Мұратсайда болған Мұрат бай

Мұратсайда болған Мұрат бай

"Аман ба ел жұртым, туған жерім. Тобылтып қозы-бұзау қуған жерім

    Жігітке туған жері Мысыр деген. Ойласам сол жерімді сырқар белім" – деп «Екпінді құрылыс», «Дұрыстық жол», «Жаңа жол» газеттерінің тілшісі болған марқұм Бисенбай Жұмағалиев атам жырлағандай туған жерден жырақ жүрген адам туған жердің қасиетін жақсы түсінеді.

    Бөкей ордасының Мұратсай ауылында туып өстім. Бала күнімізде судың арғы беті мен бергі бетіндегі ауылдардың ортасындағы көпірдің жанына барып, өрістен келе жатырған сауын сиырларды қарсылап алатын едік. Кейде мал кешіксе Мұратсайдың шығыс жақ бөлігіндегі халық арғы бет деп атайтын ауылдан (бұрынғы №1-бөлімше) аса бере орналасқан екінші көпірге дейін барамыз. Сол жердегі обаның басында жалғыз құлпытас тұратын еді. Үлкендер: «Бұл обада көп қалмақ жатыр», – дейтін-ді. Осы құлпытас біздің ауылдықтар үшін бір жұмбақ тас болып келген .

   Оба басында бір құлпытас тік тұрғызылып көмілген, енді біреуі жанында жерде жатыр. Екі-үш жыл бұрын жерде жатқан құлпытас жолдың қыбла жағында жатыр еді. Ихсанов Серғазы аға мен ұлы Нарынғазы екеуі қабақ басына әкеліп тастаған.

  Обалар туралы ел ішіндегі әңгімелер.

     Қалмақ қырынан көшіп келген қазақтардың айтуынша: «қалмақтар тастан жасаған құдайларына сиынады. Жолға шыққанда кішкене тасты қалталарына салып алып шығады. Өздерінше сол тас оларды қорғайды деп сенеді. Ал адам қайтыс болған кезде аттылы адам сүйекті артына өңгеріп алып шабады. Қай жерге түсіп қалса сол жер бұйырған жері деп алыстан бақылап отырады. Ақ түсті ит-құс келіп жесе жұмаққа, қара түсті аң жесе тозаққа барады деп есептейді. Ештеңе жемесе жаназалайды екен.

     Мәшһүр Жүсіп атамыз: «қалмақтар өлген адамның мойнына қойдың бір санын байлайды, екі нанды екі қолтығына тығып, және су қояды» дейді. Итті сонан кейін күтеді. Сонан соң жерде жатқан адамның сүйегінің үстіне әлгі сиынып жүрген тастарын тастайды. Кісі жерлеген сайын талисмандарын ауыстырып тұрады. Жәй, қатардағы адам болса сүйектің беті жабылардай ғана төбе болады. Орташа адам болса, орташа, аса биік емес төбе болады. Ал атышулы адам болса үлкен оба болады.(Мәшһүр Жүсіп туралы 9-том)

    Бізде кісі жерленген кезде , «қабір басында көп адам болды ма?», – дейтін әдетіміз сол Шыңғыс әулетінің хан ордасына жақын өмір сүргендіктен болса керек. Қай жерде болса да, күйген кірпіштен жасалып,жермен-жер болып кеткен қызыл кірпіштер – ноғайлардың моласы. Тастан үйілген обалар- қалмақтардікі. Бұрынғы ноғайлы мен қалмақтардың қоймасы болар деп оңай олжаға батқысы келіп қазғандар болған.

   Қазғандарымен қазған еңбегіне тұрмайтын өлген қалмақтың сүйегі мен өзімен бірге қойған құмыраша, аяқ, білезік, сырға, ат тұрмандары шыққан.

   Қазіргі тарихшылар бұл обаларды сақ, сармат, савроматтар заманынан бері келе жатырған обалар дейді. Бірінің үстіне бірі қойылуы да мүмкін ғой. Кісі қайтқанда ол жерде қорым болмаса, қабақ басынан орын іздейтін әдет әлі де бар ғой.

Құлпытас сыры

    Қалмақтың обасының басында тұрған жалғыз мұсылман құлпытасына түсінбей жүрсем, ол құлпытасты оба басына 1976 –жылы мұратсайлықтар Ихсанов Серғазы мен Бегалиев Әліби ағалар апарып көмген екен. Сол обаның қыбла жағында мұсылмандар жерленген қауым болған екен де, ол жер соңынан егістік алаңына айналған.

№80 . Мұрат бай Құлманұлы (1757-1810)

(1-жолда:)һәзәл қабр әл-мархум, әл-мәғфур.

(2-жолда:) Ноғай-қазақ руғының Қойас тайфа-

(3-жолда : )сының Құлман баласы Мұрат офат

(4- қатарда:)болды 53 иәшнде 1226-інші илде

(5-қатарда:)бұ ташыны досы Абылай қылдырып қойды.

     Хан зиратындағы құлпытастармен өте ұқсас екен.Тік тұрғаны жай адамның құлпытасы емес, ауқатты адамдікі екені анық. Қайтқан жылы хижримен 1226 шы жыл екен. Бұл миләдимен 1810- жылға сәйкес келіп тұр. Жазулары көрінбейді, әкем екеуміз бетіндегі мүгін қырып, жуып әрең дегенде оқыдық.Түсіндірмесі: Бұл қабірде кешірімділік, мейірімділік етер жердегі ноғай-қазақ руының қойас тайфасының Құлман баласы Мұрат офат болды 53 жасында 1226 –жылы бұл тасты досы Абылай қылдырып қойды.

Мұрат бай туралы

      Қазіргі Мұратсай ауылының тұрған жерінде ертеде Мұрат деген бай өмір сүріпті. Сайлы да жайлы, сулы да нулы жерде мал өсірген Мұрат байдың, әсіресе, түйесі көп болыпты. Бөкей хан арғы беттен көшіп келгенде Мұрат бай жақсы қарсы алып, бір меңі жоқ аппақ тоқсан тоғыз бота сыйлаған екен. «Біз далада қалармыз» деп ойлаған билері Бөкейханға -«Сізді Мұрат бай келемеж жасап отыр ғой, хан ием, тоқсан тоғыз бергенде жүзге біреу жеткізе алмады дейсіз бе?»,- деп шағыстырмақ болады. Хан Мұрат байды шақыртып алып, тоқсан тоғыз бота беруінің мәнісін сұрағанда, Мұратбай: «Хан ием, қазақта тоғыз киіт, тоғыз сыйыт, жетім бастаған тоғыз, атан бастаған тоғыз, деп жақсылықтың, сый-сияпаттың бәрі тоғыздан аяқталмай ма, мен сізге бір тоғыз емес, қос тоғызды қатар сыйладым ғой. Көңілімнің ақтығын ботаның түсімен білдіргенім еді», – деген екен. (Бұл әңгімеге ұқсас Айсұлу Бисенғалиқызының «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген кітабына да басылды.)

     Мұрат байдың ұрпақтары кеңес өкіметі орнағанда кәмпескіге ұшыраса керек. Әжен деген жерде №88 түйе зауыты құрылғаны белгілі. Полигонға байланысты 1952-53 жылдары ел көшкенде Жаңақала ауданы Пятимар кеңшарына да бір-екі мың түйе Әженнен әкелінгенін ақсақалдарымыз айтып жүр. Менің өз есімім де осы Мұратсай ауылында туғандықтан, Мұратбек қойылған. Мұратсай, Әжен маңындағы көне құлпытастарды оқып көрсем, көбіне ноғай-қазақ руынан болып шығады. Сондықтан Бөкей келместен бұрын-ақ осы өңірді қоныстанған Мұрат бай да ноғай-қазақ деп ойлайтын едім. Міне бүгін құлпытасының да сыры ашылып, төбем көкке жетіп отыр. Сөйтіп, Мұрат бай мен Мұратсайдың байланысын дәлелдеп тұрған тасты оқып отырған Мұратбек те бір мұратқа жеткендей. Құлап жатқан бес-алты тастың ішінен Мұратбайдың ғана құлпытасын 150 метрдей жерге сүйреп апарып, қабақ басына орнатып қойғанына қарағанда Алла тағала Мұрат байдың атының өшпеуін қалап тұр ғой. Кеңес заманында М. Мәметова атындағы кеңшардың (қазіргі Сайқын) директоры болып тұрған кезінде Мұратсай бөлімшесін кеңшар деңгейіне көтеруге еңбектенген, биыл тоқсан жылдығы аталып өтілген атамыздың да аты Мұрат Насимуллин. Әрине сол кездегі аудан, облыс басшыларының бұйрығымен жасалған қызметтер ғой. Не деген сәйкестік.

 

Өлкетанушы, Батыс Қазақстан облысы,

Асан ауылдық мешітінің бас имамы

Мұратбек Жахатов

11894624_1605048613090960_3593162914175848416_o

11709733_1605048649757623_5267877511750551712_o

11903651_1605048626424292_1713499578786729301_o