Қызылтулы Солтүстік теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышымды абыройлы өтеп, ауылға қайтар тұс жақын қалғанда атомды сүңгуір кеме командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары бірде мені әңгімеге тартты.
– Боря (экипаж мүшелері мені солай атайтын!), мен саған бір ұсыныс айтайын. Өзің үлгілі старшинасың, саяси сауатыңның да бар екендігін байқап жүрмін. Әскерден кейінгі өмірің үшін өте қажет оқуға түсіп кетуіңе кепілдік беремін.
– Жолдас үшінші рангалы капитан, ол қандай ұсыныс?,- деп таңданыс білдірдім.
– Сені Киевтің Жоғары әскери-саяси училищесіне жолдамамен оқуға жіберейік. Алдағы тағдырыңды мен сияқты флоттағы тірлікпен жалғастырсаң қайтеді, өкінбейсің.
- Сенім білдіргеніңізге рахмет. Мен болашақта журналист болуды армандаймын. Ауылда әке-шешем, бауырларым күтіп отыр. Алматының КазГу-іне түссем бе деймін.
- Қалауың білсін. Жүрекке әмір жүрмейді ғой, оқуға түсіп кетуіңе тілектеспін...
Иә, журналистикаға деген қызығушылық оқушы кезден басталған-ды. Сегізінші сыныптан бастап, Елтай ауылының, мектебіміздің жаңалық-хабарларын аудандық «Индер» газетіне жолдап тұрдым. Әскерден оралған соң ару астана Алматыға тарттым. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім.
Алматыдан алғашқы нұсқаулық сессиясына қатысып, студент болып оралғасын таңдап алған мамандығым бойынша жұмыс жасау қажеттігін түсіндім де 1978 жылдың 19 қазаны күні редакцияға келдім. Машинакасын тықылдатып материал басып отырған апайға жолығып, редактордың бар-жоғын біліп алдым. Газет редакторы Ізтелеу Көпбаев өз орнында екен. Есігін соғып, қызметтік кабинетіне кірдім. Үстел үстіндегі қобыраған қағаздарға шұқшия қарап отырған редактор көзілдірігінің үстінен маған басын шұлғып, «кір» дегендей ишарат білдірді. Амандық-саулық алысып, өзімді таныстырдым.
Сосын биыл көктемде әскери борышымды өтеп келгенімді, Алматыға барып, Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскенімді, енді мамандық бойынша жұмыс жасау ниетімен алдына келіп тұрғанымды жеткіздім.
– Бізде қызмет еткен Розаның ағасысың ба?
– Иә, ағасымын. Арамыз екі жас. Роза қазір «Жазушы» баспасында редактор болып жұмыс жасайды. Сіздерге дұғай сәлем айтып жатыр.
– Ә, сәлемат болсын. Өзің бұрын мақала жазып, редакциямен байланысып тұрып па едің?
– Мектепте оқып жүргенде мектеп, ауыл жаңалықтарын жазып тұрғанмын. Үш жыл армияда болдым. Редакция тілшісі болсам мақала жазыламын ғой,- дедім сенімді түрде. Ізекең көзілдіріктің үстіне тағы бір қарап қойып:
– Бізге жұмысқа келген жастар жазу техникасын үйреніп, меңгеріп алады да Алматы асып кетеді, - деп сәл жымиды.
– Жоқ, ағай, мен ауылда боламын.
– Онда ертеңге дейін бір материал жазып алып кел, көрейік, талабыңның деңгейін, - деп, маған сынай қарады.
Ізекеңмен алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Бұрын ұзақ жыл атқарушы органда басшылық қызмет атқарған оның кісілігін талай жанның көргендігінен, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырғандығынан, Ұлы Отан соғысына қатысып, өңірі орден-медальдарға толы болғандығынан хабарлы едім. Журналистикадағы алғашқы қадамымды бақылаушы, тырнақалды мақалаларымның сыншысы да, сарапшысы да осы Ізекең ағай еді.
Келесі күні «Аққу арман қанатында» атты шағын мөлтек сыр ретінде жазылған мақаламды машинкаға бастыртып, алдына апардым. Онда мен не үшін журналистика мамандығын таңдағанымды, балаң арманды жүзеге асырудың сәті туғанын өзімше жеткізуге тырыстым. Жігіттердің біразын бұрыннан танитынмын. Сәлемдесіп, жұмыс орындарын көріп, кабинеттерін аралап шықтым.
Кешікпей машинистка Мария апай: «Сені редактор ағай шақырып жатыр» деді. «Не айтар екен?» деп жүрек қобалжып, редактордың кабинетіне қысылып-қымтырыла кірдім-ау,әйтеуір. «Ассалаумағалейкүмді» айтып, ағай қолымен нұсқаған орындықтың шетіне жайғастым. Жүрек дүріс-дүріс соғады.
– Арызыңды жазып алып кел. Бүгіннен бастап жұмысқа қабылданасың. Ауыл шаруашылығы бөліміне тілші қажет еді. Іске сәт, айналайын.
Қуанып кеттім. Тершіген маңдайымды сүртіп де:
– Рахмет, ағай. Сеніміңізді ақтауға тырысамын,- деп әлгі орнымнан тез көтеріліп, командир алдында тұрғандай қалшидым да қалдым.
– Жүр. Қазір сені жігіттермен таныстырайын, - деді де екеуіміз кабинеттен бірге шықтық. Кішкене дәліздегі редактордың кабинетіне жалғас редактордың орынбасары Кеңес Сахиев, қарсысында жауапты хатшы Сансызбай Базарбаев отырады. Ал, сырттан кіре берістегі оң жақта радиотілші Қасқырбай Әжіғалиев, оған жалғас өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі ауылдасым Әнуар Нәбиев, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Бағытжан Мусағалиев, қарсы беттегі кабинет тілші-авторларға арналған бөлме екен. Бөлек кабинеттерге хат бөлімінің меңгерушісі Мұрат Қазиханов пен фототілші Себекбай Үмітқалиев жайғасыпты.
Сөйтіп, 1978 жылдың қазан айының 20-ші жұлдызынан бастап, жергілікті аудандық баспаханадан үш мыңдай тиражбен аптасына үш рет шығатын «Индер» газеті редакциясындағы журналистік қызметіме кірісіп кеттім...
Баспахана екеуі егіз ұжым болғандықтан барлық көпшілік шараларға, той-топырға, жиналыстарға бірге барамыз. Апта сайынғы лездеме, өндірістік жиындар бірге өтеді. Редакцияда қызмет атқаратындардан ең жасы мен де, ал, баспаханадағы Ұлы Отан соғысының ардагері, баспа техникасының білгірі Арыстан ағай мен бас есепші Темірғали ағай, баспагерлер Батиха Шәмбілова, Өзипа Әбдрашева, Айман Көшекова, Дания Майлыбаева, Үнзира Қадірбаева, Нәзипа Ықыласовадан басқалары өндіріске комсомолдық жолдамамен келген отызға дейінгі қыз-келіншектер екен. Оларды бірден екі-үш мамандыққа үйрету шарасы қолдау тауыпты. Әлгілер қолмен және машинада жұмыс істеуді, заказ теруді, қажет болған жағдайда газет бетін құруды, линотив машинасында газетті қорғасынға теру ісін меңгерген. Сол жастар қатарына Оңай Мырзағалиева, Күләш Әзірбаева, Тұрсынай Серікқалиева, Зәуре Бижанова, Сағира Жалмұхановар және басқалар болды. Төлеубай Ысқақов редакторлық қызмет атқарған 1971-1975 жылдар аралығында «Индер» газеті «Терең мазмұнды, полиграфиялық көркем безендірілген газет шығарғаны үшін» Бүкілодақтық, республикалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болуы жас қалам иелеріне зор жауапкершілік жүктейтінін де түсіндім.
...Бөлім меңгерушісі Бағытжан Мусағалиев екеуіміз бір кабинеттеміз. Шаруашылықтарды аралау, әсіресе, науқан кезіндегі малшылар, механизаторлар, пішеншілер өмірі, жазғытұрым мен күздегі қой қырқу, пішен дайындау, ору, тасу, қой төлдету, қыстақты ұйымшылдықпен өткізу, өнім тапсыру, малшылардың әлеуметтік мәселелері, дәрігерлік, саудамен қамту сынды тоқтаусыз айналып келіп жататын тірлікті аудан айнасынан көрсетіп отыру – айтуға ғана оңай болғанымен асқан жауапкершілікті, еңбекқорлықты, ұқыптылық пен шығармашылықты талап ететін шаруа.
Науқандық жұмыстар барысынан рейдтік материалдар, проблемалық мақалалар дайындау, озаттардың іс-тәжірибесі мен еңбектегі табыстарын, мал дәрігерлері мен зоотехниктердің, агроном, инженер-техник қызметкерлерінің, қарапайым еңбек адамдарының пікірлері мен ойларын, ұсыныстарын жұп-жұмыр етіп жазып, оқырмандар назарына ұсыну кәсіби біліктілік пен ептілікті қажет етеді. Соның бәріне дерлік қалам тербеу, біреудің ойын қағаз бетіне түсіру оңай іс еместігіне көзім жетті. Шұғыл, сапалы дайындалған мақалаң көпшілік көңілінен шығып жатса, бір ғанибет емес пе?
Сол кездерде газетті сын мақаласыз көзге елестеудің өзі қиын еді. Шаруашылықтағы шалағайлықтар мен оралымсыз олқылықтар, басшылардың жұмыс стиліндегі кемшіліктер, ауылдағы берекесіздік, науқандағы найқалушылық, тұрмыстағы түрлі келеңсіз көріністер бәрі дерлік сын садағына ілінбей қалмайтын. Аудандық партия комитеті мен аудандық кеңес атқару комитетінің органы ретінде «Индерде» жарияланған сын мақалалардың нақты жауабын беріп, тиісті тұлғалар партиялық жазаларын алып, жұмысты алға бастыруға себепкер болатынбыз.
Өткір сынға ұшыраған өндірістік кәсіпорындар, шаруашылық, мекеме басшылары, партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жетекшілерінің мәселелері аудандық деңгейде қаралып, тиісті жауапкершілік сұрау да дағдылы іс еді.
Редакцияда тілшілік міндетімді атқара жүріп, жыл сайынғы университеттегі оқуыма да ерекше құлшыныспен көңіл бөлдім, берілген курс, бақылау жұмыстарын тиянақты орындауға, сессияға да уақытында баруға тырыстым. Ай сайынғы еңбек ақымнан 40-50 сомды кассаға салуды да ұмытпадым. Ата-анаға, ал, үйленгеннен кейін үйдегілерге қол жаймай, өзінше тірлік кешуге үйрендік.
Сыныптасым Сүйеу екеуміздің Алматыға үйренісіп кетуімізге қарындасым Розаныңбіраз көмегі тиеді. Баспагерлер мекен еткен «Қарлығаш» жатақханасындағы «қонақ үйлік» бөлек бөлмелерден орын табылады, жамбасақысы да арзандау. Кейде елдің таныс жігіттерінің жатақханаларынан орын тиіп қалады, комендантпен келіссең болғаны.
...Бірер жылдан соң Сахиев Кеңес аға аудандық мекемеге жұмысқа ауысты да, орынбасарлыққа Сәкең – Сансызбай, жауапты хатшылыққа Бағытжан, ал, ауыл шаруашылығы бөліміне Әнекең - Әнуар, мені ауыл шаруашылығы бөлімінің тілшілігінен өнерпәсіп бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатты.
Енді жазар тақырып та, көтеретін мәселе де өзгерді. Аудандағы кәсіпорындар – Индер борат руднигі, геологиялық-барлау экспедициясы, ДЭУ-72, ДСУ-38, Индербор желілік-өндірістік кәсіпорыны (газпром), ПМК-906, ПМК-61, ПМК «ГНХС» сында құрылыс мекемелері, НПС мұнай айдау стансасының тыныс-тіршілігінен, жетістіктерін жазу, кемшіліктерін сынау, еңбек адамдарының бейнесін газетте көрсету, түрлі материалдар дайындау, басшылардың, мамандардың мақалаларын қорытып, газетке беру сияқты міндет жүктелді. Қоғамдық жұмыстарға араласып, редакция мен баспахана бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайландым.
Соңғы кезде денсаулығы да көбірек сыр бере бастаған редакторымыз Ізекең зейнеткерлік жасқа келіп, жұмысын тапсырды. Редакторлық қызметке елуінші жылдардың аяғында баспаханада әріп теруші болып еңбек жолын бастап, ұзақ жыл аудандық газетте тілші, жауапты хатшы, кейін Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқарған Ерсайын Көшеков тағайындалды. Осы тұста Бағытжан Мусағалиев та жұмысын ауыстырды. Ол аудандық бір мекемеге бастық болып кетті. Ерекең жауапты хатшылық қызметін атқаруды маған тапсырды.
Редакцияның штабы қызу да қауырт істерімен ерекшеленетіні белгілі, Аптасына үш рет шығатын газет нөмірлері мақаланы жұтады да жатады. Бүкіл қызметкер, ауыл-селолардағы белсенді тілшілер жабылып жазғанда басылым бетін толтыру оңайға соқпайды. Науқандық жұмыстардың жай-жапсарын білу мақсатымен редакциядағы әріптестерім шаруашылықтарға шығып келіп, материалдарын жазады.
Ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша темекісін будақтатып, кабинеттегі көк түтіннен өзі әрең көрінетін Әнекең – Әнуар Нәбиев, тілшілермен жұмыс бөліміндегі Мұрекең – Мұрат Қазиханов, кейін оның орнын басқан ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген балдызы, талантты ақын Серік Жетпісқалиев, бір мектепте оқыған сыныптасым Сүйеу Халықов, артынша жұмысқа алынған белгілі сазгер, ақын, мәдениет майданында шыңдалған атбал азамат, қаламы ұшқыр журналист Базекең – Базарғали Суханқұлов, аудандық радио хабарларын таратушы ағамыз Қасекең – Қасқырбай Әжіғалиев бұрқыратып жазып тастап, тың тақырыптар іздеуге, болашақ кейіпкерлерімен жүздесуге ой мен қырды кезіп кететін.
Шынында да, «жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілінеді» демекші, редакциядағы әріптестердің арнайы көлікпен іссапарларға шығатыны некен саяқ. Көктемнің лайсаңында қырдағы қойлы ауылға трактормен де жеткен, шіліңгір шілдедің аптабында «Газиктің» кузовына мініп, талай пішеншілерге барған кездерімізді несіне жасырамын. Шаруашылық, кәсіпорын басшыларымен, партком хатшыларымен келісіп, кетіп бара жатқан көлікке отыра салатын сәттер де аз болған жоқ.
Журналистиканың қиын да жауапты жүгін арқалап, әр жылдары аудан тарихының жылнамасын жазудағы сол ағаларымның еңбектері ұшан-теңіз. Бұлардың біразы өмірден ертерек кеткенімен, кейінгі буын айтып жүрер өнегелі өмір жолдары мен газет тігінділері арқылы тарихқа айналатын қолтаңбаларының қалғаны шындық. Осынау асыл бейнелер арқылы басылым сол жылдары, проблеманы көп көтерді, еңбек адамдары туралы очерктерді жиі жариялады, аудан айнасы – «Индердің» абырой-беделі артты, талай белестерді бағын-дырды. Бұқаралық жұмысты ұйымдастырудағы қызметі үшін «Дендер» бес мәрте М.Ульянова атындығы сыйлықтың иегері, табиғат қорғау мәселелерін жазуда республикалық конкустың жүлдегері атануы – бәріміз үшін мақтаныш.
80-шы жылдары редакцияда ауыл-селолардағы штаттан тыс тілшілермен, белсенді авторларымен жұмыстар қызу жүрді. Газет сынның пәрмендігіне ереккше нараз аударылды. Облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің бастамасымен (баспасөзге жауапты нұсқаушысы, белгілі журналист Айтқали Нұрғалиев) аудандарында жергілікті газеттер журналистері мен баспагерлердің ауданаралық семинарлары ұйымдастырылды. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, ардагерлермен, тілші-авторлармен редакцияда кездесіп, «Сәрсенбідегі сәтті ойлар сағаты» шарасын өткізу дәстүрі қалыптасты.
«Дендердің» шағырағына қазақтың белгілі ақын-жазушылары Қалаубек Тұрсынқұлов, Зейнолла Серікқалиев, Бәкір Тәжібаев, Есенжол Домбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, украиндық қаламгер Владимир Покальчук және басқалар бас сұқты.
...1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мерекесі мен 5 мамыр – баспасөз күні қарсаңында редакция мен баспахана ұжымы «Борат» клубында концерттік бағдарлама дайындап, көпшілікке ұсынатын болып шешілді. Сүйеу екеуіміз Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз», Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке – Ақжайық» әндерін Базекең баянының сүйемелдеуімен айтатын болдық. Бірер күн әзірлік жасап, сахнада шырқалған әлгі әндерді көрермендер жақсы қабылдаған сыңайлы, қол шапалақтап, қошаметтерін көрсетіп жатты...
«Дендерде» өткен он жылым (1978-1988 жж.) журналистік шеберлігімді шыңдауға жол ашты. Ағалардың ақыл-кеңесі мен қызметтік тәжірибелерін де қажетіме жаратуға тырыстым. Менің болашағыма темірқазық жұлдызындай бағыт-бағдар сілтеген сүйікті газетім – «Дендерімнің» 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Әріптестеріме, қалық оқырман қауымына әркез аманшылық мен толымды табыстар тілеймін!
Бақытжан ЖҰМАТ, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Т.Амандосов атындағы сыйлықтың лауреаты, республикалық «Мерейлі мекен» журналының Бас редакторы