ҮШЕУІ ТҰТАС - ҮШ ТАҒАН

ҮШЕУІ  ТҰТАС  - ҮШ  ТАҒАН

Құлсары қаласының  орталығында 2018  жылғы  18  желтоқсанда  Жылыойдың  үш  батыры – Нарынбай Шаңдыұлына (1805-1880), Өтен Ақто-ғайұлына (1816-1872) және  Төремұрат Тайлыбекұлына (1821-1863) арналған ескерткіш ашылды. Ескерткішті өз қаржысына салдырған – жылыойлық меценат  азамат, Мағауия Ақтөреұлы Мерғалиев, мүсіншісі – Қазақстан Су-ретшілер  одағының  мүшесі, жылыойлық  белгілі мүсінші Серік  Мәтениязов, сәулетшісі - Құдайберген Ізтілеуов. Үш  батыр  ескерткіштерінің әрқайсысының  биіктігі – 3 метр, тұғырдың  биіктігі 8 метр, бұларға  батырлар  найзаларының  биіктігін  қосқанда жалпы ескерткіштің  биіктігі 12 метрді  құрайды екен. Үш  батырдың  бөлек-бөлек  сомдалған  тұлғалары үш  бағытқа  қарай  орналастырылған, әр мүсіннің  астында батырлардың өмір сүрген  жылдары мен  латынша  жазылған  аты-жөндері көрсетілген  мәрмәр  тақталар  бар.

үш таған 2

Аудан әкімдігі жұртшылықтың атынан  меценат бауырымыз М. Мер-ғалиевке  алғысты тілек арнап, оны  ескерткішке бекітілген  арнайы  тақтада жазған екен, осы абзал іске  қосыла  отырып, біз  де азаматқа шынайы  ризашылығымызды  білдіреміз.

үш таған 3

Бұл  жерде  осы  ескерткішті  орнатудың  алғашқы  бастамашысы, оны  жүзеге  асыру  жолында  тынымсыз  еңбек  еткен белгілі  жылыойлық  ұстаз  және  өлкетанушы  қадірлі Нұрмұқанбет аға Есенәлиевтің  ісін  де  ерекше  атап  өткен  шындық  болмақ, дұрысында бұл айтылған   орынға  Н. Есен-әлиевтің  ұсынысымен, жігер-күшімен  тұрғызылған үшінші  тарихи  белгі  болып  табылады.    

Ендігі  аз-кем  сөз ескерткішке  біз  қойып  отырған  мына атау  қайда, қашан  шыққандығы туралы болсын. Осыны  түсіндіре  кетелік. 2018 жылы Атырауда  жарық көрген «Атырау  облысында тарих  және  мәдениет  ескерткіштері  болып  табылатын  киелі  жерлер» кітабында «Нарынбай  батыр ту  ұстап шыққан  жорықтарының бәрінде  өзінің  ажырамас  екі  серігі Өтен, Төремұрат  батырлармен бірге  аттанып, жау  түсіріп  жүреді  екен. Сондықтан  ел  оларды «Үшеуі  тұтас  үш  таған» деп сипаттап, қорған  тұтқан  болса  керек» (Атырау: «Ағатай», 2018. - 73-б.) деп  жазылса, Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінің  2018  жылғы 20 желтоқсандағы санында  жарияланған газет  тілшісі  П. Қизатованың «На-рынбай, Өтен, Төремұрат үш ғасырдан соң халқымен  қайта  қау-ышты» атты жақсы мақаласында «...бұл  бабаларымыз  туралы ел аузын-дағы  әңгімелер  аңызға  бергісіз. Енді, міне, «Үшеуі  тұтас – үш  таған» аталып  кеткен ерлердің...» - деп, аталмыш тіркесті «халық батырлардың өз дәуірінде  айтқан» дегендей ұғымды  беруге  тырысқандай болып  шығыпты.

Шындығы қайсы, келтірілген  сөздер халық аузында жүр ме  еді? Жоқ, бұлар - мүлдем  қате  пікірлер, жазылған  сөз  тіркестерін  қолыңыздағы мақаланың туындыгері (авторы), жылыойлық тарихшы-өлкетанушы Аманғали Әміржанұлы алғаш  рет 1997 жылы  айтқан және  2000 жылы  жазған  болатын (ұғымға  түсініктірек  болуы  үшін бұл жолдарды  үшінші  жақта  жазуға  мәжбүрміз). Ол 2000 жылғы 27-30 маусым  аралығында «Нарынбай» атты  домбыраға  лайықталған өлеңді жазды, кейін (сол жылы) оның  қысқартылған нұсқасына (10 шумақ) жылыойлық  әуесқой  сазгер, тамаша музыкант марқұм Қосан Үбіғалиев (1949-2018) ән шығарды. Солайша түрленген  туынды нотасымен бірге  ең алғаш рет жылыойлық «Алау» газетінде (№33, 2000 жылғы 11 тамыз)жарияланды.

Аталмыш  өлеңде  мынадай  жолдар  бар:

 

«Төремұрат, Өтен, Нарынбай,

Үшеуі  тұтас – үш  таған.

Халқына  қорған  болғанның,

Намысын  жанып, ұштаған.

Бәрінен  биік, асқақ қып,

Елдіктің  туын,

Ерліктің  туын  ұстаған»

(Сонда).

 

Осы  аттас  жинақты - «Үшеуі  тұтас – үш  таған» атты батыр-ларларымыз  туралы  шығарылған  өлеңдер  мен  саздық  шығармалардың  жинағын А. Әміржанұлы зайыбы, тарихшы-өлкетанушы, ҚР Мәдениет  қайраткері Мақпуза Ғайнелқызымен  бірлесіп  көп кешіктірмей, жоғарыда  көрсетілген  жылы шығарды (Алматы: «Мерей», 2000. – 60 бет, басуға 14.09.2000 жылы қол қойылды), оның құрастырушылар  бірігіп  жазған «Алғысөзінде» мынадай жолдар бар: «Оларды бір-бірінен  бөліп  көрсету мүмкін емес, үшеуі  елдің тұтастығын  білдіретін  үш  таған сыпатты  еді. Үшеуі  де ұлт-азаттық күресінің ұлы  мақсаттарына өле-өлгенше адал болып кеткен-ді» (4-бет). Мұнда аталған өлең  мәтінінің алғашқы нұсқасы (27  шумақ) түгел берілген (50-53-бб.), оның кітапта  бірінші рет  жарияланып тұрғаны көрсетілген (56-б.).

Сондай-ақ, мен осы  сөз  тіркесім  екінші рет  қолданылған, батыр баба-ларымыздың рухына арналған  тұңғыш кітапшамды  да 2000 жылы  жарыққа  шығардым (қараңыз: А. Әміржанұлы. Шарғадағы Нарынбай. Тарихи  ғұмыр-намалық  хикаят. Атырау: «Ақ Жайық», 2000. – 40 бет). Сөзімізді дәлелдеу мақсатында ендігісін кітапшамызды оқылық: «...үшеуін қоса  мадақтайтын жырлар  көптеп  саналады. Сондықтан  да біз оларды «үшеуі  тұтас – үш таған» деп сыпаттаймыз...Біз ел-жұртының айбынын асырған осы  үш  батырды жырлаған жырларды жинақтап, жуырда «Үшеуі  тұтас – үш таған» деген  атпен  шағын  антологияны баспадан шығардық»(6-бет).

Бұған  қоса «Нарынбай» ән-өлеңі нотасымен  бірге  берілді (Сонда, 32-33-бб.).

Ал, А. Әміржанұлының «Атырау» газетінің  2005  жылғы 19-шы  қара-шада  жарияланған  «Намысын  туған  елдің  ту  еткен  ер» атты  Төремұ-рат батырға  еншіленген мақаласының үшінші  бөлігінде  былай деп  бөлек,  нақты  жазылған  еді:

«Төремұрат айтылғанда  оның  үзеңгілес  серіктері  әрі  бауырлары Өтен  мен  Нарынбай батырлар  үнемі  бірге  айтылады. Себебі, олардың  бірлігі өте  мықты  болды, шапқыншылардан  бірге  қорғанды, ел  кегін  бірлесе  отырып  алды, отаршыларға  қарсы  ұйымдаса  күресті. Ол  үшеуі  тұрғанда Жылыой  жұрты  да өздерін  қамсыз  сезінді. Осы  себепті, біз  олардың  мұнысын «Үшеуі  тұтас – үш  таған»  деп  бағаладық».  

Ән-өлеңді «Атырау» газетінің әдеби-тарихи серігі «Атамекен» де жариялады (№30, 2000 жылғы желтоқсан). Өлең мәтіні менің «Ақиық-арман» атты көптомдығымның 2013 жылы жарық көрген төртінші  томына (273-274-бб.)  енгізілді.

Бұл ән бүгінгі күні жылыойлық  белгілі әнші қызымыз Нұргүл Жұмағалиеваның  репертуарынан берік  орын  алған.

Сондықтан  да, келтірілген  дәлелдерді қаперге ала келе, ілгеріде мақала басында жазылғандай  қателесуді  тоқтатып, бүгінде нақылға  айналған  аталмыш сөзді  иесіне  қайтарған жөн болар еді.

 

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР  мәдениет  қайраткері,

Атырау  қаласы,

2019  жылғы 10  н

Теги тайсойғансайты