ОРЫНБАСАР ҚЫСТАУБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ХИКАЯЛАРЫ

ОРЫНБАСАР ҚЫСТАУБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ХИКАЯЛАРЫ

   1971-жылдың жазында Орал қаласынан біз күтпеген қонақ келе қалды, аяқ астынан. Ол 1933-1936-жылдары Таңдайда, №8 «Гурьев» қой совхозы саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі, бастықтың орынбасары, әрі партбюро секретары болған Григорий Андреевич Бойнов болатын. Жасы 64-те екеніне қарамастан «Москич-412» машинасын өзі жүргізіп келген. Омырауында Социалистік Еңбек Ерінің «Орақ пен Балға» алтын жұлдызды медалі жарқырайды. Оның ауданға келгендегі бірінші кездескені – Зейнеш Сауықов («Бақсай» совхозының 1936-1948-жылдардағы директоры, Ж.Д.). Сосын екеуі менің үйіме келіп, қонақ болды, қонып шықты. Ұлты мордвин Бойнов әңгімесінің барлығын тап-таза қазақ тілінде айтып отырды. Әңгімесі тамаша, ауызымды ашып тыңдай бердім. Сол естігендерімінің кейбірін Г.А.Бойновтың естелігі ретінде айтып берейін.

Пельшенің бір өкініші

   -1936-жылдың мамырында қатты қапылысып қалдық. Батыс Қазақстан облысының Гурьев округіндегі 3 қой совхозымен, олардағы еңбекшілері тұрмысымен, басқару, саяси-қоғамдық жұмыстарымен танысу және инспекциялау мақсатымен Москвадан СССР Совхоздар халық комиссариаты саяси басқармасы сектор меңгерушісінің орынбасары Пельше келе қалды, алдын-ала ескертпестен. Пельше деп отырғаным – қазіргі КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі, КПСС Орталық комитеті жанындағы партиялық бақылау комитетінің председателі Арвид Янович Пельшенің өзі.

Арвид Янович Пельше

Ол Орал арқылы келе жатып алдымен Кулагинодағы «Есбол», сосын Таңдай мен Бақсайдағы «Гурьев», «Бақсай» қой совхоздарында болып, танысты. Үш совхоздың ортасы саналатын осы Бақсай селосынан 3-4 шақырым жердегі қалың тоғайда киіз үй мен шатыр тігіп, Пельшені оңаша қонақтадық. Ол – өр суы келіп жатқан кез еді. Тым жалпақтанып, лықып тұрған Жайықта бірнеше қайықпен серуендедік, қармақпен балық аулауды ұйымдастырдық. Москвалық мәртебелі қонаққа қой соймай, сол күні ұсталған қызылбалықты мол етіп асып бердік, дереу жасалған қара уылдырықты айран, шұбат ішетін зерең аяқтарға толтырып қойдық. Арвид Янович жасында да арық еді, балық пен уылдырықты қомағайлықпен жей берді, асай берді. Бір кезде орнынан тұрып, шалбарының белбеуін босатып қойып, тікесінен күйседі-ай, келіп. Сондағы айтқан мына сөздері әлі есімде. «Мына керемет өзен - Жайық бойында тұрып, еңбек етіп жатқан сіздер өте бақытты жандарсыздар. Курортта тұрып жатырсыздар, бұдан артық не керек! Мына молынан жеп отырған балық пен уылдырық - шетелдерге алтынға сатылады. Менде сәл өкініш бар. 1933-жылы СССР-де совхоздар мен МТС-терде саяси бөлімдер құруды бастаған бойда, Москвадағы оқытушы болып жүрген жерімнен «Латыш атқыштары» бойынша бұрынғы қаруласым, СССР Жер істері халық комиссариаты саяси басқармасының бастығы Сомс шақырып, «оқытушы болып жүре бересің бе, одан да саясатпен айналыс, Қазақстанның батысында «Магаджинский» және «Баксайский» совхоздарына саяси бөлім бастығы керек, солардың біреуін таңда, екі жылдан қалдырмай қасыма аламын» деді. Мен сонда бірінші атағаны – Ақтөбе облысындағы «Магаджанский» совхозына кете бардым. Ол – өзені жоқ, кіл шатқалдың арасына орналасқан екен. Сонда асығыстық жасаппын, картадан мына «Баксайскийдің» Жайық бойында екенін көргенімде - бірден осында келетін едім» деген-ді, Арвид Янович. Москвалық лауазымдының сөзіне сол жерде қатысып отырғандар бас изесіп, қошеметтеп жатқанда, тек «Бақсай» совхозы саяси бөлімінің бастығы Королев қана ыңғайсыз күй кешіп қалғанын сездіріп алды. Зейнеш ағам - бұл қонақтыққа қатыспаса да, «Бақсай совхозы директорының орынбасары (сол жылдың желтоқсанында директорлыққа тағайындалған, Ж.Д.) ретінде А.Я.Пельшені көзімен көріп, қол алысып амандасқанын айтып қалды, қонақты құптап.

Виноградов пен Компаниец махаббаты

   Григорий Андреевич тағы бір қызық сырды шертіп кетті. Оны қысқартып айтып берейін кейінгілерге.

   -1933-жылдың сәуірінде, бір мезгілде,Таңдайдағы №8 «Гурьев» қой совхозы жанында жаңадан ашылған саяси бөлімге - бастығы болып Кальметьев, оның екі орынбасары Компаниец пен Насулаев және бастықтың комсомол бойынша көмекшісіне мен келіп жеттік, жан-жақтан. Саяси бөлім - совхоз директоры түгілі, аудандық партия комитетіне бағынбайды, тікелей Москваға шығамыз.

   Келесі жылы Насулаев басқа жаққа кетті де, қыркүйекте оның орнын мен бастым. Бір кабинетте партия, кәсіподақ бойынша орынбасар Леонид Александрович Компаницпен бірге отырамын. Ол менен 3 жас кіші болатын. Мінезі қиын еді. Дегенмен екеуіміз бір шекісіп көргеніміз жоқ. Сол жылдың қарашасында Ленинградтан кітапханашылар техникумын бітіріп, Леонидтің 20 жасар қарындасы Лидия келді Таңдайға, кітапханашы болып. Ол бірден кітапхананы жөнге келтіріп, безендіріп, оқырмандар санын лезде көбейтті. Қалай жеткізгенін білмеймін, Лениградтың өзінен таптырмайтын 30 шақты кітапты алып келіпті. Сұлу қыз күн санап еркек жыныстылардың бәрін қызықтыра берді десем артық айтпағаным. Ол қызды мына Зейнеш те көрді. Кеше Таңдайға барғанымда еске алдық, Ғабдолов Сәлімгерей де, біздің саяси бөлімде жұмыс істеген Мырзабеков Қазымның інісі - сол кездегі 14 жасар бала Мырзабеков Қабдығали да ұмытпапты... Иә, оны ұмыта қою мүмкін емес. Оған Қазым да, мен де ғашық болғанбыз...

   Ол кезде, бұрын бір совхозда болғандыкі шығар, «Гурьев» пен «Бақсай» совхоздарының жұмысшы-қызметшілері бір-бірін жақсы танитын, қарым-қатынаста болатын. Таңдайда, не Бақсайда көрсетілген киноға, концертке, ұйымдастырылған би кештеріне мүмкіндіктерінше барып тұратын.

   Би кештері патефонмен, не гармоньмен, гитарамен, мондолинамен, балалайкамен өткізіледі. Содан бір күні: «Бақсайда» құрылыс бригадасының бригадирі Виноградов деген өте көркем жігіт бар екен. Өзі музыка аспаптарының барлығында ойнайды.  Таңдайдағы клубқа сол келсе – ішінде Компаниецтің қарындасы Лидия бар, бүкіл қыз-келіншек соған естері кетеді» деген хабарды саяси бөлім бастығының комсомол бойынша көмекшісі Николай Гордеев маған сыбырлап айтқан. Николай – өзінен қызметі жоғары, әрі мінезі шатақ Леонидтен ығысатын, ол да Лидияны тәуір көргенімен онысын қызға білдіре алмай, іштей сорлап жүргенін сезетінмін.

   1935-жылдың 8-наурызында «Бақсай» совхозының көркемөнерпаздары Таңдайға келіп, үлкен концерт қойды. Клубтағы орындықтардың бірінші қатарына қос совхоздың директорлары Алексей Иванович Бородаенко мен Андрей Филиппович Сопилко, саяси бөлімдер бастықтары Александр Несторович Кальметьев пен Матвей Федорович Королев жұбайларымен, олармен бірге партбюро секретарлары Бисенбай Бектұрлиев пен ол кезде саяси бөлім бастығының орынбасарына осы қызметті 30 пайыз айлықпен қосып атқарып жүрген - мен, қос селолық советтің председательдері Мұхамбетжан Қалмағамбетов пен Тайыр Шөкенов, екі директордың орынбасарлары – мына Зейнеш Сауықов пен Михаил Иванович Чугунков әйелдерінсіз, өздері жайғасқан.

         Концертке «бақсайлықтар» жақсы дайындалып келген екен, өте тамаша өтті. Қазақша, орысша, украинша, татарша, молдованша, полякша, қалмақша, тіпті немісше әндер айтылды, билер орындалды. Домбырадан күйлер төгілді. Дегенмен, оларды ерекше көтере түскен – алдыңғы жылы Москвада өткен халық творчествосы Бүкілодақтық байқауының жеңімпазы, асқан өнерлі 22 жасар Трофим Виноградов еді.

Трофин ВИНОГРАДОВ

Концерттен кейін онымен тілдескенімде білгенім – Сібірде 2 жыл селолық клуб меңгерушісін атқарыпты. Шара соңында «Гурьев» совхозы жұмысшы-қызметшілері атынан жұмысшылар комитетінің председателі Қыдырғали Үмбетов пен Таңдай селолық советі атқару комитетінің председателі Мұхамбетжан Қалмағамбетов алғыстарын айтып, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Біздің кітапхананың меңгерушісі Лидия Компаниец сахнаға көтеріліп, бір шоқ гүлді тек Трофим Виноградовқа ұстатты. Осы кезде мен еріксіз екінші қатардағы ол қыздың ағасы Леонидке жалт қарағанмын, оның ақсары жүзі қып-қызылданып, қабағы түйіліп, көздері шатынап, ызадан жарылардай болып отыр екен, шошып кеттім. Менің өзіне қарағанымды байқап қалды...

   Бірде, сол наурыз айында Николай мені өзіміз тұрып жатқан Таңдайдағы би кешіне ертіп барды. Мен де ол кезде, әлі комсомол жасындағы – 28-ге толар-толмастағы, әлі үйленбеген жігітпін. Сол кеште Лидиямен - Николай екеуіміз бір-ақ реттен вальске шықсақ, Леонидтің қарындасы Виноградовпен кем дегенде он мәрте билеген шығар. Байқағаным – көбіне Лидия шақырумен болды, баянист жігітті. Совхозымыздың радиосын жүргізуші және киномеханик Василий Маркушин деген жігіт болды. Армиядан біздің совхозға келген. Ол да Лидияға ғашық еді. Сол кеште қыз оның бірнеше рет шақырғанына қарамастан, билеуден бас тартқанын көзіммен көрдім. Би аяқталғасын Маркушин мен Виноградов қатты жұдырықтасып, төбелесіп қалған.

Лидия КОМПАНИЕЦ

   Виноградовтың қара түсті, ол кезде ешкімде жоқ, екі адамдық «Иж» мотоциклі бар болатын. 30 шақырым жердегі Бақсайдан сол «темір тұлпарымен» келеді. Тіпті жұмыстан кейін, күнара жетіп келетін Таңдайға. Лидияны мінгестіріп тек Боқсақ бойына ғана емес, Жаманқалаға, Жалғансайға, Сарайшыққа барғанын естіп жүрдік. Бұл кезде Леонид – қарындасына да, оның кавалеріне де мына жүрістерін дереу тоқтатуды талап еткенінен де құлақтандық. 1935-жылдың тамызында аталатын Қазақ АССР-інің 15 жылдығына байланысты саяси-мәдени шараларға қызу дайындық ерте басталып, қызу жүріп жатқанда – мамырдың басында араққа тойып алған Леонид Компаниец өзіміздің клубта Виноградовты соққыға жыққанымен шектелмей, оның мотоциклін қиратқаны, өз қарындасын шапалақтаған болып шықты. Екі совхоз саяси бөлімдерінің бастықтары бұл турасындағы ешкімге тіс жармау туралы қатаң нұсқау берді кеңселер қызметкерлеріне. Бірақ, қатты намыстанған жігіт сол айда-ақ, Новосибирскісіне тайып тұрды. Ол кеткесін, жарқын жүзді Лидияның көңілі бір көтерілмей, жігіттермен тіптен сөйлеспей, сүлесоқ күйде жүрді де қойды. Өзіне өліп-өшкен Василий Маркушинді де маңына жолатпаған. Ұлы Октябрь мерекесі өтісімен, Леонид - Таңдайда дәл бір жыл тұрып, жұмыс істеген қарындасын Гурьевке өзі апарып, әрі қарай қайтадан Ленинградқа аттандырып келді.

   1936-жылдың жазында Леонид Компаниец екеуіміз бір мезгілде Таңдайдан кеттік. 1933-жылдың сәуірінде сол селодағы совхозға бірге келіп едік.

   Тағдырды жеңетін еш күш жоқ, оның қуанышы да, тәлкегі де өз қалауымен жүзеге асады.

   1944-жылдың сәуірінде бір кезде Таңдай-Бақсайда қызметтес болған, Ұлы Отан соғысында қан кешіп жүрген үш майор Москвада кездестік те қалдық. Бұл кездесуге сіздер түгілі, менің өзім сенер-сенбесімді көпке дейін білмей жүрдім.

   Мен ол кезде Қызыл Армия саяси бас басқармасы жанындағы аға саяси қызметкерлердің 10 айлық курсын бітіргелі жатырғанмын. Курстағы бір топ тыңдаушыларды концертке алып барды, ішінде мен де бармын. Театр фоэсінде бір майор көзіме оттай басылды. Мынау кімге ұқсайды? Виноградов секілді. Туралап бардым да: «Сіз, Трофим Виноградовсыз ба?» дедім. Ол да маған жалт қарап: «Иә. Дәл солай! Мен де сізді шырамытып тұрмын» деді. Аузыма түскені: «Григорий Бойнов.  Қазақстан, Таңдай-Бақсай» болды. Содан айқара құшақтастық. Ол да қарашадан бері Москвада, Бас штаб жанындағы Қызыл Армия барлауы жоғарғы курсында тыңдаушы екен! Келесі жексенбіде кездесіп, асықпай әңгімелесуге келістік. Сөйтсе, мені тағы бір қуаныш күтіп тұр екен. Ертесіне трамвайда келе жатып, менен 3 метрдей жерде тұрған майор маған қарап қалғанда – жүзі тіптен таныс. Майданда бірге болғандардың бірі емес екенін сезіп, жалма-жан іштей есептеп-түгендеудемін. Ол маған тағы қарады. Осы кезде басыма «Баев қой. Федор Трофимович» сап ете қалды. Арамызды бөліп, көлегейлеп тұрғандардан асыла: «Федор Трофимович!» деп дауыстап едім, ол да: «Григорий! Григорий!» деумен маған қарай ығысты, тығылысқан адамдар арасымен. Үшінші аялдамада трамвайдан түстік те, құшақтаса кеттік. Майданда екен, минадан тазарту арнайы отряды командирінің саяси орынбасары. Москваға 10 күнге келіпті. Бірден ұзақ сөйлесуге екеуіміздің де уақытымыз шектеулі еді. Сондықтан жексенбіде жолығысуға келісіп, хош айтыстық. Содан жексенбіні асыға күтумен болдым, сағат санаумен болдым.

   Мен Баевты – Виноградовпен кездесуге алып бардым. Ол екеуі «Бақсайда» бірін-бірі көріп үлгермеген, Трофим 1935-тің мамырында совхоздан кетсе, Федор оның артынша жазда келген, сол совхозға. Бірақ, әңгімелесіп кеткенімізде, Баев – Виноградовтың өнері жайында, оның Лидиямен махаббаты жайында естулі екен. Федор Трофимович - Лидияны көріп үлгерген, олардың қосыла алмағандарына өкінішін ашық білдірді. Бұдан кейін Баевты да, Виноградовты да көрмедім. Айтпақшы, Зейнеш Саукович, ол отырыста Баев та, Виноградов та сізді естеріне алып, жақсы пікірлерін білдірді.

   -Григорий Андреевич, «Бақсай» совхозы саяси бөлімінің Баевқа дейнгі бастығы Матвей Королев – 1938-жылдың басында Гурьев облысы құрылғанда, облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің тұңғыш меңгерушісі болды. Бір жылдан кейін обкомның үшінші секретарына көтерілді. Орнына Федор Баевты қойғызды да, оны артынша Москваға жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Өзі соғыс басталған бойда Гурьевтен кетіп қалды. Одан да, Баевтан да хабарым жоқ. Королев тірі болса – 80-ге жақындап қалды, - деді Зейнеш Сауықов.

БАЕВ ФЕДОР

   -Сол кездесуде Баевтан естігенім, Королев - Гурьевтен тіке Москваға, ВКП(б) Орталық Комитетіне қызметке алынған, одан жаңа құрылған Карело-Фин ССР-і Компартиясы Орталық Комитетіне секретарь болып кеткен.

   Осы сәтте мен бұдан әрі шыдай алмадым.

   -Мен де көргенмін, Трофимды да, Лидияны да!

   -Сен ол кезде баласың, сол көргенің бе? – деді Бойнов, еш таң қалмастан.

   -Бала кезімде де көрдім, соғыстан кейін, тіпті осыдан бес жыл бұрын көрдім.

   -Орынбасардың оларды көргені рас, - деп, мені қоштап қойды, Зейнеш ағам.

   -Сонда... Оларды қашан, қалай көрдің, Орынбасар? Бойнов үлкен денесімен маған қарай аунап түсті.

   -Соғыстан кейін, 1950-жылдың жазында Трофим Виноградовты – құрдасым Оңайбай Көшеков осы Бақсайға ертіп келгенінде - қонақ еттім. Ал, Лидияны да 1966-жылы Оңайбай еді, осында келтірген.

   -Мынауың менің кітабыма бір тарау болады екен. Қалай келгендерін айтып берші. Бойнов дереу қалың дәптерді қаламымен портфелінен алып, көзілдірігін тағып, жаза бастады.

   Сөздерім кітапқа енетін болғасын ба, жүрегімді бір шаттық кернеп, ретімен айта бердім.

   -Виноградов – 1948-1949-жылдары Новобогат ауданында әскери комиссар болғанынан кейін, ДОСААФ-тың облыстық комитетіне председательдікке ауысты. Ол кезде оның орынбасары Оңайбай Көшеков құрдасым еді. Оңекең – ДОСААФ-тың Виноградовқа дейінгі председателі Басар Иманалиевтың да орынбасары болған. Басар Таңдайда жұмыс істеген. Інісі Муса – Оңайбаймен құрдас, сол Таңдайда мектепте бірге оқыған. Мен - осы Бақсайда тұрып, көрші «Путь Ильча» колхозының егін бригадасын басқардым, 30 жылдай. Мені мұқият тыңдап отырған Бойнов үй төбесіне қарап, сәл ойланды да:

   -Тоқтай тұр, тоқтай тұр...Басар Иманалиев дедің ғой... Иманалиев...  Иә, ол - біздің саяси бөлім газетінде әріп теруші болған жігіт қой! Менен тура он жас кіші еді... Есіме салып бердің, рахмет саған! Соғыс деген солай... біреуді өлтіреді, мүгедек, не тұтқын етеді, енді біреуді батыр, қолбасшы етеді,- деді де, дәптеріне асыға жазулар түсірді.

   Мен сөзімді жалғастырдым.

   -Сол Иманалиев соғыста батальон командирі болыпты. Оны мақтанышпен Оңайбай айтқан. Мынаны естіген Бойнов - атып тұрғысы келгендей талпыныс жасады.

   -Шын ба екен, батальон командирі болғаны?! Өз басым күмәнданып отырмын... Ол маған сенбегендей сұрағын Зейнешке қойғандай етіп, оған тесіле қарады. Зейнекең ыңғайсызданып қалды.

   -«Көшековтен естідім» деп отыр ғой, мен білмеймін, сол кісіден анықтарсыз,- деп мәселені қонақтың өзіне бұра қойды.

   -Көшеков сол Иманалиевты тауып берсе, шіркін! – деп, Бойнов тақырыпқа қайта оралды.

   -Новобогат – Таңдайдың батысындағы, Астрахан бағытындағы село ғой, қателеспесем.

   Сөзге сараң Зейнеш Сауықов құлшына жауап берді ол сұраққа:

   -Иә, Таңдайдан 35 шақырым жерде. Новобогат селосы - 1939 бен 1957-жылдардың аралығында екінші рет аудан орталығы атанды. 1928-1930-жылдары мен сол аудан атқару комитеті председателінің орынбасары қызметінде болғанмын. Сөзіңді бөлмейін, жалғастыра бер, Орынбасар.

   -Виноградовты алғаш рет көргенімде - ол осы Бақсайда тұрып жұмыс істеген. Мен ол кезде  9-10 жастағы бала едім. Тура 15 жылдан кейін көріп тұрғаным. Ол уақытта Гурьев облысында жоқ подполковниктің жалтылдаған оқалы погоны бар әскери киім үстінде. Екі жақ омырауы толған орден мен медаль. Соғыста жараланбаған сияқты. Оңайбай домбырада, ол мондолинада қосылып, бірнеше шығармаларды орындады құйқылжытып, әндері де жақсы шықты. Негізі, Оңайбай құрдасым да өнерлі, сегіз қырлы жігіт, ортаны өз қолына алып, көтеріп әкететін қабылеті мол. Екеуі арақты сілтеп тұрып ішті. Соғыстан кейінгі кезеңде, Сталин тірі тұрғанда тап араққа қысымшылық болмаған тәрізді ғой, оны сіздер менен артық білесіздер. Арақтың салдары шығар, Виноградов 15-16 жыл бұрынғы, Таңдайдағы кітапханашы, Ленинградтан оқу бітіріп келген сұлу қыз  Лидия Компаниецпен махаббатын ерекше сезіммен есіне алды.

   Оңайбай Көшеков 1963-1967-жылдары «Бақсай» совхозының директоры болды. 1966-жылдың қыркүйегінде Украина мәдениетінің Қазақстандағы 10 күндігі өткізілгенде, оған біздің облысты да енгізген. Бұл шарадан бір айдай бұрын Оңекең совхоздың №4-фермасының орталығы - осы Бақсайдың маңындағы тоғайлы жерді мені ертіп алуымен таңдап, бірнеше киіз үй мен шатыр тігуді, ат жарысын ұйымдастыруды жоспарлады. Бір киіз үйді мен міндетіме алдым.

УНАЙБАЙ КУШЕКОВ

   Украиндық қонақтар көп екен, 15 адамның шамасы. Іштерінде СССР халық әртістері, СССР халық суретшілері бар. Жайықтың жағасында, көлеңкелі тоғайдың ішінде жақсы да көңілді демалыс ұйымдастырылды. Делегация құрамында 4-5 әйел келіпті. Солардың бірін маған Оңекең сыртынан көрсетіп: «Мына әйел - жазушы, ақын, сценарийші Лидия Александровна Компаниец. Біздің танысымыз Трофим Виноградовтың Таңдайдағы сүйген қызы. Тағдыр деген осы. Таңдайды көргісі келсе – апарамын ғой» деді. Мына сөзді естігенімде аңырып тұрып қалдым. Сосын Лидияға ұрланып қарай бердім. Өзінің бет-ажарын, дене бітімін жақсы ұстаған екен, 52-дегі адам деуге аузың бармайды, одан мүшел жас кем бересің. Міне қызық, 15 жылдан кейін Трофимді қайта көрсем, сол Трофимнен кейін оның сүйген қызын араға 15 жыл салып көріп тұрмын. Компаниец сценарийін өзі жазған, 1962-жылы экранға шыққан «Годы девичьи» деген көркем фильмінің бір данасын алып келген екен, онысын облыс басшылығына сыйлапты.

   Тыңдап отырған, жазып отырған Бойнов:

   -Мынау шынында да ғажап екен! Оңайбай Көшековтің былтырдан бері облыстық совет атқару комитететінің председателі екенін Зейнеш айтқан. Онымен кездесуге тырысамын. Міндетті түрде кездесуім керек, - деді, алақанын ысқылап.

Зақаш Камалиденов өмірге келгенде «құтты болсын» айта барғандар

   «Алтын Жұлдыз» таққан қонағымыз бізді тағы таң қалдырды. Оның болашақ кітабына Таңдай-Бақсайдан қажеттікке жарап қалатындар жайлы сыр шертісіп отырғанымызда, мен білмейтін бір жайды естіп қалдым. Әңгіме ішінде алдыңғы жылы Қазақстан Ленин комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретарына сайланып, Дінмұхамед Қонаевтың қасына барған гурьевтік жерлесіміз Зақаш Қамалиденов те айтылып қалып еді, Бойнов күліп отырып:

   -Камалиденов таңдайлық қой, Зейнеш, сен білетін шығарсың, әкесі өзіңнің совхозыңда жұмыс жасады емес пе? – деп қасын керді. Зейнекеңде ерекше ұстамдылық бар, ә дегеннен елпілдемейді.

   -Иә, әкесі Лепесов Камалиден №2-ферманың шаруашылық меңгерушісі болған. Мен ол кісімен 1929-жылдың басында, Новобогат аудандық советі атқару комитеті председателінің орынбасарын атқарып жүргенімде Орпа ауылында танысқанмын. Ауылдық советтің секретарын атқарған, өте адал, турашыл кісі болатын, ол жақтағы байлардың тұқымдары мен жандайшаптарымен сыйыса алмай, біздің совхозға көшіп келген,- деді Сауықов. Қонағымыз оның сөзін ары қарай жалғастырып әкетті.

   -Таңдайдан 1936-жылдың тамызында кеттім, «Бөрлі» совхозының саяси бөліміне. Сол кетерімнің алдында, шілденің аяғында шығар, екі совхоз саяси бөлімдерінің басшылары сәбилі болған Камалиденге қазақтың «құтты болсын» дәстүрімен Жаманқалаға тиіп тұрған Кіші Көздіқарадағы үйіне бардық. Кальметьев, Королев, Баев және мен - төртеуміз. Біздің алдымызда сәбиді «қырқысынан» шығарып, Зақаш деп атын қойған екен. Камалиден келеріміздің алдында қатты ауырып, төсек тартып қалыпты. Екі совхоз саяси бөлім басшыларының бір кісідей жиналып, құтты болсын айта келгендеріне қуанып, сыртқа шығып, ет піскенше көлеңкеде бізбен әңгімелесіп отырды, тамаққа да тәбеті ашылды. Мұны көрген, жүзінде кірбің бар сұлу келіншегі, атын ұмытпаған секілдімін, Ася болуы керек, көңілденіп сала берген. Менің ойымша, Асяда анасы жағынан татардың қаны бар тәрізді... Ол кісі, Камалиденді айтамын, Зейнештің бейнелеуі дұрыс, Совет өкіметіне, халықтық жаңа социалистік қоғамға жан-тәнімен берілген азамат еді. Екі совхоздың қоғамдық малына Орпа құмы жағынан ұрылар, не малды ауыстырушылар әлсін-әлі келіп тұратын. Солар жайлы саяси бөлімге Камалиден аяқтай келіп, білгенін айтатын. Әрине, ол құпиялықты қатаң сақтағанбыз. Біз өмір есігін жаңа ашқан кенже баласына шын көңілден батамызды беріп, тілектестігімзді білдіріп, өзінің тез жазылып кетуін айтып, хоштасқанымызда – ол қонақтарын шығарып салып тұрып, өзіне Орпадан ба, әлде басқа жақтан ба, бір қастандық жасалынғанын іштей сезетінін хабардар етті...

Камалиден ЛЕПЕСОВ

   Енді міне, біздің бата-тілегіміз қабыл болып, Зақаш - республикалық, одақтық дәрежедегі лауазымға жете бастады. Бұдан да биіктерге көтерілуіне тілектеспін,- деп, Григорий Андреевич мұсылманша алақанын жайып, «бет сипау» ишаратын жасады. Біз де солай істедік әрі жерлесіміз, әрі ініміз Зақаш үшін. Өйткені Зақаш та, Зейнеш те, мен де Беріштің балалары едік.

   Зейнекең қақырынып алып, өзі көргені мен білгенін ортаға салды.

   -Бірақ, Камалиден сіз көрген науқасынан шығар, айыға алмады. Сол жылдың күзінде совхоз директоры Сопилко оны өз арызы бойынша қызметінен босатты. Камалиденді бала-шағасымен өзінен төрт-бес жас кіші інісі Сиран келіп, жауын-шеашын басталмай тұрып, Орпаға көшіріп әкетті. Келесі жылы Камалиден ең болмағанда отызға толмастан, тым ерте дүние салды. Бір топ бақсайлық-таңдайлықтар аяқтай барып, дұға бағыштадық, әрине, тығылумен ғой...

   Г.А.Бойнов өзінің өмір-тарихы туралы кітап жазып жатыр екен, сол себепті келген болып шықты біздің ауданға. Оның бұл кітабы өте қызықты болатынына көзім бірден жеткен. Сондықтан оны бірнеше жыл күтумен болдым. Бірақ, кітап та, Бойновтың өзі де одан кейін көрінбеді, хабараласпады.

         Шежіре авторының тұжырымы

   Бұларды 2006-жылдың жазында Орынбасар ағаның Ақтоғай (бұрынғы Бақсай) ауылындағы үйінде болғанымда жазып алғанмын. Қысқартылып айтылған осы үш оқиғадан-ақ тұтас повесть, не роман жазып шығуға болады. Маған сонау 1989-жылы Ақтау қаласында кездескенімде Нұрмұхан Жантөрин осы Орынбасар ағайды тауып алып, оның тарихи татымды әңгімелерін қағзазға түсіруме кеңес берген. Бірақ соған құнт болмай, арада 17 жыл өткеннен кейінжолым түскен еді, Орекеңе.

 

         «КИЕЛІ МЕКЕН. Бақсай-Таңдай шежіресі» кітабы (авторы Жұмабай Доспанов, 2014)