ҮМІТПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР:БАДРИСАФА БАЙТҰРСЫН КЕЛІНІНІҢ Е.ПЕШКОВАҒА ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

ҮМІТПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР: БАДРИСАФА БАЙТҰРСЫН КЕЛІНІНІҢ Е.ПЕШКОВАҒА ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

Ахмет Байтұрсынұлы патша заманында да, кеңестік кезеңде де қуғын-сүргін көріп, бірнеше рет түрмеге жабылған. Оның адам еркіндігін шектейтін абақты атты тар құрсауда ұзақ мерзімде отырған кезеңі – 1909-1910 жылдардағы Семей және 1929 жылы қамалған Мәскеудегі Бутырка түрмесі. Семей түрмесінде ол 7 айдан астам уақыт жапа шексе, Алматы-Мәскеу түрмелерінде 20 ай қамақта отырды. Алаш ардақтысының жазықсыз жазаға тартылғанына күйініп, оны құтқару үшін билік орындарына арыз-шағым жазған кісілердің бірі – жұбайы Бадрисафа Мұхамедсалыққызы (Байтұрсынова). Бадрисафа Байтұрсын келінінің билік органдарына жолдаған шағымдары мен хат-хабарлары архив мұрағаттарында сақталған. Патша заманында абақтыға қамалған отағасын құтқармақ болып жанұшыра қимылдаған Бадрисафаның маңдайына кеңестік бәлшебектік билік тұсында сол тағдыр одан да ауыр жолдармен жазылған еді...

https://egemen.kz/media/2022/09/21/zerde-2109.jpg

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кеңес билігі тұсында Бадрисафа абақтыға қамалып, хабар-ошарсыз кеткен отағасы­ның жай-күйін білу мақсатында «Қуғын-сүргінге ұшырағандарға көмек» (Саяси Қызыл крест) ұйымын басқарған Екатерина Павловна Пеш­ко­ваға әр жылдары қолтаңбалық мәнермен екі мәрте хат жазғаны белгілі болып отыр. Алғашқы хаты 1931 жылдың 10 қаңтарында Алматы қаласы Нарын көшесіндегі мекен-жайдан жолданған. Хат мазмұны 1930 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесіне қамалған А.Байтұрсынұлынан отбасына ұзақ уақыт хат-хабар келмегендіктен, оның қайда екенін біліп беруді өтініш еткен сауалға құрылған. Бұл орайда өтініш иесі былай дейді (мәтіннің стилі мен орфографиясы сол күйінде сақталды): «В Политический Красный крест. т. Пешковой. Москва. Мой муж Байтурсунов Ахмет Бай­турсунович (казак), находящийся под стражей в Буторской тюрьме с 1930 г. до сентября ... (түсініксіз сөз - автор) перестал написать мне и детьям письмо. А потому прошу Вашего содействия не отказать сообщить мне: где находиться муж мой Байтурсунов Ахмет настоящее время. Адрес мой: Алма-Ата, Нарынская 83. Байтурсуновой Бадрисафа. 1931 г. января 10 дня. Приложения: почт. марка дост. в 20 коп». Хаттың соңына қойылған қолтаңба фамилияны тұтас жазу арқылы берілген.

тр

1931 жылдың 21 наурызында аталған ұйым Бадрисафаға қағазға таспен таңбаланған жауап жазады (мәтіннің орфографиясы сол кү­йінде сақталды): «Гр-ке Байтырсуновой. В ответ Ва­шего обращение сообщаю, что, согласно справ­ке, полученной из ОГПУ пос­тановлением от 13/І-31 г. муж Ваш, Бай­тырсунов Ахмед Бай­тер­сулович, приговорен к заключению в к/лагерь сроком 10 лет и направлен в Соловецкий лагерь. Писать ему можно по адресу: Кемь Мурман: д. Управление лагерей, заключенному: ... ».

 ж

Жауап хаттың деректемелік маңызы мынадай: «А.Байтұрсынұлы ОГПУ-дың (Объе­динённое государственное политическое ­управление - Біріккен мемлекеттік саяси бас­қарма) 1931 жылдың 13 қаңтардағы қаулы­сы­мен 10 жылға Соловецк концлагеріне айдал­ған». Бұл қалың жұртшылыққа белгісіз мәлі­мет. Біздің жобалауымызша, ол Архангельскіге 1932 жылдың желтоқсан айында концлагерьден босатылып, біршама жеңілдетілген жаңа әкімшілік жазаны (бүгінгі күндегі «колония поселение») өтеу үшін келген. Біз мұндай ақпаратты ағартушы ұстаздың 1933 жыл­дың 16 ақпанында Е.Пешковаға жазған хаты­ның мазмұнынан байқаймыз. Онда ол 20 ай түрмеде, 22 ай концлагерьде болғанын, лагерьде қандай жұмыс атқарғанын, Архангельскі­ге әкімшілік жазаны өтеу үшін келген 2,5 ай мерзім бойы (яғни 1932 желтоқсаны мен 1933 жылдың 16 ақпаны аралығы) жұмыс­сыз отырған ауыр жағдайын жазады. Демек А.Байтұрсынұлы Соловецк концлагерінде, ша­мамен, 1931 жылдың қаңтар айынан 1932 жылдың желтоқсанына дейін (22 ай) жаза өтеген. Ал Архангельскіде ақпан айының ортасынан бастап 12 тамызға дейін болып, одан әрі Е.Пешкованың көмегінің арқасында Томда айдауда жүрген отбасымен қосылуға аттанады. Демек ол Архангельскіде бас-аяғы 6 ай өмір сүреді. Айдаудың басым бөлігін аралдағы Соловецк лагерінде өткізген.

Е.Пешкова басқарған ұйымның Бад­рисафаға жазған жауабындағы «Кемь мен Мурман» деген елді мекендер Соловецк лагерінің маңындағы, қазіргі таңда Кемь және Мурманск деп аталатын қалалар. Шамасы, «атақты» лагерьдің әкімшілігі аталған екі қаланың бірінде орналасқан болса керек.

Ал екінші хат Кеңес үкіметінде жаппай террорлық қуғын-сүргін орын алған жылдары жазылған. Оның жазылған мерзіміне терең назар салғанда, А.Байтұрсынұлының ғұмырнамасымен біршама таныс кісінің тұла бойы түршігіп кетеді. Жаза кесіп, үкіммен атылған кісінің қазасын туған-туыстарынан жасырған адамшылыққа тән емес қатыгездік пен мен қаныпезерлік – тірі жанды шошытатыны хақ.

Бадрисафа жазған екінші хатттың мазмұны мынадай (мәтіннің стилі мен орфографиясы сол күйінде сақталды): «Многоуважаемая тов. Пешкова. Я жена Байтурсунова, мой муж Ахмет Байтурсунов был опять взять в органом НКВД 15/ VIII 1937, после чего я нимогла до сего времени добиться о его положении как куда он направлен. Он известень Вам 1933 г. Вам, както спасли его от смерти вы. Он последней время болел и очень плохо чувствовал себя, я старуха больна болезней лепсемина (түсініксіз сөз, шамасы, эпилепсия болса керек - автор), также нет средство на существование. Тов. Пешкова если можно ли узнать через Вась моего мужа то сообшите по следующему адресу. г. Кустанай Назарову А. Довостребования.»

о

Қостанай қаласынан жолданған хаттың жазылу мерзімі көрсетілмеген, бірақ хат сауытының (конверттің) сыртында «21(?)738» деген сандар таңбаланған және ұйымның атынан жазылған жауап хаттың мерзімінде «38» деген сан тұр. Осыған қарап біздер бұл хатты 38 жылдың ішінде жазылған деп топшылап отырмыз. Қостанай поштасынан тіркелген мерзімді 1938 жылдың 21 не болмаса 27 шілдесі (жетінші ай) деп жобалаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, А.Байтұрсынұлының 1937 жылы соңғы ұсталған мерзімі – 15 тамыз.

 р

1938 жылы Бадрисафаның түрмеге қа­ма­лып, хабар-ошарсыз кеткен отағасын іздеп Е.Пешковаға хат жазуы бізге мынадай қа­сі­ретті көлденең тартады. Аталған уақыт­та А.Байтұрсынұлы өмірде жоқ бола­тын. Зерттеушілер оған ату жазасы 1937 жыл­дың 8 желтоқсанында шыққан және ол дереу орын­далған деп түйіндеп жүр. Демек Бадрисафа күйеуінің ату жазасына кесілгенінен және ол үкімнің орындалғанынан хабарсыз. Тіптен, ол жарының қайтқанын өзінің демі үзілген­ше білмей кеткен болуы да мүмкін. Өйткені Ахметтің артында қалған, күні кешеге дейін көзі тірі болған ұрпақтары да атақты тұлғаның 1937 жылы атылғанын мүлдем кеш білгені мәлім.

Жүрегі жаралы, қам көңілді кейуана ота­ғасының қайда екенін білу үшін баяғы 1931 жылы Е.Пешковаға жазған амал-әрекетін қай­талап, тағы да хат жазған. Ол «жолдас Пеш­ковадан» Ахмет Сізге бұрыннан таныс, оны кезінде бір ажалдан құтқарып едіңіз, енді тағы да көмектесіңізші дейді. Өзі науқас, күнкөрісі де қиын. Біздің ойымызша, НКВД қызметкер­лері Бадрисафаны халық жауының жұбайы ретінде Алматыдан қияндағы Қостанайға күш­теп аударуы да мүмкін еді. Ал Бадрисафа үшін бұл баяғы 1930-1933 жылдардағы Ақаңның Мәс­кеу түрмесіне қамалып, Ақ теңізге айдал­ғаны, мұны қызы Шолпанмен бірге Томға күштеп көшірген зорлық-зомбылықтары тағы қайталанып жатқан сияқты үйреншікті көрініс еді. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей, отағасының қайта оралатынан күдер үзбей, жүрекке сабыр беріп, көңілді үміт отымен алаулату керек. Қазақтың «Үмітсіз тек шайтан» дейтіні де осы болар? «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген, тағы да қолы ұзын Е.Пешковаға хат жазып, қаракет ету қажет...

Қаракеттік сипаттағы сұрау хат бағытталған ұйым 1937 жылдың ортасында бәлшебектердің зорлығымен күштеп жабылған болатын. Бад­рисафа бұдан да хабарсыз. Текті, мәдениетті Е.Пешкова Бадрисафаның сауалына жауап хат жазады. Онда ол ұйымның жабылғанына бай­ла­нысты көмектесе алмайтынындығын тілге тиек ете келе, оны іздестіру жолын сілтейді және бұдан былай сұрау салып хат жазбауын ескертеді:

 р

Қостанайда аурушаң (талма ауруы), күн көрісі қиын Бадрисафа кімді сағалады екен?

Бадрисафаның Ахмет ұсталғаннан кейін­гі жылдары Қостанайда тұрғаны, одан әрі Алек­сандров­кадағы мүгедектер үйін пана­лағаны соғыс және еңбек ардагері Бақыткерей Әбітайұлының өз қолымен жазған естелігінде баяндалады. Ол жазба біздің мұрағаты­мыз­да көп жылдардан бері сақталып келеді. Естелікте күйеуі Ахмет халық жауы болып ұсталғаннан кейін Бадрисафа туыстарынан пана таба алмай, 1942 жылдың жаз айларында Александровкадағы мүгедектер үйіне барып орналасқаны, онда ол 3-4 жетіден кейін көз жұмғаны айтылады (Мархабат: Ұлт ұстазы туралы екі естелік. https://www.abai.kz/post/117170).

Бадрисафаның өмірінің соңғы жылдары Алек­сандровкадағы үйінде өткенін өлке­тану­шы журналист Байтұрсын Ілиястың «Алтын бесік» кітабында келтірілетін Нұрзипа Берік­байқызының естелігі де қуаттайды. Автордың жазуынша, Нұр­зипа Берікбайқызы – Ақаңның ағасы Қалидың Әмір деген баласынан тарайтын немересі Назар Әмірұлына 1940 жылы тұрмысқа шыққан кісі. Назар 1914 жылы туған. Медучилище студенті Нұрзипа 1923 жылы дүниеге келген. Ол тұрмысқа шыққанға дейін (яғни 1940 жылға дейін) Қостанайда тұратын Қалидың қызы, Орынборда Ақаңның қолында оқып, тәрбие көрген Кәтездің үйіне әлдебір мереке күні қыдырып келгенде Бадрисафаны көргенін және 1943 жылы ол кісінің осы үйге қайта соққанын айтады. Соңғы келгенінде Бад­рисафа: «Алматыдан қағаздарымды жөндеттім. Мына жердегі Александровакада мүгедектер үйіне орналасатын болдым. Құжаттарым бірың­ғайланғаша, қалада бола тұрамын», деп, біраз күндер Қостанайда аялдап, Алек­сандровкаға аттанады. «Сол кеткеннен ол мол кетті. Біз оны содан былай көре алмадық», дейді естелік иесі. Айтпақшы, аталған естеліктің баяны бойынша, Ахметтің атылғаны ағасы Қалидың ұрпақтарына да сол бір 1943 жылдарға дейін белгісіз болған. Олар да, Бадрисафа сияқты, Ахмет айдаудан оралады деп күтіп жүрген (Мархабат: Байтұрсын І. Алтын бесік. Қостанай, 1998, 192-196 б.).

Бадрисафаның хат соңында «довостребо­вания» деп көрсететін «Назаров А.» деген кісі осы естеліктегі Назар ма екен деп елең­деге­німіз рас. Бірақ хат жазылған уақытта ол әлі үйлен­беген 24 жастағы жігіт және «Назар» оның сойы емес, есімі. Сондықтан Бадрисафа сенім білдіріп отырған «А.Назаров» мүлдем басқа кісі деп топшылаймыз. Оны іздеу және бұрынғы Александровкадағы мүгедектер үйі туралы мұрағаттарды саралау алдыңғы күн­дердің еншісіндегі міндет деп санаймыз. Соны­мен қатар А.Байтұрсынұлының 1937 жылы атылғаны оның ең жақын адамдарына (жұбайы, туған-туысына) 1943 жылдарға дейін белгісіз болып келуі де көп нәрсені жаңаша пайымдауға итер­мелейді. Ел аңсарында «Мағжан, Сәкен атылмапты, лагерьде айдауда жүріпті» деген сөздер кеңестік саяси биліктің ату жазасына ұшырағандардың шындығын жұрттан жасырып, бүркемелеген саясатынан туындаған деп пайымдауға болады. Нақты мысал – Бадриса­фаның уайым басқан қам көңілді үміт отына «жылытып», Е.Пешковаға жазған сауал хаты.

Тағы бір ерекше көңіл аударатын мәселе – хаттардың жазылу таңбасы (каллиграфиясы) мен мәнері (стилі). Әр жылдары жазылған екі хаттың жазу таңбасы мен баяндау мәнері – екі түрлі. Бірінші хаттың каллиграфиясы бір­шама көркем, мәнері жатық әрі сауатты жазылса, екіншісінің таңбалануы мен мәнерінде қарабайырлық көрініс тапқан және стильдік те, орфографиялық та қателер бар, орысшасы да біркелкі емес. Бұған қоса, алғашқы хат орыс орфографиясының кеңестік дәуірде өзгерген үлгісінде, яғни қатаң дыбысты білдіретін «ъ» таңбасын қолданбайтын тәртіппен жазылса, екіншісінде ескі үлгі ішінара қолданылған. Екі хаттың қайсысы Бадрисафаның өз қолтаң­басы­мен жазылғанын нақты айқындау қиын. Ол үшін мұны басқа қолжазбалармен салыстыру қажет. Ахметтанушылар осы мәселеге алдағы уақыт­та көңіл аударады деп ойлаймыз. Бұл өз кезе­гінде тың таным-пайымдарға жол ашуы әбден мүмкін.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы

                                                                                                                                                                                                        ҚОСТАНАЙ

 

 

https://egemen.kz/article/323620-umitpen-otken-ghumyr-badrisafa-baytursyn-kelinininh-epeshkovagha-dgazghan-khatta

 

Теги ахметбайтұрсынов. тайсойғансайты