Ұзын дәліз бойымен қолында қара портфелі бар, ақшыл бурыл жұқа шашын артқа қайырған, сұңғақ бойлы ұстаз асығыс жүріп келеді. Оның кішкене көз шарасынан әлі де талай шәкіртті білім нәрімен сусындатуға жетерлік мол қайрат-жігер, құлшыныс айқын сезіледі. Бұл алпыс жылдық ғұмырының жартысынан көп бөлігін университет аудиториясында шәкірт тәрбиелеуге арнаған жаны жайсаң ұстаз, ғалым Ауған жерінде әскери борышын өтеген Жұмағалиев Нұрберген Ізгібайұлы болатын.
Күні бүгінге дейін ұстаздық қызмет пен ғылыми еңбек жолында қатар келе жатқан ағаның өмір тарихына көз жіберсек, өзгеге үлгі-өнеге боларлықтай тұстары жетерлік. Ұстаз туралы сөз бастау қиынның қиыны. Ол ұстаз кеңінен танылып, ұстаздықтың ең жоғарғы сатысына көтерілген, жалпақ жұртқа сөзі өтетін қайраткер жан болса тіпті де. Негізінде қазақтағы «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деп айтылатын нақыл сөздегі төрдегі орын дәл осы ұстазға лайықты секілді.
Жақын күндері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрылғанына 70 жыл толмақ. Мұнайлы өлке тарихында айшықты орны бар оқу орны республика жоғары мектебі сапында сапалы мамандарды дайындауға өз үлесін қосып келеді. Университет бастау алған жылдары тарих-филология, физика-математика сияқты факультеттер маман даярласа, қазіргі кезде де аталмыш мамандықтар білім орнының ең жоғары ғылыми әлеуетін құрап отыр. 1980 жылдары білім алып, ғылым жолына қадам бастаған әріптестер арасында, Атырау гуманитарлық-техникалық институтының оқытушысы, доцент Жұмағалиев Нұрберген Ізгібайұлының азамат ретіндегі түлғасы жазуға да және айтуға да тұрарлық деп ойлаймын.
Әріптес ұстаз, тәжірибелі ғалымның өмірдеректеріне көз жіберсек ғалым-ұстаз тұлғасының қалыптасуының жарқын белестерін аңғарамыз. Себебі біздер, осы жолдың авторлары сонау 1980 жылдары бір сапта білім алып,студенттік қайнаған өмірдің ашысы мен тұшысын бірге татқан, қазірде ғылыми-азаматтық жолымызда бірге келе жатқан достардың тұлғасы сол жылдары қалыптасып еді.
Нұрберген майлы қияң Қызылқоға жерінде дүниеге келіп, Кенбай орта мектебін бітірісімен ұстаздық жолды таңдап Гурьев мемлекеттік педагогикаинститутының химия-биология мамандығына оқуға түсті. Ұстаздық қызметті таңдауда әкесі Жұмағалиев Ізгібай математика пәні мұғалімі болса, анасы Сымғалиқызы Шандоз қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген, еңбегі еленіп «Қазақ КСР Құрметті мұғалімі» атанған абыройлы халық сыйлаған адамдар болатын. Ауылда олар құрметпен ұстаздар жанұясы деп аталатын. Нұрберген 1980 жылдары өрттей қайнаған Ауған жерінде әскери борышын атқарды. Ілкіде Ресейдің Каменка әскери мектебінен өткен Нұрберген кейін Башқұрт жерінде әскери шеберлігін шыңдады. Ауған жеріндегі әскер өмірі туралы сөзге тартсаң, аз ғана әскери борышымды өтедім дей салғанмен. Ол жердегі әскер өмірінің өзі от пен оққа толы жылдар екені сөзсіз. Әскерден соң Маңғыстау өңірінде білім салаларында қызмет атқарды.
1990 жылы Атырауға оралып, қалалық орта мектептерде мұғалім, директор орынбасары лауазымдарында болды. 1995-2003 жылдары Атырау қаласы №21 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте директор болып жемісті еңбек етті. 1999 жылы «Жыл директоры»атағын иеленді. 2003 жылдан бастап 2020 жылға дейін Сапи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде еңбек етті.
Ұйымдастырушылық жұмысты ғылыми ізденіспен, қоғамдық қызметтермен әдемі үйлестіріп жүрген әріптесіміздің өмір деректері университеттің 70 жылдық мерекесінде орны бары анық. Себебі, осы жолдар авторларының өмірдеректері де университеттің дамуы мен өсу кезеңдерімен тығыз сабақтасып жатыр. Бұл «тарихтағы ұрпақтар сабақтастығы» мен тұлғалар тарихын шынайы азамат келбетінде жазу тұрғысында да өзекті болмақ.
Лесқали Бердіғожин-тарих ғылымдарының докторы
Қылышбай Сүндетұлы-тарих ғылымдарының кандидаты