Оның салынған жылы туралы екі түрлі пікір бар: 1. Білікті, бұрынғы облыстық деңгейдегі басшы азамат, өлкетанушы С. Мұқашевтың тұжырымы бойынша 1885 ж. тұрғызылған (С. Мукашев. Летопись города Атырау.1640-2001». Ал., «Өнер», 2001 г., с.21); 2. Атырау облыстық архиві шығарған «Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласының тарихи жерлері (тарихи-анықтамалық жинақ» (Ал., «Асем-систем», 2008 ж., 87-б.) кітабында басқа уақыт - 1883 ж. көрсетілген. Бұл пікірді «Атырау» энциклопедиясы (359-б.) да растайды.
Алайда, шіркеу қызметкерлері (протоиерейі М. Соколов) 1888 жылды «дұрыс» деп есептейді. Шіркеу қабырғасына қағылған шойын тақтадағы жазуда Успен шіркеуінің 1888 жылы тұрғызылғандығы жазылған. Осыған орай шіркеуліктер биылғы тамыз айында оның 130 жылдығын атап өтпекші. Ғибадатхана 1981 жылдан бері архитектуралық және мәдени-тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.
Оны ХІХ ғасырдың аяғында жергілікті атыраулық орыс көпесі Федот Иванович Тудаков пен Ирина Тудаковалар өз ағаларымен және жергілікті бай көпестердің жинаған қаржыларымен тұрғызған. Негізі бұл ғибадатхананың құрылысы 17 жыл бойы жүріпті. Қабырғасы тастан қаланған. Көлемі - 4500 текше/м., жалпы аумағы - 230 ш/м., 900 адамдық. Басында кресі бар 7 күмбез орналасқан, ең биігі - біреу, күмбезге дейінгі биіктігі - 70 м, қалғандары – 60 м. Кеңестер үкіметі кезінде шіркеу жабылып, қойма ретінде қызмет атқарған. Соғыстан кейін қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1947 жылы діндар тұрғындарға есігін ашқан. 1960 жылы ауласы қоршалып, шарбағына талдар егіліп, ауласына қосалқы құрылыстар салынған. 1999 жылы Атырау облысы әкімшілігінің қолдауымен, облыстық телекоммуникациялар дирекциясының материал-дық көмегімен күрделі жөндеуден өтіп, келбеті жаңартылған.
1917 жылғы Революциялардан бұрын «Успен шіркеуі» деп аталды, барлық құжаттарда осылай жазылып келді. «Собор» атауын 1947 жылдан кейін алған.
Осы жолдардың авторы 2017 жылы «Атырау шіркеулері» деген бөлек кітап жазып шығарды, онда Атырау жерінде патша заманында болған 14 шіркеу (оның ішінде Успен шіркеуі де бар) туралы 1895-1915 жылдардың деректері берілген, бұл осы өңірдегі православиелік ғибадатхналар туралы бөлек шығарылған тұңғыш кітап болып табылады. Кітапта Успен соборындағы да діни қызметкерлер, шіркеу жанында жұмыс жасаған шіркеулік приход мектептері туралы деректер де берілген. Бұл оқу орындарында әртүрлі жастағы діндарлар, көбіне жас балалар орысша және славянша сауаттылыққа, арифметикаға, христиан кітаптарын оқуға, шіркеу әнін салуға, отан мен шіркеу тарихын білуге үйретілді, басты пән – Құдай заңы болды.
Республикалық қасиетті орындар географиясына бұл ескерткішті де қосуды 2018 жылғы 15 қаңтарда Астанада өткен ІІ Республикалық форумда осы мақала авторы ұсынды.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР үздік өлкетанушысы,
Атырау мұнай және газ
университетінің құрметті
профессоры
Атырау,
2018 жылғы 1 маусым