ӘКЕ РУХЫМЕН ТАБЫСУ

ӘКЕ РУХЫМЕН ТАБЫСУ

             «...Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында      еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрседе жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды». 

 Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

                                           Әке рухымен табысу

                                      («Сам хикаялары» кітабынан үзінді)

 

Шайыр ауылында тұратын Қайырбай ағамызбен аралас-құралас болғанымызға да бірнеше жылдардың жүзі өтті. Бұрын бір-бірімізді сырттай біліп, сәлем-сауқатымыз түзу болғанмен, көңіл түкпірінде жатқан әңгімелерді көсіліп айтатындай арамызда жақындық та болған жоқ еді. Оның өткеннен хабары мол, көрген, білгенін ұмытпай жадында сақтап тыңдаушысына шебер жеткізе білетінін артынан барып білген едім. Соған байланысты шығар, анда-санда кездесе қалған сәттерде жанына жақын отырып, бір ауыз әңгімесі болсада жадыма тоқып қалуды әдетке айналдырғанмын. Бірақ біз сияқты әркімнің аузынан суыртпақ тартқандай болып сөз теріп жүрген адамға оның          сәті үнемі түсе де бермейді. Ағамыздың ұзақ жылдар бойы өзімен жолдас болып келе жатқан сыралғы сырқосы бар. Осыған орай жыл сайын белгілі бір кезеңде облыстық ауруханадан ем-домын алып кетеді. Ондай кездерде сыйлас ағамыздың көңілін сұрап амандасып кету парызымыз. Мен барғанда кезекті емін алып демалып жатқан уақыты екен. Қасында біраз отырдым. Сол күнгі дәрігерлердің көңілі кең болды ма, әлде ауру адамға сартап болып жата бермей бір уақыт көңілін көтеріп отыруда пайдалы деп есептеді ме, әйтеуір маған сол жолы «уақытыңыз болды» деп дікеңдеген ешкім болмады. Әңгіме әңгіменің қуғыншысы ғой, төсегіне қисайып жатқан ағамыз өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары Сам бойында тұрғанда басынан кешкен біраз әңгімелердің басын қайырған. Бұл әңгімелер сонау бір аласапыран жылдары ел басынан өткен қиыншылықтар мен жат жерде ғұмыр кешседе туған жер топырағына деген аруана сағынышын жоғалтпай  жүрек түкпірінде сақтап, қайта табысқан адамдар туралы.

-Сам жерінде Теректідегі ферма орталығында отырамыз. Меңгерушісі Қаратауов Нұркен ағамыз. Сол ферманың қарауындағы азғантай техниканың бірі жалғыз «Беларус» тракторының жүргізушісімін. Көктемнің кешқұрым мезгілі болатын. Мал төлдеп жатқан уақыт. Соған байланысты фермадағы санаулы техникаға тыным жоқ.  Таңертең ерте қозғалып кетіп құм арасында отырған малды ауылға керек-жарағын тасимыз. Ертеңгі жүріске дайын болайын деп тракторымның май-суын қарап дегендей шұқынып жатқанмын. Осы кезде жасы 50-лерге келіп қалған әйел мен жас жігіт менің қасыма келді. Сәлем беріп амандасып жатырмын. Бұрын мен көрмеген бейтаныс адамдар. «Неде болса осындағы азғантай үйдің бірін іздеп келген болды ғой» деп ойладым. Бірақ сол уақытта әйел:

-Шырағым, біз Қоңыраттан шығып Бейнеуге поезбен келіп, осы бағытқа бара жатқан көліктен түсіп қалып едік. «Пәленшенің үйіне келе жатырмыз» дейтіндей ағайын іздеп жүргеніміз жоқ. Көзден кетседе көңіл түкпірінде сақталып қалған бір жер бар еді, атын да ұмытып қалдым, таба алсақ соны іздеп келеміз. Жол соқты болып шаршап та қалдық. Осындағы бетімізге күле қараған бір үйге қонып шықсақ деген ойымыз бар,- дегенде:

-Ойбай-ау, ол не дегеніңіз. Қазақтың қай үйі құдайы қонақтан қашатын еді. Үй міне, төрлетіңіз,-деп алдына түсіп есікті аштым.

Жолдасым кешкі шәйдің дастарханын жайып жатыр екен. Сәлем беріп кірген қонақтар төрдегі әкемнің қасына келіп жайғасты. Әйел тізесін бүгіп отырған бойда қасындағы жігітке қарап:

-Ал, қарағым, менің көңіл түкпірімде мәңгілік сақталған, сенің бір көрсем деп армандаған қасиетті жерің осы. Содан кейін әкеме жүзін бұрып: -Ағасы бұл жерге араға отыз жылға жуық уақыт салып келіп отырмын. Айтар әңгімем де, тарқатар шерім де көп еді. Оны мүмкіндігі болса артынан айтармыз. Мен көрмеген жылдар ішінде осы топырақтан талай адам мәңгілік сапарға кеткен де болар. Басымызға келмеді деп өкпе артпас, оған мүмкіндігімнің болмағанын әруақтары сезіп те жатқан шығар. Солардың рухына бағыштап құран оқып жіберіңізші,-деді.

Әкем білгенін оқып бетін сипап:

-Шырағым, сөзіңнің ретіне қарағанда осы топырақпен байланысты адам сияқтысың. Жөн-жосығыңды айта отыр,-деп дайын тұрған дастарханға шақырды.

Әйел шөлдеп қалса керек, екі-үш аяқ ішкенше ештеңе демеді. Қасындағы жігіт те үнсіз. Бір уақытта жаулығының ұшымен көзін сүртіп:

-Бесқалаға барған жас кезімде өткенімді ойлап жылай-жылай көз жасым құрғап қалған сияқты еді. Жүрек түкпіріндегі шерім де әлдеқашан тас мерез болып жібімейтін шығар деп ойлаушы едім. Жоқ, олай емес екен.  Самның топырағына табаным тиген бойда ағыл-тегіл жас ақтарылды дейсің, жүрек түкпіріндегі шер де қозғалды. Айыпқа бұйырмаң,-деп әңгімесін бастады.

-Мен осы жерде туып-өскен жары ауылының қызы едім. Жасым он жетіге толар-толмаста бегей руының бір жігітіне тұрмысқа шықтым. Кіл сайдауылдай «сен тұр, мен атайын» дейтін бес жігіттің ортасындағы жалғыз қыз, еркетотай болғандықтан шығар, бегей ауылына құда түстіріп, қалың малын төлеттіріп емес, өз көңілімнің қалауымен шыққанмын. Бұл елдің де ырзығы арылмаған, қазаны оттан түспеген дәулетті адамдар екен. Не керек, қайғысыз, мұңсыз өмір кешіп жаттық. Қыз балалы болдым. Әулетінде ер балалар көп болып қызды аңсап жүргендіктен шығар, ата-енем аспандағы айды әкеліп қолдарына ұстатқандай әлгі қызды айналып-толғанумен болады. Мен байғұстың сірә мәртебемнің бұрынғыдан да өсе түскені белгілі. Сөйтіп жүргенде дүниенің асты үстіне шыққандай болды емес пе. Аласапыран заман басталды. Бірін «қызыл» дейді, бірін «ақ» дейді. Қай-қайсысының да халықтың көңілінен шыққаны шамалы. Қорқытып келеді, үркітіп кетеді. Қолына түскенді сенен сұраусыз алады. Артынан әлгі қызылдардың үкіметі үстем болса керек, билік солардың қолына көшті. Азын-аулақ дәулет біткендер мен құдай жолына өмірін арнап намазын оқығандар қудаланып, алды түрмеге жабыла бастады. Ел алдындағы малы мен байлығын адыра қалдырып түстікке қарай босты.  Кешегі сызылта боздап, желіні бауырына симай талтаңдап келер аруана мен желі басында шұрқырап кісінеп жататын жылқылар да, Самның арым-арым құмы арасында қаптап жайылған мал талауға түсті, айдағанның алдында, ұстағанның қолында кетті. Солардың бәрін тастап қара басының қамы үшін өмірі көріп, білмеген жат жерге кету оңай деймісің. Ата-бабасының сүйегі қалған, кіндік қаны тамған туған топырағын қимай, төбе құйқаңды шымырлатып иен даланы мұңға батырған зарлы дауыстар әлі құлағымда.

Е, несін айтасың, ол қиыншылық та ештеңе емес екен. Боқ дүние болмаса, әйтеуір басың аман ғой. Біздің ауылдың адамдары енді көшеміз деп отырғанда адамның емес, құдайдың жіберген тағы бір зауалына тап болдық. «Жұт жеті ағайынды» деген осы болды. Ел арасына үңірек дейтін ауру тарап жайыла бастады. Бұрын-соңды ондай ауруды кім білген. Көпті көрген қариялардың: «А, құдай, бұрынғы жіберген зауалың аздай, мына жазылмас дертті не үшін жібердің? Жатқан адамның аузына қара су тамыза алмайтындай, өлгеннің бетін жауып бір уыс топырақ сала алмайтындай сенің алдыңда кешірілмес күнә жасаған жоқ едік қой» деп күңіренген зарын жастар жағы түсінбеген едік. Бақсақ, мұнымен ауырған адам көп ұзамай өмірден өтетін, оның үстіне жан-жағына тез тарайтын жұқпалы екен ғой. Ауырған адамдардың алды өліп, ел амал жоқ, тездетіп көтеріле бастады. Ажалы жетпей төсек тартып жатқандардың басына күрке тігіп, ас-суын қасына қалдырып аттанып кетіп жатыр. Бізде көппен бірге  көшеміз деп отырғанда жүк артатын бір атанымыз өрістен келмей қалды. Күйеуім іздеуге кетіп, ертесіне түске таман оралды. Бірақ тұла бойы от болып өртеніп келіп жатып қалды. Көп ұзамай сандырақтай бастады. Белгілі болды, үй алдынан бөлек күрке тігіп жатқызып «енді не істейміз» дегендей үрпиісіп отырмыз. Бір уақытта атам:

-Қолдан келер ештеңе жоқ. Қасында отыра берсек ертең бе, бүрсікүні ме, бізде ауырамыз. Ас-суын қасына қалдырып елмен бірге жолға шыққаннан басқа жол жоқ. Бердібекті тастап кеткенде өзіміз аман қаламыз ба, әлде осы аурудың құрығына түсіп айдалада шашырап қаламыз ба, оны да бір құдай біледі. Уақыт оздырмай жиналайық,-деп орнынан тұрды.

Енем зарлап керек деген дүние-мүліктерді түйеге арта бастады. Мен іштей егіліп көмектесіп жүрмін. Ал, жүрейік,-деген атама қарап үн-түнсіз басымды шайқадым.

-Ойбой, қарағым-ай, бала екенсің ғой. Күйеуіңді қимағанмен күні ертең өзің ауырасың. Оның үстіне аяғың ауыр. Кім біледі, ішіңдегі баланың көрер жарығы бар шығар. Аман қалсаң Бердібектің өмірін жалғастырар бала әкелмейсің бе? Айтқанға түсін қарағым,-дегенде:

-Атажан, неде болса тағдырдың маңдайыма жазғанын көрем-дағы. Жүрегім қалап қыздай қосылған қосағымды қалай тастап кете аламын, айтшы атажан?! Сонда бір-бірімізді іздеп отыратын кешегі күндеріміздің алдамшы болғаны ма? Жоқ, олай істей алмаймын, дәтім бармайды. Жолдарың болсын. Барар жер, басар тауларың белгісіз болса да аман болың. Мен кете алмаймын,-дедім. Бердібек көзі боталап: «Бәтима, разымын жаным, көштен қалма,-деген сөзді зорға айтты.

-Жоқ, кетпеймін, менің шешімім осы. Ажалым жетсе құшақтасып өлермін,-деп күркенің ішіне кірдім.

-А, құдай, уыздай ұйып, бір шаңырақтың астында өткен бақытты күндерімізді неге көп көрдің?  Артымызда көлкілдеген қасіретке толы жол тастайтындай сенің алдыңда қандай жазығымыз бар еді, айтшы Жасаған? Алдымыздан тағы қандай ауырлығыңды дайындап отырсың? Ей, Алла, құлағың керең болып қалмаса ең соңғы тілегімді берші, мына жұдырықтай келіннің ішіндегі шарананың жарыққа келуіне тарлық жасай көрмеші! Бәлкім бір кездері іздеушіміз де осы шарана болар. Шапағатың мол еді Жасаған,-деп дауыс көтеріп түйені жетегіне алды.

Олар қозғалып кетті. Зарлап бара жатқан енеме атам: «Болды енді, жамандық шақырма» деп өзінің де даусы қарлығып басу айтқан болады. Күйеуімнің бетіне қарап отырмын. Қызыл далап болып өртеніп жатыр. Басын сүйемелдеп аузына су тамыздым. Көзін ашып тесіле қарады. Маған Бердібек бұрынғыдан да ыстық болып көрінді. Несін жасырайын, алғаш кездескенде мені өзіне ынтық еткен осы ақылға толы мөлдіреген жанары болатын.

-Бәтима,-деді зорға сөйлеп. –Мен әрі кетсе бір-екі күннен қалмаспын. «Ішімдегі бала аяғымен теуіп маза бермейді. Шамасы тентек ер бала шығар» дейтін едің ғой. Соны естігенде оған бәсіре тай дайындап, мінгізсем дейтін едім. Әттең дүние-ай, «Арманға ажал күледі» деген осы болды. Бекер қалдың-ау. Аман-есен босансаң атым өшпейтін еді ғой. Мына ауру саған да жұғатын шығар,-деп біраз жатты да:

-Сен әзір қайратың бар уақытта менің қасымнан жер қазып дайындап қой. Өле қалсам итере салып бетімді жабарсың,-деп әлсіз қолымен білегімді ұстады.

-Мені жалғыз тастап кеткішін қарашы. Ол жаққа асығатындай  менен басқа біреу күтіп отыр ма еді?,-деп әзіл айтқан болдым. Бірақ «айдалада жалғыз қалғанша өзіңмен бірге кеткенім жақсы ғой» деп ойлап  көз алдым бұлдырап амал жоқ, қасынан жер қаза бастадым.

Көп ұзамады, екінші күні түс ауа соңғы рет бетіме қарады да кете барды. Бірдеңе айтқысы келгендей болғанмен оған күші жетпеді. Бердібек жеңілдеп кетті ме, әлде маған күш бітті ме, білмедім, жас балаша көтеріп өзінің өтініші бойынша қазып қойған жерге қойдым. Кенет «Құдай-ау, киіммен жатқызғаным қалай болды. Өлген адамды кебіндейді демейтін бе еді» деп ойлап, алақтап жан-жағыма қарадым. Жиырманың үстіне жаңа шыққан кезіміз ғой. Біздің жасымызда кім сүйекке кіріп, өлген адамға кебін кигізіп көрді дейсің. Ол уақыттарда жасы жер ортасынан асқан әйелдер болмаса өлімді жерге жастарды, әсіресе аяғы ауыр әйелдерді жібермейтін еді ғой. Кенет көзіме кеше енемнің еңіреп жүріп күркенің бұрышына қойып кеткен түйіншегі түсті. Шешіп қарағанымда бетінде жатқан ақ жібектен тігілген шымылдықты көрдім. Шымылдықты не үшін тастады екен? «Ерлі-зайыпты болып табысқан жерлерің осы қасиетті шымылдықтың іші еді. Құдай менің сұраған тілегімді бермей бұл өмірден татар дәмдерің таусыла қалса осы шымылдық астына бірге жатарсыңдар» дегені ме? Тоқтамай ағылған жасымды сүртіп жүріп шымылдықтың бас жағында өрнектелген мақпалды дар еткізіп жырттым да, ұзындығы үш-төрт құлаш жібекті алдым. Мен осы үйдің табалдырығын аттарда «Балаларымның қызығы таусылмағай» деп ырымдап енемнің өзі тіккен екен. Сол қызықты дәуреннің аяқталғаны осы күн болды. Күйеуімді жатқан жерінен қайта шығардым. Асықпай отырып үлкендерден естігенімді есіме түсіріп денесін жуып, кебіндеген болдым. Содан кейін күркені бұзып керегесімен бетін жауып, күшім жеткенше топырақпен көмдім.

Дұға білмесемде қасында шошайып отырып Бердібектің жаны жәннатта болсын деп, ішімдегі одан аумайтын баласы аман-есен өмірге келсін деп құдайдан сұрағаным есімде.

Күн қызылға еніп барады. Не істеп, не қойғанымды білмей кешегі ызғындай ел отырған жұртта шошайып отырмын. Біраздан соң Бердібектен қалған төсек-орынды жайып қисайып жатуға ыңғайландым. Тағдырдың маңдайыма тап қылған ауырлығына мойын ұсынғаным ба, әлде ауырдым ба, білмеймін, бойымда «жалғыз қалдым-ау, ендігі күнім не болмақ» деген қорқыныш та жоқ. Әшейінде түн мезгілінде қасынан өткенде «біссімілләмізді» айтып өтетін өлілер мекені қорқынышты емес, қайта өзіме ес болғандай бір уыс болып жатқан Бердібектің моласына жақындай түсем.

Көзім ілініп кетіпті. Бердібек түсіме еніп: «Неғып жатырсың? Үлгере алсаң елдің соңынан қозғал. Мә, мынаны қалдырма» деп бір таяқты алдыма лақтыра салды. Қабағын түйіп алыпты. Бұрын ондай мезгілдерде бетіне күле қарасам болды, әлгі ашуының қайда кеткенін білмейтін. Соныма басып еркелеп сөйлей бергенімде үндеместен бұрылып терістік жаққа кете барды. Бірте-бірте ұзап қалың тұман арасына кіріп көрінбей кетті. Жалғыз қалғанымды сонда біліп «Қайда кетіп барасың, мені кімге тастап барасың?» деп айқайлап жатып оянып кеттім.

Таң сарғайып атып келе жатыр екен. Жаңағы түсімнен арыла алмай бір шөкім болып жатқан Бердібектің моласына қарап: «Елдің бәрін баудай түсірген аурудың маған әлі келмеген сияқты. Маған ақыл айтқан да, жөн сілтеген де сен болдың-ау Бердібек. Қай бағытқа бет аларымда да біліп отырған жоқпын. Көштің сүрлеуіне түскеннен басқа жол қалмаған сияқты. Қош бол» деп топырағын сипап отырдым. Арғы жағымнан түйдектеліп келе жатқан көз жасымды зорға тежеп, «ажалым жетпесе керек болар» деп адыра қалған жұрттан оны-мұны алған болдым. Содан кейін кімге ренжігенім белгісіз, «Ендігі қиындығыңды көріп алдым» деп тістеніп белімді тас қылып будым да, көштің кеткен бағытына түсе бергенімде аяғым бір нәрсеге ілініп сүрініп кеттім. Байғұс атамның сүйеніп жүретін таяғы екен. Есі ауып жүргенде ұмытып кеткен болды. «Е, Бердібектің мынаны  ала кет» дегені осы болды ғой, шаршасам керек болар деп оны да ала кеттім.

Ілбіп жүріп келемін. Бар ойым көштің сүрлеуінен адасып қалмау. Жол бойында шашылған түйенің құмалақтарын ұстап көремін. Бастапқы әзірдегі жұмсақ құмалақ бірте-бірте қатайып барады. Осыған қарап жүрісімнің өнбей келе жатқанын да байқап келемін. Бір шүкіршілік етерім әзір бір құдықтан екінші құдыққа жығылмай жетудемін. Тағдырға тағы бір риза болғаным, келесі бір құдық басына тәлтіректеп зорға жетіп әйкелінің көлеңкесіне қисая кеткенмін. Бір уақытта маңыраған лақтың даусы естілді. «Шөлдеп келген қарақұйрықтар шығар» деп басымды көтердім. Ештеңе көрінбейді. Біраздан соң қайта естілді. Әйкелге сүйеніп орнымнан тұрдым. Сонда барып екінші құдықтың көлеңкесінде жатқан ешкінің лағын көрдім. Тұрғысы келіп ұмтылғанмен қозғала алмайды. Қасына бардым. Бел омыртқасына зиян келген сияқты. Шөлдеген шығар деп жан-жағыма қарадым. Бір жақсысы өздері сияқты біреулер тап болса керегіне жаратар деген қамқорлық болар, құдық бастарынан тастың қуысына тығып кеткен қауға табылады. Соны тауып алдым. Қауғаның қасында су құйылған бір мес пен түйіншек жатыр екен. Түйіншекті шешкенімде бір сындырық нан, пышақ пен бір шөкім тұзды көрдім. «Қайран әтекем-ай, мыналарды тастаған сен болдың ғой. Менің итшілеп жүріп осында келетінімді көңілің сезген болар» де еңіреп қоя бердім. Қанша қайраттансам да өзімді-өзім ұстай алмадым. «Әтеке, құдай мені керексінбеді. Балаңды қолымнан келгенше ақ жуып, арулап қойған болдым. Қайта айналып келіп басын қарайтуға енді бізге жаратқанның кеңшілігі болар деймісің. Әйтеуір, жат жерде емес, туған топырағында қалды ғой. Көш сүрлеуімен келе жатырмын. Бір қараға жетем бе, әлде бір жерде шөлден құлаймын ба, оны білмедім. Сендерге жол бойында тап болған шығар, құдық қасында белі сынған лақ жатыр екен. Соны сойып талғажау етіп, өзің тастаған месті суға толтырып беймәлім бағытқа тағы да жүрермін»-деген сөздерді айттым ба, әлде ойым ба, білмедім, әйтеуір өксігімді баса алмай кеудемді қысқан шерімді айдалада зарлап аяусыз-ақ тарқаттым. 

Арада қанша күн өткенін айырудан қалдым. Жүріп келемін. Алдымда ел бар екен деп үміт күтетіндей белгі байқалмайды. Ішімдегі бала да «тоқтамадың ғой» дегендей анда-санда қатты теуіп қояды. Түсімдегі Бердібектің «мынаны ала кет» деп лақтырған атамның таяғы көп демеу болды. Сүйеніп келемін. «Жалғыз келе жатқанымда ит-құсқа жем болмаймын ба» деген суық ой тұла бойымды шарпып өтті. Қоналқыға кідірген жерімде қақтап жейтін лақтың еті мен су құйылған мес те иығымды езіп барады. Бір күні мидай тегістіктің шеті таусылатын сияқты болып көрінді. «Аман-сау жүрсем ертең жетіп қалатын шығармын» деп ойладым. Көп ұзамай оған да жеттім. Алдымда үлкен ой жатыр екен. «Е, Бесқалаға базаршылап барғандардың айтып жүретін «Қасқа жолы» осы болды ғой» дедім ішімнен. Мұнартып көрінген үлкен ойдың әр жерінде көгеріп көрінгендерін сулы алқап болар деп шамаладым. Жол соқпағы сол сулы жерге тура тартпай қиялап түсіпті. Неде болса жолдан айрылғым келмей төмен түсіп келемін. Кенет алдымдағы бір қырқаның үстінде тұрған адамды көрдім. «Айдаладағы неғылған адам» деп ойласа керек, күн астына қолын көлегейлеп маған қарап тұр. Қасына келгенше қозғалмады. Жасы алпыстардан асқан үлкен кісі екен. Әбден шаршасам керек, сәлемді зорға беріп отыра кеттім.

-Ойпырмай, шырағым-ай, қайдан келе жатыр едің. Мына иен далада өліп қалмай, болмаса қасқырға тап болмай келгеніңе қарағанда көкте қолдаушың, жерде сүйеушің бар адам шығарсың. Кім боласың, қайдан келесің жарқыным?-деп қапталына қыстырған торсығынан алып су берді. Ағып жатқан бұлақтан жаңа құйып алса керек, суы салқын екен. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

-Асықпа шырағым. Менің күркем қол созым жердегі төбе астында. Деміңді алғасын барармыз,-деді.

Енді өлмейтініме көзім жеткендей болды. Ақсақалға басымнан кешкендерді қысқаша айтып өттім.

-Адамның тағдыры тәлкекке түскен заман болды ғой. Құдайдың жіберген ауруын айтпағанда, мына қуғын-сүргіннен жан-жағы бүтін адам қалмаған шығар. Сен айтып отырған көштің бұл жерден өткеніне оншақты күннен де асып кетті. Қай бағытқа кеткенін айта алмаймын. Кәзір кім-кімнің де маңдайын түзеп баратын жері бар дейсің бе? Шығынған малдай қайда барып тоқтарын құдай біледі. Бір-екі күн менің күркемде болып демал, әл жина. Содан кейін сонау көз ұшында бұлдырап көрінген таудың тұмсығын көрдің бе? Соны айналсаң болды, баяғыдан бері отырған ел бар. Адайы, Әлім мен Табыны аралас. Сонда жетсең бәлкім сен іздеген адамдарды білетіндер бар шығар. Әй, бірақ олар сол жерге кідірді дейсің бе? Қуғын-сүргіннен көзі қорқып қалған адамдар тым ішкері кетіп қалған шығар. Мен сол ауылдың арғы жағында тұратын адаммын. Осы жерге келіп 15-20 күн жатып аң аулаймын. Жылдағы әдетім осы. Сөйтіп қыстық қызылымызды дайындап аламын. Менің шаруам бітіп, кері қайтқанша жата бер деуге батылым жетпей тұр. Айы-күнің жақындап қалған адам сияқтысың. Тамақ табылғанмен ертең қиналып қалсаң көмегім болмас. Ондай уақытта қасыңа әйел адам керек болар. Бәлкім құдай оңдап көлікті адамдарға тап боларсың,-деп салдырлап сөйлеп біраз жайды айтты.

Екі-үш күн аңшы шалдың күркесінде болып шынында да демалып, әл жинадым. Қақпанға түскен аң етін қақтап, тұздап дайындай береді екен. Содан кейін жолға шығып оның көрсеткен ауылына да жеттім. Алғашқы кездескен адамнан:

-Осында адайлар тұра ма?,-деп сұрағанымда таң қалғандай бетіме қарап:

-Шырағым, осында тұратындардың көбі адай, кім керек еді,-деді.

-Үстірттің үстінен, Сам құмынан келемін. Еліміз қуғын-сүргінге ұшырап ауып кеткен еді. Ауру күйеуімді күтемін деп қалып қойғанмын. Қайтыс болғасын солардың артынан келемін,-дедім.

-Е, қарағым-ай, бұл жерден талай адамдар өтті ғой. Көлікпен де, жаяу-жалпы шұбырғандары да бар. Бірақ осында тұрақтап қалғандары жоқ. Адайды сұрасаң ана бір көрінген үй қырықмылтық болады. Мүмкін сенің іздеп жүрген адамдарыңды біліп қалар,-деді.

Содан не керек, сол қырықмылтықтың үйінде тұрақтап қалдым. Үйдің бәйбішесі басымнан өткен жайымды естіген бойда көзіне жас алып:

-Сіңлім екенсің ғой, айналайын. Сенің ажалың жоқ па, әлде ішіңдегі бейшара баланың көрер жарығы бар ма, әйтеуір аман қалыпсыңдар ғой. Құдай-ау, осы жақтың адамдары сен келген Сам бойына атты адам суыт жүргенде 4-5 күн уақытымызды алады,-деп отырушы еді. Құдай қолдаған екен. Осында бол. Сен үшін емес, өзіміз үшін от жағып, мосыға қара шәйнекті өзіміз үшін ілеміз ғой. Кетеуі жоқ қара су болсада бұйырғанын бізбен бірге ішерсің. Алдымен аман-есен қол-аяғыңды бауырыңа жинап ал. Маңдайыңа тап болғанын артынан көрерсің. Кім біледі, біреуден біреу естіп ата-енеңді де табарсың,-деді.

Сөйтіп тұрақтап қалдым. Барғаннан кейін көп ұзамай мына бала өмірге келді. Өткен-кеткеннен сұрау саламын. Құрдымға кеткендей ата-енемді де, бірге кеткен ағайындарды да білетін адам болмады. Күндер өтіп жатты. Бірде үй иесі әйел:

-Әй, қарағым Бәтима, осында келгеніңе де жылға жуықтап қалды. Ата-енеңнен сірә хабар жоқ. Күйеуіңді өз қолыңмен жерлеп келдің. Басың болса жас, жиырмаға енді келдің. Көрер қызығың алда емес пе? Өзіңе, мына талпынып отырған балаңа қамқоршы болатын адам керек шығар. Өмір бойы қу тізеңді құшақтап өтпейсің ғой. Осында әйелі өмірден өткен руы қараш бір жігіт бар. Шешесі екеуі тұрады. Марқұм келіншегі бала көтермей кетіп еді. Өзі жуас. Соған байланысты шығар, сыртыңнан көз салғанымен көкейіндегі ойын айта алмай жүр екен. Менің ақылымды тыңдасаң сол жігітпен «екі жарты-бір бүтін» болып түтін түтеткенің жақсы,-деді.

Оның жанашырлық ақылын тыңдаудан басқа менде жол жоқ екені белгілі. Егер Бердібек хабарсыз кеткен болса үмітімді үзбейтінім анық. Не керек, «Ей, Алла! Ендігі өмірімді баянды ете көр!» деп қараштың үйінің  босағасын аттадым. Маңдайымның бағы бар екен, күні бүгінге дейін бетіме қатты келіп көрген жоқ. Ең бастысы өзінің қаны болмаса да мына баланы шетке теппеді. Өзінен өрбіген төрт бала да қатарға қосылды. Өткеннің бәрін ұмыттым деп құдай алдында күнәһар болмайын. Өзім сүйіп қосылған алғашқы қосағымды, Сам құмының бойында өткен бақытты күндерімізді бастапқы әзірде жиі еске алып, түнімен жастығымды жасқа шылап шығатынмын. Бірақ соңғы жолдасым өзінің екінің бірінде кездесе бермейтін ақылымен қай-қайсымызды да бауырына тарта білді, қайғыны ұмыттырып қамқоршы болды.

Сөйтіп жүріп біраз жылды артқа тастадық. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде аяқ астынан баяғы көшпен бірге кеткен Бердібектің жақын ағаларының бірін кездестірдім. Ата-енем өмірден өтіпті. «Бердібектің көзі» деп жаңа талпынып жүрген мына баланы көрсетіп, араласып тұруға да қарсы еместігімді білдіргенмен жылы шырай бермеді. Содан кейін балама бегей руы екенін айтуды жөн көрмегенмін. Бірақ ел арасында әңгіме жатпайды екен, бір күні дастархан үстінде балам:

-Осындағы біреулер: «маған сен қараш емессің, бегейсің, соны білесің бе?» деген әңгіме айтты. Сонысы қалай,-деп сұрады.

Мен үнсіз отырып қалдым. Күйеуім біраздан соң:

-Ия, балам, солай екені шындық еді. Бірақ күні бүгінге дейін менің тарапымнан бөтендік көрген жоқ шығарсың. Қай-қайсыңды да бөле-жармадым. Мына ақ дәмнің үстінде айтайын, тіпті осындай ой басымда келіп те көрген жоқ,-деп менің басымнан өткендерін, екеуміздің қалай қосылғанымызды айтып берді.

Балам әрине әкесінің сөзін үнсіз тыңдап, тіпті қамқорлығына алғанына рахметін де айтты. Бірақ содан кейін мінезінде бір өзгеріс болғанын сездім. Бұл әңгімені тек бүгін емес, сонау бала кезінен естіп жүргенін артынан білдік қой. Күйеуім де оны сырттай бақылап жүрсе керек, бір күні:

-Сен баяғы Бердібектің жатқан жерін таба аласың ба?-деп сұрады.

-Қайдан білейін, одан беріде біраз жыл өтті ғой. Оның үстіне басына қойылған белгі де жоқ,-дедім.

-Нар тәуекел, керек қаржыңды алып жолға шық. Елді-күнді жер емес пе, табылар. Балаң әкесінің жатқан жерін көзімен көрсін. Мен қанша бауырыма тартсам да оны қинап жүрген бір жай бар. Ол әкеге деген сағыныш, бұрын өзі көрмесе де ата-бабасының ізі қалған туған жерді бір көрсем деген ынтазарлық,-деп жолға салған еді деп әйел әңгімесін аяқтады. 

 -Е, шырағым-ай, тағдырдың тауқыметін де көп көрген екенсің, шүкір арты жөнге түсіпті ғой. Әкесінің жатқан жерін көрсетем деп жолға шыққандарың жөн болыпты. Көзі көрмеседе әлдебір құдырет арқылы жүрек түкпірінде жатқан қоламта сағыныш қой. Оның сөніп қалмай қайта қоздап жануына өлі аруақтар себепші болған шығар, кім білген. Осы маңайдың жаратылысы әлі көкейіңде тұрған болса бос жолды болмассың. Ертең мына баланың тракторының сүйретпесіне мініп шықсаңдар болады. Колхоздың жұмысы бір күнге ақсап қалмас. Нұркен дейтін бастығына өзі барып айтар. Жүрегі кең азамат, түсінеді ғой,-деп әкем алыстан келген қонақтардың жүрісіне ризашылығын білдіріп жатыр.

Ертесіне таңертең барып ферма бастығы Нұркеннен барып рұқсат алдым. Көпті көрген адам ғой, үйге келген қонақтардың жүріс-тұрысын айтқанымда: «Е, жарықтық бұл Сам құмы тәлкекке түскен талай тағдырға куә болатын шығар-ау. Құрал-сайманыңды ұмытпа. Қасыңа бір жігітті ертіп ал, керек болар,-деп ақылын айтты.

Әйелді қасыма, екі жігітті трактордың сүйретпесіне отырғызып түстікке қарата құм жағалап жүріп келемін. Бір ойға құладық. Әріректе төбе басынан мосыағаш көрінді. Соған туралап бір құмның тұмсығын айнала бергенде әйел «Сәл тоқташы» деп кабинадан түсті. Жан-жағына қарап шоғырлана өскен сексеуілге бет алды. Қасына барып әрі-бері тұрды. Бір уақытта қолын бұлғап шақырды. Құмның ықтасын жері ескілікті қаражұрт екен. Содан 50-60 қадамдай құбыла бетінде әлдеқашан шөгіп кеткен төмпешіктің сұлбасы жатыр. Таудың қара тасының бірі құмға көміле бастапты.

-Осы қаражұртты бұрын көрдім бе, жоқ па, есіме түсер емес. Ықтасын жерді бізден кейінде талай адам қоныстанған шығар. Мына төмпешік пен қара тастың сынығына қарап Бердібектің жатқан жері осы болар деп тұрмын. Мен адамның жатқан жері белгілі болсын деп күшім жеткенше топырағын биіктетіп салғанмын. Бірақ басқа белгі қоймағаным анық. Құмға көміліп жатқан тасты бізден кейін келген біреу кім екенін білмеседе шаншыған сияқты. Сау болсын, мұсылманшылық жасаған екен. Белдеріңді алып осы жерді қазып көріңдерші,-деді.

Құмақты жер жұмсақ болады ғой, екі жігіт қазып жатыр. Тізеден төмен түсе бергенде белдің басы қатты бір нәрсеге тигендей болды. Тағы да қаздық. Бір уақытта керегенің сынығы шықты. Шұңқырға көз салып отырған әйел сол бойда:

-Болды, әкеңнің жатқан жері осы. Енді одан әрі қазуға болмайды. Бұрынғылар арада қаншама жыл өтседе жұқпалы аурудың зардабы сол топырақта қалады дейтін еді. Елге зиянымыз тиер. Қайтадан көміңдер,-деді.

Топырағын биіктетіп, әбден үгітілуге айналған тасты шаншыдық. Бәтима баласын құшақтап отырып көз жасына ерік берді.

-Бердібек, сенің бетіңді жауып алдым беймәлім жолға түскенде айдалада қалған қорғансыздығым есіме түсіп, тірі қалмаспын деп ойлап едім. Ұзай бере «шәрмеңдеп жүріп ит-құсқа жем болғанша Бердібектің қасына барып жатайын. Ажалым жетсе тап болған бір мұсылман бетімді жабар» деген ойда болып артыма қарағанымда: «Адам бағыт алған бетінен жол ортада қайтпас болар. Қайрылма» деген даусыңды естігендей болып едім. Өміріңнің соңғы сәтінде ішімдегі бала жайлы «Әттең-ай, ол өмірге келсе өзіне арнап бәсіре тай дайындап мінгізсем» деген арманыңды айтқаның есіңде ме. Құдай соңғы тілегіңді қабыл алған шығар, мен аман-есен ел қатарына жеттім. Балаң өмірге келді. Өмір заңы ғой, басқа елдің түтінін түтетіп, ошағының бұтын ұстадым. Сенің рухың шығар, кәзір жиырма беске келген балаң жатқан жеріңді тауып, басыңа құран оқып кетуді парызы санады. Қасына еріп келіп отырмын. Жол үстінде «Егер жатқан жерін таба алсам басына белгі қойып кетем» деп армандап келе жатыр еді. Тілегін құдай құп алды. Мен үлкейдім. Ол жақта әлдеқашан бітісіп кеткен елім, жұртым бар. Енді келе алмасам ренжіме. Өзінің түп қазығын адаспай тапқан балаңды желеп-жебеп жатқайсың,-деп орнынан тұрды.

Ауылға қайттық. Нұркеннің ұйымдастыруымен Бейнеуден бір машина тас алдырып Бердібектің жатқан жерін қоршап, ру-тегін, туған, өмірден өткен жылын ақ тасқа ойып жаздық. Сол жерде аруаққа арналып садақа беріліп, құран оқылды.

Бәтима мен баласы айдалада пайда болған кереге тамды қимағандай тасын сипалап әрі-бері жүрді. Орнымыздан қозғала бергенде кешеден бергі ішкі толғанысын ешкімге білдірмей жүрген баласы: «Әке, жалғызсыратпай жыл сайын басыңа келіп тұрамын» деді даусы дірілдеп. Лықсып келген жасын да жасырмады.

Бұл жас сонау бала кезінде естігендері жылдар бойы жүрек түкпірінде қатпарланып жинала берген, үнемі аңсап, іздеген «Әке» деген қасиетті сөзді ұмыттырмаған тағдырға деген ризашылығы мен ата-бабасының мекені болған туған жерге деген мәңгі өлмес сағыныш жасы болатын.

Сөйтіп өздерінің адал жары мен әке алдындағы борыштарын өтеген адамдарға бүкіл ауыл риза болып, ертесіне ақ жолға аттандырып салған едік... 

Отыншы Көшбайұлы

                                                                                                          Өлкетанушы, жазушы

 

Әңгіме «Маңғыстау» газетінде 2018 жылдың наурыз айында жарық көрді