Есік пе, Ысық па?

Есік пе, Ысық па?

Бірде академик Әбдуәли Хайдармен бірге Талғарға барғаным бар еді дейді Мақсот Ізімов бауырым. Әбдуәли аға әңгімешіл адам екен. Менің туған жерімді тіпті руымды да сұрап алды. Сосын біраз үнсіздіктен кейін: "Осы Ысық руының қайдан шыққанын білесің бе?"-деп сұрады. Мен "Жоқ!"-деп жауап бердім. Сол кезде Ысық руының атақты Ысық батырынан тарағанын айтып берді. Әбекеңнің айтқанын және оның баспасөз бетінде жарияланған мақаласынан да оқып шықтым" деп сөзін аяқтады Мақсот досым. Мен сол мақаланы Мақсоттан алып осы сайтта жариялап отырмын. Оқырмандар өздері бағалайды ғой...

 

                                     Қабибек Мұхитов, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

 

Әбдуали Хайдар. Ғылымдағы ғұмыр. Алматы, 2014. І том. 174 бет

(Мақалалар мен баяндамалар жинағы)

 

   Түркі халықтарымен дүниеге бірге келіп, ғасырлар бойы бірге жасасып, қалыптасқан сөз байлығымыздың бір саласын жер-су атаулары құрайды. Жер-су атауларын «жер тарихы деп, ал ол – «ел тарихы» деп мадақтаудың да өзіндік мәні жоқ емес. Өйткені, алғашқы қауымнан басталған даму барысында ру-тайпа, ұлыс, халық болып қалыптасқан әрбір этностың көптеген шартты белгілерінің біріне тұрақты ғұмыр кешіп, тіршілік етуіне қажетті табиғи орта мен географиялық аумақ жатады. Міне, сол әрбір этностың ең бастапқы дүниетанымы, саналы өміріндегі алғашқы «шығармашылық өнері» өзін қоршаған табиғи орта мен географиялық нысандарды өз сөздері арқылы сипаттап, белгілеуден, яғни, ат қойып, айдар тағудан басталады. Міне, осылайша дүниеге келіп, қалыптасқан мыңдаған жер-су атаулары сол халықтың өз тілінде сөйлеп, тылсым тарихтан сыр шертетін, көненің көзіндей айтары мол тарихи бұлаққа айналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі қазақ халқы да түркі әлемінде тек өзінің ұлан-ғайыр жерімен ғана емес, сол жердің бет-бедеріне небір ғажайып сөз өрнегін түсірген, бір тұтам жерін бос қалдырмай, мәнді де маңызды, көне де байырғы атаулармен нысандауы арқылы, рухани бай халықтардың санатына жатады. Қазақтың кең жазира даласынан жанды табиғаттың барша құбылысын, құрлықтың құрамдық көрінісін түгел кездестіруге болады.

   Қазақ жерінің бетіне бейнелі де айшықты атаулармен «жазылған» тарихтан саналы қауым өзінің өткен тарихын, ата-бабаларының өз ұрпағына қалдырған қасиетті де қастерлеуге тұратын құндылықтарын танып-білуіне әбден болады. Әрине, ол құндылықтардың көбісін тарих шаңы басып, уақыттың құдіретті күші өзгертіп, замана талабы өз еркіне көндіргені де белгілі. Олардың көбісі кейінгі ұрпақ жадынан шығып, ұмыт бола бастаса да, бірақ тарих жады түгел ұмыта қойған жоқ. Міне, халқымыздың өткен өмірінен дерек беретін, оның тарихи- мәдени болмысына тән рухани жүгін арқалап келе жатқан талай ғасырларды аттап, мағынасы мұнарланып, тұлғасы өзгеріп бізге жеткен жер-су атаулардың біріне Есік-Есікті (орысша – Иссык) атауы жатады. Есік көлі, Есік өзені, Есік қалашығы, Есік қорғаны – бұлардың бәрі әр түрлі географиялық тарихи-әкімшілік нысандарға қатысты бір Есік түрінен туындаған атаулар. Алайда, бұл атауды о баста Іле Алатауының қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы аумағына жататын таулардың қойнау-шатқалында теңіз деңгейінен биіктікте табиғи түрде пайда болған (уақытын айту қиын) тау көлінің атынан туындаған деп жобалауға болады. Жетісу өңіріндегі ғажайып табиғаттың көз тартар көркем суретіндей болып, өз еліміздің ғана емес, шетелдердің де азаматтарын өзіне қызықтырып келген бұл көл, өкінішке орай, табиғи апаттан (сел тасқынынан) төмен қарай құлай ағып, жоқ болды (Қазірше қалпына келтірілген жоқ). Бұл көлдің тарихы әлі толық зерттеле қойған жоқ. Алайда Алатаудың арғы күншығыс жағындағы Қырғыз жерінде орналасқан Ыстық көлмен (орысша: Иссыкуль) оның табиғи байланысы бар екендігі көптен сөз болып келеді. Тянь-Шань тауының (Хан Тәңірінің) арғы-бергі беттерін алып жатқан ғажайып таулы өлке сонау сақ заманынан белгілі, сақ, түрік хандары жайлаған, хан ұрпағын жерлеп, қорғандар орнатқан қасиетті аймақ болып саналған. Күлтегінге арналған ескерткіште (VIII ғ. ) айтылатын «түрк ыдуқ субы» (орысша «священная тюркская страна») деген ұғымының да осы өлкеге тікелей қатысы бар. Енді көл, өзен, қала, қорған атаулары болып тұрған Есік сөзінің өзіне келейік. Бұл біздің айқындауымыз бойынша, Есік те, Есікті де (орысша Иссык та, қырғызша Иссик-куль де) емес, оның о бастағы төркіні – көне түркі тілінде кең тараған «қасиетті, киелі» (орысша: «священный, сокральный») деген мағына беретін Ысық сөзі. Тәңірге, табиғаттың тылсым күшіне табынған дәуірде соншама биіктікте пайда болған көлдің осылай аталуы – заңды құбылыс. Сонда: қазақ жеріндегі Есік көлі – Есікті көлі де, Қырғыздың Ыстықкөлі де – көне Ысық сөзінің дыбыстық жағынан өзгерген, көне мағынасының, ұмыт болып, бірде «үйде, ғимаратта, қорада т.б. нысандарда болатын, ашып жабылатын есік» мағынасында, енді бірде «көл суының ыстықтығын» білдіретін мағынада қолданылуы шындыққа жатпайды: қазақ көлінде есік жоқ та, қырғыз көлінде де ыстықтың белгісі жоқ. Бірақ екі атау – бір сөз. Сондықтан да, белгілі мәскеулік түрколог-ғалым, профессор Э.Р.Тенишев қырғыз Ыссық көлінің атауын (топонимін) «з» дыбысымен келетін редиктілі (сирек) формада қалыптасқан ертедегі Ызық көл («священное озеро») тіркесінен таратады (Э.Р.Тенишев. Древнекыргызский язык, Бишкек, «Кыргызстан», 1977. 26 б.). Автор қырғыз жерінде басқа да Ызық//Ысық (мыс. Ызық Ата «святой отец» т.б.) атаулары сақталған деп көрсетеді. Біздің сөз етіп отырған Есік атауы да көне «Ысық» («қасиетті», «игілікті» мағынасындағы) сөзінің өзгерген түрі. Бұл сөз түркі тілдерінің даму заңдылығы бойынша түркі әлемінде: ысық-ызық-ыдық-ыйық-ысыах-ыһыах т.б. тұлғалық (олардың арғы түбі қазақ тіліндегі игі//ізгі сөздерінде сақталған) және мағыналық нұсқа түрінде қолданылған, қолданылып та келеді. Бір мысал келтірейік. Мәселен, саха (якут) тілінде Ысыах// Ыһыах – көктем басында ойын-тамаша, қымыз ішумен өткізілетін қасиетті де дәстүрлі ұлттық мейрам-мереке. Ол туралы әдебиеттерде (қараңыз. Памятники фольклора народов Сибири и Дального Востока. Якутский героический эпос «Могучий эр Соготох». Новосибирск, 1996, с.400): «В прошлом ысыах устраивали по случаю свадьбы и других важных событий. В «Олонхо» устраивают по поводу всех важнейших событий (победа героя, женитьбы богатырей и т.п ), но обязательно приуроченных к лету. В настоящее время ысыах является всенародным национальным праздником», – деп көрсетеді. Бұл ысық сөзінің көп мағыналарының біреуі ғана.

   Жер-су атауларына байланысты көбінесе «қасиетті, киелі, игілікті» (орысша «священный, сокральный, обетованный») деген мағынасы қалыптасқан. Демек, Есік көлінің, сондай-ақ, осыдан туындаған Есік өзені, Есік қалашығы, Есік қорғаны атауларының о бастағы тұлғасы – Ысық, мағынасы «қасиетті, киелі, игілікті» болған. Бейнесі Мемлекетіміздің рәмізіне айналып отырған әлемге әйгілі «Алтын адамның» мәйіті табылған, кезінде талай сақ, түркі хандары жерленіп, қаншама қорған салынған Жер жаннаты Жетісудағы басы сонау Хан Тәңірінде жатқан апай төс Алатаудың төрінен орын тепкен Ысық-Есік жерінің кезінде «қасиетті, киелі, игілікті» деп аталғандығына ешкімнің де күмәні болмаса керек. Әрине, әр алуан себептермен Есік-Есікті болып өзгеріп кеткен бұл атаудың көне атын қайтадан жаңғыртып, Ысық деп айтуға да болар еді. Бірақ ол әрекеттің әурешілігі көп болатындығы да баршаға белгілі. Ысық атаулының тарихын қарастырып, төркінін анықтаудағы біздің мақсатымыз, түптеп келгенде: ата-бабаларымыз сонау көне заманның өзінде бүгінде «Алтын Адамның» мәйіті табылуымен әлемге белгілі болған осы бір құтты мекеннің қастерлеген атауы – Ысық («Қасиетті көл», «Игі өзен», «Киелі жер») болғанын бүгінгі жас ұрпақ біліп жүрсе деген игі тілекке байланысты. Ал, осы өлкеден табылған «Алтын Адамды» сол қасиетті елі мен жері үшін қыршынынан қиылған, хан әулетінен шыққан жас ұлан» деп танып, бүгінгі ұрпақ оның басына ескерткіш орнатып, көне дәуірдің көрінісін көзге елестетер белгі-нышандар қоя алса, саналы ұрпақтың бабалар алдындағы перзенттік парызын орындағаны болар еді.

 «Қазақ әдебиеті», 2003. № 32.