XIX-XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ
АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕГІ МЕШІТ, МЕДРЕСЕЛЕР МЕН МЕКТЕПТЕР
2022 жылы Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары «Атырау өңіріндегі ескі мешіт, медреселер мен мектептер» тақырыбындағы жоба аясында зерттеу жұмыстарын қолға алды. Жоба аясында орталық мандары елімізде және Ресейдің қалаларында археографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Атырау облысының барлық аудандарының аумағында далалық зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. Мақсаты, Атырау облысы аумағындағы ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезіндегі ескі мешіт-медреселер мен мектептер туралы ақпарат жинау, орналасқан жерін анықтау, оларды және картаға орналастыру болатын. Археографиялық зерттеу жұмыстары Ресейдің Санкт-Петербург, Татарстанның Қазан, Башқұртстанның Уфа қалаларындағы және Алматы мен Атырау қалаларындағы мемлекеттік архивтерінде жүргізіліп, бірқатар мәліметтер табылды. Нәтижесінде, Атырау өңірінде архив материалдарынан көптеген мешіт-медреселердің болғанын көруге болады.
Зерттеу жұмыстары Атырау облысы аумағында кезінде мұсылмандық мешіт-медреселердің және де алғашқы білім ошақтарының көп болғанын көрсетті. Ондағы қазақ молдалары негізінен алғашында Бұқарада, кейін Башқұртстанның Уфа мен Татарстанның Қазан медреселерінен білім алып, бұған дейін болған татар молдаларының орнын алмастырды. Өздері тұрған аймақтарында мешіттер салдырып, халықты мұсылмандық діни білім беру жолында жұмыстар атқарды. Мешіттер жанынан балалар оқитын медреселер ашып, медреселер халықты сауаттандыратын бірден-бір оқу орны болып табылды.
Жалпы тарихшылар ислам дінін дамытуға, оның таралуына көп еңбек еткен үш халықты атап өтеді. Біріншісі – арабтар. Өйткені дін бірінші арабтар арқылы келіп, құран мен хадистер араб тілінде жазылып, таратылған болатын. Екіншісі – парсылар. Парсы халқының бұрыннан келе жатырған мәдениеті, өнері, мемлекет басқару жүйесі, әдет-ғұрыптары ислам өркениетімен ұштасып оның дамытуда үлкен әсерін тигізді. Үшіншісі – түркі халықтары. Түркі халықтарының ислам қабылдауымен әскери өнерде мұсылман әскерлерін қарқынмен жеңіске жетуіне әсерін тигізді. Исламның географиясын кеңейткен қолбасшылардың көбі түркі қолбасшылары еді. Алғаш рет қазақ даласында ислам діні 960 жылдан бастап Қарахан мемлекеті тұсында, яғни қазіргі Жетісу аймағы, Қырғыздың даласын, шығыс Түркістанды алып жатырған алып аумақта ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланған болатын. Бұдан, Х-ғасырдан бастап мемлекеттік деңгейде ислам діні қабылданғанын көреміз. Содан, тарихшылар ислам дінінің қазақ жерінде таралуының бес кезеңге бөліп қарайды:
І-ші кезеңі: VIII-ХІІІ ғасырлар аралығы. Бұл дәуірде Түркі даласында ислам ғұламалары пайда болған кезең еді. Олардың қатарында – Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмед Яссауи т.б. болды. Қыпшақтар, Қаңлылар, Селджуктер ислам дінін қабылдап, Ғазнауилер мемлекет құрып Үндістанға дейін ислам дінін таратқан. Яғни, бұл ғасырлар ислам дінінің ең гүлденіп, үлкен ғалымдарымыздың шыққан заманы болып табылады. Сөйтіп, ХІІІ ғасырда әлемді жаулап алуға ұмтылған Шыңғысханның саясаты кезінде тоқырауға ұшырайды. Оның жаулап алу саясаты негізінде мұсылман мемлекеттерін құртып, Қарахан елін, Хорезмшах мемлекеттерін шапқан кезде Баласағұн, Самарқанд, Отырар, Бұқарадағы кітапхана-медреселерді өртеп, ғалымдарды өлтірген уақыты болатын.
ІІ-ші кезең: ХІІІ ғ. ІІ-жартысынан Алтын Орданың ыдыраған уақытына дейінгі аралық. Бұл кезеңде Шыңғысханның немересі, Жошы ханның баласы Берке хан ислам дінін қабылдап, Алтын Орда мемлекетінде ислам дінінің дамуына ықпал еткен уақыты. Ол өз билігі тұсында үлкен ғалымдардың сабақ беруіне, дәрісханалардың ашылуына жағдай жасады.
ІІІ-ші кезең: Қазақ хандығының құрылу кезеңі.
ІV-ші кезең: Ресей патшалығы мен Кеңес үкіметіне бағынышты болған уақыт. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшқұр Жүсіп секілді ғалымдардың шыққан уақыты.
V-ші кезең: Қазіргі Егемендікке қол жеткізген уақыт.
Бұдан, қазіргі Атырау өлкесіне ислам діні жоғарыда тарихшылар айтқандай ІІ-ші кезеңде, яғни ХІІІ ғасырдың екінші жартысында кеңінен тарағанын көреміз. Оған дәлел, ортағасырлық Сарайшық қалашығында бірнеше мешіттің болғанын да мысал етуге болады.
XIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы Моңғолия ыдырағаннан кейін қазақ жерлерінің көп бөлігі Шағатай ұлысының құрамына кірді. 1266 жылдан бастап билік құрған Шағатайдың шөбересі Мүбарек-шах исламды қабылдаған алғашқы шағатай ханы болды. XIV ғасырдың басында Тармаширинның (1326-1334) билік құрған кезінде исламның үстемдігі түпкілікті орнады. 1340 жылдары Шағатай державасы ыдырады, бірақ ислам одан әрі дамыды. Бұл процестегі сопылардың рөлі ерекше болды. Орталық Азияның едәуір аумағында ханафи мазхабы басым орынға ие еді. Ислам уағызшылары Еділ, орта Азия және Батыс Азия далаларына шығып, нәтижесінде бірінші болып көшпелілердің элита өкілдері Исламды қабылдады.
1773 жылы Башқұрттардың бастауымен Пугачев көтерілісі болады. Бірақ, көтеріліс басылған кезде императрица Екатерина-II мұсылмандардың бұл әрекетіне немқұрайлы қарай алмады. Ол өзінің мойынсұнушыларына тек жазалау шараларын қолданбай, мұсылмандардың алдында өзін жақсы етіп көрсету мақсатында, екінші жағынан, олардың үстінен өз билігін нығайту үшін мұсылмандық Рухани басқаруды орталығын құрды. Оған өзінің көмекшілері бақылау жүргізді. Мүфтилікке қазынадан қаржыландырылатын патша шенеунігі мен рухани басқаруға тіркелген және ол арқылы ішкі істер министрлігіне бағынатын мұсылман дінбасылары басшылық етті. Олардың қатарында башқұрттар, татарлар мен мишарлар басқарды. Қазақтар ұзақ уақыт бойы орыс билігінде өмір сүргенімен, өздерінің жалпы өмір салтын сақтағанымен, Үкімет олардың ішкі істеріне араластырмады. Ал олардың біртектес көшпелі өмірінің мәселелері орыс заңдары мен мұсылман шариғаты бойынша емес, ескі әдет-ғұрыптары бойынша шешілді. Нәтижесінде, олар мұсылмандық Рухани басқару орталығының қарауынан тыс қалды. Осы кезден бастап мұсылмандарға орталықтың жарлығымен мешіттер мен медреселер салуға рұқсат етілді.
Үкімет Орынбор генерал-губернаторы барон О.А.Игельстромға қазақ даласында мешіт пен медресе салуды тапсырды. Осы кезеңдегі Ресейдің конфессиялық саясаты исламның ұстанымдарын нығайтуға ықпал етті. Бірақ, діни қатынастар қатаң әкімшілік бақылауда болды. Сөйтіп, 1788 жылы мұсылман халықтарын басқару үшін Орынбор рухани Магометандық жиыны құрылды. Ресей исламды қолдау арқылы өзінің дала аймақтарындағы саясатын нығайтуды көздеген болатын. Екатерина-II кезінде қазынаның есебінен мешіттер салынды. Олардың құрылысы тек Ертіс және Орал әскери бекіністер аумағында ғана емес, алыс қазақ ауылдарында да жүргізілді. Ол жерлерге татар және башқұрт молдалары жіберіліп, арнайы қаражат бөлінді.
Жалпы еліміздің батыс аймағында, Оның ішінде Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары аумағында ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезінде татар молдаларының ықпалының басым болғанын айқын байқауға болады. Өйткені, қазақ бейіттері басына қойылған ескі құлпытастардағы араб әріпімен жазылған жазуларда татар сөздерінің жиі қолданылғаны зерттеу нәтижесі көрсетіп жүр. Мұндай, Атырау өңіріндегі шоғырланған құлпытастардың пайда болуы 1815-1930 жылдар аралығын қамтиды. Оларды үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, 1815-1900 жылдар аралығы. Бұл кезеңдегі құлпытастардың ерекше жоғарғы деңгейде өңделіп, әр-түрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар және тұрмыстық заттардың бейнеленуімен, яғни тас қашау өнерінің жоғарғы деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ондағы жазуларда құран аяттары мен мұсылмандық діни сөздер көп құлпытастарда кездеседі. Екінші кезең, 1900-1930 жылдарды қамтиды. Көрсетілген мерзім аралығындағы құлпытастарда бірінші кезеңдегідей аса безендірулердің азайып, көп жағдайда мүлдем тоқтатылған. Олардағы жазулар да араб эпиграфикасымен жазылып, мұсылман дініне тән сөздер мен аяттар кездесіп отырады. Ішін-ара латын әріптерімен жазылған құлпытастар да бар. Ал, құлпытастардың таралуының үшінші кезеңінде, яғни 1930 жылдардан кейінгі мерзімдерде жазулар кириллицаға алмасып қана қоймай, оның материалы да жәй ғана бетоннан жасалып, мұсылман дінімен байланысты сөздер қолданылмағанын аңғарамыз. Өйткені, бұл кезеңнен кейінгі уақытта Кеңес үкіметі тарапынан қазақ жеріндегі молдалар қуғындалып, діннің таралуына шектеулер болғаны тарихтан белгілі.
Мекеме мамандарының тақырып аясындағы далалық зерттеу жұмысының нәтижесінде анықталғандай мешіт-медреселердің негізгі бөлігінің пайда болу уақыты ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығын қамтиды. Мешіттердің жұмыс жасауы тоқтатылып, құрылысы бұзылған уақыты сол кездегі саяси қуғын-сүргін уақытымен сәйкес келеді. Жоғарыда айтылғандай мешіт молдаларына өтірік жала жабылып, қуғындалып, жер аударылып, түрмелерге қамалып, артынша ату жазасына кесілген. 1937 жылдарға дейінгі уақытта бұзылған мешіттердің құрылыс материалдары өзге де нысандар салуға пайдаланылған. Сонымен қатар, бұзылмағандары сол кездегі үкімет бұйрығымен мал қоралары ретінде қолданылған.
Далалық экспедиция барысында анықталған мешіттердің түгелге жуығының құрылысының жобасы тік төртбұрышты. Көлемдері әр түрлі, яғни ені 5 метрден 11 метрге дейін болса, ұзындықтары 9 метрден 25 метрге дейін жетеді. Ұзындықтары оңтүстік – оңтүстік-батысқа қарай бағытталған. Барлығының дерлік құбыла бағытында (оңтүстік – оңтүстік-батыс бөлігінде) михрабтары болғаны байқалады. Экспедиция барысында кейбір мешіттердің орындары табылмады. Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылының оңтүстік-шығысындағы 15 км жердегі Қызылмешіт, Тайсойған құмындағы мешіттер, Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жердегі Достан ата қорымы маңындағы, Мақат ауданы Ескене ауылы төңірегінде мешіттердің орны табылмады.
Одан өзге, Құрманғазы ауданы аумағына қарасты Бесшоқы аймағындағы Кененбай үңгірінің жергілікті халық мешіт ретінде пайдаланғаны айтылады. Үңгірлерді зерттеуші И.Б.Ауэрбахтың жазбаларында үңгір Кененбай деген жергілікті мал бағушы қазақтың атымен аталып, үңгірді жер асты құлшылық ету орны болғанын көрсетеді.
Зерттеу нәтижесі мешіттер медреселер қызметін атқарып, бала оқытқаны, сонымен қатар кейбір елді-мекендерде намаз үйлерінің болғаны да анықталды. Анықталған нысандар суретке түсіріліп, құрылыстарының сызбалары сызылды. Әуеден дрон құрылғысымен жобалары алынды. Мешіт ұстаушы молдалар мен сол жердегі өзге де төте араб жазуымен жазылған құлпытастар қазақшаға аударылып, олардың ұрпақтарынан ақпараттар жиналды.
Қазіргі уақытта табылған нысандардың түгелге жуығының топырақтан үйілген орны ғана сақталған. Кейбір мешітті салушының ұрпақтары айналасын қоршап, басына белгі орнатқан. Зерттеу нәтижесінде олардың негізгі бөлігінің құрылысы шикі кірпіштен қаланған болса, Атырау облысының Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарымен шектесетін оңтүстік-шығыс шекарасындағы мешіттердің құрылысы тау тастарынан қаланған. Тау тастарынан қаланған мешіт-медреселердің құрылысы күні-бүгінге дейін жақсы сақталған. Кейбір ағаштан салынған мешіттер де болған. Бірақ олардың ішкі қабырғалары шикі кірпіштен қаланғаны байқалады. Олардың сыртқы бөліктері ағашпен қапталып, бояумен боялған. Содан, Ақмешіт, Көкмешіт, Қызылмешіт деген секілді атаулармен аталған. Жылыой ауданында Бекет атаның Ақмешіті мен Құлшан атаның жер асты мешіттері болса ақ борлы аласа тауларының қапталынан үңгіп, қазып дайындаған. Бұл екі мешіт те өлкеміздегі ең алғаш салынған мешіттердің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта, Ақмешіттің үстіне жаңадан мешіт тұрғызылып, Құлшан ата мешіті алғашқы қалпында сақталған десе болады.
2-ші Приморский округіндегі «Кайкун» мекеніндегі старшындық мектептерінің бірі туралы келесідей ақпарат келтіріледі. Бұл мектеп 1895 жылы Ішкі Орданың «Ақ-Жонас» мекенінде №12 старшындығы аумағында болды. Ашылғаннан кейін әртүрлі аумақтарға, яғни «Керей-Шошақ» мекеніне, №13 старшындыққа, Сулхы, Чапчачи, Ноғайбай және қайтадан Керей-Шошаққа көшірліп отырды. Мектеп аумағындағы тұрғындар мал шаруашылығымен айналысты. Мектептің жеке ғимараты болмағасын жалдамалы қарапайым төбе жабындысы екі еңісті балшық пен сабан араласқан шатырлары бар, едені топырақ жер үйлерде болды. Бұндай үйлер мектеп үшін барлық жағынан да қолайсыз еді. 1910 жылғы мектептегі оқушы саны 16 бала болса, ол ашылғанынан бастап барлығы 160 адамға дейін білім алған. «Мектеп бітіргендердің бірқатары Үлкен-Ганюшкиндегі 2 кластық училищеге түсіп, оны тәмәмдағаннан кейін өз ауылына қайтып келіп, мал бағатын. Мектептің кітапхана қорында әртүрлі атаулы 192 және 227 томдық кітаптар болды. Мектеп жергілікті тұрғындардың жинаған қорлары негізінде қамтамасыз етілді. Ол қаражаттың ішінде мұғалім мен оның жалдамалы үйінің шығыстары да кірді. Сонымен қатар, оқулықтар сатып алуға жұмсалды. Ал, арнайы немесе өзге шығындар үшін қаражат қарастырылмаған. Жергілікті халық мектепте оқитын жағдайы төмен оқушыларға да көмек қолын созып отырды. Оқу процесі кезінде оқушылар жерге отырады. Кітап пен қағаз қоюға арналған аласа парталарды қолданады. Ең жақын жердегі дәрігерлік бөлім 120 верст жердегі Бекмұхамедов ставкасында орналасқандықтан, ауырып қалған балалар өз үйлерінде емделді. Жиі болатын аурулардың қатарында жөтел, бас, көз және тамақ аурулары еді» - деп келтіріледі.
2-ші Приморский округының Бекмұхамедов ставкасындағы бір сыныптық мектепте 10 жастан 19 жасқа дейінгі аралықтағы оқушылар оқиды. Сабақ 1913 жылдың 1 қараша айынан басталып, 1914 жылдың 25-сәуірінде аяқталды. Сабақ күні бойы болады, жексенбі күндері мен патшалық күндерде және мейрамдарда демалыс болды. Сабақ таңғы сағат 9-да басталып, күніне 4 сабақ болады: 2 орыс тілі, 1 орнаментика, 1 қазақ тіл сабағы. Алдыңғы 3 сабақ 45 минут болып, сабақ арасында 15 минуттық қоңырау болады да түскі 12-де аяқталады. 4-ші сабақ 12-де басталып сағат 2-де аяқталады. Мұғалім кіші және ортаңғы бөлім оқушыларына: жазбаша мен ауызша орыс тілі, ауызша мен жазбаша орнаментика, ал жергілікті молда болса осы 2 бөлімде құран мен казақ грамматикасынан сабақ береді. Кіші бөлімде А.Васильеваның «Букварь для Киргизов» кітабы, И.С.Михееваның «Первая книга для обучения русскому языку» кітабы, В.С.Гербагтың кітапшасынан орыс тілі жазбаша-диктовка көшіріліп жазылды. Орыс тіліндегі өлеңдер қазақ тіліне аударылған аудармасымен бірге жаттатылды. Орнаментиканы В.Беллюстиннің «Орнаментика и его задачник» кітабы бойынша ауызша және жазбаша орындалды. Барлық 4 әрекетпен мысалдар шешіліп, көбейту кестесі жаттатылды және 1000-ға дейін санап үйретілді. Ортаңғы бөлімде: Ауызша орыс тілін И.С.Михеева «Первая книга», «Вторая книга» кітаптарымен толықтай оқытылды. Орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударылып, В.С.Гербаг кітабынан жазбаша орыс тілі – диктовка жазылды. Ауызша және жазбаша орнаментиканы В.Геллюстииннің проблемалық кітабымен: 100 мысалдар 4 әрекет арқылы шешілді. Кіші мен орташа бөлімдерде орыс тілінен барлық мақалалар мен әңгімелер қазақ тіліне аударылды. Айтылған сабақтардан басқа кіші мен орташа бөлімдер бірігіп, құран мен қазақ грамматикасы сабағы жүргізілді.
1866 жылғы архив қорларында 1-ші Приморский округінде әртүрлі руларға тиесілі 17 медресенің болғаны көрсетіледі. Онда медресені салушы молдалардың есімдері мен рулары, оқыған оқушылар мен оқытушылардың саны туралы ақпараттар бар. Сонымен қатар, Ресейдің Санкт-Петербург пен Татарстанның Қазан қалаларындағы архивтерден алынған 120-дан астам мешіт-медресе мен мектептердің тізімі анықталды.
1898 жылы Бөкей ордасы аумағында, Гурьев уезін қосқанда 24-қазақ-орыс мектебі болған. Оның ішінде 2-кластық училищенің саны – 6, старшиналық мектептер – 14, жеке меншік мектептер – 4. Оларда татар, араб, орыс тілдері, арифметика мен грамматиканың бастапқы ережелері, жағрапия, тарихтың қысқаша курстары оқытылды.
ХІХ ғ. 60 жылдары мен ХХ ғ. бас кезі аралығында Жайық өзені жағалауындағы қамалдар мен бекіністерде мектептердің болғаны белгілі. Атап айтса, Гурьев, Кулагин, Индерские горы, Сарайшық, Бақсай, Тополев, Гребенщик, Зеленый, Жаманқала, Редут, Орлов, Карманов, Сорочинкі және Кандауров бекіністерінде. Сонымен қатар, қазіргі Құрманғазы ауданының аумағы саналатын аймақта, яғни, Никольск (Жамбай), Ганюшкин, Телячи, Сафоновка, Кордуан, Утера, Ковылев елді-мекендерінде, Жылыой ауданы аумағындағы Жилая коса, Ракуша, Прорва кенттерінде, Мақат ауданы төңірегіндегі Доссор мен Мақатта және Атырау қаласы маңындағы Соколок кентінде мектептердің болғаны туралы ақпарат бар.
Мектеп (ескі әдіспен оқытылатын) – бұл әр мешітте болған конфессиялық бастауыш оқу орны. Мектептің басқарушысы әдетте молда болды, бірақ олар оқытумен сирек айналысады. Білім беруді оның көмекшісі халфе жүргізіп отырды. Әдеттегі халфе – жартылай сауатты, педагогикалық дайындықтан өтпеген және дипломы жоқ ұстаз. Ол, молда сияқты жалақы алмайды, бірақ оқушылардың әкелген ақысымен қамтамасыз етілді. Мектепте сынып немесе бөлім болмағасын оқыту әр оқушымен жеке жүргізілді. Халфе әдетте беті көрпемен жабылған кішкентай сандықта отырды (мектеп сонымен бірге оқушыларға арналған жатақхана қызметін атқарды), оқушылар ұзын қатарда өздерінің кезектерін күтіп отырды. Мектепте белгілі бір пәндер болған жоқ, тек мазмұны діни сенім мен моральдық әңгімелерден, әдетте әулиелер мен пайғамбарлардың өмірінен тұратын кітаптар. Бұл ескі кітаптардың көбісінің авторы белгісіз және олардың тілі оқушылар үшін түсініксіздеу болды. Қолдарына алғашқы беттерінде араб әріптері мен олардың айтылуы көрсетілген кітапша беріледі. Бұл кітаптың қалған бөлігі араб және татар тілдерінде әртүрлі діни сенім бағытындағы мазмұнда еді. Осылайша, әріптерді әлі игере алмаған оқушы оның мағынасын мүлдем түсінбесе де бірден араб сөз тіркестерін оқуға көшеді. Осыдан кейін, оқу жылының соңында оған "Ясин" атты тағы бір кітап берілді. Бұл адам жанын тыныштандыруда көбірек қолданылатын құранның сүрелерінің бірі. Жаңадан бастаған оқушы бұл жазбалардың мағынасын түсінбей қана қоймай, ондағы әріптер мен сөздерді оқи алмайтын еді. Бұл алдымен халфеның нұсқауымен болған жай ғана оқу болса, содан кейін оны жатқа айту тапсырылды. Курсты әрі қарай жалғастыра отырып, бірнеше рет қайталаудың арқасында оқушы әріптермен, яғни әріптерді салыстырмалы түрде еркін және саналы түрде біріктіре отырып игере бастады.
Жазбаша сабақтар бағдарламадан тыс жүгізілді. Әдетте, халфе өз қалауы бойынша немесе оқушылардың өтініші бойынша келесідей мазмұндағы мысалдар жазады: «Біріншіден, мен қоян терісін сатып алдым, оның бағасы бес тиын болды. Содан кейін мен түлкінің терісін сатып алдым, оның бағасы елу тиын болды. Мен қасқыр терісін де сатып алдым, оның бағасы сонша болды" және т. б. мысалдар бойынша жазуды үйренді. Одан өзге, оқушылар өздігінен жазу жаттығуларымен де айналысты. Бұған әдетте сабақтан бос сағаттар бөлінді. Мұндай сабақтар әдетте бейсенбі күні түстен кейін, жұма қарсаңында, мектеп сабақтары тоқтаған кезде болатын.
Мектеп курсынан өту уақыты ешқандай мерзіммен белгіленбеді. Онда оқитын оқушыларының негізгі бөлігі 8-14 жас аралығындағы ұлдар мен 6-7 жастағы балалар. Дегенмен, олар мектепке тұрақты түрде келмейтін еді. Ішінара 16-17 жастағылар да болатын. Олардың кейбірі халфеның көмекшілері болды. Ересек оқушылар тек араб кітаптарынан оқыды. Бірақ мұнда араб тілін арнайы оқыту мүлдем болған жоқ. Мектептегі басты оқулық Құран болды. Алфавиттен кейін шәкірттер Құранның "Ясин" сүресі беріледі. Екінші жылы оның орнына Құранның жетінші бөлігі "Эфтьек" деп аталатын жеке кітап берілді. Ал үшінші және төртінші жылы оқушы өзімен бірге құранды алып жүріп оқитын болды.
«Медресе» (ескі әдіспен оқытылатын) – бұл арабтың сөзі. «Сабақ» немесе «дәріс» дегенді білдіреді. Яғни, дәріс оқитын орын. Бұл әдетте мұсылмандардың жоғары немесе орта оқу орны деп аталады. Медреселер мектептер сияқты мешіттің жанында және молдалардың бақылауында болды. Бірақ, кез-келген мешітте медреселер болған жоқ, олар тек қалаларда және ғылымды қолдайтын бай адамдары немесе Бұқарадан арнайы курсты бітірген ғалым молдалары бар ауылдарда болды. Медресе шәкірттер үшін жатақхана қызметін де атқарды.
Медресе ғимараттарының жағдайы бір-бірінен ерекшеленбеді. Олар әдетте бір үлкен төрт қабырғалы үйден немесе бірнеше шағын үйлерден тұрды. Ауыл медреселері ағаштан тұрғызылды, ал қалаларда тастан салынды. Қазіргі кездегідей сынып деген болған жоқ. Медресенің үш қабырғасы бойымен перделер ілініп, әрқайсысында бір терезеден тұратын шағын бөлмелерге бөлінді. Дәріс барысында барлық перделер көтеріліп, шәкірттер мударристің алдында жарты шеңбер құрып орналасады. Кейде жатақханаға сыймаған жасы кіші немесе кедей шәкірттер үшін медресенің кіре берісі тұрғылықты орны болып есептелді. Әдетте, алдыңғы екі бұрышында тақтайлармен бөлінген екі бөлме халфелер мен қазилардың тұрғылықты орны. Қази деп көбіне шәкірттердің арасынан таңдалған, ұстаздар тағайындаған қараушы немесе бақылаушыны айтады. Жалпы, шәкірттер төбесі төмен, терезелері кішкентай, жылыту пеші қажетті жерде орналаспаған дымқыл және суық жатақханаларда өте тығыз орналасты. Шәкірттер мұсылман діні талап еткендей күніне кемінде бес рет дәрет алады. Ас үйде тек халфелер, кейде таңдаулы шәкірттер жуынатын еді. Ал басым бөлігі аулада, мұздай жерде, ағаш материалдан дайындалған аяқ киіммен немесе тіпті жалаң аяқпен дәрет алуға мәжбүр болды. Шариғат бойынша құдай жолына аударылатын зекеттің, яғни жағдайы бар адамдардың байлығының қырықтан бір бөлігі саналатын кірістер тек жеке кедей адамдарға берілген кезде ғана жарамды деп саналды. Сондықтан, медреселерде толық жағдайдың жасалмауының бірден-бір себебі осы еді. Әрбір бай мұсылман өзінің байлығынан жыл сайын зекет беруге міндетті. Бұл сенімнің бес парызының бірі, сондықтан бай адамдар өздерінің берген барлық қайырымдылық шығыстарын зекет ретінде есептеуді қалады. Алайда, қоғамдық қайырымдылықтар зекет болып саналмады. Сондықтан, бай адамдар медресені ұстауға өте аз қаражат бөліп, зекеттерін жекелеген кедей адамдарға берді. Дегенмен, медресеге де зекет беретіндер бар және олар оқушыларға таратылып отырды. Оқу ісінің материалдық жағдайына немқұрайлы қарау мұсылмандардың аскетикалық көзқарасынан туындайтын өзге де ішкі себептермен байланысты болды. Яғни, ішкі рухани дүниенің жетістігіне жету үшін денені толығымен пида ету қажет деп санауы да оқу-тәрбие ісіне деген көзқарастың тежеуіне әкелді. Ата-аналары баласын мектепке немесе медресеге әкелгенде «еті сенікі, сүйегі менікі» дейді. Шынында да бала үйге оралғанда, ол тірі адамға қарағанда етсіз қаңқаға ұқсайтын еді.
Қалалық жерлерде зекеттен басқа, «хамель» және «хатым» деп аталатын кірістер де болды. Біріншісі марқұмның денесін зиратқа апаруды білдіреді. Әдетте шәкірттердің он адамы хамельге шақырылады, бірақ егер қайтыс болған адам ауқатты адам немесе зиратқа дейінгі қашықтық тым алыс болса онда 20 адам шақырылады. Бұл әдетте марқұмның жағдайына, қашықтыққа және ауа-райына байланысты болды. Мысалы, қалыпты ауа-райы жағдайында шамамен 2 миль қашықтықтықтағы жерге орташа есеппен 40-50 тиын төледі. «Хатым» – бұл науқас немесе қайтыс болған адамға Құранды түгел оқып шығу. Хатымға он адам қажет, өйткені Құран 10 бөліктен тұрады, сондықтан хатымшыларға құранның бір-бірімен тығыз байланысты бөлігі беріледі. Бай адамдар кейде хатымға 10 адамның орнына бірнеше ондаған адамды шақырады. Хатым хамельден сәл қымбатырақ болды. Хамельшілер мен хатымшылер кейде марқұмның төрт күндік қадесіне арнайы ұйымдастырылған шараға шақырылып, ол үшін тағы 20 тиын алды. Сонымен қатар, Рамазан айында бай адамдар шәкірттерді ауыз ашарларға шақырды, әңгімерін айтқызып ол үшін де ақша алды. Мұндай кірістерді медреседе жүйелі түрде пайдалану үшін шәкірттерді сатыларға бөлу арқылы арнайы ережелер қабылдады. Яғни, медресенің толық көлемінде 10 сатысы болды және әр сатыда өзгермейтін оқулық ретінде қызмет ететін кітаптың атауы болды. Сонымен, егер бай саудагер медресеге зекет әкелсе, мысалы, 10 фунт шәй әкелсе, онда ол әдетте бәріне бірдей тең бөлінбей, әр сатыларға сәйкес беріліп отырды. Молда-Джелаль-хандар, яғни жоғары сатыдағы оқушылар, осы 10 фунт шәйдан 1/2 фунт шәй ала алады, ал тафир-хандар, яғни ең кіші сатыдағы оқушылар одан аздау алады.
Татар медреселерінің оқу бағдарламасы мен әдістері таза діни-схоластикалық Бұқаралық түрде болды. Олардағы оқу пәндері екі санатқа бөлінді: улуму-ль-алия және улуму-ль-шаргия. Олардың біріншісі ислам дінін мұқият және жан-жақты түсінудің құралы ретінде қызмет ететін ғылымдардан, ал екіншісі ислам дінін нақты зерттеуден тұрды. Улуму-ль-алия өздері ғылымдардың екі тобына бөлінеді: улуму-ль-арабия, немесе, қысқасы арабият, яғни араб тілі мен әдебиетін зерттейтін ғылымдар және улуму-л-аклия немесе қарапайым - ақлият, яғни "ақыл-ой" ғылымдары. Бұл ғылымдардың барлығы құранның деңгейіне жақын белгілі және өзгермейтін оқулықтар бойынша оқытылды. Медреседе оқыту ісіне тоқталсақ, әр медреседе бірнеше халфе болды, олардың әрқайсысында тек өзіне ғана тиесілі шәкірттері болды. Халфе шәкірттердің алдында үлкен беделге ие болды. Шәкірт өзінің халфесін құрметтеді және одан қорқатын еді, бір халфеден екіншісіне өту мүмкін болмады. Халфелер әдетте осы медреседен тәмәмдаған шәкірттерден шықты. Олар медреседе бөлек бөлмелерде тұрды, олармен бірге оларға жақын шәкірттер тұрды, олар сонымен бірге оларға қызметші болды. Халфе келесідей сабақ берді: бір сатыдағы барлық оқушыларды белгілі бір уақытта өзіне шақырып, алдымен олардың бұрынғы сабақтарын сұрады, егер кімде-кім жауап бермесе немесе дұрыс жауап бермесе, оларға ұрысып, кейде қолымен немесе қолына түскен кез келген нәрсемен ұратын еді. Содан кейін жаңа сабақты оқыту басталады да, кейін алдыңғы сабақтарын қайталау үшін немесе өздерінен кіші жолдастарына сабақ оқуға көмектесетін.
Келесі екі кезеңде араб синтаксисі оқытылды. Төртінші жылы шәкірт «ақлият» яғни «ақыл-ой», алдымен «мантика» (логика), содан кейін "Хикмет" (философия) ғылымдарына және «Аклиядан» кейін шәкірт «наклиатқа», яғни діни ғылымдарға көшті.
Жалпы, үлкен медреседегі шәкірттер фиқһ іліміне онша қызығушылық танытпады. Курсты бітірген шәкірт фиқһпен өте аз таныс болды және оны сол сала бойынша қызметтегі тәжірибесі кезінде ғана игерді. Сондықтан, ескі медресенің міндеті шариғатпен таныстыру емес, оны түсіну үшін бағыт беретін құрал болып табылды.
Сонымен қатар, бұл мектептерде шариғатты (Құдай заңын) оқытуға рұқсат етілді. 1891 жылы мұсылман шендерін орыс тілінен емтихан тапсыруға міндеттейтін ереже шығарылып, орыс сыныптарының тәжірибелік білімін арттыруға ықпал етті және онда тек балалар ғана емес, сонымен қатар ересек шәкірттер, молдалық лауазымға үміткерлер де келе бастады. Осындай шәкірттердің кейбіреулері курсты бітіріп, білімдерін одан әрі жетілдіруге ұмтылып, мұғалімдер мектебіне оқуға түсті. Бірақ жалпы алғанда, бұл бастауыш мектептердің өздері ешқандай білім берген жоқ. Олар тіпті орыс сауаттылығын тарата алмады, тек кішкентай буржуазия немесе бұйрық беруші көрсеткен жартылай сауаттылықты жеткізумен шектелді. Үш жылдық орыс-татар сыныптарының мұндай өнімсіздігі, біріншіден, оқушылардың орыс тілін толық білмеуінен болды. Мұғалімдер мектебіне келетін болсақ, ол тек жақсы тәрбиешілерді ғана емес, сонымен бірге көрнекті қоғам және саяси қайраткерлерді де дайындады. Оның шәкірттері диплом мен жақсы қазыналық орын үшін емес, өздерін ғылыми біліммен ағарту және өз халқына қоғамдық-саяси немесе ғылыми-әдеби салада қызмет ету мақсатында ұмтылды.
Қорытындылай келе, келтірілген ақпараттар аривтік материалдар негізінде дайындалды және өлкедегі ескі мешіт-медреселер мен мектептер туралы толық ақпаратты зерттеу қорытындысы нәтижесінде 2023 жылы жарыққа шыққан «ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Атырау өңіріндегі мешіт, медреселер мен мектептер» атты кітап-албомнан танысуға болады. Аталмыш басылым, облысмыздың барлық кітапханаларынан табуға болады. Мақалада айтылған, барлық нысандардың тізімі, фото-суреттері, карталар, сол кездегі молдалардың фотолары секілді материалдар осы басылымға енгізілген болатын.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының маманы, тарих магистрі Ф.Байдәулетов