Жалғасы, басы осында
9. ЖАНАСОВ ҚАБИ (1890, Гурьев(Атырау) өңіріндегі Қызылқоға болысының №1 ауылы – ?, Атырау обл.) – кеңес заманындағы білім беру ісінің үздігі. Ұлы Отан соғысының сарбазы (1943-1944 жж.). Гурьев қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын курсты (1924), педучилищені (сырттай оқып)(1942) бітірген. 1920-1932 жж. - Қызылқоға өңіріндегі Кермеқас, №№4,6,8-ші бастауыш мектептерінің мұғалімі және меңгерушісі, 1932-1944 жж. - Орал облысының Тайпақ ауданындағы Тегісшіл, Көрқияқ бастауыш, Тасшағыл орталау мектептерінің мұғалімі, Сталин атындағы ұжымшардың есептеушісі, 1944-1954 жж. - Қызылқоға ауданындағы «Социалистік» бастауыш мектебінің мұғалімі және меңгерушісі болып, абыройлы еңбек етті. Қызылқоға ауданындағы бастауыш мектептің меңгерушісі болып, жұмыс жасап жүрген кезінде 1950 жылы – КСРО-ның Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1946 жылғы 16-шы желтоқсанда - «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған («Ведомости ВС СССР»; Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты; А. Әміржанұлы. Атыраудың ардақты адамдары. Ғұмырнамалық анықтамалық. Ат., 2015 ж.).
10. ЖОЛАМАНОВ ДҮЙСЕНҒАЛИ ЖОЛАМАНҰЛЫ, (1895, Ракөш кенті – 1980) – кеңестік білім беру саласының озаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі және білім беру ісінің үздігі. Гурьев қалалық училищесін, педкурсты (1913 ж.) бітірген. 1914-1915 жылдары – Ақтөбе өңіріндегі бұрынғы бірсыныптық Кеңқияқ орыс-қазақ училищесінің мұғалімі, 1916-1929 жылдары - Атыраудағы бұрынғы Ракөш мектебінің (кейіннен – мектеп-интернатының) меңгерушісі, 1929-1955 жылдары – Гурьев қаласындағы кеңестік жетіжылдық мектептің меңгерушісі, педтехникумның оқу ісі меңгерушісі, Сарайшық шаруа жастары мектебінің оқу ісі меңгерушісі, округтік оқу бөлімінің инспекторы, Еркінқала орта мектебінің, педучилищенің директоры, облыстық және қалалық білім беру басқармасы мен бөлімінің мектеп инспекторы, Байшонас және Ескене мектептерінің оқу ісі меңгерушісі болып, абыройлы еңбек етті. Ерен еңбегі үшін 1953 жылдың 9-шы қазанында КСРО-ның Ленин орденімен марапатталды («Статистический обзор Уральской области на 1915 г. Уральск, 1915 г;«Ведомости ВС СССР»; Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты; А. Әміржанұлы. Атыраудың ардақты адамдары. Ғұмырнамалық анықтамалық. Ат., 2015).
11. ЖҰМАҒАЗИЕВ НАЗАР, (т.-ө.жж.б.) - Атырау өңірінде ХХ ғ.басында ұстаздық жұмысты бастаған және алғашқы кеңес мектептерінде еңбек еткен мұғалімдердің бірі. Төңкеріске дейін Қызылқоға өңіріндегі мектептерде ұстаз болды. 1918-1921 жж. Қызылқоға болысындағы №№1,8,9 ауылдарының төртінші толық емес мектептерінде науқасты болған мұғалімдер Айтқали Тормұқанбетовтің (Жармұқанбетов - ?), Мұстақимовтың орындарында уақытша сабақ оқытты, 1921 ж. №1 ауылдың мектебіне тұрақты мұғалімдікке бекітіледі. Кейінгі ғұмырнамасы әзірге белгісіз (Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты; А. Әміржанұлының жеке мұрағаты).
12. ҚАРАШИН ҚАЗМҰҚАНБЕТ КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, (1879,Атырау өңірі -1955, Махамбет ауданы) - Атырау өңірінде ХХ ғ.басында ұстаздық жұмысты бастаған мұғалімдердің бірі, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері. Бұрынғы Гурьев қисымындағы Гурьев болысының №1 ауылындағы сауат ашудың орыс-қазақ мектебіндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі (1904 ж.) және мектептің меңгерушісі (1904-1907 жж.), Сокол елді мекеніндегі бірсыныптық орыс-қазақ училищесінің мұғалімі (1908-1909 жж.), Есбол болысының №5 ауылындағы сауат ашудың орыс-қазақ мектебіндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі (1910-1911 жж.), Есбол ауылындағы бастауыш орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі және мұғалімі (1912-1915 жж.) болып жұмыс жасады. Кеңестік кезеңде мұғалім, мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры санатында үздік еңбегімен көзге түсті. Жемісті еңбегіне орай КСРО-ның ең жоғары марапаты - Ленин орденімен сыйланды. Махамбет ауданындағы Сарайшық мектебіне 1993 ж.Қ. Қарашиннің есімі берілді («Статистический обзор Уральской области на 1905-1915 гг.»; «Махамбет ауданы энциклопедиясы». Ал., 2005 ж.).
13. ҚАСЫМОВ ӘНДІРЖАН ЖАРМҰҚАНБЕТҰЛЫ, (1897, қаз. Құрманғазы ауданы - 1953, сонда). 1948 жылы «Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мұғалімі» атағын алған озат ұстаз Әндіржан Жармұқанбетұлы Қасымовтың Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан біз тапқан деректеріне қарағанда, ол «Атырау облысының мұғалімдерінің энциклопедиясы» жазғандай, «1895 жылы» емес, 1897 жылғы қаңтар айында Теңіз өңіріндегі Нұржау ауылында дүниеге келіпті. 1912-1915 жж. Ордадағы мұғалімдер училищесінде оқыған. Ұстаздық еңбек жолын «1922 жылы» емес, 1916 жылы бастаған. 1916-1917 жж. – Ганюшкин ауылдық мектебінің меңгерушісі, 1917-1918 жж., 1920-1921 жж. – Нұржау ауылкеңесіндегі Қаракөл мектебінің меңгерушісі, 1918-1919 жж. – Теңіз аудандық халық ағарту бөлімінің инспекторы, 1919-1920 жж.,1925-1926 жж. - Нұржау ауылкеңесіндегі Шағырлы бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1921-1923 жж.,1924-1925 жж.,1929-1930 жж – Ганюшкин коммуна-мектебінің мұғалімі, 1923-1924 жж. – Өлеңді ауылкеңесіндегі Ақтөбе орталау мектебінің мұғалімі, 1926-1928 жж. - Нұржау ауылкеңесіндегі Дәшін бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1928-1929 жж. - Өлеңді ауылкеңесіндегі Малды бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1930-1933 жж. - Өлеңді– ауылкеңесіндегі Өлеңді шаруа жастары мектебінің меңгерушісі, 1933-1934 жж. –– Ганюшкин шаруа жастары мектебінің мұғалімі, 1934-1937 жж. – Жылой ауданындағы Жылой орта мектебінің директоры, 1937-1941 жж. – Гурьев қаласындағы Орджоникидзе орта мектебінің директоры, 1941-1942 жж. – осы қаладағы Жамбыл орта мектебінің директоры, 1942-1943 жж. – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, 1943-1944 жж. – Гурьев қаласындағы Орджоникидзе орта мектебінің мұғалімі, 1944-1953 жж. – Теңіз ауданының Кудряшов, Абай атындағы орта мектептерінің директоры болып, абыройлы еңбек етті. Еселі еңбегіне орай Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің (ОАК-нің) «Қазақстанға ХҮ жыл» төс белгісімен (1935 ж.), КСРО-ның «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен (1946 ж.) марапатталған (Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты; А. Әміржанұлы. Ұрпақтарға ұлағат ұқтырған ұстаздар. 4-кітап. Ақт., «М.Стиль», 2016).
Жалғасы бар