Қазақстанда ХХ ғаысрдың 20-30 жылдарында (негізінен) үдемелі индустрияландыру, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, мәдениет, білім және ғылым саласындағы түбегейлі өзгерістер («мәдени революция» деп аталатын) жүргізілді. Қазақстанда Кеңес өкіметінің бұл терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістері 1928 жылығы бай шаруашылықтарды тәркілеумен белгілі.
Кеңестік волюнтаристік қайта құрулар КСРО көлемінде жүргізіліп, халықтың қарсы болғанына қарамастан жеке шаруашылықтарды жою және өнеркәсіп саласын, ауыл шаруашылығын, мемлекеттік меншікке күштеп көшірулерінің соңы халықты ашаршылыққа ұрындырды. Алайда қазақ халқының тағдыр-талайы бұлардан әлдеқайда ауыр, әрі аянышты болды. Отырықшы аймақтар осындай зардаптар шексе, көшпелі тұрмыста, малмен кең даланы жайлаған 5 млн. жуық көшпенді қазақ индустрияландыру және ұжымдастыру шараларымен қатар, жедел түрде отырықшылануы тиіс болды. Осындай кеңестік биліктің жүргізген солақай саясаттының салдарынан туындағын, 1931-1933 жылдардағы зұлмат ашаршылық басталды.
Архив деректері бойынша, 1931 жыл мен 1932 жылдың басынан бастап ашыққан адамдар, ауылдардан қалаға қарай шұбырып маңайындағы қалаларға симай кеткен. Қазақстаннан тысқары жерге босып кеткендердің де жағдайы мәз болмаған. 1932 жылы қазақ даласынан Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мың, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 45-50 мыңдай адам аштықтан босып барған. Мысалы, көршілес Қырғыз Республикасына ауа көшіп барған қазақтар жөніндегі шолуда: олардың жалпы санын айту қиын, өйткені халық өз бетімен лек-легімен келуде, - деп жазылған. Сол құжатта Қордай асуында Қырғыз еліне жете алмай жолда қайтыс болған көптеген адамдардың денесі көктемде қар астынан шыққаны айтылады. Еділ және Сібір жаққа кеткен қазақтардан да көп адамдар аштан өліп, қырғынға ұшыраған. Көшпелілердің жағдайы өте қиын болған. Деректер бойынша 71 аймақ көшпелілер (Дұрысы босқындар. – Ө.И.) ықпалынан зардап шексе, оның 50-і көшпелі және жартылай көшпелі, 21-і отырықшы егіншілік аймақтары болды. Мәжүбірлі көші-қоннан әсіресе Оңтүстік өңірдің аудандары, Алматы облысы, Қарағандының оңтүстік бөлігі, Ақтөбе облыстарының Шығыс және Оңтүстік бөлігінің батыс бөлігі және Батыс өңірінің бірнеше аудандары зардап шеккен. Сонымен қатар, ескі егіншілік аймақтарының ішінде ең көп зардап шеккендері, Әулие-Ата, Талдықорған, Меркен, Талас, Шу, Созақ, Іле, Ақтөбе облысына қараған Қаратал, Жетіғара, Семиозерный аудандары, т.б. Қазақстанның барлық аймақтарда аштыққа ұшыраған 90 000-нан астам үй шаруашылығы, жалпы халқы шамамен 300 000 адамдар тұрақты қоныстарын тастап, басқа аудандарға, облыс орталықтарына, темір жол бекеттерінің бөлімшелеріне босып ауа көшкен. Сондай-ақ, 2 айда Орталық Азиядан, Сібірден, Еділ бойынан оралған көшпелілердің легі көбейіп, күнен-күнге тоқтамаған. Күннің жылынуының басталуымен өткен жылдардағыдай босқындардың басқа өңірлерден жаппай оралу қаупі бар делінген болжамдар айтылған. Жағдайдың қиындығы тек 90 мың көшпенділердің болуымен ғана емес, сонымен қатар егіс алқабындағы кем дегенде жүз мың қазақ шаруашылық қожалықтарының шын мәнінде аштыққа ұшырауында және шұғыл көмек қажет екендігінде болып отырғаны айтылған.
Әдетте, бұл босқын көшпенділердің барлығында және сол жерде аштыққа ұшыраған халықтың едәуір бөлігінің мүлдем малдары жоқ. Кезінде Орта Азияға малмен көшіп кеткендер ол жақтан елге арап ашып, малсыз оралған. Орталық Азиядан елге оралған босқындармен ел ішіндегі босқындардың көбі ауруға шалдыққандар, олардың арасында өліп жатқандардың бары айтылады. Сонымен қатар босқындардың көпшілігі үйсіз, күйсіз қаңғырып қалғандар болды. Шаруа қожалықтарының көпшілігі өз балаларын темір жол вокзалдарында, қалалар мен облыс орталықтарына тастап кетуде, сол себепті қаңғырып қалған панасыз балалардың көптігі туралы архив дерегінде көрсетілген.
Архив құжатында: Көшедегі балалардан іріктеліп 57 мың бала алынып, жедел балалар үйіне орналастырылған. Көшеде босқын балалардың легі толастамайды, Оңтүстік, Алматы сияқты кейбір облыстарда тіпті көбейіп барады. Балалар арасындағы ауруға шалдыққандар мен өлім-жітім жағдайы өте жоғары. Бұл халықтың бүгінде 105 мың үй шаруашылығы немесе адамдардың 330-350 мыңға жуығы азық-түлік көмегін пайдаланады. Бірақ соңғы уақыттан аш адамдардың саны артып келеді. Оларды азық-түлік көмегімен қамтамасыз етуді кеңейтуге мәжбүр екендіктерін айтқан.
Босқындар тақырыбына қатысты демография мәселесін зерттеп жүрген профессор Айжамал Құдайбергенованың зерттеуінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудан туындаған ашаршылықтың салдарынан әсіресе қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі түрде айналысуға мәжбүр етті. Шетке кеткен қазақтарды қайтару шаралары 1932 жылдан бастап жүргізілді. Исаевтың арнайы комиссиясы 1932 жылы 25 сәуірде көшіп кеткендерді қайта қайтарып, орналастыру ісімен айналысты. Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмекке қаражат таппай жатқанда, Ф.И. Голощекин басқарған БКП(б) Қазақ өлкелік бюросы 1932 жылы сәуір-мамыр айларында Қазақстанға келген мамандарды қабылдау, оларға тұрғын үй салып беру мәселелерін қарастырып жатты. 1932 ж. 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы өзінің №97 хаттамасымен «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сол жылдың 27-сәуірінде Қазақ АКСР ХКК көшіп кеткен шаруашылықтарды қайта қайтару және оларды орналастыру жөніндегі жоспарын бекітті. Бекітілген жоспар бойынша шет аймақтарға арнаулы өкілдер жіберіп, босқын қазақтарды қайтару көзделді. Ол бойынша 35 мыңдай шаруашылықты елге қайтарып, Шығыс Қазақстан (11 мың), Қарағанды (6 мың), Батыс Қазақстан (6 мың), Оңтүстік Қазақстан (3 мың), Ақтөбе (7 мың) және Алматы (2 мың) облыстарына орналастыру жоспарланды. 1932 ж. 7 тамыздағы №58 қаулысында ауа көшкендер мәселесін отырықшыландыру ісімен қатар жүргізу керектігіне назар аударылғанын жеткізеді.
1. Біз, өз орындарын тастап, көші-қонға кеткендер санының артуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қолдандық. Аштық құрсауында қалған ауылдарға, азық-түлік наны жоқ ТОЗ колхоздарына азық-түлік көмегін жеткіздік. Сонымен бірге босқындар (откочевники) келген ауылдар мен колхоздарға келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында саяси жұмыстарға арнайы адамдар жіберілді. Басқа аймақтарға барып, босқындарды егіс науқанына жұмысқа қостық.
2. Облыс орталықтарына, қалаларға, темір жол бекттеріне топталғандарды көшіру жұмыстары жүргізлді. Темр жол бөлімшелерінде, ауылшаруашылық аудандарының колхоздары мен ауылдарында, әсіресе мақталы аудандарда және техникалық дақылдар аймақтарындағы босқындардың біразын бұрынғы өңірлеріне қайтарып, сол өңірлерге азық-түлік көмегі көрсетілді. Сонымен бірге біз, көшпелілердің (Дұрысы босқындар. – Ө.И.) өте шектеулі санын кәсіпорындарда, қолөнер өнеркәсіптік кооперациясында, құрылыс алаңдарында және т.б. жұмыс орындарына жұмысқа тұруларын ұйымдастырдық.
Босқындарға қатысты аталған шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде, бүгінде кейбір облыс орталықтары мен қалаларда көшпелілердің саны мынадай: Мәселен, Әулие-атада ақпан айындағыдай 12 мың емес, 3 мың көшпенділер бар; Түркістанда ақпанда айындағыдай 8000 орнына 3000; Қызылордада ақпан айындағыдай 6000 орнына 1500; Алматыда 5000 орнына 1500; Петропавл қаласында 6000; Гурьевте 1200; Ақмола қаласында 2000; Қарағандыда 2000; Балқашстройда 2000 т.б., қалалар мен облыс орталықтарында қалып қойған бұл көшпенділер (дұрысы босқындар. – Ө.И.) егіс басталмай тұрып, негізінен ауылдарға көшіріліп, егіс жұмыстарына тартылуына ерекше мән берілді.
3. Біз, егісті жинау науқаны басталғанға дейін қаладағы босқындарды ауылдарға қоныстандыру міндетіне байланысты қалалардағы барлық тамақтандыру орындарын қысқартудамыз және ауыр науқас, дұрыс тамақтанбаған және көшедегі балаларды қолдау үшін шағын ұйымдарды қалдырдық. Колхоздарда, ауылдарда және ТОЗ-да, әдетте, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін көшпелілерге (Дұрысы босқындар. – Ө. И.) нан бөлуді ұйымдастырдық.
4. Ауылдарға қоныстанған босқындарға көмектесу мақсатында күшті колхоздар мен машина-трактор станциялардың көмегіне сүйене отырып олардың егін егулеріне және оларға жұмыс малдарын (Арбаға, соқаға жегетін жылқы, өгіз түйе малдары. – Ө.И.) сатып әперуге жәрдем беруді ұйымдастырған.
Көшіп-қонушылардың баратын жерін таңдауы, Маңқыстаудағы қуғын-сүргін мен ашаршылық, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріне тән көтерілістер мен азық-түлік қиындықтарымен туындаған, ауа көшкен босқындар елдің оңтүстік шекараларына: Түрікменстанға, Қарақалпақстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға қашуын туындатқан алғашқы көші-қон, босқындардың қозғалысының ерекшелігін айқын көрсетті. Елден қоныс аударушылар өздерімен бірге оңтүстік республикаларға малдарын солтүстікке қоныс аударушыларға қарағанда әлдеқайда көп алып кетуі тән болды. 15 960 шаңырақ Оңтүстікке қоныс аударды, олардың өздерімен алып кеткен мал саны 742 200 бас, ал 18 374 шаңырақ РСФСР мен Украинаға қоныс аударды, олар өздерімен 148 598 мал басын айдап алып кеткен. Республиканың оңтүстік өңіріндегі қазақтар алғашқы тәркілеу толқынын бастан кешкенімен, олар әлдеқайда бай болды, табындарын реквизициялаудан және ұжымдастырудан сақтап қалу үшін, қарсылық ретінде шөлді өңірлеріне малдарын айдап қашып кетті. Ал кедейленген Солтүстік қазақтар тамақ таба алмаған жерлерін тастап босып қаңғырып кетуге мәжүбр болды. Сонымен бірге, мигранттардың солтүстікке қашуға деген ұмтылысы бүкіл көші-қон кезеңінде жалғасқан жаппай қозғалыстарды бастаған алғашқы көші-қон болды.
И. Голощекин республикадағы азық-түлік және көші-қон жағдайын елемеді. Ол көші-қонды кеңестік прогрестің нәтижесі ретінде қарастырды және өзінің «Қазақстанның Халық шаруашылығы» журналындағы жарияланымында былай деп жазды: «Өз ауылын ешқашан тастамаған, көшпелілерінен басқа жолдарды білмеген қазақ енді Қазақстан шегінде бір ауданнан екінші ауданға қоныс аударып, орыс және украин колхоздарына кіреді, жұмысын өзгертеді, Еділ мен Сібірдің құрылыс алаңдарына барады».
Аштықтың салдарынан қазақ босқындары жұмыс тапқан негізгі қалалар Новосибирск, Омбы, Барнаул болды. Кузбаста көшпенділер Кемерово, Сталинск, Ленинск-Кузнецкий, Киселевск, Прокопьевск шахталарына жалданып, темір жолмен Татар, Барабинск, Рубцовск, Славгородқа жетуге тырысты. Бірнеше ондаған мың ауа көшкен босқындар аймақтың тау-кен кәсіпорындарында қара жұмысшы болды. Бірақ 1930-1932 жылдары кәсіпорындар легімен келіп жатқан босқындардың бәрін жұмыспен қамтамасыз ете алмады.
1932 жылдың басында Орта Еділде Қазақстаннан келген 50 000-ға жуық қашқын болды. Бұл қазақтар Ақтөбе мен Орал өңірлерінен келген болатын. 1932 жылы 23 ақпанда Илецк пен Орынбор станцияларында әртүрлі жұқпалы аурулармен ауыратын 200-ге жуық адам жиналды.
Ф.Голощекинге жолдаған хатында С.М.Мендешев Орта-Еділ өңіріндегі қазақтарды қабылдаудан бас тартқан колхоз директорлары, сондай-ақ партия ұйымдары мен әкімшілігі тарапынан болған кемсітушілік туралы жазған. Кейбіреулері көшпелілерді колхоздардан тыс жерде орналастырды, ал басқалары қатты наразылықпен елеусіз ғана көмек көрсетті. Қазақтарға асханаларға кіруге тыйым салынды, ал басқа қоғамдық орындарда босқын қазақтарды жиі ұрып-соғатын болған.
Адай ауданын 1929-1930 жылдар аралығында 20 мыңға жуық өздерінің ата мекендерін тастап, Түрікменстанға қоныс аударуға мәжбүр болған. Онда көптеген босқын қазақтар ұлтын өзгертіп, өздерін қарақалпақ ретінде тіркеген.
Профессор Айжамал Құдайбергенованың дерегінде, қазақтар Қазақстанмен көршілес аумақтарға, көрші республикалар мен шетелдерге ауа көшіп, 2-3 жылда шетте жүрген қазақтар үлесі 16%-дан 41%-ға көтерілген кезде, керісінше, республикаға КСРО-ның европалық бөлігінен қоныстанушылап көшіп келіп жатты. Мысалы, 1934 жылы Ленинград, Мәскеу, Орал, Солтүстік Кавказ, Армян КСР, Грузин КСР-нен, сондай-ақ, Қиыр Шығыстан, Батыс Сібірден, Өзбекстаннан Ақмола қаласына 530 адам, Петропавл өлкесіне 986 адам, Атырауға 770 адам, Алматыға 2681 адам, Семейге 1828 адам, Орал, Петропавл, Гурьевке және басқа аймақтарға 1652 адам, барлығы 10758 адам келіп, 6075-сі кері қайтты, 4683 адам тұрақтап қалды.
Тікелей шығындардан басқа, адамдардың аймақтан тыс жерлерге жаппай көшуі теріс мәнге ие болды. Бұл демографиялық ауытқуларды ушықтырып, қазақ халқы үшін аса қолайсыз ұзақ жылдарға өзгерген этностық құрылымды сақтап қалды. Қоныс аударған - оралмандардың басым бөлігі іс жүзінде тұрғылықты жерін ауыстыруға, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған, ал Қазақстаннан тыс жерлерге көшкендер тарихи Отанымен, өз халқының мәдениетімен байланысын жоғалтқан жағдайды да ескеру қажет. Бұл да кейінгі жылдары байырғы этностың дамуына кері әсерін тигізген жағымсыз үдеріс.
1926-1939 жылдары Батыс Қазақстан халқы санының 400 мыңға жуық адамға жалпы қысқаруымен этникалық құрылым күрт өзгерді. Трагедияға дейін абсолютті көпшілікті құраған қазақтар 1939 жылы бүкіл халықтың жартысынан астамын - 555, 8 мыңды немесе 55,4% құрады, ал орыс халқы 286,5 мыңға дейін өсіп, регион халқының жалпы санының 28,5% құрады. Жалпы Батыс Қазақстан тұрғындарының келтірген залалы соншалықты үлкен болды, 1926 жылдағы адам санына тек 1962 жылы ғана жетті. Экономика айтарлықтай бұзылды. Адамдардың көшуімен мен кетуі ауылшаруашылық дағдарысынан баяу және ұзақ шығуға әкелді.
Қорыта келе, елді жайлаған зұлмат жылдардағы ашаршылық салдарынан ауа көшкен босқындардың көпшілігі далада қалып, ас-сусыз аштан өлді. Олардың сүйектері көмусіз далада қалды. Келешек ұрпақ босықындар тарихы – қазақ тарихының қаралы беттері екендігін ұмытпауға тиіс. Әлемдік тарих мұндай ауқымдағы апатты білмейді. Әрбір қазақ бұл апатты білуге, есте сақтауға міндетті.
Өтеген ИСЕНОВ.,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің
профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты
Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранты бойынша AP08856865-OT-20 «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» атты ғылыми жоба аясында дайындалды.