Әбілқайыр хан – Қазақ хандығы тарихында жасындай жарқыраған тұлға. Қазақ жерін жаудан қорғау, тұтастығын сақтауда үлкен атақ-абыройға ие болған жауынгер батыр, билеуші. Оның тағдыры трагедиялы түрде аяқталды. Ханды ақсүйек қандасы Барақ сұлтан 1748 жылдың тамыз айында қастандықпен өлтірді. Оқиға Торғай даласының Өлкейлік өзені бойында өтеді. Әбілқайыр хан, оның күні бұрын айтқан өсиеті бойынша, сол қайтқан жеріне жерленген. Әбілқайыр жерленген жерде кейін үлкен қорым пайда болып, хан бейітінің аяқ жағына тал өсіп шығады. Жапан далада жалғыз талдың бой көтеруі халық арасында тылсым құбылыс ретінде танылып, жұрт оны әулие қатарына балайды. Хан қорымында мәңгілік өмірге пана табу құрмет-қадірге ие болады.
Белгілі ғалым Алмасбек Әбсадықтың танымал Abai.kz порталында жарияланған «Жапандағы жалғыз ағаш» атты мақаласы атақты ханның тарихи қызметі мен оның халық жадындағы бейнесін астастыра отырып баяндауға құрылған. Қазақстанның батыс өлкесіне аса танымал Әбілқайырдың бейнесіне тағы тарихи-филологиялық тұрғыдан көңіл бөлген мақаланы «Тайсойған» сайтына да жариялауды жөн санадық. Автордың рұқсатымен тақырыбын "Жапандағы жалғыз тал" деп өзгерттіп отырмыз.
Редакциядан