Бұл, мен КЭ «МНГР» құрамындағы РИТС-1 мекемесінде (бұрынғы ЖНРЭ - Жетібай мұнай барлау экспедициясының ізі) инженер-технолог болып жұмыс жасап жүргенде болған оқиға еді. Жер құрғақ кезде, қара күзде, Николаевская-4 ұңғысын қазу үшін заводтан шыққан су жаңа Уралмаш-3Д қондырғысының тек мұнарасын ғана құралдап қойған болатын. Бір жағы Өлі-Қолтық, екінші жағы Николаевскаяның жалпақ соры. Өлі-Қолтықта біздің бірнеше бригадамыз қазып жатыр, Николаевскаяда да екі бригада жұмыс жасап тұр. Өлі-Қолтықтың жері өте нашар, қысы-жазы бір құрғамайды, қатпайды, жаңа туған сәбидің еңбегіндей былқылдайды да жатады. Жаздың ыстығында табан астындағы сорлы жерден көтерілген ыстық, ылғалды ауамен демалу тіпті мүмкін болмай қалатыны тағы бар. Ал Николаевскаяның жалпақ соры бұдан да жаман. Өлі-Қолтықтағы бригадаларға машинамен, трактормен бірдеңе қылып баруға, жүк апаруға болатын болса, Николаевскаядағы С.Салманов пен В.Т.Ильясовтың бригадаларына вахтаны, тамақты, әртүрлі жүктерді МИ-8 вертолетімен тасимыз. Ауыз су мен жанар-жағар майларды, ұзын құбырларды, химреагенттерді вертолеттің астына іліп алып (на подвеске) жеткізетініміз тағы бар.