АҚПАН АТАНЫҢ МӘҢГІЛІК ТЫНЫМ АЛҒАН ЖЕРІ МЕН
«АҚПАН ҮЙІГІ» МАҢҒЫСТАУДАН ТАБЫЛДЫ
Ежелден еліміз Отанын, қасиетті атамекенін қорғаған ерлерін құрметтеп келеді ғой, олардың ерлігі мен азаматтығын жырға қосып, жерленген жерлерін киелі орын ретінде қастерлейді. Қазіргі келісті істердің бір парасы өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды түгендеудің кеңінен өрістеп отырғандығымен көркемделуде.
Бұған Елбасының соңғы кезеңде жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалалары үлкен қозғау салып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» - деп, атап көрсетті. Осындай құрметке лайық тұлғалардың бірісі туралы айтпақпыз бүгін...
Қазақ тарихында қилы-қилы кезеңдер көптеп кездеседі. Солардың бірі – Қазақ жерінің батысын ежелден мекендеген Кіші жүз жұртының «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан 300 жылдай бұрын оңтүстікке қоныс аудару жайы, мұның себебін, қазіргі ғылым әлі түсіндіре алмай отыр. Қалай болғанда да, біздің бұрынғы ата-бабаларымыз 18-ші ғасырда «Қайың сауып», «Сауран айналып», баяғы қара орман жұртына оралады. Жоңғар шапқыншылығынан қорғанған аталарымыз әлгі айтылғандай азапты жолдардан өтіп, Атырау-Жайық-Маңғыстау өңіріне 1751-ші жылы қайта көшіп келеді, мұны ұлы ғұлама Ә. Кекілбаев ағамыз тұжырымдаған еді. Осылайша, «елімайлаған» қалың халықты ірі тарихи тұлғалар бастап келеді. Олар Адайдың Есек және Атағозы батырлары, Таздың Ақпаны, Әлімнің Әжібайы мен Аралы, Беріштің Есболайы сынды бірегей жандар болатын.
Маңғыстаулық арынды ақын Түмен Балтабасов (1884-1957) осы бір тарихи оқиғаның дұрыстығына куә болатын жәйтті өзінің «Маңғыстау» атты өлеңінде былай деп жырлапты:
«...Әуелі 60 үйдей аз болыпты,
Ішінде Ақпан деген Таз болыпты...».
Бұлардың ішінен оқырманға белгісізі Ақпан болып табылады. Ол кім болатын? Біздің жинаған деректеріміз төмендегіні баяндайды:
Ақпан Таз руының батыры әрі Кіші жүзге белгілі қолбасшы, ұлттың азаттығы жолында тұңғыш рет ХҮІІІ ғасырда ұйымдастырылған көтерілістің басты тұлғаларының бірі болыпты. Атақты кеңестік академик-тарихшы М. Вяткин өзінің Мәскеуден 1947 жылы басылып шыққан, кейін Сталиндік сыйлық алған «Батыр Срым» кітабында орыс отаршылдығына қарсы Сырым Датұлы бастаған қазақ көтерілісшілерінің 1783-1797 жылдарғы аталмыш тұңғыш күресін кеңінен баяндай келе былай деп көрсетіпті:
«...Среди сочувствующих Срыму старшин Д. Донсков называет еще старшин рода Шекты – Осека и Тотека, рода Таз – Акмана, рода Серкеш – Аллабергена, Бинилева отделения - Матая, брата султана Карабая – Даукара и его же сына Есенгазы (2 - Там же, л.55 об.(ЧОА, Эксп.погр.дел, 1791,д.№168 – А.Ә.)( М. Вяткин. Батыр Срым. Алматы: «Санат», 1998, стр.274)(ерекшелеген - біз). Мұндағы Акманның біздің батыр бабамыз, сол кезде ағаман (старшын) болған Ақпанның орыс құжаттары мен әдебиеттерінде осылайша жазылып келгендігін аңғару қиын емес.
Атаны мен 2009-2013 жылдары Ақтөбедегі «М. Стиль» баспасынан шыққан «Ақиық-арман (Кіші жүздегі Таз руының шежіресі)» атты төрт томдық еңбегімде алғаш рет атап көрсеттім (бірінші томның 40-беті) және аталмыш еңбегімнің екінші томында оның Таздарға екінші ұран болғандығын жаздым (көрсетілген томның 236-237-беттері).
Аталғандай тұжырымға келуіме менің қолыма 2006 жылы келіп түскен, Петербордан 1848 жылы шыққан «Военно-статистическое обозрение Российской империи» атты бірегей еңбектің «Земля киргиз-кайсаков Оренбургского ведомства» тақырыпты ХІҮ томындағы 3-ші бөлімінің қызықты дерегі болды, мұнда Орынбор өңіріндегі және қазіргі Қазақстанның батыс өңіріндегі қазақтардың рулары, олардың бөлімдері мен аталары туралы мәліметтер келтіріліпті. Біздің руымыз туралы былайша жазыпты: «...Племя Тазларское. Уран старинный Бакай. Уран нынешний Акман...» (стр.80).
Міне, осындай аз ғана деректің өзі-ақ бабамыздың үлкен тарихи тұлға болғандығын көрсетеді емес пе?! Талас тудырмасы анық.
Бір өкініштісі сол - «Ақпан атамыздан ұрпақ қалмапты» дейді шежіре ақсақалдар.
Бабамыз парасаттылығымен, көріпкелдігімен де ерекшеленген екен, Бір дерек оның топ жарған шешен болғандығын да жеткізді бүгін ұрпақтың назарына. Аталғандай қасиеттері болмаса қалың жұрт оны өздеріне басшылыққа - ағамандыққа сайламайды емес пе?!
Ал, маңғыстаулық белгілі ақын, көрнекті өлкетанушы, халық ауыз әдебиетінің бүгінгі білгірлерінің бірі, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанов оның Атағозылармен бірге Маңғыстауға келгеннен кейін тұрікпендерге қарсы екінші және шешуші шайқаста Кіші жүздің туын ұстағандығын айтып берді біз онымен бірге 2018 жылдың 23-ші қыркүйегінде Маңғыстау топырағында болғанымызда.
Біз де Атамызды басқа тұлғалармен қатар шынайы қастерлеп келеміз.
Осыдан 5 жылдай бұрын маған Құлсарыдан туған інім Серікқали Әміржанұлы Ырысжанов (1962-2017) ұялы телефонмен хабарласып, әуелгіде біздің үйімізде болған, Қарақалпақстаннан 90-шы жылдардың аяғында көшіп келген, маған шежірелік деректер берген (оларды жоғарыда көрсетілген төрт томдық шежіремде жарияладым), қазір Жылыой ауданының орталығында тұратын Алдаберген Мусаев ағамыздың менімен сөйлескісі келетінін айтты. Әлекең маған жақсы жаңалықты жеткізді, оған маңғыстаулық Қуаныш деген азамат (С. Нұр-жановтың немере ағасы) өзінің Таздың Ақпанының мекен еткен жері мен жерленген жерін білетіндігін құлаққағыс етіпті. «Бұл хабарды саған ғана айтуды жөн көрдім, себебі, сенің мұны іздеуге бара алатыныңды білемін ғой», - деді қадірлі Алдаберген ағамыз.
Мен де бұған қуанып кеттім, осының алдында, бірер жыл бұрын Жаңа Өзен қаласында тұратын ардақты бауырым, аталмыш қаладағы «Таз Ата» қоғамдық қорының құрылтайшысы Келдіғұл Биманов Ақпан атаның мәңгілік тыным тапқан орнын іздестіруді, Кетік қаласындағы мұрағатты ақтаруды өтінген болатын менен. Мына хабар менің жұмысымды жеңілдетті ғой. Содан Алдаберген ағаға рақмет айтып, оның Маңғыстауға бірге баруын өтіндім, ол ырзашылықпен келісті.
Сол бойда телефонмен Келдіғұлға хабарласып, сәтті бір күні Маңғыстауға баратынымызды айттым. Ол да көтеріліп қалды және Ата орнын табатынымызға нық сенім білдірді, себебі, 2005 жылы жылойлық бауырларымыз – облыстық деңгейде басшы, облысы әкімінің орынбасары болған Есенкелді Нұршаев, қажылар Қапан мен Ырысты бастаған Балжігітовтер әулеті бейнеулік бірнеше абзал азаматтармен бірлесіп Таздың ұранға үшінші болып шыққан батыры Төремұрат Тайлыбекұлының жерленген жерін тапқан-ды, оған сол жылы Балжігітовтер зәулім кесене тұрғызып, ағайындар үлкен ас берген еді. Осы кесененің біздің 2018 жылғы 24 қыркүйекте Ақтаудағы облыстық мұражай қызметкерлеріне әдейі барып жасаған өтінішіміз бойынша «Қасиетті Қазақстан» атты көптомдық энциклопедияның аталмыш жылы Алматыда шыққан «Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақсан және Маңғыстау облыстары» деген тақырыпты екінші томына енгенін естіп, маңғыстаулықтарға риза болып отырмыз, рақмет сіздерге азаматтар!
Сонымен, Атыраудан барған Алдаберген аға екеуімізді маңғыстаулық бауырлар жылы қарсы алды да, біз кідірместен Жетібайдағы Қуаныш ағаның үйіне жеттік. Алайда, Қуекең (айтпақшы, ол маған жезде болып шықты) науқастанып қалған екен, төсек тартып жатыр. Дегенмен, Ақпан ата орнын бұрын қорықшы (жер қараушы) болған кезінде талай рет көргенін әңгімелеп берді, оның жобасын айтты. Бірақ, өзінің тап қазір барып көрсете алмайтындығына қынжылыс білдірді. Ол: «Мұны менің немере інім Светқали Нұржанов біледі, сол ғана дәл тауып бере алады, соған хабарласыңдаршы», - деді.
Біз дереу оған хабарластық, алайда, байланысқа шыға алмадық. Әлекең екеуіміз ініміздің қала сыртындағы үйін іздедік. Сәті түспеді. Содан соң оның зайыбының филолог-ғалым екендігін біліп, «Қазақтелекомда» менің Маңғыстау бойынша жұмыстас болған қыздарым арқылы іздестірдік. Ақтолқын қарындасым бұлардың қазір елде болмай отырғандығын, басқа облысқа сапарлап кеткендігін біліп берді. Сөйтіп, алғашқы ойымыз орындалмай қалды.
Осы кезеңде бізге «сендердің іздеп жүргендерің қате, ол шынында Адайдың Ақпаны» дегенді айтқандар да пайда болды. Екіншілері «әй, ол Ысықтың Ақпаны ғой» - десті. Бұндай керітартар сөздердің кейбір адамдардың адами емес пиғылдарынан туындайтынын бұрыннан білетінбіз, мойыған жоқпыз. Бізге Қуаныш жездеміз де Ақпан атты батырдың Адайда да, Тазда да, Ысықта да болғандығын және өзінің айтып отырғаны Таздың Ақпаны екендігін қайта-қайта ескерткен-ді. Біз де өз бабамыздың қасиетті орны барлығына қапысыз сендік. Және ізденісімізді жалғастыра беруге бекем бел будық.
Маңғыстаулық бауырларым әлденеше рет ескерткенімен соңғы төрт жыл бойына менің қолым тимей қойды. Бірақ, бір жақсысы – мен Ақтаудағы курстас құрдасым Ырза Оңғарбаевтан ұялы телефонын алу жолымен Светқалимен хабарласа алдым, ол Ақпан атаның орнын шынында білетіндігін, көрсетуге келісетінін айтты. Біз екеуіміз Астанада 2012 жылғы қарашада өткен, ұлы Сырым батырдың 270 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияда кездескен екенбіз (онда мен «Сырым сардардың серіктері» деген тақырыпта Атағозы, Мыңбай батырлар, Құлжабай, Тұрманбет билер жөнінде баяндама жасағам), бірден түсінісіп кеттік. Соңғы ретте біз Әбілқайыр ханның зайыбы, Адай қызы Бопай ханымға арналған Құлсарыдағы ғылыми конференцияда 2017 жылы кездестік, Светқали хабарласқанымызға төрт жыл болғанын ескерткен-ді. Мен келесі жылы Маңғыстауға баруға уәде бердім.
Ал, Ақпан атаның ізделінуінің хабарын көпке айтып та жүрдім, жұртшылық та бабаның қасиетті орнын тез табуымызға тілектерін арнады.
Ақыры асыға күткен күн де келіп жетті-ау. Ал, одан 3-4 ай бұрын Келдіғұл мұндағы тағы бір бауырымыз Бисекешов Таңатармен жұмыстас, заңгер Қойшығұлов Еламан деген азаматтың да баба жатқан жерді білетіндігін айтқанын, соның бастауымен «Таз Ата» қоғамының белсенділері сонда барып келіпті. Бірақ, дәлірек анықтау үшін тағы да экспедиция жасалуын, енді Светқалидың келуін, оның ғылыми тұрғыда дәлелдеуін күтіпті. Бұл біздің Ақпан атаны іздеген бірінші экспедициямыз болып табылады.
Алдаберген ағамыз екеуіміз 2018 жылғы қыркүйектің 22-сі күні пойызбен Ақтауға жеттік. Біздің абзал сапарымызға – екінші экспедицияға қатынасуға көптеген ағайындарымыз ниет етті, әсіресе, «Таз Ата» қоғамдық қорының белсенділері Жүсіп аға, Келдіғұл, Таңатар, Саламат, Ысмайыл, Жұма, Абдолла, Орынбай, Тілек, Тіркеш, Серіктер ерекше құлшыныс танытты. Бұларға Светқалидың жиендері Ордабек пен Қанат үйлеріндегі жеке шаруаларын тастап, ықыластана ерді. Ертеңіне таңертең Светқали бастаған 15 адам Жабайұшқан тауының қасындағы Ақпан атаның жамбасы тиген жерге келіп жеттік.
Төбе басында көп бейіттер, құлпытастар бар екен, өте ертеде орнатылғандықтан (біздің есебімізше, «Ақтабан шұбырындыдан» мұндағы атамекенге ата-бабаларымыздың қайтадан оралғандарына шамамен 260-267 жылдай уақыт өткен сияқты) кейбір құлпытастардағы жазулар да, рулық белгілер де сақталмапты. Ал, құбылаға қаратыла орнатылғандар-дың бір тобында біздің Таз руының таңбасы бар болып шықты. Солардың бірін Светқали: «Мынау Таз Ақпан батырдың басына қойылған белгі» деп есептеймін, себебі, көріп тұрғандарыңыздай, оның қасында ерекше шырақ жағылатын ақ шырағдан қойылған, ал, оның кез келген кісіге қойылмасы анық, бұл – батыр, ел абызы, жұрт басшысы, көсемі болған бірегей тұлғаларға орнатылатын белгі» деп, көрсетті. Бізбен бірге барғандардың көбісі бұл орынның көптен «Ақпан жалы», «Ақпан төбесі» деп аталатынын айтысты. Адай Ақпан мен Ысық Ақпанның мекен еткен жерлері мен жерленген орындары басқа жақта екен. Мына төбенің қасында Ақпан атаның құдығы бар болып шықты, лақтырған тасымыз тереңнен шолп етіп, судың дыбысын қайырды.
Ақпан Ата құдығының қасында
Сонымен, көңілімізді бірледік, ұранға шыққан абыз және батыр бабамыз Таз Ақпанның мәңгілік тыныс алған орны табылды, ол – Маңғыстаудағы Жабайұшқан тауының жанындағы қасиетті төбе. Мұны мен Жылыойда 2018 жылғы 6 қазанда әулие Дүйсеке Атаның 185 жылдығына арналып өткізілген аста жасаған баяндамамда көпшілікке жария еттім және осы дүбірлі жиын үшін Атырау қаласындағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығынан арнайы шығарып әкелген, асқа келушілерге таратылған «Дарабоз Дүйсеке Дәндіғұлұлы» деген кітабымда жазып көрсеттім (41-б.).
Екінші экспедиция мүшелері Ақпан ата бейітінің басында (құлпытастан солға қарай екінші тұрған – Светқали Нұржанов; оның оң жағында тұрған телпекті – Алдаберген Мусаев; тұрғандардың сол жақтан екіншісі Таңатар Бисекешев; оң жақтан екіншісі Жұма Асабаев; отырғандардың оң жағынан біріншісі – Келдіғұл Биманов; үшіншісі – Ысмайыл Қалиев; бесіншісі – Жүсіп аға). 2018 жылғы қыркүйектің 23-і.
Біз Светқалиға, Қуаныш жездемізге, Еламанға және басқа да бабамызға байла-нысты киелі орынды көрсеткен, жөн сілтеген, сондай-ақ, ақ ниетпен тілектес болған және қонақ ретінде бізді тік тұрып күткен Жетібай кенті мен Жаңа Өзен қаласындағы азаматарға, киелі Маңғыстаудағы барша адамдарға шынайы ризашылығымызды айтамыз. Келешекте де сындай абзал істердің кеңінен қанат жаярына нық сенім білдіреміз. Қасиетті Атаның аруағы барлығымызды қолдасын әрқашан! Ардақтыларымызды қастерлей берейік!!!
Қуанышымыз бұдан кейін де жалғасын тапты: содан - Дүйсеке Атаның дүбірлі жиынынан бір апта өткен соң абзал абыздарымыздың бірі – Қапан мен Ырысты Балжігітовтердіің 90 және 80 жасқа толуларына арналған асқа келген, Қайыржан Балжігітов таныстырған, маңғыстаулық атпал азаматтардың бірі, біз 2005 жылы Төремұрат батырға кесене тұрғызып, ас берген тұста Бейнеу ауданының әкімі болған, аталмыш шараларға көп көмек көрсеткен Басшы Әзірханов маған өзінің Бейнеу ауданы аумағынан Таз Ақпанның үйігін тапқанын қуана жеткізді. Оны қаздырғанда астынан бағалы заттар шығыпты. Белгілі археолог-ғалым, Жылыойдан «Қазақстан-ның екінші «Алтын адамын» тапқан З. Самашев бұл қасиетті орынды зерттеген де екен.
«Үйік» деген ертедегі қазақы ұғымда қолбасшылардың, батырлардың қарауыл төбесі, айналадағы жасақтарға ұран отын жағып белгі беретін биіктігі («Маңғыстау». Энциклопедия. Алматы: «Атамұра», 1997. – 353-354-бб.) екенін бұрыннан білетінбіз. Бұл да Ақпандайын батыр бабамыздың азаматтық, адами биік тұлғасына молынан куә болғандай-ау!
2019 жылғы қаңтар айының 12-ші жұлдызында республикаға қайырымды меценаттық істерімен белгілі болып отырған, бірнеше белгілі адамдарға кесенелер мен мешіттер тұрғызған, Құлсары қаласындағы «Бақай» корпорациясының басшылары, ел алғысына бөленіп жүрген жылыойлық ағайынды Балжігітовтер бастаған бір топ азаматтар үш маши-намен Бейнеу ауданына барып, Басшы Әзірхановтың бастауымен «Ақпан үйігін» көріп қайтыпты. Мен бұларды «үшінші экспедиция» деп есеп-теймін.
Үйік шағын қорған іспетті болып шықты: сыртқы түрі есіктің тұтқасы сияқты, төбесі ашық, ортасындағы дөңгелек биіктікте төменге түсетін есік бар екен, түгелдей шикі кірпіштен қаланыпты. Ішінде едеуір үлкен кеңістік бар, осыннан бір адамның сүйегі қазып алынып, Ақтаудағы мұражайға орналастырылған екен, бірақ, оның рухы мұражай қызметкерлерінің тыныштығын алған соң сүйекті орнына қайтадан жерлеуге мәжбүр болыпты археологтар.
Ақпан үйігінің сыртқы көрінісі. 12.1.19 ж.
Сондай-ақ, үйік қазбасынан алтыннан жасалынған заттар да табылыпты. Басшының айтуына қарағанда, бұл орында Ақпандар келместен әлдеқашан бұрын қадірлі адам (әлде бірнеше адам) жерленген үлкен кесене болғанға ұқсайды, ол уақыт сынына шыдай алмай, бертін келе құлаған сияқты. 18-ші ғасырда келген Ақпан батыр оны жөндетіп, қарауыл және жиын төбесіне айналдырыпты.
Ақпан үйігінің ішкі көрінісі. 12.1.19 ж.
Мұндай үйіктің бірі - «Қонай үйігі» (Адай батыры Қонай Кенжеұлы үйгізіпті) Өтес стансасының жанындағы бар көрінеді, оның да Қонайдан бұрын болғандығын үйік жанында «адам мүсіні сынықтарының көптеп ұшырасуы» дәлелдейтінін жоғарыда келтірілген энциклопедия жазған екен (сол, 535-б.). «Ақпан үйігі» орнында бұрын кесене болғандығын біз жазған адам сүйегінің шығуы да дәлелдейді ғой.
Үшінші экспедиция мүшелері Ақпан ата үйігінің қасында (алдыңғы қатарда тұрғандар)(солдан соңға қарай): 1. Мейіржан Балжігітов. 2. Басшы Әзірханов. 3. Қайыржан Балжігітов.
Батыр әрі қолбасшы бабамыз үйікті алқалы жиындар өткізетін, ел тағдырын шешетін киелі орынға айналдырыпты. Сондықтан да, ол жұрттың жақсы жадында қалған екен.
Аталмыш үйіктің Маңғыстаудың Атырау жақтан келгендегі босағасы болып есептелетін Бейнеу аумағында болуы Оңтүстіктен байырғы қара жұртқа оралған кішіжүздіктердің алғашқы табан тіреген орнында сыртқы жаудан қорғанудың бастапқы әскери құрылысын орнатқандығын көрсетеді. Кейін жата-жастана жергілікті жағдайға үйренген соң, қазақтардың қарамы көбейген соң Ақпан атамыз Маңғыстауға ішкері қарай өрлеген секілді, оның кейін тұрғылықты мекен еткен, қазіргі жамбасы тиген жерге орынға тұрақтауын осылай түсінген дұрыс-ау. Басшы бауырымыздың тұжырымы бұл.
Сөйтіп, біздің соңғы ізденістеріміз жақсы нәтижелер беріп отыр, Ақпан атаның жерленген жеріне қоса арасы аз ғана уақыттың ішінде «Ақпан үйігін» таптық. Мұны Атырау мен Маңғыстау тарихы үшін үлкен жаңалық санаймыз. Бұл ретте абзал азаматымыз Басшыға да алғыс айтпақпыз: бар бол, бауырым!
Ендігісін киелі орындар мен қасиетті бабаларды құрметтейтін ұрпақтардың бұл орындарды жұртшылық тағзым ететін ескерткіштік-туристік мекенге, жас ұрпақты қазақы тағылымды-өнегелі тарихқа баулудың тәрбиелі орталығына айналдыруын қалайды бүгінгі заманауи талап пен тілек. Сондықтан да, болашаққа сеніммен қаралық, ағайын!
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Үздік өлкетанушысы
Атырау қаласы,
2019 жылғы 23-24қаңтар