Хан ордасына алғаш рет 2022 жылы күз айында болғанмын. Орал қаласында өткен ғылыми конференция кезінде арнайы Хан Ордасына бару жоспарланған екен. Алайда, күн-райының жауын-шашынына алаңдап жүргесін бе көп нәресін аңғармаған екенмін, Хан Жәңгірдің де басын барып дұға етудің де сәті түспеді.
Осы жолғы сапарымыздың бағыты Атырау облысы Құрманғазы ауданы аумағына қарасты Нарын құмының батыс бөлігіндегі Балқұдық пен Сүйіндік елді-мекендеріне бару еді. Ыссылықпен құм көпіріп тұрғандықтан Құрманғазы ауылынан түңгі 03:30 да қозғалып кеттік. Соның өзінде, құм ішіндегі көлік жолы ауырлап, жолдағы түнделетіп шыққан көліктердің бұзылып және батып тұрғандары кездесті.
Бұл жол бойында Жұмекен Нәжімеденов туып-өскен Қошалақ ауылы бар. Ауылға жетпей ақынға арнап ескерткіш белгі де орнатылған. Қазіргі таңда, ол ауылда санаулы ғана үй бар және ол жердегі кезіндегі мектептің құрылысы иесіз бос тұр, яғни қазіргі таңда бұл жерде бала оқытылмайды.
Одан әрі «Бесшоқы» аталатын аймақ күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының «туған жері» деген төбе басына секерткіш белгі орнатылған. Негізінде, күйшінің туған мекені «Жиделі жері» деп келеді. Бірақ та ескі картадан «Жиделі» құмының Батыс Қазақстан облысының Жанқала ауылының оңтүстік аймағынан кездестірдім.
Бесшоқыдағы секерткіш белгіден 1 км шамасында «Кененбай» аталатын үңгір бар. Үңгір табиғи, крастық, жер асты үңгірі болып табылады. ХІХ ғасырдағы үңгірлерді зерттеуші И.Б.Ауэрбахтың жазбаларында Кененбай аталуын қазақтың сол жердегі малшының атымен байланыстырады. Оның айтуынша жергілікті қазақтар үңгірді мешіт ретінде пайдаланған. 1854 жылы салынған үңгірдің сызбасы да сақталған. Қазіргі таңда бұл аумақта Астрахань зерттеушілері 10 үңгірдің бар екенін анықтаған.
Іссапарымыздың мақсаты бір ыңғайланғаннан кейін, Сүйіндік ауылынан солтүстік бағытта орналасқан Хан Ордасы ауылына қарай бет алдық. Ара-қашықтығы көлік жолымен 120 км-ді құрайды. Бұл дала жолының оң жақ бөлігі құмды алқап болса, сол жақ бөлігіндегі «Хаки» деп аталатын тұзды көлді жағалап отырады. Көлдің ұзындығы 70 км, енді 10 км шамасында.
Ордаға жеткенше айналада үйір-үйір мыңдаған киіктер жайылуда. Жолдың етегінде кездескен ескі қорымдарға да жол-жөнекей бас сұғып та үлгердік. Барлығы да Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан. Біз барған үш қорымның екеуі Беріштердің, біреуі Ноғайлардың ескі қорымы екен. Бұған дейін бұл аумаққа аяқ басып көрмегендіктен, осы жерлерде Беріштердің қорымдары бар екенін білмеппіз. Құлпытастар мүк басқан күйі сақталған екен. Бұған дейін әлі ешкім ескі жазуларын оқымағаны байқалады. Алғашқы кезіккен қауым Есенғұлдар болса, келесісі Қаратоқайлардың рулық қауымы. Бір қызығы, бұл екі рудың да Атырау жеріндегі құлпытастарында руы, тайпасы, одан әрі қай бөлімі екендігі көрсетілсе, бұл құлпытастарда бөлімдері мүлдем жазылмаған. Қысқасы, құлпытастардың оқуға жарайтындары болса алдағы уақытта оқып, көпшілік назарына ұсыну үшін фотоға түсіріп алдық.
Орданың жиегінде Хан Жәңгірдің жерленген жері бар. Айналасында, өте көп ескі құлпытастар орнатылыпты. 1997 жылы жаңадан ақ бор тастан кесене тұрғызылған. Бұған дейін бұл жерде ағаштан салынған кесене бар болатын. Жәңгір Хан жаман болған болса айналасына дәл осындай қауым жерленбес еді. Мектеп пен мешіт салдырып халықты сауаттандыру және имандылық жолына бағыттауда да үлесі зор.
Кім құмға орман шығара алады?! Жәңгір Ханның бұйрығымен құмға еккен орманды көрген адам таңданысын жасыра алмайды. Бір кездері Н. Назарбаевтың өзі көріп, ол да қатты әсерде қалыпты. Астана маңына орман егу идеясы осыдан кейін пайда болған да болар.
Қысқасы, мен көрген Хан Ордасы қасиетті жер екен. Көп жерлерді қасиетті деп айта береміз ғой. Бірақ, қасиетті болуы үшін оның белгілері болуы керек. Ал бұл жердің қасиеттілігі көзге көрініп тұр. Елді-мекеннің айналасында мыңдаған киіктер жайылуда, Алланың нұры жауын-шашын жиі жауады, құмға еккен орманды ешкім суарып та жатырған жоқ, өздігінен жайқалып тұр. Орманның ішінде алмұрт секілді жеміс-жидектер де самсап тұр.
Сонымен қатар, Хан Жәңгірдің неден қайтыс болғаны да ойландырды. 1845 жылы 44 жасында өмірден өтіпті. Оның әйелі Фатима да, осы жылы бір айдан кейін өмірден өтіпті. Өз ажалдарынан өмірден өткені күмән келтіреді.
Айтпағым, мектеп кезінде "Хан емессің ..." деп үйреткен Жәңгір менің ойымша Махамбет сипаттағандай адам емес секілді.
Ф.Байдәулетов