ЕРІН ҰМЫТПАҒАН ЕЛ ӨРЛЕЙДІ

ЕРІН ҰМЫТПАҒАН ЕЛ ӨРЛЕЙДІ

   «Бастау барын мұхитта біледі». Әйгілі спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов Шоқыр Бөлтекұлына арнаған өзінің эссе-әңгімесін осылай атапты. Қазақтардың төл спорты болып кеткен бокс өнерін мұхитқа теңесе, ал оның тұңғыш болып негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлын сол мұхиттың бастауы деп білген екен Сейдағаң.

  Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысына қарасты Сарбұлақ деген жерде дуниеге келіпті. Әкесі теңізден балық аулауды кәсіп еткен қарапайым адам екен. Бірде Бөлтек балықшы теңізде балық аулап жүргенде катты жел тұрып кетеді. Қарт Каспийдің толқындары кісі бойындай биікке кетеріліп жағаға ұра бастайды. Ертелеп суға салған ауын жинап алуға шамасы келмеген балықшы өзінің кішкене қайығының үстінде толқындармен алысып жағаға қарай жүзіп келеді. Енді жете бергенде үлкен бір толқын әлігі балықшыны қайығымен биікке көтеріп алып жағаға қарай лақтырып жібереді. Қайық бір жағына қарай түсіп, өзі бір жағына қарай құлаған балықшы жағада біраз уақыт қимылсыз жатады. Есін жиған соң басын көтеріп жан-жағына қарайды. Не болғанын есіне түсіре бастайды. Орнынан тұрып денесін жазады. Қатты құлаған екен. Қолы, иығы, жауырыны, белі дегендей денесінің бірқатар жері ауырып тұр. Сөйтіп тұрғанда өзінің қайғын көреді. Қайықтың тұмсығы құмға кіріп кетіпті. Сынған жерлері көрініп тұр.

   - Қап тамақ асырап жүрген жалғыз құралым еді. Мұны қалпына келтіргенше көп уақытым өтеді-ау - деп Бөлтек қайыққа таман келіп артында сүйретіп шыққан ауына көзі туседі. Аудың ішінде бір үлкен балық жатыр. Ауды ашып қараса шоқыра деген балық екен. Бөлтек өзінің ұстаған балығын қолымен сүйретіп үйіне қарай бет алды. Теңізден үш жүз метр жерде орналасқан қырдың қабағында 4-5 мыжырайған жер үй тұр. Әйелдер ерсілі-қарсылы бір үйден шығып бір үйге кіріп жүр екен. Бөлтекті көргенде ішінен біреуі суырылып шығып: «Сүйінші, әйелің ұл туды!» - деп сүйінші сурады. Бөлтек қуанғаннан абдырап тұрып қалыпты. Әйелдер тез арада оның аулаған балығын алып тазалап пісіруге кірісіп кетеді. Жаңа босанған әйелге жас сорпа ішіп әлденген абзал.

  Дүниеге келген сәби Белтекке ерекше қуат берді. Қайығын жөндеп алып, сөйтіп өзінің бұрынғы кәсібіне кіріседі. Міне, дүниеге келген нәрестеге ат қоятында кез келді. Сонда Бөлтек «шоқыра» көп жыл теңізде жүргенде кездеспеген ең үлкен балығым еді. Балам да сондай үлкен, айбынды болсын - деп атын «Шоқыра» қойды. Кейін оны Шоқыр деп атап кетеді.

wokir

  Кеңес үкіметінің орнауы қазақ балаларының білім алуына зор мүмкіншілік жасады. Елді-мекендерде мектеп-интернаттар ашылып, ауыл балаларын оқуға шакырады. Форт Шевченкода ашылған осындай мектеп-интернатқа Шоқырда алынды. Сөйтіп өзі сияқты басқа да қазақ балаларымен бірге сауатын ашып білім алуға кірісті. Оқып жүрген кезінде Шоқыр күнде таң атысымен судың жағасына келіп отырады екен. Каспийдің үстінде ұшып журген шағалалар бір сәтте суға тікесінен барып қадалып аузына бір балықты қыстырып алып аспанға қайта атқылап жүр. Бұл көрініс жас баланың, сезімін қытықтап ол жаңқалтасынан ұшы мұқалған карандашымен бір парақ қағазын алып, осы көргенін сала бастайды. Осылайша онын, сурет салуға деген ерекше қабылеті оянып, күнде қолы боста сурет салып жүреді. Шоқырдың, сурет салу өнерін аңғарған ұстаздары онын оқуын жалғастыруы қажет деп табады. Сөйтіп, 1931 жылы 6 сыныпты тәмәмдаған Шоқырды Бакудегі көркемсурет училищесіне оқуға жібереді. 1934 жылы училищесін аяқтаған соң оқуын одан әрі жалғастыру үшін Киевтегі көркемсурет институтына түседі. Институттың жанында бокстан үйірме болатын. Мұндай үйірмелер ол кезде КСРО-да саусақпен санарлықтай еді. Сабағын оқи жүріп Шоқыр боксқа да қатыса бастайды. Сөйтіп бұл жаңа өнердің де қыр-сырын үйрене береді. Жарыстарға да шығады. Осы үйірменің бапкері Иван Константинович Ивановтың шәкірттері арасында бір азиялық қара бала жүр - деген әңгіме Мәскеуге де жетеді. Оқуы аяқталған соң елге оралды.

  Осы жерде мынадай бір қызық оқиға болғанын айтып кетейін. Алматыдағы «Көк базарда» жие төбелес болып тұратын. Сол жерде сауда жасап жүрген түрлі халық өкілдері шатақ іздеп, әркімге ұрынып жүреді екен. Бірде халық бір төбелеске куәгер болыпты. Бір талдырмаш қазақ жігіті өзіне жабылған 6-7 адамды шетінен ұрып тастапты. Базарға келген халықтың бәрі аң-таң болып әлігі жігіттің өнеріне қарап қалыпты. Сол кезде оны таныған біреу көптің ішінен: «Мынау Шоқыр ғой, ой дәл соның өзі. Шоқыр Бөлтекулы!...» - деп айқайлай жөнеліпті. Әлігі қазақ жігіті бәрін - ұрып жыққан соң артына бір аларып қарапты да әп-сәтте көзден ғайып болыпты.

Алматыға келген соң Шоқыр Қазақфильм киностудиясына суретші болып жұмысқа орналасады. Осы қызметте жүргенде көптеген қазақ зиялыларымен танысып олардың бірқатарымен дос болған екен. Әсіресе Бейімбет Майлин, Бақытжан Байқадамов, Шәкен Айманов, Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тлендневтермен жие араласып тұрыпты.

  Шоқыр Бөлтекұлының сурет салу өнерін Бейімбет Майлин қатты бағаласа керек. Бірінде Бейағаң Шоқырға арнайы өтініш жасап Ғабдол Тоқайдың портретін салуды тапсырады. Татардың даңқты жазушысы Ғабдол Тоқай Бейімбет Майлиннің жақын досы болған көрінеді. Портретті сол қаламгер досының мерейтойына арнап апарайын десе керек. Шоқыр портретін салып болғасын көрсетуге алып келеді. Бейаған суретті дұрыстап қарап тұрып Шоқырдың аяғына көзі түседі. Сөйтсе Шоқырдың бәтенкесінің табаны жартылай түскен екен, тілі салақтай бермесін деп өзі жіппен байлап қойыпты. Бейімбет Майлин Шоқырға жаңа аяқ киім алып беріп, өзімен бірге сол мерейтойға алып барады. Сол жерде портретін сыйға тартып Шоқыр Ғабдол Тоқайменде жақын дос боп кетіпті.

  1936 жылы тамыз айында Қазақстан комсомолының 15 жылдық мерейтойына арнап Бүкілқазақстандық III спартакиадасы болып өтеді. Спартакиада бағдарламасына бокс спорты енген екен. «Динамо» стадионына ринг орнатылыпты. Халық боксты көруге көп жиналған екен. Бірақ жарыс болмай қалады. Себебі боксшылар табылмай қояды. Шоқыр Бөлтекұлы жалғыз өзі қарсыласы болмағандықтан ешкіммен сайысқа шықпайды. Осы кезден бастап ел басшылары бокс спортын дамыту керек деген шешімге келеді. Сөйтіп, Шоқыр Бөлтекұлын тәжірибе алмасу үшн Мәскеу мен Ленинградқа жібереді.

  1936 жылы қазан айында Қазақстанда тұңғыш рет бокс үйірмесі ашылады. Шоқыр Бөлтекұлы сол үйірменің әрі боксшысы әрі бапкері болады. Осы кезден бастап біздің елімізде бокс спортының тарихы басталады. Шоқыр аға болса енді суретшілік мамандығын бокстан бапкерлікке айырбастап қалған ғұмырын осы өнерге арнайды. Сол 1936 жылдан бастап алпысыншы жылдардың аралығында қазақ боксын сөз еткенде Шоқыр Бөлтекұлының есімін бірге айтатын. 1966 жылы Шоқыр ағаның 50 жасқа толу мерейтойы Алматыда дүркүреп өтті. Сол жылдары Шоқыр Бөлтекұлы келгенде Алматыда бәрі бірдей қоғадай жапырылушы еді. Әттен уақыт-ай... Кейінгі өмірімен салыстырып қарасам бұл кез Шоқыр ағаның даңқының ен шарықтау шегіне жеткен кезі екен.

1-10

  Шоқаң боксқа бар күш-жігерін сарп еткен адам. Боксшы ретінде өзі 223 рет рингке кетеріліті. Осы сайыстардың 155-1 ресми кездесулері екен. Оның 50-і финалдық жекпе-жек. Сол финалдық жекпе-жектің 38-інде жеңіске жетіп, 4-інде тең түсіпті. Шоқыр Бөлтекұлы тұңғыш болып «КСРО спорт шебері» деген атаққа ие болған боксшы. КСРО мемлекетік спорт комитетінің берген осы значогы оның үйінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр дейді көргендер.

  Ал Шоқаңды бапкер ретінде бағаласақ, ол өте тәжірибелі бапкер болыпты. Қазақ боксынын алғашқы саңлақтары Ескендір Хасанов, Серік Әбденәлиев, Мақсот және Марат Омаровтар, Асқар Үсенов, Әбдісалан Нұрмұханов, Әбдірашид Әбдірахманов т.б. бапкері екен. Сонымен қоса Қазақстан құрама тобына ширек ғасыр бойы өзі жетекшілік еткен адам. 927 рет шәкірттеріне секундант болды деп жазыпты бір деректе. Қазақстаннан тұңғыш болып «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атаққа ие болған бапкер. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталыпты.

  Шоқыр Бөлтекұлы, Ұлы Отан соғысына қатысқан адам екен. Соғыс басталған кезде барлық саналы кеңес халқы сияқты ол да өз еркімен майданға сұраныпты. Әскерге алынған соң оны, спортшы екені ескеріліп, «ерекше мідет жүктелетін топқа» бөлген. Бір маңызды тапсырманы орындау кезінде Шоқыр аға ауыр жараланып әскери госпиталға түседі. Дәрігерлік сараптау комиссиясы оның денсаулығын тексере келе оған II топтағы мүгедек деген шешім шығарып 1942 жылы әскерден босатады.

Алматыға оралған соң, Шоқан, біраз денсаулығын емдеп алып 1943 жылы жабылып қалған бокс секциясын қайтадан ашады. Майданнан алған жарақатына қарамай жарысқа да шыға бастайды. 1944 жылы Алматыдағы ипподромда данқты палуан Қажымұханмен бірге халық алдында өнер керсетеді.

  Шоқыр Белтекұлы бойында қаны бар, ұлтжанды, турашыл адам болыпты. Күнделікті өмірде, жаттығу барысында қазақтармен қазақша сейлесетін көрнеді. Тіпті қазақша әнде салады екен. Бірде үйіне сұхбат алайын деп Сейдахмет Бердіқұлов келеді. Әңгіме арасында оған өзінін жатқа білетін «Ер Қосай» жырын айтып беріпті. Сейдахаң Шоқыр ағаның, бұл өнеріне қатты таң калыпты. Қызы Тотының айтуына қарағанда үйінде екі бірдей домбырасы болған көрнеді. Көңілі көтеріліп келген кезде немесе бір нәрсеге ренжіп келгенде домбырасын қолына алып өлең айтушы еді. Сол домбырасын Маңғыстаудан келген бір домбырашыға сыйға тартқан екен. Қызына жеті атасын үйретіп кетіпті.

  Кеңес заманында Мәскеудің Қазақстан сияқты шет аймактарға деген ала-бөтен көз-қарасы тайға таңба басқандай көрініп тұратын. Көзі ашық, көкірегі ояу біраз қазақ зиялылары орталықтың осындай «ұлы державалық шовинизміне» көңілі толмай жүретін. Міне осындай ренжіш көңіл Шоқыр ағаданда байқалады. Бірде Шоқаң көпшіліктің ішінде «Мәскеу бізді отарлап отыр» - деп айтып қалады. Көп кешікпей Мемлекеттік қауіпсіздік комитет Шоқыр ағаны шақырады. Бір жас орыс офицері Шоқыр ағаны жеке бір кабинетке қабылдап «әңгімелесіп» отырғанда ішке бір қазақ полковнигі кіріп келеді. Әлігі полковник Шоқаңды керіп қалып, екеуі құшақтасып, не үшін келгенін сұрастыра бастайды. Орыс офицері барлық жағдайды айтып береді. Мән-жәйді тез түсіне қойған қазақ полковнигі Шоқыр ағаның Ұлы Отан соғысы ардагері екенін, оның Қазақстандағы боксты дамыту жолындағы зор еңбегін айтып, оған араша түседі. Сөйтіп ағамыз «қызыл қырағылардың» тырнағынан аман қалыпты. Шоқыр аға төл-құжатында өзінің тегінде өзгертпей кетіпті. Ол кезде тегін жазғанда соңында «ов» деген суффикс болатын. Шоқыр аға «Бөлтеков» емес «Бөлтекұлы» болып қала береді. Бірде Шоқаңа Бауыржан Момышұлы: «Бізде нағыз екі қазақ бар. Бірі-сен, екіншісі - мен» депті әзілдеп.

  Өмір тегіс болып керінгенмен адам тағдыры ойлы қырлы болып келеді ғой. Кейбір келеңсіз сәттер Шоқаңның басында да болған екен. Құрметті демалысқа шыққан соң бокстың маңайында жүргендер Шоқаңды жарыстарға шақырмайтын болыпты. Ондайда Шоқан олардан шақыру күтпей жарысқа өзі келіп, көрермендер залында сайысты қарап отырады екен. Бірде осындай бір жарыс кезінде Болат Нұрсейтов деген бапкер Шоқыр ағаны іздейді. Құрметті қонақтар отыратын арнайы орындардан таба алмағасын көрермендер отыратын залды кезіп іздеп жүреді. Бір кезде көрермендер арасынан «Мен мұндамын Болат!» - деген дауысты естиді. Болат Шоқаңның қасына барып құшақтасып амандасып болған соң: «Сіздің орныңыз ана жақ емес пе, сонда отырмаймыз ба?» - деп сұрап трибуна жақты көрсетеді. Сонда Шоқаң басын шайқап: - Мен осы жерденде сайысты көре аламын. Тек бір қынжылатын жерім, бұлар мені тіпті жарыстарға шақыруды қойды. Анау Свинашвили маған тіпті шақыру билетінде қимаған екен – дейді. Ол кезде Борис Цхвирашвили бокстан мемлекеттік жаттыктырушы болатын. Мұндай келеңсіз жәйттер Шоқыр ағаны қынжылтқанмен оның сағын сындыра алмады. Шоқаң өз принциптерімен өмір сүрді. Туған топырақтан жаратылған мінезі оны батыл, тура айтатын адам кылып танылты. Кейде оның осы қасиеттері өзіне кесір болмаса да кесел болып тиді.

  Шоқыр аға кезінің тірісінде ешкімнен ешнәрсе сұрамаған кісі болыпты. Тіпті кезінде танымал болып тұрса да үкіметтен әдейі барып пәтер сұрамаған жан екен. Шоқаңның жұбайы биші «Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс» Нұрсұлу Тапаловаға кезінде бір бөлмелі пәтер берген болатын. Шоқыр ағамыз әйелімен қоса екі қызымен сол пәтерде ғұмыр кешіпті. Тіпті үйінде телефонда болмаған көрнеді. Бірақ үй таршылығы көңіл таршылығына ұласпаған адамдар болған екен өздері.

шокыр 4

Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫНЫҢ зайыбы - Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген артисі, балерина Нұрсұлу ТАПАЛОВА

  Бүгінде Шоқаң да Нұрсұлу апайда өмірден өткен адамдар. Сол бұрынғы үйінде қазір қыздарымен қоса екі жиендері тұрады. Олардың әл-ауқаты онша мәз емес. Бірақ бұларда ешкімнен жәрдем сұрайтын адамдарға ұқсамайды. Себебі әкеден жұққан мінез сондай!

  Шоқаңның жұлдызы қайта жанды. 2006 жылдан бастап Шоқыр Бөлтекұлы атындағы ірі халықаралық жарыс ұйымдастырылып келеді. Мыңдаған қаракөз балалар Шоқыр атасының жолын қуып бокс үйірмесіне қатысады. Шоқаңды еске алуға арналған халықаралық турнирлерде олимпиала ойындарының жеңімпазы Бақтияр Артаев пен әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновтер өнер көрсетті. "Ерін ұмытпаған ел өрлейді демекші" - Шоқыр Бөлтекұлына еліктеп өскен қазақ жастары өз жеңістерімен әлі де талай рет қуантарына сенімдемін!

 

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универсиетінің

аға оқытушысы, дене шынықтыру және спорт магистрі,

"Жайық" спорт кешенінің директоры

Амантай Мұханбетәлі

Теги ШоқырТайсойғансайтыСайтТайсойган