АТЫРАУДЫҢ АЛАШОРДАЛЫҚ МҰҒАЛІМДЕРІ

АТЫРАУДЫҢ   АЛАШОРДАЛЫҚ  МҰҒАЛІМДЕРІ

Жалғасы,басы осында

 

 

 

 

 

3. БАЙСЕУОВ  ШАЙХЫ  (т.ж.б.-1931) – Атырау  өңірінде  Ұлы  Қазан   төңкерісіне  дейін  ұстаздық  жұмысты  бастаған  мұғалімдердің  бірі,  қоғам  қайраткері. Орынбор  қаласындағы  Қырғыз (қазақ) мұғалімдерінің  мектебін  бітірген (1913). Темір  қисымындағы  интернатсыз Екінші  Қазбек орыс-қазақ  училищесінің, Қызылқоға   өлкесіндегі  Қаракөл  бір  сыныптық  орыс-қазақ  училищесінің  мұғалімі (1913-1919 жж.), Өлкені  басқару  жөніндегі  Ойыл  қисымдық (уездік) Революциялық  әскери  кеңестің  төрағасы (1919-1920 жж. жж.), Атырау  өңіріндегі  әртүрлі   мектептердің  мұғалімі (1920-1931 жж.)  болып,  абыройлы  еңбек  етті(«Статистический  обзор  Уральской  области  на  1915 г.»;    Атырау  облыстық  мемлекеттік  мұрағаты).

 

4. БЕРНИЯЗОВ  СӘБИТ (10.12.1894 – ө.ж.б.) -  ХХ ғ.басында  Атырау  өңіріндегі  мектептерде  ұстаздық  жұмыс  бастаған, кейін  кеңестік  ағарту  жүйесінде  еңбек  еткен  мұғалім. Гурьев  жоғары  бастауыш  училищесі  жанындағы  екіжылдық  педагогикалық  курсты  бітірген (1915 ж.). Индер бастауыш  училищесінің  мұғалімі (1915-1916 жж.), Сағыз уездік  халыққа  білім  беру  бөлімінің  іс  қағаздарын  жүргізуші (1917-1919 жж.), Қызылқоға  азық-түлік комитетіндегі  қаржылық-есеп  бөлімінің  есептеушісі (уақытша)(1920 ж.), Қызылқоғаның  бірінші  толық  емес  мектебінің  меңгерушісі (1920  жылдың  тамызынан  бастап),  Қаракөл орталау  мектебінің  меңгерушісі (1931-1933 жж.) болып, қызмет  жасады (Атырау  облыстық  мемлекеттік  мұрағаты; «Қызылқоға   энциклопедиясы». Ал., «Үш  қиян», 2002;  А. Әміржанұлының   жеке  мұрағаты).

 

5. БИСӘЛИЕВ   ҮМБЕТ   НАҚАНҰЛЫ (1892, Дендер  өңірі – 13.8.1968, сонда) – кеңестік  білім беру ісінің үздігі. Қазақ КСР халық  ағарту  ісінің  озық  қызметкері (1936). Бұрынғы Орда  қаласындағы  екі  сатылы  орыс-қазақ  мектебін (1914), Орал  қаласының бұрынғы  мұғалімдер  семинариясын  бітірген (1917). 1917-1936  жж. - Орал  өңірінің Шолан  болысындағы бір  сыныптық  училищенің, Жаңа  Казанка кентіндегі  жетіжылдық «Коммуна»  мектебінің  меңгерушісі, Есбол  ауданың  Гребенщик, Есбол,  Қызыл  үй мектептерінің  орыс  тілі  пәнінің  мұғалімі, оқу  ісі  меңгерушісі,  директоры, аудандық оқу  бөлімінің  инспекторы, 1936-1953 жж. – Новобогат  ауданындағы Сталин, Андреев,  Социал, Куйбышев,  Аманкелді  орта  мектептерінің  меңгерушісі,  директоры  болып,  абыройлы  еңбек  етті. Новобогат   ауданындағы  «Социал» жетіжылдық  мектебінің   директоры  болып,  жұмыс  жасап  жүрген  кезінде  1946  жылы  - КСРО-ның  «1941-1945 жылдарғы  Ұлы  Отан  соғысындағы  ерлік  еңбегі  үшін» медалімен,   1949 жылғы  21-ші қаңтарда - Ленин орденімен марапатталған («Ведомости  ВС СССР»; Атырау  облыстық  мемлекеттік  мұрағаты; А. Әміржанұлы.  Атыраудың  ардақты   адамдары. Ғұмырнамалық  анықтамалық. Ат., 2015 ж.).

 

6. БУРАБАЕВ   ДҮЙСЕНҒАЛИ  БУРАБАЙҰЛЫ  (т.-ө.жж.б.) – ХХ ғ. басында  Атырау  өңіріндегі   мектептерде  жұмыс  жасаған  ұстаз. Бұрынғы  Гурьев   қисымындағы  Гурьев  болысының №1 ауылындағы сауат ашудың  орыс-қазақ  мектебінің  екінші   мұғалімі  (1905-1907 жж.), Гурьев-Ілбішін  ауданындағы  халықтық  училищелер инспекциясына  қарасты  Гурьев қалалық  2-ші   медресесі  жанындағы  орыс  сыныбының  орыс  тілі   пәнінің  мұғалімі (1910  ж.), Индер  болысының    №1  ауылындағы сауат  ашудың  орыс-қазақ  мектебіндегі  орыс  тілі  пәнінің  мұғалімі  (1911 ж.), 2-ші  Соналы  бастауыш  орыс-қазақ  училищесінің  меңгерушісі  және  мұғалімі (1913-1914 жж.)   болып  еңбек  етті. 1917 ж.Гурьев  қисымы  бойынша  облыстық  жергілікті  үкіметтің  мүшесі (областной  гласный) болды. Кейін  коммунистік  партия  мүшесі  ретінде кеңестік  мектептердің  құрылып,  дамуына  ерекше  үлес  қосты,  1922  жылғы  партиялық  тазалау  кезінде  партияға  мүшеліктен  6  айлық  кандидаттық  мерзімге  көшіріліпті, мұнысы, сірә, бұрын  «Алашқа»  бүйрегі  бұрғандықтан  болар  («Статистический  обзор  Уральской  области  на  1905-1905, 1911-1915 гг.»; «Объявления». Газета  «Трудовая  правда», орган  Гурьевского  укома  РКП (б), 12  февраля   1922  г.).

 

7. ДОСОВ   ҚОЖАҒҰЛ   ҚАЛДЫҚОЖАҰЛЫ (1870-1955)Атырау  өңірінде ХХ ғ.басында  ұстаздық  жұмысты  бастаған  озат  мұғалімдердің  бірі, Қазақ  КСР-нің  халық  ағарту  ісінің  үздігі (1940 ж.). Орынбор  қаласындағы  екіжылдық  мұғалімдер  семинариясын  бітірген. Бұрынғы Темір  қисымындағы  Ойыл  бірсыныптық  орыс-қазақ  училищесінің  екінші  мұғалімі (1901 ж.), Ойыл  бірсыныптық  орыс-қазақ  училищесінің   екінші  мұғалімі (1902 ж.), бұрынғы  Ілбішін  қисымындағы  Кермеқас  ауылының  бірсыныптық орыс-қазақ  училищесі   меңгерушісінің   лауазымын  атқарушы және   бірінші  мұғалімі (1903 ж.), екінші  мұғалімі (1904-1906 жж.), бұрынғы  Гурьев  қисымының Қарабау  ауылындағы  бірсыныптық   орыс-қазақ  училищесінің  екінші  мұғалімі (1907-1909 жж.), Есбол  кентіндегі  екісыныптық   орыс-қазақ  училищесінің  меңгерушісі (1910-1915  жж.) болып  еңбек  етті.  Кеңестік  кезеңде  Атырау  өңірінде,  оның  ішінде,  Қызылқоға  ауданы  аумағындағы  мектептерде, 1944  жылы  Миялы  орта  мектебінде   ұстаздық  жұмыста  болды («Статистический  обзор        Уральской  области  на  1902-1915  гг.»; «Қызылқоға».Энциклопедия. Ал., «Үш  қиян», 2002 ж.).

 

8. ДОСОВ   ІЗІМ (1894, Қызылқоға  өңірі  – 1986, Атырау  облысының  Қызылқоға  ауданы) – кеңестік  білім беру ісінің үздігі. Тайпақ  өңірінің бұрынғы  Карманово  кентіндегі  екі  сыныптық  Есбол  орыс-қазақ  училищесін (1910), Гурьевтегі  ұлдар  гимназиясының  екінші  курсын (1913), Орал  қаласындағы  мұғалімдер  семинариясын (1916)  бітірген. 1916-1954  жж.  – Қызылқоға  өңіріндегі  бұрынғы  ауыл  мектептерінің  мұғалімі, кеңес  заманындағы  Қызылқоға  ауданының Сталин  атындағы  ұжымшары  жанындағы  бастауыш  мектептің, Қаракөл  орта  мектебінің  мұғалімі,  оқу  ісінің  меңгерушісі, «Мәдениет» бастауыш мектебінің мұғалімі  қызметтерін  абыроймен  атқарды. Қызылқоға  ауданындағы «Мәдениет» бастауыш мектебінің мұғалімі болып жұмыс жасап жүрген кезінде 1950  жылы Ленин орденімен марапатталған («Ведомости  ВС СССР»; Атырау  облыстық  мемлекеттік  мұрағаты; А. Әміржанұлы. Атыраудың  ардақты  адамдары. Ғұмырнамалық  анықтамалық. Ат., 2015 ж.).

 

    Жалғасы бар, осында