Сырым батыр Датұлының ұлы Қазы бидің ғұмырнамылық тарихына қатысты халық жадында сақталған фольклорлық деректерде: «Хан мен Қазы», «Шоқанмен Қазының әзілі», «Қазының төрелерге айтқан жауабы», тағы басқа әңгімелер бар. Қазы би Сырымұлына әкесінің шешендік өнері сөз тапқырлығы дарыған. Қазы би де сөзге шешен болған. Мақала арқауы, Қазы би Сырымұлының ғұмырнамасымен оның ұрапқтарының тарихы. Қазақ тарихындағы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы тарихи тұлғалар тарихына қатысты өзекті тақырыптардың бірі – Сырым батыр Датұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің және одан тараған ұрпақтарының тарихы екендігі күмән туғызбайды. Ресей патша үкіметі 1787 жылдың 16 қарашасында Сырым батыр Датұлы мен Бөкенбай батыр Тіленшіұлына ерлер жағынан мұраға кететін тархан атағын берді. Ресей патша үкіметінің Қазы биге қажырлы еңбегі мен әр жылдары атқарған ынталы қызметі үшін тархан атағы, шен-шекпен, төс белгілер, түрлі сыйлықтар бергенін архив құжаттары растайды.
Байбақты руының биі Қазы тархан Сырымұлының 1853 жылдың 22 наурызында Батыс бөлімінің сұлтан правительі Мұхамедғали Таукинге берген рапортында (рапорт 1853 жылдың 22 наурызы күні №115 номермен тіркелген. – Ө.И.). Қазы тархан Шерғазы хан Айшуақұлының тұсынан бастап жақсы қызметі үшін әр жылда, әр түрлі марапатқа ие болып, мақтау қағаздары мен наградалар, атақ-дәреже, шен-шекпен алғандығы жазылған.
1818 жылдың 1 желтоқсанында Орал әскерінің атаманы Бородиннен «Ресейге ынталы қызметі үшін» мадақтау қағазын алған.
1822 жылдың 20 маусымында әскери губернатор Эссеннің №139 бұйрығы бойынша Байбақты руын басқаруға басқармалыққа тағайындалады.
1831 жылдың 25 тамызында помещик шаруасы Нарышкин Сергей Шелкинді және мемлекеттік шаруа Степан Лонгозов және т.б. төрт адамды тұтқыннан босатқан еңбегі, патша үкімет тарапынан ескерусіз қалмай куәләндырылған №2530 мадақтау қағазы мен бағасы 70 рубль күміс ақша тұратын тоқыма шапан сыйға берілген.
1837 жылы 9 маусымда линия бойындағы қазақтардан күйме салығын жинаудағы өзгеге үлгі боларлық ынталы еңбегі үшін, Орынбор және Самара әскери генерал-губернаторы Перовскийдің өзі куәләндырып, қолын қойған алтын медальмен марапаттаған.
1838 жылдың 20 желтоқсанында полковник Баймұхамед сұлтан Айшуақовпен Исатай Таймановтың жақтастары тобының ізіне түсіп, оларды тарқатқаны үшін, Шекара комиссиясының тарапынан сыйға алтын жалатқан жүзік тарту етілген.
1842 жылдың 31 тамызында Бұхар мен Хиуаға елшілік сапарға жіберілген басқарушы Айшуақовты Сырдария өзеніне дейін шығарып салғаны үшін, «Аннинск» лентасына тағылған медаль «Владимир» лентасына тағылған медальмен ауыстырылады. Геккемен бірге бұрын Исатай Тайманұлының басқаруында болған «қарақшылар» тобының іздеріне түсіп, оларды тарқатқаны үшін патша үкіметі хорунжи атағын берген.
1840 жылы генерал-адъютант Перовскиймен Хиуа экспедициясына бірге жүріп серік болғаны үшін – «сотник» (жүз басы. – Ө.И.) атағын алады. 1843 жылы полковник (кейінен генерал-майор атағын алған, – Ө.И.) Биязновтың Кенесары сұлтанның тобына қарсы ұйымдастырылған жасағында болғаны үшін, «есауыл» атағы берілген.
1845 жылдың 13 қарашасында бұрынғы басшы Айшуақовтың тұсында ынталы қызметі мен әрқашанда бастықтардың бұйрықтарын орындауға ынталы дайындығы үшін, төраға генерал-майор Орынбор каменданты М.Ладыженскийдің (1803-1875) №794 кепілдігі бойынша тоқыма шапан сыйға тарту етілген.
1847 жылдың 24 қаңтарында кеңесші Бикмаевқа Есет Көтібарұлының «қарақшылар» тобын тарқатуға көмектескені үшін, Шекара комиссиясының атынан алғыс жазылған куәлік берілген. Басшы сұлтан Айшуақовпен бірге Санкт-Петерборда болған сапарында, Қазы тархан патша жарлығымен әскери старшын шенімен марапатталады.
1847 жылы Қазы Сырымұлын байбақты руларын басқаруға әскери губернатор Обручаев басқармалық қызметке тағайындайды. Жалпы, барлық мемлекеттік басшылықпен қойылған бұйрықтарды уақытылы және дұрыс орындағаны үшін, 1847 жылы әскери губернатор Обручаев Қазы тарханды байбақты руының басқарушылық қызметіне басқарма етіп тағайындаған. 1847 жылдан бастап өмірінің ақырына дейін байбақты руын басқарған.
Қазы би Сырымұлының туған жылы әліде нақтылауды қажет етеді. Қазы би Сырымұлы туралы зерттеулер Қазы бидің шамамен 1790 жылы туылғанын көрсетеді. Уикипедия – ашық энциклопедиясы әлеуметтік ресурс мәліметі бойынша: Қазы Сырымұлы 1770 (1772) жылдары туылып, 90 жастан асқанда қайтыс болған. Қазы бидің қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданына қарасты Сарыой ауылында туылғаны, тегі – Кіші жүздің Байбақты атасынан екені айтылады.
Дерек көзі: Арғынбаев Х., Мұқанов М., Восторов В. Қазақ шежіресі хақында. (құрастырған Ә.Нұрманов). – Алматы: Атамұра. – 2000. – 400 б.
Шежіре бойынша: Сырым батырдан ұлдары – Қазы, Жүсіп тарайды. Архив деректеріндегі Қазы Сырымұлынан тарайтын ұрпқтарының есмдерін негізге алып Қазы биден тарайтын бүгінгі ұрпқтарының ата-баба шежіресін толықтыруларына болады.
Қазы би Сырымұлы шамамен 1770 жылы дүниеге келгенін ескерсек, Қазы тархан Сырымұлы 84 жасына қараған шағында қайтыс болған болып шығады.
Қазы бидің туған жылына қатысты мақала авторларының дерегінше: Қазы шамамен 1790 жылы дүниеге келген. Байбақты руының Батақ бөлімінің Шолан бөлімшесін басқарған. Қонысы: жаз жайлауы - Үленті, Бұлдырты, Шідерті өзендерінің бойы. Қыстағы – Бұлдырты өзенінің саласы – Тұзды көлі [Сырым Датұлы // Жинақ. – Алматы: Арыс, 2004. – 22 б.]. Олай болса, 1790 жылы туылған Қазы би 63 жасында дүние салған болып шығады. Ескеретін мәселе, Қазы тархан Сырымұлының 1853 жылы губернаторға берген өзінің жазбаша өтінішінде: Өзінің ерекше толықтығымен, көзінің нашар көруіне байланысты атқа міне алмайтын және кәріліктен әр түрлі ауруларға душар болып, денсаулығының нашарлауына байланысты қызметтен босатуын сұрап арыз жазған. Сонымен қатар өзінің еркімен қызметтен босатылуына және көп жылдар бойы ынталы, адал көрсеткен қызметін ескеріп, зейнет ақымен қамтамасыз етулерін өтінген. Өтінішін бергеннен кейін, бір жылдан соң қайтыс болған. Батыс бөлігінің билеуші-сұлтаны Мұхамедқали Таукин Орынбор Шекара комиссиясына берген 1854 жылдың 7 сәуірінде № 425 тіркелген донесениесінде Қазы Сырымұлының 1854 жылы 16 қаңтарда қайтыс болғанын хабарлаған [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2708 - іс, 32-33 пп.].
Қазы тарханның өзінің жазған мәліметіне қарағанда, оның кәріліктен әр түрлі ауруларға душар болып, денсаулығының нашарлауына шығымдануына қарағанда, 80 жасқа шыққандығын меңзейді. Олай болса, оның 1770 жылы туылғандығы шындыққа жанасады. Бұл-бір. Екіншіден, Қазы тархан тек бір ғана Батақ бөлімін басқармаған, бүтін байбақты руларын басқарған болып отыр.
Ескеретін бір мәселе, Қазы тархан Сырымұлының өзі берген қысқаша ғұмырнамалық мәліметіне қарағанда, Қазы тархан тек бір ғана Батақ бөлімін басқармаған, бүтін байбақты руларын басқарған би болғаны анық.
Қазы тархан Сырымұлының отбасы жағдайына қатысты архив құжаттарында: Қазы тарханның төрт әйелі болған. Сол кездері Қазы тарханның бәйбішесі – Бибіт Құйсүгірова 60 жаста, тоқалдары – Ақел Тұрдалиева 51 жаста, Ырысжан Қасымова 42 жаста, Ажынай Нарынбаева 34 жаста. Қазы тарханның бәйбішесі Бибіт Құйсүгірқызынан туған балалары – Әбубәкір 30 жаста, Омар 24 жаста, Мұстафа 21 жаста, Шағымардан 18 жаста және қызы Балбөпе 10 жаста. Тоқалы Ақел Тұрдалиқызынан туған балалары – Асқар 14 жаста, Үсен 2 жаста және қызы Ақбөпе 10 жаста. Үшінші әйелі Ырысжан тоқалдан тараған балалары – Абдурахман 13 жаста, Зұлқарнай 11 жаста, Асан 2 жаста және қыздары Қадта 12 жаста, Бибісара 5 жаста. Төртінші әйелі Ажынай тоқалдан туған балалары – ұлы Иса 11 жаста және қызы Жанбөпе 9 жаста болған [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2708 – іс, 33 пп.].
1854 жылдың 14 маусымда подполковник сұлтан М.Таукиннің Орынбор шекара командиріне берген донесениесі мәліметі бойынша, Қазы тархан Сырымұлының қайтыс болуына байланысты әкесінің орнына Әбубәкір Қазыұлын Байбақты руының басқармалығына тағайындауын сұраған. Әбубәкір Қазыұлына дейін байбақты руының рубасы билігі бабасы Сырым батырдан бастап ұрпақтарына жалғасқан мұралық биліктің жалғасқан дәстүрін сақтағанын байқауға болады.
Әбубәкір Қазыұлы татарша хат танитын сауатты болған. Әбубәкірдің тұрмыс жағдайы орташа болған [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2708 - іс., 19 п.], – деп көрсетеді. Старшын Әбубәкір Қазыұлының қоныстық жері туралы мәліметте жазда – Шідерті, Батпақты және Анқаты өзендерінің бойын жайлаған, қыста – Өлеңті тоғайы мен Ханкөлінде қыстаған. 1754 жылы Әбубәкір Қазыұлына қарасты байбақты рулары 2821 шаңырақ үй болған. Малдарының есебіне келсек, 13500 бас жылқы, 6300 бас түйе, 3000 мүйізді ірі қара және ұсақ малдан 25000 бас қойлары болған [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2708 - іс, 19 п.]. Архив деректеріне қарағанда, Әбубәкірдің тұрмысының орташа болғандығымен келісу қиын. Төрт түлік малы көп бай болған. Архив деректерінен Әбубәкір Қазыұлы әкесі Қазы тарханмен бір ауылда тұрмаған, қыстау мен жайлау қоныс мекендері бөлек болған.
Осыған қарағанда, Қазы тархан Сырымұлы басқарған байбақты руларының ауылдары өте үлкен және төрт түлік малдары өте көп болғандықтан бөлек үй болып әкесінен еншісін алған Әбубәкір Қазыұлы байбақты руының бір бөліміне қарасты ауылға қоныс тепкен. Әкесі Қазы тарханның көзі тірісінде Әбубәкір Қазыұлы белгілі бір ауыл аймаққа билік еткендігін архив дерктері айғақтайды.
Сырым тархан немересі Әбубәкір Қазыұлының отбасы жағдайына қатысты деректер архив құжатында Әбубәкірдің екі әйелі болғаны жазылған. Екі әйелінен 8 баласы болған. Сол кезде бәйбішесі – Бату 37 жаста. Тоқалы – Байжазық 20 жаста болған. Бәйбіше Батудан туған балалары – Жаншу 16 жаста, Мұса 10 жаста, Ақнар 1 жаста. Тоқалы Байжазықтан туғандар – Мәрия 12 жаста, Қаншу 9 жаста, Нұртаз 8 жаста, Ұлбану 6 жаста, Зухра 5 жаста [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2708 – іс, 19-20 пп.].
Сырымұлы Қазы тарханның төрт әйелінен көрген 16 баласы тархан аталарына тартып ел басқарғандары да болды. Байбақты руларын басқару билігі Сырым тархан Датұлынан кейін ұрпақтарына мұраға кеткенін көреміз. Сырым тархан немересі Омар Қазыұлы 1855 жылдың 16 қарашасынан 1857 жылдың аралығында комиссияға қазақ халқының атынан мүшелікке кірген. 1852 жылы күйме салығын жақсы жинаған еңбегі үшін, патша үкіметі Омар Қазыұлына адал қызметі үшін қанжар мен оқ-дәрілерді сыйға тартқан. Патша үкіметі тарапынан мойынға салынатын Аннинск лентасына тағылған, күміс медальмен марапатталғандығы туралы 1858 жылдың 26 қарашасындағы Орынбор Шекаралық комиссиясының стат кеңесінің төрағасының атына берілген мәліметтері қоса тіркелген [ҚР ОММ. 4 - қор, 1 - тізбе, 2870 - іс.10 п.].
Қорыта келе, Қазы Сырымұлының бір өзіне патша үкіметі әкесі Сырым батыр Датұлынан мұраға жалғанған тархандық атақтан басқа: хорунжи, сотник, есауыл, әскери старшын атақ-дәрежелерін берді. Мұнан шығатын қорытынды: біріншіден, Қазы тарханның 1854 жылдың 16 қаңтарында қайтыс болғаны анықталды. Екіншіден, оның отбасына қатысты 4 әйелі мен ұрпақтарының есімдерімен жас шамалары белгілі болды. Үшіншіден, патша үкіметінің өздерінің саясаттарын жүзеге асыруда елге танымал азаматтарға атақ-дәрежені аямай беру арқылы қазақ жеріндегі патша үкіметінің сенімді шенеунігіне айналдыруды көздеген саяси ұстанымдарын көреміз. Төртіншіден, патша үкіметінің орыс әскерилерінің атақ дәрежелерін қазақ қоғамына енгізудегі ыждағаттылық жасағандарын байқаймыз. Бесіншіден, Омар Қазыұлы бабасы Сырым батырдан келе жатқан аталы-балалы тархандар әулетінен болғанымен, патша үкіметі Сырым тархан немересі Омар Қазыұлына тархан атағын бермеген. Олай болса, патша үкіметі тархандық атақтың мұралық жолмен ұрпақтарына кетуге тиіс заңын үнемі сақтай бермеген. Патша үкіметінің ендігі жерде тархан әулетінің ұрпақтарын тархандық атақпен ұлықтаудың орнына патша үкіметінің медальдарымен марапаттауға көшкен саяси ұстанымдарын байқаймыз.
Өтеген ИСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай өңірлік университетінің профессоры