САЛҒЫРТТЫҚ САЛДАРЫ

САЛҒЫРТТЫҚ САЛДАРЫ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН –Геолог-барлаушымын»  кітаптарының авторы.

 

САЛҒЫРТТЫҚ САЛДАРЫ

 

  Жұмбағы мол Ащытайпақ 2 ұңғысын қазып жатырған бұрғылау бригадасында бұрғылау шеберімін. 1977-78 жылғы қыс. Сол жылы қыста қар қалың болды, аяз да қытымыр болып біраз қиғылық салды. Тұщы судың азабын көрудей-ақ көрдік, тартудай-ақ тарттық. Дизельді буровойларда жұмыс жасаған бұрғышылар біледі, моторшылар өз вахтасы аяқталар мезгіл тақағанда, келесі вахтаның жұмыс жасауына қажетті дизтопливоны ГСМ (горючесмазочный материал) қазандары орналасқан, қондырғыдан алшақтау жердегі, жоғарыдағы «расходной» қазанға толғанынша айдап кетеді, солай вахтасын тапсырады. Бұл бізге дейін қалыптасқан дәстүр. Жоғары қысымды ауа жіберу арқылы жоғарыға айдалады, оны түсіндіріп жазудың қажеті шамалы, осындай қондырғыда жұмыс жасаған адам біледі қалай жасалатынын. Әңгіме басқада, бұларды тек кіріспе ретінде, мәселенің түп-төркіні түсінікті болуы үшін жазып отырмын. Біздің мекемеде қалыптасқан жылдағы әдет бойынша, осы қысты да біздің буровойлар жаздық (летний)  дизтопливомен қарсы алды және жұмыс жасап жатырмыз. Жаздық дизтопливо сәл аяз болса болғаны қоюлана қалады, ақпайды, дизельдердің фильтрлері парафин тәрізді қоюланған дизтопливомен бітеледі... Әрине, бұрғышылар осындай жағдайда қазандардан қондырғыға дейін тартылған дизтопливо келетін құбырлардың бойына бірнеше жерден ұдайы от алаулар (костерлер) жағып, жылытылған дизтопливомен дизельдерді қамтамасыз етеді. Бұл өте қауіпті, бірақ жұмыс жасағың келсе солай жасауыңа тура келеді. Амалсыздан осындай әдіске жүгінеміз. Басқадай жолы жоқ. Аяз қатты қысқан кездері бұндай от алаулар күні-түні жағылады. Жанып жатқан ол от алауларды да бақылайтын, отын тамызып тұратын бір адам керек. Бертін келе қысқы дизтопливо болмаған жағдайда (заводтарға берген сұранысың дер кезінде орындала қоймаған жылдары), басшылық жазғы дизтопливоға шамалап керосин қосу (керосинді дизтопливоның көлемінің 10-15% қосу арқылы) арқылы қату температурасын бәсеңдетуді енгізген болатын. Бірақ осы қыста ондай әдіс өмірге келе қоймаған еді де, біздер өз білгенімізше қиындықты жеңіп жүргенбіз. Қыс бойы бұрғышылардың қолынан факель түспейтініне бәрінің еті де, көзі де үйреніп кеткелі не заман. Ащытайпақта біраз күннен бері қатты аяз, айнала аппақ қар, аяқ бассаң сықырлап қоя береді. Тым жақсы қазып жатырмыз, долото жаңа, бұрғының жүрісі де жақсы, механизмдер де бір қалыпты жұмыс жасап тұр. Ұңғының тереңдігі 3500 метрден әлдеқашан асып кеткен. Осындай бір ырғақты жұмысқа көңіліміз толып, барлығымыз да көңілдіміз. Күндізгі вахтаның моторшысы Зейнепқали Хасанов түнгі вахтаға сменін тапсыруға дайындалып жоғары қазанға дизтопливо айдап келді. Түнгі вахтаның моторшысы Забиров Ислам (біздер Славик дейміз), тәжірибелі, көзін ашқалы буровойда келе жатқан жігіт, балалар үйінің түлегі. Вахталар ауысты, қазу жалғасуда. Қыста қараңғылық ерте түседі ғой. Мен де тамағымды ішіп алып, вагоныма жайғасып, жеңілденіп, жұмыс киімдерімді шешіп, қолыма кітабымды енді ала бергенімде жарық өшті де қалды. Терезеден қондырғыға қарасам онда да жарық жоқ, айнала меңіреу, өлі тыныштық. Қазу кезінде жұмыс жасап тұрғанда естілетін, құлаққа жағымды,  дизельдердің, механизмдердің бірқалыпты гуілі тоқтаған, естілмейді. Қондырғының ішінде де, айналада да қолында факель ұстап шауып жүрген бұрғышылар көзіме түседі. Тездетіп киініп алып қондырғыға келдім. Ешкім ештеңе түсінбей дал, барлық дизель бір сәтте өшкен. Түнгі вахтаның бұрғышысы Бозбаев Ғалымжан. Бұрғылауда болған бір авариядан кейін оны бұрғышылыққа төмендеткен болатын. Ғалекеңнің орнына қондырғы басшысы болып, Қарақұдық алаңында көрші буровойдағы Салманов Сүйегеннің бұрғылау шебері Евгений Васильевич Герасименко тағайындалды. Мен енді осы Е.В.Герасименкомен жұмыстаспын, ол жақында демалысқа шыққасын, мен қондырғы басында жұмыстамын. Мына жағдай кенеттен, аяқ астынан болғаннан соң Ғалекең тіпті инструментті сәл де болса забойдан көтеріп те үлгермеген, долотоға қанша нагрузка беріп қазып тұрса, инструмент тап сол күйінде қалған. Бұлайша қондырғының барлық дизельдері бірінен соң бірі сөніп қалуының себебін іздестіре бастадық. Дизтопливо құбыр бойында қондырғыға жетпей қатып қалуы мүмкін емес, қазандар мен қондырғы арасындағы дизтопливо жүретін құбырды бойлай екі жерде үлкен аумақты алып жатырған от алау сол күйінде жанып тұр, ал күндізгі вахтаның моторшысы (Зейнепқалиды жатқан жерінен тұрғызып алып келгенбіз) жоғарғы қазанды толтырып дизтопливо айдап қойғанын ант-су ішкендей болып дәлелдеуде. Қондырғының механигі Отарбаев Бағытжан деген білікті, білімді жігіт еді. Гурьевтегі мұнай техникумын бітірген, Доссордың тумасы. Бағытжанды біздер буровойда да, ауылда да Борис Данилыч дейтінбіз. Бір кемшілігі, ішімдікке әуес, осы осалдығы ақыры түбіне жетті. Үйленбестен кетті. Жас шамасы Ғалекең құралпылас. Орысша, қазақша ағып тұр, сөздері өте сауатты. Негізінде әкесі тәуір адам, елінде үлкен беделге ие болған, жоғары лауазымды қызметтер атқарған адам деп еститінмін. Борис Данилыч бастап моторшылар барлық дизельдердің топливный насостарын (ТНВД) тексеріп қарағанда олардың барлығы да ауа сорған болып шықты. Демек дизельдер дизтопливо жетпегендіктен өшкен. Шелекке жылытылған, сұйық дизтопливо құйып алып, дизельдің дәл үстіне іліп қойып, топливный насосқа бірден шелектен дизтопливо беріп қыздырып қарайық деп талаптанып едік, бола қоймады. Алғашқы талаптанғанымыз енді ғана сөнген қуаты 200 квт.болатын польшалық WOLA-H дизельді эл.станция болды. Аккумуляторлардың оған әлі келмегесін, не де болса тездетіп жоғарғы бір дизельді қыздырып, забойда қимылсыз қалған инструментті көтеру еді. Жоғарыдағылар отандық В2-450 деген дизельдер болатын. Ойымызша, отандық дизель польшалыққа қарағанда оңай қызуы керек еді. Бұл да бола қоймады. Осылайша жүргенімізде ескі аккумуляторлар әбден «отырып» қалды. Электростанцияны да, жоғарғы блоктан бір дизельді де қыздыра алмай қалдық. Қондырғымызда жеңілдеу, отандық У1-Д6 деген дизельмен, 100 квт.қуаты бар екінші эл.станциямыз да бар, бірақ оны мынандай қыс кезінде көп жұмысқа қоспаймыз. Қыс кезінде польшалық дизельді эл.станцияны профилактикалық күтімге (майларын, фильтрлерін ауыстырып...) қойғанда ғана отандық эл.станциямызды аз уақытқа қосатынымыз бар. Дәл қазір У1-Д6-тің «головкасын» ауыстыру үшін бөлшектеп тастаған болатын. Аккумуляторлардан қайран кеткесін басымыз салбырап қалды. Иен далада жалғыз буровой, айнала аппақ қалың қар жамылған меңіреу, ұшы-қиыры көрінбейтін дала. Аяз болса мынау, нағыз шұнақ аяз. Сағат сайын күшеюде. Бір жақсысы жел жоқ, ауа тымық. Аспан кереметтей таза, жұлдыздар самсап, ай жарқырап тұр. Күндізгі вахта да, түнгі вахта да түгелге жуық қондырғы басында. Топырламай поселокке, вагондарыңа барыңдар дегенге құлақ аспауда. Бәрі де қолдарынан келгенше көмек бергісі келеді, барлығы жабылып мына тығырықтан шығудың амалын табудың қамында. Расыменде, егер алда-жалда бір амалы табылмаса жағдайымыз өте мүшкіл. Рацияға шығып орталыққа хабарлай да алмайсың, тоқ жоқ, аккумулятор «отырған». Ертең самолет бұл жаққа келе ме, келмей ме белгісіз. Қызықтың көкесі алда. Аспазшы, техничка, лаборантка қыздар да бар поселок басында, олар қалай шыдайды мына аязға? О баста ортамыздан бірер адамды поселокке жұмсап, жылыту батареяларындағы сулардың қатып қалмауын қадағалауды, оларды қолда бар матрас, көрпе, қалың киімдермен орап, бойындағы бар жылуын мейлінше ұзақ сақтап тұруға тапсырма бердік. Вахтаның жұмыс киімдерін кептіретін, адамдардың жуынып-шайынатын вагон-сушилькадағы батареяларды қондырғы басындағы «пожарный щиттерде» тұрған «кошмалармен» орауды тапсырдық. Мына жұмыс қаншаға созылатынын кім білген, мүмкін оңынан орала қалса батареялардағы суларымыздан айырылып қалмайық деген ой ғой. Ал тіпті ұзаққа созылып, батареялардағы сулар кілегейлене бастаса, онда амалсыздан суларды ағызып, батареяларды мұз жарып кетуден сақтаудан басқа амал қалмайды. Бірақ бізден рұхсатсыз су жіберілмейді деп қатаң ескерттік. Ғалекең, Борис Данилыч үшеуміз, қасымызға Забиров Исламды алып, аккумуляторлардан пайда болмағасын, ендігі жерде мына тығырықтан шығудың жолын ойластырдық. Кейде, инструмент жоғарыда болғанда, воздухосборникте ауа болғанда, трансмиссиядағы ШПМ-дарды қосып, инструментті ұңғыға үлкен жылдамдықпен түсіріп, дизельді осындай әдіспен «сүйретіп» қыздыруға да болатын. Ондай әдісті қолдануға қазір болмай қалды, инструмент забойда «под нагрузкой» тұр.  Бір мезгілде Борис Данилыч, отандық дизельді қатты қысыммен сығымдалған ауа жіберіп қыздырып қарау мүмкіншілігі қалғанын айтты. Оны Славик те қолдады. Славик негізінде көп сөйлемейді, сөйлесе де үні шықпайды, мұрнының астынан міңгір-сіңгір ете салады. Қандай маңызды мәселе жайында да өз пікірін осылайша естілер-естілмес қылып жеткізеді. Оның аузынан шыққан жартымсыз сөздерді тап қасында тұрған адамның да ести қоюы екіталай. Бірақ механизмді терең білетін маман. Екі білгірдің айтқандарына қосылмауға амал қайсы? Шегінетін басқа жер қалмай тұр емес пе.

Буровойда бұрғылау насостарының компенсаторларына үлкен қысыммен ауа айдалады. Ондай үлкен қысымды ауаны оттегінің баллоны тәрізді, бірақ қара түске боялған баллонға кішкене ғана АК-2-150 деген компрессор айдайды. Осы мәселе қондырғының жөндеушісінің құзырындағы жұмыс болып есептеледі. Жақсы жөндеушінің компрессоры да кез келген уақытта жұмысқа дайын, баллоны да толтырулы болады. Біздің қондырғының жөндеушісі Исхаков Найл деген татар жігіт болатын, Жетібайда тұрады, әйелі сондағы АТП-да диспетчер. Найлдың әйелінің АТП-да диспетчер екенін білетін себебім, экспедиция басшылығына келгеннен соң осы мекемеден машиналар жалдап, жұмыс бабымен жиі қатынасып едім, сонда кездесіп, қызметтес болғанбыз. Найл өз ісіне мығым. Айтқандай-ақ баллон 150 атм.қысымдағы ауамен дайын тұр екен. Польшалық эл.станцияның дизелі бұндай қыздыруға арналмағандықтан, ал жеңіл У1-Д6 дизелі әлі жиналу үстінде, дайын болмағандықтан, не де болса жоғарыдағы №1 В2-450 дизелін қыздырып, забойда қаншама уақыттан бері қозғалыссыз тұрған инструментті қозғап қарауды жөн деп шештік. Бұрғылау кенеттен тоқтағаннан соң, бар қолымыздан келетінін жасап, ара-арасында инструментті төмен қарай сәл-пәл түсіріп (разгрузка жасап) тұрғанбыз, инструмент  ұңғының стволына жабысып қалғандай болса, аздап та болса орнын ауыстырсын деген ниетпен. Дизель қызғанмен, трансмиссияны сығымдалған ауа толтыру арқылы дизельдің қозғалыс күшін басқа механизмдерге (лебедкаға, компрессорға, насостарға...) беретін ШПМ (шиннопневматическая муфта) дегенге қажетті 8 атм.қысымы бар, үлкен көлемдегі сығымдалған ауа воздухосборникте жоқ болып шықты. Ұзақ уақыттан бері компрессор толтырып тұрмағандықтан, кезінде воздухосборникке жинақталған ауа ұшып кеткен. Ендігі амал, дизельді трансмиссиямен қосатын ШПМ-500 деген муфтамен, трансмиссияны КСМ-5 деген компрессормен қосатын ШПМ-300 деген муфтаны троспен мықтап байлап, еріксіз, дизельдің жетегіне еріп, дизельмен бірге айналатын қылу ғана қалды. Солай жасадық. Параллельно жігіттер дизельді қыздыруға дайындап, бойын жылыту үшін радиаторына қайнаған ыссы су құйып, картердегі майын жылыту үшін астына астаушаға салып от қойып, фильтрлерін факельмен жылытып, дизельдің үстіне жылытылған, сұйық дизтопливоны шелекке толтырып іліп, оны топливный насосқа шлангімен жалғап... бәрін дайын қылып қойды. Мына жақтан 150 атм.қысымы бар баллонды Борис Данилычпен Славик екеуі керек жеріне жоғары қысымға шыдамды трубкамен жалғап та үлгерді. Енді шешуші сәт те келіп жетті. Жұрт тып-тыныш бола қалды, тек факельдердің шытырлап жанған дауысы ғана естілетін тыныштық орнады. Баллонның вентилін ашар алдында Борис Данилыч бізге қарап ақсиып күлді, бет-аузының барлығы күйе-күйе, май-май, тек тістері ғана ақсияды. Біз де ыржиған кейіп таныттық. Біздің де сықпытымыздың келісіп тұрмағаны белгілі. Борис Данилыч сол иығынан асыра бір түкіріп жіберіп вентильді ашты, дизель біртіндеп айнала бастады, бірақ Борис Данилыч топливный насостағы жиналып қалған ауаны түгел шығарып болғанша вентильді түгел аша қоймады. Ауа шығаратын тетіктен толықтай дизтопливо шығатын болған кезде ғана ол тетікті бітеп тастап, баллонның вентилін толық ашып жіберді. Дизель компрессормен қоса айнала бастады да, бір мезгілде күркілдей жөнелді, қара түтінді әр жерінен атқытып барып, бірер қақалып алып қыза жөнелмесі бар ма. Мәссаған, қуаныштың көкесі осы екен ғой!!! Өліп жатқан тылсым дүниеге жан біткендей болды. Барлығымыз қуанып жатырмыз, көптен бері үнсіз, дымдарын шығармай, іштерінен тынып, не болып кетер екен деп тұрғандар бір бірімізден темекі сұрап, құнжыңдасып, қауқылдасып керемет болдық та қалдық. Өмірде бұндай да қуаныштың түрі болады екен-ау!!! Бәріміздің әйелдеріміз ұл тапқандай қуандық. Бұл дизель бір шама жұмыс жасап, жетегіне троспен байланған компрессор қажетті ауаны воздухосборниике айдап болғасын, Ғалекең лебедканы қосып, бірінші жыдамдықпен асықпай, біртіндеп инструменттің ұңғыдағы өз салмағын алуға кірісті.

Бәріміздің көзіміз инструменттің салмағын көрсететін ГИВ-6 (гидравлический индикатор веса) деген приборда. Инструмент біртіндеп көтеріліп келеді, өз салмағын алды. Енді ары қарай көтеріле ме, әлде «затяжка» бастала ма, мәселе осында. Әзірге, өз салмағын алғанша моторға күш түспеген еді, сонысынан да үміттеніп тұрған жайымыз бар. Ғалекең абайлап жоғары көтеруді бастады. Мәссаған, қызықтың барлығы осында болып шыққанын көрмейсің бе. Инструмент біз күткендей «ұсталмаған» екен, аздаған іліп қалып тұратын «затяжкалар» болды, ротормен қағып-қағып қалып, әлсін-әлі «расхаживать» етіп ондай жеңіл-желпі «затяжкаларды» жойған болдық. Бірақ көп көтермеуге тырыстық та, циркуляция шығарып, аздап жуудың қамын жасадық. Насостың қалған клапандарын алып тастап, бір клапанмен жайлап қана (давление қатты көтерілмесін деп) жуып қарадық. Әрине қиыншылықпен, бірақ біз күткендей қиыншылық емес, циркуляция да көрінді. Көрінгесін болды ғой, қалғаны «дело техники» дегендей. Біршама ұңғыны жуып болғасын, инструментті біраз жерге дейін көтеріп, қайта түсіріп қарадық, «затяжка да, посадка да» жоқ. Міне қызық!!! Борис Данилычтың ақылымен инструментті жоғарырақ көтеріп қойып, жоғарыдағы қалған дизельдерді қыздыруды қолға алдық. Әрі, трансмиссияға байланған компрессорды да босату керек. Біз мына жақта жүргенде моторшылар екінші дизельді де қыздыруға дайын қылған екен. Ендігі жерде екінші дизельді муфтаға ауа айдап қосу арқылы жетекпен (буксирмен) қыздырдық. Екінші жасап тұрғанда біріншісін өшіріп, трансмиссияны, компрессорды байлаған тростарды шештік. Үшіншісін де тап осы жолмен қыздырып алдық. Компрессор жасап тұр, керекті қысымдағы ауа воздухосборникте жеткілікті, жоғарғы блок түгелдей жұмысқа дайын. Бірақ бұлардың барлығы да әзірге дизельдің төбесіне ілінген шелектегі дизтопливомен қыздырылып, біреуінен басқасы тоқтатылып қойылған болатын. Ғалекең екеуміз ақылдасып, не де болса барлық дизельдер іске қосылған бойда оншақты свеча көтеріп алып, скважинаны насостар іске қосылғасын жақсылап жуып, әбден бір ыңғайланғасын төмен қарай асықпай түсіріп, керек жерінде стволды «проработка» жасап, артынан ары қарай қазуды жалғастыратын болып шештік. Техникалық судың тапшылығынан бұрғылау ертіндісінің сапасы көңіл көншітпей, мынандай жағдайда забойда қалған инструментіміз «прихват» болған болар, сапасы шамалы ертінді қазылған тау жыныстарын (шламды) қайдан ұстап тұрсын, долото, УБТ дегендердің үстіне шлам отырып, циркуляция шығара алмайтын болармыз, ауыр авариялық жағдай орын алатын болар деп іштей уайымдап жүргеніміз бекер болып шықты.  Сонымен ұңғының жағдайы қуантатындай болғасын, біздерге қанат біткендей болды. Қуанышта шек жоқ. Енді басқа жұмыстарға ерекше құлшыныспен кірісіп кеттік. Мына жақта Славик бастаған, Найл қостаған моторшылар У1-Д6 дизелін жинастырып болып, май-суын құйып, бойын жылытып, дизтопливо толы шелегін іліп қыздыруға дайын қылып болып жатыр екен. Борис Данилычтан баллондағы ауа қысымы қанша қалды, жоғарғы дизельді қыздыруға көп шығындалды ма деп сұрағанымда, ол «саспа, әлі де біраз бар» деген. Инструмент бос болып, «ұсталып» қалды ма деген қорқыныштан арылғасын, енді эл.станцияның тілеуін тілейтін болдық. Бұл құрымағырың дұрыс жиналды ма екен, зажигание ауысып кетпеді ме екен, дұрыс қойылды ма екен... екен,... екен... деген сұрақтар көп көкейде. «Головка» дұрыс жиналмаса, баллондағы өзі аз қалған жоғары қысымды ауаны босқа құртамыз-ау деген уайым жеп барады. Қазіргідей қақаған қыста біз үшін ең бірінші қажеттісі электростанцияның қызып кетуі екені түсінікті ғой. Осындай тағдыршешті сәтті барлығымыз тағатсыздана күтудеміз.  Қызық болғанда, Борис Данилыч бұл жерде тағы бір «өнер» шығарды. У1-Д6-ті қыздыруға баллон жалғамай, «отырып» қалған аккумуляторларды жалғап жатыр. Бәрі дайын болған бойда дизельдің стартерін басып қалып «гүрр» еткізді. Түк болмағандай дизель қызып ала жөнелді. Мәссаған, бұған қалай қуанбассың?!!! Сәлден соң жарық та жанды, поселекке де жарық берілді. Польшалық қуатты эл.станция мен үлкен В2-450 дизеліне күші жетпеген аккумуляторларды о баста Борис Данилыч аяп, зорламаған, қуатын артына сақтап қалған екен. Қондырғыдағы әр механизмге өзінің жауап беретінін толық сезінетін, қарамағындағы дүниелерінің қандай жағдайда, қандай қауқары барын болжап, алдағы жұмыстарды ойластырып отыратын маманның ісі ғой. Артынан, оңашада, аздап екеуара «ащылап» отырғанда өзінен осы жағын сұрағанымда, ол: «Ең соңғы мүмкіндіктің У1-Д6 дизелінде болатынын о баста сездім, іштей соған дайындалдым, Славикті бірден сол дизельді тездетіп жинастыруға қойдым, аккумуляторлардың да шамасын байқағасын, оларды ең соңғы «соғысқа» сақтауға тырыстым»,- деп еді. Бұндай маманнан айналмассың ба.

 Воздухосборникке ауа жеткілікті көлемде жиналысымен бірер жігітті жоғарғы қазанға дизтопливо айдауға жібергенбіз. Біршама уақыттан соң жоғарғы қазаннан қондырғыдағы дизельдерге құбыр арқылы дизтопливо да жетті. Дизтопливо жинақталған қазандар маңында жұмыстанып жатқан жігіттерге буровойдағы қарбаластардың арасында барып, қондырғыға дизтопливо неліктен келмей қалғанын тексеріп те едім. Байқасам бақа екен деген ғой, барлық гәп Зейнепқали ағамыздың жауапсыздығында, САЛҒЫРТЫҒЫНДА екен. Сұрастырсам, дизтопливо жиналған жоғарыдағы қазанды тексеріп қарауға бір жігіт өрмелеп биікке шығады. Өте жоғары, баспалдағы жоқ қазанға мынандай аязда өрмелеп шығу дегенің де үлкен ерлікті, ептілікті, қарайған күшті қажет ететін қауіпті іс. Бір жақсысы лүп еткен жел жоқ, тымық ауа, сықырлаған аяз. Жоғарыға шыққан жігіт қазанның бос екенін, қазанның ортасынан келетін қатып тұрған көбіктен басқа ештеңе көрінбейтінін байқап, қолындағы багормен көбікті тесіп жібергенде темір багордың қазанның түбіне тақылдап тигенін естігесін, багорды суырып алғанда багорға дизтопливо жұққан еш белгі болмайды. Демек, күндізгі моторшы қазанның ортасына қатқан көбікке тиіп шашыраған дизтопливоның шашырандысын көріп қазанды толтырдым деп ойлаған. Бұл қазан әдеттегіден неге тез тола қалды деген сезік болмаған. Не деуге болады бұндай жауапсыздыққа, САЛҒЫРТЫҚҚА. Бағытжан Отарбаев (Борис Данилыч), Забиров Ислам (Славик), Найл сияқты өз ісіне мығым, білікті де білгір мамандар болмағанда дизельдер қызбай, халық қақаған аязда үсіп, ұңғыдағы инструмент «ұсталып»... әй, несін айтасың... Бір адамның шалалығы (САЛҒЫРТТЫҒЫ) қандай қасіретке әкелетінін, екінші жағынан жаздық дизтопливо да өз үлесін қосқанын көрмейсің бе.

  Сол күні мен буровойдан шыққанда күн тас төбеде жарқырап тұр екен. Қанша уақыт арпалысқанымызды байқамаппыз да ғой, қызу, қарбалас жұмыс үстінде уақыт зымырап өтіпті. Қатты шаршағанымды енді сездім. Аспаздар барын салып, аз уақытта қолдарынан келгенін, дайындаған «праздничный завтрак па, обед пе» ыстық тамағымды ішіп алып, вагоныма келіп құладым. Вагон әлі жыли қоймағандықтан киімімді шешпестен жата кетіп ұйқыға кірістім. Қондырғыдан шыққан бойда поселокті аралап шыққанмын, бәрі де орнында, ештеңе бүлінбеген, жарылмаған, тек әлі жылына қоймаған. Шүкіршілік дедім. Бұл күні орталықпен байланысқа шыққан жоқпын, аманшылық болса, ертеңгі байланыста эл.станция бұзылып қалды деп сылтау айтармын деп ойладым көзім ұйқыға кетіп бара жатып. Бұлай шаршауымның жөні де бар, мен тек жұмысты ойлап емес, жұмыстан бөлек, санаңды жегідей жеген қарамағыңдағы жолдастарыңа, жұмысшыларға деген жауапкершілік те бар ғой. Бұл да Ащытайпақ дегеннің бір кесапаты еді. Бір жағынан қорқытты, екінші жағынан қолдады, айдан анық болатын авария (прихват) болмай қалды. Әшейінде инструментті сәл уақытқа қимылсыз қалдырғандай болсаң болғаны, «прихват» дегенің, «потеря циркуляции» дегенің көп күткізбестен жабыса қалатын еді-ау. Ал мына жолы олардың бірі де болмады, ең бастысы бұрғылау ертіндісінің сапасы нашар бола тұра. Түсінемін, забойда «под нагрузкой» қалғанның да пайдасы тиген болар, бірақ... Жұмбақ па? Әрине жұмбақ. Бұл тағы да Ащытайпақтың тылсым жұмбағы болды мен үшін.

  Таңертең вахтасын күндізгі бұрғышыға тапсырып болғасын, вахталық журналға өз вахтасында жасалған жұмысты (әртүрлі ойдан шығарылған жұмыстар ғой, шындықты көрсетпей) жазып отырып, Ғалекең маған кешегі тәулік бойы жазылған ГИВ-6 приборының диаграммасын берді де «Бисаха, мына диаграмманы жоғалтпа, өзіңде ұста, суточный рапортқа тіркеме, ешкімге көрсетпе. Мынандай «ғажап» түннен ескерткіш болсын»,-деген. Ғалекеңнің айтқанындай қылдым, әлі күнге өзімнің үйдегі жеке архивімде сақтаулы. Анда-санда сол диаграмманы қолыма алып қарасам, сол күнгі жасалған жұмыстардың барлығы көз алдыма елестей қояды. Адамның жүрегін кардиограммаға түсіргендегі синусойдалар сияқты сызылған қисық сызықтар қанша уақыт қазғанымызды, қанша уақыт қозғалыссыз, «под нагрузкой» тұрғанымызды дәл жазып қойған. Оның сыртқы бетінде менің өзім үшін қолмен жазған түсініктемем (қалайша дизельдермен арпалысқанымыз, сол түні не болғаны) де бар. Ғалекең айтқандай, басымыздан талай ғажап түндер өтті ғой, бұл түн де солардың қатарына өз ерекшелігімен осылайша қосылды. Сол күнгі суточный рапортқа басқа жұмыстарды жазып көрсеткенім түсінікті болар. Қаздық, ертінді дайындадық, баптадық, жөндеу жұмыстарымен айналыстық деген тәрізді «өтіріктерді» жазғаным есімде. Суточный рапорттың қасында ГИВ-6 приборының диаграмассы болмағасын не жазсаң да өз еркіңде.  

Бір қызығы, осы арпалыста, қатты шұнақ аязда жұмыс жасаған жандардың бір де біреуі салқын тиіп ауырмақ түгіл, түшкірген де жоқ қой.

  Өздерің байқаған боларсыңдар, жоғарыда мен екі татар жігіт жайында жаздым, ал бұл бригадада олардан басқа тағы бірнеше татарлар жұмыс жасайтын. Бұрғышы Хисамутдинов Бадреддин (көбіне орысша Боря дейді, лақап аты Чушма), машинист Халидуллин Ғарифолла (Гриша дейміз), бұрғышы көмекшісі Галиуллин Ильдар дегендер осы бригаданың басқа ауысымында жұмыс жасайды.

Бір маманның жұмысына САЛҒЫРТ қарауының салдары елсіз даладағы бір бригада адамды осындай әбігерге салды.

...

PS.  Суреттер интернеттен алынды.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(Б.Б. «МЕН – Геолог-барлаушымын» кітабынан үзінді)

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты