КІНДІГІМНЕН БАЙЛАНҒАН...

КІНДІГІМНЕН БАЙЛАНҒАН...

     Біздің қазақ тал бесіктен жер бесікке дейінгінің бәріне түсінік бере білген. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, қазақы ұғымға, түсінікке сай, «кір жуып, кіндік кескен» жерге, ата қонысқа деген махаббатты ұрпағына сіңіре білген. Өмірге келген шарананың кіндігін, «жолдасын» жерге көмудің мән-мағынасы жөнінде атақты ұлттық батырымыз Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова апамыз былай дейді:

  «Қазақта «кіндігінен байланған» деген сөз бар. Алайда сол сөздің мәнісіне көбіміз түсіне бермейміз.

Қазақ үшін кіндік өте қастерлі ұғым болатын. Шақалақ қыздың кіндігін «Отбасының ұйытқысы болсын! Отбасының алтын қазығы болсын! Отына ие болсын!» деп ошақ қасына, от басына көмген. Кішкентай ұл нәрестенің кіндігін «Кіндігі туған жерге байлансын. Туған босағасына, қара шаңыраққа ие болсын» деп үйдің табалдырығына көмген.

Кіндік пен адамның арасында көзге көрінбейтін бір нәзік байланыс бар. Кіндігі туған жерге байланған адам туған елінен, туған жерінен жырақтап алыстауы мүмкін емес. Себебі, туған үй босағасына байланған кіндігі өзіне тартып тұрады.

Осыншама ұланғайыр жерді ата-бабамыз, ат төбеліндей аз қазақ қалай қорғап қалды дейсіз? Қолында жөні түзу қаруы да, жер қайысқан қалың қолы да жоқ. Бірақ ата-бабамыз туған жерін қорғап қалу үшін қолындағы найза-садағымен-ақ жан аямай соғыс салды. Ата мекенінің бір қарысын да жауға берген жоқ. Өйткені оның кіндігі туған жерге мықтап байланған еді.

Ал Кеңес Одағы билеген 70 жылдан астам уақытта жаңа туған нәрестелердің кіндігі түспей, перзентханадан шығармайтын. «Неге олай?» деп бас қатырған ешқайсымыз жоқ. Ал нәрестенің түскен кіндігін ит жеді ме, мысық жеді ме? Оған тағы бас ауыртқан ешкім болған жоқ. Солай болуы тиістей көрінетін.

Қазақта «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін сөз бар. Қазір көп ер-азаматтар қарнының күйін күйттеп, тойған жерінде жүре беретін болды. Оған арланбайды да. Міне, нәрестенің кіндігін қастерлемей, ит-құсқа жегізгеннің салдары».

Қазақ баласы кіндік қаны тамған, кіндігі көмілген жерге қалай болғанда да «байланып қалады» екен. Жоғарыда оқығанымыздай Кеңес үкіметі үстемдік құрған заманда туылған сәбилердің барлығының да кіндіктері мен «жолдастары» күл-қоқысқа тасталған, ит пен мысыққа жем болған, бұл қазірге дейін жалғасуда. Оған сол заманда туған ұрпақ кінәлі емес, обалы кеңес үкіметінде. Құдай қарасқанда, мен жарық дүниеге өзім құралпылас сәбилерден бөлекше, перзентханада емес, атам мен мамамның төрінде келіппін. Кіндік қаным атамның үйінің төріне тамыпты. Кіндігімді де перзентханадағы кім көрінген емес, атамның таңдауымен өзімнің жеңгем, мұғалім адам кесіпті. Кіндігімді де сол үйдің бір бұрышына көміпті. Тағы бір қызығы, мезгілінен бұрын өмірге келгендіктен(шала туылғандықтан) мені нағыз қазақы дәстүрмен атамның тымағына салып жардағы шегеге іліп қойған екен. Мен басқа құрдастарым сияқты балабақшаға бармаппын, мектеп табалдырығын аттағанша атам мен мамамның қазақы тәрбиесінде болыппын. Менің жаңа басталған өмірімде жаңа өмірге келген жас нәрестеге байланысты қазақы ырым, дәстүрлердің барлығы да сақталып, атам мен мамамның қадағалауымен бұлжытпай орындалыпты. Зейнеп апамыз жазғандай, мүмкін содан да болар, кім білген, мен өзім туған ауылды, үйді, атам мен мамамды, анамды ерекше жақсы көремін, яғни сол жерге мен «кіндігімнен байландым», маған өмір сыйлаған, тәлім-тәрбие берген жандарды ерекше сүйемін. Енді сол ауыл, сол үй, сол жандар жайында аздаған жазбамды оқырманыма ұсынғым келеді.

  Мен туып-өскен ауыл қазіргі кезде еліміздің картасында жоқ. Гурьев облысы, Мақат ауданындағы шағын ғана мұнай өндіретін Сағыз атты кәсіпшілік еді. 1937-1987 жылдар аралығында, қойнауындағы мұнайы таусылғанша, еліміздің өндірістік картасында 50 жыл тұрды. Мұнай-газ деген байлығын оңайлықпен табыла қоймайтын, қиын еңбекпен ғана өндірілетін етіп Жаратушы Иеміз табиғаты қатал, жер бедері қиындау жерлерге тыққан ғой. Біздің ауылдың да қысы қатты, жазы ыстық, жер бедері ойлы-қырлы, тұзды соры көп, саз балшығы белшеден, аяғыңды балшықтан суыра алмайтындай «өте бауырмал» еді. Сол замандағы жаңадан ашылған өндіріс орны болғандықтан ауылымыз біршама дамыған елдімекен санатында болды. Мұнай кәсіпшілігі мұнайшыларға салып берген, орталықтан жылытылатын, әр үйге ауыз су құбырмен келіп тұрған, төбесі шифермен жабылған, белгілі бір тәртіппен орналасқан, мал қоралары қашықтау салынған корпус үйлермен қатар саман тастан салынған, су құбыры жоқ(ауыз суды иінағашпен ортаға орнатылған «кранттан» тасып алатын), әр үйдің ауласы кең(сол аулада мал қора да, шөп сарай да, тұрғын үй де, балалар ойнайтын кең алаң да, жазда демалатын сәкі де ...бар) қазақ ауылдар да болды. Мен осындай қазақ ауылда, атамның саман тастан салған үйінің кең ауласында өстім. Атам (Бисенғали Атағозыұлы 1877-1969 ж.ж.) діни сауаты мол молда, елге сыйлы ақсақал, қолынан етік, мәс, кебіс тігу келетін шебер, шаруасына мығым, әңгімесі тұшымды адам болды.

Бисенғали

Жарықтық, иманды болғыр, қатты мінезді адам еді. Есесіне мамам (Меткіл Есқалиқызы 1904-30.08.1983ж.ж.) жарықтық (біздер әжемізді «мама» дейтінбіз де, анамыздың атын атайтынбыз) керемет адам болды.

Меткіл

 Мамам біздің қорғаушымыз, жарылқаушымыз ... Мамамыздың қолынан келмейтіні жоқ, өте тез қимылдайтын, көптеген шаруаларды бір уақытта атқара беретін «комбайн» сияқты жан еді. Үйімізге қонақ көп келетін де, мамам сол қонақтарды еш қиналмастан атқара беретін. Қазіргі кезде мамамның сондай әбжеттігіне таң қаламын, қонақтар амандық-саулық сұрасып әңгімелесіп отырғанда мал да сойылып, сойылған малдың ішек-қарынын тазалап, кейде жіліктеп-бұтарлауға да өзі кірісіп кетіп, қуырдақ турап, бауырсақ пісіріп, қидың шоғына табанан жауып, қазан көтеріп, ошағын жағып, етке нан илеп, шайын самаурынға бұрқылдатып қайнатып, өзі қызара бөртіп терлеп, жаулығы бір шекесіне қарай ауып (осындай кезде МАМАМ өте әдеміленіп, ажарланып кететін еді), кең қылып дастарханын жайып үй ішін кереметтей жайнатып жіберетін. Қайратты жан еді біздің мамамыз. Ол білегін сыбанып іске кіріскенде айнала бұрқ-сарқ етіп қайнап жүре беретін. Атамның мамамның осы қасиетіне орай қойған (еркелетіп шығар) бір аты бар еді, қапелімде есіме түспей тұрғаны. Біздер қонақтардың қолына су құйып батасын аламыз. Ат-көлікпен келген қонақтарды мен көрмеппін, ертеректе, мен дүниеге келмей тұрғанда болған да шығар, мен көрген кезде алыстан келетін қонақтар өндіріске қатынаған жолшыбай көліктермен, автобуспен, мотоциклмен келетін. Сондықтан қонақтардың ат-көліктерін жайғайтын шаруа бізге бұйырмады. Біздің ауылдың қара саз балшығы жетерлік болғандықтан, біздің бір міндетіміз қонақтардың балшықтан батып тұрған аяқ киімдерін тазалап жуып, құрғатып, кептіріп қою болатын. Бір қонақтың әр аяқ киіміне жабысқан біздің ауылдың «бауырмал» саз балшығын тазалаудың өзі үлкен бір шаруа болатын. Әсіресе, көктем мен күзде. Әуелі жақсылап қырып ауыр балшықтан арылтып алып, соңынан жылы сумен жуып, жылы пешке жақындатып жерге газет жайып, сол газеттің үстіне тазаланған аяқ киімдерді қаз-қатар тізіп кептіруге қоямыз. Шайдан соң аулаға тыныс алуға шығарда қонақтар өздерінің жарқырап тұрған аяқ киімдерін көріп «танымай» қалатын. Дұрыс кептірудің де өз ерекшелігі бар, қатты ыссы жерге қойып тез кептіремін деуге болмайды, былғары, кирза аяқ киімдер тырысып қалады, ұлтарақтарын алып пештің үстіне қоятынымыз тағы бар дегендей ғой. Бұлар тек айтуға ғана оңай, кірісіп кеткенде біздің ауылдың майсақ, бір жабысса айырылмайтын саз балшығын тазалау дегенің үйренбеген жанға қиындау шаруа. Тап осылайша қонақтарға қызмет жасау атамның әулетінде жазылмаған заң сияқты еді, ешкім қайталап айтпай-ақ, түрткілеп көрсетпей-ақ жасала беретін шаруа болатын. Осы жақсы дәстүр біздің ауыл жабылып қалғанша, атам мен мамам бақилық болып кетсе де, жалғаса берді. Шай үстінде, шайдан соң аулаға шығып сәкіде демалып отырғанда атамның тізесіне басымды қойып әңгіме тыңдауға әуеспін. Атам тоқыр басымды сипап отырып әңгіме тыңдатқызады. Қонақтар атаммен бірге уақыты келгенде намаз оқитын. Атаммен бірге тұрып намазға жығылуды сол қонақтардың көпшілігі дәреже көретін, атамды сыйлайтын. Әңгімелері қызық болатын. Ол заманда қазіргідей балаларды «қонақтардың мазасын алма» деген сылтаумен басқа бөлмеге қумайтын. Керісінше, жас кезінен ағайынды танып, ұлағатты әңгімені тыңдап, құлағына құйып өссін деп қастарына әдейілеп шақырып алатын еді-ау. Дастарханға ішкілік қойылатын заман келгесін балаларды үлкендерден бөлектеу басталды. Ішкілік жүрген жерде қайбір жөні түзу әңгіме болушы еді, әрі қонақтардың да, үлкендердің де әңгімелері күрт өзгерді ғой (саясатты айтады, біреулерді ғайбаттайды, өсек-аяң көбейді ..., ешқандай ұлағаты жоқ көр-жер пыш-пыштар, анайы, дөрекі анекдоттар). Сәйкесінше қарттардың да сиқы бұзылды дегендей. Сондықтан да сол кездерден бастап балаларды үлкендердің әңгімелерінен алшақтаттық, бөлектедік. Соның нәтижесін қазір көріп жүрміз ... . Мүмкін, қазіргі кезде жиі айтылатын, қазақтықтан алшақтауымыздың бастауы осында болар ма ... . Ал қазіргі заманның баласын үлкендердің дастарханына өлсең де жолата алмайсың, оларға үлкендердің әңгімесін тыңдағаннан гөрі смартфонмен, теледидармен, компьютермен болған қызығырақ. Оларды қызықтырып, еліктіріп жақсы әңгіме айта алатын, ортаны толтырып отыратын қарттарды да күндіз шамның жарығымен іздеуге тура келетіні тағы бар.

  Атамның тізесіне басымды қойып әңгіме тыңдап жатып қонақтар беретін өзіме тиесілі құлақ, сирақ жейтінмін, жілік мүжіген адамнан асық та алып қалатынмын, сол тізеде жатып көзім ілініп ұйықтап та кететін едім.  

  Біздің саман тастан салған қазақы үй кең аулада орналасқан бірнеше бөліктен тұрады. Ауланың бір шетінде, қақпадан кіргенде сол жағыңда үлкен түйе қора бар, бірнеше түйе қыстың суығында сол қорада түнейді. Қыс кезінде мамам түйелерді сол қорада сауады. Кейбір тентек «жайрағырларды» (мамамның сөзі) сауарда атам мамама еріп барып, олардың артқы санына қылбұрау салып жуасытып сауғызатынын талай көргенмін. Бір көктемде жаңа туған жас бота өліп қалды, неден екені маған белгісіз. Атам сол ботаның мойын терісі мен бас терісіне шөп тығып тұлыпжасап қойды. Өлген ботаның енесін сауарда атам оның алдына осы тұлыпты апарып қойып исінтеді, иітеді де мамам сауатын. Біздер ботаның тұлыбына жолауға қорқатынбыз да, енесінің тұлыпқа қарағандағы көздерінен аққан жасты көріп, ботасын іздеп теңселіп (мамам ойқанып тұр дейтін) тұрып зарлап боздағанын естігенде адамның сай сүйегі сырқырайтын. Төбе құйқаңды шымырлататын зарлы боздау ..., кейде шарбақтың үстінен мойнын созып алысқа қарап та осылайша боздайтын еді. Ботасы алысқа кетті ме деп күтетін де болар деп ойлайтынмын. Ол кезде атам мен мамам бізді түйе қораға жолатпауға тырысатын. Атам да, мамам да өте малсақ адамдар еді, ол інгеннің ботасын қалай өлтіріп алғанына таң қаламын. Қалған уақытта біздердің малдарға қарауымызға, олармен араласып ойнауымызға еш кедергі болған емес. Аулада ойнап жүргенде жуас түйелердің бауырының астынан жүгіріп өте беретінбіз. Қораның бір бұрышында түйелердің астына түнемелікке төсейтін құрғақ күбір үюлі тұрады. Бір жазда сол үюлі күбірдің үстіне көршінің бір тауығы жұмыртқа салуды әдетке айналдырды. Күбірдің үстінен күнде таңертең 2-3 жұмыртқа тауып алатын едік. Көршінің тауығы қыт-қыттап қораға кіргенін аңдитын болдық. Ол жұмыртқаларды көршіге бермейміз, мамам біздерге шайнекте қайнаған суға салып пісіріп беретін. Табаға салып қуырмайды, тек пісіріп береді. Мамам да біледі ол тауықтың біздің қорада жұмыртқалайтынын, бірақ жұмыртқаларды көршіге апарып беріңдер деп айтпайтын. Тауығына ие болмаған өзінен көрсін дейтін шығар мамамыз. Біраздан соң көрші біліп қалды да, тауығын жібермей қойды. Сөйтіп біз әшейін жұмыртқадан қағылдық. Түйе қораның бұрышындағы үстіне тауық жұмыртқалайтын үюлі күбірдің тап қасында жер астына түсетін, ауызында қақпағы бар, су құдықтың аузы сияқты тастан өрілген тас қоршау бар. Бұл үй қояндардың інінің ауызы. Жердің астында өздері ін қазып алған асыранды қояндар көп. Қақпақты ашып інге қарасаң қараңғыда көздері әртүрлі түспен жанып, жем дәметіп тұрған көп қоянды көруге болады. Қояндар әр түсті, қап-қаралары, аппақтары баршылық, қараңғыда көздері де қып-қызыл болып жанып тұрады. Қояндардың жер астындағы індері әр тармаққа кетіп, біраз жерді шарлап жатыр. Көжектері де өріп жүреді. Кейде мамам қояндардың біреуін ұстатқызып алып, маған бауыздатып(әйел адам бауыздауға болмайды деп, менің қолымның үстінен пышақты өзі ұстап отырып), қалғанын өзі сойып, тазалап қуырдақ та жасай қояды. Керемет дәмді қуырдақ, айтарға сөз жоқ. Мамам тамақ дайындаудың асқан шебері, әрі тез дайындауда да мамама жететін жан бола қоймас. Қып-қызыл болып сыртқы қабығы қытырлап піскен табананы қандай десеңші, шіркін ... . Түйе қораның сол жақ қабырғасының орта тұсында бір кішкене есік бар, бұл атамның құрал-саймандары сақталатын кішігірім қойма. Шалғы орақтар, әртүрлі күректер, айырлар, қолорақтар, тырмалар, шөп шабатын шоттар  (дұрысы кетпендер сияқты, бірақ біздің ауылда оны шот дейді), шапашоттар, түрендердің жүзін шыңдайтын куәлдер, балғалар мен үлкенді-кішілі төстер (атамның бір кішілеу төсі менде сақтаулы тұр, менің мақтанышым), қысқаштар (атауыздар), қисық шегелер, қобдишалар, ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі арқандар, бұйда жіптер, түйелердің ағаштан-сүйектен жасалған мұрындықтары, енесін еміп қоймасын деп боталардың тұмсығына кигізіп қоятын істіктер, шымшуырлар, көсеулер ... тағы басқа нешетүрлі шаруа қожалығына қажетті құрал-саймандар. Құдай-ау, бұл жерде жоқ емес зат жоқ, не керектінің барлығын табуға болады. Бұлардың барлығын атам жатқа біледі, қай құрал қай жерде тұрғанына дейін жаттап алған. Кейде жасырынбақ ойнап жүріп сол қоймаға тығылып, бір нәрсесін құлатып, не болмаса орнынан қозғап кетсең, кешкі шайда соны кім істегенін, қашан істегеніне дейін айтып отырады ғой, жарықтық менің АТАМ. Жады өте керемет. Атамның әр заты өз орнында тұрады, өзінен басқа жан баласы оларды қозғауға құқы жоқ. Жарықтық мамам да атамның дүниесіне ешкімді жолатпаушы еді, қызғыштай қорғайтын. Атам өзі бұл жөнінде ешкімге арнайы айтпайды, ескертпейді, бірақ біздің үйде сондай тәртіп қалыптасқан, жазылмаған заң бар. Осы тәртіптің мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын бір жан бар, ол – менің МАМАМ. Түйе қораға жапсарлас, қораның есігінен сол жаққа қарай сәл ары жүргенде үлкен қақпасы бар, төбесі ашық пішен жинайтын кең аула бар. Қыс қатты болатындықтан, кейде малдар ерте қолға қарап қалатындықтан, осылайша үлкен аулаға жаз бойы шөп шауып түсіріп алады. Шабылып, жиналып аулаға түскен шөпті(жұмсақ ақ шөбі бар, қатты бұйырғын, жусаны бар) біздің ауылда пішен дейді. Пішен шарбақтан ары қарай жүргенде ауланың тұрғын үйге жапсарлас қабырғасына тақап салған тақтай сәкі бар. Кең сәкіде кейде жазғы кеште шай да ішіледі, негізінен, жазғы түнде ашық ауада ұйықтауға, кешке салым қоңыр салқынмен демалып отыру үшін жасалады сәкілер. Шөп болғасын, малды ауыл болғасын, әрі Атырау өңірі болғасын да болар, маса-сона, шыбын-шіркей деген жетерлік. Сондықтан, кешке қарай маса-сона, шыбын-шіркейлерді үркіту үшін аулаға түтін саламыз(жанып жатқан отқа малдың жас жапасын салғанда қою көк түтін шығады), сәкінің үстіне шақтап, ауа өткізетін селдір матадан(көбінесе марлядан) хандардың шатыры сияқты формада тігілген масахана құрамыз. Сәкіден әрі жүргенде түйе қора мен пішен аулаға қарама қарсы бетте тұрғын үй орналасқан. Үйдің есігінде құлып тұрғанын өмірімде көрмеппін. Үйде адам болмай қалатын жағдай өте сирек болатын, ондай жағдайда мамам көшеге кетерде мал, ит кірмесін деп есікті шуда жіппен шырмай салып, немесе тіреуішпен тірей салып жүре беретін. Ауланың қақпасын да «күрешекке»(орыстың крючогынан шыққан болар) іле салады да жүре береді. Ештеңе ұрланды, тоналды дегенді ауылда жүргенде естімеппіз. Ұрлап, тонап кететіндей ол заманда ауылдағы қай үйде де дүние-байлық та жоқ еді ғой. Бар байлығы туған балалары, немерелері мен ауласындағы азды-көпті малы ғой, қағып салатын бірлі-жарым жаңа текеметі, оюы әдемі киізі, көрпе-төсеніші болмаса. Малдың да ұрланғанын естімеппін. Сол кездегі ауыл нағыз коммунизм орнаған жер екен-ау. Керек десеңіз, мен сол кезде ауылдан біреу өліпті, төсек тартып жатқан қатты сырқат екен дегенді де естімеппін, бірен-саран ғана естіген болармын, онда да жасы келген қарт адамдардың бақилық болғанын ғана. Енді біздің үйге кірейік. Есіктен кіріп келгенде кең, ұзынша дәліз болады (біздің ауылда оны «сене» дейді, сірә, орыстардың «сени» дегенінен шыққан сөз болар). Сененің төрінде кішкене, көшеге қарап тұрған терезе бар, сол жерде атамның етік тігетін орны бар (шеберханасы),  төрден сәл төмендеу, оң жақ қабырғада бір есік бар, бұл «қарсы үй» деп аталатын бөлмеге кіретін есік. «Қарсы үй» деп неге аталғанын білмеймін (негізгі Төргі үйге қарсы орналасқандықтан болар деп топшылаймын), бұл негізінен ас үй болып есептелетін бөлме біздің ауылша айтқан кукинә). Көше бетке және қапталындағы корпус үйге қарап тұрған екі терезелері бар, шағын ғана пеші бар, қазандығы бар әжептәуір бөлме. Пеш үйдің төбесіне жетпейді, төбе мен екі ортада, пештің үстіне оны-мұны заттар қоя салуға болатындай, кейде су болған киімдеріңді жайып кептіре қоятындай біршама орын бар. Үйге қонақ келмегенде, өзіміз ғана болғанда осы жерден шай ішеміз, тамақтанамыз, қонақтар көп болғанда түнге қарай бала-шаға мамамыздың бауырында осы жерде ұйықтаймыз да. Қонақ келгенде де, жай күндері де күзде, қыста тамақты осы бөлмеден дайындайды мамам, жазда сірә да аулада қазандық тұрады. Бұл бір керемет бөлме, бұл бөлмеге байланысты небір тамаша естеліктер бар санамда қатталып қалған. Бұл бөлмеден мамамның терінің иісі, қазандықтың алдында жүрелеп отырып тәтті тамақтар дайындағанда айтатын сөздері, қимыл қозғалыстары сезіледі. Ең кереметі, осы бөлмедегі қазандықтың ауызындағы сытырлап жанып жатқан отқа қарап, мамамның тізесіне басымды қойып жатып шоққа көмілген табананның пісуін күту. Далада күздің қара суығы, ұлып соғып құтырынған дауылды жел, терезені сабалап ұрып тұрған мұздай жаңбыр, пештің мұржасы да ышқына уілдеп жаныңа қорқыныш ұялатады. Ал сен болсаң жып-жылы жерде, мамаңның тізесіне басыңды қойып, әлемдегі ең қамқор жан мамаңның тер сіңген бешпетінің бір шетін жамылып, көзің жылтырап ыстық табананның пісуін күтіп, мамаңның таусылмайтын әңгімесін тыңдап маужырап жатырсың. Бұдан артық РАХАТ бола ма?!! Сененің сол жақ жарындағы есік негізгі, Төргі үйге апарады. Бұл есіктен кіргенде ортасын пешпен екіге бөлген кең үйге тап боласың. Кіреберістегі бөлме негізінен біздер ойнайтын бөлме де, пештің арғы жағындағы кең бөлме қонақ қабылдайтын, атам намаз оқитын бөлме. Екі бөлменің де көшеге қараған терезелері бар, ортаны бөліп тұрған пеш бұл бөлмеде де төбеге жетпейді, төбе мен пештің ортасында біраз ашық орын бар. Кірер есікке қарсы орналасқан ұзынша қабырғаға бұғы кілем ілінген (ортасында бұғының суреті бар кілемше). Сол ұзынша қабырғаның төр жағына атамның жайнамазы жайылған, жайнамаздың жоғарғы жағында таспиғы жатады, ал төрдегі терезенің алдында атамның арқасын пешке сүйеп отырып құран оқитын орны бар. Бұл бөлмені дұрысында атамның кабинеті десе де болады. Пештің үстіндегі ашық жерге қатарластырып жинап қойған атамның құрандары бар, ұштары әдемілеп ұшталған біраз қарандаштары да, шағындап қиып қойған, барлығы біркелкі көлемдегі (шамамен А4-форматының жартысындай болар деп көз алдыма елестетемін қазір) таза қағаздары да, жазу жазғанда алдына алып отыратын жұқа фанер тақтайшасы да (парта қылып), құранды көшіріп жазғанда, керек жерін ашып қойғанда құран кітап шалқасынан еркін, ыңғайлы жататын көпшікшесі де, көзәйнегі де, оны сүртіп тазалайтын мақпалшашы да ... шығармашылық жұмыс жасауға ыңғайлап алған атамның өз әлемі десе де болады бұл бөлмені. Осы жерде атамның ауыстырып киетін таза ақ дамбалдары мен тік жаға ұзынша ақ көйлектері де ілулі тұрады. Атам оларды «тіз киім» дейтін, үнемі аппақ болып киініп жүруді ұнататын және үстіне қылау жұқтырмайтын таза еді. Қаламсаппен жазғанын көрмеппін, тек қарандашпен жазады, онда да сулағанда сия сияқты із қалдыратын химиялық қарандаштарды пайдаланады. Кейбір кездері осы бөлмеде сырқаттанып көмек сұрап келген бірен-саран адамдарды, балаларды да қабылдап, үшкіріп ем салып, бойтұмар, ішірткі жазып беріп, құран ашып та, құмалақ салып жоғалған малын, дүниесін де табуға көмек беріп жататыны есімде. Бұндай емшілік, тәуіптік, көріпкелдікпен өте сирек айналысты, әбден қиналған жандарға ғана, тікелей арнап келгендерге ғана көмектесетін. Көмегі тиген сондай жандардың ризашылығын білдіріп, рахметін жаудырып келгендері әлі есімде. Елде отырғанда (Қарабау, Тайсойған жақта, ата қонысында) кәмпескелеу науқанында біраз теперіштер көрген тәрізді, кейбіреулерін мамамнан естіген едім (мал-мүлкін қалай тәркілегенін, дүниелерін қалай тыққандарын, атамның түрмеден қалай босап шыққаны жайында), үкіметтен секем алып қалғаны сезіледі, әрі қызметте жүрген балаларына да зияным тимесін деген ішкі ойы бар болар. Осы үлкен үйге кіретін сыртқы есіктің оң жақ қапталындағы жарға тікелей бұрыштап салған қабырғада тағы бір есік бар. Бұл есіктен ішке кіргенде кішкене сене болады, сол сенеден ішкі бөлмеге кіргенде ортасында пеші бар шағындау бөлмеге тап боласың. Бұл бөлмеде негізінен жазды күндері шай ішетін едік, қыста көмір, ағаш отын, қи-тезек жинап қоюшы едік. 1965 жылы атам елде қалған (атақоныста) інісін кемпірімен көшіріп әкеліп осы бөлмеге кіргізіп қойды. Атамның інісін біз көке (Сыламғали 1889-1971ж.ж.) дедік те, кемпірін мама (Сағида Аманбайқызы 1906-1973ж.ж.) деп атадық.

 

Семья

Суретте солдан оңға қарай, отырғандар Меткіл мамам, Сыламғали көкем, Сағида мамам, тұрған Нұржамал апам.

 Бұрыннан солай атайтынбыз. Бұлардың балалары жоқ, жастай шетінеп кеткен. Керемет адамдар, жайдары, ақкөңіл, балажан. Ауыздарынан «айналайын» дегеннен басқа сөз шыққанын естімедік. Бұл мамамыз аурушаң адам болды, көкем мен екеуі де темекі тартады. Көкем негізінен газет қиындысына ораған махорка тартса, мамамыз дүкеннен сатып алып папирос тартады. Біраз уақыт осылайша бір аулада (бір үйде ғой) тұрдық та, артынан атам інісіне (көкеме) үйімізге жақын жерден жеке ауласы бар, су кранты іргесінде, қазақы үй алып беріп бөлек шығарды. Атам көкемнен жас шамасы жағынан бір мүшелдей үлкен болғанымен, бірақ көкем атамның ағасы сияқты болып көрінетін. Көкем баланың кенжесі болғандықтан шалдуар, тентек, сылқымсоқ, шаруамен ісі жоқ, ер адамның жасайтын барлық «тентектіктерін» (санамалап, түсін түстеп жазбаймын, жасамағаны болмаған) жасаған (сөзім ауыр болмасын). Сонысына қарамай өте ақкөңіл, жайдары жан еді, өте балажан болатын. Ағасы мен інісіне қарап (атам мен көкеме) салауатты өмір салтын ұстаған адамның (үнемі табиғи таза мал өнімімен тамақтанған, ораза ұстап, намазын қаза қылмаған ...) және «тентексоқ» болып еркін өскен адамның қалай болатынын салыстырып көруге болатындай. Атам болса жасына қарамай (сол кездерде жасы 80-нің айналасында) бойын тік ұстайтын, ақ сақалды, қызыл шырайлы, тістері түгел сау, мығым денелі, таяқ ұстамайтын, жүрісі ширақ, қандай шаруаны да өзі атқара беретін әдемі болса, көкеміз еңкіш тартқан, тістері жоқ кемиек, сақал-мұрты темекі түтінімен ысталып сарғыш тартқан, таяққа сүйеніп, көзі де нашар көріп ... әзер аяқ алып жүретін. Көкем мен кіші мамамызды да біздер ерекше жақсы көрдік, үнемі қастарында болуға, көмек беруге тырыстық. Қазіргі кезде төртеуі де бір қауымда, бейіттері бір біріне жақын жерде жатыр. Атам мен көкем бір бейітте қатар жатыр. Екеуінің бауырмалдығы керемет еді, Алла Тағала сол таза ниеттеріне сай ақыр дүниеде де оларға бір тамның ішінде қатар жатуды нәсіп етіпті.

  Атам мен мамамның бос отырғанын көрмеппін. Үнемі бір шаруалармен айналысып жүргені. Атам шаруашылықпен айналысады, малға шөп салады, астын тазалайды, суарады, солардың әрқайсысымен сөйлеседі, ұрсады, мақтайды ..., ауланы тазалайды, шарбақтың кем-кетігін жамайды, қыста қалың қарды кертіп алып үйді айнала аққала салады (үйді бораған қар басып қалудан қорғап), тыным көрмейді. Осы шаруалардың барысында кей кезде өз өзімен де күбірлеп сөйлесіп жүреді, ондайда мамам «Жынымен сөйлесіп жүр» дейді. Шөп шабатын құрал-саймандарын дайындайды, оңдайды, шыңдайды дегендей. Бұл шаруалардың көпшілігінде біз қасында боламыз, атамның көмекшілеріміз ғой. Атамның күні бойғы тірлігінің өз уақыттары бар, намазын қаза жібермейді, құран оқитын өз уақыты бар, құран аяттарын көшіріп жазатын да, етік тігетін де, түскі астан соң аздап «көз шырымын алатын» да, кешке қарай біздерге құраннан оқыған, басқадай да көптеген қызықты жайттардан әңгіме айтатын уақыттары кестеленіп қойылған. Етік, мәс, кебіс тігетін орнында «збрайлары» ақ кенептің үстінде өзіне ғана белгілі тәртіппен жинаулы тұрады. «Збрай» деп неге атайтынын білмедім, дұрысында ол орыстың сбруя деген ат әбзеліне қатысты сөз ғой. Соғыс кезінде атам Сталиннің «құрдастарымды еңбек етуге шақырамын» деген үндеуіне сай мұнай кәсіпшілігінің ат қорасына (конюшня) атшы болып жұмысқа тұрған, май қазандарын күзеткен де. Мүмкін сол кезден қалған «збрай» сөзі ме екен, білмедім. Бір білетінім, бұл сөз атамның барлық құрал-саймандарын білдіретіні ғана. Сондықтан, мамам жиі айтатындай «збрайға жоламауға» тырысамыз. Қай жердегі болмасын «збрай» атам қойған өз ретін бұзбағаны абзал. Негізінде атам сауатты жан, арабша оқи да, жаза да біледі, латынша да солай, өзі жәдитше де сауатым бар деп отыратын, кириллше шамалы білетін. Үйде радио болмады, атам рұхсат етпейтін, жарға потрет суреттер ілінбейтін, үйде айқай-шу шығарып, дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды, ішімдік атаулы, колбаса дегендер үйге жоламақ түгіл, аулаға да кіргізілмейтіндей қатаң тәртіп болды. Колбаса демекші, біздің сол асқа әуестігімізді білетін мамам, көршілерге дүкеннен аздап алдырып, ауланың сыртында, пішен шарбақтың іргесіне тығылып отырып, камзолының ішіне тығып әкелген колбасадан бізге сындырып беріп жегізетін. Өзі атам келіп қалмауын қадағалап қарауыл қарап, әңгіме айтып, өрістен келетін мал қараған болып отыратын. Атам етіктерді әдемі тігетін. Ұлтандарын ағаш шегелермен шегелейтін. Әдейі іздеп жүріп өзіне қажетті ағашты тауып алып, сол ағаштан кішкене шегелер жонып, қиып алатын еді. Өндірісте қолданатын текстропный ременьдердің тініндегі жіңішке кендір жіптерді суырып алып, оларды су тиіп шірімес үшін смоладан бірнеше рет ысқылап өткізіп дайындап, әр жіпті бөлек-бөлек жардағы шегеге іліп отыратын. Жіңішкелеп қайыс тілетін, тері илейтін. Нешетүрлі біздері, инелері, пышақтары, қалыптары, қысқаштары, төстері, балғалары, қайрақтары ... болатын. Қажет формадағы пышақтарды әртүрлі сапалы темірлерден өзі жасап алатын. Ұста емес, бірақ кейбір темірден жасап алған дүниелері кәсіби ұсталардың қолынан шыққан дүниелерден кем де емес. Әсіресе, пышақтары, бәкілері керемет еді, өткір болғанда үкіметтің ұстарасы оған жетпейтін. Үкіметтің ұстарасын пайдаланғанын көрмеппін, үнемі өзі жасап алған ұстарасымен біздің де, өзінің де шашын алатын. Өзінің шашын өзі алады, сақал-мұртын сірә да өзі «қағады»(атамның өз сөзі) ғой. Өзі жасаған пышақ, бәкілерінің жүзін қайрағанда қылпылдатып қоятын. Пышақ, ұстара, бәкілерінің жүзін қылпылдатып қоятындай қайрау тәсілі ерекше сияқты көрінеді маған осы күні, қайрақтардың түр түрін пайдаланып, ерекше мән беріп қайрайтын және соңынан жалпақ былғары белбеуге жанып отыратын еді. Жасаған теміріне де байланысты ғой, бірақ қайрау тәсілі бөлекше еді. Оларды жасайтын темірлерді(болат қой) арнайы іздеп жүріп өндіріс орындарында қалған қалдықтардың арасынан тауып алатын. Пышақ, бәкі, ұстаралардың сабын да әдемілеп ағаштан жасап алатын.  

  Біздің ауылдың саз балшығы «өте бауырмал», бір жабысса кетуі қиын екенін, қыста қар қалың жауатынын жаздым ғой. Сондықтан біздің ауылдың тұрғындарында жылы кезде балшыққа киетін резина етіктер (әр адамда) міндетті түрде болады, әр үйдің алдында аяққырғыш орнатылған, аяқ киіміңді жуу үшін шағын астаушаға су құйып, қасына тряпка қою жазылмаған заң еді. Әр мекеменің алдында да тап осындай тазалық құралдары бар. Бала кезімізде біздер ағаштан әдемілеп «қанжар»(финка тәрізді) жасап алып, онымызды етігіміздің қонышына тығып қоятынымыз есімде. Бұл етігімізді балшықтан тазалау үшін қажетті қырғыш қой. Қырғыш деуге қимайсың, айыбы ағаштан жасалды демесең, түр сұлбасы батырлардың қанжарынан аумайды ғой, аумайды. Қолға ұстайтын жері де өте әдемі, ыңғайлы, екіжүзді, ортасы қырлы, ұшы сүйір ... аумайтын қанжар. Ал қысты күндері аяғымызға шақ кирза етік киеміз. Кирза етіктің қонышын әскерден келген солдаттардың етіктерінің қоныштарындай қылып, әдемілеп «гармошка» түрінде жинастырып қою өзінше бір сән болатын. Күндізгі ойын аяқталып, күн қарайғасын үйге келіп етігіңді тазалайсың, жуасың, кептіресің, әбден кепкеннен соң мамам біздердің етіктерімізді қойдың құйрық майымен жақсылап майлап береді. Өсе келе өзіміз майлайтын едік. Мамамның айтуынша, майланған етікке су жұқпайды, сондықтан аяғың тоңбайды. Аяқ киім кремін біз көп пайдаланған жоқ сияқтымыз. Сәл есейе келе кешке қарай креммен кремдеп, таңертең мақпалмен ысқылап жылтыратып жүргеніміз есімде. Кирза етікті шұлғаумен киеміз. Аяғымызға шұлғауды қалай орауды үйреткен мамам. Ұлтарақтың астына газет не болмаса цементтің қапшығының сары қағазын төсеп қойса аяқтың тоңбауына септігі болатынын да мамам үйретіп еді. Мамамның осы үйреткенін мен есімде жақсы сақтаппын, бала кезімде жиі қолданғасын да сақталған болар деп те ойлаймын. Әдемілеп жақсы оралған, жоғарғы ұшын жақсылап қыстырған шұлғау шұлық сияқты аяқта ұзақ тұрады, тез тарқатылып шешіліп қалмайды. Институттан кейін қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткенде, соңынан бұрғылау бригадасына жұмысқа тұрғанда да мамамның осы шұлғау орауды, ұлтарақтың астына қағаз салуды үйреткен сабағына іштей мың алғыс айтумен болғанмын. Кейбіреулердің шұлғаулары етігінің басына жиналып қалып, аяқтарын етік қажап тастап қызылшақа жара болғанын көргенде де мамама деген ризашылығым шексіз еді.   

   Осы жазбамды жазу барысында қазіргі кезде орны да жоқ ауылымды, әрбір тасы, шарбаққа қағылған қисық шегелеріне дейін жадымда сақталған туған үйімді есіме алдым. Төргі үйде қыстың қаһарлы аязды бір күнінде мен мезгілінен ертерек дүниеге келіппін де, атам мен мамам мені атамның тымағына салып қабырғаға қағылған шегеге іліп қойыпты(мамамның айтуы бойынша). Кіндік қаным тамған үйім. Кіндігімнен байланған үйім. Ең бастысы, жаныма жақын адамдарымды – АТАМ мен МАМАМДЫ, олардың кейбір қылықтарын есіме алып, балалық шағымды есіме алып осы жазбаны жаздым. Былайғы жұрт үшін ешқандай әдеби құндылығы бола қоймас та, бірақ мен үшін ...      

   Айтпақшы, балалық шағымда маған жеңгелерімнің еркелетіп қойған Шегебас (марқұм Зейнеп жеңгем осылай атайтын), Шәуімбас (марқұм Нұрбиға жеңгемнің қойған) аттары болған. Осы жеңгелеріммен (жандары жұмақта шалқығай) бір рет те болса жеңге қылып әзілдеп, аттарын атап көрмеппін, оларды тек АПА деп атаумен өттім. Екеуі де анамдай болған жақсы адамдар еді. Екеуінің де мені осылай атауы басымның үлкендігіне байланысты болар деп жобалаймын. Неге Қазанбас деп атамағаны түсініксіз. Бірде тұңғыш немерем далада ойнап келіп үйдегілерге: «Балалар маған Қазанбас деген ат қойды, атам да Қазанбас, әкем де Қазанбас», - деп мәз болып еді. Кейбір балалар осылайша достары мазақтаса жыларман болып төбелесер еді, менің немерем мәз болып қуанып жүр. Осынысына ішімнен риза болып отырдым. Оның да бас жобасы атасымен қарайлас болатын. Оның әкесінің де басы сондай. Сонымен бір үйде үш Қазанбас болдық. Ал анам болса мені Бәкөн деп атайтын еді, атыңды атағанда әкемнің аты аталып кетеді деп түсіндіретін еді бұл ат қоюын.

  Атамның тек қана өзі айтатын «Тышқарға шығып келемін», «Құмалақ қағып келемін» деген де сөздері болды. Оларды «Аулаға, далаға шығып келемін», «Ауладағы малдың боқтарын жинастырып келемін» деп түсіну керек. Тышқарға шыққанда, құмалақ қаққанда атам үнемі өзімен өзі күбірлеп сөйлесіп жүреді. Жасап жатқан жұмысы болыңқырамай, біраз күш жұмсап, уақытын сарп еткендей болса, әбден ыңғайын тауып, келістіріп болғасын, сол затқа қарап тұрып, жаны бар мақұлықпен тілескендей мұқатып: «Е-е-е, болмасайшы ...» дейтіні тағы бар жарықтықтың.

  Ал мамамның жансыз дүниелерге арнап айтатын «Әдірем қал, әдірем қалғыр», тентек болған малдарға қаратып «Жайрағыр» дейтін сөздері болды. Мамамның балаларға, біздерге дауыс көтергенін естіген емеспіз, көрген де жоқпыз. Балажан еді жарықтық. Мамамның кең етегінінің айналасында біздер қаздың балапандарындай болып шүпірлесіп жүруші едік-ау ...

Балалық шақтағы бір оқиға есіме түсіп отырғаны. Мен водокачка жақтағы бір үйдің ауласында, талдардың көлеңкесінде асық ойнап жүргенмін. Жазды күні, түс қайтқан шақ. Бір мезгілде көзім түсіп кетті, ауылдың адамдары шұбырып, жүгіре басып Мақат жақтағы жалпақ сордың арғы жағына қарай кетіп бара жатыр. Бәрі де асығыс. Күн ыссы. Бұлар неге сонша шұбырып бара жатыр деп, мен де асық ойынын қоя қойып қасымдағы балалармен бірге солай қарай жүгіре жөнелдім. Мен водокачка жақтағы финский домдар жақтан келемін, ал жұрт екінші ауыл жақтан шұбыруда. Ол кезде Сағыз өзені біздің ауылдың тұсында әлі де болса толық болатын, қазіргі кездегідей тез құрғап, тартылып қалмайтын. Жұрт шұбырып бара жатырған жақта, бір қырдың астында, Сағыз өзенінің кең жайылатын тұсында экскаватормен қазып құмын алған карьер болатын да, сол карьерге көктемде арнасынан асып тасыған өзен суы жиналатын. Бұл жер өте терең және аумағы үлкен болатын.

дамба

Сол суға түсетін жердің қазіргі түрі осындай болды.

Ауыл балалары сол терең жерге келіп жаз бойы суға шомылып, кейде балық аулап, күнге қақталып демалатын едік. Терең суға сүңгиміз, су астында тығылыспақ ойнап, су астындағы құбырлардың астына жасырынамыз, уақытпен санаспай түсте кеткеннен кештің қалай болғанын байқамай қалатынбыз. Жұрттың барлығы солай қарай асығып бара жатырғасын біздер де барымызды салып ентігіп қырдан ассақ, халық жаз кезінде біз суға шомылатын (қазіргі кезде суы тартылып қалған суреттегі үш тұрбаның маңындағы дамбаның тұсы) жерге үйме-жүйме болып жиналыпты. Біреулер жағада тұрса, енді біреулер суға сүңгіп бірдемені іздестіріп жүр. Келдім. Суға сүңгіп жүргендердің біреуі атам екен, аппақ сақалымен, аппақ дамбалының балақтарын түріп алған, көйлегі жоқ, денесі жалаңаш. Жағада тұрған жұрттың жаңа келген бізбен ісі жоқ. Жұрт қарап тұрған жақта бірдеме үлестіріп жатырғандай, содан құр қалатындай болып ентелеп, кимелеп мен де суға жақындадым. Сол бойда суға сүңгіп шыққан атам(маған дейін қанша сүңгігенін Құдай білсін) мені көрген бойда жағаға атып шықты, су-су бойымен мені құшақтай алды. Жылап тұрғанын, әлде өзеннің суы екенін білмедім, бетіме, денеме атамның сақалынан, көзінен аққан тамшылар тиіп жатыр, атам менің тұла бойымнан сүймеген жер қалдырмады. Сол жерде мамам да, Балжан да, Нұраш та ... жүр екен, барлығы да менің әр жерлерімді ұстап қарап, сипалап, сүйіп ... көздері жасқа толып жүр.

Балжан

Анам Балжан Бисенғалиқызы

(01.12.1923-15.06.2013ж.ж.)

 Мен түк түсінсем бұйырмасын. Жиналған халық(өте көп адамдар) жапырлап, гу-гу әңгіме айтып мені көрсетуде, оларға қараған атам жоқ. Мен қолына тиісімен Атам мені құшақтаған бойда ауылға тартты. Сол кезде жасы 80-нің маңында болса да өте қайратты еді. Үйге жеткенше ешкімге бермеді. Бәрінің де қуаныштарында шек жоқ. Сол күні мен ГЕРОЙ болдым, барлығы менің асты-үстіме түсіп өбектеуде. Атам мен Мамамның ортасында отырып шай іштім, ұйықтадым. Артынан мамам айтады, біреулер "Бисенбай суға кетті" деген лақап таратқан, мүмкін қате естілген басқа әңгіме де болар, кім білген. Содан атам әңгіме құлағына тиген бойда аппақ  сақалы, аппақ көйлек-дамбалы желбіреп, жалаңаяқ біз суға шомылатын дамбаға қарай шабады. Оның артынан ойбайын салып мамам, апам жүгіреді, оны жұмыста тұрған Балжан естіп жүгіреді, халық "Бисекеңнің баласы суға кетіпті" деп және шұбырады ... . Атам дамбаға келе суға қойып кетеді, бірнеше рет сүңгіп ештеңе таба алмайды, оған сол жерге жиналған жігіттер, ересек балар қосылып көмектеседі. Ал ол күні мен суға шомылуға бармай, водокачка жақтағы бір жерде ойнағанмын. Осындай қызық болған. Мен атамдарға керек екенмін ...

Бәкон мен Балжан

Бәкөн мен Балжан.

 

Бәкөн әл-Сағыз.