Мәтенқожа

Мəтен қожаның басына сырқатқа шалдыққандарды түнетуге алып баратынын бала кезімізден білуші едік. Басындағы құлпытасында Мəтен қожа Төлекұлының 1802 жылы 63 жасында өмірден озғаны оймышталған. Мəтен қожаның əкесі Төлек қожа Кедей қожадан тарайды. Бөкейлік қожалар тізімінде Кедей қожаның Төлек қожа, Өзбек қожа, Ахмет қожа, Қара қожа, Ақ қожа деген ұлдары көрсетілген. Орынбор губернаторына жазған хатында Қалдан қожа Күшік (Көшек) қожа ұлы бастаған бір топ бөкейлік Кедей қожа ұрпақтары Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Əзірет Əлидің ұлы Мұхаммед Ханафиядан Абдулманнан жəне Абдулфаттах атты екі ұлдың дүниеге келгенін, соңғысынан Абдулжаппардың, ал Абдулжаппардан Абдулқаһардың,   Абдулқаһардан Абдрахман қожаның туғанын, ал осы қожадан өздерінің тарайтынын хабарлайды. Қожалар шежіресі бойынша Абдрахманнан Исқақ (Ысқақ) баб пен Абд ал-Жалил (Əбдіжəлел) баб тарайды. Əбдіжəлел бабтың лақабы Хорасан ата. Осыған орай Мəтен қожа қазақ даласындағы Хорасан қожалар əулетіне жатады деп есептейміз.  Оның үстіне бөкейлік Қарауыл қожа да осы Хорасан қожалар əулетінен. Алайда, тарихшы И.Ерофеева Қарауыл қожаның бабасы Мұхаммед қожаны Сейіт (Саид) қожа əулетіне жатқызады. Ералы сұлтанның хатына иек артқан ғалымның бұл пікірін бүгінде отандық  зерттеушілердің барлығы дерлік   қайталаумен келеді. Біздіңше, Орынбор мұрағатында сақталған Мұхаммед қожаның тікелей шөбересі (Мұхаммед қожа - Мырза қожа - Баба қожа - Қарауыл қожа) Қарауыл қожаның өз ата-тегінің Хорасан қожа əулетінен тарайды деп айтқаны шындыққа  жақынырақ. Себебі, Қарауыл қожа қазақтар арасында Сейіт қожа əулетінен тарайтындар жоқтың қасы деген. Сондықтан ол өз ата-тегінің Хорасан қожа 
əулетінен бастау алатынын анық айтқан. Яғни, бөкейлікте  оның атасы Мырза қожа есімімен аталатын қожалар əулеті жəне Мəтен қожаның атасы Кедей қожа əулеті де оы Хорасан қожалар тобына жатады. Жалпы қожалар əулетінің тарихында зерттейтін мәселелер жетерлік.