ПИРАТЫ ХХ ВЕКА

ПИРАТЫ ХХ ВЕКА

Жуырда теледидардан «Пираты ХХ века» (ХХ ғасырдың қарақшылары) деген көркем фильм көрсетіліп жатыр екен. Бұрын да көріп жүрген туындыны қайта қарап шығып алғашқы көрген кезімді есіме алдым.

...1980 жылдың күзінде «Мир» кинотеатрында «Пираты ХХ века» деген фильм көрсетіліп жатыр дегенді естідім. Афишаға қарап, таңқаларлық ештеңе аңғармадым. Билетімді алып, көру залындағы орныма жайғастым. Көп кешікпей кином да басталып кетті. Содан... Әрі қарай не болғанын айтып жеткізе алмаспын, сірә.

пираты

Тек бір айтарым, бұл фильм тағдырымды күрт өзгертті. Бұрын мен үшін бокстан артық спорт жоқ сияқты болып көрінетін еді. Қорғанып білу үшін қолмен соққы жасап білсең жарайды ғой деп жүретінмін. Бірақ «Пираты...» фильмінен кейін түсінігім әп-сәтте түбегейлі өзгеріп сала берді. Себебі, фильмде каратешілердің аяқпен қалай соққы жасағанын көрдім.Тадеуш Касьяновтың қалың тақтайды теуіп сындырғаны...

6

Талғат Нығметулиннің секіріп тепкені...

ПИраты 222

Кеме үстіндегі болған төбелес көріністері... Кино менің  жекпе-жекке деген көзқарасыма үлкен төңкеріс жасады. Санамды билеп алғаны соншалық-біразға дейін сол кино әсерінен шыға алмадым. Ертесіне сабақтан соң кинотеатрға қайта бардым. Сол апта бойы қалған сеанстардың бәріне барып шықтым десем өтірік болмас. Лекция дәптерімнің біріне аяғын биікке көтере теуіп тұрған адамның суретін салғаным да есімде. Шығыс өнеріне аңсарым ауып, осы өнерді үйренгім келді.

Сұрастырып көрсем, мұндай спорттың барын ешкім білмейді. Себебі ол кезде карате деген спорт атымен жоқ еді. Көп кешікпей Еділ Дүйсенғалиев атты милиция қызметкері педагогика училищесінің спортзалында карате үйірмесін ашқанын білдім. Құдай сәтін салып, сол мектепке мен де қабылдандым. Бір қызығы, Атырауда танымал болған шығыс жекпе-жегінің алғашқы қарлығаштары сол үйірмеден шыққан болатын. Сексенінші жылдары Сайфуллин Шарифолла мен Сарбуфин Аманның аттарын білмейтін жастар кемде-кем болар. Немесе милиция қызметкері болған Левон Баграмянды кім танымайды? Бұлардың қай-қайсы да сол ашылған карате үйірмесінің шәкірттері еді. Еділ ағайдың үйірмесіне жазылу талай жастардың арманына айналып еді ғой ол кезде.

2_shturmin

Мен бүгін сол үйірмеге қатысқанымды мақтанышпен айта аламын. Кинодан басталған қызығушылығым осы үйірмеде жалғасын тауып, алғаш рет шығыс жекпе-жегімен жақын таныстым. Каратені үйретуге тиым салынған кезде де жалғастырдық. Қаладағы спортзалдардың біріне барып жасырын жаттығатынбыз. Ол кез біз үшін бір қызық кезең болатын. Санаулы ғана каратешілер едік Атырауда. Бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Көрген жерде амандасып, карате өміріндегі болып жатқан жаңалықтармен бөлісетінбіз. Кейде түнге қарай жиналып, Брюс Лидің фильмдерін қарайтын кейбір жігіттер.

Сексенінші жылдардың соңына таман Алматыға барғанда алдымен карате үйірмесін тауып алдым. Кейін каратені үйренемін деп жүріп таеквондоға ауыстым. Қимыл әрекеттен басқа бұл өнерде өзіндік философия бар екенін білдім. Таеквондодан алғашқылардың бірі болып нұсқаушы деген атаққа ие болып, Атырауда өзімнің үйірмемді аштым. 1992 жылы облыстық федерация құрып, аты алашқа танымал Мұстафа Өзтүрікті алып келген болатынмын осында. Сөйтіп, осы спорттың өркендеуіне өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Жаратқанның бұйрығына не дерсің? Тарихшы боламын деп жүріп, таеквондодан бапкер болуым да осы тағдырдың жазғаны шығар, сірә. Бірақ мұны 19 жасымда қайдан білейін. Кинодан көрген өнерге басым айналып жүрген кезім болатын ол кезде. Сөйтіп, таңсық болған бұл өнер менің өмірлік кәсібіме айналды.

...Тағдырымды күрт өзгертіп, шығыс жекпе-жегіне "жетелеп" әкелген «Пираты ХХ века» фильмі мен үшін қашанда ыстық болып табылатыны сол себебіптен...

 

Қабибек Мұхитов,

таеквондодан қара белдік ІІІ дан иегері,

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы