Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары 2017 жылы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялық кітап-альбомын шығаруды бастаған болатын. Мақсаты – ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезінде ата-бабаларымыздың жерлеу орындарындағы араб әріптерімен қашалған құлпытастардағы жазуларды қазақшаға аудару және көпшіліктің назарына ұсыну. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін қазақ халқы араб эпиграфикаларын қолданып, кейін аз уақыт латын, одан кейін кириллицаға өткені белгілі. Осының салдарынан, уақыт өте ескі жазбаларды оқитын мүмкіндіктері болмай, нәтижесінде аталарының жерленген жерлерін де таба алмай қалды. Міне, осындай басылымның мақсаттарының бірі де батыр-билеріміздің, тарихи тұлғаларымыздың, ата-бабаларымыздың бейіттерін анықтау.
Негізінен, ескі құлпытастар еліміздің батыс өңірінде ғана жаппай қойылған. Оның себебі, аймақта құлпытас қашауға жарамды материалдардың болуымен байланыстыруға болады. Сонымен қатар, тағы бір себебі ол – батыс өңірдегі ертеден келе жатырған құлпытас қоюдың дәстүрлі үрдісінің болуы. Әйтпесе, еліміздің өзге өңірлерінде құлпытас материалы болмағанның өзінде оны бұл өңірден тасымалдау арқылы орнатуға болар еді.
Құлпытастардың негізгі шоғырланған аумақтарының бірі – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары. Бұл дегеніміз аталған аймақтардағы ХІХ ғасырдан бері қоныстанған халықтардың басқа облыстарға қарағанда ата-бабаларымыздың едәуір көп жерленген жерлері белгілі дегенді білдіреді. Алайда, алфавитіміздің ауысуы салдарынан көбін жоғалтып алғанымыз рас. Құлпытас оқитын мамандарымыздың болмауынан уақыт өте кейбір тас бетіндегі жазулардың табиғат факторларының әсерінен мүжіліп, жойылған. Атырау жерінде тек 2013 жылдан кейінгі уақытта мекеме жанынан мамандар дайындалып, облыс аумағындағы орналасқан құлпытастағы ескі жазуларды оқу қолға алынды. Алғаш құлпытастарды оқуды бастаған сол уақыттағы мекеме маманы Өтеуғалив Ринат деген азамат Махамбет ауданындағы Беріш Себектердің қауымы Алтын және Төре-сұлтандар жерленген Жаналы қорымдарының ескі жазуларын оқып, көпшілік назарына ұсынды.
Құлпытастарды зерттеу нәтижелерінде Беріш Себектің Айтуар биі, Қаратоқайдың Есет биі мен Жапарберді батыры, Жайық руынан шыққан Байнақ пен Машақ билердің, Адайдың белгілі батыры Сүйінқараның құлпытастары табылғанын айта кету керек. Одан өзге, көптеген адамдардың аталарының бұған дейін белгісіз болған құлпытастары анықталды.
Жалпы, Атырау өңіріндегі құлпытастардағы жазуларда татар мақамы жиі қолданылғанын зерттеу нәтижелері көрсетіп жүр. Мысалы, илда, яшында, яздырды т.б. болып жазылған. Құлпытас жазуында кейде ұлы, кейде баласы деп те келеді. Сондай-ақ, бірде жылы, жылында бірде сана, санада сөздері қолданылған. Жалпы құлпытастардағы сөздердің жазылуында біріңғай жазу емлесі сақталмаған. Мысалы: жылы – илы, тайфасы – тайпасы, жасында – йасында немесе йашында, руы – руғы, опат – офат, оуфат, т.б. эпитафия мәтіндерінде грамматиқалық, графикалық қателіктер де көптеп кездеседі. Әріптердің жазылмай кетуі немесе бір әріптің орнына басқа әріпті пайдалану сияқты жайыттар көптеп кездеседі. Мысалы, «Айнақұл» сөзін «Айнағұл» деп «қ» әріпінің орнына «ғ» әріпін қолдану.
Одан өзге арабша әріптердің оқылу тәсілі саналатын қырағаттың да қазіргі егеменді қазақ елінде қолданылатын қырағаттан өзгеше болғаны байқалады. Яғни, қазір елімізде Құран Кәрім Ғасим әл-Куфи қырағатымен оқылатын болса, ескі құлпытастардағы жазулардың негізгі бөлігі қазіргі Түркия елінің құран оқу қырағатына келеді. Сонымен қатар, құлпытаста марқұмның руы, тайпасы, әкесінің, өзінің, белгіні қоюшының есімдері, қайтыс болған жасы мен жылы ай атаулары және ру таңбасы қашалады. Қазіргі уақытта қолданылмайтын «опат», «сәнәдә», «халалы», «жамағаты», «хатыны», «ханым» және «үшбу» секілді сөздер қайталанып келеді. «Опат» сөзін біздер көлік соғысқан кезде, адам қайтыс болған жағдайларда «опат болды» деген түсінік келеді. Ал, бұл сөздерді татарлар, өзбектер күні-бүгінге дейін қолданады. «Халалы», «жамағаты», «хатыны», «ханым» сөздері әйел адамдарға қатысты айтылады. Яғни, белгілі бір адамның әйелі деген мағынаны бідіреді. «Халалы» деген шариғат бойынша некелеп алған адал әйелі дегенді білдірсе, «жамағаты» да сол мағынаны көрсетеді. «Хатын» сөзі «ханым» деген сөзден шықса, яғни «ханның әйелі» деген әйелдердің құрметіне айтылған сөз. «Үшбу» сөзіне келетін болсақ, құлпытастарда «үшбу тасты жаздырды», «үшбу тасты қалдырды» деп келеді, яғни, «осы тасты қалдырды немесе жаздырды» деген мағынаны білдіреді.
Құлпытастардың кейінгі уақытта ғана зерттелуінің салдарынан таңба мәселесінде де қазіргі уақытта талас-тартыстар бар. Әсіресе, Беріш руының таңбасы күні-бүгінге жеткен ақпаратта жеті санына ұқсас, артқы бөлігінде біріккен кішкене сызығы бар («құман» таңба деп жүрміз) деп келдік. Алайда, барлық ескі құлпытастарда бұған ұқсас таңба мүлдем кездеспейді. Керісінше, еңкейген жеті санына ұқсас төменгі жағында қысқа сызықшасы бар (айбалтаға ұқсас) таңбасы қашалған. Бұл таңба жеті баулы Беріштің барлық бөлімдерінің марқұмдарының құлпытастарында көрініс тапқан. Құлпытастағы жазулар негізгі архивтік дереккөз екенін ескерсек, таңбаның дұрыс нұсқасын құлпытастағы жазбалардан алуымыз қажет.
Ал, жоғарыда айтылған «құман» таңба жөнінде ақпараттар 1889 жылы А.Харузиннің Мәскеуден жарық көрген «Киргизы Букеевской орды» атты антропологиялық-этнологиялық очеркінде бар. Басылымда А.Харузин өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектерінде көрсеткен ру таңбаларын сараптап, салыстырады. Оның ішінде Беріштің руының таңбасына қатысты 1832 жылы А.Левшиннің және 1862 жылғы Л.Мейердің таңбаларын келтіреді. Атап айтқанда, А.Левшин «құман» таңбаны салса, отыз жыл өткеннен кейін Л.Мейер үш бұрышты таңбаны Беріштікі деп көрсетеді. Бірақ, екеуі де бұл таңбаларға түсіндірме бермейді. Осыдан кейін, А.Харузин өзінің ру таңбаларының нұсқаларын ұсынады. Ол жерде, Берішке қатысты үш таңбаның біреуі қазіргі құлпытастарда қашалған таңбамен сәйкес келеді (қалған екеуінің біреуі доға, яғни жартылай шеңбер сызығы, екіншісі үш бұрыштың бір қабырғасы жоқ түрінде) және бұл таңбаны Мейердің үш бұрышты таңбасына ұқсас екенін, сонымен қатар Беріштің Тыныс руына тиесілі деп түсініктеме береді.
Жалпы, Атырау өңіріндегі шоғырланған құлпытастардың негізгі бөлігі 1815-1930 жылдар аралығын қамтиды. Оларды 1815-1900 жылдар аралығы, 1900-1930 жылдар және 1930 жылдардан кейінгі мерзімдерде қойылған деп кезеңдерге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңде қойылған құлпытастардың ерекше жоғарғы деңгейде өңделіп, әр-түрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар және тұрмыстық заттардың бейнеленуімен, яғни тас қашау өнерінің жоғарғы деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ондағы жазуларда құран аяттары мен мұсылмандық діни сөздер көп құлпытастарда кездеседі. Екінші кезеңде, яғни, 1900-1930 жылдарда бірінші кезеңдегідей аса безендірулердің азайып, көп жағдайда мүлдем тоқтатылған. Ішінара латын әріптерімен жазылған құлпытастар да бар. Ал, құлпытастардың таралуының соңғы кезеңінде жазулар кириллицаға алмасып қана қоймай, оның материалы да жәй ғана бетоннан жасалып, мұсылман дінімен байланысты сөздер қолданылмағанын аңғарамыз. Өйткені, бұл кезеңнен кейінгі уақытта Кеңес үкіметі тарапынан дін мәселесінде қатаң шектеулер болғаны тарихтан белгілі.
Дегенмен, Атырау облысы аумағында 1815 жылдан бұрын орнатылған құлпытастар да кездеседі. Атап айтсақ, Махамбет ауданы аумағында орналасқан Төре-сұлтандардың қорымы болып табылатын қауымда 1803 жылғы құлпытас бар. Одан өзге, Қызылқоға ауданы Қырғынтөбедегі «Дулатмола» қорымында 1693 жылғы құлпытастың бар екенін атап өткен жөн. Төбешіктің «Қырғынтөбе» аталуын сол жердегі қалмақ пен қазақтар арасындағы қақтығыстардағы қырғынмен байланыстырылса, «Дулатмола» жөнінде Асан Қайғының балаларының бірі – Дулат жерленген деген дерек бар.
Эпиграфикалық ескерткіштер мәтіні қысқа да, мәліметтер көп болмағанымен деректік жағынан маңызы зор және нақты, анық деректер болуымен ерекшеленеді. Ал енді эпиграфикалық деген соң бұл тасқа, ағашқа, қышқа, теріге, металға, т.б. материалдарға басылып жазылған жазу. Біз қарастырып отырғанымыз осы тасқа қашалып жазылған араб жазулы ескерткіштер. Жалпы Батыс Қазақстан өңіріне жасалған этноархеологиялық экспедиция барысында эпиграфикалық ескерткіштердің де алуан түрлерін кездестіруге болады. Батыс Қазақстан аймағы тасқа қашау салу өнері, оның ішінде тасқа жазулар жазу үрдісі орта ғасырлардан бері дәстүрге айналған.
Құлпытастардағы жазулардың да қашалу стилі де әртүрлі келеді. 1900 жылдардың бас кезіне дейінгі уақытта көбіне әріптерді төменнен жоғары бағытқа, сосын қайтадан жоғарыдан төменге қарай тігінен жазылса, одан кейінгі жылдарда әсіресе, 1920 жылдардың шамасынан бастап сөздерді бір ізбен көлденеңнен жазылғанын аңғарамыз. Жылды араб цифрымен григориян жыл санауы бойынша, ал кейде хижра жыл санауымен де белгілейді. Құлпытас оқу барысындағы кейбір мысал, мәселен, бір қабыртастың бірнеше адамға, ал кейде жас сәбилерге де құлпытас қойылғанын байқаймыз. Жас балаларға қойылатын құлпытастар негізінен көлемі жағынан шағын әрі аласа болып келеді.
Негізінен, Атырау өңіріндегі құлпытастардың көп бөлігі Жайық өзенінің сол жағалауында, яғни Бұқар жақ бетінде кеңінен таралған. Ал, Жайықтың Самар бөлігінде сирек кездеседі, соған қарағанда Жайық өзенінен келесі бетіне тасымалдау кедергі болған секілді. Сонымен бірге, архивтік фотоларда Қопа мекеніндегі ХІХ ғ. – ХХ ғ. бас кезіндегі құлпытастар саудасының фотосы кездеседі. Қопа деген елді-мекен Сағыз ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 км жерде орналасқанын ескерсек, Қызылқоға, Индер Махамбет аудандарындағы құлпытастар солүстік-шығыс өңірлерден әкелінген болуы мүмкін. Өйткені, Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысымен шектесетін өңірлерінде жиі кездесетін құлпытастардың материалына ұқсас. Ал, Жылыой ауданы жағындағы құлпытастар Маңғыстау облысындағы құлпытастардың сапасына сәйкес, яғни құрамында құм топырағы басымдау. Бұдан көретініміз әр өңірдің материал алатын карьерлері болған.
Қорыта келе, араб әріпімен жазылған құлпытастардың аудармасы көрсетілген кітап-альбомның 2017-2019 жылдар аралығында үш томы жарыққа шығарылды. Әр томына Атырау өлкесі аумағындағы ескі қорымдардағы 200-ге жуық құлпытастың аудармалары енгізіліп келеді. Араға төрт жыл салып IV-ші томы да дайындалып, басылды және жақын арада көпшілікке ұсынылады. Аталмыш басылымға Қызылқоға ауданы аумағындағы Аю, ескі Қызылқоға маңындағы екі қорым, Жауөзен 1 (Аю-2), Қарабау 1, Қаратерең 3, Қожамола, Мән, Мәтенқожа, Рақ, Соркөл 7, Соркөл 8, Шал қорымдары, Индер ауданы аумағындағы Пұсырман Иса-Мәнет, Атырау қаласы аумағындағы Жарқын-Бесбатыр қорымдарындағы 200-ге жуық құлпытастың мәліметтері енді.
Атырау облысы тарихи-мәдени
мұраны зерттеу орталығының
маманы Ф. Байдәулетов.