ОРДЕНДІ БҰРҒЫШЫ

ОРДЕНДІ БҰРҒЫШЫ

Ұлы Отан соғысынан броньмен қалдырылып, отты жылдардағы орасан еңбегі мен бейбіт өмірді қалпына келтірудегі қажырлы қызметі үшін 1952 жылдың 15 мамырында омырауына Ленин орденін тақты.

Құсетдинов

Құсетдинов Жиенғали

1903 жылы Батыс Қазақстан облысы, №13 ауылда дүниеге келіп, 1992 жылы дүниеден озған. Бұрғышы. Ембі ардагері. 1921-27 жылдары Мақат мұнай өндіру кәсіпшілігінде қарапайым жұмысшы, 1927-58 жылдары «Қазақстанмұнайбарлау» тресінің Құлсары барлау бұрғылау кеңсесінде бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, қондырғы шебері болып жұмыс жасаған. 1958 жылдан зейнеткер. Ленин орденімен және медальдармен марапатталған. Есімі «Қазақстан мұнай энциклопедиясына» енген.

...

Орденді бұрғышы

Жеті қат жер астынан алтын көмбе іздеп өткен ғұмыры ғибратты жандардың бірі де бірегейі Жиенғали Құсетдинов ақсақал еді. Өткен ғасырдың сонау 1921 жылдары мұнайлы Мақат өңіріне аяқ талдырып, табандарынан тозып жеткен ағайынды екі бозбала жіігіт өз тағдырларын қазыналы өлкенің қара алтынымен байланыстыруды мақсат тұтқан жаңа дәуірдің жастары болатын.

Олар елде Кеңес өкіметі орнап жатса да, әлі де бай-манаптардың үстемдігі орнап тұрған, малы мол мекенде туып-өскен, ес білгелі сол байлардың төрт түлігінің соңында салпаңдап күн көрген, енді ескілікпен өмір сүруге болмайтындығын жете түсінген, сол кезеңдегі тілмен айтқанда, кеңестік дәуірден жақсы жаңалық күткен, сіңірі шыққан кедей жастар еді. Әйгілі Доссор мен Мақат кәсіпшіліктерінде, сондағы мұнай өндіру мекемесіне қарапайым жалдамалы қара жұмысшы ретінде жұмысқа орналасты.

   Бұғанасы қатып, буыны бекімей жатып еңбекке араласқан Жиенғали мен ағасы Ғазиз Мақат мұнайының қара жұмысын жасай жүріп, бұрғышылық кәсіптің қыр-сырына қаныға түсті. Көп ұзамай кішісін басшылыр қатардағы жұмысшылықтан бұрғышының көмекшісі дәрежесіне көтерді. Мал бағудан басқа ата кәсіпті өмірі көзі көрмеген 24 жастағы жігіт үшін бұл, әрине, үлкен жетістік, артқан зор сенім еді. Міне, осы уақыттан кейін олар Жылыой топырағына табан тіреді. 1927  жылдан бастап, сол кездегі еліміздің «Қазақстанмұнайбарлау» тресінің Құлсары барлау-бұрғылау кеңсесінде бұрғышының көмекшілігіне тағайындалған Жиенғали Құсетдинов қазақ мұнайының туған жерін тынбастан отыз жылдан астам үздіксіз аралай жүріп, жеті қат жер астынан кен іздеген екен. Барлаушылардың бағдарымен қасиетті Қарашүңгіл, Ұшқан және бүгінде ел игілігі үшін әлі қойнауындағы қазынасын жасырмай май беріп келе жатқан Тереңөзек, Талас және Төңірекшың, Тақырбұлақ, оған дейін Мақат ауданындағы Қошқар секілді мұнай алаңдарын бұрғылап, мұнай тарихына терең қолтаңбасын қалдырған оның маңдай тері бұдан да басқа кеніштердің ашылуына аз сіңбегені аян. Тек ол туралы толыққанды толғай айтатын жан жеткіліксіз. Өйткені, кезінде байырғы бұрғышымен бірге қоян-қолтық ұзақ жыл жұмыс жасаған жандар бүгінде жоққа тән және де кейіпкеріміздің дүние салғанына жиырма жыл уақыт өткен. Тек Қазақ КСР-нің еңбек еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, ауданның құрметті азаматы Бақтыбай Қалымбетов пен ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегері,  еңбек ардагері Қуанғали Өтеулиевтердің әңгімесінен 90 жасаған Жиенғали ақсақалдың сол уақта Жылыой аумағына қараған ең терең қазылған «Опорный-5» бұрғылау алаңына да бұрғы бойлатуға бар күш жігерін жұмсағандығын білдік.

-Мен ол кісімен 1953 жылы кездестім. Сол мезгілде Жиекең «Опорный-5»-те бұрғылау бастығы болып қызмет атқарды. Бас инженеріміз Александр Лукьянович Захаренко ұлты украин, өте бір жақсы адам еді. Мен де бұрғылау бастығымын, қасымда бұрғышы Раушан Сүгіралиев бар. Сол мезгілде 1800 метр тереңдікті қазуды аяқтап, 12 колонна жіберуге дайындалып жатқан-ды. Колонна ойдағыдай жіберіліп, өндірістік жоспар 106 пайызға орындалып,  жақсы көрсеткішке ие болдық, -дейді Бақтыбай ақсақал өткен күнді еске алып. Жиекең жұмыста талапшыл,  тәртіпке, техника қауіпсіздігіне қатаң қарайтын еді.  Оны үнемі бұрғылау алаңынан көретінсің. Қызметте жүргенде ұсақ-түйектің бәріне мән беретін.  Ол кісінің ұғымынша «жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды». Барлық процесс сол кішкентай бір механизмнің тетігіне байланысты. Біріне көңіл бөлмесең, бүкіл бұрғылау ақсайтын.

  Бүгінде қатары мүлдем сиреп қалған әріптестерінің берген осы бағасының өзі Жиенғали Құсетдиновтың өмір мен өндірісте қандай адам болғандығын айғақтайды. Бұрғышы туралы бар деректер қызы Күләш апайдың үйінде сақтаулы. Ондағы мәліметке сүйенсек, әкесі бұрғышының көмекшісінен бұрғышы, қондырғы шебері, бұрғылау бастығы қызметтерін атқарып, 1958 жылы құрметті еңбек демалысына қалған. 1935 жылы мұнай және газ қондырғылары шебері Ж.Құсетдинов «Қазақстанға ХV жыл» төсбелгісімен де мадақталды. Ұлы Отан соғысынан броньмен қалдырылып, отты жылдардағы орасан еңбегі мен бейбіт өмірді қалпына келтірудегі қажырлы қызметі үшін 1952 жылдың  15 мамырында омырауына Ленин орденін тақты. Күләш Жиенғали қызының айтуынша, ол көзі тірісінде Мақаттағы Ленин, Еңбек Қызыл Ту орденді Құспан мен Ықсан Шәудіровтермен, Рақымжан Сағындықов,  Ғалымжан  Қожағұлов,  Жылыойда  Әбдірахман Секербаев, Ғабдіхалық Сағытжанов, Сары Жүсіпов,  Зинел Бозтаев, Бақтыбай Қалымбетов Сынды азаматтармен аралас-құралас болған. Сондай-ақ жұмыс бабында Өтеп Балғынбаев,  Сафи Өтебаев, Керей Закарин сынды белгілі тұлғалармен де кездесіп тұрғандығын ауызға алып отырыпты. Жиенғали ақсақалдың әңгімесін көп естіген қызы Күләш апайдың өзі кезінде жастықпен жете мән бермегендігін айтады. Кейіпкеріміздің жұбайы Жаңыл Дүйсенғалиевамен екеуі 17 перзент сүйгендігін білдік.  Алайда, содан тек үш қыз ғана тірі қалған екен.

-Әке-шешемнің жастай шетінеген, қайтқан балаларының сүйегі өзі бұрғылаған жеріндегі қорымдарда қалған.  Мәселен, мен «Опорный-5» алаңын игеріп жатқанда Опорный  поселкесінде дүниеге келіппін. Ал бала тұрақтамауының себебін әкеміз Ұшқан мен Қарашүңгіл сынды қасиетті жерлерді бұрғылағандығынан көреді.  Өйткені сол алаңдарға бұрғы салғанда талай мәрте белгісіз дыбыстар естіліп, тылсым нәрселерге тап болған. Бірақ ол кезде, яғни, Құдайсыз қоғамда мұндай оқиғаларды айтуға тиым салынған емес пе? Әкемнің бұл сөзінің жаны бар. Себебі, ол жерлерде көнеден келе жатқан ескі қауымдар орналасқан және өзгелері мұнай бергенде, бұрғышылардың дәл осы Ұшқан мен Қарашүңгілден  қара алтын ала алмауы көп жайтты аңғартса керек, дейді әке жолын қуып, бүгінде геолог болып еңбек етіп жүрген Күләш Жиенғали қызы.

  Әрине, «мұнайдың иесі бар» дегенді бұрыннан да еститінбіз. Әрине, тылсым күшті зерттеу уақыт еншісінде. Біз Мақат пен Жылыой жерінде көптеген кеніштердің ашылуына зор еңбек сіңірген Жиенғали Құсетдиновтың өндірістегі жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұттық.                                                                                                     

                                                                                        Ербол Қошақанов.

2012 жылы «Кең Жылой» газетінде жарияланған мақала.

 

бҰРҒЫШЫ

бҰРҒЫШЫ 1

Сол замандағы бұрғышылар осылай жұмыс жасады.

Суреттерде Сағыз мұнай кенорнындағы бұрғышылар.

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника