқ. Мен Қайша апама қарай бердім.
Жұртқа білдірмей көзімнің жасын сүрттім. Өте салмақты, қуанышын, күйінішін, қайғысын сыртқа шығармайтын ұстамды, сабырлы Қайша апамның да көңілі бұзылып, теріс қарап көзінің жасын сүртті. Бірнеше шәйтабақ шәй ішіп, бауырсақ жегеннен кейін мен Нұрымгерейден:
– Мен үйге қайтайын, мамам күтіп қалар,–деп рұқсат сұрадым. Нұрымгерей мені үйден шығарып салып тұрып:
– Күн сайын келіп тұр, өкпелеп жүрме, –деді.
Мен келіп тұруға уәде беріп, сайдың екінші жағына қарай жүгіре жөнелдім. Біз ешқашан мамамызды алдап көрген адамдар емеспіз. Үйге келген соң мамама Мырзагерейдің үйіне барғанымды, Қайша апайдың шәй құйып отырғанын айттым. Мамам ұрыспастан жүрегіне қысып:
– Ол сенің апаң ғой, – деп көзінің жасын тағы да төгіп жіберді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін үйге бір топ – Жолдасбайдың Қабдол бастаған балалары келіп, біраз уақыт үйде болды. Біздер мал сойып қонақ жасадық. Үлкендердің арасында ұзақ әңгіме қозды. Оған біздер араласқанымыз жоқ. Екі жақтың келісіп тарқағанын білдік. Көп кешікпей Орынбасар ауылында үлкен той болып, түйе, бие сойылды. Тойға біздің үй-ішіміз түгел қатысты. Бұдан кейін ишша деспеген, достық, ағайындық, түрлі қиындықтарға толы жылдар өтті. Орынбасар балалары осы қиын жылдарда достықтың ағайындықтың, бауырластықтың, сөзге беріктік пен уәдеден айнымастықтың тамаша үлгілерін көрсетті.
2. Орынбасардың балалары кімдер?
Естуімізше, Жолдасбай кезінде өз ортасында белгілі, беделді адам болып, баласы Орынбасарды орысша оқытып, орта дәрежелі фельдшерлік білім алып берген. Жасынан жетік, алғыр Орынбасар мамандығымен қатар ел билеуге араласып, жоғарғы әкімшіліктерге жәрдемшілік етеді. Әділдігімен, адалдығымен халық алдында үлкен беделге ие болады.
Орынбасар екі әйел алып, олардан он шақты бала сүйеді. Барша деген әйелінен Мырзагерей, Нұрымгерей, Нұртан, Нұртаза, екінші әйелінен Ақсұлу, Шабазгерей туады.
Орысша тіл білетін, заман ағымын түсінетін Орынбасар Мырзагерей мен Нұрымгерейге білім беруге тырысып, Орынбордағы, Ақтөбедегі орыс мектептерінде оқытады. Олар орыс тілін жақсы меңгереді.
Мырзагерей әкімшілік, сот жұмыстарын атқарады. Нұрымгерей өзін ағартушылық қызметіне арнайды. 1930 жылы Ақтөбедегі мұғалімдік курсты бітіріп, орыс тілінің маманы деген атақ алады. Ойыл ауданының Тайсойғанға жақын жердегі бір мектебіне мұғалімдік қызметке жіберіледі. Осы кезде Қайшаға үйленіп, өзінің жолдама алған жеріне көшіп кетті.
Мырзагерей ортадан жоғары бойлы, қызыл шырайлы, қалың қабақты, үлкендеу талпақ мұрынды, жұқа ерінді адам болатын. Ол, жоғарыда айтқандай, жер қозғалса да қозғалмайтын өте салмақты, күйіп-піспейтін, айналадағы құбылыстарға, өзгерістерге онша мән бермейтін, сараң, сирек сөйлейтін, қуанғандығын езу тартып қана білдіретін адам.
Мен көп жылдар бірге болғанда, қолында тәрбиеленгенде, қандай бір ауыр жағдайларда ол кісінің қызбалық жасап, ашу шақырып, артық сөйлегенін, біреуге тіл тигізгенін, біреулермен ұрысып-керіскенін көргенім жоқ. Жоқшылыққа көнбіс, үйінде нан бірде болып, бірде болмай жатқанда барды қанағат қылатын, өкпесі ауырып төсек тартып қалған күндерінде уайымға салынуды білмейтін, кең етектеу, салдыр-салақ көп нәрсені аңғара бермейтін әйелі Жанбөпеге:
– Мен өлсем, сен не боласың? –дегенін бір-ақ рет естігенім бар. Інілеріне, қарындастарына – «қарақтарым» дегеннен басқа сөз айтпайтын.
Нұрымгерей ортадан жоғары бойлы, қара торы, қалың қабақты, жұқа ерінді дөңгелек мұрынды еді. Шашын қысқа етіп алдыратын. Қисық жағалы көйлек, галифе шалбар, хұрым етік киетін, белін жіңішке жібек белдеумен буатын, сөйлегенде сәл тілін тістейтін.
Нұрымгерейдің мінезі ағасына қарама-қарсы, күйгелектеу, шыдамсыздау, ашуы тез келіп, тез қайтатын, ойындағысын жасырмай айтатын, көңіл күйін ашық білдіретін, қоғамшыл, өте бауырмал еді. Нұрымгерей өте намысшыл, өзгенің әділетсіздігіне төзе алмайтын, өзінің туған-туысқандарының ар-намысын қорғағанда ешкімнің көңіліне, бет-ажарына қарамайтын, тіпті қатынасын үзуге дейін баратын, бауырмалдығында, қамқорлығында шек болмайтын.
Шабазгерей ақ сұр, қалың қабақты, піспек мұрынды, жұқа ерінді еді, көп сөйлемейтін, барынша бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын, қасарған жерінен қан алатын қайсар еді. Асыраған шешесі Барша «Батыр балам» дейтін Шабазкерей шынында да батыр еді. Оның бір нәрседен жүрексініп, бетінің қайтқанын білмеймін, көргенім де, сезгенім де жоқ.
Шабазкерей атасы Жолдасбайға тартқан, оқты иненің көзінен өткізген сұр мерген еді. Оғы құр кетпейтін, көздеп атпайтын қолмерген болатын. Әрбір аңшы мерген сияқты, Шабазкерей де сәл мақтаншақтау, біздерге, өзінен кіші балаларға аңшылық әңгімені қыздырып айтатын. Әңгіме айтқанда біртүрлі арқасы қозып, біресе қызарып, біресе сұрланып, көзінің алды түктеніп кететін.
Шабазгерей мінезінің бірбеткейлігіне қарамастан ағаларына қарсы сөзге келмейтін, ашуланса бірнеше күн тамақ ішпей бүркеніп жатып алатын.
Ақсұлу – атына сай әдемі, ұзын бойлы, қыпша бел, талдырмаш, аққұбаша, бет-әлпеті жылы, жүріс-тұрысында ешбір артықшылық жоқ, күміс күлкілі еді. Ауыл қазақтарының бойжеткенді тәрбиелейтін ең бір жақсы дәстүрлерін бойына толық жинақтаған, әдепті, сөзінен де, ісінен де мін табылмайтын жан еді. Ақсұлудың суға бара жатып, келе жатып айтатын әндері, сыңғырлаған күміс күлкісі, жарасымды назды әзілдері адал кіршіксіз жанның, періштенің ішкі жан дүниесін білдіретін. Бұл ерекше жаралған адам өкпе ауруына шалдығып, ерте дүние салды. Ақсұлудың өліміне бүкіл ел қайғырды. Құлшығайдағылардың көз жастары көпке дейін тиылмады.
Нұртаза орта бойлы, толық қара торы, жалпақтау бетті, қайқы мұрын, мінезі тұйықтау, артық сөйлемейтін, тыныш жүретін адам еді. 1934 жылы бұрын айттырып қойған, өзінен жасы едәуір үлкен Әбдіғалиға ұзатылды. 1937 жылы Шабазгерей екеуміз Ақшатау жеті жылдық мектебінде оқып жүргенімізде сол мектептің шаруашылық жағын басқаратын Әбдіғали жездеміздің үйіне күнде барып, қона жатып, тамақтанып жүргенімізде Нұртазаның бір рет те қабақ шытқанын көргеніміз жоқ. Мені өзінің інісі Шабазгерейден де артық сыйлап, құрметтейтін, жылы қабақ танытып, арқамнан жиі-жиі қағып қоятын.
Мұның барлығы Орынбасар сияқты өз заманының алдыңғы қатарлы білікті, биліктегі адамы болған адамның сүйікті зайыбы, өзінің ақылы, мырзалығы, қамқоршылдығы, жүректілігі, тапқырлығы арқылы Көкжар өлкесіне аты шыққан Барша бәйбішенің тәрбиесі, сол кісінің мектебі болатын. Бүкіл Құлшығай айналасы Жолдасбай тұқымдарын танитын-танымайтындары, алыс-жақындары Баршаны батагөй көріп, кеңесіп тұратын, ел-ағайын арасындағы үлкенді-кішілі таластар, дау-тартыстар Баршаның билік айтуымен шешіліп жататын. Орынбасардың семьясында түсінушілікте, тыңдаушылықта, сыйластықта, құрметтеушілікте тұратын Барша барлығына үлкен ана болатын. Оның сөзі, нұсқауы, тәртібі екі етілмейтін.
1930 жылы қыркүйек айында Барша дүние салғанда бүкіл Майлыбай руы арулап, ақырғы сапарға шығарып салды. Ел өзінің сүйген анасынан айрылып, таза жетім қалғандай болды. Екі жыл бірге тұрып, бірге жүріп, бір-біріне ақылдас-пікірлес, ойлас болған, бірін-бірі жақсы түсінген, мінездері бір-біріне сай келген біздің мамамызға Баршаның қазасы ауыр тиді.
Ілуде біреу кездесетін, іздесе таптырмайтын жақсы адам еді, – деген сөзін мамамыз көзін жұмғанша қайталап жүрді, аузынан тастамады.
Жұмабай балаларының басына ауыр күндер келгенде тағдыр оларды Орынбасар балалары сияқты асыл адамдар, асыл азаматтармен туыс етті. Бұл туыстық оларды 1932-1937 жылдардың апатынан аман алып қалды.
3. Апатты жылдарда
Біз 1932 жылдың күзінде бүкіл Кіші жүз рулары Көкжарға /Ойылға/ көшіп келдік. Қазақ даласындағы ұлы жәрмеңкелердің бірі болып атағы шартарапқа жайылған, жыл сайын жазғы-қысқы жәрмеңке ететін Көкжар 5 мыңға жуық адам тұратын кішкене қалашық-аудан орталығы болатын.
Көкжардың аты ұлы жәрмеңкесімен ғана шықпаған. Бұл атақты дауылпаз ақын Шернияздың отаны, мұнда атақты Мұхит Мерәліұлы ән шырқаған. Көкжар топырағынан бұлардан басқа да атақты ақындар, жыраулар, композиторлар, күйшілер шыққан. Көкжардың көк жиегінде талай таланттар көрініп, халықты өнер ләззатына бөлеген.
Мен осы Ойылда Шабазгерейдің туған нағашысы, Маңғыстауға, Гурьев, Ақтөбе, Оралға аты мәшһүр болған Әміреш домбырашыны көріп, оның ойнаған күйлерін тыңдадым. Өмірде талай күйшіні көрсек те мен Әмірештей күй тартқан адамды көргенім де, білгенім де жоқ.
Әміреш ұзын бойлы, арық, сопақ бет, имек мұрынды, мұрты ерінін жапқан сары кісі болатын. Домбыраны қолына алғанға дейін жай отыратын Әміреш қолына домбыра тигенде мүлдем өзгеріп, құтырып, аруақтанып, арқаланып кететін. Оны мұңдайда ерекше бір сиқыр билейтіндей боп көрінеді. Домбыра тартып отырғанда көпшіліктің құрметтеулерін, қуанышты дауыстарын тыңдамайтын, күйді орындап болғаннан соң сылық түсіп, сала құлаш үлкен орамалымен бетінен моншақтап аққан терін бірнеше қайталап сүртетін, бірнеше көпшікті қолтықтап отыратын.
Әміреш орындаушылықта асқан шеберлікті талап ететін «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген» сияқты күрделі программалық күйлерді орындайтын. Көкжарда /Ойыл/ біз Ырысжан деген таныстың екі бөлмелі үйін алып тұрдық. Көршіміз мешіттің азаншысы татар молдасы болды, әйелінің аты Қатима еді. Көрші үйде Ойыл аудандық милицияның бастығы Құбай Берғалиев тұрды. Бұл кісі руы Тана, әкеміз Дүзелбайдың жақын нағашыларынан бірі болатын. Ірі денелі жалпақ бетті, ірі мұрынды, шошақ бөрік киген милицияның бастығы Көкжар тұрғындарына қорқыныш әкелетін, оның гүрілдеген дауысы жүректі қозғалтып, жұрт одан қашық жүруге, көзіне түспеуге тырысатын, бірақ бұл далада айқай-шуды жақсы көретін адам үйінде иі жұмсақ, сөйлегіш, әңгімешіл, әзілқой, кешірімді болатын.
Мамам екеуміз Құбайдың үйінде жиі болатынбыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын Жұмабай балаларынан жәрдем алып көргенін ұмытпаған Берғали, оның әйелі баласының қабағын түйгенін жақтырмай, ұрысып тастайтын. «Құдайыңды ұмытпа, балам. Дүние дөңгелек, ол айналмалы» – деп тиып тастайтын. Біраз түксиіп отырып, Құбай мамаммен нағашылы – жиенді әзілге көшетін.
– Фатима, ақылың көп адамсың, түсінесің ғой. Қызметтің аты – қызмет, – деп мамама жалына қарайтын.
Үй көршілері қолдарынан келген көмектерін беріп тұратын. Бастысы көп адамдар көшеде қарауға, амандасуға жүрексінетін Фатимаға көмектесу азаматтық ерлік болатын. Ауыр қорқынышты күндерде Жұмабай балаларын білетіндер, Фатиманың жақсылығын талай көргендер түрлі жолдармен тілектестігін, жандары ашитынын білдіретін азық-түлік жеткізіп, қол ұштарын беріп отыратын.
Біз тұрмыста онша қиыншылық, таршылық, жетіспестік көргеніміз жоқ. Осындай жағдайда тал түсте күн күркірегендей апатты 1932-1933 жылдардың Көкжар өңіріне екінің бірін, егіздің сыңарын о дүниеге алып кеткен, халықтың өмірінде, елдің тарихында ғасырлар бойына сақталатын аштық келді.
Көкжар өңіріндегі аштық ерекше қатты болды. Ел шұбырып, даладағылар қалаға, қаладағылар далаға көшті. Балапан-басына, тұрымтай-тұсына кетті. Ағайын-туғандар бас сауғалап, күнкөріс үшін ел-түзді аралады. Халық ұлы қозғалысқа келді.
Бір үзім нан таппаған адамдар ісіп-кеуіп, уланған шыбындай қырылды. Көптеген адамдар беттері жабусыз, көмусіз қалды, қарғаға, құзғынға жем болды. Ең соңғы нәрсе – адам жеушілік болды. Ойылда әке-шешесі туған балаларын, аға-інілері бірін-бірі жепті деген қауесеттер жиі тарады. Ойылдың базарында адамның етінен бешбармақ жасаған адамдар табылып, ұсталды. Мешіттің ық жағында балаларды өлтіріп, етін асып жеп отырған кемпірді милиционер атып тастағанын көзімізбен көрдік. Қала үйлерінің есіктері күндіз-түні жабық тұрды. Көшеге жалғыз-жарым шығу тоқталды.
Жаз шыға адамдар жаппай далаға аттанды. Сарышұнақ, тышқан, қолға түскен басқа да аңдарды аулап, дала жуасын, сарымсақтарды, қымыздықтарды, тамақтан өтетін, жеуге жарайтын шөптерді жеп, өлімнен қалды. Тамақтарын тойдырды. Сарышұнақ аулап, күйленіп, қап-қара болып семірген адамдар екінің бірі болды.
Ойыл өзенінің балығы да мыңдаған адамдарды ажал тырнағынан алып қалды. «Өзен жағалаған – өлмейді» – деген қазақтың данышпандық мақалының бала болсақ та сол апатта түсіндік те, сездік те.
Жаз ортасында өлімнің қара тырнағынан аман қалған адамдар біртіндеп естерін жиып, тоз-тоз болып кеткен ағайын-туысқандар бірін-бірі іздеп, тірі қалғандары табысып, тастап кеткен, қаңырап қалған ауылдарына, иесіз үйлеріне қайтып орала бастады. Ауыр тағдыр басына түскен халық бұл апаттың кімнен болғанын, неден болғанын сұрап жатпады, тірі қалғандарына риза болып күнкөріс жасауға, бұзылған ошақтарын қалпына келтіруге кірісті.
Мен сол кездері мұрттарын балта кеспеген, аштықтың, күйзелістің не екенін бастарынан кешірмеген лауазымды адамдарды білемін және Ойылдың базаларының астыққа лық толы екенін көзіммен көрдім. Халық мұны ұмытпауы керек, өмір бойы есте сақтауы керек. Аштыққа, 1932-1933 жылғы ақтабан шұбырындыға жеткізген сол кезеңдегі асыра сілтеушілікті ұйымдастырушылар, басқарушылар, қазақ халқы тарихының ең бір қасіретті бетін жасаушылар халық қарғысынан құтылмауы тиіс.
1932 жылдың қысында келген апатта, адам айтқысыз аштықта біздің семьямыз ортаңғол өмір сүрді. Қазан көтермеген күндеріміз болған жоқ. Күнделікті жейтін нанымыз, тарымыз, ыстық, суығымыз болды.
Біздің басқалардай аштыққа ұшырамай бытырап кетпеуімізге Тайсойған мектебінің мұғалімі Нұрымгерейдің ай сайын алып тұратын азық-түлік көмегі басты себеп болды. Қазір дәл мөлшерін айту қиын, Нұрымгерей ай сайын алып тұратын азық-түліктің тең жартысын бізге қалдырып тұрады. Тары ма, ұн ба таңдайтын мезгіл емес, жұтқанын жұмырына, тапқанын тамағына тығатын кез.
Бір кезде «Жарылған жұмыртқа, көрмеймін, білмеймін» – деп, қарғап-сілеген қызы Қайша, оның күйеуі Нұрымгерей ажалдың қыл арқаны мойынға ілігіп тұрғанда барын бөлісіп, бізді апаттан құтқарып қалды. Нұрымгерейге ауыз артқан тек біздің үй ғана болған жоқ, оның мойнында ағасы Мырзагерейдің, немере ағасы Ғабдолдың, Қаракейдің балалары болды. Аузын ашқан балапандарындай 12-13 бала Нұрымгерейдің үйінде тұрып, жартысын бізге қалдырып кеткен азық-түлік көмегіне қарап отырды.
Сол бір апатты жылдарда барларын балалармен, көмек сұрап қаңғырып келген ағайын-туысқандары мен ең соңғы дәніне дейін бөліскен Нұрымгерейдің, Қайшаның бірнеше күн оразаларын ашпай қайнаған қара су ішіп жатқандарын кейін білдік.
1933 жылдың жазы шыға Теміршайқы деген татардың күніне 25-30 литр сүт беретін сиырын бағуға жалдандым. Жас сиыр бағушы, он шақты бала сиыр бағуды үйреніп, бағымымыздағы сиырлардың сүтін сауып, оны пісіріп ішіп, күйлі жүрдік. Сиырының далада сауылғанын білсе де салмақты Қатима апай күлетін де қоятын, бір рет те жанға тиер сөз айтып көрген емес. Қайта кешкісін сиыр сауғасын бір-екі литр сүт құйып: –Мамаңа апарып бер, –дейтін рақымды жан еді.
Сиырды Ойылдың жағасына иіріп қойып, қармақпен балық аулайтын өнер таптық. Мен кей күндері 200-300 ақ шабақ аулайтын дәрежеге жеттім. Сол жылы Ойылдың балығы қара құрттай көп болды. «Өлмегенге өлі балық жолығады» – деген осы шығар.
Тамаққа өте шебер, қолы ұсынықты мамам мен аулап әкелген шабақтарды аршып, тұздап, кептіріп, шақырлатып қуырып бергенде құнан қойдың етін жегендей рахаттанатынбыз.
Жаз айларында Тайсойғаннан Нұрымгерейден құрт, ірімшік, сары су келетін болды. Сөйтіп едәуір күйленіп, қатарға еніп, тамағымыз тоғайды.
«Бір аштықтың бір тоқтығы бар» – деген сөз рас екен. 1934 жылы өте жауынды болды, колхоздарда ақ тары өте бітік шықты. Колхоздар бітік шыққан егінді уақытында жинап, бастыра алмай, маяға үйіп, келер жылға дейін басты. Алдағы күнді бұрын ойлайтын мамам Тәкіш екеумізді егістікке қалған масақты теруге жіберді. Біз Тәкіш екеуміз күніне үш пұтқа дейін масақ теріп, аяғымызбен басып, тазарған мөп-мөлдір ақ тарыны үйге арқалап әкеліп жүрдік. Есік алдына қап-қап тарыларды үйіп тастадық.
1934 жылдың тамызында Тайсойғаннан Нұрымгерей келіп, қалада бірнеше күн болды. Мамаммен күн сайын шәй үстінде әңгімелесіп:
– Мен Қамыстыкөл мектебіне ауыстым. Бұл сіздердің көшкен жеріңізден 70-80 шақырым қашық. Қамыстыкөлге көшіңіздер, өзім көшіріп алып кетемін, –деді.
Мамам: – Бізге мұнда да жаман емес. Алыстан сыйласқанымыз жақсы ғой. Беретін көмегіңді беріп жатырсың, жылы орнымызды суытпайық, – дейді.
Нұрымгерей: – Бәке, өздерің көшпесеңдер көшпей-ақ қойыңдар, бірақ мен Теңелді алып кетейін, қолымда оқытайын, мұнда ойынға салынып кетер, –деді.
Мамам біраз ойланып отырып:
– Барам десе барсын. Оқығаны жақсы ғой. Бұл қайбір ойын ойнап жүр дейсің, жұмыстары басынан асады, айналайындардың, – деп көңілін босатты. Ананың сезгіш жүрегі-ай!
Сонымен, мені Нұрымгерей Қамыстыкөлге алып кетті. Мен келгеннен кейін Қайша апам босанып, тұңғышы Сара дүниеге келді. Азын-аулақ шілдехана жасалынды.
Қамыстыкөлдегі мектепті сол айналадағы жұрт «Аяпберген мектебі» деп атайды екен. Өйткені, мектепті Науанов Аяпберген деген кісі салдырған екен. Өзі оқытушылықтан гөрі басқарушылық, шаруашылық және сыртқы жұмыстармен көбірек шұғылданады екен. Мектеп мұғалімдері үшін екі пәтерлік үш үй салынып, аралары жақын, бір-бірімен араласып, тату-тәтті тұрады екен.
Бір күні Нұрымгерей:
–Теңел, қонақ шақырайық, сен үйде бол, үйді жинауға Қайшаға көмектес, бөпеңді алдандыр, – деді. Мен қуана келістім.
Мен Нұрымгерейді жезде деп атап көрген емеспін, тек аға дейтінмін. Ол өз кезегінде балдыз деп айтқан емес, атымды атайтын. Ол кезде қонақ күту бір қой сойып беруден, бауырсақ пен шәй беруден аспайтын, көп болғанда қуырдақ жасалатын.
Біздің үйдің ерекшелігі, үйде түрлі құстың еті, балық көп болатын. Сұр мерген Шабазкерей Қамыстыкөлге бір барғанда керекті құстардың талайын атып алатын, балық ұстайтын. Дуадақтың еті ме, үйректің еті ме бәрі табылатын.
Үйге қонақ келетін болса не «қызыл» таусылып бара жатса, Қайша апам:
– Қойшыман, мылтығыңды, қармағыңды алсайшы, – дейтін. Ауылда Шабазгерейді жұрттың бәрі Қойшыман дейтін.
Шабазгерей:
– Ал, бала кеттік, – дейтін ондайда маған. Шабазгерей ұшып бара жатқан құсты көрсетіп: «бала, қай жерінен тигізейін?» дейтін. Егер көзіне тигіз десем көзіне, қанатына тигіз десем қанатына тигізетін. Тіпті Қайшадан: қанша үйрек, қанша қаз, қанша дуадақ әкелейін? – деп, санына дейін келісіп алатын және айтқан мөлшерлі құстарды атып алатынбыз. Атылған құстарды арқалау негізінен менің үлесіме тиетін. Міне, сондықтан да біздің үйден сүрленген, тұздалған құс еті қысы-жазы арылмайтын. Сыйлы қонақтарға қой сойылып, сонымен бірге құс еті асылды.
Шақырылған уақытта бірінші болып Аяпберген, басқа да мұғалімдер, соның ішінде Ораз Бекқұловта үйге келді. Гурьев, Ақтөбе жағына аты жайылған Аяпберген денесі ірі, ұзын бойлы, бір жауырыны қисық, қара торы, бетін шешектің орны басқан үлкен мұрынды, түрі сұсты, айбарлы адам екен. Төрге жайғасып отырғаннан кейін:
– Нұрымгерей, мына бала, қай бала? – деді, мені нұсқап.
– Аяеке, менің інім ғой, – деді Нұрымгерей.
– Қалай, інің қосшы бала бола ала ма? – деп сұрады бас қонақ.
– Болғанда қандай!
Шәй келіп, дастарқан жайылар алдында маған қонақтардың қолына су құю керек болды. Қолыма шылапшын мен құманды ұстап келе жатқан маған қарап Аяпберген:
– Қолға су құя білесің бе? – деді.
– Білемін, – деп жауап бердім мен.
– Ал, көрелік.
Менің қонақтарға су құйған өнерімді байқап, байыппен қарап алып Аяпберген қолға су құю, қалай кіріп, қалай шығу, жалпы қосшы бала өнері туралы біраз ақыл айтты.
– Адамдық, азаматтық қолға су құюдан басталады, – деп сөзін бітірді қарт мұғалім. Сосын көпшілікке өзінің әкесі Науанның тәрбиесі туралы дәмді әңгіме айтып берді.
– Әкеміз қатал адам еді. Аяғыңды шалыс басқанды кешірмейтін. Қол да жұмсап тастайтын. Мені ерте оқытып адам етті,– деп өз өміріне шолу жасады.
Жарасымды әңгімемен ұзақ шәй ішіліп, құс еті, балық желінді. Содан кейін үлкен, терең табаққа үйіле толтырылған, ортасына бас қойылған ет әкелінді. Мен Аяпбергеннің қолынан құлақ алып төбем көкке жеткендей болды. Тағы да шәй ішіліп, қонақтар түн ортасы ауа тарады. Қонақтар тарағаннан кейін Нұрымгерей:
– Теңел, жаңа Аяпбергеннің айтқанын естідің ғой, жақсы қосшы бала бола біл, – деп ақылын айтты. Енді ұйықтайық, дем алайық деп, мені қасына жатқызып, құшағына алды. Ол кісінің жылы құшағында мен де лезде ұйықтап кетіппін.
Мен Қамыстыкөл бастауыш мектебінің төртінші класында оқыдым. Бізге сабақты жазушылық, ақындық өнері бар, сол жылдардағы жоғары оқу орны – Қызылорданың КИНО-сын бітірген Ораз Бекқұлов берді.
Ораз ағай өзінің сабақтарында программалық материалдарды терең түсіндіретін, тіл-әдебиет сабақтарында қазақ совет жазушылары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұхановтар туралы қызықты естеліктер айтатын. Өзінің олармен кездескенін әңгімелейтін, шығармаларынан ұзақ үзінділер оқитын. Ол кісі бізді кітап оқуға дағдыландыруға көп тер төкті.
Нұрымгерей үшінші класқа сабақ берді. Мамандығы орыс тілі болғандықтан басқа кластарға тек орыс тілін жүргізді. Әдемі түсінікті етіп жазатын. Ол көп оқитын. Газет-журналдарды жібермей оқитын. «Правда», «Известия», «Қазақстан правдасын», «Социалистік Қазақстан», «Актюбинская правда», «Ойыл екпіндісі» және тағы басқа да өзінің мамандығына байланысты журналдарды жаздырып оқитын. Өзінің шағын кітапханасы болды.
Жұмыстан келгеннен кейін шәй-суын ішіп алып, өзі қисайып жатып, маған газеттерді беретінде:
–Ал қане, мыналарды оқып жібер, мен тыңдап тынығайын, – деп, оқитын мақалаларды көрсетіп беретін. Мен әлімнің келгенінше мәнерлеп оқитынмын. Ол кісі тыңдап жатып, дұрыс оқымаған жерімді жөндеп, ырғаққа қойып беретін. Мен терлеп-тепшіп оқып жатқанда ол кісінің ұйықтап кететін кездері де болатын. Сөйтіп мен, газеттерді ол кісінің сұрауынсыз өзім оқитын бола бастадым. Газет оқу кәдімгідей әдетіме айналды.
Нұрымгерей жолы түсіп Ойылға бара қалса, көркем, саяси кітаптарды көптеп алып келетін. Балаларға арналған кітаптарды да тауып әкеліп беретін. Ой-өрісімнің, білімімнің өсуін күнделікті қадағалап, бақылап, оқығандарымды тексеріп, қайталап айтқызатын.
Нұрымгерейдің жоспарлы, мақсатты тәрбиесінен менің газетке, кітапқа жақындығым қалыптасты. Мен кітапқұмар, әдебиетқұмар болып өсе бастадым.
1934 жылдың 1 желтоқсанында С.М.Кировтың өлтірілуі хабарланғанда мектепте қаралы жиналыс өтіп, ес білетіндер қатты қайғырдық. Нұрымгерей С.М.Кировтың ақ жарқын қалыпта күліп тұрған суретін әкеліп:
– Мынаны салшы, – деді.
Мен С.М.Кировтың суретін салдым. Сурет Нұрымгерейге ұнаған болу керек, үйдің қабырғасына іліп қойып, күн сайын бір қарап қоятын. Ол мені суретші қылуды ойлаған болу керек, бірақ менен жақсы суретші шықпады.
1935 жылы Қазақ автономиялық социалистік республикасының 15 жылдығы тойланды. Аяпберген Науанов «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталды. «Социалистік Қазақстанның» төртінші бетінде Қамыстыкөл мектебінің және оның меңгерушісі Аяпберген Науановтың суреті басылды. Мектеп ұжымы бір көтеріліп қалды.
Теңел, төртінші класты бітірдің. Ойылдағы Меркулов мектебіне түс, орыс тілін жақсылап үйрен, орыс тілін білмейінше болашағың қиын болады. Мен ана Әжіғали құдамен келістім, соның үйінде жатасың. Өзім артыңнан жиі барып тұрамын. Үйден шығып та оқу керек, – деді Нұрымгерей бүкіл үй іші жиналып, кешкі тамақ ішіп отырғанда.
Тамыз айының аяғында Нұрымгерей арбаға атын жекті. Қамыстыкөлден Ойылға тарттық. Арада бір қонып Ойылға келіп Әжіғалидың үйіне түстік.
Нұрымгерей:
– Әжіғали, бұрынғы уәде бойынша мен мына Теңелді алып келдім. Меркулов мектебінде оқиды. Оқуын, тәртібін бақылап тұрыңыз. Тентектігі жоқ, айтқанды тыңдайды, – деді.
– Жарайды, ініңді қалдырып кет, – деді Әжіғали салмақпен. Нұрымгерей Әжіғалидың әйеліне мені тапсырып:
– Қарыны аш болмасын, өздерің не ішсеңдер, соны ішетін болсын, алалама,– деп бұйыра айтты.
Әжіғалидың әйелі:
– Бұл бала Қайшаның інісі, Батиманың баласы ғой. Бұлармен мен өзім де туыстығым бар адаммын. Қам жеме, – деді.
Мен бір ықыласты адамдардың қолына түстім ғой деп ойладым.
Нұрымгерей атын жегіп, арбаға отырып, ауылға қайтпақшы болғанда көңілім босап көзіме жас келді.
Нұрымгерей:
– Жігіт адам да жылай ма екен? Бала болма! – деп арқамнан еркелетіп бірнеше рет қағып-қағып, атына шу деді. Мен Әжіғалидың үйінде қала бердім.
Ойылдың үлкен ағартушысы, осы өлкенің балаларының орысша білім алуына көл-көсір еңбек еткен, әрбір Ойылдық құрметпен қарайтын қарт оқытушы Меркулов мектебінің есігін ашып, бесінші класта оқи бастадым. Сабақты жаман үлгергенім жоқ. Бірақ Әжіғали Нұрымгерейге берген уәдесін орындамады. Мені қазан жағатын бөлмеге жатқызды. Оқудан келгеннен кейін түрлі үй жұмыстары даяр тұрады, ананы істеп таста, мынаны істеп таста, тары түй, Нариманды алдаңдар деген жұмсаулары көбейді. Мен мұның барлығына шыдадым, айтқандарын екі етпей істедім.
Қазан айы болатын. Оқудан келгенім сол еді. Үй қожасы әйел:
– Теңел, қазанды жуып тасташы, – деп жұмсады. Мен өмірде қазан жуып көрмеген едім және мұны ер адамдардың жұмысы деп ойламайтынмын. Намысыма тиді, жарылып кете жаздадым.
Жумаймын, – деп қатты айтып салдым. Әйел маған қол көтеріп, ұрмақшы болды. Мен сытылып көшеге шығып кеттім. Ойылдың базарына келіп, Қамыстыкөлден келгендерді іздедім. Бірнеше таныс адамдар табылды. Олар мені ертеңіне ауылға алып кетуге келісті.
Ертеңгісін ерте тұрып, түйіншегімді арқалаған күйім келіскен жерге келіп, қалашыларға еріп, ауылға, Қамыстыкөлге қайттым. Ойылдағы оқуым осымен тәмамдалды.
Келесі күні кешке Қамыстыкөл мектебінің төбесі көрінгенде жүрегім жарылып кетердей қуандым. Қалашылардың жолына қарап, күтіп тұратын ауыл адамдардың белгілі әдеті. Кешкілік далада тұрған Нұрымгерей арбада отырған мені байқап қалып, Қайша апама:
арбадан түсіп, есік алдында тұрған Нұрымгерейге қарай беттедім. Ренжіп қалды-ау деп аяғымды жайлап басып, бейнебір қылмыс жасаған адамдай басымды бұққылай ағаға келіп, сәлем бердім.
тамақ әкелінді. Жайғасып отырғаннан кейін Нұрымгерей қайтып келуімнің себебін сұрады. Мен Әбиевтердің істегендерін айттым.
Мен оларға көресіні көрсетейін деп ашуланды.
–Қайша, мен ертеңіне Ойылға жүрем, олармен есеп айырысып қайтайын. Киімдерді дайында.
Қайша апамның: –Не қыласың барып? Болар іс болды ғой. Көп болса бір қыс оқудан қалар, – дегеніне қарамай ертеңгісін Ойылға жүріп кетті.
Үш күннен кейін қайтып оралды. Құдасымен арада не әңгіме болды, оны маған айтқан жоқ. Нұрымгерей менің намысымды осылай қорғап, кішкене бала үшін үлкен әңгіме жүргізді. Намысшыл, аршыл, ешкімнің қорлығына көнбейтін мінез көрсетті.
Қайша апам екінші балаға аяғы ауыр еді. 1936 жылдың 26 ақпанында босанып, ұл тапты. Нұрымгерейдің қуанышында шек болған жоқ. Шілдеханасы өткеннен кейінгі күндердің бірінде:
– Теңел, бөпенің аты қоюсыз, атын қояйық, – деді. Жарда ілулі тұрған қаландарды алдырды. –Аш бетін, адамдардың аттарын оқы, – деді. Мен қалендарды ашып, оның бетінен Шамил деген атты оқығанымда:
– Тоқта, тоқта! Бөпеңе осы Шамил деген атты берсек дұрыс болатын шығар, – деді. Мен де, үйде отырғандар да бәріміз келістік. Жас нәрестенің аты Шамил деп қойылды. Нұрымгерейдің баласының атын да менімен ақылдасып қоюын, үлкендей көргенін ұмытуға, бағаламауға бола ма!
Айтпақшы, Әжіғалидың сол жалғыз ұлы Нариман үлкен адам болып өсті. Қазақ онкология институтының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Мұның сырттай сұрастырып білетін мен 1983 жылы Нариманмен Алматы санаториясында кездесіп, жатқан палатасына барып, өзімнің кім екенімді таныстырдым. Ол үйіне телефон соғып, шешесін менімен сөйлестірді. Үлкен кісі көпке дейін мені есіне түсіре алмады, «Қайшаның інісімін ғой» – дегенімде ғана:
– Енді түсіндім, түсіндім, – деп қуана айқайлап жіберді. Арада 50 жыл өткен соң осындай кездесу болды. Нариман үйіне шақырды. Асығыс елге қайтатынымды айтып, ризашылығымызды білдірдік.
1937 жылы Шабазгерей екеуміз Ойылдан 17 шақырым жердегі Ақшату жетіжылдық мектебіне оқуға келдік. Бұл мектепті 1913 жылы Ойылдың атақтылары Даукен мен Мұқаш балаларын оқыту үшін салдырған. Шабазгерей 7-класта, мен 5-класта оқи бастадық. Даукен мен Мұқаш салдырған екі корпуста 300-ге жуық бала оқиды. Біз мектеп жанындағы интернатта жаттық, тамағымызда соның мойнында болды.
Тап осы оқу жылының алғашқы айында екінші апат – 1937 жылдың ұстаулары мен айдаулары басталды. Бұл заңсыз науқан оқығандары көп Ойыл ауданында ерекше қатты жүрді. Аман қалғандары сирек болды. Біздің мектептен бірінші болып «халық жауы» деген қаралы атпен оқытушылардың ең сүйіктісі, ең білікті Сәкен Иманғалиев ұсталды.
Мектепте ұсталмаған, қызметтен қуылмаған оқытушы қалмады. Қостанай педучилищесін жаңадан бітіріп келген Тәжіғұлов қалды. Қостанайдан уақытша Төлеген Базарбаев деген оқытушы келді. Бүкіл класқа осы екі жас жігіт сабақ берді.
ВКП/б/ Орталық Комитетінің 1938 жылғы ақпан-наурыз ІІленумынан кейін ғана оқытушылықтан қуылған адамдар қайтадан жұмысқа шақырылып, мектепте оқу бірқалыпты жүретін болды.
Сәкен Иманғалиевтың бірге ойнап жүрген балаларымен араласқаным үшін мен де ескерту алдым. Балаларды да басқа саясат ұстаушылар деп көрсетуші белсенділер де аз болған жоқ.
Қаңтар айында Сапақкөлдегі жетіжылдық мектепте тұратын Нұрымгерейдің үйіне каникулға бардым. Нұрымгерейді, Қайша апамды көргенде әзер таныдым, екеуі де әбден жүдеген, жақтары солған, боп-боз болып кеткен, есігінің сықырлауынан, терезенің қағылуынан, адамның аяқ басуынан жүректері алып ұшатын үрейге, қорқынышқа ұшыраған.
Шәй ішіп отырғанда Нұрымгерей:
– Теңел, анау бұрышта киімдерім салулы тұр, қай күні алып кететінін күте-күте шаршадым, –деген сөздерді сыбырлап қана айтты.
Нұрымгерейдің қаупі орынды еді, әкесі Орынбасар революциядан бұрын әкімшілік қызмет жасаған, ел билеуге қатынасқан адам. Әйелі ірі тұқымнан шыққан, ол күндерде мұндай тегі бар адам қайтып қауіптенбесін.
Апатты науқан кезінде Адай руынан шыққан Аяпберген Науанов, оның үлкен ұлы Ғаділше Аяпбергенов ұсталды. 1913 жылы туған Ғаділшені Аяпберген Орынбор қаласына оқуға апарады, соңынан жылап қалмаған жас баласын Аяпберген қолына түскен үлкен таспен ұрып жығып, талып қалған баласына бір бұрылып, тірі екеніне көзі жеткен соң қарамай кетіп қалады. Әкесінің қаталдығына кектенген баласы көп жылдар бойы әкесінен хабар үзіп, қатынаспай қояды.Орынборға Аяпбергеннің інілері Жолдыбай, Жолдасбай кезек барып, азық-түлік, қаржы апарып тұрады.
Ғаділше 1927 жылы ашылған тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогикалық институтына түсіп, оның физика-математика факультетін үздік бітіріп шыққаннан кейін Оралға оқытушылыққа жіберіледі. Ғылыми жұмыспен шұғылданып, тұңғыш рет қазақ тіліне алгебра, физика оқулықтарын аударады.
1935 жылы Ғаділше Ленинград университетінің аспирантурасына жіберіледі. Дәл осы Ленин қаласында «халық жауы» ретінде ұсталады.
Ғаділше ер адамның сымбаттыларының бірі еді. Аққұбаша, қою қасты, пістек мұрынды, жұқа ерінді, шашын жаз айларында ұстарамен алдырып тастайтын, ортадан жоғары бойлы, кең, қақпақ жауырынды шымыр етті жігіт болатын.
Жаз айларында Ақтөбеден ауылға жеңіл самолетпен ұшып келетін. Табиғатынан үйірсек, көпшіл, сауықшыл Ғаділше ауылға келгенде жұрт сыртынан сескеніп, есігі бөтендерге сирек ашылатын Аяпбергеннің үйі мүлдем өзгеріп, думанның орталығына айналатын. Үй іші көңілді әңгімеге, әзіл-күлкіге, ән-күйге толатын. Ғаділше мандалинді шебер тартатын, әдемі қоңыр дауысы болатын. Атқа мінуге, жарысуға өте құмар еді. Соған орай Аяпбергеннің ер көңіл, сотқарлау, мақтаншақтау, өр көкіректеу інісі Жолдас Ғаділше келген сайын ат жарысын ұйымдастырушы еді. Сондай бір жарыста Ғаділшенің астындағы аты құлап, шыққан қолын сынықшыға салдырып, мойнына асып жүргені бар.
Ғаділшенің әйелі де білімді адам болатын, сол жылдардағы Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші секретары Әбдікәрімовтың қарындасы еді. Бұл кісі ұзын бойлы, ірі бетті, ұзын мұрынды, жіңішке қасты, қалың ерінді адам болатын. Ауылға келіп, атасының есігін ашысымен үй шаруасына етене араласып, келіндік міндетін атқаруға кірісетін. Ғаділшенің әйеліне көмектесіп, су әкеліп, жуылған кірді жаятынын сөзуар ауыл әйелдері желдете әңгіме етіп, жеңілдеу жеңгелері:
– Бетім-ау, мұнысы несі? – деп беттерін шымшитын.
Ғаділше ауылға келген бойда бірінші болып Нұрымгерей қонаққа шақыратын. Шәй үстінде екеуі ұзақ әңгімелесіп, саяси өмірден, мемлекеттік мәселелерден, мәдениет, әдебиет тақырыбынан ұзақ сыр шертетін. Ғаділше осы өмірге жеткізген әкесіне рақметін айтып:
– Орынборға апарып, таспен ұрып, шала-жансар тастап кеткені көпке дейін жүрегімде мұз болып жүрді. Кейін ақыл тоқтатқан соң ойласам ағамның қаталдығы мені адам етудің жолы екен, – деп Нұрымгерейге үнемі айтып отыратын.
Болашағынан үлкен үміт күттірген, қазақ ғылымының жарық жұлдыздарының бірі болатын адам жасы отыздан жаңа ғана асқанда жеке адамға табынудың құрбаны болып кетті.
Ал Аяпбергеннің ұсталуына оның бұрын діни білімі бар молда болғандығы себепші болған болуы керек.
Аяпбергеннің Ғаділшеден кейінгі баласы Хамит інісі Жолдыбайдың тәрбиесінде болды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін 20 жасында бітіріп, Қызылорда педучилишесінің оқытушысы болды. Асқар Тоқмағамбетовтың:
Науанов келеді.
Науанов келсе бір қап дау алып келеді! – деген фельетонының кейіпкері осы Хамит Науанов.
Хамит түсінің қаралығы әкесіне тартқаны болмаса, аумаған Ғаділше еді. Қырқыншы-елуінші жылдарда Қызылордада Хамиттен күшті математик болған жоқ. Жалпы, Хамит Қызылордада алпысыншы жылдарға дейін істеп, кейін Ақтөбеге ауысты. Әкесінің, ағасының «халық жауы» болып, өзіне сенімсіздікпен қараудан ба, болмаса әбден жастайынан ауызға ілігіп, көпшіліктің құрметтісі болғандықтан ба, еркіне мықты, табанды, қайсар осы бір адам біраз жылдар бойы ішкілікке салынып, өзінің ғылыми жолындағы бағын байлады. Даярлап жүрген диссертациясын да қорғамады.
КПСС XX съезінен кейін Аяпберген Науанов та, Ғаділше Аяпбергенов те жазығы жоқ адамдардың қатарында толық ақталды.
Ғаділшенің зайыбы екі баласын бағып, адам етті, халық қатарына қосты. Өмірінің соңғы күндеріне дейін өзінің туған жері Шымкентте тұрды.
Апат басталар алдында Нұрымгерейдің пікірлес, жолдастық, достық қатынаста болған адамдарының бірі Әлжанов деген жігіт еді (атын ұмыттым). Әлжанов та Науановтар секілді Адай руынан шыққан білімділердің бірі еді. 1935 жылы Москваның коммунистік журналистика институтына түсіп, оқып жүрді.
Әлжанов ұзын бойлы, жіңішке сопақ бетті, қаршыға мұрынды, ақ сары, барынша әдемі кісі еді. Соңғы модамен киінетін. Жаздың ми қайнатқан ыстығында қара костюм, ақ көйлек, қызыл галстук тағынып, лакталған туфлиін тастамайтын, үстіне шаң жуытпай таза ұстайтын, тамақты да мөлшерлеп ішетін. Былайынша айтқанда, нағыз астаналық ақсүйек болатын. Әлжанов болашақ жазушы, журналист ретінде әдебиетті көп сөз ететін, өзінің жазып жүрген дүниелерін оқып беретін, Ғаділше, Нұрымгерейлердің талқылауларына салатын. Олардың арасында өткір пікірталастар қызатын. Мен Әлжановтың жеңіліп, қол көтергенін, өзінің жазғанын қорғаудан бас тартқанын көрген емеспін. Ол өзінің білімділігі, әдептілігі, сәнқойлығымен адамдарды тартпай, жақындатпай, қызықтырмай қоймайтын. Әлжанов та 1937 жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болып кетті. Үйленбеген, семья құрмаған кісі еді, сондықтан артында ұрпағы да қалмады.
Нұрымгерей Ақтөбе облыстық газетінің сол кездегі редакторы Құбаш Қожамұратов деген кісімен де тұрақты байланыста болды. Құбаш демалыс алған кездерінде Қамыстыкөлге бір соқпай кетпейтін,
апталап жатып, қонақ болып, сайраңдап қайтатын.
Қарапайым, кішіпейіл, ақкөңіл бұл адамға Қамыстыкөлдің кез келген үйінің есігі ашық тұратын. Нұрымгереймен әңгімесінде Құбаш қазақ өнерінің он күндігі табысты өткенін мақтана айтып, соған елдің еңсесі бір көтеріліп қалды. Қазақ табиғатынан өнерлі халық екенін одаққа, дүниежүзіне танытты. Бұл халықтың рухани өрлеуінің басы. Қазақ – өнерлі халық. Оның жырлары, ән-күйлері көп. Қолөнері қандай! Бұдан кейін Құбаш осы Ойыл, Қаратөбе аймағында өмір сүрген өнерпаздардың аттарын шұбырта атап:
– Бұлар бір елдің, бір халықтың атын шығаруға, даңқын асыруға
жетіп жатыр емес пе! – дейтін көтеріңкі көңілмен.
Құбаш Қазақстанның жаңа басшылығы, әсіресе, Л.И.Мирзоян туралы жылы айтатын.
– Дұрыс, большевик басшы. Асыра сілтеушіліктің зардаптарын жою үшін көп шаралар жасауда. Кешегі аштық жылдарында тамақ іздеп жан-жаққа көшіп кеткен халықтың басын қайта жинауда. Қанша адам жан сауғалап қай жаққа кетпеді? Жиделі байсын деп Ойылдың қанша адамы Қарақалпақстан жаққа қоныс аударып кетті. Оның есебін айту қиын,– деп ел басына түскен ауыртпалықты жаны күйзеле әңгімелей келіп:
–Лайым енді қайталанбасын! Ел басына ауыртпалық, бақытсыздық қайтып оралмасын! – деп түйіндейтін.
Құбаш ұзақ жылдар бойы Ақтөбенің «Социалистік жол» газетінің редакторы қызметін атқарып, жасы жеткен соң пенсияға шықты. Ақтөбе қаласында өмірінің соңғы жылдарына дейін өмір сүрді.
Нұрымгерей Қамыстыкөл мектебінде дене шынықтырудан және бірінші класқа сабақ беретін Уәли Жайықов деген мүғаліммен жақсы қатынаста болды. Ел іші Уәлидің үйін «Қара кемпірдің үйі»деп атайтын. Нұрымгерей осы бір берекелі, қасиетті үйде жиі болып тұратын.
Уәлидің шешесі – қара кемпір атанған қарт әйел өте ірі, сүйекті, толық, бүкіл бір ауылды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын беделді, айтқанын үлкен де, кіші де екі етпей орындайтын адам еді.
Аты Ойылды, Қызылқоғаны дүрілдеткен Аяпберген де Қара кемпірге сөз айтып көрмеген, оның әңгімесін тыңдау үшін Қара кемпірдің жаздыгүні тігетін алты қанат үйінде айына бір-екі рет қонақ болып тұратын. Қара кемпірге тең түсетін, онымен әңгімесі, дүниетанымы, шешендігі мен тапқырлығы тең келетін біздің мамамыз ғана еді. Мамамды шақырып әңгімелескенде дастарханның шет жағында отыратын мені Қара кемпірдің:
– Бәтима айтты – бітті ғой! деген сөзіне талай мақтанғаным есімде. Сол кезеңнің тыңшыларының, жалған белсенділерінің көптігіне қарамастан Аяпберген мамамды үйіне шақырып, қонақ жасап, біздің ата тегімізге құрметпен қарайтынын білдіріп:
– Ие, мұның барлығы уақытша нәрсе ғой. Оңғарға да, Дүзекеңе де қосыларсыздар. Мен бәрін түсінемін, бірақ қолдан келер не бар.
Менікі жаны ашығандық қой, – деп өткен күндер, жекжат, тамыр-таныс, ағайын-туысқандар мен қарым-қатынас жайлы ұзақ пікірлесіп, мамамыздың қамкөңілін көтеріп тастаушы еді.
Кең дастархан жиналғанда мамамыз:
– Алла жарылғасын, Аяпберген! Бір көтеріп, желпіндіріп тастадың. Рақмет! – деп орнынан көтерілетін.
Уәли Қамыстыкөл мектебіндегі ең жас мұғалім болатын.
Жасы жиырмаға жетер-жетпес. Әдемі киініп, өзін таза ұстайтын.
Жаз айларында ақ көйлек, ақ шалбар, ақ брезенттен тігілген жартылай ботинка киетін. Ботинкасын үнемі бормен, тіс жуатын ұнтақпен тазартып, кір жуытпайтын. Өзі қара торының әдемісі еді. Ортадан жоғары бойлы, кең жауырынды, қиылған жіңішке қасты, жұқа ерінді, кішілеу жалпақ мұрынды, әр уақытта оқтаудай тіп-тік жүретін. Шебер домбырашы, әдемі қоңыр дауысы бар әнші, бүкіл ауылдың мақтанышы болатын. Уәли Ойыл өңіріне көп тараған және халық сүйіп тыңдайтын Мұхит әндерін көп айтатын. «Айнамкөз», «Зәуреш», «Үлкен айдай», «Кіші айдай» секілді әндерді мен алғаш рет осы Уәлиден тыңдадым, Ғарифолладай айтпағанмен, кең дауысты керек ететін бұл әндерді жұрт көңіліне жеткізе шырқаушы еді. Көбінесе «Нар идірген», Ақсақ құлан – Жошы хан күйлерін, сондай-ақ, Ойыл, Маңғыстау, Гурьев, Ақтөбе өңірінде туған, орындауға қиын басқа да күйлерді нағыз нақышына келтіріп, тыңдаушысын жан рахатына батыра орындайтын. Оның орындауында жасанды өз жанынан қосып жіберу, домбыра қақпағын жөнсіз тарсылдату болмайтын.
Анадан бір қыз, бір ұл туған Уәли апасын қасынан қалдырмай бірге көшіп жүретін. Апасының үйі қатар отыратын. Жездесі мал бағатын шаруа, адамдарға жайлы, жуас кісі еді. Бір аяғынан сылтып басатыны есімде. Оның менен бірер жас кіші, сезімтал, ойы ұшқыр естігенін ұмытпайтын зерделі баласы бар еді. Аты Нариман болатын. Нариман өзінің осы қасиеттерімен өзгемізден оқшаулау, ауызға іліккіш еді.
Ауылдастар:
– Бір нәрсе шықса, осы Нариманнан шығады. Дені сау болса, Қара кемпірдің осы жиені өзінің кім екенін көрсетеді әлі,–деп мақтанышты сөздер айтатын.
1962 жылы қазан айында Железноводскіде дем алып жүріп, Лермонтов галереясынан су ішейін деп келсем, бір адам су ішіп жатыр екен. Көзіме оттай басылды, баяғы Уәли ағамыз! Тұла бойым шымырлап, жүрегім дүрсілдеп, ерекше бір күйге түстім.
– Саламатсыз ба! – деп амандастым
– Саламат болыңыз! –деп Уәли сәлемімді алды.
Екеуміздің арамызда басқа әңгіме болған жоқ, әрқайсымыз өз жөнімізге кеттік. Ие, ол кісі мені таныған жоқ. Арада 26 жыл өткен екен. Бір кезде қырдан ойға, ойдан қырға зыр жүгіріп жүрген қара домалақ бала бүгінде шашын ақ басқан, жасы елулерді алқымдап тастаған жігіт ағасы болғанын қайдан білсін. Өмірінде көп көрген қара баланың қайсыбірін ойға түсірсін.
КПСС Орталық Комитетінің «Горный воздух» деп аталатын санаторийінде демалып жатқан Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші секретары Әбдіғали Ақбаевтан:
–Анау бір орта жастан асқан қазақ сіздермен бірге дем ала ма? –деп сұрағанымда:
– Иә, бірге демалады. Гурьев облысынан. Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Есімі Уәли болуы керек. Қарапайым, кішіпейіл адам, бірге жүріп, серуенге бірге шығып тұрамыз, – дейді.
Мен Әбдіғалиға ол кісіні бала күнімнен білетінімді айтқаным жоқ. Әбдіғали менің Гурьев жақтан екенімді білгеннен басқа тарихты білмейтін.
Уәлимен жеке кездесудің сәтін күтіп жүргенде су ішетін жерде тағы кездестік.
– Аға, – дедім мен ол кісіге, – Нариман қазір қайда жүр?
Қара кемпір шешеміздің халі қалай?
Ол менің бетіме біраз қарап тұрып, былай деді:
–Нариман Ойыл ауданының бір совхозында трактор айдайды. Балалы-шағалы болды. Мамамыз дүние салған. Өзім 1938 жылы Армия қатарына шақырылдым. Соғыстың алғашқы күнінен бастап ұрысқа қатысып, бірнеше рет жаралы болып, капитан шенінде соғысты бітірдім. Қайтып келіп жер-жерде жүрген семьямды жинап алып, еңбектене бастадым. Совет жұмысына алындым. Қызылқоға аудандық атқару комитетінің председателі болдым. Қазір сол ауданда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымын.
Біз күн сайын дерлік кездесіп, бірге су ішіп жүрдік.
Мен Уәлиді бірге суретке түсуге шақырдым.
– Жарайды, түссек түсейік, –деп келісімін берді.
Мен Ә.Ақбаевты, Қазалының «Құмжиек» совхозының Ақтөбе облысында зерттеу-іздестіру экспедициясында инженер болып жүрген баласын, өзіммен палатада бірге жататын биология және медицина ғылымдарының докторы, Иваново медициналық институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, професор С.А.Полтыревті жинап, Уәлиге хабар бердім. Железноводскінің ең таңдаулы деген фотоательесіне барып суретке түстік.
Бірнеше күннен кейін Уәли мерзімі бітіп, Гурьевке ұшатынын айтып, менімен қош айтысты. Жиырма күндей бірге әңгімелесіп, өз туған-туысқандары туралы менің сұрақтарыма жауап бере жүріп, Уәли менің кім екенімді, оларды қайдан білетінімді, қалайша танитынымды сұрамады. Нұрымгерейдің балдызы екенімді, Қамыстыкөлде бірге тұрғанымызды мен де айта қойғаным жоқ. Менің кім екенімді білді ме, түсінді ме-ол жағы маған жұмбақ.
Уәли кейін Махамбет ауданына ауысып, жетпісінші жылдары қайтыс болды деп естідім.
1936 жылдың жазғы айларының бірінде Нұрымгерейдің үйіне өте құрметті қонақ – оның немере апасының күйеуі Жақсығали келді. Бүкіл Қызылқоға, Тайпақ, Орал, Қаратөбе өңіріне белгілі адамның келуі ерекше оқиға болды.
Жақсығали үйге кірер-кірместен ақ жүгіріс басталды. Мал сойылып, самаурындар қайнатылды, бауырсақ пісіріліп, дастархан жайылды. Әншейінде асып саспайтын, өзінің көңіл ауанымен бірқалыпты ғана қимылдайтын Қайша апам да асығыс қимылдап, шайды тез қайнатып әкелді.
Жақсығали жайғасып отырғаннан кейін ағайын-туысқан арасында кең әңгіме басталды. Сөз арасында маған қарап
– Нұрымгерей, мына бала кімнің баласы? – деп сұрады. Нұрымгерей менің кім екенімді, кімнің баласы екенімді айтып берді.
– Е, солай екен ғой. Жігіт боп қалыпты ғой өзі. Қайша, Бәтима аман ба? Қазір қайда тұрады? – деп сұрады.
Қайша апам:
–Аман, екі шақырымдай жерде тұрады, –деп жатыр.
Қонақ ұзақ үнсіз отырып:
–Ие, адам – заманның құлы, өмір осылай болады деп кім ойлаған! –деп күрсінді.
Нұрымгерей сыбырлап:
–Жүгір, мамаңды тез алып кел, – деді. Мен үйден атып шыққан күйімде мамамдар отыратын жеркепеге қарай жүгіре жөнелдім.
Үйге келген бойда:
– Мама, тез жүр! Нұрымгерейдің үйіне үлкен қонақ келді. Шақырып жатыр, – деп асықтыра бастадым.
– Кім қонақ? Қайдан келген қонақ?
– Жақсығали дейді. Әйтеуір бір үлкен, құрметті адам.
Мамамның түсі өзгеріп, сұп-сұр болып кетті.
Біраз уақыт ойға шомғандай үнсіз қалды да, кенет:
–Бармаймын! Мен ол қонақты көргім де келмейді, білгім де келмейді дегені.
– Оу, мама, сені алып бармасам, ағам маған ренжиді ғой, – деп тұрып алдым. Болмаған соң асықпай киіне бастады.
Нұрымгерейдің үйіне кірген бойда орнынан ұшып тұрып, мамама екі қолын бірдей ұсынып еді, мамам қолын берместен дастарқан шетіне отырып жатып:
–Жақсығали, аман-сау келдің бе? – деді кекесінді үнмен.
– Әзірге амандық, амандық, – деп жалпақтап жатыр қонақ.
– Өзіңнің амандығыңнан басқа саған кімнің амандығының керегі бар? Кімді іздеп тауып алып едің, кімді көгертіп едің? – деп мамам қонаққа ауыр-ауыр сөздерді нөсерлетіп төгіп-төгіп жіберді. Нұрымгерей екі оттың ортасына түскендей кімге қандай тоқтау айтудың жөнін білмей әбден әбігерге түсті. Мамамның сөзіне көп араласа бермейтін Қайша апам салмақты түрде басу айтты:
– Мама, ескі дауларды қайта үрлеудің қажеті қанша? Өтер іс өтті, болар іс болды емес пе!
Қызының бетін қайтармайтын мамам біртіндеп ашуын басып, сабасына түсті. Біраз үнсіз отырды да:
Мен өкпемді, ренішімді Жақсығалиға айтпағанда кімге айтам? Құдай қосқан құда сөзімді тыңдамаса кім тыңдайды? – деп.
–Бәтима не айтса да артық емес, өкпесі де, реніші де орынды. Түсінемін, білемін. Құдай қосқан құда болғанымыз да, достығымыз да жұртқа белгілі. Мұршамыз болды ма? Әркімнің өз жаны өзіне тәтті болды ғой. Аманбыз, соған шүкіршілік. Міне іздеп келіп отырмын, – деді Жақсығали.
Мамам мен Жақсығалидың әңгімелері бейбіт түсіністік бағыт алып, он жылдан бері бастарынан өткен ауыр күндерді тізбектеп айтып жатты.
Мамам Жақсығалиға неге өкпелі еді?
Біздің үйімізбен Жақсығали жас балаларын атастырып, төс түйістіріп, құда болған. Бірін-бірі құрметтеп, араласып тұрған. Жұмабай балалары алысқа қоныс аударғанда өз басының амандығын сақтаған Жақсығали көшіп бара жатқан құдасымен қоштаспаған, ауылының үстінен өтіп бара жатқан көшті тоқтатып, қонақасы бермеген, достық, жанашырлық көрсетпеген.
Дауылды жылдарда Орал, Ақтөбе, Гурьев өңіріне белгілі, сауатты көзі ашық Жақсығали да сөзге ілігіп, бірнеше жыл абақтыда отырған. Босанып шығып, үйін Орынбор жаққа көшіріп әкеткен. Содан артына ерген сөз бірте-бірте басылғаннан кейін ел жаққа бой көрсетіп жақын-жуығын іздеп шығып, атының басын Нұрымгерейдің үйіне тіреген. Міне, осы жерде құдағайы Бәтимамен кездесті.
Жасы елулерден асқан Жақсығали ортадан жоғары бойлы, толық денелі, қалың қабақты, ұзын кірпікті, ұзын мұртты, үлкен, имек мұрынды, саусақтары салалы кісі екен. Киімді талғаммен киетіні, өзін ұстай білетіндігі, дәмімен шебер сөйлейтіндігі көрініп тұр.
Нұрымгерейдің үйінде екі күн аунап-қунаған Жақсығали мамаммен қош айтысып, Ойылға жүріп кетті.
Бұл кісі ұзақ өмір сүрді. Орынбор маңында тұрды. Кіші баласы біздің жездеміз болып есептелетін Қабыкеш партия қатарына өтіп, Орынбор теміржолының саяси бөлімінде нұсқаушы болып істеді. Қабыкешпен 1950 жылы Қазалы теміржол бөлімшесінің саяси бөлімі бастығының орынбасары Қасеновтің үйінде кездестім. Дастарқан басында біраз стақан қағыссақ та шекеміз қызып отырғанына қарамастан білмейтін адамдарша қоштастық. Ешқандай ешқайсымыз сыр ашқанымыз жоқ.
Жақсығали Нұрымгереймен үзбей қатысып тұрыпты. Оны Шамил әлденеше рет көріпті.
Нұрымгерейдің туысып, жақындасып, дос көңілмен араласып тұрған адамдарының ішінде менің есімде қалғандары осылар.
Апатты жылдарда Нұрымгерей өзінің кіршіксіз адалдығы арқасында артынан сөз ермей, аман қалды.
1942 жылдың маусымында әскер қатарына шақырылғанға дейін жемісті еңбек етті.
1938 жылы мен Ақтөбе қаласында тұратын Мырзагерейдің қолында Ақтөбенің №6 мектебінде оқыдым. Қыркүйек айында Шабазгерей армия қатарына шақырылатын болып Ақтөбеге келді. Әскерге оны Мырзагерей, Жанбөпе үшеуміз шығарып салдық. Шабазгерей Баку қаласында әскери даярлықтан өткеннен кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда ұрысқа кірісіп, хабарсыз кетті. Мырзагерей Ақтөбе облыстық байланыс басқармасында КазТАГ-тың материалдарын қабылдаушы болып істеді. Алдында ұшталған 40-50 қарындаш тұрушы еді. Мырзагерей БКП/б/ тарихының қысқаша курсын, зиновьевшіл-бухариншіл топқа болған сот процестерінің материалдарын қабылдап, олар облыстық «Социалистік жолы» газетінде жарияланып тұрды.
Жазғы-күзгі айларда ауруы күшейген кезде Мырзагерей бірнеше айлар бойы бюллетеньде жүретін. Қажетті тағам, әсіресе май, айран жетісе бермейтін.
Ағасының сауып ішуі үшін Нұрымгерей үш жүз шақырым жердегі Ойылдан Ақтөбеге сауын сиыр айдатып әкеледі. Ауруы бірде қайтып, бірде дендей берген соң Нұрымгерей ағасын елге көшіріп алды. Мырзагерей сол өкпе туберкулезінен айықпай, 1940 жылдың маусым айында дүние салды. Сабырлы, ұстамды, табанды, бірсөзді, баймын деп асқақтамаған, жарлымын деп жабықпаған, байлыққа, атаққа қызықпаған абзал азамат көз жұмды. Артында қой аузынан шөп алмайтын жуас, көнбіс жұбайы Жанбөпе мен жалғыз қызы Айтаза қалды.
Нұрымгерей ағасының семьясын кемтарлық көрсетпей, қатарынан кем қылдырмай, халық қатарында ұстады. 1942 жылы әскер катарына алынған Нұрымгерей Оңғардан менің майдандық адресімді алып, маған бірнеше рет хат жазды. Мен үнемі жауап беріп тұрдым. Нұрымгерейдің соңғы хатын 1943 жылдың маусым айында алғаным есімде. Мен жараланып, бес ай бойы госпитальдан госпитальға ауысып жүріп, хат жазуды тоқтатып алдым.
1943 жылдың 31 желтоқсанында елге оралғаннан кейін адресі бойынша Нұрымгерейді іздестіре бастадым. Ақыры 1944 жылдың ақпанында бөлімше командирінен: «Жауынгер Орынбасаров Нұрымгерей 1943 жылдың қараша айында Киев пен Житомир арасында болған ауыр шайқастарда ерлікпен қаза тапты» деген хат алдым.
Хатта Нұрымгерейдің жерленген пункті көрсетілген. Мен бірнеше күн орнымнан қозғалмай жатып, қиын күндерде әкенің, ағаның орнын атқарған, адам болуым үшін теңдесі жоқ еңбек еткен, әр уақытта сүйіспеншілік пен құрмет көрген, «Сен» деген бір ауыр сөз естімеген, маңдайымнан жылы сипап, арқамнан қаққан, жақсылығыма қуанып, жамандығыма ренжіген адамның қазасы жаныма қатты батып, күңірене күйзелдім.
Ең өкініштісі, Нұрымгерейдің жерленген жері көрсетілген хат жоғалып кетті. Бұл менің тарапымнан үлкен адамның аруағы алдында үлкен қателік, тіпті қылмыс болды. Ол кісінің басына барып, тағзым етпегенім, ақырғы борышымды орындамағаным осы күнге дейін жүрегімді сыздатады.
Адамның аты – адам. Ол қолынан келгенін істемей, атқаратын міндетін атқармай қалатын кездері болады. Оны ақтарлық себептер де табылады. Мен Нұрымгерейдің біздің семья үшін істеген жақсылықтарын еш уақытта ұмытпаймын. Ол маған адамгершіліктің, адалдықтың, жақсылықтың үлгісі болып қала береді. Мен ол кісіге өмір бойы қарыздармын. 1942 жылы Нұрымгерей әскерге шақырылғанда Қайша апам төрт баламен: жеті жасар Сара, бес жасар Шамиль, үш жасар Күләш және бір жасар Қазбекпен қалды. Сауаты жоқ, өмірде қызмет жасамаған, тек үй шаруасымен шұғылданған адам үшін соғыстың ауыр жылдары оңай болмады. Балаларын артық еркелетпейтін, әр уақытта бірқалыпта тәртіптілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін сол апамыз соғыстың ауыр жылдарының өзінде балаларын ешкімнен кем қалдырған жоқ. Жоқтан бар, бардан байлық жасап, бағып асырап жүріп, ауруға шалдығып, 1948 жылы дүниеден озады. Ата-анасыз қалған төрт баланы Орынбасардың ағасы Смағұлдың баласы Қабдолдың әйелі Нұртаза, оның қызы Қаным, ұлы Қыдырғали қолдарына алып, тәрбиелеп, оқытты.
Аштықтың апатты жылдарында Нұрымгерей мен Қайшаның қамқорлығы арқасында елінен аман қалған Қыдырғали мен Қаным Нұрымгерейдің еңбегін қайтарды, Сараны, Шамильді, Күләшті Қазбекті қамқорлығына алды. Нұртаза анасындай болды. Ғұмырында барлықты да, жоқшылықты да, аштықты да, қудалау мен қуғындауды да басынан өткерген Нұртаза Жолдасбай тұқымының тірі қалғандарының жанды ұйтқысы, ұйымдастырушысы, қамқоршы, ақылшы анасы болып, Нұрымгерей балаларын өз балаларындай қатарынан қалдырмай өсірді.
Қаршадайынан әке-шешеден айырылып, өмір ауыртпалығын тартқан, інілері мен сіңлісі үшін қам жеген Сара ауруға шалдықты. Өмір қиыншылықтарына қарамастан сегіз кластық білім алды, тұрмысқа шығып, екі сәбилі болды. Шамиль, Күләш, Қазбектер орта мектепті бітірді. Шамиль осы жылдары анасының туғандарын іздеп, тауып алды.
Ең бірінші болып Қазалыға 1955 жылы Шамиль келді, содан кейін жас сәбиімен Сара келді. Біздің қуанышымыздың шегі болған жоқ. Жоғымыз табылып, қуанышқа кенелдік. Ұзақ жылдар бойы Нұрымгерейді есіне ала бермейтін, оқта-текте Қайша мен Қанымды ғана еске түсіретін ағамыз Оңғар да жиендерін жан-тәнімен қуанып қарсы алды. Небір тумаңды, арты қандай зардаптарға соқтырары белгісіз жағдайларда Нұрымгерей басын қатерге тіккенде біздің бейбітшілік жылдарда үнсіз қарап отырғаныз ақтарлық қылық болмады. Біз бас бағудан аспадық. Нұрымгерейдей ерлік жасай алмадық, кем түстік. Ауыр күндерде, азапты күндерде ағайындық, туысқандық білдірмеу еш уақытта жоғары адамгершілік болмақ емес.
Нұрымгерейдің, Қайшаның еңбегі тек Тәкіштен толық қайтты. Ол Шамиль мен Күләштің оқуына көмектесіп Қызылорданың педагогикалық институтын бітіргізді. Оқу жылдарында оларға ешқандай кемтарлық көрсеткен жоқ. Шамильді үйлендірді. Институтты бітіргеннен кейін Шамиль әйелі Қаламқас-Галя екеуі Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектепке мұғалім болып барды.
Көп кешікпей Шамиль аудандық партия комитетінің аппаратында нұсқаушылық қызметке алынды, кейін аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне жоғарылатылды.
Қызылордаға шақырылып, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып бекітілді. Он жыл бойы Қазақстан Компартиясы Қызылорда қалалық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Соңғы он жылдан бері қалалық халықтық бақылау комитетінің председателі болып жұмыс істеуде.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Күләш та халық депутаттары Ойыл аудандық Советі атқару комитеті председателінің орынбасары болды. Қазіргі кезде Қазақстан Компартиясы Ойыл аудандық комитетінің секретары, аудандық партия ұйымының идеологиялық жұмысына жетекшілік етеді.
Бірбеткейлігі, ұстамдылығы, намысқойлығы, салмақтылығы шешесіне, қайраттылығы, алғырлығы, бауырмалдығы – әкесіне тартқан Күләш үлкен адам болып өсті. Оның алған бетінен қайтпайтынын, берген сөзінен танбайтынын, табанды қайсарлығы Шабазгерейді еске түсіреді.
Қазбек Ақтөбенің медициналық институтын бітіріп, хирург мамандығын алып шықты. Қазір Ойыл аудандық ауруханасының дәрігері, төрт баланың әкесі. Күләшпен бірге тұрады.
Шамильдің оның әйелінің, балаларының бақытына қарай оған қайратты, ақылды, үй шаруасын жақсы жүргізе білетін, туған-туысқандарына сөзі құнды ене тап болды. Енесі Рабиға Шамиль мен Галяның баласына Эмильге, Қанышқа, Қуанышқа және Ләйляға жақсы тәрбие берді, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке баулыды, олардың мектепті үздік бітірулеріне себепші болды. Шамиль мен Галяның төрт баласы да жоғары оқу орындарына түсті. Эмиль мен Қаныш Мәскеудің жоғары оқу орындарын бітірді, Қуаныш Ленинск қаласында, Ләйля Алматы мемлекеттік медицина институтында оқиды. Барлық балалары семья құрды.
Қаныштың әйелі – Ләйланың әкесі Ғарифолла Көшенов Орал облыстық газетінің редакторы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Шамильдің зайыбы Галя И.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында жиырма жылдан бері орыс әдебиетінен сабақ береді. 1987 жылдың 1 қарашада филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы үшін диссертация қорғады. Жақында ғылым кандидатының дипломын алды. Көп оқитын, ізденгіш, талантты адам.
Нұрымгереевтердің семьясына қарап «Міне, өскен өркен!» деп айтуға әбден болар еді.
Бұл қысқаша естелікті «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ұлағатты сөздермен аяқтап, осы шын жүректен шыққан жолдарымды Нұрымгерейдің, Қайшаның жарқын бейнелеріне, биік рухтарына арнаймын.
Т.ЖҰМАБАЕВ
Қызылорда қаласы.
маусым-қараша, 1988 жыл
Жұмабаев Дүзелбай және оның ұрпақтары Қызылорда облысының Қазалы кентіне тұрақтап, сол жерде өсіп-өнген екен. Дүзелбай ақсақал (1880-1967) балаларының қолында қартайып қайтыс болған. Дүзелбай баладары Оңғар мен Теңел ақсақалда елінее елеулі, халқына қалаулы, сый-құрметке бөленген абыройлы азамат, ел ағасы, абыз ақсақал болыпты. Теңелдің (1923-2004) кіндігінен Бейбіт, Сайын, Асылбек, Ғабит, Жанна атты төрт ұл мен бір қыз туып, оннан аса немерелер мен жиендар, шөберелері өсіп-өнген үлкен әулет болулы.
2017 жылы 20 мамырда Қазалы қаласында Жұмабаев Теңел атына көше беріліп, салтанатты ашылуы болды. Бұл еліне өлшеусіз қызмет еткен, текті азаматтың есімін ұрпақ жадында қалдыру үшін істелген ескерткіш болды.
Жұмағұлов Марат Дәулетбайұлы, Тарихшы, шежіретанушы.