ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

ТАҢНЫҢ АЛТЫН АЙДАРЫ

Біртуар ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның туындыларынан үзінділер, басы осында 

 

       БОЗҚАҢҒЫР

 

Ебелек ұшқан сары адыр

Есіме түсті тағы да.

Қаңбағы қашқан қара қыр

Оралды жиі жадыма.

 

Оралды неге жадыма,

Бабамның жұрты – жер түбі?

Бар ырзық – малы-жанына

Тырбиған жусан, мортығы.

 

Төсінде бебеу – жел ызғып,

Жатқан да шығар аңылжып.

Ата бір жұрттан қол үздік,

Атаның ісін аңыз ғып.

 

Атаңның жерін қалдырып,

Атанның белін талдырып –

Не жүріс мынау қаңғырып,

Елестерге еріп – санды ұрып?!

 

Дәурені көшкен тұлғалы –

Дүрбелең дүние қым-қуыт.

Даланың ессіз ұлдары –

Далада жүрміз жын қуып.

 

Алыстан елді бақылап,

Өлеңді қойдық көпір ғып.

Жұмақтай жерде жатып ап,

Далаңды аяу – не тірлік?!

 

Мөрі жоқ ізден танырсыз,

Мен де бір жанмын жай ұрған.

Топырағында – тамырсыз,

Қаңбақтан қайсы – айырмам?

 

Көңілдің кірін шайған мұң,

Сағыныш – сарсаң,

арман – мұз.

Аузында талай хайуанның

Кете де жаздап қалғанбыз...

 

Көрсетем қашан қарамды,

Қаңбағы қашқан қыр-дала? –

...Даламның желі,

Жарамды

Жә, жетер енді – тырнама!..

 

04.08.1983 ж.

                                  Кеген. Жіңішке өзені.

 

               НАРЫНҚОЛДА

 

Елшенбүйрек, Хантәңірі – жырлы алап,

Тас төбемнен аспан таулар тұр қарап...

Қасқыр-бұлттар түлкі-күнді қанжоса

Көкжиекке қуып тықты мылжалап.

 

Кетіріп тұр кеші азулы күз дегбір,

Сам жамырап,

ілеп еседі түзден бір.

...Найзағайдан шырпы жағып әлдегім,

Тау ішінен әлденені іздеп жүр...

 

Кім болды екен? –

Бәлкім, Ақын елесі!

Нені іздейді ол?..

Күбірлейді...

О, несі? –

Сауалыма жауабы жоқ –

қаптаған

Шөгіп жатыр көп түйенің келесі...

 

Қандарына тау қасиет сіңгендер,

Қыр ұлының қиялына күлмеңдер! –

Алып таулар – қардан жабу жамылып,

Шөгіп жатқан аруаналар, інгендер.

 

Ерегесіп мешелдерге жер қапқан,

Аласаны асқақтықпен сорлатқан

Хантәңірі – келедегі кер үлек,

Күркіреген үн естілді сол жақтан...

 

Найзағайдың көзде елесі жоғалмай

Әлі тұрмын –

сырқатымнан оңалмай. –

Осы қазір бір керемет болардай,

Осы қазір бір қасиет қонардай.

 

Мұқағали туған жердің есігін

Ашып көрдім,

тербеп қиял бесігін.

Жерін білмей, жырын ұқтым деп кеппін,

Әруағынан сұрау керек кешірім...

 

Қорықпай-ақ аю, барыс, қорқаудан,

Қашып шығып у-шу болған ортамнан –

Найзағайды шақпақ қылып жақтым да,

Осы жырды тауып алдым сол таудан!..

 

28.10.83 ж.

Шалгөде.

 

                    ЖҮРЕК

 

Маңдайымнан сипады ерте ұлы елім,

Ол алақан – Аманат-ты, білерім.

Ұлы елімнің ақтаймын деп тілегін,

Тұғырдағы тастүлектей түледім.

Ұстап мініп жырдың бұла күреңін,

Әшекейлеп әбзел-тұрман, жүгенін,

Шешіп алып шежіре-шер шідерін,

Бабам жортқан құба жонға түнедім.

Бес қаруын іліп сөздің білегім –

Ұлы жолға бет түзеген ұл едім!..

Оқ өткізбес,

көз тигізбес у менен –

Шомылғанда қасиетті суменен

Су тимеген жерім жалғыз –

Жүрегім!..

 

Бұқа сынды буырқанса жар сүзер,

Болмасам да кенен ойға нәрсіз ер –

Трояда қаза тапқан баяғы

Ахиллестің өкшесіндей әлсіз ол.

 

Қай кезде де батыр – аңқау, ер – қамсыз,

Құдай ертең не берері болжалсыз.

Қайран жүрек –

қымтамаған Қарлыға

Көбіктінің кіндігіндей қорғансыз!

 

Не де болса жолға шықты сол жүрек –

Суып,

          тоңып,

                     сүйіп,

                               күйіп,

                                         елжіреп.

Кейде кертіп ақ азуы Ақпанның,

Кейде желпіп жазғытұрғы жел жібек.

 

Сол жүрекпен талай құмға із тастадым,

Сол жүрекпен талай қызға із тастадым.

Сол жүрекпен жазылды алғаш дастаным,

Сол жүрекпен бағынды алғаш асқарым!

Сол жүректі аялайды достарым,

Сол жүректі аямайды қастарым. –

Сол жүрекке атқан сайын тастарын,

Жасындарын ойнатады аспаным!..

 

Жыр жолынан жалдаптарды ықтыра

Алмай жүрсем, –

кінәлар ма жұрт мына?..

Жыр арнамай қояды екен Келешек –

Бір осал жер болмаса егер мықтыда...

 

Түкті жүрек,

                      күпті жүрек,

                                           мұз жүрек

Тірлігінен кейде үмітін үзді көп.

Ол неліктен –

мүйіздінің барлығы

Тұрады оны көргісі кеп сүзгілеп?

Түршігеді өктем келсе, – күзгі ілеп,

Көктем келсе, – тағы түзге үздігед.

Айдынында ғажап ойлар жүздіред –

Нажағайлар жатқан шақта құзды іреп...

 

Жарасына ем – бір көздерде дәру бар,

Бір көздерде қара сілең – зәр у бар...

Сол жүректен жыр сұрайтын жұрт қанша,

Сол жүректі шымшылайтын ару бар!

 

Шерлі жүрек – айналады шеменге,

Желді жүрек – айналады көбеңге.

Сорлы жүрек – нұр шылаған жанарын,

Шам жағып жүр –

соқыр,

мылқау,

кереңге.

Қансыраған көрсетермін Жүректі:

«Өлең үшін өлемісің?» – дегенге.

Менің де ертең жарты Ай жанып төбемде,

Мезгіл жетіп мерт боп кетсем егер де –

Байлап қойып басымды тас көгенге,

Былай деп айт – мола салғыш шеберге:

«Ең соңғы ірет – өлді Жүрек, – деп жазсын, –

Опасыздық жасай алмай – Өлеңге!..»

 

Тышқан-тірлік ырзық емес пендеге!

Тышқан біткен көр-топырақ жеуде өле...

Жетпеу үшін жау жебесі Жүрекке,

Жырдан сауыт тоқып келем кеудеме.

 

Қара Нарым қисайтқалы ауытын,

Қара Өлеңнің көбейіп тұр жауы тым.

...Алдыңа, Елім, жығылармын, –

жығылсам, –

Дар-дар жыртып Жүрегімнің сауытын!.. 

 

02.12.1983.

Алматы.

 

            КАБАКТАҒЫ ЖЫР

 

            Қайрат Әлімбековке

 

Сақи досым,

                      құйшы шарап,

                                                сыраңнан –

Тұншығайық,

бір шығайық құмардан.

Көк түтіннің көзге жағып бояуын,

Қақсын қанат – қауырсыны кір арман.

Бұ жалғанда –

уын беріп, пұл алған,

Көзіңді – жас,

ерініңді шылар қан.

Талай шайыр пана тапқан бұ маңнан,

Қан-шарапқа қанбай қалай шыдар жан?!

 

Келші, бүгін мас болайық,

тап шыным,

Жанды ұғарлық сендей досқа тапшымын.

Жыр оқиық, теңселдіріп кабакты,

Сен де бақсы,

сенен де өткен бақсымын.

Жезөкшенің бізге қарап мөлиген

Күлсалғыштай көздеріне қақ шылым!..

 

Күркіреп бір тілдің тінін шешкенде,

Бізге жақын келмей қалар еш пенде.

Ұмытылар қызып әбден бөскенде,

Сұлу қыздан қарызға алған бес теңге.

Қарыз алып, қайыр берер дәруіш –

Сенен өзге қалмады ғой дос менде.

 

Аяр уды қанға құйып, ал балқы! –

Жырың – жетім,

мұңың – жесір,

жан – жалқы.

Кабактардың тұманында адасқан

Ақындардың біз емеспіз алды-арты. –

Бұл еденде сіңіп қалған

Есенин,

Блоктардың тағасының бар даңқы.

 

Құйшы, кәне, қайда күрең Ажалым? –

Күрең Ажал, неткен сендік ғажап үн?..

Жалғаншының тәрік қылып мазағын,

Біз өлікпіз – тастап шыққан мазарын!..

Масайғанда еске алғанмен бәз әнін,

Сау кезінде жырды ұрмайды қазағың.

Кел, ендеше кілең масқа жыр оқып,

Қыздырайық маскүнемдер базарын.

Біз бұрайық Алматының назарын –

Өлең қылып салдақының ажарын...

Мазарымнан сөнсінші бір азалы үн –

Кұйшы, кәне, қайда күрең Ажалым?!

 

Астанамыз бауыр басып өгейді,

Неге бізге «өз ұлымсың» демейді?..

Күл-бұлттармен бітеп қойып көмейді,

Неге Алатау тамағын құр кенейді?

«...Біздің қала көтермейді көп ойды,

Алып кетер...» – деймісің сен?..

Е, мейлі!

 

Алып кетсе «ана жаққа» жалдап кіл –

Жырға ие бол,

пәтеріме жалдап кір.

Қаңғып өлген біз бе соңы ақынның –

«Жаны сірі етігіндей солдаттың»?!.

...Жұлдыздарын тауысқанда жалмап түн –

Түннің шашын жұлар, бәлкім, талдап күн...

Гүл жанышқан тұяғындай балдақтың,

Жүрегімді езуін-ай Салмақтың!..

...Әнебіреу – көзәйнекке тығылып,

Бағаналы біздің «ізді» барлап тұр...

Сан шортанды желбезектен байлаған,

«Су астына» құрып қойған қармақ бұл!..

Құрсын, қойдық!..

Шыннан «олар» шырмаса,

Мына көрген аз қызық та қалмақ тұл.

...Мазарымнан естілердей сарнап мұң –

Зариғапқан қомусындай қалмақтың!..

 

У – зәһардың ішсең де ең ауырын,

Бұл Үрейді баспайды енді, бауырым.

Ес барында тастаған жөн тәуірі,

Мына отырған өлекселер қауымын...

Пәтер ием – соқа салғыш ауылдан,

Сәл кешіксем, қасып қойып сауырын,

Талатады-ау, итпен бірге абалап,

Қанатады-ау бишігімен сабалап,

Жүрегімнің шилі болған жауырын...

 

Бізді де ертең қайта қамап тұрмыс-көр,

Жанды жаншыр күтіп тұр ғой түрлі істер.

Менде – пәтер, сенде – жатақ,

тау жаққа,

Екі жаяу, ал, кәнеки, тырмыс, кел!..

Ылау қылар пұл да безіп қалтадан,

Қор бақсыдай жын да безіп «арқадан»,

Жетерміз бір жеткен шақта түнгі 3-тер...  

...Біз – солармыз! –

Қашып кетіп бір күшпен –

Бұғатын жер,

тығатын көр таба алмай

Түрмесіне қайта оралған қылмыскер...

 

03.12.1983 ж.

Алматы.

 

                АТТАНЫС

                    

    Марқұм Тілек Бәрменбекұлына

 

Аттанамын мен Ертең Ұлы Жолға,

Қамданады сол жолға жырым –

Ол да.

Қарызды айтып қайдағы,

парызды айтып

Жолымызға сен енді тұрып алма!

 

Жігіт бассын желігін, қыз аптығын,

Сыпырылып сирақтан тұзақ-мұңым –

Құдай-халық өзі айтад,

жыр мен менің

Қайсымыздың жолымыз ұзақтығын.

 

Желігіп тұр наз бедеу мама ағашта,

Қалмапты әлі мінезі алақашпа.

Апарып сап біздерді барар жерге,

Шылбыр сүйреп қайтады-ау, қара қасқа!..

 

Мына жалған – талайдан қалған жалған,

Құралған кіл таупықсыз армандардан.

Таңырқама, іздеме –

үнім кейде

Қалса естіліп өксіген аңғарлардан.

 

Сол үн кіріп таулардың балағынан,

Бәлкім, дауыл тұрғызып салады ылаң...

Суреттегі мен емес –

мойынына

Қара лента оралған – қара жылан.

 

Жыр-хат келер тудырып болмашы үміт,

Кебежеде құриды – ол да шіріп.

Жосығымды сұраған жан болса егер,

Кетті дерсің, ертерек жолға шығып.

 

Жинап алып жиһанның қазынасын,

Жамиғатқа жолдаймын базына-сын.

Жалт боп ойнап өтермін, елесұрып,

Жатқан шақта беріліп нәзір-асым.

 

Жолда өлмеуін жырымның арман етіп,

Елесімді қойғанмын қорған етіп.

Ал аман бол, адал дос,

мен, айтпақшы,

Баяғыдан барамын жолда кетіп!..

 

Жолда жүрсең сен мені түсінер ең,

Ұқпас әсте сырты – өлі, іші – керең...

...Соңғы Жырым сақтаулы –

шылбыр сүйреп,

Назбедеудің үнінде кісінеген!..

 

07.12.1983.

Алматы.

 

   АМАЛ. АЛМАТЫ. АҢСАР

 

Думаның да жерітті, тамашаң бар,

Аңсатып жүр иен қыр, оңаша аңғар...

Құт-науырыз далама енді бүгін,

Құт иесі қайда екен қара шалдар?

 

Әйнек шертіп, сүңгіден тамшы еріген,

Қыз-келіндер қиылып бар сәнімен;

Жамырасқан топ бала қайда кетті,

«Қырық үйге көрісіп таңсәріден»?

 

Кірбің кетіп көңілден, мауқын басып,

Көрісіп жүр бар қазақ қауқылдасып...

Осы елестер санамда тіріледі,

Түріледі таң-перде... Тау тұр басып...

 

Шайып кеткен шұғыла-нұр үй ішін,

Шыққан күннің қарашы жымиысын!..

«Сағынғаның келер...» – деп, – «сақтағанын»

Асады ана, шығарып сүр иісін.

 

Қуыстарға тығылып түнек керең,

Қауыз жарған әркімнен жүрек көрем.

Уыз татып жатыр жұрт барлық үйден,

Бір-біріне уыздай тілекпенен.

 

Жайым мынау түнімен «сор жалаған»,

Кім әкелер уыз-нұр сол даладан?..

Сәбиін айт, елменен бірге оянып,

Көкесінің соңынан жол қараған!..

 

Тас қалада тарығып тұрмын жасып,

Көңілді кір, қабақты кірбің басып.

Нас қоғамның түрмесін талқан қылып,

Сол ортаға жетермін бір күн қашып.

 

Әні қашық көңілдің, күйі шалғай,

Мен де нас боп барамын иіс алмай!..

Қиыса алмай кешегі кеткен жұртым,

Сенімен де жүрем бе сыйыса алмай?..

 

14.03.1984 ж.

               Алматы.      

 ӨТКЕН СОҒЫСТЫҢ БІР СӘТІ

 

Мына дүние бейне жынның ордасы,

Еш мігірсіз ышқынып жау бомбасы –

Сансыз өлік жайрап жатыр маңайда,

Тірілерді қайрап жатыр қолбасы:

 

«...Қанша болды –

бомбалардың астында

жаураудамыз, –

Өлімге әзір бас бұрма!

Жыртқыш көздер жарқылдайды түнде де,

Дұшпан біткен айналғандай қасқырға.

 

Қанша уақыт танкілердің астында

Жанышталдық! –

Өлімге әзір бас бұрма!

Әне, тағы топан қаптап келеді,

Айналғандай дұшпан қара тасқынға.

 

Қанша уақыт оқ пен оттың астында

Бастық талай: «Хас албасты басқырға!..»

Қаншама ірет таптамақ боп төнген жау,

Қашқан кезде айналуда босқынға!

 

Сан боздақты басты сарай, бастырма,

Сүрт көзіңді – жанарыңда жас тұр ма?!

Моламызбен жауға бөгет болармыз,

Тыныш жатар біз бе жердің астында?!

 

Қанша қудық маңға үрейді жолатпай,

Біз бе, тәйір, өле қалар оқ атпай?!

Жар алдында біздің мамық жанымыз,

Жау алдында болған дәйім болаттай!

 

Жан табылмас бізді, бәлкім, көмуге,

Жаралғанбыз келешекке сенуге.

Күні кеше қалай өлсе бауырлар,

Тиістіміз біз де солай өлуге!..

 

Тағы қаптап келеді, әне, жасқанба,

Оқпен ғана өшпейтін ғып бас таңба!

Бүгін, мүмкін, жер астына түсерміз,

Ертең Даңқ шығады анау аспанға!..»

 

Қолбасы тұр көзде жанып қанды кек,

Қан-қан сарбаз көрсетеді сәнді ізет...

Қаһарлы үнді кетті кенет өшіріп,

Қаңғып келген, аңдып келген жалғыз оқ!..

 

Көз алдымда жұтып қойды ерлерді от,

Көп жендеттер көк түтіндей көлбеңдеп.

...Полк та жоқ!..

Даңқ та жоқ!!

Тым құрса,

Арттарынан «қара қағаз» келген жоқ...

 

01.04.1984 ж.

   Алматы.