Дата публикации: 13.11.2024 17:53
Өткен, 2011-ші жылдың қараша айында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Нұрлан Құлбаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Отыншы Көшбай, облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бастығы Алқажан Еділхан, облыстағы танымал реставратор-маман Құралбай Озғамбаев қатысуымен Маңғыстау облысының көрші Атырау облысымен шектескен аймақтарына бағыттарына ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Іссапар қорытындысында бабаларымыз жайында анықталған мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақтардың архитектуралық шаруашылық құрылыстарының түрі әртүрлі болып келуі олардың көшпенді тұрмысына байланысты. Қазақстан архитектурасында Каспий өңірінің, Жем өзені бойындағы ескерткіштер ерекшелігі жағынан Маңғыстау мен Үстірттегі мұраларға бір табан жақын. Өйткені, бұл аймақтар адайлардың маусымдық қоныс жайлаулары болған. Орта ғасырлық тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде ХIV–XХ ғасырлары кезеңді қорымдар нақтыланды, Қарашұңғыл, Бақашы, Ақмешіт, Дүйсеке, Құлсары т.б. Сәулеттік құрылысы ерекше, эпиграфикалық жазбалары жағынан Каспий-Арал өңірінің аймағындағы ескерткіштерге тең келетін тарихи мұра жоқ десек те болады. Құлпытастағы жазулардың басым көпшілігі XIX ғасырдың 1-жартысы мен ХХ ғасырдың басында жазылғандығы анықталып отыр, адай, кете, шүрен (шекті), таз сынды рулық таңбалары бар. Құлпытастар әртүрлі пішінде қашалып, ою-өрнектермен сәнделген, араб әріптерімен жерленгендердің есімі, жылдары, ру таңбасы, Құран аяттары қалдырылған. Уақыт өте жойылуға айналған арабграфикалы мәтіндерді оқып аударғанда, бұл қауымдардың негізінен адай руының Қосай, Жеменей, Балықшы, Тобыш, Мұңал ауылының адамдары жерленгені анықталды.
Ұшқан ата қорымы – Атырау облысы, Жылыой ауданы, Майкөмген бекетінен 28 км шығыс бағытта орналасқан [Төмендегі келтірілген қорымның сипаттамасы негізінен Серік Әжіғали еңбегінен алынған, қара: 1, 128–129-бб.]. Ел аузында қорым атауын өмірде болған әулие «Ұшқан ата» есімін, ағып жатқан үш бұлақты, яғни «үш аққан» және осы маңайда XVIII ғасырдағы қазақ пен қалмақ-торғауыт арасында өткен қанды шайқасқа байланысты «үш қан» деген мағынаны білдіреді деген аңыз сақталған. Ұшқан мекені орналасқан жер ағып жатқан бұлақ суымен ерекшеленеді, әсіресе, көктем мен күз айларында ертедегі көшпелі қазақтардың өмір сүруіне, ортағасырлық сауда-саттық жасаумен айналысқан керуеншілердің тыныс алуына аса қолайлы орын – керуен сарайда болған. Қорымның оңтүстік-батыс жағындағы Ұшқан ата моласы ертедегі дәстүр бойынша үстіңгі жақ беті топырақпен үйіліп, басына ағаш белгі қойылған. Өткен заманда осыған таяу шағын мешіт бой көтергенімен, ол кейін бұзылып қалған. Үйінділер арасында шикі кірпіштен қаланған сәулет құрылыстарының жұрнақтарын айқын байқауға болады: бұларда XVIII–XX ғасырлардағы қазақ сәулет өнеріне тән көптеген белгілер сақталған. Әсіресе, олардың арасында шикі кірпіштен тұрғызылған мавзолейлер тобы –“үй там”, төрт бұрышты қоршаулар – “төртқұлақ” және тастан қашалып, ою-өрнекпен әсемделген құлпытас пен “қойтастар” ерекше көз тартады. Қорымдағы құлпытастарды үш топқа бөліп айқындауға болады: декорлардың элементтеріне үлкен және айшықты көлемдер тән, төбесі жұмырланып бітетін құлпытас XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында жасалғанын аңғартса, ұзынша тақта бетіне оюлы, әсем араб жазуларына толы (қайтыс болған адамның аты мен шығу тегі жазылған) басы дөңгелене бітетін құлпытастар XIX ғасырдың ортасына қарай қойылғанын білдіреді, ал XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бой көтерген биіктігі 3 метрге жететін алып бағана іспетті құлпытастар қомақтылығымен қоса аса көрнекілігімен де ерекшеленеді. Төменде біздің бірнеше ескерткіштердегі эпиграфикалық жазуларға жүргізілген зерттеу мәліметтері берілді:
- Құлпытас: Адай руғы Балықшы Есберді бөлімі Амандық ішінде Қалдыбек баласы Қалман. Опат 37 жасында, қылдырды өкіл күйеу Қарабала.
- Сағанатам: Адай руғы Бәйімбет тайпасы Сарболат бөлімінің Оразалы қажы сұпы Есен ұғлы. 82 жасында опат.
- Құлпытас: Адай руғы Түрікпенадай Өрезек ішінде Бабық баласы Мерген. Опат 7 жасында 18?5, қылдырды әкесі Бабық.
- Құлпытас – қойтас: Адай руғы Түрікпенадай Өрезек бөлімі ........? Аманбай Қадырберді. Опат болды 30 жасында 1895.
- Құлпытас: Адай руғы Түрікпенадай тайпасы Бәли бөлімі Жарылғап ішінде Өтеп баласы Досан Қалаулы баласы. Опат болды 78 жасында, қылдырды баласы Құлбарақ мырза деп білің 1875-ші жылда. Бу тасты Қараш салған Өтеәлі деп білерсіз, үш буны жазушы молла ..............?.
- Құлпытас: Адай руы Бәйімбет тайпасы Көрпе бөлімі Жылқыбек Есбол ұғлы. Опат 82 жасында.
- Құлпытас: Адай руы Турікпенадай тайпасы Бәли бөлімі Есенбай баласы Бекет. 13 жасында опат болды.
- Құлпытас: Адай Жеменей руы Ақбота Кенбай баласы Допан. Опат болды 68 жасында 1878 жылында, қылдырды ........?.
- Құлпытас. Қаракиік руы Жолан тайпасы Есбай баласы Қорғабай. Опат 69 жасында 1856 санада, қылдырды баласы .......? мырза.
- Кесекті күмбезтам жанындағы құлпытас: Есенқара Есейұлы. Руы Қараш Жәдік.
- Құлпытас: Қараш руы Балуан бөлімі Намаз Тоғанас баласы. 1916 жылда опат болды ..........................? Қуат.
- Құлпытас (сағанатам құлпытаспен): Адай руы Жеменей тайпасы Кенже бөлімі Ардақ Сармырза ұғлы. 36 жасында опат болды 1922-нші жылда.
- Құлпытас. Жаман Шүрен руы Рысбай тайпасы Жолдыбай баласы Сертек баласы Қалып. Опат 21 жасында 1852 санада, қылдырды әкесі Сертек бай, рухына фатих.
- Құлпытас: Шекті руғы Шүрен тайпасы Майлы .......? аймағы Доспан баласы Салман бай. Опат 75 жасында 1852 санада қылдырды баласы Кенжеқара мырза.
- Құлпытас: Адай руы Жары тайпасы Құдайберген бөлімі Нұркен бин Абай (Адай) марқұм 70 жасында ..........................?.
- Құлпытас: Таз руғы Жетіқара тайпасы Жұмабай Матай ұғлы. Опат 51 жасында 1855 жылда, құдасы Жақып мырза қылдырды .....................?.
Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Айрақты, Қарнау, Қарақұм деген жерлерде ғұмыр кешкен, шығыс қисса-дастандарын жатқа білетін, көзі ашық, көңілі жүйрік ақын Аралбай ақынның бейіті жатқан Атырау облысының Жылыой ауданы Майкөмген бекетінен 30 км батыс бағытта орналасқан Қарашүңгіл қорымынан адай руының бірқатар белгілі азаматтарының жерленгені анықталды¹. Қорымның эпитафиясына жүргізілген зерт-теулердің бірнешеуін келтіреміз:
- Құлпытас: Адай руы Жеменей тайпасы Бегімбет бөлімі Ізтау Жақауұлы.
Опат болды 53 жасында, қылдырды баласы Шекежан мырза.
- Құлпытасты ˗ кесектам: Адай руы Жеменей тайпасы Шылым бөлімі Өрдек баласы ішінен Есен баласы Сейіт баласы Нұрымбет баласы Мырзабай. Опат 81 жасында1859 санда, қылдырды баласы Топы.
- Құлпытас: Адай руының Жеменей тайпасы Қаратоқа бөлімі ...ман молланың
ұғлы С...байдың ........ 1861. 21 жасында.
- Құлпытас: Адай руы Жеменей тайпасы Есен бөлімі Қожабек баласы Боқай ? жасында опат ..........?.
- Құлпытас: Адай руы Түрікпенадай тайпасы Тіней аймағы Тағыберді ...........? ұғлы .....? 43 жасында опат болды. Алып қойды інісі Қа.....? 1888-нші жылда.
- Құлпытас: Адай руы Түрікпенадай тайпасы Толыбай Бекенбай ұғлы. Опат 51 жасында.
- Құлпытас: Мүмин (Момын) ұғлы Құрман Тәңірберген.
- Құлпытас: Мүмин Тіней.
- Құлпытас: Адай руы Түрікпенадай тайпасы Біржан Қарағұл ұғлы. Опат 10 жасында 1872 санада.
- Құлпытас: 1919 жыл. Жеменей руы Бегімбет тайпасы Ерман Жұбатыр ұғлы. Опат 63 жасында, жаздырды ...........?.
- Сынған құлпытас: Адай руы Жары тайпасы Дәулеталы бөлімі Қос (Қош) баласы Қашқын. Опат 1919. 48 жасында.
- Құлпытас: Адай руы Тобыш тайпасы Табынай бөлімі Иса баласы Құлжан. 75 жасында опат 1918 жылда. ......... Қырқбай
- Құлпытас: Адай руы Тобыш тайпасы Табынай бөлімі Құлжан баласы Көптілеу. 42 жасында 1918.
- Құлпытас кесектам: Адай руы Жары тайпасы Жетімек бөлімі Аяпберген баласы Есмағанбет. Опат 21 немесе 31 жасында 1919 жылда.
- Құлпытасты ˗ кесектам: Адай руы Жары тайпасы Жетімек бөлімі Ержан Қонарбай баласы. 63 жасында опат 1914 жылда.
- Құлпытас: Адай руы Жеменей тайпасы Есен бөлімі Қожақай Көбей баласы. 81 жасында 1927 жылда.
- Құлпытас: Адай руы Жеменей тайпасы Есен бөлімі Қожақай баласы Естай. 2? жасында опат 1919 жылда.
- Құлпытас: Жары тайпасы Құдайберген бөлімі Өтетілеу ....................?
- Құлпытас: Жары тайпасы Құдайберген бөлімі .................................?
- Құлпытас: Жары тайпасы Құдайберген бөлімі Иса баласы Нұрқа ...? 1918-нші жылда опат.
- Құлпытас: Жары тайпасы Құдайберген бөлімі Бекманбет.
- Құлпытас: Адай руы Жары тайпасы Жетімек бөлімі Науша баласы Мұхас (Мархас) 58 жасында опат 191?
- Құлпытас: Адай руы Жары тайпасы Жетімек бөлімі Үргешбай аймағы Маман (Сән) баласы Базарбай опат 1923.
- Құлпытас: Адай руы Тобыш тайпасы Шоңай бөлімі ..........? баласы ......бай ..........? 1919 жылда, жазушысы Қамысбай.
- Құлпытас кесектам: Адай руы Тобыш тайпасы Шоңай бөлімі Әлен баласы Дәулет 76 жасында 1912 жылда.
- Құлпытас: Адай руы Тобыш тайпасы Шоңай аймағы Бекәлі Жама ...? 80 жасында 1918. Жазушы Құл....?
- Құлпытас: Адай руы Шоңай тайпасы Даң бөлімі Исаберген әйелі Нұржан 70 жасында, 1927.
- Құлпытас: Адай руы Жеменей тайпасы Көшке бөлімі ......? қатыны Ынта. 80 жасында опат, 1919 жылда. ..............................?
- Құлпытас: Кете Алтай тайпасы Қабыл баласы Үсенбай. Опат 75 жасында 1861, жаздырды інісі Сейітмағанбет.
- Құлпытас: Шүрен руы Рысалы тайпасы Адай Қаратау баласы. Опат 34 жасында, жаздырды баласы Қанат 1904 жылда.
- Құлпытас: Шүрен руы Аман тайпасы Ырысалы Аймұхаммед. Опат 23 жасында, жаздырды Әкесі.
- Құлпытас: Шүрен руы Рысалы тайпасы Ізбасар бөлімі Қазы Мырзакелді ұғлы. 90 жасында опат.
- Құлпытас: Адай руы Бәйімбет тайпасы Байбоз бөлімі Байқабыл баласы. Опат 1921 жылда.
Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында орналасқан Құлсары қорымындағы кесектен салынған күмбезтамның құлпытастарындағы жазуы: Адай руғы Сегізбай тайпасы Күшік бөлімі Тінекей ұғлы Құлсары. ?? жасында опат болды. (Жылы қате жазылған, 1902 жылы қайтқан болу керек).
Дүйсеке қорымы – Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары қаласынын солтүстік-батысында орналасқан. Алынған жазулар:
- Кесектен салған күмбезтам: Адай руы Қаржау тайпасы Бөлей баласы Жолдыбай қажы.
- Құлпытас: Адай руы Жары тайпасы Жетімек бөлімі Махамбет жамағаты Мұхаммед. 62 жасында опат болды, 1917 жылда.
Өкінішке орай, анықталған тарихи ескерткіштердің барлығында да қорғау-сақтау шаралары алынбаған. Табиғи әсерлерден құлпытастар құлаған, сынған, қатты мүжіліп, үгітілген. Ел мен жер тарихынан сыр шертетін эпитафиялық жазулар уақыт өте жойылуы да әбден мүмкін. Қорыта келгенде, қоныстарын жау тұяғына таптатпай, қорғаған бабаларымыз жатқан тарихи орындарымызды ғылыми-зерттеу, қорғау-сақтау барлығымызға ортақ міндет деп ұғынсақ, аталған жұмыстарды жүзеге асыруда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға ұсынысымызды айтқымыз келеді.
Құлбаев Н.А.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық, Ақтау