«Дендер» газетінің үстіміздегі жылдың №№35 (8238), 36 (8239) сандарында Батысқазақстандық Жәнібек Әбілпейісовтың «Арыстан әулие» атты мақаласы жарияланған екен. Арыстан әулие туралы алғаш рет әкемнен естіген едім.
Сонау ХХ ғасырдың 60-жылдары «Бақсай» совхозының шопандары жаз жайлауға көшкенде көрші облыстың Тайпақ ауданы малшыларымен қоңсы отырды әрі өз совхоздарынан кеткен ағайын-туыс, таныс шопандарымен кездесіп мәре-сәре болып жатушы еді деп еске алушы еді әкем. Оның жәйі мынадай еді. 1930 жылы республикада алғаш құрылған 5 совхоздың бірі «Бақсай» совхозының малшылары Батыс Қазақстанның Тайпақ ауданы малшыларымен төскейде малы, төсекте бас қосылған көрші-қоңсы қонып отырған болатын. Әрі бұл ел азаматтары бірін-бірін өте жақсы танитын да еді. Оған себеп сонау 1949 жылдың КСРО Совхоздар министрлігі қой совхоздары Бас басқармасының 30-тамыздағы №320/229 бұйрығына сәйкес, Батыс Қазақстан облысындағы «Гурьевкаракульсовхоз» тресіне қарасты «Тайпақ» қаракөл совхозына осы Бас басқарма бойынша алдыңғы қатарлы «Бақсай» қаракөл совхозынан 5368 ірі қой, 942 ісек, 668 тоқты, 4660 қозы барлығы 11 638 бас қой шопан, мамандармен берілген болатын. Осы жылдың қыркүйек айында осы совхоздан тағы да 2336 тоқты, 681 еркек қозы берілді. Сонымен қатар совхоз директоры М.Шариповтың бұйрығымен тағы 18 адам «Тайпақ» совхозына жіберілді.
... Сонымен әкей Арыстан қартпен жайлауда отырған малшыларды аралап, Тайпақ ауданының орталығы Калмыковоға күнделікті қажетті өндірістік заттарды алуға келгенде танысқан. Кейін жайлаудағы шопандар арасына арнайы шақырумен не қонаққа, қуанышты той-топырға, өлім-жетімге келген әулие қартты көріп, дастархандас болып, әңгіме-дүкен құрған.
Ол кісі жайлауда отырған бақсайлық шопандар Әубекер, Үмбетәлі, Мұхамбет, Өтепқали, Орынғали сияқты құрдас қарттарының үйіне келіп, қонақ болып жатушы еді дейді әкей. Құрдасы Әубекер қартқа айтқан бір әңгімесінде «бұлт торлайды, бұл бұлт ыдырай ма, ыдырамай ма сол белгісіз болып тұрғаны» деп бір қайырыпты. Кейін сол айтқаны келген екен.
Бұл туралы дастархан басындағы бір әңгімесінде әкей өткенді еске алып, әулие қарт туралы бірер сөзді былайша өрбетті. Бірінде жол үстінде кездесіп, әңгіме барысында Арыстан әулие: «Балам биыл еліңде ел есінде қалатындай екі оқиға болады екен», - деп еді. Айтқанындай 1961 жылдың жазында жайлауда отырған «Бақсай» совхозы №2 фермасының Ленин орденді аға шопаны Қуан Әубекеровтың (құрдасы Әубекер қарттың баласы) зайыбы Разияны толғақ қысады. Толғақ қысқан анаға алыс жайлауда отырған шопан үйіне шақыра қоятын жақын маңда дәрігерде, медпунктте жоқ кезең. Мен санитарлық көлік шақыруға Есбол ауданының орталығы Андрейге (қазіргі Есбол) суыт жүріспен атпен жетіп, хабарладым. Көлік барып, Есболға алып келгенімен уақыт өтіп кеткендіктен дәрігерлер анасы мен сәбиін құтқара алмады. Жайлауда отырған бізге марқұмның қайтыс болғандығы жөніндегі суық хабар жетіп үлгерген болатын. Екіншісі, аға шопан О.Құбаевтің 3 жасар Бурабай есімді баласы құдыққа кеткен анасының артынан шығып, шағыл ішінде адасып кетіп, шөлден өлді. Жайлауда отырған бүкіл шопандар аттылысы бар жаяуы бар жабылып іздегенмен 3-ші күні дегенде үйден 25 шақырым жердегі құм шетіндегі қияқтың түбін көлеңке қылып жан тапсырған сәбидің өлі денесін тапқан болатынбыз. Марқұм әкей сол оқиғаларды әулие қарттың қалай, қайдан біліп айтқаны көпке дейін есімнен шықпай жүрді деп айтып отырушы еді.
Елдегі бір азамат тұқым қуалайтын психикалық аурумен ауырып Арыстан емшіге барып, қаралып, тәуір болып қайтқан. Бірақ емші қарт айтқан екен мен тірі тұрғанша саған да ұрпағыңа да бұл аурудан қауіп-қатер болмас, ал мен о дүниелік болған соң қиындау болады деген. Жарықтық әулиенің айтқаны келді. Кейінгі жылдары ол кісінің 3 бірдей азамат ұлдары сол аурудан қөз жұмды. Оны біздің көзіміз көре қалды. Сонымен бірге ол кісі алда небір заман болады, «қатын би болатын, сиыр пұл болатын», «құзғын құзғынмен соғысады, бірақ «адам адаммен соғыспайды» деген сөзді сол Әубекер қарттың дастарханының басында айтқанын көпшілік естіп отырды. Біз ол сөзге мән бермедік пе, әлде түсінбедік пе білмейміз. Ал үлкендер жағы «..е..е.. небір заман болады десеңіші» деп отырды деп еске алады. Әкейдің тағы бір айтқаны сынық салғанына да куә болып, көп естідік, Арыстан қарт үнемі тарантас арбамен жүруші еді деп отыратын.
Сонау ХV ғасырда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты еңбегінде: «Емшіні шипагер деп атаған жөн, шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділіктен туады. Бұл науқас пендеге қуат беру» , - деп жазды.
Әкеміздің айтқан әңгімесінен түйген ойымыз. Адам баласы Алла Тағала берген ғұмырында жақсылығы мен зұлымдығын, адалдығы мен жамандығын, ар алдындағы әділдігі мен ғайбатын таразылап, өмір сүреді. Ежелден қазақ халқы арасында ерте кезден шипагерлерлік қызмет атқарған емшілер болғаны белгілі. Халық емшісі – өзінің табиғи қабілеті мен тәжірибесіне сүйеніп, әр түрлі ауруларды емдеумен айналысты.
Халық арасында емші, шипагер атанған, көненің соңғы көздерін көре қалған, олардан тәлім-тәрбие алған асылдардың соңғы тұяқтарының бірі – Арыстан ата Жұмалыұлы. Халық арасында әулие атанған Арыстан ақсақал жүрек тазалығының белгісі – ислами тәрбие негіздеріне сусындап өскен ұрпақтың өкілі. Ислам діні тәрбиесінің негізгі ұстыны – жүрек тазалығы. Ал жүрек тазалығы дегеніміз – өзіңнен гөрі өзгелердің бақытын көбірек ойлау, мұсылман үмбеті үшін аянбай қызмет ету. Емші ата өзіне Алла Тағаланың берген тиесілі ғибадаттарды орындай жүріп, ішкі жан дүниесін кемелдендіре түсуге тырысты, дін үшін тер төгіп, емшілік қасиетімен халыққа қызмет етіп жүрек тазалығына қол жеткізді. Емші атамыздың иманды, тақуалық, ықыласты, әдепті, турашыл, сенімді, жылы жүзді, кішіпейілділік, табандылық, жомарттық сияқты адами болмысы ел арасында аңыз болып қалды.
Иманды болу – иманның талаптарын орындау. Кеңес өкіметі тұсында намаз оқуға, емшілікпен айналысуға, ораза ұстауға, діни көзқарастағы әдет-ғұрыптарды жасауға тыйым салып, қудалауға ұшыратса да, халық арасында емін жүргізіп, мұсылмандық парыздарын қал-қадірінше өтеді. Тақуа мінезімен ата-баба аманатына берік қасиетімен және ешкімге зиянын тигізбеумен ерекшеленді. «Амал жасағанда әрдайым ықыласты болыңдар, өйткені Аллаһ ықыласпен жасалғандарын ғана қабыл етеді», - деген қағидаға берік сүйеніп, істеген ем-домына ешқандай дүниелік немесе пендешілік пиғыл араластырмады. Ол кісі әдепті болды. Жақсы тәрбие алып, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, арлы-ұяты болуымен ерекшеленді. Ал әдептілік – адам баласының рухани қорғанышы.
Ел арасындағы әңгімелерден байқағанымыз халық емшісі «Аллаһ барлық нәрседе жұмсақтық танытқанды ұнатады», - деген қағиданы еске ала отырып қарапайым жұртшылықпен қарым-қатынаста үнемі жылы шырай таныта білген діндар адам. Табандылығы сол ата жолынан аттамай, олардан оқып-үйренген шариғат, ем-дом амалдарды адамдардың қайырлы да пайдалы істеріне жұмсады. Ол әрдайым ауру-сырқаулы мұң-мұқтаждарға қарайласып жақсылық жасауға дайын тұрған жүрегі жомарт жан болған. Арыстан әулие адал еңбегімен күнелтіп халыққа қызмет етуші емші, шипагер, көріпкел, қасиетті, елге сыйлы қадірлі адам болды. Сондықтан да ел іші емшіні әулие тұтып, әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының докторы, профессор