ШАХМАРДАН ХАЗІРЕТ СОПЫ АЛЛАМЖАР ОҒЛЫ СОПАН ТЕГІ (1857-1925 ЖЖ.): ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРДЕГІ ТҰЛҒАЛЫҚ БОЛМЫСЫ

ШАХМАРДАН ХАЗІРЕТ СОПЫ АЛЛАМЖАР ОҒЛЫ СОПАН ТЕГІ (1857-1925 ЖЖ.): ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРДЕГІ ТҰЛҒАЛЫҚ БОЛМЫСЫ

Кіріспе:
         ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін Ресей империясының әкімшілік-саяси қыспағы мен ішкі рухани жаңғыру үдерісі қатар өрбіген күрделі кезең болды. 1867–1868 жылдардағы патша үкіметінің әкімшілік-саяси реформаларынан кейін, империялық билік тарапынан қазақ даласында ислам дінінің ықпалын шектеуге бағытталған шоқындыру және миссионерлік саясат күшейді. Осындай алмағайып заманда Шахмардан хазірет Алламжарұлы (Сопан тегі) сияқты діни элита өкілдеріне халықтың ұлттық рухани тұтастығын сақтап қалу жолында айрықша қайрат көрсетуге тура келді.

Бұл зерттеудің өзектілігі – ресми архивтік статистикалық деректер мен халық жадындағы рухани көшбасшы бейнесінің арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан зерделеу, сонымен қатар жаңадан табылған эпиграфикалық жәдігерлерді саралау арқылы тұлғаның өмірбаянындағы жаңсақтықтарды түзету болып табылады.

Введение:
        Вторая половина XIX – начало XX века стали для казахского общества сложным периодом, в котором административно-политическое давление Российской империи сочеталось с процессами внутреннего духовного возрождения. После административно-политических реформ царского правительства 1867–1868 гг., имперская власть усилила политику христианизации и миссионерства, направленную на ограничение влияния ислама в казахской степи. В это переломное время представителям религиозной элиты, таким как Шахмардан хазрет Алламжарулы (Сопан теги), пришлось приложить исключительные усилия для сохранения национально-духовной целостности народа.

Актуальность данного исследования заключается в научном осмыслении связи между официальными архивными статистическими данными и образом духовного лидера в народной памяти, а также в исправлении биографических неточностей посредством анализа вновь обнаруженных эпиграфических памятников.

Introduction:
        The second half of the 19th and the beginning of the 20th century marked a complex period for Kazakh society, characterized by the simultaneous processes of the Russian Empire's administrative-political pressure and an internal spiritual revival. Following the Tsarist government's administrative and political reforms of 1867–1868, the imperial authorities intensified Christianization and missionary policies aimed at curtailing the influence of Islam in the Kazakh steppe. During these turbulent times, representatives of the religious elite, such as Shahmardan Khazret Allamzharuly (Sopan tegi), had to exert extraordinary effort to preserve the nation's spiritual integrity.

 The relevance of this study lies in the scientific examination of the connection between official archival statistical data and the image of a spiritual leader in collective memory, as well as the correction of biographical inaccuracies through the analysis of newly discovered epigraphic monuments.

 

         Кілт сөздер: Шахмардан хазірет, Торғай облысы, архив деректері, эпиграфика, рухани тұтастық, миссионерлік саясат.

         Ключевые слова: Шахмардан хазрет, Тургайская область, архивные данные, эпиграфика, духовная целостность, миссионерская политика.

         Keywords: Shahmardan Khazret, Turgay region, archival data, epigraphy, spiritual integrity, missionary policy.

 

Талқылау. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы рухани ахуал Ресей империясының отарлау саясаты шегіне жеткен, сонымен бірге ұлттық сана-сезім мен рухани жаңғыру қатар өрбіген күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Біздің пайымдауымызша, ғасырлар тоғысындағы аралықта діни ахуалдың бағыт-бағдары бірнеше маңызды факторлармен айқындалды.

Біріншіден, патша үкіметінің 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаларынан кейін қазақ қоғамындағы ислам дінінің ықпалына тежеу қойылып, шоқындыру саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады.

Мәселен, ХІХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысында патшалық Ресей үкіметі діни қайраткерлердің ықпалын шектеу жолдарын қарастырды. Қазақ балаларына діни білім беруді бақылауда ұстады. Қазақтардың шет елде жоғары діни білім алуына, қажылыққа баруына шектеу қоя бастады, мешіттер салуға тыйым салды. Патша үкіметінің осы шектеулерінің барлығы 1868 жылғы «Уақытша ережеде» көрініс тапты.

         Жергілікті қазақ элитасы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының негізгі діңгегін құрады. Осыған орай бірнеше маңызды жайтты атап өту қажет:

         1. Ықпалды болыстар, билер, діни қайраткерлер, байлар, ауыл ақсақалдары өзара байланыса әрекет жасап, халықтың түйіткілді мәселелерін шешуді жалғастырды.

         2. Жаңа реформа негізінде бекітілген болыс басқарушылары да уақыт өте қазақ қоғамымен қабылданып, саяси-қоғамдық өмірдегі басты лауазымды тұлғаға айналды.

         3. Жергілікті қазақ элита өкілдері аталған кезеңде әлеуметтік мәртебесі мен саяси ықпалдылығы жағынан трансформацияға ұшырады. Патша үкіметі сайланбалы лауазымдар, түрлі шектеулер енгізу арқылы қазақ билерінің, байларының, дін өкілдерінің, басқа да игі-жақсыларының беделі мен халық арасындағы қызметін шектеуге тырысты [1, 29 б.].

  Патша үкіметінің жасаған кедергілерін 1912-1914 жылдардағы архив деректерінен де көреміз. Мысалы: Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесі қазақ даласындағы мешіттер мен діни қызметкерлердің санын қатаң бақылауда ұстады. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі (АМОА) деректерге сүйенсек, Торғай облысы бойынша мұсылман Дінбасылары мен мешіттердің есебі үнемі жүргізіліп отырған. Мәселен, архивтегі «Торғай губерниясында мешіттер салу туралы» (1912-1915 жж.) атты №499 іс құжаттары [2, 141 п.] патша өкіметінің мешіт құрылысын әкімшілік тұрғыдан қатаң регламенттегенін дәлелдейді. Сондай-ақ, архив деректерінде сол кезеңдегі Торғай облысындағы діни ахуалдың статистикалық көрсеткіштері сақталған (1-кесте).

Шахмардан кесте 1

         Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). – 821 - қор (Фонд), 133 - тізім (Опись), 499 - іс, 141 - парақ.

         1 кесте. ХХ ғасыр басындағы Торғай облысындағы діни нысандар мен мұллалар саны (АМОА деректері бойынша)

         Уездер

Моллалар

Мешіттер

Құлшылық үйлері

1

Ақтөбе

10

51

6

2

Ырғыз

3

7

2

3

Қостанай

12

10

-

4

Торғай

7

6

-

5

Барлығы

32

74

8

Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). – 821 - қор, 133 -тізім, 499 - іс, 141 - парақ.

         Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінен табылған деректер (Ақтөбе уезіндегі 51 мешітке небәрі 10 ресми молланың тіркелуі) сол кезеңдегі діни қызметкерлердің заңдық тұрғыдан жетіспеушілігін анық көрсетеді. Алайда, бұл статистикалық алшақтық өңірдегі рухани бостықты емес, керісінше, Шахмардан хазірет секілді тұлғалардың бейресми, бірақ нақты рухани көшбасшылығының пәрменді болғанын айғақтайды. Осы тұста отандық авторлардың қазақ қоғамындағы діни қайраткерлердің тек діни емес, сонымен бірге жергілікті ауызбіршілікті сақтап, әлеуметтік қызметтерді үйлестірушілік рөлі туралы тұжырымдары [1, 39 б.] жоғарыдағы архивтік мәліметтерге терең мазмұн береді. Демек, біз қарастырып отырған құжаттардағы патша өкіметінің ресми тізіміне Шахмардан хазірет енбесе де, ол халықтың ішкі тұтастығы мен рухани қауіпсіздігін сақтауда мемлекеттік институттардан әлдеқайда ауқымды әрі жоғары қызмет атқарды.

         Архив құжатындағы деректігі ресми шектеу мен халықтық мойындау тұрғысынан талдасақ. Архив дерегінде Ақтөбе уезінде 51 мешіт бола тұра, небәрі 10 ресми молланың тіркелуі – патша өкіметінің ислам дінінің ықпалын әкімшілік жолмен тежеуге тырысқанына көзімізді жеткіземіз. Патша үкіметі әрбір мешітке ресми «указной» (жарлықты) молла тағайындауға кедергі келтіріп, діни қызметкерлер санын шектеп отырған. Осы 10 ресми молла 51 мешіттің қажеттілігін өтей алмайтыны анық. Демек, қалған 40-тан астам мешітте халықтың рухани қажеттілігін Шахмардан хазірет Алламжарұлы секілді Бұқара мен Қазаннан діни терең білім алған, бірақ патшаның әкімшілік реформасының «тар шеңберіне» сыймаған беделді тұлғалар атқарған. Шахмардан хазіреттің халық арасындағы «Хазірет» (жоғары діни лауазым) мәртебесі оның мемлекеттік тіркеуден жоғары, рухани беделінің биік болғанын архив деректері қуаттайды.

         Статистикада «Мулла» (молда) деп көрсетілген [2, 141 п.]. Бірақ Шахмарданның лауазымы –  Хазірет. Бұл жай ғана мешітте намаз өткізуші емес, ол – ғалым, ұстаз, ишан. Архивтік кестедегі «Мулла» санаты көбіне ресми тіркелген, әкімшілік міндеттерді (неке қию, тууды тіркеу т.б.) атқаратын тұлғаларды қамтиды. Ал Шахмардан хазіреттің қызметі бұл статистикалық рамкадан әлдеқайда кең және ауқымды болды. 51 мешіттің басым бөлігінде ресми статусқа ие болмаса да, халықтың мойындауымен діни-ағартушылық жұмыстарды жүргізетін «бейресми» лидерлер шоғыры қалыптасты. Осы шоғырдың басында тұрған Шахмардан хазірет сияқты тұлғалар халықтың діни сауатын ашып, сопылық мектептің дәстүрін жалғастыру арқылы отаршылдық саясаттың статистикалық шектеулерін іс жүзінде тосқауыл болды.

         Кестеде мешіттер санының (51) моллалар санынан (10) бес есе көп болуы – халықтың өз қаражатына мешіт салып, оны ұстап тұруға деген құлшынысын көреміз. Біздің пайымдауымзша, Ақтөбе өңіріндегі мешіттердің көптігі (51 нысан) – жергілікті халықтың рухани иммунитетінің мықтылығының белгісі. Патша әкімшілігі моллалар санын шектегенімен, халық мешіт салуды тоқтатпаған. Мұндай мешіттердің салынуына және олардың рухани орталыққа айналуына Шахмардан хазірет сияқты тұлғалардың ықпалы зор болғанына сенімдіміз. Бұл деректер хазіреттің тек діни қызметкер емес, сонымен бірге аймақтағы мешіт-медреселердің жүйелі жұмысын үйлестіруші, елді имандылыққа ұйытушы стратег болғанын жанама түрде дәлелдейді. Біздің пікірімізше, Торғай облыстық басқармасының 1912-1915 жылдардағы ресми есептеріндегі сандар (Ақтөбе уезі бойынша 51 мешітке 10 молла) мен Шахмардан хазіреттің өмірбаяны арасында үлкен тарихи байланыс бар. Статистика патша өкіметінің шектеуін көрсетсе, Шахмардан хазіреттің халық жадындағы тұлғасы сол шектеуге қарамастан жүзеге асқан рухани еркіндікті білдіреді. Оның қызметі осы «статистикалық бостықты» толтыруға, яғни ресми молласы жоқ мешіттердегі халықтың діни-интеллектуалдық сұранысын қанағаттандыруға бағытталды.

Патша үкіметінің жүйелі шектеулері Кеңес билігі орнағаннан кейін де жалғасын тауып, қазақ элитасы мен діни қызметкерлердің мал-мүлкі тәркіленіп, олардың қоғамдағы беделі мен мәртебесіне ауыр соққы жасалды. Соған қарамастан, ислам діні қазақ қоғамын біріктіруші және отаршылдық саясатқа қарсы рухани қорғаныс факторына айналды.   Профессор Мәмбет Қойгелдиев жазғандай: «Бұл кезеңде қазақ қоғамы өзінің дәстүрлі болмысын сақтап қалу үшін исламдық құндылықтарға көбірек иек артты» [3, 45 б.]. Шахмардан хазіреттің тағдыры мен тарихи миссиясы дәл осы «дәстүрлі болмысты сақтау» ұстанымымен тікелей сабақтасып жатыр. Өйткені ол – патша өкіметінің әкімшілік қыспағын да, кеңестік саяси соққының алғашқы толқынын да бастан өткерген тұлға. Оның хазірет ретіндегі қызметі – сол кезеңдегі қазақ қоғамының исламдық құндылықтар арқылы ұлттық бірегейлігін қорғауға бағытталған «өзін-өзі сақтау инстинктінің» жарқын көрінісі еді.

Екіншіден, бұл кезеңде қазақ даласындағы сопылық мектеп өкілдерінің ықпалы өте жоғары болды. Профессор Досай Кенжетай сопылық ілімнің қазақ қоғамындағы рөлі туралы: «Қазақ даласындағы сопылық мектептер тек діни емес, сонымен бірге моральдық-этикалық және әлеуметтік реттеуші қызметін атқарды. Ишандар мен хазіреттер халықтың рухани тұтастығының кепілі болды», – деп баға береді [4, 112 б.]. Профессор Д. Кенжетай атап өткен осы реттеушілік қызмет Шахмардан хазіреттің де өмір жолынан айқын көрініс табады. Оның айналасына жиналған шәкірттері сопылық этиканың «кемел адам» қағидаларын бойына сіңіріп, өңірдегі ішкі бірлікті нығайтуға үлес қосты.

Үшіншіден, профессор Бақытжан Сәтершиновтің зерттеуінше, бұл кезеңдегі діни қайраткерлердің басты миссиясы – ұлттық діл мен діни танымды сабақтастыру болды [5, 45 б.]. Орталық Азия (Бұқара) мен Еділ бойының (Қазан) діни мектептерінің тәжірибесін ұштастыруы хазіреттің дүниетанымының кеңдігін көрсетеді. Ол «кемел адам» ілімін қазақтың дәстүрлі «сегіз қырлы, бір сырлы» тәрбие институтымен шебер үйлестіре білді.

  Төртіншіден, Мемлекеттік комиссияның Ақтөбе облысы бойынша жарық көрген еңбегінде діни қайраткерлердің 1916-1917 жж. ұлт-азаттық және Алаш қозғалысына рухани және қаржылай қолдау бергендігі айтылады [6]. Бұл Шахмардан хазірет сияқты тұлғалардың тек діни емес, саяси-қоғамдық белсенділігін де айғақтайды.

Түйіндей айтсақ, ХХ ғасырдың басындағы рухани ахуал – бір жағынан патшалық Ресейдің миссионерлік саясатына қарсы тұру, екінші жағынан ішкі рухани әлеуетті (сопылық және ағартушылық) дамыту арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау кезеңі болды. Мұндай тарихи жағдайда Шахмардан хазірет секілді рухани көшбасшылардың қызметі халықтың тарихи жадында өшпейтін рухани мұра қалдырды.

Шахмардан кесте 2

         Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). – 821 - қор (Фонд), 133 - тізім (Опись), 499 - іс, 141 - парақ.

         2 - кесте Торғай облысы бойынша 1912-1913 жылдары мешіт салуға рұқсат берілген нысандар тізімі. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің (АМОА) деректері негізінде құрастырылды [2].  

 

Уезд, болыс және ауыл атауы

Еркек кіндіктілер саны (жан)

Ең жақын мешітке дейінгі қашықтық

Рұқсат берілген мерзімі

1

Ақтөбе уезі, 1-ші Бөрте болысы, №2 ауыл

200-ден кем емес

12 верста

19 сәуір, 1912 ж.

2

Ақтөбе уезі, Әлімбет болысы, №3 ауыл

250

10 верста

24 тамыз, 1912 ж.

3

Ақтөбе уезі, Бестамақ болысы, №4 ауыл

200-ден астам

30 верста

24 тамыз, 1912 ж.

4

Ақтөбе уезі, 2-ші Бөрте болысы, №10 ауыл

721

15 верста

3 қазан, 1913 ж.

5

Ақтөбе уезі, Қаратуғай болысы, №5 ауыл

277

12 верста

9 қазан, 1913 ж.

         Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). – 821 - қор (Фонд), 133 - тізім (Опись), 499 - іс, 142 - парақ.

            2 - кестеден көріп отырғанымыздай, патша әкімшілігі мешіт салуға рұқсат беру үшін қатаң демографиялық («еркек кіндіктілер саны 200-ден кем болмауы тиіс») және географиялық («арақашықтық 10-15 шақырымнан кем болмауы керек») делінген талаптарын қойған. Бұл – мешіттер санын қолдан тежеудің басты әкімшілік тетігі еді [7].  

         Мәселен, 2-ші Бөрте болысында 721 ер адам тіркелсе де, олардың рухани сұранысын бір ғана мешітпен қанағаттандыру мүмкін емес болатын. Міне, осындай «бюрократиялық кедергілер» заманында Шахмардан хазірет сияқты тұлғалардың рөлі арта түсті. Ресми рұқсат алу процесі жылдарға созылғанда, халық Шахмардан хазіреттің айналасына топтасып, ол кісінің бейресми беделіне сүйенді. Бұл деректер хазіреттің тек діни қызметкер емес, отаршыл жүйенің шектеулеріне қарамастан ұлттың рухани тұтастығын ұстап тұрған нақты лидер болғанын айғақтайды.

         1 - кестеде Ақтөбе уезінде 51 мешіт бар екенін көрген едік. Ал жылына тек 2 мешітке ғана рұқсат берілуі – халықтың сұранысы мен мемлекеттің рұқсаты арасындағы үлкен алшақтықты көрсетеді. Бұл Шахмардан хазірет сияқты тұлғалардың халықты имандылыққа ұйыту жолында қандай бюрократиялық тосқауылдармен бетпе-бет келгенін нақты айғақтайды.

            Жоғарыда қарастырылған тарихи жағдайлар мен архивтік деректердегі шектеулер Шахмардан хазірет сияқты рухани көшбасшылардың қызметі өрістеген шынайы ортаны сипаттайды. Осы тарихи контексте Шахмардан хазіреттің тұлғалық образы тек діни қызметкер емес, ұлттық діл мен дәстүрлі құндылықтарды қорғаушы ретінде ерекшеленеді.

         Шахмардан хазіреттің жеке басына, оның отбасылық құрамы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты нақты мәліметтер Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қорларында сақталған. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының (Всероссийская сельскохозяйственная перепись) жеке карточкасы (АМОА. 69-қор, 2-тіз., 99-іс) [7]. Бұл құжат хазіреттің өмірінің «кеңестік кезеңге» дейінгі соңғы бейнесін нақты сандармен сызып береді.

            3 - кесте. 1917 жылғы санақ мәліметтері бойынша Шахмардан (Шәкен ишан) Сопан тегінің шаруашылық көрсеткіштері.

 

Көрсеткіш атауы

Мәліметтер (архив дерегі бойынша)

1

Тұрғылықты жері

Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Қарақобда болысы, №7 ауыл

2

Үй иесі және жасы

Шахмардан Супанов (Шәкен молла), 60 жаста (1857 ж.т.)

3

Негізгі кәсібі

Мулла (Молла)

4

Отбасы құрамы

7 адам (4 еркек, 3 әйел)

5

Мал басы

117 бас (соның ішінде 40 түйе, 22 ірі қара, 65 қой-ешкі)

6

Егіс көлемі

28 десятина (бидай, сұлы, тары)

 

Шахмардан кесте 3

         Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві 69 - қор, 2 - тіркеу, 99     - іс, 1 - парақ.

    Шахмардан хазіреттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және отбасылық құрамы (Архив деректері бойынша). 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының деректері Шахмардан Сопанұлының отбасы құрамын нақтылауға мүмкіндік береді. Санақ парағында үй иесінің жасы 60-та деп көрсетілуі оның 1857 жылы дүниеге келгендігін мұрағаттық тұрғыдан растайды. Санақ құжатына ишанның 1901 жылы туған 16 жастағы, 1911 жылы туған 8 және 6 жастағы ұлдары тіркелген [7]. Санақтың басты мақсаты шаруашылық әлеуетін (жұмыс күші мен асырауындағы адамдар саны) анықтау болғандықтан, өкінішке қарай, онда балаларының есімдері көрсетілмеген. Сонымен қатар, құжатта 20, 14 және 12 жастағы қыз-келіншектер тіркелген. Жастарына қарап, олардың туған жылдарын былайша шамалауға болады: үлкен қызы – 1897 жылы (20 жаста), ортаншы қызы – 1903 жылы (14 жаста), кіші қызы – 1905 жылы (12 жаста) туған. Бұған дейінгі деректерде аталған, Ізтілеу ишанның әулетіне ұзатылған Рабиға атты қызы осы 14 немесе 12 жастағы қыздардың бірі болуы әбден мүмкін. Бұл мәліметтер Шахмардан хазіреттің тек рухани көсем ғана емес, әулеттік сабақтастықты нығайтқан тұлға болғанын айғақтайды.

            Архивтік деректі саралай отырып, хазіреттің тұлғалық болмысына қатысты мынадай тұжырымдар жасауға болады:

         Бірінші: Тұлғалық мәртебесі. Санақ карточкасында кәсібі ретінде «Мулла» деп көрсетілуі – оның діни қызметінің ресми танылғанын білдіреді.

         Екінші: Экономикалық әлеуеті. Хазірет шаруашылығында 40 түйенің болуы – сол кезеңдегі өлшеммен өте үлкен дәулеттіліктің белгісі. Түйе дала экономикасында тек бағалы көлік қана емес, халықаралық керуен саудасының негізгі құралы болған. Сондай-ақ, 28 десятина егіс алқабының болуы Шахмардан хазіреттің отырықшылық мәдениетті меңгеріп, егіншілікпен де кәсіби деңгейде айналысқанын көрсетеді. Бұл оның ірі жер иесі және шаруашылық стратегі болғанын дәлелдейді [7].

         Үшінші: Саяси-құқықтық жағдайы мен тағдыры. Шахмардан хазіреттің 1925 жылы дүниеден өткенін ескерсек, ол 1920-жылдардың соңындағы жаппай тәркілеу (кәмпескелеу) науқанына тікелей ілікпегені анық. Алайда, 1918 жылғы РСФСР Конституциясы бойынша дін қызметкерлері («служители культа») сайлау құқығынан айырылып, «жат элементтер» («лишенец») санатына жатқызылды. Осыған орай, хазірет өмірінің соңғы жылдарында (1920–1925 жж.) Кеңес өкіметі тарапынан «идеологиялық жау» ретінде қаралып, азаматтық құқықтары шектелген.

         1920-жылдардың басында шариғат соттары мен медреселердің жабылуы хазіреттің өмірлік ісі –діни ағартушылыққа үлкен соққы болды. Демек, ол «кулак» ретінде емес, ескі жүйенің идеологы ретінде қыспаққа алынды. Ең бастысы, Шахмардан хазіреттің адал еңбегімен жиған 117 бас малы мен 28 десятина жері туралы бұл ресми деректер кейіннен, яғни 1928–1929 жылдары оның артында қалған әулетінің «бай-кулак тұқымы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырауына басты желеу болды. Хазіреттің өзі бұл дүниеден өтсе де, оның «бай-ишан» деген атағы мен жиған дәулеті ұрпақтарының мал-мүлкінің тәркіленуіне себеп болды. Осылайша, бұл архивтік құжат Шахмардан хазірет негізін қалаған дәулетті әрі рухани әулеттің Кеңестік саяси жүйе тарапынан «тап жауы» ретінде нысанаға алынуының алғышарттарын айқындайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         4 - кесте. 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының (Всероссийская сельскохозяйственная перепись) карточкасы бойынша Шахмардан (Шәкен ишан) Супановтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы архив құжаты.

 

Шахмардан кесте 4

 

         Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві 69 - қор, 2 - тіркеу, 99     - іс. 2 - парақ.

         Бұл тарихи құжат – 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының (Всероссийская сельскохозяйственная перепись) карточкасы [7].   Ол Шәймерден (Шәкен ишан) Сопанұлының 1917 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақты фактілермен айғақтайды. Төменде құжаттағы деректерді кестелік және сипаттамалық жазбаға айналдырып, талдауын ұсынамын.

         Шахмардан Сопанұлының шаруашылық әлеуеті және ныспысына қатысты деректерді талдау.

         1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының карточкасы –Шәймерден (Шәкен ишан) Сопанұлының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақты фактілермен айғақтайтын бірегей тарихи құжат [7]. Төменде осы құжаттағы деректерді жүйеленген кесте түрінде ұсынамыз:

         4 - кесте. 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағы бойынша Шахмардан Сопанұлының шаруашылық көрсеткіштері

 

Шаруашылық бағыттары

Көрсеткіштер атауы

Мөлшері

1

Егін шаруашылығы

Жаздық бидай

8 дес.

2

(десятина есебімен)

Сұлы

8 дес.

3

 

Тары

12 дес.

4

Барлық егіс көлемі

28 дес.

Дереккөзі: Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). 69-қор, 2-тіз., 99-іс.

            Бұл архивтік деректерді саралай келе, мынадай тұжырымдар жасауға болады:

         Біріншіден, шаруашылықта 40 түйенің болуы – хазіреттің сол кезеңдегі өте жоғары әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің айғағы. Қазақ даласында түйе санының көптігі тек байлық қана емес, алыс қашықтықтарға керуен тарту, сауда-саттық қатынастарын жүргізудегі стратегиялық әлеуеттің белгісі болған.

         Екіншіден, хазірет иелігінде 28 десятина егіс алқабының болуы және онда тары мен бидай дақылдарының егілуі оның отырықшылық мәдениетке бейімділігін әрі егіншілік кәсібін кәсіби деңгейде меңгергенін көрсетеді.

         Үшіншіден, санақ деректеріне сүйенсек, хазірет отбасында еңбекке жарамды 4 ер адам мен 3 әйел адамның тіркелуі ірі шаруашылықты өз әулетінің күшімен жүргізе алған әлеуетті білдіреді. Түйіндей айтсақ, 1917 жылғы бұл архивтік құжат – Шахмардан хазіреттің адал еңбек пен терең білімді ұштастыра білген, өз заманының заманауи әрі бақуатты шаруа иесі болғанының бұлтартпас дәлелі.

         Зерттеу барысында нақтылауды қажет ететін тағы бір маңызды мәселе – Шахмардан хазіреттің тегі мен есіміне қатысты деректердегі айырмашылықтар. Архивтік құжаттарда, соның ішінде 1917 жылғы санақ карточкасында ол «Супанов» (Сопанұлы) деп тіркелген. Ал хазіреттің басына қойылған құлпытаста «Алламжар оғлы» (Алламжарұлы) деп анық қашалған. Сонымен қатар, кейбір тарихи деректер мен ауызша мәліметтерде оның есімі «Шәкен Әбжанұлы» ретінде де кездеседі. Біз бұл сәйкессіздіктерді сол кезеңдегі ресми іс-қағаздарын жүргізу жүйесі мен дәстүрлі шежірелік үрдістерді өзара салыстыра отырып талдауды жөн көрдік.

Шахмардан кулпытас

         1-сурет. Шахмардан хазіреттің (Шәкен ишан) құлыптасы.
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Сарытоғай елді мекені.
Дереккөзі: Далалық зерттеу материалдары (2024 ж.).

         Архив деректеріндегі «Супанов» тегіне қарамастан, хазіреттің басына қойылған құлпытастағы жазу оның шынайы ныспысын айқындайды (1-сурет). Құлпытаста араб графикасымен қашалған «Алламжар оғлы» деген мәтін хазіреттің әкесінің есімі Алламжар екенін бұлтартпай дәлелдейді. Төменде осы жәдігердегі мәтіннің транскрипциясын ұсынамыз:  

         5-кесте. Құлпытастағы мәтіннің оқылуы (Транскрипция)

Төте жазу (Түпнұсқа нұсқасы)

Қазіргі қазақ жазуы (Кириллица)

تابىن رۋى

Табын руы

جىلقىشى تايپاسى

Жылқышы тайпасы

بايغازى بولىمى

Байғазы бөлімі

ەبەس اۋىلى

Ебес ауылы

شاهماردان حازىرەت سوپى

Шахмардан хазірет сопы

اللامجار وعلى

Алламжар оғлы (ұлы)

٦٨ جاسىندا وپات بولدى

68 жасында опат болды

جازدىرۋشى بالاسى

Жаздырушы баласы

 

                   Эпиграфикалық (жазутану) дерекке ғылыми түсініктеме:

  1. Рухани лауазымы: Мәтіндегі «Хазірет сопы» тіркесі –Шахмардан хазіреттің тек діни қызметкер емес, ислам ілімінің терең деңгейін (сопылық мектепті) меңгерген, ел таныған ірі ұстаз болғанының басты айғағы.
  2. Ныспысы мен тегі: Құлпытаста «Алламжар оғлы» деп жазылуы хазіреттің биологиялық әкесінің атын нақтылайды. Ал архивтік құжаттардағы «Супанов» (Сопанұлы) нұсқасы –патшалық әкімшілік жүйедегі үшінші атасының есімімен тіркелген ресми фамилиясы екенін білдіреді.
  3. Хронология: «68 жасында опат болды» деген мәлімет хазіреттің өмір жолын нақтылайды. Егер оның 1925 жылы қайтыс болғанын негізге алсақ, 1857 жылы туғандығы туралы болжам толық расталады.
  4. Лингвистикалық ерекшелік: «Ұлы» сөзінің орнына «оғлы» (وعلى) формасының қолданылуы сол кезеңдегі қазақ даласындағы классикалық түркі-ислам жазу дәстүрінің сабақтастығын көрсетеді.

Тегіне қатысты деректердегі айырмашылықтарды талдау:

Зерттеу барысында Шахмардан хазірет есімінің ресми құжаттарда, эпиграфикалық жәдігерлерде және ауызша шежіреде әртүрлі аталуына қатысты мынадай тұжырымдар жасалды:

Фонетикалық трансформация (Алламжар – Әбжан): Кейбір заманауи деректер мен мешіт паспорттарында кездесетін «Әбжанұлы» нұсқасы халықтық этимологияның нәтижесі болуы ықтимал. Араб-парсы тілдерінен енген күрделі «Алламжар» есімі ауызша сөйлеу тілінде қысқарып, дыбыстық ұқсастығына қарай «Әбжан» (немесе Әбдіжан) болып өзгеруі –антропонимикалық заңдылық. Құлпытас –ешқандай техникалық қатеге бой алдырмайтын «тікелей мөр» болғандықтан, ондағы «Алламжар» нұсқасы ең сенімді дерек болып саналады.

Ресми тіркеу мен дәстүрлі таным: 1917 жылғы санақтағы «Супанов» (Сопанұлы) тегі патшалық Ресейдің бюрократиялық жүйесіндегі әулеттік ныспыны білдіреді. Қазақ дәстүрінде адамды өз әкесімен (Алламжарұлы), атасымен немесе рулық-рухани лақабымен (Сопан тегі) атау жиі кездеседі. Осыған орай, «Супанов» –ресми құжаттық фамилия, «Алламжарұлы» – нақты әкесінің аты, ал «Шахмардан» – өз есімі, «Шәкен» – ел арасындағы еркелетіп айтылатын нұсқасы деп пайымдаймыз.

Қазіргі деректердегі жаңсақтықтар: 2021 жылғы ресми тізімдерде «Әбжанұлы» деп жазылуы мамандардың құлпытас мәтініне емес, жергілікті тұрғындардың ауызша мәліметтеріне сүйенгендігінен туындаған. Сондықтан бұл зерттеу нәтижесі ресми паспорттағы деректерді ғылыми негізде түзетуге мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысын қорытындылай келе, Шахмардан хазірет Алламжарұлының (Шәкен ишан) тұлғалық болмысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани-әлеуметтік келбетінің шынайы айнасы екенін көреміз. Архивтік құжаттар мен далалық эпиграфикалық деректерді өзара салыстыра талдау арқылы хазіреттің тек діни қайраткер емес, сонымен бірге ірі шаруа иесі, ағартушы-ұстаз және ұлттық бірегейлікті сақтаушы стратег болғанына көз жеткіздік.

         Шахмардан хазірет Алламжарұлының (Шәкен ишан) тұлғалық болмысын зерттеу барысында қол жеткізілген басты нәтижелер мен келешектегі зерттеу бағыттарын былайша тұжырымдаймыз:

  1. Деректік нақтылау: 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылық санағының деректері мен Сарытоғай қорымындағы құлпытас мәтінін саралау нәтижесінде хазіреттің туған жылы (1857 ж.), нақты ныспысы (Алламжарұлы) және әлеуметтік-экономикалық мәртебесі (бақуатты шаруа иесі) мұрағаттық тұрғыдан алғаш рет жүйелі түрде дәлелденді. Бұл деректер ресми құжаттардағы жаңсақтықтарды түзетуге ғылыми негіз болады.
  2. Рухани миссия: Шахмардан хазіреттің сопылық-ағартушылық қызметі – патшалық Ресейдің отарлау және миссионерлік саясатына қарсы қазақ қоғамының «рухани иммунитеті» ретінде қызмет етті. Оның Бұқара мен Қазан мектептерін ұштастыруы – ұлттық діл мен діни танымды сабақтастырудың бірегей үлгісі.
  3. Архивтік перспектива: Шахмардан хазіреттің және оның айналасындағы өзге де діни тұлғалардың (хазірет-сұлтандардың) өмірі мен қызметіне қатысты деректер әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивімен (АМОА) қатар, Орынбор облыстық мемлекеттік архиві (ГАОО) қорларындағы Орынбор мұфтиімен (ОМДС) хат-хабарлары мен ресми рапорттарды іздестіру – хазіреттің ағартушылық ауқымын одан әрі аша түсері анық.
  4. Академиялық маңызы: «Шахмардан хазірет Сопанұлының тарихи тұлғалық болмысы» тақырыбы – Отан тарихы, дінтану және өлкетану салалары бойынша дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларға арқау бола алатын іргелі бағыт. Тұлғаның өмірі арқылы Ақтөбе өңірінің ХІХ-ХХ ғғ. шебіндегі әлеуметтік-саяси трансформациясын зерттеу жас ғалымдар үшін перспективалық тақырып болып табылады.
  5. Ұрпақтар сабақтастығы: Хазіреттің әулеттік шежіресін, оның ішінде «Сопан тегінен» тарайтын рухани тізбекті қазіргі генеалогиялық әдістермен зерттеу – аймақтағы ишандар институтының тарихын түгендеуге жол ашады.

    Түйіндей айтқанда, Шахмардан хазірет Алламжарұлының мұрасын зерттеу – жай ғана бір тұлғаның өмірбаянын жазу емес. Бұл – қазақ даласындағы рухани қарсылық пен ұлттық жаңғыру тарихын жаңа қырынан танудың маңызды қадамы.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

  1. Избасарова Г.Б., Маден А.Т. Казахская региональная элита второй половины ХІХ – начала ХХ в. и ее трансформация (по материалам Актюбинского региона) // Вестник ЕНУ им. Л. Гумилева. Серия: Исторические науки. Философия. Религиоведение. – 2022. – Т. 139. – №2. – С. 29-50. DOI: 10.32523/2616-7255-2022-139-2-29-50.
  2. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). – 821-қор, 133-тізім, 499-іс, 141-142 парақтар.
  3. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. І-том. – Алматы: Мектеп баспасы, 2008. – 480 б.
  4. Кенжетай Д. Түркі халықтарының дәстүрлі діни танымы. – Астана: Сарыарқа баспасы, 2014. – 416 б.
  5. Сәтершинов Б. Дін мен дәстүр: сабақтастық пен қайшылық. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2018. – 280 б.
  6. Көшеров Н., Матсалаева Ж., Сарбаев Д. Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы. Құжаттар мен материалдар жинағы / Жалпы ред. басқ. Е.Т. Карин. – Астана, 2022. – 324 б.
  7. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АМОА). 69-қор, 2-тізім, 99-іс. (Всероссийская сельскохозяйственная и земельная перепись 1917 года. Карточка кочевого хозяйства: Шахмардан Супанов. 1-2 парақтар).
  8. Шәкен ишан мешітінің тарихи-мәдени мұра объектісін есепке алу карточкасы мен паспорты. – Ақтөбе: Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы, 2021.
  9. Діни-тарихи мұраны зерттеу – ұрпаққа аманат: Ақпараттық-көркем альбом. – Ақтөбе: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, 2013. – 57-б.
  10. Ақтөбе облысының киелі географиясы. Табиғат, археология, сәулет және этнография нысандарының тізілімі / Байтанаев Б.Ә. және т.б. – Алматы: Археология институты, 2021. – 532 б. (287-288 бб.).
  11. Абдуллина Ж. Шәкен ишан ұрпақтарының естеліктері мен ауызша деректері (Далалық зерттеу материалдары). – Ақтөбе: Руханият клубы, 2017.
  12. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ Ғылым, 2002. – 654 с.
  13. Ілиясова Р. Ел иесі, жер киесі. – Ақтөбе: А-Полиграфия, 2016. – 248 б. – (111-112 бб.).
  14. Исенов Ө.И., Купенов Б.К. Тәжікстан Республикасына 1920-1930 жж. қоныс аударған қазақ босқындары: олардың бейімделуі // Отан тарихы. – 2022. – №3 (99). – (97-106 бб.). https://otan.history.iie.kz.
  15. Исенов Ө.И., Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы ашаршылық пен босқыншылық (1920 ж. соңы – 1930 ж. басы) // әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2022. – №3 (106). – (145-157 бб.). https://bulletin-history.kaznu.kz.

Отеген 2026 2

 

Исенов Өтеген Ихсанұлы, тарих ғылымдарының кандидаты,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.