Пыштанай батыр Аңырайқай шайқасында

Пыштанай батыр Аңырайқай шайқасында

Фото автор

Пыштанай батыр Аңырайқай шайқасында қазақтың бас туын көтерген!

Пыштанай батыр 1693-1793 жылдар аралығында өмір сүрген, жүз жасаған аруақты батыр, қазақтың жері мен елін, Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін сыртқы басқыншы жаулардан қорғаған даңқты батыр-қолбасшы. Жоңғарларға қарсы атақты «Аңырақай» шайқасында Әбілқайыр хан әскерінің мыңбасы әрі Ту ұстаушысы болған. Бұл шайқастан кейін де 50 жыл бойы Пыштанай батыр түркімендермен, қалмақтармен болған талай шайқастарға қатысқан. 60 рет жекпе-жекке шығып жеңіп шыққан. Қазіргі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан жерлеріне еніп кеткен қалмақтарды Алтай асырып қуып жіберген.

Қабірі Көктоғайға жақын жол бойында орналасқан Мұқан әулиенің жазып кеткен шежіресі бойынша Беріштің Байбақтысынан Әсілбас, Шахай, Күсілбас. Күсілбастан Жанай, Қосай, Қожай, Бегіс туады. Бегістен Құдайберді, Наурыз, Орман. Қосай мен Қожай қайтыс болып, Қосай ұлы Пыштанай Бегістің бауырында өсіп, содан Бегіс болып кеткен. Менің ойымша Беріштер бір адамның баласынан таралуы мүмкін емес. Ол тарихи қалыптасқан рулар бірлестігі. Беріштердің көбі шоқынып, орыс болып кетті. Қалғандарына да шүкіршілік ету керек. Сондықтан көнеден қалған «12 ата Байұлы», «Жеті баулы Беріш» ұғымдарын бұзбаған жөн. 

Оның бірнеше аты болған: Шабанқара, Ерқосай, Пыштанай батыр, Ерсары батыр. Оның бәйбішесінен – Түгелек, Даңғыр, тоқалынан (қалмақ қызы) –Қалыбай, Сүгірбай, Толыбай атты ұрпақ қалды. Шабанқара – жәй қимылдайтын, алып денесіне қарап жеңгелері қойған лақап аты. Бір шайқаста танауын жарып өткен жарақат алып, танауынан пышылдап дыбыс шығатын болғандықтан Пыштанай есімі ілескен.

Пыштанай батыр құралайды көзге атқан мерген болыпты. «Ақбикеш» атты күмістен соғылған мылтығынан күндік жерден тигізеді екен деген аңыз бар. «Аруағы – адамша сөйлейтін қара бура екен» деседі. Ол найзаны, садақты, айбалтаны ұршықша үйірген, семсерді ұстауы мен сілтеуін жетік меңгерген, қолма-қол айқастың хас шебері, соғыстың айла-тәсілін бүге-шігесіне дейін білген.

Алпыс жасында әйелі қайтыпты. Батырдың дәрет еткен жеріндегі құмның ойылып кеткенін келіндері көріп, балалары тоқал алуға ұсыныс айтқан. Сөйтсе батыр «Бәлен жорықта, түгендеген қалмақ қызымен сөз байласқанмын. Тек қана соған үйленем»,- дейді. Барса 30-ға таяған қалмақтың қызы әлі күтіп жүр екен. Қалмақтар қалың малға «Ақбикеш» мылтығын сұраған. «Ақбикеш кетсе ел не болады», - дүрліккен елге, «Ақбикешті соққан көрші ауылдағы ұстаға, өзі болмаса да ұрпақтары бар, күміс жинап алып барыңдар, соғып береді!», - депті батыр. Елдегі ұсталар соққан айнадай жарқыраған «Ақбикеш» мылтығының көшірмесін ұстап көріп, алысқа жамбы ілгізеді. Атып түсіріп, «пах, керемет екен!»,- депті батыр. Бірақ, «қолымның тері сіңген, жауларымның қаны сіңген», - деп, ескі мылтығын алып қалған.

Қалмақ әйелден 4 ұл туып, кенжесі алып болып өседі. Ол 16 жасқа толғанда алып жүретін жылқы малы табылмай, желмаяға мініп жүріпті. Бірде нағашылары тойға шақырып, ол сол тойда қалмақтың қырық балуанын жеңген. Қалмақтар намысқа басып, кетерінде желмаяның үзеңгісіне у жағып оны өлтірген. Жасы 100 келген Пыштанай батыр ашуға мініп, қол жинап кенже ұлының кегін қайтару үшін - «атаңа нәлет, ит қалмақ, атың қалмайтындай етіп түп-орныңмен жоямын», - деп жорыққа аттанады. Өзі өзеннің арғы бетінде шатырда қалып, жорыққа үлкен немересі Әйтмәмбет батырды жұмсайды. Қалмақтар оның аяғына жығылып, баланы өлтірген арамзаны тауып әкеліп өлтірткізіп, үлкен сый құрмет көрсетіп, алдына үйір-үйір жылқы, 30 нарға тиелген алтын-күміс, бағалы заттар беріп шығарып салады.

Пыштанай батыр: - «Мен саған қалмақтың тасын емес, басын әкел!», - демеп пе едім, - деп ашу үстінде отырып қайтыс болған.

Газет қиындысы

- Жау жеңілді, ендігі шаруа батырдың денесін үйіне жеткізу, - деп қаралы көш жолға шығады. Жаздың ыстық кезі болса керек, қаралы көш біраз жүрген соң жеткізе алмайтынына көз жеткізіп, батырды өзен бойындағы бір қыратқа жерлеп, 30 нарға тиелген алтын-күміс, бағалы заттарды қоса жерлейді. Олар кеткен соң басқалар тонап кетпес үшін Әйтмәмбет батырдың бұйрығымен әр батыр өзі көтеретіндей жартас әкеліп бастырып, басына үлкен қорған тұрғызады.

Есенгелді Нұршаев 1987

 

Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы «Беріштам» деген жердегі зиратта батырдың жерленген жерінен алынған бір уыс топырағы әкелінген болуы керек. Басына асына сойылған 5000 түйенің бас сүйегінен кесене соғылған. Ол кесене өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін жеткен. Күндіз алыстан ап-пақ болып көрініп, ал түнде ап-пақ болып жанып тұратын болған. Батыр кесенесінің құлауына Кеңес үкіметі жасаған Тайсойған полигонындағы жарылыстар себепкер болған. Кеңес үкіметінің құлауына атамның әруағы себепкер болуы да мүмкін! Қазір ұрпақтары басына еңселі кесене көтерді. Ол кесененің қасында батырдың туы, найзасы, қалқаны, семсері және мылтығын бейнелейтін ескерткіш қойылған. Оның жобасын жасауға мен де қатыстым.

 

Зейнеткер, Құрметті құрылысшы, техника ғылымдарының кандидаты Каюпов Табылды, 8-701-522-06-78, tabyldy.k@mail.ru

 

Кесене салынға дейінгі суреті

 

Кесене