Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажетін айтқан болатын. Ерікті болу қоғамға адал қызмет атқара жүріп, ата-бабадан аманат болып жеткен адамгершілік қасиеттің адам болмысынан ажырамауына жастар тарапынан көп жұмыс атқарылуда. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Біз қазір ел басына күн туған сәтте әр күн сайын осыған куә болып отырмыз.
Игорь Лян
Бүгінгі күнге дейін жақсылықтың жаршысы болып жүрген еріктілеріміздің ұйымдастырған қайырымдылық шаралары, қол-ұшын беріп, көмектескен игі істері молырақ. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» - деп халқымыз бекерге айтпаған. Шын көңілдерімен, аппақ ниеттерімен ұйымдастырған шараларын тізбектеп жазбасамда, елеусіз қалмаған еңбектерін жазуды жөн көрдім. Сөзімді еңбекке жаны сүйгіш еріктілерден құрылған «AsUmit» қайырымдылық қоры жайында бастағым келіп отыр.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттік жастардан «AsUmit» қайырымдылық қоры 2018 жылдың қараша айында Атырау қаласы бойынша алғаш рет «Жақсылыққа бір қадам» атты қайырымдылық кроссын ұйымдастырып, құрылған болатын. Бұл қордың құрылуының басты себепкерлері, негізін салушыларымен жетекшісі Игорь Лян ағайымызбен университетіміздің белсенді студенттері Гулназ Турегелдиева, Мансия Сағидоллаеваның бастауымен негізге алынған қордың атқарған қызметі өте ауқымды бола білді.
«AsUmit» қайырымдылық қорының негізін салушылар
2018 жылдың желтоқсан айында, қайырымдылық қоры ішінен «AsUmit education» оқу орталығы ашылды. Жалпы мақсаты: аз қамтылған және көпбалалы отбасылы оқушыларды тегін бастауыш мектеп бағдарламасы бойынша қосымша сабақтар өткізу болды. Оқу орталығында Университетіміздің 3-4 курс ерікті студенттері өздерінің теориялық білімдерін практикалық бағыттпен ұштастырып, бір жағынан өз үлестерін қайырымдылыққа қоса білді.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының, «Нұрай» қайырымдылық қоры және Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Асу-Үміт» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен сауда дүкендерінде 2019 жылдың Рамазан айынан бастап, қайырымдылық сөрелері мұқтаж жандарға қызмет көрсететін болды. Бірлескен үшжақты жоба аясында осылайша Атырау қаласында, аудандарда 7 – 8 сауда нүктесінде қайырымдылық сөрелері қойылды. Мұндағы мақсатымыз: жұртшылықты қайырымдылық істерге үндеу. Сауда дүкендерінің клиенттері отбасыларына азық алып тұрып, осы сөреге кез-келген тағам түрлерін қойып кете алады. Бұл жерден кез-келген уақытта мұқтаж жандар азық-түлік ала алады.
Жақсылықтың жанында жүрген ерікті студенттеріміздің қатары көбейіп, бірнеше жобалар, қайырымдылық шаралар ұйымдастырып келе жатыр. Атап айтсақ, қаламыздағы «Шаңырақ» балалар үйіне спорттық жарыстар және жаңа жылдық кештерін өткізіп, Шернияз Айшат есімді кішкентай бүлдіршініміздің еміне қаражат жинау мақсатында «боулинг» - тен жарыс ұйымдастырылып, Александр Чечин ағамыздың қоларбасын алуға өз үлесімізді қосып, кіші аяқтоптан турнир өткізген болатынбыз. Осы оқу жылында «Жақсылыққа бір қадам» атты жоба аясында көпбалалы және жалғызбасты отбасыларға жәрдемдесіп үйлерін әктеп, дәрі-дәрмек, киім-кешекпен көмектесті.
2020 жылы президентіміз жариялағандай «Еріктілер» жылын үлкен қуанышпен қарсы алған, қайырымдылық қоры жұмыстарын одан әрі үлкен шаралармен толықтырды. «Жылы жүрек, жомарт қол» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік көмек көрсетсе, қайырымдылық мастер класстар, киімді пішіп-кесуден тегін тігін сабақтарын, «сам себе визажист» курстарын оқытып, көптеген жандардың жүзіне қуаныш сыйлай білді. Мейрам сайын балалар үйіне, қарттар үйіне мерекелік көңіл-күй сыйлауды әдетке айналдырды.
Осындай ауыз толтырарлық игі бастамалардың қасында жүргенде, әлем елдерін үрейлендіріп, ажал құштырып жатқан індет байтақ елімізге де жетті. Бұл жолы індетті бірігіп жеңу мүмкіндігі айқын болғандықтан еріктілер жеке бастарын қатерге тігіп, аз қамтылған отбасыларды, жалғыз-басты қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп көмектесуде.
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында, елімізде жарияланған COVID-19 індетті дағдарыс кесірінен қаражат пен тұрмыстық қажетілікке зәру отбасыларға «BIZBIRGEMIZ» ұранымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Жастар саясаты департаменті жанынан құрылған «Асу-Үміт» қайырымдылық қоры, арнайы қорға халықпен бірлесе отырып қаражат жинау арқылы 63 студент пен 26 отбасыны бір реттік қажетті тағамдармен қамтамасыз етіп, жағдайы төмен 1 отбасының жалдамалы үйіне айлық төлемін төлеп берді. Сонымен қоса, көшеде ел қамы үшін жүрген азаматтарға РАМАЗАН айымен құттықтап, ауыз су мен құрма тараттылды.
Жасыратыны жоқ, елде карантин жарияланған сәттен-ақ азық-түлік тапшылығы болады деген халықтың базар мен дүкеннен жаппай тамақ сатып алу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Ерікті жастардан кұрылған «Жас қауым» және С.Утебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінен құрылған «Ақниет» қайырымдылық қорларымен бірлесіп «балаларды қорғау» мерекесіне орай, азқамтылған отбасылардың балаларына мейрамдарымен құттықтап, 1 айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті. Махамбет ауданы Бейбарыс ауылының да аз қамтылған, жалғыз басты отбасыларынада осындай қиын кезде көмектесіп, мерекелік бағдарламамен балаларының көңіл-күйлерін көтеріп, аналарының көңілдерін көтеріп келді. Аз қамтылған, жалғызбасты көпбалалы аналарға, қарттарға қол ұшын созғаны үшін ризамын. Сонымен қоса, Қадір түнінде «Береке» медресесінде білім алып жатырған 20 шәкіртке ауызашарға жәрдемдесті. Бір-бірімізге осылай қолдау көрсету арқылы біз бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсете алдық деп ойлаймын. Бұл кішкентай көмек адамның көңілін көтеріп, қуаныш сезімін сыйлады.
Ауыр індетпен қатарласып өздерінің саулықтарымен күресіп жатырған бүлдіршіндерімізге де қол ұшымызды созып, сіз болып, біз болып қаражат жинауды да ұмытпаған. «Жауһар. Асыл-айымызды бірге құтқарайық» - атты @asu_umit қайырымдылық қорының бастауымен, Асылай қарындасымыздың және Нұрдаулет ініміздің еміне қаражат жинадық. Түскен қаражаттың барлығын ата-аналарының шотына аудардық.
Жақсылық жасау-адамға қуаныш сыйлай білу. Кез-келген адамды жасына қарай құрметтеп, ізет көрсетудің өзі де үлкен жанға көрсетілген жақсылықтың бір үлесі. Елімізде COVID-19 індеті өршіп тұрған уақытта денсаулығына сенімді болып, өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып отырған еріктілерді ер демеске болмайды. Сайып келгенде, қазақ халқының қанында бар қайырымдылық қасиеттің ұрпаққа жалғастығы осындай істермен жалғасып, өміршең болатыны сөзсіз. Еліміздің ұлттық құндылықтарды сақтай білген тұлғасын қалыптастыруда еріктілердің ерлікпен тең өжеттілігі өнеге болуы – заңдылық.
Ерге тән еріктілік қызметте жүрген еріктілеріміздің қатарында Лян Игорь, Турегелдиева Гулназ, Мендігалиев Бауыржан, Кұрмангалиева Нұргул, Қанғожин Наурызбек, Матжанова Айым сынды тағы да басқа еріктілеріміздің көпке үлгі бола білгені анық.
Абай атамыз «Адамзаттың барлығын сүй бауырым» деп баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу - жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күменім жоқ. Мен волонтер жылы аясында ең алдымен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы, әрі табысты болыңыздар», - деген президентіміздің сөзі арқау бола білді.
Шын жүректерімен қиын заманда еліне көмектескен ер азаматтарымызға деген алғысымыз шектеусіз! Осындай батыр азаматтарымыз аман болғай!
Мәнсия Сағидоллақызы, Х.Досмұхамедов
атындағы Атырау университетінің
Жастар саясаты департаментінің маманы