Облысымыздың жер көлемі үлкен болуы себепті ондағы тарихи-мәдени мұра нысандарды тыңғылықты зерттеудің методикасы ретінде аумақтарды бөлшектеп, әр жылдары жеке-жеке зерттеудеміз. Бұл әдіс өңірлердің тиянақты түрде барланып шығуы үшін қолданылады. Осы орайда, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы мамандары Мақат, Жылыой және Қызылқоға аудандары территориясын кесіп өтетін Сағыз өзені аумағына зертеу жұмыстарын жүргізді. Мақсаты, бұған дейін белгісіз болған тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау және есепке алу.
Сағыз өзені Ақтөбе, Атырау облыстары жерімен ағады және ұзындығы 511 км. құрайды. Мұғалжар тауының батысынан (Байсары тауынан) басталып, Каспий теңізіне 60-70 км жетпей Атырау облысы Мақат ауданы аумағындағы Тентексор тұсынан жерге сіңіп кетеді. Ұзындықтары 10 км-ден аспайтын 100-ге жуық саласы бар. Ірілері: Дауылды, Ащысай, Ноғайты, Топырақшашты, Жарлы, Мұқыр, Бұрмасай. Өзен жауын-шашын суымен толығады және жауын-шашын көп жылдары Каспий теңізіне дейін жетеді.
Негізінен, зерттеу жүргізіліп отырған бұл аймақ, бұған дейін толық зерттелінбеген болатын. Тек қана Сағыз өзенінің Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округінің маңында 1990 жылы Ә.Итенов жетекшілігімен Казреставрация мекемесі мамандары Алып ана қорымын анықтап, зерттеді. Сонымен қатар, 2008 жылы Сағыз ауылы маңынан А.Ғарифолла жетекшілігімен Атырау облысы тарих және археология орталығы бірқатар қорғандарды анықтады, Мақат ауданы территориясынан өтетін төменгі ағысының сол жақ жағалауында Таскешу керуен сарайын 1950 жылы Хорезмдік археология-этнографиялық экспедицияның Урал-Үстірт отряды, кейін 1973 жылы М.Меңдіқұлов зерттеген болатын.
Экспедициямыздың маршруты Сағыз өзенінің оң жағалауының Мақат ауданындағы территориясынан бастау алды. Содан, зерттеу бағыты өзеннің Жылыой ауданың аз ғана бөлігін қиып өтетін аумақ арқылы Қызылқоға ауданы аумағына ұласып, Сағыз ауылдық округінің Ақтөбе облысымен шектесетін территориясына дейін жалғасты. Осыдан кейін, зерттеу жұмыстары өзеннің сол жағалауына ауысып, Ақтөбе облысы шекарасынан Мақат ауданы территориясына дейінгі аумақта жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар ескі қорымдар мен археологиялық маңызы бар нысандар анықталған болатын.
Жалпы, Сағыз өзенінің оң жағалауының негізгі бөлігі Тайсойған құмының шығыс жиегін қамтиды. Ол аумақта кезінде 1950 жылдардан бастап Ресейдің ядролық зымырандарының сынақ алаңы болғаны белгілі. Сондықтан, ол жерлерге кіруге тыйым салынып, жергілікті халықтың ол аумаққа баруына шектеу қойылды. Соның салдарынан ата-бабаларының жерленген жеріне құран оқу мүмкіндігінен де айырылды.
Сынақ алаңы болғасын ол жерлерде әскери базалар болатыны белгілі. Зерттеу экспедициямыздың барысында осындай базалардың жер асты бункері іспетті дайындалып, пайдаланылған екі құрылыс орны анықталды. Оның біреуі Қызылқоға ауданы Жамансор елді-мекенінен солтүстікке 19 км жерде болса, екіншісі одан тағы да солтүстік бағытқа қарай 35 км жерде Сағыз өзеніне жақын орналасқан. Олардың салыну жобалары бірдей, яғни крест түрінде жер астынан қазылып жасалған. Жер астындағы қабырғалары бетондалып, жер бетіндегі төбесі топырақпен үйілген. Горизонтальды және вертикальды бағытта бір-бірін қиып өтетін ұзындығы 380 метр, ені 20 метр болатын жер асты құрылыстарынан тұрады. Төрт жақ шетінде кіреберістері бар. Қазіргі уақытта олар бетон жабындылармен бітелген. Үстіңгі бөліктерінде арнайы ауа айналымы үшін арнайы желдеткіш қуыстар жасалған. Бұдан өзге, диаметрі 330 метр болатын, жобасы дөңгелек пішінді жер асты құрылысы бар. Оның ортаңғы бөлігінде арнайы техникалар кіру үшін кіреберіс өткелі бар. Алайда, ол жер де бетонмен бітелген.
Негізінен, бұндай жер асты құрылыстарын стратегиялық мақсаттағы зымырандық әскери бөлімдер және әскери-әуе күштерінің бөлімдері пайдаланатыны белгілі. Жер астына салу себептерінің бірі, оның – құпиялығы және де зымыран бөлшектерінің ұшқындары мен радиациясынан сақтануы үшін болса керек. Ал, жобасы крест түрінде салынуы, бұл әуеден келетін ұшақтар үшін немесе зымырандарды ұшырар кезде әскери базаның нақты орналасқан жерін көру мақсатында арнайы белгі ретінде салынуы мүмкін.
Жергілікті халық арасында сол кездері Тайсойған құмының аумағына ұшақтардың ұшып келіп, жер астына кіріп кететіні туралы айтылады. Одан өзге, бір жас жігітті Ресей жеріне әскерге әкетіп, одан оларды қараңғы түнде ұшақпен белгісіз жерге әкеліп тастағаны, кейін ол жігіт жан-жағының өзінің ауылына ұқсайтынын айтып жүріп, содан өзінің ауылында әскери міндетін атқарып жүргенін біледі екен. Бұл оқиға да осы Тайсойған полигонында болыпты. Кеңес үкіметі тараған жылдары да оған кіріп қараған аумақ тұрғындары ішіндегі бөлмелерде кереуеттердің бар екенін, оның үстінде әскери арқаға асынатын сөмкелердің тұрғанын көреді. Алайда, қайта келіп, жер асты құрылыстарының кіреберістерін бітеп кеткен болуы керек.
Атырау облысы тарихи-мәдени
мұраны зерттеу орталығының
қызметкері Ф.Байдәулетов