МҰСЕКЕҢНІҢ АРМАНЫ

МҰСЕКЕҢНІҢ АРМАНЫ

   Мұстафаның қазаққа қымбат қасиеті көп еді... Шығыс жекпе-жегінде мұсылман жұртынан бірінші болып әлемге әйгілі болуынан ғана емес. 

   Кеңес Одағының суға батқан алып кемесінен елін қалтылдаған қайыққа салып жағалауға тартқан тұлғалар көп болды. Сондай алыптардың бірі-Мұстафа еді. Германиядан шәкірттерін ертіп, елге келгенде Орталық стадион мен Цирк үйін қарақұрым халық басты.

  ui19

Қазақтар Мұстафаны «Батырымыз» деп таныды. Өз республикасында өзі де, тілі де, мәдениеті де шетқақпай күй кешіп жүрген қазақ енді өзге ұлтқа шекесінен қарады. Елдің рухы көтерілді, таеквондо үйірмесіне ағылған жас жолбарыстар «Мұстафа!» деп ұран салды сол кезде.

   Жаттығы жоқ еді ғой Мұстафаның! Өз басым Мұстафа Өзтүрікпен 1992 жылдың тамыз айында ғана жақын танысқан болатынмын. Алматыға телефон соғып Дихан Ақаев ағамыздан Мұсекеңнің Германиядан келіп, «Алматы» қонақ үйіне тоқтағанын білдім. Қонақ үйдегі бөлмесіне телефон соқтым. Тұтқаны Мұсекеңнің өзі ұстады. Аман-сау алысқаннан соң кездескім келетінін айттым. Сөйтіп кездесетін уақытымызды келісіп алдық. Қасыма Аралбай бауырымды ертіп алып, даңқты қазаққа сәлем беру үшін Алматыға тартық. Мұхтар Шахановтың мерейтойына арналған шығармашылық кешке барған екен. Бал-бұл жайнап отыр. «Дүние жүзінің көп мемлекетіне жолым түсті, жүздеген ұлттың дастарханынан дәм таттым, бірақ қазағымның көңіліне, қонақжайлылығына ешқайсысы жетпейді ғой!»-дейді.

ui28  

   Әңгіме таеквондоға ойысқанда шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын, оның терең пәлсафасын ұғындыруға тырысты. Бүгін таеквондоның пәлсафасына байланысты өзім қалам тартып жүрген кезде «әттең қазір Мұсекең тірі болса ғой, шіркін, осы тақырыпты кеңінен ашар едік...» деп ойлаймын. Әңгіме барысында көңілге түйгенім жаратқан Алладан «Уа, хақ құдай, маған мына фәни дүниеде қызықты өмір бердің, спортта даңқ бердің, енді осы өнерімді бауырларымның қажетіне жаратуыма көмектес!» деп тілейтін сияқты.

   «Адам алаңсыз армандап тұрғанда ажал қапталдан күліп тұрады» деген бар ғой. Өмірге ынтық Мұстафаның ғұмыры қысқа болатынын, тіпті туған жердің топырағы да бұйыртпайтынын ол кезде кім білген...

   Басында жүрексініп келсек те ақжарқын, кісіге құлап тұратын пейілі арамызды тез жақындастырып жіберді. Бұрыннан да таеквондошы едім, енді осы спорттың тарланымен сөйлескен соң бұл өнерді терең білуге бел байладым.

   1992 жылы күзде Ыстықкөлдегі оқу-жаттығу жиынында шәкірттерінен сынақ қабылдаған Мұстафа ұстаз өз қолымен беліме қара белбеу байлады. Сол жылы туған өлкем-Атырауға бірге келді. Мұстафа ашып берген Атырау таеквондо мектебі Қазақстандағы іргелі мектептердің біріне айналды. Ұзақ уақыт ел чемпионаттарында алдыңғы орындарда жүрді. Мұстафа білімін маған берсе мен бар білгенімді шәкірттерімнің қажетіне жұмсадым. Бүгінде Атырау облысында таеквондо спорты алдыңғы орында тұр. Облысымыздан шыққан олимпиада ойындарының жүлдегері Арман Шылманов та осы таеквондо спортынан еді. Атырау таеквондо мектебінің негізін қалаған адам ретінде мен бұл жетістікке ерекше қуанамын.

Lt01vqDxGQA

   Мақтанғаным емес, атағы әлемге тараған даңқты спортшының шәкірті болуды маңдайыма жазған екен Алла. «Жақсымен табақтас болдың ба, сабақтас болдың ба?» деп сұрайды ғой. Мұсекеңнің шәкірті болдым, әрі оның өнерін кейінгі жастарға таратқан інілерінің бірі болдым деп айта аламын.

   Мамандығым тарихшы болғандықтан болар сырт жерде өскен Мұсекең қазақ батырлары мен билері жөнінде сұрап тұратын менен. Бірде, «Наурызбай батыр деген кім?» деп сұрады. Бір жерде дастарханда отырғанда Елбасын Кеңесары ханға, ал Мұсекеңді Наурызбай батырға теңеген екен. Тарихымды, ата-бабаларымның жүріп өткен жолдарын білсем дейтін ниеті маған қатты ұнаушы еді. Шіркін-ай деймін, кейде кейбір елағаларының шүлдірлеп орысша сөйлеп тұрғанын көрген кезде. Бұл шіркіндер ата мекенінде тұрып, өзге жұрттың баласындай әсер қалдырады. Бұларға, қамал бұзар қырқына дейін Қазақстанды көрмеген Мұстафа махаббатының жұрнағындай ғана қасиет бұйыртса ғой, еңсе көтеріп жүрер едік бүгін. Бірде, Қонаев ақсақалға барып сәлем беріп шықтым дегенін естідім.

IMG-20181124-WA0021 — копия

   Таеквондомен қазақ баласы жаппай айналысып кетсе де, Бүкіләлемдік Таеквондо Федерациясына мүшелікке өтпей үлкен жарыстарға шыға алмайтын еді. Сол себептен Қазақстан таеквондошыларын ертіп Кореяға Мұсекеңнің өзі барды. Алайда ұлттық федерация ретінде тіркелу үшін сол елдің бір спортшысы кем дегенде 4-ші дан иегері болуы керек еді. Мұндай кедергіні күтпеген қазақстандықтардың көзінше Мұстафа таеквондо шеберлерінің тізімі тіркелген компьютерге жүгінеді. Таеквондоның штаб пәтерінде орналасқан күллі дүние жүзінің қара белдіктерінің аты-жөні бар компьютерде жалғыз қазақ Мұстафа Өзтүріктің аты тұр екен. Және оның 6-шы дан иегері екені де тіркеліпті. Қазақстанның осылайша Бүкіләлемдік Таеквондо Федерациясына (WTF) мүше болғаны қазір тарихқа айналды. Бұдан кейін Қазақстан таеквондошылары халықаралық жарыстарға шыға бастады.

   1993 жылы шетелден келген қандастарымыз арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанның азаматтығын алған да Мұсекең еді. Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін алғаш таныған Түркие еліне Қазақстан таеквондошыларын бастап барып оның байрағын желбіреткен де осы Мұстафа аға болатын. Қазақ таеквондошыларына дем беруге келген халықаралық шебер, қара белдіктің 8-ші дан иегері Хонг Ри Си өзінің шәкірті Мұстафа Өзтүріктің өмірден озғанын естігенде көзіне жас алған еді. Кореяда қарағайдай бір университеттің ректорының Қазақстанға келуі мақтаныш қылар оқиға. Еліміздің таеквондо спортының қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген қайран Мұстафа алаш баласының Азия, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында жүлдеге іліккенін көре алмай кетті.

   Бізде азаматтың тірісінде қадіріне жете алмай, көзі жұмылған соң жер-көкке тигізбей мақтайтын әдет бар ғой. Жақсылық емес әрине. Өмірінің соңында елім деп еміреніп келген боздаққа кедергіде бола бастады. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне депутат болу үшін үміткер де болды. Үгіт-насихат жүргізуге келгенде қошеметпен қабылдаған халық оның жеңілісін үнсіз қабылдады. Мұстафа арқылы елге танылғысы келген пысықайлардың көбі жалт берген болатын сол кезде.

   Халыққа мәрттік пен батырлықты өзімен бірге алып келген Мұстафа қай құрметке де лайық еді, амал қанша... Алматы, Астана қалаларындағы бір ірі спорт кешендеріне әлі оның аты берілген жоқ. Таеквондо тарланы Мұстафа Өзтүрік туралы әлі де бір көркем фильм түсірілмеді. Жастарды тәрбиелеуге жақсы образ болар еді ғой. Осы жерде шығыс жекпе-жегінің шебері қытайлық Брюс Ли туралы қанша фильм түсіріліп, қанша кітап жазылғанын еске алайықшы... Балуан Шолақ пен Қажымұқанды халқына қайта табыстырған Қаркен Ахметовтей азаматтар шығар деп үміттенемін. Мұзбалақ Мұстафа армандаған биікке жеткізетін де солар болады.

   Біреулер «Саясаттың көкесі-спорт» деседі. Рас шығар. Мұстафа үйретіп кеткен өнерді меңгерген жас таеквондошылар қазақ елін үлкен додаларда аз танытып жүрген жоқ. Бейжин олимпада ойындарының жүлдегері болған Арман Шылманов ТМД елдерінің ішінен осындай атаққа жеткен тұңғыш адам. Сөйтіп, Мұсекеңнің арманын алғаш жүзеге асырған да сол Арман болды.

11f230890946c16d243205edde22d2fb

   Әлі де алар асуларымыз бар ғой алда. Әлі де талай Қазақстанның Әнұраны ойналар. Сол кезде Мұсекеңнің аруағы бір аунап жатары сөзсіз. Сол күнді көру жазсын бізге...

 

Қабибек Мұхитов,

таеквондодан қара белдіктің III-ші дан иегері,

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы.

                                             Атырау қаласы.

Теги тайсойғансайты